Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексi 1-бап


-тарау. ПРОБАЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ



бет3/56
Дата15.11.2023
өлшемі0,54 Mb.
#123457
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56

5-тарау. ПРОБАЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ



19-бап. Пробациялық бақылау

1. Пробациялық бақылау:

1) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған;

2) шартты түрде сотталған;

3) бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға қатысты жүзеге асырылады.

2. Пробациялық бақылаудың ұзақтығы сот үкімімен немесе қаулысымен айқындалады.


20-бап. Кәмелетке толмағандарға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру ерекшеліктері

1. Пробация қызметі:

1) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған;

2) шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.

Полиция:

1) бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған;

2) өзіне сот тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасын тағайындаған кәмелетке толмаған адамға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.

2. Кәмелетке толмаған адамды пробация қызметінің немесе полицияның есебіне қою ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің, ал қажет болған кезде – педагогтің немесе психологтің қатысуымен жүзеге асырылады.

3. Пробация қызметі осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шаралармен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты:

1) іздестірудегі кәмелетке толмаған адам ұстап алынған кезде сұрақ қою және жазаларын өтеуден жалтаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау үшін ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін дереу шақыртады;

2) қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілдерімен бірлесіп, тоқсан сайын кәмелетке толмағандардың тұрғын үй жағдайларын зерттеп-қарауды акт жасай отырып, жүргізеді.

Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


21-бап. Пробациялық бақылау шарттары

1. Өзіне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адам:

1) соттың үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап он тәулік ішінде, ал мекемелерден босатылған адамдар босатылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде өзінің мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға есепке қою үшін келуге;

2) жазаны өтеудің осы Кодексте белгіленген шарттары мен тәртібін және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын сақтауға;

3) өзінің мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға мінез-құлқы туралы есеп беру және профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін келіп тұруға;

4) өзінің мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға тұрақты тұрғылықты жерінің, жұмысының немесе оқуының өзгеруі туралы жазбаша хабар беруге міндетті.

2. Сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жазалаудың және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларының мақсаттарына қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


22-бап. Пробация қызметінің өкілеттіктері

Пробация қызметі:

1) өздеріне қатысты пробациялық бақылау белгіленген адамдарды есепке алуды жүргізеді;

2) сот жүктеген міндеттерді орындау және оларды орындамағаны үшін жауаптылыққа тарту тәртібін түсіндіреді;

3) пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату және пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту тәртібі мен шарттарын түсіндіреді;

4) әлеуметтік-құқықтық көмек алу тәртібін түсіндіреді;

5) адамның тұрғылықты жерін, оның денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылуын анықтайды;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
23-бап. Пробациялық бақылау шарттарын сақтамау салдарлары

Адам пробациялық бақылау шарттарын сақтамаған жағдайда, пробация қызметі осы Кодекстің 68-бабының екінші бөлігіне, 176-бабының екінші бөлігіне сәйкес материалдарды сотқа жібереді. 

Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-БӨЛІМ. ЖАЗАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ
ШАРАЛАРЫН ОРЫНДАЙТЫН МЕКЕМЕЛЕР МЕН ОРГАНДАР. ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН
БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
6-тарау. ЖАЗАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ
ШАРАЛАРЫН ОРЫНДАЙТЫН МЕКЕМЕЛЕР МЕН ОРГАНДАР. СОТТАЛҒАНДАРҒА
МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ



24-бап. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдар

1. Айыппұл, сондай-ақ мүлікті тәркілеу түріндегі жазаларды мүліктің тұрған жері бойынша және сотталған адамның жұмыс орны бойынша әділет органдары орындайды.

2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны орындауды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі не бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау кезінде мекеме жүзеге асырады.

Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкiмiн сотталған адамның жұмыс орны бойынша ұйым әкiмшiлiгi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір қызметпен айналысуға берілген рұқсатты қайтарып алуға құқығы бар органдар орындайды.

3. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру туралы сот үкімінің орындалуын уәкілетті мемлекеттік органдар бақылайды.

4. Қамаққа алу түріндегі жазаны ішкі істер органдары және әскери полиция органдары орындайды.

5. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы жазаны Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдары орындайды.

6. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан айыру бөлігінде сот үкiмiн атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi, бiлiктiлiк сыныбын берген лауазымды адам орындайды. Мемлекеттік наградаларды оларға қоса берілген құжаттармен бірге алып қоюды олар тұратын жердегі пробация қызметі жүргізеді.

7. Түзеу жұмыстары, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаларды сотталған адамның тұрғылықты жерiндегі пробация қызметі орындайды.

8. Алып тасталды – ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны мекемелер, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды орындау үшін қалдырылған немесе жіберілген сотталғандарға қатысты тергеу изоляторлары орындайды.

10. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылауды олардың тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдары жүзеге асырады.

11. Шартты түрде сотталған және бас бостандығын шектеуге сотталған адамдар пробация қызметінің пробациялық бақылауында болады.

12. Жазасын орындау кейiнге қалдырылған жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзi тәрбиелейтiн ерлер пробация қызметінің бақылауында болады.

13. Шартты түрде сотталған және бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандар пробация қызметінің пробациялық бақылауында болады.

14. Пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің пробация қызметтерінің есебінде тұрған адамдардың мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі өзара іс-қимылы қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-бап. Жазаны өтеу орны туралы хабарлама

Жазаны орындайтын мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi сотталған адамның жазаны өтеу орнына келгенi туралы сотталған адамның таңдауы бойынша оның жұбайына (зайыбына), туыстарының бiрiне не заңды өкiлiне екі жұмыс күні iшiнде жазбаша хабарлама жіберуге мiндеттi.

Шетелдіктің келгені туралы хабарлама көрсетілген мерзімде өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің елшілігіне, консулдығына немесе өзге де өкілдігіне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіледі.

Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


26-бап. Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану

1. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған, есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын, психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

2. Бас бостандығынан айыруға сотталған, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделуге мұқтаж деп танылған адамдарға мекемелер сот үкімі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады, оларды орындау мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарға жүктеледі.

Ескерту. 2-бөлікке өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII Заңымен (мынадай:

қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап;

қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).

3. Егер бас бостандығынан айыруды өтеу кезінде сотталған адамның осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген аурулардан зардап шегетіні анықталса, мекеме әкімшілігі сотқа оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыну жібереді.

4. Бас бостандығынан айыруға сотталған, емделудiң толық курсынан өтпеген туберкулезбен немесе инфекциялық аурумен ауыратын адамдарға мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдар медициналық комиссияның шешiмi бойынша мiндеттi ем қолданады.

Ескерту. 4-бөлікке өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII Заңымен (мынадай:

қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап;

қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).

5. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты мекеме әкімшілігі оларда психикалық ауытқушылықтар мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бар (жоқ) екендігі туралы мәселені шешу үшін жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін сотқа материалдарды жібереді. Осы бөліктің ережелері сотталған адамдардың есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуының анықталуына байланысты соттың шешімі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын сотталғандарға қолданылмайды.

Мекеме әкімшілігі сот-психиатриялық сараптама нәтижесі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау, ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселелерді шешу үшін сотқа ұсыну жібереді.

Мекеме әкімшілігі соттың қаулысын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау ұйымына медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындау үшін жібереді.

Өзіне қатысты соттың шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленген, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамның мекемелерден босатылғаны туралы хабарлама босатылғанға дейін бес жұмыс күні бұрын тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау ұйымына және ішкі істер органына жіберіледі.

Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.


7-тарау. ЖАЗАЛАРДЫ ОРЫНДАЙТЫН МЕКЕМЕЛЕР МЕН ОРГАНДАРДЫҢ
ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ



27-бап. Сот бақылауы

1. Сот жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңіл түрiне ауыстыру, сотталған адамның ауруына байланысты жазадан босату, жүктi әйелдердің және жас балалары бар әйелдердiң, жас балаларын жалғыз өзi тәрбиелейтiн ерлердің жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру, сондай-ақ мекеменiң түрiн өзгерту туралы мәселелердi шешу кезiнде жазалардың орындалуын бақылайды.

2. Сот сотталғандар мен өзге де адамдардың жазаларды орындайтын мекемелер мен органдар әкімшілігінің әрекеттерiне немесе әрекетсіздігіне шағымдарын қарайды.

3. Жазаларды орындайтын мекемелер мен органдар екі жұмыс күні ішінде үкім шығарған сотқа сотталған адамның қоғамдық жұмыстарды, түзеу жұмыстарын, бас бостандығын шектеуді, қамаққа алуды, бас бостандығынан айыруды өтеуінің басталғаны және орны туралы және белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, мүлкiн тәркiлеу түрiндегi жазалардың орындалуы туралы хабарлама жібереді.

Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
28-бап. Ведомстволық бақылау

Жазаларды орындайтын мекемелер мен органдардың қызметiне жоғары тұрған басқару органдары мен олардың лауазымды адамдары тарапынан ведомстволық бақылау жүзеге асырылады. Ведомстволық бақылауды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.


29-бап. Мемлекеттік бақылау және қадағалау

Жазаларды орындайтын мекемелер мен органдардың қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет