15-тарау. ҚАМАҚҚА АЛУ ТҮРІНДЕГІ ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
83-бап. Қамаққа алу түріндегі жазаны өтеу орындары
1. Сотталғандар қамаққа алу түріндегі жазасын сотталған жеріндегі арнаулы қабылдау орындарында, тергеу изоляторларының оқшауланған учаскелерінде өтейді.
2. Әскери қызметшілер қамаққа алу түріндегі жазасын гауптвахтада өтейді.
Сотталғандарды гауптвахтада ұстаудың ішкі тәртіптемесі мен тәртібін Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару қызметі, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс салаларындағы уәкілетті органдары айқындайды.
Ескерту. 83-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
84-бап. Қамаққа алуға сотталғандарды жазасын өтеу үшін жіберу
1. Сотталғандар сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап жазасын өтеу үшін жіберіледі.
2. Сотталған әскери қызметшілер заңды күшіне енген үкімді орындау туралы сот өкімін алған күннен бастап үш күн ішінде жазасын өтеу үшін гауптвахтаға жіберіледі.
85-бап. Қамаққа алу түріндегі жазаны орындау тәртібі
1. Қамаққа алуға сотталғандар камераларда қатаң оқшаулау жағдайларында ұсталады.
Ерлер мен әйелдер, сондай-ақ бұрын мекемелерде жазасын өтеген және сотталғандығы бар адамдар бөлек ұсталады.
Әртүрлі инфекциялық аурулармен ауыратын сотталғандар бөлек және дені сау сотталғандардан жеке ұсталады.
Соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың сотталған бұрынғы қызметкерлері, сотталған сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар басқа сотталғандардан оқшауланып ұсталады.
Сотталған адамды денсаулық сақтау ұйымдарының емдеу мекемелеріне емдеуге жатқызуға жіберген жағдайда, оны күзетуді қамтамасыз ету үшін айдауыл қойылады.
2. Қамаққа алуға сотталғандар тамақпен бас бостандығынан айыруға сотталғандар үшін белгіленген нормалар бойынша қамтамасыз етіледі.
Әскери қызметшілер гауптвахтада ұсталған кезеңде тамақпен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару қызметі, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс салаларындағы уәкілетті органдар белгілейтін нормалар бойынша қамтамасыз етіледі.
3. Сотталған офицерлер, сержанттық, старшиналық және қатардағы құрамдардың әскери қызметшiлерi қамаққа алу түріндегі жазаны өтеу уақытында бөлек және өзге негiздер бойынша гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшiлерден жеке ұсталады.
Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
86-бап. Қамаққа алу түріндегі жазаны өтеу жағдайлары
1. Сотталғандардың осы Кодекстің 10-бабында көрсетілген құқықтары және 11-бабында көрсетілген міндеттері болады.
2. Сотталғандардың:
1) айына бір рет хаттар алуға және өз есебінен оларды жөнелтуге;
2) ақшалай аударымдар алуға;
3) ай сайын тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты бір айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
4) айына бір рет бірінші кезекте қажетті заттар мен маусым бойынша киім салынған сауқаттар, сәлемдемелер, бандерольдер алуға құқығы бар.
Науқас сотталғандар, мүгедектігі бар сотталғандар медициналық қорытындыда саны мен ассортименті айқындалған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар салынған сауқаттар мен сәлемдемелер алуға құқылы;
5) адвокатпен саны, ұзақтығы шектеусіз және олардың құпиялылығы қамтамасыз етілген жағдайларда кездесуге;
6) күн сайын ұзақтығы кемінде бір жарым сағат сейілдеуге;
7) жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған; оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған жағдайларда және жеке сипаттағы өзге де айрықша мән-жайларда өзінің жеке қаражаты есебінен жұбайымен (зайыбымен), жақын туыстарымен телефон арқылы сөйлесуге;
8) жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болуына немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауыруына, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзалаға байланысты бару-қайту жолына қажетті (бес тәуліктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жеті тәуліктен аспайтын мерзімге қысқа мерзімді жол жүруге құқығы бар.
Ескерту. 86-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
87-бап. Қамаққа алу түріндегі жазаны өтеп жүрген сотталған әскери қызметшiлердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Қамаққа алу түрiндегi жазаны өтеу уақыты әскери қызметтiң жалпы мерзiмiне және кезектi әскери атақ беру үшін еңбек сiңiрген жылдарына есептелмейдi.
2. Жазаны өтеу уақытында сотталған адамды кезектi әскери атақ беруге ұсынуға, жоғары тұрған лауазымға тағайындауға, жаңа қызмет орнына ауыстыруға және, денсаулығына байланысты қызметке жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, әскери қызметтен шығаруға болмайды.
3. Қамаққа алу түріндегі жазаны өтеу уақытында сотталған әскери қызметшілерге ақшалай ризық төленбейді.
16-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРІНДЕГІ ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУДЫҢ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
88-бап. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын жерлер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазасын мекемелерде өтейді.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандар, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жаза мерзімін бір мекемеде өтейді.
2. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар оларды түзеу, әлеуметтік тұрғыдан пайдалы байланыстарын ұстап тұру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін қажетті жағдайлар ескеріле отырып, мекемеге жіберіледі.
3. Сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының шешімі бойынша басқа облыстың тиісті режим түріндегі мекемесіне жазасын өтеу үшін жіберуге:
1) сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша тиісті түрдегі мекеме болмаған;
2) осы Кодекстің 115-бабының екінші бөлігінде көзделген жазаны өтеу орындарының лимиті асып кеткен жағдайларда жол беріледі.
4. Сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының шешімі бойынша жазасын одан әрі өтеу үшін бір мекемеден сол түрдегі басқа мекемеге не қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстыруға:
1) осы Кодекстің 12-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сотталған адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген;
2) мекеме қайта ұйымдастырылған немесе таратылған;
3) сотталған адамның келісімімен, өндірістік қажеттілік болған;
4) мекемеде құқықтық тәртіпті сақтау қажет болған жағдайларда жол беріледі.
Қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының сотталған адамды осы бөліктің бірінші абзацының 1) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша басқа облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) мекемесіне ауыстыру туралы шешімі жазаны өтеу орны бойынша аудандық не оған теңестірілген прокурордың қорытындысы ескеріле отырып қабылданады.
Қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органы сотталған адамды осы бөліктің 1) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша ауыстыру туралы қабылданған шешім жөнінде келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, жазбаша нысанда прокурорды хабардар етуге міндетті.
4-1. Осы баптың үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес басқа мекемеге жіберілген не ауыстырылған сотталған адамды одан әрі ұстауға негіз болмаған кезде, ол әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау мақсатында өзінің өтініші бойынша не өзінің келісімімен тиісті түрдегі басқа мекемеде орын болса, соған ауыстырылуға жатады.
Осы баптың үшінші бөлігіне, төртінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес жіберілген немесе ауыстырылған сотталған адам үшін – теріс мінез-құлық дәрежесінің болмауы, ал осы баптың төртінші бөлігінің 4) тармақшасы негізінде ауыстырылған сотталған адам үшін оң мінез-құлық дәрежесінің болуы сотталған адамды ауыстырудың міндетті шарттары болып табылады.
Бұл ретте сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстары құжатпен расталады.
Сотталған адамды әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау үшін ауыстыру Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісу бойынша қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Қылмыстың қауіпті қайталануы кезінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға, толық қауіпсіз мекемеде жазасын өтеуге сотталғандар, өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар, сотталған әйелдер, кәмелетке толмаған сотталғандар тиісті мекемелердің тұрған жері бойынша жазасын өтеу үшін жіберіледі.
6. Қазақстан Республикасының мекемелерінде жазасын өтеп жүрген, бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдіктер жазасын одан әрі өтеу үшін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен не Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен, шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара түсіністік шарттарында жазбаша келісім бойынша өздері азаматтары (боданы) болып табылатын мемлекетке жіберілуі мүмкін.
Ескерту. 88-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
89-бап. Мекемелер түрлерi
1. Мекемелер:
1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер;
2) орташа қауіпсіз мекемелер;
3) кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелер;
4) қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер;
5) төтенше қауіпсіз мекемелер;
6) толық қауіпсіз мекемелер;
7) қауіпсіздігі аралас мекемелер болып бөлінеді.
2. Қауіпсіздігі аралас мекемелерге:
1) сотталғандарды әртүрлі режим түрлерімен ұстауға арналған мекемелер;
2) қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған не шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған не жіберілген не осы Кодекстің 88-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес мекемелерден келген, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды ұстау үшін пайдаланылатын тергеу изоляторлары жатады.
3. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы бесінші бөлігінің 1) тармағында аталған сотталғандар;
2) орташа қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден осы Кодекстiң 96-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ауыстырылған сотталғандар өтейдi.
4. Орташа қауіпсіз мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы бесінші бөлігінің 2) тармағында аталған сотталғандар;
2) мекемелерден осы Кодекстің 96-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына, үшінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес ауыстырылған сотталғандар;
3) кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерден осы Кодекстің 156-бабына сәйкес ауыстырылған сотталғандар өтейдi.
5. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы бесінші бөлігінің 3) тармағында аталған сотталғандар;
2) осы Кодекстің 96-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына, үшінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес ауыстырылған сотталғандар өтейдi.
6. Төтенше қауіпсіз мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы бесінші бөлігінің 4) тармағында аталған сотталғандар;
2) өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар;
3) осы Кодекстің 96-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына, үшінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес ауыстырылған сотталғандар өтейдi.
7. Толық қауіпсіз мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабының алтыншы бөлігінде аталған сотталғандар;
2) алып тасталды – ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3) осы Кодекстiң 88-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес ауыстырылған сотталғандар;
4) осы Кодекстің 92-бабының бірінші бөлігіне және 96-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес жiберiлген сотталғандар өтейді.
8. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ мекемеде кемінде бір жыл болу шартымен, кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жиырма бір жасқа толғанға дейiн қалдырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
9. Мекемелерде жазасын өтеп жүрген сотталғандар басқа қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айыпталған кезде, олардың әкімшілігімен келісу бойынша осы мекемелерде, бірақ жазасын өтеп жүрген басқа сотталғандардан оқшауланып ұсталады.
10. Сотталғандар камераларда тұратын бір мекемеде әртүрлі режим түрлері бар оқшауланған учаскелер жасалуы мүмкін.
Ескерту. 89-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
90-бап. Сотталғандарды жазасын өтеу үшін жiберу
1. Сотталған адам қауіпсіздігі аралас мекеменің әкiмшiлiгi заңды күшіне енген үкімді орындау туралы сот өкімін алған күннен бастап он күннен кешіктірілмей жазасын өтеуге жіберіледі.
Осы мерзiм iшiнде сотталған адамның:
1) адвокатпен саны, ұзақтығы шектеусіз және құпиялылығы қамтамасыз етілген жағдайларда кездесуге;
2) жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен немесе өзге де адамдармен қысқа мерзiмдi кездесуге;
3) өзінің жеке қаражатынан не өзге адамдардың қаражатынан ақысы төленетін, ұзақтығы он бес минут телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
2. Қауіпсіздігі аралас мекеменің әкiмшiлiгi сотталған адамның таңдауы бойынша жұбайына (зайыбына) не туыстарының бiрiне, не өзге де адамға оның жазасын өтеу үшiн қайда жiберілетіндігі туралы жазбаша хабарламаны екі жұмыс күні ішінде жіберуге мiндеттi.
3. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығы туындаған жағдайда, қауіпсіздігі аралас мекеменің әкімшілігі осы Кодекстің 162-бабының бірінші және тоғызыншы бөліктерінде көзделген іс-шараларды орындауға міндетті.
Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
91-бап. Сотталғандардың орнын ауыстыру
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына жiберiледi және жазаны өтейтін бір орыннан екiншiсiне айдауылмен ауыстырылады.
2. Сотталғандардың айдауылмен орнын ауыстыру ұстау қағидалары сақтала отырып: ерлер – әйелдерден, кәмелетке толмағандар – ересектерден жеке; бiр қылмыстық iс бойынша өтетін тергеудегі сотталғандар – бөлек; туберкулезбен ауыратындар немесе жыныстық жолмен берілетін инфекциядан емделудiң толық курсын өтпегендер, психикалық ауытқулары бар науқастар – өзара бөлек және денi саулардан жеке, қажет болған кезде, дәрiгердiң қорытындысы бойынша – медицина қызметкерлерiнiң ерiп жүруiмен жүзеге асырылады.
3. Сотталғандардың айдауылмен орны ауыстырылған кезде олар қажетті тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етiледi.
4. Сотталғандардың орнын ауыстырған кезде олар бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеу кезеңінде орнын ауыстыру қағидаларына сәйкес маусым бойынша киіммен, аяқкиіммен, сондай-ақ сотталғандар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі.
5. Сотталғандардың орнын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Сотталған адамды жазасын өтеу орнына жiберу немесе басқа мекемеге ауыстыру кезiнде ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақшасы сотталған адам жiберiлген не ауыстырылған мекеменің ақшаны уақытша орналастыратын қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады.
7. Уәкілетті лауазымды адамдар сотталғандардың орнын ауыстырған кезде құпиялылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолданады.
8. Белгіленген тәртіппен әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланған не сотталғандардың мекемеде болу мүмкіндігін жоққа шығаратын ерекше жағдайлар режимін енгізген жағдайда олар қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының шешімі бойынша төтенше жағдайдың салдары жойылғанға не ерекше жағдайлар режимінің мерзімі аяқталғанға дейін басқа мекемелерге ауыстырылады.
Төтенше жағдай салдарларын жою немесе ерекше жағдайлар режимін енгізуге негіз болған жағдайларды жою мүмкін болмаған кезде сотталғандар осы немесе басқа облыстағы тиісті түрдегі мекемеге жіберіледі.
Ескерту. 91-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
92-бап. Сотталғандарды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру және толық қауіпсіз мекемеге жіберу
1. Жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеуі тағайындалған, бес жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар қауіпсіздігі аралас мекемелерде немесе толық қауіпсіз мекемелерде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін тартылады. Қалдыру және еңбекке тарту туралы шешім олардың келісімімен, мекеме комиссиясы материалдарының негізінде қауіпсіздігі аралас мекеме бастығының қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
Сотталған адамды толық қауіпсіз мекемеге жіберу оның бастығымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Сотталған адамды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру не толық қауіпсіз мекемеге жіберу туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
2. Шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылған немесе толық қауіпсіз мекемелерге жіберілген сотталғандар орташа қауіпсіз мекемелер үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, өзге адамдардан оқшауланып ұсталады.
3. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша тергеу әрекеттерін жүргiзу қажет болған кезде жазасын мекемелерде өтеумен бас бостандығынан айыруға сотталған адам қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылуы, сондай-ақ прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген мерзiмге басқа мекемеден ауыстырылуы мүмкiн.
4. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша сот талқылауына қатысу қажет болған кезде, сотталған адам орташа қауіпсіз мекемелер үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, iстi сотта қарау уақытына сот қаулысымен қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылуы мүмкiн.
5. Егер сотталған адам басқа iс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылса және оған қатысты күзетпен ұстау түрiндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, оны қауіпсіздігі аралас мекемеде ұстау мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес айқындалады.
6. Сотталған адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген негiздер бойынша, сондай-ақ құқықтық тәртiпті ұстап тұру үшiн қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырылуы мүмкiн.
Осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша қауіпсіздігі аралас мекемелерге жіберілген сотталғандар басқа адамдардан оқшауланып камераларда ұсталады және оларға түрін сот тағайындаған мекеме үшін осы Кодексте белгіленген шарттар қолданылады.
7. Мекемелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырылған сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатын екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде екі қысқа мерзiмдi және екі ұзақ мерзімді кездесу алуға;
3) күн сайын ұзақтығы бiр жарым сағаттық сейілдеудi пайдалануға құқылы.
Сотталғандар камераларда және қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталатын барлық санаттағы адамдардан оқшауланып ұсталады.
Ескерту. 92-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
93-бап. Сотталғандарды мекемелерге қабылдау
1. Сотталғандарды мекемелерге қабылдауды мекемелердің ішкi тәртiптеме қағидаларында белгiленген тәртiппен әкімшілік жүргізеді.
Бұл ретте:
1) сотталған адамның жеке басы туралы деректер және оны мекемеге жіберу негіздері;
2) мекеме жауаптылықпен сақтауға қабылдайтын, сотталған адамға тиесілі мүліктің тізімі;
3) сотталған адамның кез келген дене зақымы және оның дене бітіміне немесе психикалық жай-күйіне қатысы бар, денсаулығы туралы мәліметтер;
4) сотталған адамның шағымдары тіркеледі.
1-1. Әрбір сотталған адамға жеке іс арналады.
Бұл ретте жеке істерді есепке алу жазбалары жариялануға жатпайды және кәсіптік міндеттері осындай есепке алу деректеріне қолжетімділіктің болуын талап ететін адамдарға ғана беріледі.
2. Мекемелерге келген сотталғандар он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге карантин бөлiмшесіне орналастырылады. Сотталғандар карантин бөлiмшесінде болған кезеңде жазаны өтеудің дағдылы жағдайларында болады.
3. Карантин бөлімшесінде болудың мақсаты:
1) мекеме әкімшілігінің жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын айқындау үшін маңызы бар, сотталғандардың жеке басы туралы мәліметтерді зерделеу;
2) сотталғандарды жазаны өтеу тәртібімен және шарттарымен таныстыру;
3) сотталғандардың инфекциялық ауруларын анықтау және олардың таралуын алдын алу болып табылады.
Ескерту. 93-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
94-бап. Сотталғандарды мекемелерде бөлек ұстау
1. Мекемелерде сотталған ерлер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленеді.
2. Осы баптың бесінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар бас бостандығынан айыруды бұрыннан өтеп жүрген сотталғандардан жеке ұсталады. Осы баптың қолданысы қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге қолданылмайды.
Бiр мекемеде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған және бұл жазаны бұрыннан өтеп жүрген әйелдер бөлек ұсталуы мүмкiн.
Басқа сотталғандардан оқшауланып, сондай-ақ бөлек: қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар; өлiм жазасы түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар ұсталады.
3. Жекелеген мекемелерде, сотталғандығының санына қарамастан, сотталған – соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар ұсталады.
Осы бөліктің күші қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге қолданылмайды.
4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары балалар үйi бар мекемелерге қолданылмайды.
5. Әртүрлi инфекциялық аурулармен ауыратын сотталғандар бөлек және денi сау сотталғандардан жеке ұсталады. Емдеу-профилактикалық мекемелерде (ауруханаларда, мамандандырылған психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханаларда) сотталған ерлер сот айқындаған режим түрiне қарамастан, бiрге ұсталады. Туберкулезге қарсы ауруханаларда сотталғандарды бөлек ұстау медициналық көрсетімдермен айқындалады.
Ескерту. 94-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
95-бап. Сотталған адамның жазасын даралау мақсатында оның мінез-құлқын бағалау
1. Жазаны орындау кезеңінде оны даралау мақсатында сотталған адамның мінез-құлқы дәрежесін айқындау арқылы оның мінез-құлқын бағалау жүзеге асырылады.
2. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесі:
1) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес ол жазасын өтеп жүрген мекеме түрін өзгерту;
2) осы Кодекстің 135, 137, 139, 142, 144, 150-баптарына сәйкес оның мекемеде жазасын өтеу жағдайларын өзгерту;
3) осы Кодекстің 128, 130, 152, 154-баптарына сәйкес оның құқықтарын кеңейту не құқықтық шектеулер белгілеу үшін негіз болып табылады.
3. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін мекеме комиссиясы ұсынатын, оның мінез-құлқын сипаттайтын материалдар (мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауы; еңбек пен оқуға қатынасы; тәрбиелік іс-шараларға қатысуы; сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуы; қылмыстан келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша шаралар қолдану) негізінде мекеме бастығының қаулысымен айқындалады.
4. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін айқындау мақсатында оның мінез-құлқын бағалау сотталған адам мекемеге келген күннен бастап жүзеге асырылады.
Көтермелеулері және жазалаулары жоқ не жазалауы осы Кодексте белгіленген тәртіппен өтелген сотталған адам белгілі бір мінез-құлық дәрежесі жоқ деп танылады.
Сотталған адамды бір түрдегі мекемеден екіншісіне ауыстырған жағдайда мінез-құлық дәрежесінің бұрын қойылған бағалауы оның мінез-құлқын осы Кодексте көзделген мерзімдерде мекеме комиссиясы қараған кезге дейін сақталады.
Сотталғандардың мінез-құлық дәрежелері мынадай критерийлер негізінде айқындалады:
оң сипатталатын сотталғандар үшін:
1) кемінде бір көтермелеуі болған әрі соңғы көтермелеу алған күннен бастап үш және одан көп ай бойы жазалаулары болмаған кезде – дәрежесі бірінші оң мінез-құлық;
2) кемінде бір көтермелеуі, бірінші оң мінез-құлық дәрежесі болған әрі бірінші оң мінез-құлық дәрежесін алған күннен бастап алты және одан көп ай бойы жазалаулары болмаған кезде – дәрежесі екінші оң мінез-құлық;
3) кемінде бір көтермелеуі, екінші оң мінез-құлық дәрежесі болған әрі екінші оң мінез-құлық дәрежесін алған күннен бастап бір және одан көп жыл бойы жазалаулары болмаған кезде – дәрежесі үшінші оң мінез-құлық;
теріс сипатталатын сотталғандар үшін:
1) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы деп танылған кезде – дәрежесі бірінші теріс мінез-құлық;
2) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін үнемі бұзушы деп танылған кезде – дәрежесі екінші теріс мінез-құлық;
3) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған кезде – дәрежесі үшінші теріс мінез-құлық.
Сотталған адамды жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы, үнемі бұзушы не қаскөйлікпен бұзушы деп тану осы Кодекстің 130-бабының үшінші бөлігіне және 154-бабының төртінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
96-бап. Мекеме түрiн өзгерту
1. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандар сот алдында мекеменің түрін:
1) сотталғандар сот үкімі, қаулысы бойынша тағайындалған мерзiмнiң кемiнде жартысын толық қауіпсіз мекемеде өтегеннен кейін – толық қауіпсіз мекемеден төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары немесе орташа қауіпсіз мекемеге;
2) жазаны өтеудің жеңiлдетiлген және жеңілдікті жағдайларындағы сотталғандар онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн, ауыр қылмыстары үшiн – жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн, ал бұрын бас бостандығын айыруды өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылғандар мен жазаның қалған өтелмеген бөлігі кезеңiнде жаңа қылмыстар жасағандар – жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейін – орташа қауіпсіз немесе қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге өзгерту туралы өтінішхат беруге құқылы.
2. Мыналар:
1) қылмыстардың қауіптi қайталануы кезінде;
1-1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15-тарауында көзделген қылмыстар жасағаны үшін, қылмыспен келтірілген залалды өтемегендер;
2) аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстар жасағаны үшін;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар;
4) өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
5) мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелерiнде мамандандырылған емдеудi қажет ететiн;
6) дәрежесі теріс мінез-құлықты сотталғандар қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге ауыстырылуға жатпайды.
3. Дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық жасаған сотталғандарға қатысты сотқа:
1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - түрі бұрын сот үкімімен айқындаған мекемеге;
2) олар сот үкімімен жіберілген қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден – орташа қауіпсіз мекемеге ауыстыру туралы ұсыну енгізіледі.
3) алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3-1. Дәрежесі үшінші теріс мінез-құлыққа ие және осы Кодекстің 130-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 7), 9), 11) және 12) тармақшаларында көзделген жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық жасаған сотталғандарға қатысты сотқа орташа, барынша жоғары және төтенше қауіпсіз мекемеден – олар толық қауіпсіз мекемеге қайдан жiберiлсе, сол қауіпсіздік түрiндегi мекемеде жазаның қалған мерзiмiн өтей отырып, үш жылдан аспайтын мерзiмге толық қауіпсіз мекемеге ауыстыру туралы ұсыну енгізіледі.
Бұл ретте сотқа ұсыну сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін алдыңғы қаскөйлікпен бұзушылығы үшін өзіне жеке адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалау шарасы қолданылғаннан кейін жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылықты жасаған жағдайда енгізіледі.
Сотталған жүкті әйелдерге және жанында жас балалары бар сотталған әйелдерге, сондай-ақ мүгедектігі бар сотталғандарға қатысты мекеме түрін толық қауіпсіз мекемеге өзгертуге жол берілмейді.
3-2. Мекеме әкімшілігі осы баптың үшінші және 3-1-бөліктерінде көзделген мекеменің түрін өзгерту туралы ұсынумен сотқа жүгінген жағдайда, мұндай ұсыну мен материалдардың көшірмелері келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
4. Сотталған адам жаза мерзімінің осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген бір бөлігін өтеген кезде мекеме әкімшілігі дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталған адамды мекеме түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығының басталғаны туралы бес күн мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.
5. Сотталған адам мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда, әкімшілік өтінішхатты сотталған адамның жеке басына, жазасын өтеу уақытындағы мінез-құлқына, еңбек пен оқуға деген көзқарасына мінездеме беретін материалдарды және сотталған адамның жеке ісін қоса бере отырып, он күн ішінде сотқа жіберуге, сондай-ақ көрсетілген өтінішхатты жібергені туралы прокурорды жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
6. Сот мекеменің түрін өзгертуден бас тартқан жағдайда, өтінішхат енгізу сот қаулысы шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін қайтадан орын ала алады.
7. Өзіне қатысты сот қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден түрі бұрын сот үкімімен айқындалған мекемеге немесе орташа қауіпсіз мекемеге қайтару туралы қаулы шығарған сотталған адам сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталады.
8. Егер сотталған адамды мекемеден осы баптың үшінші және 3-1-бөліктерінің тәртібімен ауыстыруға негіз болған тәртіптік жазаның күшін прокурор немесе сот жойса, мекеме әкімшілігі мекеменің түрін сотталған адам ауыстырылған қауіпсіздік түріндегі мекемеге өзгерту туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхатпен жүгінуге міндетті, ал сотталушы құқылы.
Ескерту. 96-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |