9-бап. Оқыту және тәрбиелеу тілі 1. Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 2. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етуге тиіс. 3. Ана тілінде білім алу құқығы тиісті білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері болған жағдайда сыныптар, топтар құрумен, сондай-ақ олардың жұмыс істеуіне жағдай жасаумен қамтамасыз етіледі. 4. Мемлекеттік тіл және орыс тілі орта білім беру ұйымдарында білім алушыларға қорытынды аттестаттау өткізу кезінде пәндер тізбесіне енгізілетін міндетті пәндер болып табылады.
3-тарау. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ 10-бап. Білім беру жүйесі ұғымы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі өзара іс-қимыл жасайтын: 1) білім беру деңгейінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және білім беру бағдарламаларының; 2) үлгілері мен түрлеріне қарамастан, білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының; 3) білім беруді басқару органдары мен тиісті инфрақұрылымдардың, оның ішінде білім беру мониторингін жүзеге асыратын оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарының; 4) білім беру қызметінің субъектілері бірлестіктерінің жиынтығын бiлдiредi.
11-бап. Білім беру жүйесінің міндеттері 1. Білім беру жүйесінің міндеттері: 1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; 2) жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту; 3) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу; 4) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру; 5) отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгерту; 6) педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету; 7) білім беру ұйымдарының еріктілігін, дербестігін кеңейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру; 8) қоғам мен экономиканың қажеттеріне жауап беретін білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жұмыс істеуі; 9) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану; 10) жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша оқытудың және еңбек нарығының қажеттері арасындағы өзара байланысты қамта масыз ететін және әркімге өзінің білім мен біліктілікке негізделген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін өмір бойы дамыту; 11) білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциясы; 12) білім алушылардың кәсіптік ұмтылысын қамтамасыз ету; 13) жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің озық қарқынмен дамытылуын қамтамасыз ету; 14) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, білім алуы үшін арнаулы жағдайлар жасау болып табылады.