3. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану.
Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану мәселесiн бiрен
– саран қазақ оқығандары мен негiзiнен орыс ғалымдары
көтердi. Олар орыс графикасын қазақ жазбасына қолданудың екi
түрлi жобасын ұсынды. Қазақ университетiнiң шығыстанушы
ғалымдары В.В.Радловтың, Н.И.Ильминскийдiң тәжiрибелерiне
сүйенiп, орыс алфавитiндегi әрiптерге қазақ дыбыстарын дәл
бейнелейтiн қосымша таңбалар қосып пайдалануды ұсынса,
Петербург университетiнiң шығыстану факультетi ғалымдары
орыстан өзге халықтардың жазбасына орыс графикасын ешбiр
өзгерiссiз қолдануды жақтайды. Бұл жөнiнде В.В.Григорьев,
А.В.Васильевтердiң мақалалары жарияланды.
4.А.Байтұрсынов
реформалаған
араб
графикасына
негiзделген қазақ жазуы туралы мәселе баспасөз беттерінде
кеңінен талқыланды.
Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. А.Құрманбаев, Д.Сұлтанғазин, О.Әлжанов араб алфавитi
туралы жазған мақалаларына қысқаша конспект жасаңыз.
(Қазақ тiлi жөнiндегi революцияға дейiнгi зерттеулер. А.,
1989).
2. Қазақ жазбасына орыс графикасын қолдану мәселесi туралы
миссионер ғалымдарының ғылыми мақалаларымен
танысыңыз.
6. А. БАЙТҰРСЫНОВ – ҚАЗАҚ ГРАФИКАСЫНЫҢ
НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ.
1.
А. Байтұрсынұлы – қазақ жазуын алғаш таныған ғалым.
2.
«Жаңа Әліпби », «Жазу тәртібі» мақаласында қозғалған
мәселелер.
Қазақ жазу емлесiн жөнге салудың орыс графикасынан
басқа, төте жолын ұсынған қазақтың ағартушы ғалымы –
А.Байтұрсынұлы болды. Ол араб графикасын қазақ дыбысына
ыңғайлап, жазба әлiпби түзу керек деген идея көздедi.
А.Байтұрсынұлы 1895-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Торғай
өңірінде ел ішінде әрсатылы мектептерде бала оқытумен қатар,
ағартушылық қызметпен де айналысады. Қазақ алфавитінің
реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап
қазақ жазуын жетілдірумен айналысты. Сол күндері қазақ халқы
өзге түркі халықтары сияқты пайдаланып келген араб
таңбаларының дәл сол күйінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін
дәл бере алмайтындығын түсініп, былай деп жазды: «Хәріп - тіл
үшін шығарылған нәрсе. Олай болса хәріп жоқ деп тілдегі
дыбысты жоғалту керек емес, ол дыбысқа жоқ әріпті іздеп
табуға керек. Ол жалғыз бізде ғана болған емec, өзге жұртта да
болған, хәріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола хәріпті бұзып
өзгертеді». Осындай білгірлік танытқан А. Байтұрсынұлы араб
таңбаларын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, түзетуді
қолға алады да, «ХХ ғaсыpғa дейін түріктің тілін асыл қалпында
алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиіс»,
«асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті» деп емленің ең
жақсысы - дыбыс жүйесінде екеніне көзі жетіп, қазақ тілінің
дыбыстық жүйесін зерттей бастады. Араб графикасына
негізделген жаңа емлесі 1912 жылдан бастап ұсынылды. «Төте
жазу» деген атпен танымал болған бұл графиканы сол кездегі
қазақ интеллигенциясы қабылдады және мұсылман медреселері,
қазақ-орыс мектептері де қолдана бастады. 1915 жылы жаңа
графикамен көптеген қазақ кітаптары басылып шықты.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен
оның
фонетикалық
жүйесін
талдап
береді.
Тарихи-
лингвистикалық зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, оның
бұл жұмысы – нағыз ғылыми, ғылыми аргументтері күшті, тіпті
бүгінгі күннің талабын да өтейтін еңбек болып табылады.
А.Байтұрсынов бұл ізденістерінде қазақ тілінің фонологиялық
табиғи белгісі – сингармония заңдылықтарына сүйенеді. Бүгінгі
фонетист ғалымдар А.Байтұрсынұлы дыбыстар жүйесін
сингармофонемалар ретінде дұрыс таныды дейді. Сондай-ақ
қазақ алфавитін түзуде (жасауда) болсын, грамматикалық
(морфологиялық)
категорияларын
зерделеуде
болсын,
А.Байтұрсынұлы тіл біліміндегі парадигмалық жүйені ұстады.
Парадигмалық жүйе дегеніміз – тіл бірліктерінің (дыбыстардың,
морфологиялық көрсеткіштердің, емлелік тәртіптердің т.б.) екі
түрлі типін қарама-қарсы қойып жүйелеу. Сондықтан қазақ
әліпбиін түзуде дыбыстардың дауысты-дауыссыз, жуан-
жіңішке, қатаң-ұяң сияқты оппозиттерін негізге алған. Бұл
бүгінгі ғылым биігінен (жетістіктерінен) қарағанда өте дәлелді,
дұрыс ұстаным болып саналады. Ғалым араб жазулы (таңбалы)
қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне
ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет
Байтұрсынұлы тəртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу
дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі
(әрпі) бар болса» деп анықтайды. Араб жазуы (әріп таңбалары) –
Құран қолданған әліпби, сондықтан оған өзгерістер енгізуге,
қысқартуға, өзге таңбаларды қосуға болмайды деген діндар
догматиктердің қарсы пікірлері (мақалалары да) болғанына
қарамастан, ауыл мұғалімдері, озат ойлы, білімді адамдар
тарапынан А.Байтұрсынұлы әліпбиі батыл қолдау табады.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілін таңбалайтын графикаға
мынандай басты-басты талаптар қояды:
1. Тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?
2. Қайсымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады?
3. Қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл?
4. Қайсысы баспаға қолайлы (баспаға сыйымды болуы,
жұмыстың өнімді болуы да сонда) ?
5. Үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?
6. Көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық?
Жазуға осындай талаптар қоя отырып, латын және араб
графикаларын салыстырады. Бірінші критерий бойынша араб
әрпінен қазақ әліпбиіне 14 әріпті өзгертпестен дайын күйінде
алды, 5 әріпке ереже қосып алды. Латын әрпін өзгертпестен
алды дегеннің өзінде 15 әрпін-ақ алуға жараған, ал қалған 7
әрпін өзгертіп алуға жараған және ң, й дыбыстарының таңбасын
бейнелейтін әріптерді ойдан шығарып таңбалаған. Бұл критерий
бойынша араб жазуының таңбалар жүйесі артық болып
тұрғанын айтады.
А. Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеу
барысында 28 дыбыс түрі барлығын, оның дауысты және
дауыссыз болып жіктелетінін, араб харпі қазақ жазуындағы
жіңішке дауысты дыбысты ажырату үшін қойылатын белгі -
дәйекшені енгізудің қажеттілігін, бұл арқылы тіліміздің төл
дыбыс жүйесіне тән үндестік заңы бойынша жуан не жіңішке
айтылатын буын табиғатын аңғартуға болатындығын қарапайым
тілмен түсіндіріп береді. Сонымен қатар араб алфавитінде жоқ
ерін дауыстыларын у дыбысының таңбасына ұқсастырып,
жолдың үстіңгі бөлігіне дәйекшелер қою арқылы жаңа әріптер
жасайды да, араб графикасын қазақ тіліне ыңғайластырып
реформалайды [7, 33 б.].
А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауат
ашуына көп күш жұмсаған адам. Қазақ балалары 1902 жылдан
бастап бастауыш мектептерде оқытыла бастағанымен, ресми
түрде графикасы болған жоқ, орыс немес араб графикасын
пайдаланды.
А.Байтұрсынұлы
мен
өзге
де
қазақ
интеллегенциясы болып Ресей Империялық Министр Кеңесінің
Председателіне петиция жазды. Онда қазақ даласында оқу қазақ
тілінде жүргізілсін деген талаптары бар еді. Осы талаптың іске
асуы үшін А. Байтұрсынұлы 1912 жылы «Оқу құралы» деген
атпен құрастырған тұңғыш әліппесі Орынборда басылып
шығады. Бұл кітапта әрбір әріпке мінездеме беріледі, одан соң
танымдық материалдар ұсынылады. Тұңғыш басылымы 1912
жылы жарық көрген бұл «Әліппе» кейін бірнеше рет басылады,
1925 жылғы Орынбор басылымында 7 рет баспадан шығады.
Білім кеңесінде бұл кітапқа былай баға берілді: «Әліппе» қазақ
даласына көп пайдасын тигізді. Әдісі жағынан да, мазмұн
жағынан да ескірген көптеген кітаптардан аса артық. Әңгімелері
балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық».
1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандырылатын
«Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай қазақ тілін пән
ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. «Біздің заманымыз -
жазудың заманы. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге
керек болғандықтан, қазақтың бастауыш мектептерінде басқа
білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де
үйрету керек» деп өзіне міндет қояды да, «Тіл – құрал» деген
атпен үш бөлімнен тұратын оқулық жазуға кіріседі. Бұл
кітаптың фонетикаға арналған 1914 жылы жарық көрді.
Морфологияны қамтитын 2 бөлімі 1915 жылы баспадан
шығады. А. Байтұрсынұлының бұл еңбегі қазақ тілі біліміндегі
тұңғыш еңбек болды. Ал 1913 жылдан бастап 1918 жылға дейін
«Қазақ газеті» А. Байтұрсынұлы түзген емле негізінде жарыққа
шығарылды. А. Байтұрсынұлының бұл жасаған әліпбиі қазақ
мәдениеті тарихының үлкен бір белесі болды. Қазақ
даласындағы алғаш сауат ашу, оқу-ағарту майданында алға
басуға зор серпіліс туғызып, хат таныған көпшілікке кең
таралып, төте жазу деген атты иемденеді.
Ахмет Байтұрсынов реформалаған араб жазуы өз кезеңінде
қазақ мәдени дүниесінде үлкен рөл атқарған, қалың көпшілікті
жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа
жұмысының жандануына игілікті қызмет еткен, прогрессивтік
құбылыс болды. А. Байтұрсыновтың бұл тәжірибесін сол кезде
өзге түркі халықтары, мысалы өзбектер мен татарлар үлгі етіп
тұтып, олар да өз жазуларына реформалар жасай бастады.
Ғалым ширек ғасырдай күш жұмсап, тер төккен бұл еңбегін,
реформаланған қазақ жазуын қорғап, бұл жазу қазақтың мәдени
талаптарын әбден өтей алады деген көзқарасын латынға көшу
жайында үлкен әңгіме басталғанда, 1926 жылы Баку қаласында
өткен Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезде барынша
дәлелдеп, қазақтардың латынға көшуіне қарсы болды. Бұрыннан
пайдаланып келген, әрі нақтылы бір ұлт тіліне лайықталып,
реформаланған араб (мысалы, қазақтардікі сияқты), не орыс
(мысалы, сол кезде чуваштар қолданып отырған) графикасын
латыншаға ауыстырудың ешқандай не саяси-идеологиялық, не
экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісінде де
лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын
жазуының бір-бірінен артық-кемдігі шамалы, керісінше, жазу
таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба мұрадан, жазба дәстүрден
қол үздіреді дегенді айтты. Бұл жерде А. Байтұрсыновтың
концепциясынан ұлтшылдық, пантюрксистік немесе кеңеске
қарсылық іздеу мүлде қисынсыз: араб жазуы арқылы ислам
дінін уағыздауды ол көздеген жоқ, өйткені ол дін қамқоршысы
емес, пантюрксистік пиғылды болды деу де орынсыз, өйткені
ол, керісінше, қазақ ұлтының, қазақ тілінің дербестігін
(қазақтардың «іргелі жұрт» екендігін) қатты қолдаған адам,
үшіншіден, бұл жердегі ғалым әрекетінен антисоветизм іздеу де
нанымсыз, себебі жазу таңбасының түрі идеологияның мазмұны
мен бағытын өзгерте алмайтындығын А. Байтұрсынов та,
өзгелер де жақсы білді. Демек, ғалымның араб жазуын
жақтаудағы мақсаты –1924 жылғы қазақ білімпаздарының
тұңғыш съезіндегі сөздеріне қарағанда, 12-13 жыл бойы
қолданылып, орнығып қалған, қазақ тілінің дыбыстық
табиғатына лайықталып, өзгертілген, ресми түрде қабылданған
алфавиттің қазақ жазуы мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы,
оның дыбыс әдісі мен оқыту ісінде айтарлықтай қолайлы болып
шыққандығы, полиграфиялық ммүмкіндіктер жағынан да,
экономикалық мүмкіндіктер тұрғысынан да бұрынғы алфавитті
сақтау жаңаға көшуден гөрі пайдалырақ екендігі.
А. Байтұрсынұлы 1929 жылы 12 мамырда өз қолымен жазған
өмірбаянында: «1901 жылдардан бастап, бала оқытқан
кездерден бос уақытымда өз бетіммен білімімді толықтырып,
әдебиетпен шұғылдандым» дейді. Ал Орынборға келгеннен
кейін ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен
грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ
алфавитін (шрифтісін емес) және емлесін ретке салып,
жеңілдету жолына жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба
тілін бөгде тілдің қажетінсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік
құрылысын өзге тілдердің әсерінен тазартуға әрекеттендім,
төртіншіден,
қазақ
прозасын
(яғни
іс-қағаздар
тілін,
публицистика мен ғылыми тілін) жасанды кітаби сипаттан
арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне икемдеу үшін ғылыми
терминдерді жасауға кірістім және айналыстым. Стильдік өңдеу
үлгілерін көрсетумен шұғылдандым» деп жазады.
Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер
туралы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен
«Қазақ» газетінің беттерінде білдіре бастайды. «Айқаптың» 1912
жылғы 9-10 нөмірлерінде «Шаһзаман мырзаға» атты үлкен
мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір араб
таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас
жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйекші дейтін таңба
қою қажеттігін дәлелдейді. Осы мақалада дыбыс, әріп, дейекші,
жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, қағида деген қазақша
лингвистикалық терминдерді тұңғыш рет кездестіреміз. «Қазақ»
газетінің 1913 жылғы 34 және одан кейінгі сандарында «Жазу
мәселесі» деген көлемді мақала жариялап, онда кейбір дауысты
дыбыстарды (у, ұ, о, и, е, ы) таңбалау жайындағы өзінің
пікірлерін айтады. Сөйтіп, әрі қарайғы ізденістерінде араб
графикасын қазақ жазуы үшін былайша лайықтап алуды
ұсынады: 1) қазақ жазуы үшін араб алфавитіндегі жуан
дыбыстардың таңбаларын алмау; 2) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, у
дыбыстарының әрқайсысына таңба белгілеу; 3) к, г
дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің
жіңішкелігін
(яғни
қазіргі
ө,
і,
у
дыбыстарымен
айтылатындығын) білдіру үшін сөздің алдынан дәйекше таңба
қою. [8, 56 б.]. Демек, А. Байтұрсынов және бірқатар зиялылар
қолданып келе жатқан араб әліпбиіне қазақ жазбалары үшін
өзгеріс енгізу, яғни реформалау принципін ұсынды.
Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой-
пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі
қарай жалғастырып, пікірсайысқа жол берді. Емле мәселесіне
келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі
бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен
емлені қолдаса, «Қазақ газеті» А. Байтұрсыновтың әліпби
реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады. Ғалымның
реформасы қазақ тілінің табиғатына, яғни, дыбыс үндестігі
заңдылығына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған болатын.
Сөйтіп, қазақ дыбыстарының табиғатын айқындап тануы,
ғылымға қазақтың жаңа әліпбиін жасауға мүмкіндік береді.
Оның 1912 жылдардан бастап ұсынған осы алфавитке негіздеп
алған жаңа жазуы («Жаңа емле» деп аталды) іс жүзінде
қолданыла бастады. Қазақ жазуының белгілі бір кезеңінде
қолданылған араб графикасы 28 әріпті қамтыды және
классикалық араб тілінің фонетикалық жүйесі негізінде
жасалды. Барлық әріптер дауыссыз дыбыстарды қамтиды,
сонымен қатар созылыңқы дауысты а, у, и әріптері
диакратиялық сызықша (жолдың үстіне немесе астына
қойылатын) таңбалар арқылы таңбаланады. Араб алфавиті
арамей жазуының бір тармағы набатей алфавитінің негізінде
пайда болған. Ол ҮІ ғасырда 22 әріпті қамтыса, ҮІІІ ғасырда
олардың саны 28-ге жетті. Жалпы араб жазуының
кемшіліктерімен қоса, алғашқы қазақ баспасөзінің жазу құралы
болған араб графикасының қазақ әдеби тілінің қалыптасуына
көп септігі тигендігін де айта кетуіміз керек.
Баспа беттерінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, 1915
жылдың бір өзінде жаңа емлемен 15-тей кітап басылып
шығыпты. Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы ұсынған «жаңа емле»
191З жылдардан бастап мұсылман медреселерінде де, қазақ-
орыс
мектептерінде
де
қолданыла
бастады.
Жалпы
А.Байтұрсынұлының бұл жазу жүйесі ұлттық қазақ жазуы деп
аталды.
Тілші ғалымның араб әріптері негізінде лайықталған қазақ
графикасы 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде
басталған қазақ, қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде
ресми түрде талқыланды. Бұл съездің күн тәртібінде алты
мәселе қойылды: 1) жазу, яғни орфография ережелері, 2) әліпби
(яғни алфавит, графика мәселесі), З) қазақша пән сөздер
(терминология), 4) ауыз әдебиетін жою шаралары, 5) оқу, ғылым
кітаптарын көбейту шаралары, 6) бастауыш мектептің
программасы.
Съезде Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпби тақырыпты» деген
атпен баяндама жасайды. Ол түркі халықтарының қолданылып
келе жатқан жазуы бар екендігін, оны тастап, басқа графикаға
көшу оңай емес деген пікірін осы съезде дәлелдейді. Әліпби
(алфавит) қандай қасиеттерге ие болу керек деп, қазақ халқы
қолданып отырған, икемделіп, өңделген (реформаланған) араб
алфавитінің оң сипаттарын (қасиеттерін) көрсетеді де, латынға
көшкенде, латын алфавитін қолданушы Европа халықтары
тіліне түркі жұрттарының қатысы жоқ дей келіп, «латын
әліпбиін тұтынған (европалық) жұрттар орыстың орнында
болып, аузына қарап... балаларымызға тілін үйретіп отырған
жұрттар болса екен... Онда алуға мағына бар дер едік» деп ойын
орнықтыра түседі. Бұл жерде, сірә, араб алфавитін тастау
қайткенде де қажет болса, латынға емес, тілін қоса үйреніп
жатқан, отандас, тағдырлас орыс халқы қолданып отырған жазу
қолайлы емес пе деген ой ұшқыны жалт ететін тәрізді.
А.Байтұрсынұлының осы баяндамасын және латын
таңбаларын алуды қостаған Нәзір Төреқұловтың баяндамасын
талқылап, екі алфавиттің оң-теріс жақтарын сарапқа салып
қарағаннан кейін, съезд: «Қазақ тұтынып отырған түрік (араб
таңбалы) әліпбиінің баспа түрінің дара болмауы баспа ісіне де,
үйрету жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол
қолайсыздықтан құтылу үшін түрік әліпбиінің өзін түзету өзге
әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрік әліпбиінің
жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу
керек» деп А. Байтұрсынұлы реформалаған және баспа түрінің
де вариантын ұсынған араб жазуы негізіндегі қазақ алфавитін
қабылдау керек» деген қарар ұсынды.
Бұл жөнінде ғалым Е.Д. Поливанов мақаласында: «Эту
последную форму, которую приняла казак-киргизская графика,
я во всяком случае считаю уже не нуждающейся в исправлениях
и представляющей последней в историческом формировании
национальной графики, которым вполне могут гордиться
киргизские деятели просвещения - создатели реформы, как
крупным культурным завоеванием». Соған қарамастан, қазақ
жазуы 1929 жылы латын графикасына көшірілді. Бұл туралы
белгілі ғалым Ә. Қайдаров: «1929 жылы Қазақстанда тіліміздің
табиғатына бейімделіп, ресми ұлттық жазу болып қалыптаса
бастаған Ахаңның әліпбиін аластатуға ешқандай объективті
себеп, қажеттілік болмаған еді», - дейді. Егер жазуда
басшылыққа алынатын «емле бірте-бірте түзеліп, жылдар бойы
тәжірибеден өтіп, дәстүрлі сипат алған күнде ғана, сол тілдің
сауатты жазу нормалары қалыптасатынын ескерсек, онда
графика ауыстыру мәселесі ұлт дамуына кері әсер тигізетіні
шындық.
Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. А.Байтұрсынұлы реформаланған “Төте жазу” бойынша
мәтiн жазып, оның қазiргi кирилицамен жазудан қандай
ерекшелiгi бар екенiн өз мүмкiндiгiңше түсiндiрiңiз.
2. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің тәртіпті жазу деп
аталуының себебі?
3. Ахмет Байтұрсынұлының баспасөз беттерінде әліпби
тақырыбында жасаған баяндамалары.
7. Қ. ЖҰБАНОВ - ҚАЗАҚ ОРФОГРАФИЯСЫ МЕН
ЖАЗУЫН ЖҮЙЕЛЕГЕН ҒАЛЫМ.
1.Қ. Жұбановтың қазақ әліпбиі мен орфографиясы мәселелеріне
арналған еңбектері.
2.Ғалымның қазақ тілінің фонетика саласын дамытуға қосқан
үлесі.
1. Құдайберген Жұбанов – латын әліпбиі негізіндегі қазақ
жазуы мен орфографиясын жүйелеген аса ірі фонетист ғалым.
Өз кезінде араб жазуынан латын әліппесіне көшу бағытын
ұстанған ғалымның тұжырымдары мен көтерген мәселелері күні
бүгінге дейін өзектілігін жойған емес. Ғалымның қазақ тілін
оқытудың жаңа типтегі бағдарламалары мен емле, әліпби
жөнінде зерттеу еңбектерінің оқу-ағарту саласындағы мәні зор
болды.
1938 жылы
қазақ емлесінің кей мәселелері ішінара
жүйеге түсірілгені мәлім.
1930-жылдардың
орта
тұсында
Қ.Жұбанов
қазақ
орфографиясын және әліпбиін өзгертуге байланысты жобасын
ұсынады. 1929 жылдары қолданылған латынға бірнеше
өзгерістерді енгізу арқылы 25 әріп, бір дәйекше белгісі бар
әліпби жобасын ұсынады. Ғалым жобасында қосар [үу], [ұу],
[ый], [ій] бір ғана графемамен белгілеуді, яғни [үу], [ұу]-ды u
арқылы, осы тәрізді [ый], [ій] дыбыстарын і таңбасымен
алмастыруға
болады
деп
есептейді.
Ғалым
дауысты
дыбыстардың жіңішке варианттары дәйекше белгісі арқылы
ажыратылады деп көрсете отырып, былай дейді: «Твердые и
мягкие разновидности гласных звуков обозначать не двумя
разными буквами, как это имело место в существующем
алфавите, а одной буквой». Ұсынған әліпбиде дауысты
дыбыстардың жіңішке варианттарына арнайы таңба арнамай-ақ,
дәйекше қызметін пайдалануды ұсынады: a – [а] [ә]; о – [о] [ө]; y
– [ұ] [ү]. Қ.Жұбанов «Ни одна из существующих букв,
(употребляемых) для (изображения) согласных звуков, не может
быть исключена из алфавита: они необходимы и затруднений с
ними в письме мало» дей отырып, Міржақып Дулатовтың жаңа
әліпбиге ф мен х таңбаларын енгізу керек деген ұсынысын
(«Айқап», 1912, № 8). Қ. Жұбанов жүзеге асырған болатын.
Бұлардың әрқайсысы қосар әріппен белгіленіп келген [8, 243 б.].
Автор кірме сөздерді жазғанда сөздің орыс тіліндегі түбірін
сақтап, қосымшаны қазақ тілде жалғауды, сондай-ақ туынды
кірме сөздердің жұрнағын қазақ тілінде беруге болатынын
ескертеді.
Ғалымның жазу теориясына негізделген жобасы қазақ
орфографиясында бірте-бірте орнығып, 1957 жылғы ережеде
біржола заңдастырылды. Бұл латынға негізделген жазу
емлемізді орыс емлесіне қарай бейімдей түсуге көмектесті.
Қ.Жұбанов емле ережелерін жүйелеу жағына қатты көңіл
аударды. Емлені мектеп оқушыларын сауатты жазуға баулу мен
ересектерге хат білдіріп, қара танытуға қажетті құрал деп
есептеді. Төңкеріске дейін қазақ тілінің емлесі, негізінен,
фонетикалық принципке сүйенді. Өзге белгілі ғалымдар сияқты
Қ. Жұбанов та фонетикалық принциптің сөздің сыртқы пішініне
сүйеніп жүргізілетін, ал морфологиялық принциптің түбір сөзді
сақтауға
байланысты
болатынын
жақсы
түсінді.
Өз
зерттеулерінде осы екі принципті бір-біріне орайластыра,
қабыстыра отырып пайдаланды. Ғалымның біріккен сөздер,
буын жігі, тарихи фонетика мен этимология, орфография
мәселелері т.б. сала-сала зерттеулерін қазақ тіл білімінің
хрестоматиялық беттері деп тануға болады. [8, 31 б.].
2. Ғалым қазақ тілінің дыбыстық құрылымын талдау
барысында дыбыстардың мағынаны ажыратуға қатысында
назардан тыс қалдырмаған.
«Мағына жағынан сөздердің бір-бірінен дараланып тұруы
үшін оның барлық дыбыстарының өзге сөзден түбегейлі өзгерісі
болуы шарт емес, сөз құрамындағы бір ғана фонеманың өзге
сөздікінен
өзгеше
болуы
олардың
семантикасын
ажыратуымызға жетіп жатыр»,- дейді Қ.Жұбанов.
Ғалымның фонеманың сандық және сапалық құрамы
жөнінде де айтқан сындарлы пікірлері бар. «Қай тілді алсаңыз
да сөз дыбысы атаулы сан жағынан толып жатыр, бірақ олардың
бәрі бірдей фонемалық қасиетке ие емес. Сөздердің мағыналық
тұрғыдан бір-бірінен ажырата көрсетуге қабілетті дыбыстар аса
көп емес», - деп айтқан Қ. Жұбановтың бұл тұжырымдары
жалпы фонологияның принциптерімен сабақтасып жатыр. Ол
қазақ тілі дыбыстарының құрамын дауысты, дауыссыз және үнді
(сонор) дыбыстар деп аталатын үш топқа бөледі. Тілдің
сөйлеген кезде жоғары көтерілу, төмен түсу ыңғайына қарай а/ә,
о/ө, е дауыстыларын толық дауысты, ы/і, ұ/ү дауыстыларын
келте дауысты деп атайды. Yнсіз дауыссыздарды екі жікке
ажыратып, б, д, ж, з, ғ, г дауыссыздарын ұяңдар тобына, п, т, ж,
с, қ, к дауыссыздарын қатаңдар тобына жатқызады. Жасалу
жолына қарай п-б, т-д, қ-ғ, к-г дегендерді үздікті дауыссыз, с-з,
ш-ж дегендерді үздіксіз дауыссыз деп бөлген. Yнсіз
дауыссыздарды жасалу орнына қарай көмей, тіс, ерін
дауыссыздары деп аталатын үш топқа ажыратады. Yнді
дауыссыздарды Қ.Жұбанов алдымен тура жолды сонорлар,
айналма жолды сонорлар деп екі топқа бөліп, оның
алғашқысына ү, и, кейінгісіне р, л, м, н, ң дауыссыздарын
жатқызады. Соңғы топтағы сонорларды әрмен қарай ауыз
жолды, мұрын жолды деп екіге айыра көрсетеді.
Лингвист ғалым бірқатар еңбектерін қазақ сөзінің буынын
зерттеуге арнады. Буын жасауға қатысатын дыбыстарды санына
қарай қазақ тіліндегі буынды төртке, ал дыбыстардың буын
ішінде орналасу тәртібіне қарай үшке бөледі. Қазақ сөзіндегі
буын санының сөз ішіндегі дауыстылардың санымен бірдей
болатындығы жөнінде толық мағлұмат береді. Буынның түрлері
оның құрамына енетін дыбыстардың бір-бірімен тіркесу
ыңғайына тәуелді. Буындардың бірімен-бірінің бірігіп,
жымдасып кететіні де, бірімен-бірінің орындарының ауысып
қолданылатын кездері де бар. Қазақ тілі буын құрылысының бұл
да бір ерекшелігі деуімізге болады. Профессор Қ. Жұбанов бұл
саладағы зерттеулерінде қазақ тіліндегі буындардың бірігуі
немесе олардың орын алмастыруы, сондай-ақ екпін, әсіресе
сингармонизм заңы секілді құбылыстардың барлығы сөз
элементтері арасында берік байланыстың болуы үшін қызмет
ететін категориялар деген ғылыми қорытынды жасайды.
Қ.Жұбанов қазақ фонетикасының пәнін анықтап, дыбыстардың
жіктеліс жүйесін саралауда қисапсыз мол еңбек етті. Өзінің
қазақ әліпбиі (алфавит), емлесі және өзге де қолданбалы
салаларына арналған еңбектерінде сол кездегі фонологиялық
ілімнің қағидаларына сүйенді.
Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімінің грамматикасы,
фонологиясы, лексикологиясы жайында айтқан тұжырым-
толғамдары, қағидалары бойынша конспект жазыңыз.
2. Ғалымның емле жобасын жасау, терминология
ережелерін түзуге арналған еңбектерімен танысыңыз.
3.
Х.Досмұханбетұлының
кірме
сөздердің
жазылуы
жайындағы пікірі.
4. Қ.Жұбановтың «Қосар ма, дара ма?» еңбегiне қысаша
конспект жасаңыз. /«Қазақ тiлi жөнiндегi зерттеулер А.,:
Ғылым, 1999, 341-348 бб. /
Достарыңызбен бөлісу: |