Қос мекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың жансыздануы. Күн суытып, жапырақтар жаппай түсе бастаған кезде бақалар мен құрбақалар, кесірткелер мен тасбақалар мүлде естен танып қалады.
Көк бақалар су қоймаларының түбіне түсіп, тұнбаға батып жатады. Шөпбақалар шұңқырларға, жапырақтар мен мүктердің астына тығылады. Құрбақалар тас пен ағаш түбірлерінің астынан ін қазып алып, соған кіріп жатады. Қысқа қарай кесірткелер де мүктер мен ағаш түбірлерін паналайды.
Құстардың қайтуы және қоныс аударуы. Температура төмендей салысымен құстар оңтүстікке қарай қайта бастайды. Басқаларынан бұрын бізден кететіндері — насекомқоректілер. Суда жүзетін құстар өз қыстағына барлығынан да кеш қайтады. Алғашқы ұшып кеткен тырналар тобы (сентябрьдің басында) — күз жаршысы. Шыбынқақтар, қызылқұйрықтар мен шақшақайлар алғашқы суықтан кейін-ақ ұшып кетеді. Сентябрьдің аяғына таман тырналардың жаппай ұшып бара жатқандары байқалады. Сандуғаштар, дала бозторғайлары, сарайғыр, қараторғайлар да біздің өлкені тастап кетеді.
Су қоймалары қатқанда қаздар мен үйректер оңтүстікке қарай жөнеледі, олар жолшыбай мұзы әлі қатпаған су қоймаларына аялдай,тынығады.
Ұсақ құстар тобы топтасып, ірілері — сап түзеп: тырналар бұрыш жасай, қаздар — қиғаш қатар түзеп немесе доғаша иіндесіп, үйректер кесе көлденең бағытта ұшады. Құстар бір-бірінен белгілі бір қашықтық ұстай ұшады, соның арқасында олар ауаның кедергісіне оңай төтеп береді
Сары күзде бізге Солтүстіктен шымшықтар қоныс аударады; орманда, бақ пен паркте шымшықтардың сайраған үні естіледі.
Октябрьдің соңында — ноябрьдің бастапқы күндерінде карға, шауқарға, сауысқандар орман-тоғайларды тастап, адамдар мекендейтін жерлерді маңайлайды, олар көшелер мен аулалардан көріне бастайды, парктер мен бақтарда түнеп шығады. Қара күзде қаңырап қалған орманнан шымшықтармен және жорғаторғайлармен араласып жүрген тоқылдақтарды да кездестіруге болады. Осы уақыттан бастап шекілдектер, қайшыауыздар, суықторғайлар ұшып келеді.