Қазақстан республикасының бiлiм және ғылым министрлiгi



Pdf көрінісі
бет1/14
Дата28.12.2016
өлшемі0,97 Mb.
#647
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 
БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ  МИНИСТРЛIГI 
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік 
университеті 
 
 
Ж.ТАЛАСПАЕВА
 
 
 
ҚАЗАҚ ОРФОГРАФИЯСЫНЫҢ 
МӘСЕЛЕЛЕРІ 
 
Оқу құралы 
 
5В011700  «Қазақ тілі мен әдебиеті», 
5В050400  «Журналистика»  
5М050400
 
«Филология» мамандықтары үшін 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Петропавл 2014 ж. 
 
 
 

УДК 811.521.122(072)  
ББК 81.2 Қаз -4 
Т 16 
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік 
университетінің Оқу-әдістемелік кеңесі  шешімімен шығарылады  
(№ 1 хаттама 25..09. 2014 ж.)
 
Пікірсарапшылар: 
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ  СҚО 
бойынша филиалы ПҚБАИ директорының орынбасары ф.ғ.к., 
доцент  Қуантаева М.Е. 
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, ф. ғ. к., Есматова М.Т.                    
Таласпаева Ж.С.  
Т16 
Қазақ 
орфографиясының 
мәселелері: 
оқу 
құралы/Ж.С.Таласпаева.  -  Петропавл:  М.Қозыбаев  атындағы 
СҚМУ, 2014 - 160 бет. 
 
ISBN 978-601-272-765-4
 
      
Оқу-әдістемелік  құралы  орфографияның  өзекті  мәселелерін 
меңгертуге  арналады.  Қазақ  жазуының  тарихынан  мәліметтер 
келтірілген,  әр  жылдары  жарық  көрген  сөздіктердің  кейбір 
ережелеріне  салыстырулар,  талдаулар  жасалынады.  Студенттер 
мен  магистранттарды  ізденіске  бағыттайтын  тапсырмалар  мен 
жаттығулар  беріледі.  Оқу-әдістемелік  құралы  «Қазақ  тілі  мен 
әдебиеті», 
«Филология» 
және 
«Журналистика» 
мамандықтарының  студенттері  мен  магистранттарына,  мектеп 
мұғалімдері мен оқушыларға арналады. 
 
УДК 811.521.122(072)  
ББК 81.2 Қаз  
 
© Таласпаева Ж.С., 2014 
© М.Қозыбаев атындағы СҚМУ., 2014 
         
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың сапа менеджменті жүйесі 
ИСО 9001:2008 талаптарының үйлесімділігіне сертификатталған 

Мазмұны 
 
  Алғы сөз                                                                                      3 
1.
 
Қазақ тілінің негізгі емле ережелері....................................5 
2.
 
Жазудың шығуы мен дамуы................................................8 
3.
 
Қазақ орфографиясы тарихында М. Қашқаридің «Диуани 
лұғат ат-  түрк»  сөздігінің орны........................................13 
4.
 
Тақырыбы: Ы. Алтынсарин – жазба әдеби тілдің негізін 
қалаушы................................................................................16 
5.
 
Қазақ тiлiнде жазу емлесiнiң қалыптасу тарихынан.........18 
6.
 
А. Байтұрсынов – қазақ графикасының негізін  
      қалаушы................................................................................23 
7.
 
Қ. Жұбанов - қазақ орфографиясы мен жазуын жүйелеген 
ғалым....................................................................................32 
8.
 
Қазақ орфографиясы және көрнекті  ғалым  Сәрсен 
Аманжолов...........................................................................35 
9.
 
Ә. Қайдар - жазудың қыр-сырын зерттеуші......................38 
10.
 
Қазақ орфографиясының дамуына үлес қосқан  
ғалымдар..............................................................................40 
11.
 
Латын әліпбиінің маңызы...................................................43 
12.
 
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, олардың 
қалыптасуы..........................................................................61 
13.
 
Қазақ орфографиясының негiзгi ережелерi......................67 
14.
 
Қазiргi қазақ орфографиясының қайшылықты мәселелерi 
жайында..............................................................................106 
15.
 
Бөлек және бiрге жазылатын сөздер, оларды ажыратудың 
критерийлерi......................................................................115 
16.
 
Сөздердiң жарыспалы нүсқалары /вариант сөздер/, 
олардың жазылу емлесi туралы.......................................126 
17.
 
Басқа тiлден енген сөздердiң қазақ тiлiндегi жазылу 
емлесi..................................................................................131 
18.
 
 Қорытынды........................................................................137 
19.
 
Пайдаланылған әдебиеттер...............................................158 
 
 
 

 
 
 
Алғы сөз 
 
       Бүгінде мемлекеттiк тiлдi үйрету мен үйренуге арналған оқу 
құралдарының  еселеніп,  ісқағаздарын    жазбаша  жүргізуге 
қойылатын  талап    күшейе  түсуде.  Сондықтан    тiл  үйренушілер 
мен  қоғам  қайраткерлерiне,  мемлекеттiк  қызметкерлеріне 
сауатты  жазу  дағдысын  қалыптастыру  үшiн  орфографияның 
заңдылықтарын меңгерту қажет. 
       Оқу  құралы  қазақ  тілінің  негізгі  емле  ережелері  мен  оның 
қалыптасу  тарихынан,  қазақ  орфографиясы  тарихында  ерекше 
орын  алған  ғалымдардың  еңбектерінен  мәлімет,  латын 
әліпбиінің  маңызы,  қазiргi  қазақ  жазу  емлесiнiң  негiзгi 
ережелерi,  қазақ  тiлiнiң  орфографиялық  сөздiктерi,  олардың 
түрлi  басылымдарындағы  өзгешелiктер,  оның  себептерi  мен 
уәждерi, қазақ тiлiнiң жазу емлесiндегi қайшылықты мәселелер, 
бөлек  және  бiрге  жазылатын  сөздер,  оларды  ажыратудың 
критериилерi, сөздердiң жарыспалы нұсқалары, олардың жазылу  
емлесi туралы мәселелердi қамтиды. 
        Студенттер  мен  магистранттардың  қазақ  тiлiнiң  жазу 
емлесiндегi  күрделi  мәселелерiне  талдау  жасауына  мүмкiндiк 
берiледi.  Еңбекте  тест  тапсырмалары  және  практикалық 
жұмыстар  мен  тапсырмалардың  тақырыптары  берiлген.  Білім 
алушыларға конспекстiлеуге ғылыми еңбектер ұсынылады. 

        Оқу құралы қазіргі қазақ жазу емлесінің өзекті мәселелерін 
ЖОО  студенттері  мен  магистранттарына  меңгертуге  арналған. 
Белгілі 
қазақ 
лингвистерінің 
пікірлері 
келтірілген, 
салыстырулар,  талдаулар  жасалынған.  Студенттерді  ізденіске 
бағыттайтын  сұрақтар  мен  практикалық  тапсырмалар  берілген. 
Құралды  жазу  барысында  әр  жылдарда  жарық  көрген 
орфографиялық сөздіктер, қазақ лингвистерінің еңбектері, дәріс 
материалдары басшылыққа алынды. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

1.
 
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ НЕГІЗГІ ЕМЛЕ ЕРЕЖЕЛЕРІ 
 
        1. Орфография терминi, орфографиялық ережелер туралы  
түсiнiк. 
 2. Орфография,оның принциптері. 
        
3. 
Графика  және  орфография.  Транскрипция  мен   
транслитерация. 
 
       1.  Орфография  тiлдiң  белгiлi  бiр  даму  кезеңiндегi  жазба 
тiлдiң 
нормаларын 
айқындайды, 
оның 
негiзгi 
бөлiмi 
дыбыстарды  /фонемаларды/  әрiппен  белгiлеу  мәселесiмен 
айналысады.  Дыбыс  пен  әрiп  тiл  бiлiмiндегi  бiр-бiрiмен  тығыз 
байланысты  әрі  екi  басқа  ғылымдар  деуге  болады.  Себебi: 
дыбыс ауызша тiлдiң материалы, әрiп – жазба тiлдiң материалы. 
Ауызша тiл - алғашқы, жазбаша тiл - кейiн қалыптасқан адамзат 
ой-өрiсi, мәдениетi дамуының жемiсi.  
Дыбыстық  жазу  сөйлеу  дыбыстарын  дәл  бейнелей 
алмайтындықтан,  сөйлеудiң  жазбаша  формасы  мен  ауызша 
формасы  үнемi  сәйкесе  бермейдi.  Жазуды  белгiлi  бiр  жүйеге 
салып  отыру  үшiн  орфография  үлкен  қызмет  атқарады.  Тілдегі 
сөздердің  дұрыс  жазу  ережелерінің  жиынтығы  орфография 
(гректің орфос - дұрыс, түзу және графия - жазу деген сөздерден 
алынған)  деп  аталады.  Әрбiр  тiлдiң  өзiнде  қалыптасқан  жазу 
емлесi  бар.  Емле  белгiлi  бiр  орфографиялық  ұстанымдарға 
бағындырылады. 
2.
 
Қазақ 
орфографиясында 
морфологиялық 

фонематикалық  жəне  фонетикалық,  сондай-ақ  дəстүрлi 
ұстанымдары негiзге алынады. 
         Морфологиялық  -  фонематикалық  ұстаным  бойынша 
дыбыстардың  сөз  iшiндегi  және  сөз  арасындағы  бiр-бiрiне 
тигiзетiн  әсерлерi  ескерiлмей  негiзгi  фонемалық  мәнi  сақталып 
жазылады  немесе  сөз  түбiрiнiң  бастапқы  қалпы  сақталады.  [1. 
13б.]. 
Қазақ  орфографиясында  морфологиялық-фонематикалық 
ұстаным мынадай орындарда көрiнiс бередi: 

1. Түбiр мен қосымша арасында қатар келген екi дыбыстың 
бiр-бiрiне ықпалы ескерiлмей, сөздiң түбiрi сақталып жазылады. 
Мысалы: сөз +шең - сөшшең, жұмыс + шы -жұмұшшы, аш+са- 
ашша, iш+се -iшше, iз+шiл – iшшiл, түн+гi –түңгү т.б. 
         2. Сөз аралығында /бiрiккен, тiркескен, қос сөздерде/ қатар 
келген  екi  дыбыстың  әсерi  ескерiлмейдi,  түбiрi  сақталады. 
Мысалы,  Жанпейіс  -  Жампейіс,  алмакезек-алмагезек,  жанқияр- 
жаңғияр т.б. 
        Фонетикалық  ұстанымда  сөз  iшiндегi,  сөз  аралығындағы 
дыбыстардың  бiр-бiрiне  әсерi  басымдық  танытады,  сөз 
айтылуынша/ естiлуiнше/ жазылады. 
Мысалы:  кiтап-кiтабы,  тарақ-тарағы,  қалақ-қалағы,  жаздың 
күні-жаздыгүні,  сегізон-сексен,  бұл  күн-бүгін,белбау-белбеу 
т.б. 
        Фонетикалық ұстанымның көрiнетiн тұстары: 
1.  Қазақ  тiлiндегi  сөздерге  4  түрлi  жалғау,  жұрнақтардың 
көпшiлiгi  сөздiң  соңғы  буынындағы  дыбыстардың  жуан-
жiңiшкелiгiне  орай  жуан  не  жiңiшке  жалғанады:  бала-лар-ды, 
үй-лер-iмiз-ге, адам-дық, көп-шiлiк т.б. 
2.  Қатаң  п,к,қ  дыбыстарынан  аяқталған  сөздерге 
дауыссыздан  басталған  қосымша  жалғанғанда  қатаң  дыбыстар 
ұяң  естiледi  /айтылады/:  қонақ-қонағы,  парақ-парағы,  бүлiк- 
бүлiгi, талап-талабы. 
3.  Қазақ  тiлiнде  п  дыбысынан  аяқталған  етiстiктерге 
көсемшенiң - ып, -iп жұрнағы жалғанғанда қос п дыбысы қатар 
айтылмай немесе алдыңғысы ұяңдамай, түбiрдегi п дыбысы үндi 
у  дыбысына  айналып  кетедi  және  сол  өзгеруiнше  жазылады: 
кеп+iп – кеуiп, жап+ып – жауып, шап+ып –шауып. 
 4. Бiрқатар бiрiккен сөздер әр компонентiнiң түбiр тұлғасын 
сақтамай,  естiлуiнше  жазылады:  белбеу,  қолғабыс,  бүгiн.  Бұл 
тәрiздi фонетикалық принциппен жазылатын бiрiккен сөздердiң 
санаулы  екенi,  олардың  орфографиялық  сөздiкте  берiлетiнi 
Р.Сыздықованың «Анықтағышында» ескертiледi. 
5.  Орыс  тiлiнен  ертеректе  енiп  дыбысталу  жағынан  өзгерiп 
кеткен  бiрқатар  сөздер  фонетикалық  принциппен  қазақша 

айтылуынша  жазылады:  самаурын,  бәтеңке,  божы,  болыс, 
шәйнек т.б.  
 3.  Дәстүрлі  (тарихи)  принцип  бойынша  сөздер  әуелгі 
тұлғасында  емес,  орыс,  араб,  парсы  сөздерiнiң  төл  тiлдерiндегi 
бастапқы  орфограммасын  сақтап,  тілде  қалыптасқан  тұлғасы 
бойынша  жазылады.  Мысалы:  хал,  хат,  хабар  колхоз,  алгебра, 
жиһан, қаһарман т.б. 
       Қазақ  тіліндегі  сөздер  бір  ғана  принцип  бойынша 
жазылмайды.  Сөздердің  көпшілігі  морфологиялық  принцип 
бойынша жазылғанмен, фонетикалык және дәстүрлі принциптер 
бойынша да жазылатын сөздер аз емес. Оны қазақ тілінің ресми 
бекітілген 
«Орфографиялық 
(емле) 
ережелері» 
мен 
орфографиялық сөздіктері белгілеп отырады. 
          3.  Графика  ауызекі  сөйлеу  тілінің  дыбыстық  жағын,  оның 
ерекшеліктерінінің  барлығын  түгелдей  қамтып  бере  алмайды. 
Мұндай 
қызметті 
транскрипция 
ғана 
атқара 
алады. 
Транскрипцияның 
әдеттегі 
жазудан 
мынадай 
айырмашылықтары  бар:  әдеттегі  жазу  жүйесінде  сөздердің 
дыбыстық жағымен бірге олардың  әр түрлі байланыстары, атап 
айтқанда,  этимологиялық  және  морфологиялық  байланыстары 
да  қарастырылып,  есепке  алынады.  Ал  транскрипцияда  сөздің 
дыбыстық  жағына  ғана  назар  аударылады.  Транскрипция  үшін, 
біріншіден, 
сөздің 
этимологиялық, 
морфологиялық 
байланыстардың  ешбір  мәні  жоқ.  Екіншіден,  графика  сөздің 
дыбысталуын  әрқашан  дәлме-дәл  көрсете  бермейді.  Ал 
транскрипцияның  ең  негізгі  қызметі  –  сөздің дыбыстық  немесе 
фонемалық  құрамын  дәлме-дәл  көрсету.  Бір  әріп  ыңғайына 
қарай  әртүрлі  фонемаларды  белгілей  алса,  транскрипциялық 
таңба бір ғана мәнге ие бола алады. Бір фонема жазуда әртүрлі 
әріптермен  таңбалануы  мүмкін,  ал  транскрипцияда  ол  әрқашан 
бір 
ғана 
таңба 
мен 
белгіленеді. 
       Транслитерация 
жазылғанды  бір  алфавиттен  екінші 
алфавитке, мысалы, орыс алфавитінен латын алфавитіне немесе, 
керісінше,  аударып  жазуда  қолданылады.  Транслитерация, 
әсіресе,  географиялық  атауларды  және  т.б.  басқа  жалқы 
есімдерді 
жазуда 
жиі 
қолданылады. 

        Графика  жəне  орфография  -  бұл  екеуі  фонетика 
ғылымының  құрамдық  бөлшектері.  Графика  -  тіл  дыбыстарын 
жазуда  таңбалайтын  шартты  белгілер  жиынтығы.  Дыбыс 
алғашқы,  табиғи,  ал  графикалық  таңба  соңғы,  жасалынады. 
Графика  дыбысты  нақты  сөзден,  морфемадан  тыс  берудің 
барлық  мүмкіндіктерін  қарастырады.  Сондықтан  оны  жазудың 
тым жалпы да дерексіз ережесі десе де болады, ал орфография – 
көптеген  себептерге  байланысты  графикадан  туындайтын 
бұрмалар, ерекшеліктер. 
        Орфография  сөздің  графикалық  бейнесінің  қолайлы,  әрі 
қонымды  (мәселен,  өлең  деп  жазу  өлөңнен  гөрі  тиімді) 
екендігінің  жалпы  принциптері  мен  жеке  ережелерін  жасайды. 
Қысқасы,  графика  жеке  дыбысты,  әйтеуір  жазуды  қарастырса, 
орфография  сөзді  жазудағы  графикалық  мүмкіндіктердің 
таңдаулысын ғана алады  [1, 33 б.]. 
 
       Сұрақтар мен тапсырмалар
      1.  Фонетикалық  және  фонематикалық  ұстанымның, 
фонематикалық 
және 
морфологиялқ 
ұстанымның, 
фонетикалық және дәстүрлi ұстанымдардың айырмашылығын 
көрсетiп, мысалмен дәлелдеңiз. 
    2.  Транскрипция  мен  транслитерацияның  айрмашылығын 
түсіндіріп, әрқайсысына 5-5-тен мысал келтіріңіз. 
    3.  2007  жылғы  орфографиялық  сөздiктен  фонетикалық 
ұстаныммен жазылатын бiрiккен сөздерге 15 мысал, дәстүрлі 
принцип бойынша жазылатын сөздерге 10 мысал жазыңыз. 
 
3.
 
ЖАЗУДЫҢ ШЫҒУЫ МЕН ДАМУЫ. 
 
1.
 
Пиктографиялық жазу. 
2.
 
Идеографиялық жазу.  
3.
 
Буын жазуы.  
4.
 
Әріп жазуы.  
 
 1. Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, 
жазбаша  түрде  де  атқара  алады.  Дыбыстық  тіл  жазу  арқылы 

таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде 
қолдану  шеңбері  кеңейеді.  Жазу  –  адамдардың  кеңістік  пен 
уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық салаларында кең түрде 
қарым-қатынас 
жасауына 
мүмкіндік 
беретін 
құрал. 
      Жазба  тіл  ауызша  тілдегі  сөздердің  жазбаша  түрде 
әріптердің  тіркесімен  белгіленуі  болып  табылады.  Бірақ 
алғашында  бұлай  болмаған.  Жазудың  тарихына  көз  жіберсек, 
әріппен  таңбалаудың  кейіннен  пайда  болғанын  көреміз.  Жазу 
өте  ерте  заманда  жасалып,  мыңдаған  жылдар  бойы  өзгеріп, 
дамып келді. Жазудың мыңдаған жыл бойына дамып жетілуімен 
бірге, 
оның 
принциптері 
де 
өзгеріп 
отырады. 
       Пиктографиялық  жазу.  Бұл  жазудың  ең  алғашқы  түрі. 
Пиктографиялық  жазу  –  суретке  негізделген  жазу.  Сондықтан 
оны  кейде  сурет  жазуы  деп  те  атайды.  Пиктографиялық 
жазудың 
таңбалары 
пиктограммалар 
деп 
аталады. 
Әрбір сурет өздігінен бүтіндей хабарды білдіре алады. Ол хабар 
графикалық  жағынан  жеке  сөздерге  бөлшектенбейді.  Осыған 
орай  пиктограмма  тілдік  нормаларды  емес,  оның  мазмұнын 
бейнелейді. Сондықтан пиктограммалардың мағынасын әртүрлі 
тілдерде 
сөйлейтін 
адамдар 
түсіне 
алатын 
болған. 
Пиктографиялық  жазуға  таңба  ретінде  адамның,  қайықтың, 
малдың, тоғайдың т.б. суреттері қолданылған. Мысалы, “мен аң 
аулауға  кеттім”  дегенді  білдіру  үшін  адамның  суретіне  қоса 
тоғайдың және аңның суреті салынған. Сондықтан пиктограмма 
тілдік  формаларды  емес,  оның  мазмұнын  бейнелейді.  Қазіргі 
Қазақстан  және  Орта  Азия  территориясында  ертедегі  тайпалар 
өмірін  бейнелейтін,  тасқа  қашап  жазған  мұндай  жазулар  жиі 
кездеседі.  Бұл  сияқты  тастарға  қашалған  жабайы  аңдар, 
хайуанаттар,  адам  бейнелері,  аңшылық,  садақ  тарту,  желекті 
найза ұстау, жыртқыш аңдардан қорғану және т.б. суреттер мал 
бағып,  аң  аулаған  ертедегі  адамдардың  киелі  түсініктері  мен 
ғұрыптарын  бейнелейтін  тайпалардың  тұңғыш  жазуы  болды. 
Ертедегі сурет жазуымен қабаттаса келетін ай мен күн алуандас 
таңба  нұсқалары  өрнекті  пішінде  оюлай  салынған  бейнелі 
суреттер пиктографиялық жазудың таңбасы.  
 Пиктографиялық  жазу  өте  жабайы  жазу  болды,  оның  кең 

мазмұнды ойды түгелімен жазып жеткізуге мүмкіндігі болмады. 
Пиктографиялық  жазудың  тәсілін  қазірде  де  кездестіруге 
болады. Мысалы, көшеде жүрудің тәртібін аңғартатын әр түрлі 
белгілердің,  дүкендер  мен  шеберханалардың  жарнамасындағы 
бас  киім,  аяқ  киім  түрлерінің  суреттері,  сағаттың,  примустың 
және 
т.б. 
суреттерінің 
пиктографиялық 
сипаты 
бар. 
       2.  Пиктографиялық  жазудың  біртіндеп  даму  барысында 
идеографиялық  жазу  пайда  болды.  Идеографиялық  жазудың 
таңбалары  идеограммалар  деп  аталады.  Пиктографиядан 
идеографияға  көшу  өте  баяу  болды  және  пиктограммалардан 
пайда болған идеограммалардың алғашында пәлендей айырмасы 
да  болмады.  Идеографиялық  жазудың  даму  барысында 
идеограммалар 
пиктограммалардан 
біртіндеп 
алшақтап, 
ақырында 
идеограммалар 
белгіленетін 
заттың 
сыртқы 
формасына  дәлме-дәл  негізделуден  қалып,  шартты  таңбалар 
ретінде  қолданыла  бастады.  Идеографияның  пиктографиядан 
басты айырмашылығы таңбалардың формасында емес, олардың 
мағынасында. Идеографиялық таңба (идеограмма) не жеке сөзді 
немесе оның атауыш бөлшегін  белгілейді. Түптеп келген түркі 
тайпаларының  арасында  соншама  кең  тараған  идеографиялық 
жазулар  түркі  тайпаларының  руникалық  деп  аталатын  тұңғыш 
әріптік  жазуының  шығуына  да  белгілі  мөлшерде  ықпал  етіп, 
әсерін тигізді.  
 1889  жылы  орыс  ғалымы  Н.  М.  Ядринцев  Монғолиядағы 
Орхон өзенінің құйылысынан ерекше үлкен төрт қырлы, биіктігі 
үш  метрдей  екі  құлыптас  тапты.  Бұл  ескерткіштердің  үш 
қырындағы  жазулар  түп-нұсқа  жағынан  ХҮІІ  ғасырдан  бастап 
Енисей  өзені  бойынан  табылған  құпия  жазу  таңбаларына  ұқсас 
болып шықты. Бұл жазулар  сыртқы нұсқалық  көрінісі жағынан 
Скандинавия  руналарына  ұқсас  болғандықтан,  шартты  түрде 
руникалық,  яғни  құпия  таңбалар  деп  аталды.  1894  жылы 
Күлтегін ескерткішінің тұңғыш аудармасы берілді.  
 Руникалық  жазу  тараған  географиялық  алқапқа  барлау 
жасасақ,  ол  Монғолия  мен  Сібірден  бері  қарай  басталып, 
Жетісуды көктей өтіп, Венгрияға дейінгі ұлан-байтақ аймақтың 
әр жерінен табылып келді.  

 Түркі  тайпаларының  тұңғыш  әріптік  жазуы  болған 
руникалық  алвафиттің  шығу  тегі  әлі  күнге  дейін  шешілмеген 
жұмбақ.  1894  жылы  осы  жазудың  кілтін  тапқан  профессор  В. 
Томсен  көне  түркі  руникалық  алфавиті  арамей  (парсы-арамей) 
әріптік  жазуының  әсерімен  шықты  деген  жорамалды  ұсынған 
болатын.  Түркологтардың  біразы  осы пікірге қосылды.  Ал  енді 
бір ғалымдар (Н. Аристов, И. А. Батманов) бұл ешбір алфавиттің 
ықпалынсыз-ақ  өздігінен  жасалып,  түркі  таңбаларының 
негізінде  туған  төл  жазу  деп  санайды.  Академик  Ю.  Клапорт 
руникалық  алфавит  көне  грек  (грек  және  финикей)  жазуымен 
негіздес деген пікірді ұстанады.  
 Белгілі  түркітанушы  ғалым  А.С.Аманжолов  руникалық 
жазудың  біздің  жыл  санауымызға  дейінгі  1  мың  жылдықтың 
ортасынан біздің заманымыздың 1 мың жылдығының аяқ кезіне 
дейін түркі тілдес халықтардың қарым-қатынасына қызмет етіп, 
1500  жыл  бойы  қолданыста  болған  төл  жазуы  екендігі  бүгінде 
еш күмән туғызбайтындығын айтады  [2, 144 б.].  
        Идеографиялық  жазудың  үлгілерін  өте  ертедегі  қытай 
жазуы  мен  шумер  жазуынан  көруге  болады.  Қытай  жазуының 
идеографиялық  жүйесі  осыдан  төрт  мың  жыл  бұрын  жасалған 
болатын.  Қытайдың  жазу  жүйесі  әрбір  таңбаның  дыбыстық 
тілдегі  белгілі  бір  сөзге  сәйкес  келіп,  соған  телінуіне 
негізделген.  Қытай  жазуындағы  таңбалар  біртіндеп  өзгеріп, 
жетіліп,  белгілейтін  заттар  мен  құбылыстардың  шартты 
таңбаларына 
айқындалған. 
        Идеографиялық  жазудағы  графикалық  таңбалар  цифрлар 
тәрізді:  олар  сөздің  дыбысталуын  емес,  мағынасын  білдіреді. 
Сондықтан  қытай  тілінде  омонимдер  әр  түрлі  иероглифтермен 
белгіленеді,  бірақ  олардың  дыбысталуы  мен  морфологиялық 
құрылысы біркелкі болады. Жазудың идеографиялық принципін 
қазіргі  тілдердегі  сандардың  таңбаларынан  да  көруге  болады. 
Мысалы,  “5”  деген  цифрды  алалық.  Бұл  цифрдың  сандық 
мағынасын орыс та, қазақ та, неміс те, ағылшын да, басқалар да 
түрліше  емес,  бірдей  ұғынады.  Бірақ  бұл  цифрлардың  атының 
дыбысталуы әр тілде әртүрлі. Цифр белгілі бір ұғымды санның 
таңбасы  ретінде  көрсетеді,  бірақ  ол  таңбаның  цифр  атының 

дыбысталуына  ешбір  қатысы  болмайды.  Осы  ерекшелік  – 
идеограммалдар  мен  идеографиялық  жазуға  да  тән  нәрсе. 
Идеограммаларды  цифрлар  тәрізді  таңбалар  деп  түсіну  керек.  
        Қазіргі  кездегі  идеограммалар  (математикалық,  химиялық, 
астрономиялық,  және  т.б.  ғылыми-техникалық  таңбалар)  жеке 
сөзбен 
немесе 
сөз 
тіркестерімен 
айтылатын 
ғылыми 
терминдерді білдіреді. Мысалы, О-“кислород”, 
-түбір. Ғылым 
саласында  жаңадан  пайда  болған  ұғым,  ең  алдымен,  сөз 
тіркесімен  айтылады  да,  осыдан  кейін  барып  ол  арнаулы 
таңбамен  белгіленеді.  Пиктографиялық  жазуға  қарағанда, 
идеографиялық  жазудағы  идеограммалар  өзінің  мағыналары 
арқылы  тілді  дәлірек  бейнелейді.  Идеографиялық  жазу 
сөйлеудің  мазмұнынын  білдірумен  бірге,  оның  бөлшектері  - 
сөздерді, сөздердің синтаксистік орын тәртібін, кейбір жағдайда 
сөйлеудің  фонетикалық  жағынан  да  ажыратып  бере  алады. 
      3.  Жазудың  даму  барысында  буын  жазуы  пайда  болады. 
Жазудың  буын  жүйесінде  таңба  буынды  белгілейді.  Жазудың 
буын жүйесі шығу тегі мен таңбалардың фонетикалық мағынасы 
жағынан  бірнеше  түрге  бөлінеді.  Таңбалардың  фонетикалық 
мағынасы жағынан буын жазуын негізгі үш топқа бөліп қарауға 
болады: 
      Мұның  бірінші  түріне  ассиро-вавилон,  элам,  урарт,  сына 
жазулары,  майя  жазуы,  лигатуралы  дыбыстық  корей  жазуы 
жатады. 
      Буын жазуының екінші түріне крит-микен буын жазуы, кипр, 
эфиопия және жапон буын жазулары жатады. 
      Буын  жазуының  үшінші  түріне  үнді  жазуының  әр  түрлі 
жүйелері  (кхарошти, брахми, және т.б.) енеді.  


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет