Байланысты: Семинар әдістемелік нұсқаулық Философия 2022 docx
3. Жаһандану үдерісіндегі адамзаттың өзекті мәселелері. Жаһандану (ағылш. Global — әлемдік, дүниежүзілік, жалпы) - бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Ол - біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс.Жаһандану идеологиясы уақыт өткен сайын құбылып отыратын жанды құбылыс. Ғаламдық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда компьютерлік технологиялардың маңызы зор. Қазіргі компьютерлік технологиялардың ішінде интернет желісі - бүкіл әлемде бірнеше миллион адамдарды қамтып, біріктіретін біртұтас ақпарат кеңістігі.
Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді. Егер жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа икемдей алмасақ онда мемлекет те, сол мемлекетті жасап отырған ұлт та тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің құлақкесті құлы болып қала береді. Біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысы¬мызды, ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей жаһанданған дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл бола алады. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық.
«Жаһанданудан бүркену керек» дейтіндердің қатарында еліміздегі кейбір әсіреұлтшылдар мен оппозициялық көзқарастағы азаматтарымыз да бар.Елбасы: «Біз жаһанданудан қорықпауымыз керек, біз оған барынша дайын болуымыз керек», – деген еді. Бұл жерде қазақтың «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақылына сүйенуіміз қажет деп ойлаймын. Журналистер жан-жақты зерттеп жаһандану кезеңінде нені үйреніп, неден жирену керектігін қоғамға айтуы тиіс.Жаһандануға ілесе алмай,ылғи артта қала берген ел басқа мықты жұрттармен тең сөйлесе алмайды,бірте-бірте тарих сахнасынан ысырылады.Осындай күйге түспеу үшін тарихты білумен бірге,одан тағылым алып,пайдалана білу қажет.Шерхан Мұртаза: «Жетпіс жыл марксизм мен ленинизмге сеніп,шекеміздің қызғаны шамалы.Ендігі жерде тәуелсіз елімізідің идеологиясын мұсылманшылыққа негіздеу керек»,- деген болатын. Жаһанданудың кері ықпалына қарсы тұруға қауқар боларлық күштің ең жоғарғысы – БАҚ. Н.Назарбаев: «Бұқаралық ақпарат құралдарының күші – әскери қарулы күштердің күшінен кем емес»,- деген еді. БАҚ ой-санаға әсер етудің күшті құралы.
Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыпты жолдауында ХХІ ғасырдың он сын – қатерін анықтады.
«Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі.
Тарихи уақыт аса жеделдеу түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады» (2, 1) деді Президент «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиіс.
Дамушы елдер арасында клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуы тиіс» (2, 1) деп орынды пікір қорытты Президент.
Қазақстан - тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық дәрежеде бір шама танымал болған мемлекет. Қазақ халқының гуманды, ізгілік дүниетанымы мен пацифистік философиясына негізделген сыртқы саясаты Орталық Азия қауіпсіздігіне қомақты үлес қосуда. Бұның айқын дәлелі – ЕҚЫҰ, ИЫҚ, ШЫҰ ұйымдарын басқарды, «Жібек жолы» ескі сауда жолын қайта жаңғыртуға қатысты, Еуразияда дінаралық сұхбат ұйымдастырып, түркі елдерінің ынтымақтасуына жол ашты, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетті, Иран ядролық бағдарламасын талқылауға атсалысты.
Қазақстан Орталық Азия елдерінің тұрақтылық пен бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз етуде қолынан келгенінше әрекет етуде. Қазақстан осы уақытқа дейін көрсетіп келе жатқан халықаралық дәрежедегі белсенділігін өзіндік ішкі қуатымен үйлестіріп, толыққанды ойыншы болуға күш салуда.
Президент жолдауында осы мақсатқа бағытталған экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын да айшықтады. Біртұтас экономикалық прагматизмді қамтамасыз ету үшін елбасы бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгертуді ұсынды. Бұдан былай экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімдік мүдделер тұрғысынан қабылдап, Қазақстан толыққанды бизнес-серіктес ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау қажет.
Ұлт көшбасшысы қойған орасан зор мақсатты қамтамасыз етуге мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты бір-бірімен үйлесім тапқан жағдайда ғана жол ашылады. Халықаралық еңбек бөлісі тереңдеген сайын, елдердің экономикалық дамуындағы жаһандану үдерісі одан әрі қанат жайған сайын сыртқы факторлардың маңызы жоғарылай береді. Әлемдік экономикалық даму бағыттарын жіті қадағалап, оған бейімделу тетіктерін анықтап отыру - бірден-бір қажеттілік.
ХХ ғасырдың негізгі қозғаушы күші әлемдік екі жүйенің – социализм мен капитализмнің ұдайы бәсекелесте болуы, сонымен қатар, ғасырдың соңғы ширегінде трансұлттық бизнес жүйелерінің пісіп-жетілуі болған еді. ХХІ ғасырдың бас кезінде бұл жағдай мүлдем өзгерді. Қазір бір-бірімен жүйелік сипатта бәсекелесіп отырған біртұтас кешенді даму жоқтың қасы.
Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша «2011 жылы әлемді 650-ден астам мемлекеттік трансұлттық корпорация бар, олардың бүкіл дүние жүзінде 8100 шетелдік бөлімшелері бар. Бұл бүкіл трансұлттық корпорациялардың 1%-ын ғана құрап отырса да, олардың шетелдік инвестиялары 2010 жылы жаһандық ЖІӨ-нің 11%-ын қамтиды.
Жалпы трансұлттық корпорациялар әлемдік өнеркәсіптік өндірістің 50%-на жуығын ауқымдандырып отыр. Оған әлемдік сауданың 70%-ы үлесі тиесілі ... өте үлкен трансұлттық корпорациялар кейбір елдердің бюджетінен асып түсетін қаржыға ие».
Ұлттық сипаттағы мемлекеттер мен трансұлттық корпорациялардың арасындағы туындап отыратын кикілжіңдердің объективті себептері бар. Тарих доңғалағының жылдам дамуы, уақыт пен кеңістіктің сығымдалуы, әртүрлі пиғылдар мен мүдделердің өзара кикілжіңі қазірге әлемнің қатты өзгеріске ұшырағанын дәлелдеп отыр.
Әлем әртүрлі күштердің саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан өзара әрекеттестігінен, әсіресе адамзаттың дүниетанымдық қондырғылары мен құндылық бағдарының күрт өзгеріске түсуі мен ығысуынан туындаған айқынсыздық пен тұрақсыздық кезеңіне аяқ басуда.
Қазіргі заманның даму үрдістерін есепке ала отырып, осы қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз деген сұрақ - көптеген ойшылдардың көкейінде тұрғаны бүгінгі күннің бұлжымас шындығының бірі. Бұған жауап беру үшін біраз шегініс жасап, 2007 жылға оралайық. Дәл осы жылы Н.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» тақырыпты жолдауын халық назарына ұсынды.
Жаңа әлем – бұл қазіргі әлем.
Оның бітім болмысында ХХ ғасырға өте ұқсас белгілер бар, өйткені ол – бір жағынан, біртұтас табиғи-тарихи үдеріс, екіншіден, әр түрлі күштер мен мүдделердің өзара байланысы, қимыл бірлігі мен теке-тіресі. Саяси ғылымдар докторы Нәубет Қалиевтің «Жаңа әлем – қандай әлем?» деген ауқымды еңбегіне сүйене отырып, жаңа әлемнің, яғни қазіргі әлемнің мынадай негізгі белгілерін атап көрсетпекбіз.
Біріншіден, елдер мен аймақтар арасындағы өзара байланыстар мен өзара тәуелділіктің тереңдеуі. Мұның айқын дәлелі Ресейдің «Газпром» компаниясы қызметіне бүкіл Европа елдерінің тәуелді болуы. Соңғы кездері осы тәуелділіктен құтылу жолдары іздестірілуде.
Екіншіден, жаһандану процесі тереңдеп барады, бірақ одан миллиардтаған адам тыс қалуда. Мысалы, Орталық Европа жаһандану үрдісін ерекше сезінсе, Африка континенті тұрғындарының басым көпшілігі одан мүлдем хабарсыз.
Үшіншіден, әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте жаппай алыптар бой көтеріп, олар әлемдік саясаттың жаңа орталықтарына айналуда. Мысалы, Қытай, Үндістан, Бразилия.
Төртіншіден, бір кезде мәдениет пен ғылыми дамудың ошағы болған ислам дүниесінің бүкіл дүниежүзілік қатынастар жүйесінде өз орнын алуға ұмтылысы. Өкінішке орай, Ислам діні соңғы кезде адам өміріне қауіп тигізетін жағымсыз топтардың әрекетімен тығыз байланыстырылып, оның шын мәніндегі гуманистік, адамсүйгіштік қасиетіне күмән тудыруда. Орта ғасырлық Араб халифатында медицина, химия, математика, философия, астрономия, оптика қарқынды дамып, әл-Фараби, Ибн Сина, Омар Хайям, өмір сүрді емес пе? Ол кезде Батыс Еуропада алдыңғы қатарлы ойшылдар инквизия отына өртеліп, кертартпа діни көзқарастардың шылауында болды емес пе?
Бұл күндері дәл осы жағдай мұсылман елдерінде қайталануда. Мұсылман елдері көр-соқыр сенімге иек артатын, дамушы бағытта ойлауға шектеу қоятын ағымдардың және соларды қорғайтын дін басыларының кесірінен артта қалып, өмір сүруге қажетті барлық жағдай тұрғысынан мұсылман емес елдерге тәуелді болып отыр.
Бесіншіден, қуатты Европалық Одақтың қалыптасуы. Дегенмен Украинада орын алған теке тіресте Европа елдері лидерлерінің шынайы бетпердесі көрініп қалды. Демократия, адам құқықтары ұрандарымен тек өз мүддесіне пайдалы шешімдерді қабылдау Европалық Одақта да орын алып отыр деуге негіз бар сияқты.
Алтыншыдан, Америка Құрама Штаттары қазіргі үнемі өзгерісте болып тұрған сусымалы әлемде өз орнын әсіресе жоғары бағалап, бүкіл әлемдік билікке ұмтылуда. Бұл әрине халықаралық қауымдастыққа түсініксіз болып, қарсылық пен алаңдатушылық туғызып отыр.
Жетіншіден, Қазақстан мен Ресейдің халықаралық саяси-демократиялық үрдістегі белсенді рөлі күннен-күнге нақтыланып келеді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2050 жылға дейін Еуразиялық экономикалық одақты осындай бірлестіктердің үздік үштігіне енгізуге шақырды.
Қазақстан еуроазиялық кеңістікке кіргенімен, басқа елдерге есігі ашық болады. Еліміздің өз өнімдерін шығарып, сатуы үшін сыртқы нарық керек. Ол үшін әрине, көрші елдермен сауда қарым-қатынасын жасауымыз керек. Бүгіннің өзінде Қазақстан Ресейдің 12 өңірімен тығыз байланыста. Біздің мақсатымыз - жаһандану үрдістерін, оның заңдылықтарын халыққа түсіндіру. Бұдан Қазақстан ешқашан да ұтылмайды. Бізге интеграция ауадай қажет.
Сегізіншіден, жаңарған әлемнің аса күрделі мәселесі – табиғи ресурстардың тапшылыққа айналуы, балама қуат көздерінің жеткіліксіздігі». Міне осы мәселелер қазіргі әлемнің негізгі болмысын анықтайды. Н.Қалиевтің қазіргі әлем дамуының жетекші үрдісі – жаһандану, соның аясында қазірде бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған қағидаттың жаңа тұрпатты проблемаларымен бетпе-бет тұр деген пікірімен келісуге болады.
Жаһандық мәселелер қоғам өмірінің барлық жағын қамтиды. Осы мәселе төңірегінде жазып жүрген ғалымдардың, саясаткерлердің, дамудың әртүрлі сатысында тұрған мемлекеттер басшыларының тұжырымдамаларын жан-жақты жинақтап, қорытындыласақ, ғаламдық мәселелердің мынадай тобы пайда болады:
- бейбітшілікті сақтап, соғысты болдырмауға ұмтылу;
- табиғи орта мен қоғамның өзара үйлесімділігін қамтамасыз етіп, экологиялық тепе-теңдікті қорғау;
- демографиялық үдерісті үнемі бақылауда ұстау;
- энергетикалық және шикізат ресурстарын оның жер шарындағы көлеміне сәйкес пайдалану, әртүрлі қуат көздерін іздестіруде табиғи мүмкіндіктердің барлық жағын ойластырып, тиімді пайдалану.
- үнемі өсіп бара жатқан халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету;
- салауатты өмір салтын оңтайлы ұйымдастырып, денсаулықты нығайтудың алдын алу;
- сауатсыздықты жойып, білім беру жүйесін жетілдіру.
Аталған мәселелер барлық елдерге ортақ. Сонымен қатар, әр елдің өзіндік сипаттағы мәселелері де көптеп саналады.
«Әлемдегі белгілі саясаткерлердің еңбектерін талдаудан олардың жаһанданудың негізгі үш өлшемін ерекше атап көрсететінін пайымдауға болады: 1) ол тұрақты жүретін тарихи үдеріс; 2) әлемнің әмбебап және гомогенизациялық (біртектілік) келбетінің нығаюы; 3) ұлттық шекаралардың ашықтығы. Бұл жерде әмбебаптылықты оның барлық елдерге ортақ белгілерінің күшеюі ретінде, ал гомогенизацияны – оның біртекті құрылымға қарай жылжуы деп түсінген жөн.» (4, 6 б.) дейді Н.Қалиев. Ғалым орынды пікір қорытып отыр, бұл философия ұдайы еске салып отыратын жеке, жалпы, ерекшелік жағдайлардың бір-бірімен өзара байланыстылығын тағы тереңдете түседі.
Әлем халқының 1,2 миллиарды аштықтан әртүрлі ауруларға шалдықса, бұдан үш есе көбі ашқұрсақ болудан зардап шегуде. Егер бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия елдері халқының 55 пайызына жуығы артық салмақ пен семіздіктен қиындық көрсе, Үндістан халқының – 53, Бангладеш халқының – 56, Эфиопия халқының 48 пайызы аштықтан азап шегуде.
Жаңа әлемдегі тағы бір маңызды мәселе – 2020 жылға қарай кедей аймақтар халқының жартысынан астамы саяси және әлеуметтік жағынан ең мазасыз контингент – жастардан тұрады. 2020 жылға қарай Азия халқының 47 пайызын, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка халқының 57 пайызын жастар, ал Сахарадан оңтүстікке қарай аймақ тұрғындарының тіпті 70 пайызын 30 жасқа дейінгі азаматтар құрайтын болады. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының деректері бойынша, халқының басым көпшілігін жастар құрайтын елдердің алдында Ауғанстан, Пәкстан, Колумбия, Ирак, Газа секторы, Йемен тәрізді әлеуметтік-экономикалық проблемалары өте өткір, әлеуметтік-саяси жағынан тұрақтылық жоқ елдердің тұрғаны ойландырар, алаңдатарлық жәйт. Мұның өзі бүкіл адамзат үшін тағдырлы мәселе. Ал бұл елдерде жастардың қоғаммен толыққанды интеграциялануына ешқандай жағдай жасалмаған. Құқықсыз және әлеуметтік жоқшылықтан ашынған жастар З.Бжезинскийдің пікірінше, әлемде АҚШ орнатпақ болған жаңа тәртіптің ең жаңталасқан қарсыласы болады. Әртүрлі террористік ұйымдар қатарын дәл осы жастардың толықтыруға ұмтылары сөзсіз. Яғни, дүниеде мамыражай тыныштық, әлеуметтік келісім орнату, қауіпсіз өмір ахуалын қалыптастыру адамзат қауымдастығының аса күрделі міндеті болып қала береді. Жаңарған әлемнің бұл да бір ащы шындығы. – (4, 6 б.) деп атап көрсетті Н.Қалиев.
Осы мәліметтер төңірегінде ойланып көрсек, мынадай мәселелер туындайды. Аш адам ауырады немесе тіпті өліп те кетеді. Бұған ешкім күмәнданбайды. Дамыған елдердегі артық салмақ пен семіздіктен қиналатын адамдар да табысы аз болғандықтан сондай жағдайларға душар болады. Өйткені адам ағзасына қажетті барлық минералдар мен құнарлы заттар қымбат тұратын натуралді өнімдерде ғана болады. Ал көптеген адамдар жеңіл-желпі нан, қант, жеміс-жидекпен ғана қоректенеді. Бұл, әрине, мықты денсаулыққа кепіл бола алмайды.
Н.Қалиевтің жастар туралы пікірі өте орынды айтылған. Ауғанстан, Пәкстан, Колумбия, Ирак мемлекеттерінде жастарға көңіл бөліп, олардың рухани-мәдени сұраныстарын қанағаттандыратын әлеуметтік-рухани орта қалыптаспаған. Күн көріс қамымен жастайынан еңбек еткен балалар қатігез, мейірімсіз болып өседі. Әрине, бұл ойды бір жақты абсолютке айналдыруға болмайды. Дегенмен, балалық шағы ойдағыдай қамтамасыз етілген балалар ғана дұрыс бағытта дами алатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жерде бала тәрбиесінің екі ұшы бар мәселе екеніне назар аударуымыз қажет. Өйткені барлық жағдайы жақсы ұйымдастырылған алдыңғы қатарлы елдер жастарының арасында да мейірімсіз, қатыгез адамдар көптеп саналады. Америка Құрама Штаттары мектептерінде жиі қайталанып отырған атыс, шабыс оқиғалары бұл елде де бала тәрбиесінде мәселелердің қордаланып қалғандығын көрсетеді.