172-бап. Өздеріне қатысты ішкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын белгiлеу қажет адамдарға материалдарды дайындау және ресiмдеу
1. Мекеме әкiмшiлiгi өздеріне қатысты iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын белгілеу қажет адамдар тобын айқындайды және жаза мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей, сотқа осы адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу туралы ұсыну жібереді.
2. Өзіне қатысты әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамды мекемеден босатар алдында мекеме әкiмшiлiгi оның таңдаған тұрғылықты жерiндегі iшкi iстер органына сот қаулысын, оған мінездеме беретін материалдар мен келетін уақыты туралы хабарлама жiбередi.
3. Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адам таңдаған тұрғылықты жеріне келмеген жағдайда, ішкі істер органы оның тұрған жерін және келмеу себептерін анықтау бойынша бастапқы іс-шараларды жүргізеді.
Аталған адамның тұрған жері анықталмаған жағдайда, ішкі істер органы сотқа оған іздестіру жариялау және бұлтартпау шараларын таңдау туралы ұсыну енгізеді.
4. Тиiсінше әкімшілік қадағалауды жүзеге асыру және сот өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгілеген адамның тұратын жерi туралы ақпаратты алу үшiн ішкі істер органдары тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқылы. Оларды қолдану тәртібін және ішкі істер органдарының қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметін ұйымдастыруды қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
5. Өзіне қатысты сот әкімшілік қадағалауды белгілеген адамды есепке қойғаннан кейін ішкі істер органдары:
1) оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін оның жергілікті атқарушы органдарға келуін қамтамасыз етеді;
2) сот қаулысының көшірмесін жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
6. Алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7. Алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
8. Өзіне қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адам өзіне әлеуметтік-құқықтық көмек ұсынылуы үшін жергілікті атқарушы органдарға, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарға жүгінуге құқылы.
Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар өзіне қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
9. Өзіне қатысты сот әкімшілік қадағалауды белгілеген адам айына кемінде бір рет тіркелу, есеп беру және өзімен профилактикалық әңгімелесу жүргізуге қатысу үшін өзі есебінде тұрған ішкі істер органына келіп тұруға міндетті.
Ескерту. 172-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |