4. Лизинг шарты бойынша лизинг беруші лизинг алушы белгілеген мүлікті сатушыдан меншікке алып, лизинг алушыға уақытша кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға беруге міндеттенеді (АК 565 б.). Лизинг беруші мүлікті өз қажеттері үшін емес, жалға беру үшін сатып алады. Лизинг шартында сатушының аты-жөні, мүлікті лизинг алушыға беру тәртібі, төлем мөлшері мен кезеңдері, шарттың мерзімі, мүлік лизинг алушының меншігіне өтетін болса оның тәртібі көрсетілуі тиіс.
Лизинг заты үйлер мен ғимараттар, машиналар, қондырғылар, көлік құралдары, жер учаскелері т.б. тұтынылмайтын мүлік. Лизинг беруші мүлікті сатып алуға, оның лизингке берілетіндігін сатушыға хабарлауға, затты лизинг алушыға беруге міндетті. Мүліктің кездейсоқ бүліну, жойылу қаупі лизинг алушыға зат берілген кезде ауысады (АК 569 б.). Лизинг мүлкінің сапасы жөнінде лизинг алушы сатушыға тікелей талап қоя алады және сатып алушының құқықтары мен міндеттерін иеленеді (АК 572 б.).
Кәсіпорынды жалдау шартында(АК 573 б.)кәсіпорын жалға алушыға тұтас мүліктік кешен ретінде кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға жалға беріледі. Оның құрамына кәсіпорынның өзімен қатар құқықтары мен міндеттері, фирмалық атауы, коммерциялық ақпарат, тауар белгісі т.б. кіреді. Лицензия алуды қажет ететін құқықтар жалға берілмейді. Кәсіпорынның жалға берілетіндігі жайында кредиторларға хабарлануы тиіс. Оған келіспеген кредитор 3 ай ішінде міндеттемені тоқтату немесе орындау туралы талап қоя алады. Талап қойылмаса кредитор келісті деп есептеледі. Жалға алушыға кредитордың келісімінсіз берілген талаптар бойынша жалға алушы мен жалға беруші ортақтасқан жауапкершілік тартады (АК 574 б.). Шарт жазбаша жасалып, мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Жалға алушы кәсіпорынның құрамдас бөліктеріне қатысты меншік иесі ретінде сату, айырбастау, пайдалануға беру сияқты әрекеттерді жасай алады және ол жалға берушінің келісімін қажет етпейді. Бұл жағдайда кәсіпорынның құны төмендемеуі тиіс. Жалға берушінің келісімінсіз жалға алушы мүліктік кешеннің құрамын өзгерту, қалпына келтіру, кеңейту сияқты әрекеттерді де жасай алады және жалға беруші бөлінбейтін жақсартулардың құнын өтеуге міндетті (АК 579 б.). Жалға беру және қайтару әрекеттері беру актісі арқылы жүзеге асырылады.
Көлік құралдарын экипажымен жалдау (АК 585 б.) бойынша жалға беруші көлік құралын ұсынады және оны басқару, техникалық пайдалану бойынша жалға алушыға қызмет көрсетеді. Шарт жазбаша жасалады. Көлік құралының экипажы біліктілік талаптарына жауап беруі тиіс. Экипаж жалға берушімен еңбек қатынастарында болады, және оның нұсқауларын орындайды. Жалға беруші көлік құралының сапалы жағдайын қамтамасыз етеді, ағымдағы және түбегейлі жөндеу жұмыстарын жүргізеді, мүліктің техникалық пайдаланылуын және күтіп ұстауын қамтамасыз етеді. Көлік құралын және одан келген зиян үшін жауапкершілікті сақтандыру міндетті болса ол жалға берушінің есебінен орындалады (АК 590 б.).
Жалға алушы көлікті коммерциялық пайдалануға кететін шығындарды тартады. Жалға алушы жалға берушінің келісімінсіз үшінші тұлғалармен тасымалдау қзметін көрсету жөнінде шарт жасай алады (АК 591 б.). Мүліктің бүлінуі мен жойылуына жалға алушы жауап беретіндігі дәлелденсе жалға берушінің шығындарын өтейді (АК 592 б.). Көлік құралынан үшінші тұлғаларға келген зиян үшін жалға алушы жауап береді (АК 593 б.).