11-тарау. ТҮЗЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
52-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау тәртібі
1. Түзеу жұмыстары сот үкіміне сәйкес жаза мөлшерін толық өтегенге дейін Жәбірленушілерге өтемақы қорына жалақының (ақшалай үлестің) оннан елуге дейінгі пайызын ай сайын аудара отырып, сотталған адамның негізгі жұмыс орны бойынша орындалады.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар сот үкімнің көшірмесімен бірге соттың тиісті өкімі пробация қызметіне келіп түскен күннен бастап он бес күндік мерзімнен кешіктірілмей жазаны өтеуге тартылады.
3. Ұстап қалу негізгі жұмыс орны бойынша, сотталған адамға наразылықтардың бар-жоғына қарамастан, жалақы төлеу кезінде әрбір жұмыс істеген ай үшін атқарушылық құжаттар бойынша жалақысының барлық түрінен жүргізіледі.
4. Ұстап қалу сотталғандар жалақысының ақшалай және заттай бөлігінен жүзеге асырылады. Сотталғандардың жалақысынан ұстап қалынған заттай бөлік жұмыс берушінің иелігінде қалады, ал оның құнын ол ай сайын Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударады.
5. Ұстап қалу әлеуметтiк сақтандыру және әлеуметтiк қамсыздандыру тәртiбiмен алынатын жәрдемақылардан, бiржолғы сипаттағы төлемдерден жүргізілмейді.
6. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақылар сот үкiмiмен тағайындалған ұстап қалулар шегерiлмей, жалақысынан есептеледi.
7. Сотталған адам, пробация қызметі немесе ол жұмыс істейтін ұйымның әкімшілігі оның материалдық жағдайы нашарлаған кезде сотқа жалақысынан ұстап қалудың мөлшерін төмендету туралы өтінішхат беруге құқылы. Ұстап қалудың мөлшерін төмендету туралы шешім сотталған адамның барлық кірісі ескеріле отырып шығарылады.
8. Жазасын өтеу кезеңінде сотталған адам жүкті болған кезде, пробация қызметі сотқа жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілген күннен бастап оның жазаны өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыну енгізеді.
9. Сотталған адамға бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген кезде пробация қызметі сотқа оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсыну енгізеді.
10. Iстiң тоқтатылуымен үкiмнiң күшi жойылған немесе өзгерген жағдайларда, сотталған адамға жалақысынан ұстап қалынған сомалар толық немесе артық ұстап қалынған сомалар қайтарылады.
Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2018 № 132-VI (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
53-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу шарттары
1. Түзеу жұмыстарына сотталған адам:
1) осы Кодексте белгіленген жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын сақтауға;
2) тоқсанына бір рет пробация қызметіне профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін келуге;
3) пробация қызметіне жұмыс орнының және (немесе) тұрғылықты жерінің өзгергені туралы жазбаша хабар беруге міндетті.
2. Сотталған адамның пробация қызметіне белгіленген мерзімде келмеуіне шақыртуды уақтылы алмауы, сондай-ақ ауыруы және оны шақырту бойынша уақтылы келу мүмкіндігінен айыратын, құжаттамамен расталған басқа да мән-жайлар дәлелді себептер деп танылады.
Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
54-бап. Сотталған адамның түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Сотталған адамның түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін пробация қызметі оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылық туралы жазбаша түрде ескертеді.
2. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүрген не жұмысынан айырылған немесе еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш ай бойы жұмысқа орналаспаған сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмысы үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыну енгізеді.
3. Мынадай:
1) бір жыл бойы осы Кодекстің 53-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді қайталап орындамаған;
2) жазаны өтеуден жалтару мақсатында жасырынған;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен сотталған адам түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүр деп танылады.
4. Пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жасырынып жүр деп танылады.
55-бап. Пробация қызметінің түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіктері
Пробация қызметі:
1) сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;
2) сотталғандарға жазаны өтеу, сондай-ақ жазаның өтелуін бақылау тәртібі мен шарттарын түсіндіреді;
3) сотталғандардың жалақысынан ұстап қалудың дұрыстығы мен уақтылығын және ұстап қалынған сомалардың Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударылуын бақылауды жүзеге асырады;
4) сотталған адаммен айына бір рет профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;
5) қажет болған кезде сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту орталықтарына жібереді;
6) жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталған адамға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіруді жариялау туралы ұсыну енгiзедi.
Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2018 № 132-VI Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
56-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігінің міндеттері
1. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігі:
1) сотталған адамның жалақысынан ұстап қалуды Жәбірленушілерге өтемақы қорына уақтылы аударуға, бұл жөнінде тоқсанына бір рет пробация қызметіне растайтын құжаттарды ұсынуға;
2) үш жұмыс күні ішінде пробация қызметін сотталған адамның жазасын өтеуден жалтаруы туралы хабардар етуге;
3) пробация қызметін сотталған адамның басқа лауазымға ауысуы немесе жұмыстан шығарылуы туралы алдын ала хабардар етуге міндетті.
2. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігінің осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 10.01.2018 № 132-VI (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі). 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |