12-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТАРТУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
57-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны орындау тәртiбi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар оның тұрғылықты жерінде орналасқан қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін, қоғамға пайдалы ақысыз жұмыстарды орындауынан тұрады.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесімен бірге сот өкімі пробация қызметіне келіп түскен күннен бастап он күндік мерзiмнен кешiктiрiлмей орындалады.
Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды орындауын бақылауды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
3. Сотталған адамға негізгі жұмыс орны бойынша кезекті демалыс беру қоғамдық жұмыстарды орындауын тоқтата тұрмайды.
4. Жазасын өтеу кезеңінде сотталған адам жүкті болған кезде пробация қызметі сотқа жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілген күннен бастап оның жазаны өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыну енгізеді.
5. Сотталған адамға бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген кезде пробация қызметі сотқа оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсыну енгізеді.
Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
58-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза мерзiмiн есептеу
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза мерзімі сағатпен есептеледі, сол уақыт ішінде сотталған адам қоғамдық жұмыстарды орындайды.
2. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамды оларды орындау кезінде негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерінен босата отырып не оқудан бос уақытта күніне төрт сағаттан аспайтын шамада орындалады.
3. Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқу орындарында оқымайтын сотталғандар қоғамдық жұмыстарды күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан аспайтын шамада орындайды.
59-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегiжазаны өтеу шарттары
Сотталған адам:
1) осы Кодексте белгіленген жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын сақтауға;
2) жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын жұмыстарды орындауға;
3) пробация қызметіне тұрғылықты жерiнің өзгергені туралы хабарлап отыруға;
4) пробация қызметіне тіркелу және профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін айына бір рет келіп тұруға міндетті. Келмеуінің дәлелді жағдайлары осы Кодекстің 53-бабының екінші бөлігінде көрсетілген.
60-бап. Сотталған адамның қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Сотталған адамның қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін пробация қызметі оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылық туралы жазбаша түрде ескертеді.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден жалтарып жүрген сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін – қамаққа алумен, ал қылмыс үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыну жібереді.
3. Мыналар:
1) қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны орындауға кірісуден бас тартқан не қоғамдық жұмыстарды орындауға кедергі келтіретін, құжаттамамен расталған ауыруы және басқа да себептер жататын дәлелді себептерсіз қоғамдық жұмыстарға бір ай ішінде екі реттен көп келмеген;
2) жазаны өтеу кезеңінде екі рет медициналық куәландырумен не мұндай мүмкіндік болмаған кезде – жұмыс берушінің комиссиялық актісімен расталған, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде келген;
3) жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынған;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен сотталған адам қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүр деп танылады.
4. Пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жасырынып жүр деп танылады.
Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
61-бап. Пробация қызметінің қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіктері
Пробация қызметі:
1) сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;
2) оларға жазаны өтеу, сондай-ақ жазаның өтелуін бақылау тәртiбi мен шарттарын түсiндiредi;
3) жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылайды;
4) сотталған адаммен айына бір рет профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;
5) жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталған адамға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіруді жариялау туралы ұсыну енгiзедi.
62-бап. Жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіктері
1. Жергілікті атқарушы органдар:
1) пробация қызметін сот үкімін алғаны және оны орындауға қабылдағаны туралы дереу хабардар етуге;
2) жұмыс істелген уақытты есепке алу табелін жүргізуге, орындалған жұмыстардың актісін жасауға және оларды ағымдағы айдың соңғы күнінен кешіктірмей пробация қызметіне жіберуге;
3) пробация қызметіне сотталған адамның мінез-құлқы туралы ақпарат беруге;
4) пробация қызметін сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабардар етуге міндетті.
2. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезінде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |