Осыған байланысты ТжКБ жүйесінің мынадай проблемалық мәселелерін шешу жөнінде шаралар қабылданатын болады: - ЕБҚ білім алушылардың ТжКБ-ға төмен деңгейде тартылуы, оның себептерінің бірі ұйымның өзі мен педагогтерінің инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге дайын еместігі, сондай-ақ кадр құрамының жеткіліксіздігі;
- NEET жастарының ТжКБ ұйымдарымен төмен қамтылуы;
- еңбек нарығының сұранысына сәйкес ТжКБ ұйымдарын бейіндеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігі;
- ТжКБ ұйымдарының білім алушыларының функционалдық сауаттылығының төмен деңгейі;
- ТжКБ саласындағы мамандарды даярлау сапасының төмендігі және түлектердің біліктілігі мен заманауи өндірістік талаптардың сәйкес келмеуі;
- ТжКБ-ның жан басына шаққандағы қаржыландырудың төмен нормативі;
- ТжКБ ұйымдарының әлсіз МТБ;
- өзге қалалардан келген студенттердің жатақханалардағы орындармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі;
- ТжКБ ұйымдары мен экономиканың нақты секторы, бизнес және қызмет көрсету секторы арасындағы әлсіз байланыс;
- халықты ТжКБ жүйесінің қарқынды дамуы жөнінде ақпараттандыру қажеттілігі.
4-тарау. Балалардың қауіпсіздігі, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау
Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басым бағыттары балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, оларды қатыгездіктен және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау болып табылады.
2022 жылдың соңында бала саны 6616774 баланы құрады (2020 жыл – 6110156 бала), соның ішінде 3,7 млн-нан астамы мектеп оқушысы, 2,5 млн-нан астамы мектеп жасына дейінгі балалар және 400 мыңнан астамы ТжКБ ұйымдарының студенттері болып табылады.
Проблемаларды уақтылы анықтау және шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын Балалардың хал-ахуалдарының индексі қабылданды1. Индексті апробациялау нәтижелеріне сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша балалардың хал-ахуалының орташа бағасы республика бойынша 55,3 балды құрайды.
2022-2023 оқу жылында мектебі жоқ 1209 елді мекенде тұратын 27135 бала тасымалдауды қажет етеді. Балаларды тасымалдауға арналған автокөлік
1173 бірлікті құрайды, бұл ретте Ұзақ мерзімді активтер бойынша тозудың жылдық нормаларына сәйкес мектеп автопаркі өндірістік факторларға байланысты 59 % тозған (жылына амортизация 15 %). 2021 жылдан бастап лизинг механизмі бойынша мектептер балаларды тасымалдау үшін жаңа автобустар сатып алды (515 бірлік), оның 119-ы 2022 жылы жеткізілді.
Жекелеген санаттағы балаларды әлеуметтік қолдау әрбір мектепте көзделген Жалпыға бірдей оқыту қорынан жүзеге асырылады2. 3 жыл ішінде жыл сайын 400 мыңнан астам бала материалдық көмек алады.
2023 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан
97518 бала мектепке дейінгі ұйымдарға барды, оның ішінде 37572 (38,5 %) жергілікті бюджет есебінен тегін ыстық тамақ алды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдардағы «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына» сәйкес тамақтану шығындарының ай сайынғы төлемі 100 % ата-аналардан алынады. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) шешімі бойынша тәрбиеленушілердің тамақтануына жұмсалатын шығындардың жергілікті бюджет есебінен толық немесе ішінара өтелуі қарастырылған.
Ыстық тамақ 6057 мектепте, 456 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Тегін бір реттік ыстық тамақпен 400 мыңнан астам әлеуметтік осал санаттағы балалар немесе 100 %, 800 мыңға жуық бала немесе 1-4-сыныптың білім алушыларының жалпы санының 54 %-ы қамтылған
(2021 жыл – білім алушылардың 41 %-ы, 2022 жыл – 52 %-ы). Бастауыш сыныптардың барлық білім алушылары үшін бір реттік тегін ыстық тамақ
9 өңірде (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Ұлытау облыстары), 1-сынып білім алушылары үшін екі өңірде (Ақмола және Маңғыстау облыстары) ұйымдастырылған.
2022 жылдан бастап конкурсты ұйымдастырушымен тағамдардың ассортименттік тізбесін, буфет өнімдерін, тағамдардың технологиялық карталарын және басқаларды конкурстық құжаттамаға енгізу нормалары енгізілді. Зерттеу нәтижелері негізінде ғалымдармен бірлесіп ұлттық мәзірді (оның ішінде сүт, нан өнімдері және басқалар) енгізу мәселесі қаралатын болады. Мектеп асханаларының мәзірін жаңарту үшін ұлттық өнімдер шығаратын шағын бизнес өкілдерін тартқан жөн. Мектеп асханаларын жаңғыртуды, соның ішінде қажетті жабдықтармен, ыдыс-аяқтармен қамтамасыз етуді жалғастыру қажет.
ЖАО деректері бойынша 2022 жылы білім алушылардың 1889530 немесе 56,9 %-ы сауықтырумен қамтылды, оның ішінде 1292925 бала (38,9 %) – мектеп жанындағы лагерлерде, 255435 бала (7,9 %) – республиканың қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде. Алайда республикада жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған объектілер мен іс-шаралар саны жеткіліксіз. 2022 жылы 226 қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істеді (2021 жыл – 167, 2020 жыл – карантинге байланысты жұмыс істемеді).
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2022 жылы балаларға қатысты 2005 қылмыс жасалды (2020 жыл – 1814), балалар арасында жасалған суицидтердің саны 155 жағдайды құрады (2020 жыл – 144).
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша республикада жыл сайын 600 мыңнан астам адам жарақат алады, олардың 22 %-дан астамы балалар, яғни 130 мыңы (оның ішінде мұзда құлау, терезеден құлау, жол-көлік оқиғалары, өрт, су айдындарында). Тек 2022 жылы балалар арасында терезеден құлаудың 200-ге жуық фактісі тіркелді, салдарынан 25 бала қайтыс болды. Жол-көлік оқиғаларынан 232 бала қаза тауып, 3652 бала зардап шекті. Профилактикалық шаралардың қатарында – әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында балалардың қауіпсіздік құралдарын пайдалануын насихаттауды (балаларға арналған велосипед дулығалары, балаларға арналған автокреслолар мен қауіпсіздік белдіктері, биік тұрғын үйлерге терезе қоршауларын орнату, құтқару кеудешелерін қолдану)3 және сабақтарда және сабақтан тыс жұмыстарда балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруды атап өтуге болады.
Ішкі істер органдарының есебінде жыл сайын тәуекел аймағындағы
4 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала және 6 мыңнан астам тұрмысы нашар отбасының балалары тұрады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылған. Бұл ретте олардың 4713 немесе 47 %-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылған (1035 мектепке дейінгі ұйым, 3454 жалпы білім беретін мектеп, 224 ТжКБ ұйымы). 2022 жылдың соңында ірі қалаларда орналасқан 1825 білім беру ұйымында күзету қызметін көрсетуге лицензиясы бар күзету қызметінің субъектілерімен шарт жасасқан. Аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне не күзет қызметі субъектілерінің орталықтандырылған бақылау пультіне бере отырып, дабыл беру құралы (дабыл түймесі) 2257 білім беру ұйымында орнатылған, 1371 білім беру ұйымында өткізу жүйесі (турникеттер) орнатылған4.
Жылы дәретханасы жоқ мектептер саны едәуір қысқарды (167-ден 23-ке дейін, яғни 2020 жылдан 2022 жылға дейін 8 есе).
Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына5 сәйкес жалпы білім беретін мектепке 6-дан 20 сынып-жинаққа дейін педагог-психологтың 1 ставкасы, 30 және одан көп сыныпқа – 2 ставка (1 педагог-психологқа 500 білім алушы есебінен) көзделген. Бұл ретте, ҰБДҚ деректері бойынша елімізде 1200-ден астам мектепте 30-дан астам сынып-жинақтар бар. Бұл мектептерде 1 педагог-психологқа 1000-нан 2500-ге дейін білім алушы келеді. Республиканың тек 1/3 мектептерінде психолог кабинеттері бар, оның ішінде ауылдық мектептерде – 1681, қалалық мектептерде – 858 (2020 жыл – 2218, 2021 жыл – 2351, 2022 жыл – 2539).
Білім беру ортасында туындайтын келіспеушіліктер мен жанжалдарды шешу кезінде қалпына келтіру медиациясы бағдарламаларының тәрбиелік мүмкіндіктері кеңейтілуде. 1865 мектепте мектеп медиациясы қызметі құрылды. Сонымен қатар осы қызметтердің құрамына енгізілген педагогтер мен ата-аналар үшін мектеп медиациясы әдісі мен медиативті тәсілдің негіздерін дайындау және оқытуды ұйымдастыру қажет.
Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында алғаш рет Баланы жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу қағидалары6 бекітілді. Бұл психологиялық қызметтің құрамына кіретін мамандардың жұмысын жүйелеуге, жұмыс принциптерін реттеуге мүмкіндік берді.
Жеке қолдау көрсетуге қолжетімділікті арттыру мақсатында ата-аналардың, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, білім алушылардың оларға қатысты жәбірлеу (буллинг) фактілері туралы өтініштері кезінде іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу қағидаларының негізгі мақсаты – баланы жәбірлеуге (буллингке) нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасау.
24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға еліміздің барлық мектептерінде орналасқан «Bala Qorgau» QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсетіледі.
Қазақстанда материалдық тұрғыда ынталандырылатын балаларды отбасына орналастыру нысандары қолданылады: асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронаттық тәрбие, асырап алушы отбасы. 22081 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың ішінен 18291 бала немесе 83,2 % отбасыларда тәрбиеленуде.
Балалар үйлерінің саны үш жылда (2020 – 2022 жылдар) 14 бірлікке азайды (98 бірліктен 84 бірлікке дейін). Балалар үйінде тәрбиеленетін балалар саны
3 жыл ішінде 464 балаға қысқарды (2020 жыл – 4254, 2022 жыл – 3790). Өңірлерде осы ұйымдарды институттандырудан шығару және оңтайландыру жоспарлары қабылданды.