2. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімдік даму бағдарламалары «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегияларын салыстыра отырып, талдау жасаңыз.
3. Е.Көтібарұлы бастаған азаттық күрестің болған аудандарын карта бойынша белгілеңіз және маңызын түсіндіріңіз
Жауаптары:
Қыпшақ мемлекеті (территориясы, этникалық құрамы, саяси тарихы)
Қимақ қағанатының жері XI ғасырда жаңа құрылған Қыпшақ хандығының қолына толығымен көшеді. Ол жерлер шығыста Алтай мен Ертістен басталып, батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құланды даласынан оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ аймақты алып жатты.Қыпшақ хандығы күшейе бастаған кезінде оңтүстік жағындағы шекарасын кеңейтіп, Сырдарияның орта және төменгі бөлігін, Арал мен Каспий өңірі далаларын өздеріне қаратқан. Қыпшақ шонжарлары Сыр бойындағы қалалардың билеушілеріне айналған.Сонымен, Алтайдан Еділге дейінгі аралықтың "Қыпшақтар даласы" (Дешті Қыпшақ) деп аталуының өзі бұл кең-байтақ аймақтың қыпшақтардың атамекені екендігін толығымен растайды.Жалпы қыпшақтардың этникалық құрамы екі бөліктен тұрған. Бірінші - қыпшақтардың батыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он бір тайпадан тұрады: елбөрілі, тоқсоба, йетиоба, дурут, тағы басқалар. Екінші - қыпшақтардың шығыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он алты тайпадан тұрған. Олардың сегізі негізгі тайпалар, ал қалған сегізі ұсақ тайпалық бөлімшелер.Тайпалардың ішінде ең беделдісі бөрілер болған. Бұл елбөрілілер болып та айтылады. Қыпшақ хандары осы тайпадан шығып отырған. XI ғасырдан бастап Қазақстанның Жетісудан басқа жерлерінің барлығына қыпшақтар ие болды. Хандықтың әлеуметтік-экономикалық жағының нығаюы жерін кеңейтуді талап етті. Әсіресе қыпшақтарға Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларға, Орыс елінің оңтүстік далалы аудандарына шығу қажет болды. Алайда бұл жерлерге шығу оңай емес еді. Өйткені арада оғыздар мемлекетінің билігі жүріп тұрған. X ғасырдың аяғы - XI ғасырдың басында Оғыз хандығының жағдайы нашарлай бастайды. Бұл жағдайды Қыпшақ хандығы дер кезінде пайдаланып, оғыздарға солтүстік және солтүстік-шығысынан басып кіреді. Сөйтіп қыпшақтар өздерінің шекарасын Сырдарияның орталық ағысынан Арал теңізіне дейін кеңейтеді.Сонымен қыпшақтар оғыздарды жеңгеннен кейін Еділ өзеніне дейінгі жерлерді иеленеді. Оңтүстік орыс далаларын, Кавказ, Қырым жерлерін алып, шекараларын Донға дейін ұлғайтады. Ресей жерлеріне барып орналасқан қыпшақтар орыс деректерінде «половшылар» («далалықтар») деп, ал Дунай бойына жетіп жайғасқан қыпшақтарды венгрлер «кундар» немесе «командар» деп атаған.Қыпшақтар Хорезм елімен де қатынасты жақсартуға әрекет жасайды. Алайда Хорезм шахы қыпшақтардың күшеюінен және олардың өз шекараларына жақындауынан қауіптене бастаған болатын. Сондықтан да шах әр түрлі саяси қулық әрекеттер жасауға тырысады. Ондай әрекеттерге кезінде Хорезм шахының мұрагері Атсыз да барған болатын. Бұлардың арасындағы саяси жағдай өте құбылмалы болды. Хорезм шахы кез келген мүмкіндікті өз пайдасына шешуге тырысып отырды.Ал XIII ғасырдың басында Сыр бойындағы қалалар үшін Хорезм шахы Мұхаммед пен Қыпшақ хандығының арасында бірнеше шайқастар болып өтеді. Бұл шайқастарда қыпшақтар өз ішіндегі алауыздықтың кесірінен жеңіліп, солтүстікке қарай шегінеді. Бірақ олардың арасындағы жауласушылық мұнымен бітпейді. Отырар, Сығанақ, Арал теңізінің аумағы бұл екі ел үшін ұзақ жылдар бойына қақтығыс көзіне айналады. Билік үшін бәсеке тек монғолдар екі елді де жаулап алғаннан кейін ғана біржола тынады.