112-бап. Радиохабарлар тыңдау және телехабарлар көру
1. Сотталғандардың жұмыс пен міндетті бұқаралық іс-шаралардан бос уақытта, мекеменің күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінген уақыттан басқа кезде радиохабарлар тыңдауға құқығы бар.
2. Жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторларға жабылғандарды және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылғандарды қоспағанда, сотталғандардың жұмыс пен міндетті бұқаралық іс-шаралардан бос уақытта, мекеменің күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінген уақыттан басқа кезде телехабарлар көруге құқығы бар.
113-бап. Мекеменің шегінен тыс жерге шығу
1. Мекемелерде ұсталатын, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн қауіпсіздігі аралас мекемелерде қалдырылған және толық қауіпсіз мекемеге жіберілген сотталғандардың мекеменің шегінен тыс жерге:
1) қысқа мерзiмге – жұбайының (зайыбының), жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретіндей қатты ауыруына, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтiрген дүлей зілзалаға байланысты, бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге;
2) ұзақ мерзімге – қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына шығуға құқығы бар.
2. Мекемелердің балалар үйінде балалары бар сотталған әйелдердің балаларын жұбайына, туыстарына не балалар үйіне орналастыру үшін мекеменің шегінен тыс жерге қысқа мерзімге шығуға құқығы бар.
Мекемеден тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедектігі бар балалары бар сотталған әйелдердің олармен кездесу үшін жылына бір рет қысқа мерзімге шығуына құқығы бар.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген негiздер бойынша мынадай:
1) қайталап қауіпті қылмыс жасаған;
2) өлiм жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған;
4) есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам деп танылған, сондай-ақ туберкулезден, инфекциядан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығынан (ауруынан) емделудi аяқтамаған;
5) террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін;
6) дәрежесі екінші немесе үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға шығуға рұқсат етілмейді.
4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар, денсаулық жағдайына байланысты үнемі күтімге мұқтаж сотталғандардың, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандардың жұбайымен (зайыбымен), туысымен немесе өзге еріп жүруші адаммен бірге мекеме шегінен тыс жерге шығуына рұқсат етіледі.
5. Сотталған адамның шығу туралы өтініші бір тәулiктік мерзімде қаралады. Шығуға рұқсатты мекеме бастығы не оны алмастыратын адам осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды және сотталған адамның мiнез-құлқын ескере отырып бередi.
6. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
7. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерге шығуына байланысты шығыстарын ол ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаттан төлейдi не өзге адамдар төлейдi.
8. Сотталған адамның белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын, күтпеген мән-жайлар туындаған жағдайда, сотталған адам болған жердегi iшкi iстер органы бастығының уәжді қаулысымен мекемеге оралу мерзiмi мекеме әкiмшiлiгiн дереу хабардар ете отырып, бес тәулiкке дейiн ұзартылады.
9. Сотталған адам мерзiмінде оралмаған кезде мекеме әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен іздестіруді жүзеге асырады.
Ескерту. 113-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.07.2020 № 361-VI (қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |