Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы


Сонымен қатар орта білім беру саласында мынадай проблемаларды шешу қажет етіледі



бет5/27
Дата15.04.2023
өлшемі141,81 Kb.
#82890
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Сонымен қатар орта білім беру саласында мынадай проблемаларды шешу қажет етіледі:
- 21 ғасырдағы білім алушыларға қажетті білім, дағдылар, тәсілдер мен құндылықтарды айқындайтын білім беру мазмұнын жетілдіру қажет;
- ауылдық жерлердегі мектептердің ақпараттық-технологиялық, материалдық инфрақұрылымы нашар дамыған, бұл қалалық білім алушылармен салыстырғанда ауылдық білім алушылардың мүмкіндіктерін шектейді;
- білім беру ұйымдары арасында персоналды басқару және жан басына шаққандағы қаржыландыруды ұтымды қолдану бойынша табысты даму стратегиялары тәжірибесі жеткілікті таратылмауда;
- ауылдық жерлерден келген білім алушылар, сондай-ақ ЕБҚ балалар олимпиадалық қозғалыспен төмен қамтылған;
- дарынды балаларды қолдау жүйесі жеткіліксіз дамыған;
- қалалық және ауылдық білім алушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық сақталуда;
- ЕБҚ балалар арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен нашар қамтылуда.

3-тарау. Техникалық және кәсіптік білім беру


Техникалық және кәсіптік білімге (бұдан әрі – ТжКБ) қолжетімділікті


2022 – 2023 оқу жылында 772 ТжКБ ұйымы, оның ішінде 446 мемлекеттік,
326 жекеменшік ұйым қамтамасыз етеді. ТжКБ ұйымдарының жалпы контингенті 517,3 мың адамды құрайды (2020 жыл – 475,9 мың адам, 2021 жыл – 488,9 мың адам), оның жартысынан көбі – 312 мың адам мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады (2020 жыл – 288,2 мың адам, 2021 жыл – 289,4 мың адам).
ТжКБ ұйымдарына қабылдаудың жыл сайынғы өсімі мектеп білім алушылары мен олардың ата-аналарының осы білімді алудың тартымдылығы туралы түсініктерінің өзгергенін көрсетеді. Осылайша, 2022 жылы ТжКБ ұйымдарына 183 мың адам қабылданды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда
25 мың адамға артық (2020 жыл – 158,3 мың адам, 2021 жыл – 158,5 мың адам).
Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер ЕБҚ адамдардың кәсіптік білім алуына, ересектердің білім алуына және өмір бойы білім алуына қолжетімділіктерін қамтамасыз етуге міндетті. ТжКБ мемлекеттік ұйымдарының жартысынан астамы ЕБҚ студенттерге тең жағдайлар мен кедергісіз қолжетімділікті жасай алды.
ТжКБ ұйымдарына оқуға түсу кезінде квоталар тізімін кеңейту арқылы әлеуметтік жағынан осал жастарға көрсетілетін қолдау күшейтілді. Бұрыннан бар 6 квоталық санатқа мынадай қосымша санаттар енгізілді: көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін – 5 %, толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін – 1 %, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін – 1 %.
Нәтижесінде, 2022 – 2023 оқу жылында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 3445 студент колледждерде білім алуда, ал 2020 – 2021 оқу жылында бұл көрсеткіш 2913 студентті құрады. Сонымен қатар ЕБҚ білім алушыларды ТжКБ-ға енгізу мәселесі өзекті болып қала береді, оның себептерінің бірі – ұйымның өзі мен педагогтердің инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге дайын еместігі, сондай-ақ кадрлық құрамның жеткіліксіздігі.
«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы 300 мыңнан астам жастарға алғашқы жұмыс мамандығын тегін алуға мүмкіндік берді. Осы жоба шеңберінде жастардың әлеуметтік осал топтарын тарту үшін жағдайлар жасалған. Жобаға қатысушылар ыстық тамақпен, стипендиямен, тегін жол жүрумен қамтамасыз етілген. Жоба қазақстандық еңбек нарығында біліктілігі жоқ кадрлар санын қысқарту, жастар жұмыссыздығының деңгейін, сондай-ақ NEET жастары мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар санын азайту түрінде кең әлеуметтік-экономикалық әсерге ие.
Сонымен қатар 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша NEET санатындағы 247 мыңға жуық жастар оқумен қамтылмаған (2020 жыл –
267,3 мың адам, 2021 жыл – 258,1 мың адам).
ТжКБ ұйымдарын бейіндеу өзекті проблема болып қалуда. Бұл, ең алдымен, қайталанатын мамандықтарды қысқарту және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу арқылы ТжКБ-ны еңбек нарығының сұраныстарына қайта бағыттаумен байланысты.
ТжКБ ұйымдарын оңтайландыру және бейіндеу бір бейінді спектрде салалық негізде кадрларды сапалы даярлауға қаражат жинақтауға, материалдық ресурстарды ғана емес, кадрлық ресурстарды шоғырландыруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл ТжКБ мамандарын даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі-2019 нәтижелеріне сәйкес жұмыс берушілер ТжКБ-ның сапа деңгейін мүмкін болатын 7 балдан 3,7 баллға бағалайды.
PISA-2018 халықаралық зерттеуіне еліміздің 100 колледжінен 15 жастағы студенттері қатысты. Зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, ТжКБ ұйымдарының білім алушылары жалпы білім беру циклінің пәндері бойынша оқыту процесінде қалыптасатын базалық дағдылар бойынша өз құрдастарынан едәуір артта қалады, бұл болашақта өз дағдыларының деңгейін бейімдеуге немесе арттыруға немесе жаңа кәсіпті үйренуге мүмкіндік бермейді.
Мысалы, оқу сауаттылығы деңгейі бойынша колледж студенттері мектептерде білім алатын құрдастарынан 27 балға артта қалуда. Сонымен қатар PISA-2009 нәтижелерімен салыстырғанда колледж білім алушыларының нәтижелері 10 балға төмендеді. Бұл жағдай мектептер мен колледждерде оқыту нәтижелері арасындағы алшақтықты жою, ТжКБ мазмұнын жаңғырту және сапасын арттыру мәселесін өзектендіру үшін ТжКБ ұйымдары студенттерінің базалық білімін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
Кадрларды даярлау сапасына тиісті материалдық-техникалық базаның (бұдан әрі – МТБ) болуы әсер етеді. 2020 – 2021 жылдары «Жас маман» жобасы шеңберінде 180 ТжКБ ұйымдары заманауи жабдықтармен жабдықталған. Алайда ТжКБ мемлекеттік ұйымдардың 48 %-ы әлі де оқу процесінде заманауи талаптарға сәйкес келмейтін ескірген жабдықты пайдаланады. Бұл ТжКБ саласының мамандарын даярлау сапасының төмендігінің және заманауи өндірістік түлектердің дағдыларының талаптарға сәйкес келмеуінің себептерінің бірі болып табылады.
Колледждердің басқа қаладан келген студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету проблемасы өзекті болып қала беруде. Осыған байланысты жаңа жатақханалар салу, сондай-ақ жаңа төсек-орындарды қосу көзделген. 2020 жылы 4079 орындық 21 жатақхана, 2021 жылы 2758 орындық
14 жатақхана, 2022 жылы 2509 орындық 7 жатақхана пайдалануға берілді.
COVID-19 пандемиясы кезеңінде қашықтан оқыту форматына шұғыл көшу ТжКБ ұйымдарының педагогтерінде біраз қиындықтар туғызды. Цифрлық ортадағы жаңа жағдайларға бейімделу үшін уақыт қажет болды, сонымен қатар ТжКБ оқытушыларына жүктеме артты. Қашықтан оқытуға көшу кезінде теориялық оқыту саны ұлғайды және өндірістік оқыту мен кәсіпорындардағы студенттердің кәсіптік практикасы айтарлықтай қысқарды, бұл студенттердің қажетті практикалық дағдыларды игеруіне әсер етті.
ТжКБ ұйымдары мен кәсіпорындардың өнімді өзара іс-қимыл нәтижелерінің бірі дуальды оқытуды ұйымдастыру болып табылады. Дуальды оқыту 558 ТжКБ ұйымдарында 8013 кәсіпорынның қатысуымен және
72098 білім алушыны қамти отырып енгізілді. Компания өкілдерінің қамқоршылық кеңестерге кіруі, МТБ-ны зертханалық жабдықтармен жарақтандыру, білім алушыларды өндірістік практикаға қабылдау, педагогтердің тағылымдамасы сияқты міндеттемелер көзделген 410 колледжге қатысты 498 компания (кәсіпорын) арасында меморандумдарға, келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар ТжКБ ұйымдарының экономиканың нақты секторымен, бизнеспен және қызмет көрсету саласымен әлсіз байланысы байқалады. Бұл колледждердің бизнес пен жұмысшы кәсіптерінің қозғаушы күші, өнер және кәсіпкерлік орталығы ретінде болу мүмкіндігін шектейді.
ТжКБ ұйымдарын корпоративтік басқаруды жетілдіру жалғасуда.
547 қамқоршылық және 693 индустриялық кеңес құрылды, олардың құрамына ТжКБ ұйымдарын басқару процесіне және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тарту үшін жұмыс берушілер кірді.
2022 жылдан бастап ТжКБ ұйымдарында академиялық дербестік енгізілді, ол Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының (бұдан әрі – МЖБС) талаптары, кәсіби стандарттар, WorldSkills кәсіби стандарттары және өңірлік ерекшеліктер негізінде жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарламалар екі сатылы сараптамадан өтеді. 2023 жылы тізілімге 4000-нан астам жаңартылған білім беру бағдарламалары кірді.
Білім беру деңгейлері арасындағы үздіксіздік пен сабақтастықты қалыптастыру мақсатында 2022 – 2023 оқу жылынан бастап ТжКБ ұйымдары оқытудың кредиттік-модульдік технологиясына көшті, қолданбалы бакалавриат бағдарламасы студенттерге құзыреттіліктің әртүрлі деңгейіне қажетті кредит көлемін жинақтау арқылы оқыту траекториясын дербес таңдауға мүмкіндік берді.
Өңірлік еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы байланыс түлектердің оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмысқа орналасуы арқылы бақыланады. ТжКБ түлектерін жұмысқа орналастыру 2022 жылы 67 %-ды құрады, 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3 %-ға өсті.
ТжКБ ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын және нысаналы қолдауын арттыру үшін жақын арадағы перспективада ТжКБ шығыстарының нормативтерін жалпы әлемдік стандарттарға жеткізу қажет. Осылайша, БҰҰ-ның 4-ші жаһандық тұрақты даму мақсаттарының міндеттеріне қол жеткізу үшін білім беруді қаржыландыруды мақсатты түрде ұлғайтуды және оның қажеттіліктеріне ЖІӨ-нің кемінде 4-6 % бөлуді ұсынады. 2020 жылдан бастап ТжКБ ұйымдарында ТжКБ МЖС талаптарын сақтауға бағытталған жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізілуде. Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін енгізуді талдау көзделген қаражаттың 85 %-ы ғимараттарды ағымдағы күтіп ұстауға және педагогтердің жалақысына жұмсалатынын, тек 15 %-ы ғана студенттердің практикасын ұйымдастыру жөніндегі шығын материалдарына жұмсалатынын көрсетті. Осыған байланысты ТжКБ-да жан басына қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі бүгінгі таңда маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру шеңберінде білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптар бекітілді, олар ақпараттандыру объектілеріне және колледждерді оқытуды басқару жүйелерінің функционалына бірыңғай сипаттамаларды айқындайды.
Ақпараттық жүйелерді енгізу педагогтер мен білім алушылардың оқуға қабылдаудан бастап оқуын бітіруге дейін, атап айтқанда талапкерлерді қабылдауға, білім беру контентіне қолжетімділікке, онлайн-кестені қалыптастыруға, электрондық журнал жүргізуге, тапсырмаларды тексеруге және баға қоюға, бейнеконференция режимінде оқу сабақтарын өткізуге, тестілеуге және емтихандарды онлайн өткізуге бағытталатын болады.
Қашықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар және оқу процесін ұйымдастыру қағидалары әзірленді. ТжКБ ұйымдарының оқыту нысандары мен курстарына қарамастан студенттерді қашықтан оқытуға ауыстыру мүмкіндігі бар. Бұл ретте қашықтан оқыту үшін рұқсат етілетін пәндер немесе модульдер сағаттарының тізбесі мен көлемін білім беру ұйымы дербес айқындайды. Сонымен қатар ЕБҚ білім алушылар, оның ішінде уақытша шектеулері бар адамдар, конкурстарға немесе чемпионаттарға қатысатын студенттер қашықтан оқуға мүмкіндік алады. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, яғни колледждердің 100 %-ы ақпараттық жүйелерге қолжетімділікке ие.
2021 жылдан бастап колледждерге қабылдаудың жаңа тетігі енгізілді. Колледжге түсудің жаңа ережелерінің артықшылығы – талапкердің оқу орнын өзі таңдауға мүмкіндігі бар. Бұрын талапкер түсу кезінде тек бір колледжді және бір мамандықты таңдаған, жаңа форматқа сәйкес, студент 4 колледжді және сәйкесінше 4 мамандықты таңдау мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан басқа Egov.kz порталы арқылы колледждерге құжаттарды қабылдау автоматтандырылды. Сондай-ақ колледждерде дәстүрлі қағаз форматында құжаттарды тапсыру мүмкіндігі сақталады. Осылайша, талапкерлердің таңдау мүмкіндігі кеңейтіліп, белгілі бір таңдалған мамандыққа түсу мүмкіндігі артады.
Үміткерлер барлық лицензиялық талаптарға сәйкес келетін колледждерді ғана таңдай алады. Талапкерлерді таңдау үшін колледждердің тізбесіне мынадай талаптарға сәйкес келетін колледждер, оның ішінде жеке колледждер кіруі мүмкін: жұмысқа орналасуды және жұмыспен қамтуды, өндірістегі практикамен қамтамасыз ету, шеберханалармен, зертханалармен, сапалы инженерлік-педагогикалық қызметкерлер құрамымен қамтамасыз ету, жатақханада әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың болуы, кітапхана қорының, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде, ЕБҚ тұлғаларға жағдайдың болуы.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға арналған конкурс білім туралы аттестаттың міндетті және бейіндік пәндерін бағалау бойынша орташа конкурстық балл бойынша білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы өткізіледі. Бұл шаралар колледждерге қабылдау рәсімінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Осыған қарамастан, кәсіптік бағдар беру құралдары арқылы ТжКБ жүйесінің серпінді дамуы және мектеп білім алушыларының кәсіби өзін-өзі айқындауы туралы халықты ақпараттандыру мәселелері өзекті болып қала береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет