8-тарау. ҚОҒАМДЫҚ БАЙҚАУ КОМИССИЯСЫ
33-бап. Қоғамдық байқау комиссиясы қызметінің негіздері
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қоғамдық байқау комиссиясы жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, оларды ұстау жағдайлары, медициналық-санитариялық қамтамасыз ету, еңбегін, оқуын және бос уақытын ұйымдастыру бөлігінде қоғамдық мониторинг жүргізу үшін құрылады.
2. Қоғамдық байқау комиссиясы заңды тұлға болып табылмайды.
34-бап. Қоғамдық байқау комиссиясын құру тәртібі
1. Қоғамдық байқау комиссиясы азаматтардың немесе қоғамдық бірлестіктердің бастамасы бойынша құрылады.
Қоғамдық бірлестіктер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әрбір қоғамдық байқау комиссиясына бір кандидаттан ұсынуға құқылы.
2. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында өз қызметін әкімшілік-аумақтық құрылым шегінде жүзеге асыратын бір қоғамдық байқау комиссиясы құрылады.
3. Қоғамдық байқау комиссиясы үштен тоғыз адамға дейінгі құрамда күнтізбелік екі жыл мерзімге құрылады.
Қоғамдық байқау комиссиясының жұмыс кезеңінде оның мүшелерінің ауыстырылуы жүргізілуі мүмкін, бұл отырыс хаттамасында тіркеледі.
4. Қоғамдық байқау комиссиясы жазаларды орындайтын мекемелер мен органдарға алты ай бойы бармаған жағдайда, оның қызметі тоқтатылды деп есептеледі.
5. Қоғамдық байқау комиссиясын оның мүшелерінен көпшілік дауыспен сайланатын, оның қызметіне басшылықты жүзеге асыратын төраға басқарады.
6. Жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың жоғары тұрған органдарына қоғамдық байқау комиссиясының дербес құрамы бекітілетін және оның төрағасы сайланатын өзінің бірінші отырысының хаттамасын беру қоғамдық байқау комиссиясы қызметінің басталуы болып табылады.
7. Қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның төрағасы он күн ішінде тиісті құжаттарды беру мерзімдері мен тәртібін көрсете отырып, бос орынға конкурс туралы жариялайды.
35-бап. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелеріне қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа толған азаматы қоғамдық байқау комиссиясының мүшесі бола алады.
2. Мыналар:
1) заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікті немесе айыпталушы;
3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың жұмыскерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұрған адамдар қоғамдық байқау комиссиясының мүшелері бола алмайды.
3. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) – 12) тармақтары және 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, терiс себептер бойынша мемлекеттiк немесе әскери қызметтен, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттiк органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған, адвокаттық қызметпен айналысуға берiлген лицензиядан айырылған адамдар да қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
4. Нақ бір адам бір мезгілде бірнеше қоғамдық байқау комиссиясының мүшесі бола алмайды.
Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |