Сонымен қатар жүйелі шешімдерді қажет ететін мынадай проблемалар да орын алуда:
11 өңірде бастауыш мектептің барлық білім алушыларының тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеуі;
балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың әлсіз нәтижелілігі;
балалардың жекелеген санаттарын толыққанды тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету жеткіліксіздігі және ұтымсыздығы (нормаларды сақтау, қаржыландыруды бөлу);
мектеп асханаларына ұлттық мәзірді әзірлеу және енгізу қажеттілігі;
мектеп асханаларын жаңғырту, мәзірді жаңарту қажеттілігі;
- жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтуға арналған балаларды сауықтыру орталықтарының жеткіліксіздігі;
- балаларды тасымалдауға арналған мектептердің автопаркін жаңартуға жүйелі тәсілдің болмауы;
- мектеп медиациясы қызметтерінің нашар дамуы және педагогтерді мектеп медиациясы әдісі мен медиативті тәсілдің негіздеріне оқыту тетігінің болмауы.
5-тарау. Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыру және қосымша білім беру
Тәрбие оқытумен тығыз байланыста. Білім алу танымдық, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырады, адалдық, табандылық және өзіне қойылатын талапшылдық қасиеттерінің қалыптасуына себеп болу арқылы тәрбиелілік деңгейінің артуына ықпал етеді.
Қазақ ағартушылары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев балаға сөз емес, ата-анасының және оның айналасындағы адамдардың іс-әрекеттері әсер етеді деп тұжырымдаған. Осыған орай бала тәрбиесінде отбасындағы ахуал, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, ата-ана бойындағы адами қасиеттер мен өмірлік ұстанымдардың маңызы зор.
Білім алушылардың физикалық, психологиялық, әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін отбасы тәрбие институты ретінде маңызды рөл атқарады.
Қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру аясында МТО сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылданды.
Орта білім беру деңгейінде білім алушыларды тәрбиелеу ісі пәндік мазмұн және тәрбие жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Тәрбие ісінің табыстылығы ұйымның миссиясына және мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін білуіне, ұжымның тәрбиелік міндеттеріне байланысты. Бұл ретте баланың толыққанды дамуы үшін мектептегі тәрбие процесіне ата-аналардың қатысуы және оқу үшін қолайлы жағдай мен орта құру қажет.
Еліміздің білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: рухани-танымдық тәрбие; ұлттық тәрбие; отбасылық тәрбие; қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие; еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие; көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие; зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу; дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру және басқалар.
Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелері орта білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы жоспарына және пәндердің оқу бағдарламасы мазмұнына енгізілген.
Ата-аналардың республикалық қоғамдық кеңесінің қызметін әдістемелік сүйемелдеу мақсатында 2020 жылдан бастап «Отбасы – мектеп», «Мектеп өмірінен бір күн» ұзақ мерзімді жобалары іске асырылуда.
Еліміздегі білім беру ұйымдарында «Ата-ана мектебі», «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» бастамалары іске асырылуда.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында өскелең ұрпаққа идеологиялық тәрбие беру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Өскелең ұрпаққа идеологиялық тәрбие беру шеңберінде «Білім-инновация» лицей-интернаттары мен «НЗМ» ДБҰ білім алушыларды тәрбиелеу және оқыту жүйесінің тәжірибесін енгізу жалғасады.
Сыныптан тыс жұмыстарда білім алушыларға экологиялық тәрбие беру шеңберінде ақпараттық-экологиялық, әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізіледі: акциялар, көрмелер, мектепті және оған іргелес аумақты ең жақсы көгалдандыруға арналған конкурс.
Білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді және белсенді азаматтық ұстанымын дамыту үшін «Жасыл экономика», «Қоршаған ортаны қорғау», «Менің Отаным, менің қалам/ауылым» және басқа да қоғамдық пайдалы қозғалыстарға білім алушылардың тарту ауқымы кеңейтілуде. Азаматтық белсенділікті дамыту білім алушылардың «Жас қыран», «Жас ұлан», «Жас сарбаз» секілді пікірталас қозғалысына, мектеп және студенттік өзін-өзі басқаруға, балалар-жасөспірімдер қозғалысына қатысуымен сүйемелденеді. Республикада 6727 пікірсайыс клубы жұмыс істейді.
2022 жылы елімізде 513280 білім алушыны қамтитын
7321 мектептішілік/студенттік парламент (6501 – мектептерде,
820 – колледждерде) жұмыс істеді, онда 57 мыңнан астам фракциялар мен комитеттер қамтылды (2020 жыл – 4278, 2021 жыл – 6771, 2022 жыл – 7321).
2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы өзін-өзі басқаруға қатысушылар саны 82674 адамға ұлғайды, бұл білім алушылардың топтық жұмысқа қатысуының, әрбір білім алушының өзіндік маңыздылығының, оның өзара қарым-қатынасы мен өз іс-әрекеті үшін жауапкершілігінің артуына әкелді
(2020 жыл – 43074, 2021 жыл – 54021, 2022 жыл – 82674).
2020 жылы пандемия тәрбие жұмысын да өзгертуге түрткі болды, педагогтер мен білім алушылардың ІТ-дағдыларын дамыту қажеттілігін көрсетті. Ата-аналардың онлайн-жиналыстарын, педагогикалық кеңестерді, сынып сағаттарын өткізудің бірыңғай форматтары, онлайн-іс-шаралар кезіндегі мінез-құлық ережелері (zoom, teams, google meet платформалары және басқалар), онлайн-форматта тәрбие жұмысын ұйымдастыру туралы ережелер әзірленді. Білім беру ұйымдарында «Оқуға кеңес береміз» онлайн-көрмесі өткізілді, онда мектеп сайтында аудиокітаптар, «Дүниежүзілік мұра объектілері» жас суретшілердің онлайн-көрмелері орналастырылды.
Карантин режимі дене белсенділігінің төмен деңгейіне әкелді, бұл балалардың денсаулығына, әл-ауқатына және өмір сүру сапасына теріс әсер етті, балалар мен жастардың психикалық денсаулығына жағымсыз стресс болды. Сондықтан білім алушылар мен педагогтердің физикалық және психоэмоционалды жағдайларын қолдайтын жаттығулар кешені жасалды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы оқуға деген қызығушылықты арттырады және білім алушылардың оқу сауаттылығын дамытады. Бұдан басқа, жоба өзара іс-қимыл және әлеуметтік әріптестік арқылы білім алушылардың оқу құзыреттілігін, оқу мәдениеті деңгейін және оқу белсенділігін дамытуға, оның ішінде бірыңғай оқырман қауымдастығын қалыптастыру үшін ата-аналарды іс-шараларға тартуға ықпал етеді.
Білім беру саласында барлығы 7096 кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде 6461-і – мектептерде, 579-ы – ТжКБ ұйымдарында (2020 жыл – 7133,
2021 жыл – 7031, 2022 жыл – 7096). Сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Жалпы білім беретін мектептердің кітапхана қорын толықтыру мәселелері өзекті болып қала береді. Мектептерде кітапханаларға деген жалпы қажеттілік 670 бірлікті құрайды.
Жалпы кітапхана қоры 267 млн данадан астам кітапты құрайды
(2020 жыл – 212 млн, 2021 жыл – 220 млн, 2022 жыл – 267 млн). Жобаны іске асырудың екі жылында мектеп кітапханаларында, оның ішінде қазақ тілінде, қазақстандық авторлардың ғана емес, әлемдік әдебиет туындыларының да заманауи көркем әдебиет көлемі айтарлықтай өсті. Мектеп кітапханаларының жұмыс форматын өзгерту, өңірлік, ұлттық және халықаралық ресурстық және кітап қорларына толық және жедел қолжетімділікті қамтамасыз ету «Оқуға құштар мектеп» жобасын сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Білім алушылардың білімге және шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілігін алуға, өз қабілетін іске асыруға, өзін-өзі анықтауға мүмкіндік беретін жалпы білім берудің құрамдас бөлігі балаларға қосымша білім беру болып табылады.
Соңғы 3 жылда қосымша біліммен, оның ішінде мектеп үйірмелерімен, мектептен тыс ұйымдармен қамтылған балалар саны мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыс бойынша 12 %-ға немесе
589330 адамға ұлғайды (2020 жыл – 63,5 % (2211595 адам), 2021 жыл – 66,9 % (2406395 адам), 2022 жыл – 75,5 % (2800925 адам).
2022 жылы балаларға қосымша білім беру ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі бойынша білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытады.
1625 қосымша білім беру ұйымында 1087088 бала (қала – 660879, ауыл – 426209) қамтылған, бұл мектеп оқушыларының жалпы санынан 29,4 %-ын құрайды. Соңғы үш жылда осындай ұйымдардың желісі 353 бірлікке ұлғайды (2020 жыл – 1272 бірлік, 2021 жыл – 1523, 2022 жыл – 1625). Қосымша білім берумен қамтылған мектеп оқушыларының үлесі 0,8 %-ға өсті (2020 жыл – 28,6 %, 2021 жыл – 29,4 %, 2022 жыл – 29,4 %).
Мектеп үйірмелерінде 1267843 білім алушы (қала – 814944, ауыл – 452899) немесе олардың 34,1 %-ы қамтылған. Соңғы үш жылда мектеп үйірмелерімен қамтылған балалар саны 51770 білім алушыға артты (2020 жыл – 1216073 адам, 2021 жыл – 1347676 адам, 2022 жыл – 1267843 адам).
ЕБҚ балаларды қосымша біліммен қамту олар үшін тиісті арнайы жағдайдың болмауына байланысты төмен деңгейде болып қалуда.
Достарыңызбен бөлісу: |