166-бап. Мекеме әкiмшiлiгiнiң босатылатын сотталғандардың жұмысқа және тұрмыста орналасуына жәрдемдесу жөніндегі мiндеттерi
1. Мекеме әкiмшiлiгi бас бостандығынан айыру мерзiмi аяқталғанға дейiн бір жылдан кешiктiрмей, сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдарын, ішкі істер органдарын оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоғы, оның еңбекке қабiлеттілігi және алған мамандықтары туралы хабардар етеді.
Мекеме әкімшілігі бұл ретте сотталған адамға босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімделу үшін қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемі бойынша жеке бағдарлама жасайды, ол сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға жолданады.
2. Сотталған адамды бостандыққа дайындау мақсатында онымен ұйымдастыру-тәрбиелеу іс-шаралары жүргiзiледi, оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi.
3. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды, сондай-ақ алпыс үш жастан асқан ерлер мен елу сегіз жастан асқан әйелдерді олардың жазбаша өтiнiшi және мекеменiң ұсынуы бойынша әлеуметтiк қорғау органдары қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерге (ұйымдарға) жiбередi.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж өзге де адамдар олардың жазбаша өтініші және мекеменің ұсынуы бойынша әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жіберіледі.
Ескерту. 166-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
167-бап. Жазасын өтеуден босатылатын адамдарға көмек көрсету
1. Қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын өтеуден босатылатын адамдар өздері таңдаған тұрғылықты жерiне немесе жұмыс орнына дейiн тегiн жол жүрумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағының шегінде жол жүргенде тамақ өнімдерімен не ақшамен қамтамасыз етiледi.
2. Мекемеден босатылатын адамның маусым бойынша қажетті киімі, аяқкиімі және оларды сатып алуға қаражаты болмаған жағдайда, ол бюджет қаражаты есебінен киіммен және аяқкиіммен қамтамасыз етіледі.
3. Жазадан босатылатын адамдарды тамақпен, киiммен, аяқкиiммен қамтамасыз етудi, сондай-ақ жол жүруіне ақы төлеуді жазаны орындайтын мекеме жүргізеді.
4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды, жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдерді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден босату кезінде мекеме әкімшілігі олардың жұбайын (зайыбын), туыстарын не сотталған адамның өтінішінде аталған өзге де адамдарды, сондай-ақ сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жеріндегі пробация қызметін алты ай бұрын хабардар етеді.
5. Мекемелерден босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұрғылықты жерiне жұбайының (зайыбының), туыстарының немесе оларды алып кетуге келген өзге де адамдардың не мекеме немесе сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жұмыскерiнің еріп жүруімен жiберiледi.
Ескерту. 167-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |