Қаржылық бақылаудың негізгі әдісі — тексеріс— кейінгі (келесі) бақылаудың кешенді әдісі және өткен белгілі бір кезеңдегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы- шаруашылық қызметінің барлық жақтары мен учаскелерін мұқият зерделеу, терең тексеру, оны неғұрлым толық қарап шығу. Тексерісті әр түрлі бақылаушы органдар, ең алдымен қаржы, сонымен бірге ведомствоға қарасты ұйымдарға қатысты мемлекеттік басқару органдары жүргізеді. Тексеріс бұл органдардың жоспары бойынша да, сондай- ақ басқа құзырлы органдар – жоғарғы, тергеу органдарының нұсқауы бойынша да жүргізілуі мүмкін.
Тексеру объектісі бойынша құжаттық, нақтылы, толық жаппай, іріктемелі ішінара тексеріс болып ажыратылады. Ұйымдық белгісі бойынша олар жоспарлы және жоспардан тыс, кешенді болуы мүмкін.
Құжаттық тексерісті жүргізген кезде есептер, жеке жоспарлар ғана емес, сондай-ақ құжаттар, әсіресе бастапқы ақша құжаттары (шоттар, төлем тізімдемелері, орделер, чектер, бағалы қағаздар) тексеріледі. Нақтылы тексеріс құжаттарды ғана емес, сонымен бірге қолда бар ақшаны, материалдық құндылықтарды да тексереді.
Толық тексерісдеп белгілі бір кезеңдегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің бүкіл қызметін тексеруді айтады.
Іріктемелі тексеріс кезінде бақылау қаржы – шаруашылық қызметінің әйтеуір бір жағына (мысалы, іссапардың шығындардын, әр түрлі нысаналы шығындар мен шығыстарды тексеру) бағытталды.
Тақырыптық тексерістер бір үлгідегі бірнеше кәсіпорындарда, мекемелерге немесе бірнеше министрліктер мен ведомстволарда қаржы – шаруашылық қызметінің жеке мәселелері бойынша жүргізіледі. Олар сонымен бірге шаруашылық жүргізуші субъектілердің белгілі бір учаскелерінің мән – жайын тексеруге және бұл мәселе бойынша көлемді материал алуға, оны талдауға, тұжырым жасауға, жұмысты жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Тексерістердің тәсілдері: материалдық құндылықтарды түгендеу,кассадағы нақтылы ақшаны тексеру, тексерілетін объект қызметінің жоспарлық, нормативтік және есептік көрсеткіштерін салыстыру, құжаттық және ыңғайласпа (үстеме) тексерулер. Көрсетілген тәсілдер тексерістің қойылған мақсаттарына қарай қолданылады.
-Жоспарлар тексерулер мен тексерістердің белгіленген мезгілділігін ескере отырып құрылады. Жоспарларда бақылаудың объектілері, тексерудің немесе тексерістің тақырыбы, бастау мен аяқтаудың уақыты, атқарушылардың саны мен олардың құрамы және т.б. белгіленеді. Аудит органдары өзінің жұмысын келісімшарттар негізінде жүргізіледі.
Тексеріс немесе тексеруді жүргізудің бүкіл үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрады: өкілеттіктерді көрсету; тексерілетін объектінің жауапты жұмыскерлерімен ұйымдық кеңес өткізу; түгендеуді жүргізу;тексерілетін объектімен, оның қызметінің технологиясымен жеке өзінің танысуы; шаруашылық қызметті алдын ала талдау; тікелей құжаттық тексеріс немесе тексеру; тексеріс немесе тексерудің материалдарын жүйеге келтіру; акт немесе анықтама жасау; ашылған кемшіліктердің жойылуын тексеру.
Тексеріс немесе тексеруді жүргізудің нәтижелігі көбінесе жасалынған актінің сапасына байланысты болады. Тексеріс актісі (анықтамасы) – бұл қаржы-шаруашылық қызметінде жіберілген бұзушылықтың жай тізбесі емес, бұл тексерілетін объект жұмысының сапасы, заңдылығы, мақсаты, сәйкестігі туралы дұрыс түйіндердің жинағы болып табылатын құжат. Оның негізінде ашылған бұзушылықты жою мақсатында нақтылы ұсыныстар, ұйғарымдар жасалынады, кінәлі адамдарға шара қолданылады.
Шаруашылық жүргізуші субъектісінің қаржы-шаруашылық қызметі мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық бақылау органдары (Халықтық бақылау комитеті) тарапынан (болған) қос бақылаудың қарамағында болды.
Басқарудың әкімшілік нысанынан рыноктық нысанына өту кезеңінде қаржылық бақылау айтарлықтай әлсіреді. Халақтық бақылау комитеті жойылды, ведомстволық бақылау іс жүзінде қысқарды, мемлекеттік орган тарапынан болатын қаржылық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызмет тарылды.
Мемлекеттің алдында жан-жақты, жүйелі, кешенді бақылауды, соның ішінде қаржылық бақылауды да ұйымдастыру міндеті туып отыр. Бұл шаруашылық жүргізуші барлық субъектілер мен олардың қаржы-шаруашылық қызметінің барлық жақтары қаржылық бақылаумен қамтылуы тиіс дегенді білдіреді. Қойылып отырған міндетті іске асыру үшін қаржылық бақылау мына бағыттарда дамуы тиіс:
мемлекеттік бақылауды нығайту;
тәуелсіз аудиторлық бақылауды дамыту;
түрлі бақылаушы органдар мамандаының еңбегін компьютерлендіру;
бақылаудың барлық органдарының қызметін үйлестіру және басқалары.