Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы



бет3/27
Дата15.04.2023
өлшемі141,81 Kb.
#82890
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Байланысты:
Білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау




1-тарау. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту


Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік саясаты әрбір бала өмірінің сәтті бастамасы ретінде сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға (бұдан әрі – МТО) тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.


МТО-ны қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған, оған сәйкес білім беру жүйесінің бірінші деңгейі отбасында немесе 1 жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымда жүзеге асырылады.
Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Джеймс Джозеф Хекманның зерттеуі балалар өмірінің алғашқы бес жылында оқу және даму әлеуеті аса жоғары екенін және оларға салынған инвестицияны барынша ақтайтынын көрсетті. Балалардың ерте дамуына салынған инвестициялардың қайтарымы 13 %-ды құрайды. Баланың ерте дамуына жұмсалған ресурстардың оның болашақ мансабының табысты болуына әсері кәсіптік білім беруге жұмсалған ресурстардан 3 есе жоғары.
Сонымен қатар, бала өмірінің осы кезеңі адамның дамуы үшін ең тиімді кезең болып табылады және осы кезеңде «жіберіп алынған бос уақыт» баланың дамуы үшін де, жалпы экономика үшін де кері салдарын тигізеді. Бұл факті ескерілмеген жағдайда ЖІӨ-нің жылына 3-7 %-ға дейін жоғалуына әкеледі. PISA зерттеуінің нәтижелері балаларды МТО-мен ерте жастан қамту баланың мектептегі үлгеріміне оң әсер ететінін көрсетті. PISA-2018 нәтижелеріне сәйкес мектепке дейінгі ұйымға бармаған және оған үш жылдан астам уақыт барған
15 жасар білім алушылар арасындағы айырмашылық орта есеппен сауаттылықтың барлық үш бағыты бойынша (оқу, математика және жаратылыстану) 20 балды құрайды.
Әрбір баланың бастауыш мектепте білім алуы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасаудың маңызды шарты МТО қолжетімділігін кеңейту болып табылады. Осыған байланысты балаларға орын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды (6 жасқа дейін) кезекке қою» мемлекеттік қызмет көрсету процесі автоматтандырылды.
Соңғы үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарға кезек күту саны 1,5 есеге азайды: 2020 жылы туғаннан бастап 6 жасқа дейін кезекте 446176 бала тұрса,
2022 жылы бұл көрсеткіш 289758 баланы құрады. Олардың ішінде 131,5 мың бала 2-6 жаста, оның ішінде қалалық жерде – 105,8 мың, ауылдық жерде – 25,7 мың, 15,7 мың бала 3-6 жаста, оның ішінде қалалық жерде – 10,4 мың, ауылдық
жерде – 5,3 мың).
Ұлттық білім беру дерекқорына (бұдан әрі – ҰБДҚ) сәйкес 2022 жылдың соңында республикада 11104 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеді, бұл
2020 жылмен салыстырғанда 454 бірлікке артық. 2022 жылдың соңында осы ұйымдарға 965204 бала, ал 2020 жылы 885033 бала барды. Осылайша
2020 – 2022 жылдар кезеңінде мектепке дейінгі ұйымнан орын алуға кезекте тұрған 80 мыңнан астам бала МТО-ға қол жеткізді.
Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюі 2 жастағы балаларды көбірек қабылдауға мүмкіндік берді. Мәселен, 2022 жылы 2-6 жастағы балаларды
МТО-мен қамту 89,4 %-ды құраса, 2021 жылдағы бұл көрсеткіш 1 %-ға аз.
2022 жылы 3-6 жастағы балаларды МТО-мен қамту 98,5 %-ды құрады (2021 жыл – 98,3 %). Аумақтардың қайта ұйымдастырылуына, халықтың тығыздығына және көші-қон процесстеріне байланысты Алматы (92,9 %), Жетісу (98,0 %), Түркістан (99,3 %), Ұлытау (89,5 %) облыстарында, Астана (99,2 %) және Алматы (94,6 %) қалаларында 3-6 жастағы бүлдіршіндер 100 % қамтамасыз етілмеген. Халық тығыз орналасқан елді мекендердегі, көші-қон ағыны мен бала туу деңгейі жоғары өңірлердегі мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығына байланысты проблемалар бар.
Балаларды мектепалды даярлықпен қамту ұлғаюда. Мысалы, 2022 жылдың соңында 214238 баланы қамтитын 6864 мектепалды тобы бар
3680 балабақша жұмыс істеді. Бұдан басқа, еліміздің 5743 мектебінде
174408 бала мектепалды даярлықпен қамтылды. Мектепалды топтары бар шағын орталықтар саны 739 бірлікке жетіп, 15091 баланы қамтыды. Осылайша балабақшаларда, шағын орталықтар мен мектептердегі мектепалды топтарда 403737 бала үшін (95,8 %) мектепалды даярлық ұйымдастырылған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 68413 балаға көбейген.
Жаңа орындардың пайдалануға берілуіне, балабақшалардың ашылуына, МТО-мен қамтудың ұлғаюына қарамастан, кезектілік өзекті мәселе болып қала беруде: мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарға сұраныс МТО-ның жаңа объектілерін енгізу қарқынынан асып түсуде. Бұдан басқа 2020 және
2021 жылдардағы бала туудың өсуіне байланысты 2023 – 2029 жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда кезекке тұру саны ұлғаяды деген болжам бар.
Ата-аналардың әртүрлі себептермен баласын мектепке дейінгі ұйымға бергісі келмейтін фактіні де ескеру қажет (денсаулық жағдайы, отбасында тәрбиелеуді дұрыс деп санау және басқалар). Осыған байланысты, балаларға үйде сапалы күтім жасауды және тәрбиелеуді қамтамасыз ету үшін ата-аналарды оқыту жұмыстарын күшейту және балалары мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету қажет. Сонымен қатар бірінші кезектегі міндет – ата-аналарды мектепке дейінгі ұйымда балаларын тәрбиелеу мен оқытуға тарту, олардың балалармен жұмыс жасау жоспарын құруға және іс-шараларға тікелей қатысуын ұйымдастыру.
МТО-ны дамытудың басым бағыты қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту болып табылады. 2020 жылы 665169 бала қазақ тіліндегі тәрбие процесімен қамтылды. Қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын ең көп мектепке дейінгі ұйымдар (400 бірліктен астам) Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының үлесінде. Жалпы республика бойынша осындай мектепке дейінгі ұйымдардың 65 %-ы жұмыс істеді. 2022 жылдың соңында қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі артып, 66,9 %-ды құрады. Ал олардың контингенті 742832 балаға артты. Қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын ең көп мектепке дейінгі ұйымдары бар өңірлердің қатарына Атырау және Маңғыстау облыстары, Шымкент қаласы қосылды.
МТО-ға мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына, түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарында орналастырылады. 2020 – 2022 жылдар кезеңінде бір тәрбиеленушіге жан басына шаққандағы норматив 34-тен 46 мың теңгеге дейін өсті, бұл ретте ерекше білім беруді қажет ететін (бұдан әрі – ЕБҚ) балаға жан басына шаққандағы норматив 2 есе жоғары. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (бұдан әрі – ПМПК) деректері бойынша мектепке дейінгі жастағы 47 мыңнан астам ЕБҚ бала бар, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арнайы балабақшалары мен арнайы топтарына 9709 бала, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жалпы білім беру топтарына 16305 бала барады. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті ортада ЕБҚ балаларды психология-педагогикалық қолдауды толық қамтамасыз ету үшін арнайы педагогтер (мұғалім-дефектолог, дефектолог, мұғалім-логопед, логопед, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог), педагог-психологтар, педагог-ассистенттер жеткіліксіз.
2021 жылы білім мазмұнын жаңғыртуды көздейтін Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытуды дамыту моделі (бұдан әрі – Модель) қабылданды. Модель ғылыми деректер негізінде балаларды дамыту мен оқытуға қойылатын өзгермелі талаптарға сәйкес МТО-ны трансформациялау, оның сапасын арттыру үшін қажетті өзгерістердің бағыттарын айқындайды.
Модель мынадай салалардағы проблемаларды шешудің кешенді тәсілдерін қамтиды:
- МТО-ға қолжетімділікті кеңейту арқылы ерте жастан бастап балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасау;
- көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;
- педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру;
- инфрақұрылымды жақсарту.
Модельді іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда қолайлы қауіпсіз жайлы жағдайлар қамтамасыз етіледі, бағдарламалық мазмұн жаңартылды, тәрбие мен оқыту процесін нормативтік құқықтық қамтамасыз ету жүзеге асырылды. 2022 жылы Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт (бұдан
әрі – МЖС), Үлгілік оқу жоспарлары, МТО-ның Үлгілік оқу бағдарламалары бекітілді, бұл құжаттарда мектепке дейінгі ұйымдар түлектерінің дағдылары мен құзыреттері, мектепке дейінгі ұйымның педагогіне қойылатын талаптар қамтылған.
Баланың жайлы және қауіпсіз болуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды, инклюзивтілікті қамтамасыз ететін білім беру кеңістігін құру, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына, түрлеріне қарамастан мектепке дейінгі ұйымда балалардың даралығы мен ерекшеліктерін қолдау өзекті мәселе болып табылады.
COVID-19 пандемиясы кезеңінде мектепке дейінгі жастағы балаларды қашықтан тәрбиелеу мен оқыту тек мектепалды жасындағы балалар үшін қолжетімді болды. Ал қалған басқа жастағы балалар үшін балалардың аз санымен кезекші топтар ұйымдастырылды. Балаларды үздіксіз білім берумен қамту мақсатында мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру процесін ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірленді. Үй жағдайында ата-аналардың бос уақыты жеткіліксіз болды, себебі олар қашықтан жұмыс істеді. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін оқыту мазмұнының сапалы болмауы да жұмысты қиындатты, себебі білім беру жүйесі назарды білім берудің басқа деңгейлерінде сапаны қамтамасыз етуге шоғырландырды. Осыған байланысты кіші жастағы балаларға арналған цифрлық дамытушы контентті кеңейту қажет (ұлттық құндылықтар тақырыбын қамтитын мультфильмдер және оқу-әдістемелік кешендер (бұдан әрі – ОӘК), сондай-ақ МТО-ның сапасын арттыруға күш салу қажет.
МТО негізгі ұлттық құндылықтарға негізделген қоғамды қалыптастыруда аса қуатты әлеуетке ие. Ерте жастан бастап балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті арқылы қазақ халқының мәдениетін сақтау және мұра ету – бұл баланы қазақ халқының мәдени-тарихи кодына сәйкес баулудың және балада өзіндік сана-сезімді тәрбиелеудің әмбебап тәсілі. 2022 жылдан бастап тәрбиелеу мен оқыту процесіне барлық жас топтарында қазақ тілін оқытуға қойылатын талаптар енгізілді. Қазақ тілін меңгерту мақсатында педагог күні бойы МТО-ның үлгілік оқу бағдарламасында айқындалған сөздік минимумды қолданады, балалармен әртүрлі қызмет түрінде тәрбиеленушілердің ауызша жүйелі сөйлеуін дамытады, белсенді сөз қорын байытады, қазақ тілін, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруге ықпал етеді, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет