Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
362-бап. Құбырларды абайсызда зақымдау немесе қирату 1. Құбырларды, оның ішінде мұнай-газ құбырларын, белгіленген пайдалану режимінен ауытқуына әкеліп соққан не адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтірудің нақты қатерін төндірген, абайсызда зақымдау немесе қирату, - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге; б) қоршаған ортаны ластауға; в) ірі залал келтіруге; г) абайсызда адам өліміне әкеп соқса, - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 363-бап. Кеме капитанының апатқа ұшырағандарға көмек көрсетпеуi 1. Теңiзде немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған адамдарға кеме капитанының, егер осы көмек көрсету өзiнiң кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп келтiрмейтiн болғанда, көмек көрсетпеуi, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Теңiзде немесе су жолында соқтығысқан кемелердiң бiрiнiң капитанының басқа кеменi құтқару үшiн тиiстi шаралар қолданбауы, абайсызда кеменiң опат болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, егер бұл шараларды өз кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрмей қолдану мүмкiн болса, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.