Қазақ халқының психологиялық ой толғаныс ерекшелiгiн сөз етсек, ол тұспалдап, мақалдап, мақамдап, тақпақтап сөйлеу, жыр, терме, толғау, айтыс өнерi арқылы көзге көрiну
Қазақ халқының психологиялық ой толғаныс ерекшелiгiн сөз етсек, ол тұспалдап, мақалдап, мақамдап, тақпақтап сөйлеу, жыр, терме, толғау, айтыс өнерi арқылы көзге көрiну. Тұспалдап сөйлеу өнерi, негiзiнен, билердiң шешендiк сөз өнерiнен өзектi орын алған. Сондықтан қазақ билерiнiң шешендiк сөз өнерi Цицерон, Демосфен сияқты Еуропа шешендерiнiң сөз қолданыс түрлерiнен мүлде өзгеше, өзiндiк ұлттық мәнерi бар сөз қолданыстар.
Халық педагогикасының негiзгi мақсаты — өзiнiң бай тарихи тәжiрибесiне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбек сүйгiштiкке, өнерге баулу, отбасы, ауыл-аймақ, Отанның ар-намысын қорғай бiлетiн, жаны жайсаң, арлы азамат тәрбиелеу болды. Осы мақсатты iске асыру жолында отбасымүшелерiнен бастап, ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әншi, күйшi, термешi сияқты өнер адамдарының бәрi белсене қатынасатын ұжымдық тәрбие iсiн жүргiзушiлер болып келгенi көпке аян. Әсiресе, ақын, жырау, термешiлердiң өлең, жыр, дастан, терме, толғауларының мазмұнына ой жүгiртсек, онда дидактикалық ақыл-нақыл, өсиет-өнегенiң тұнып тұрғанын байқаймыз. Олар сол арқылы ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн сездiрiп, келер ұрпақты неден аулақ, неге ынтық болуға баулып өсiрудi мақсат еттi. Ал ақыл-ойға, терең тәлiмге құрылған поэзиялық сөз маржанынан ұлттық ойлау ерекшелiгiн, мәдени мұраның өзiндiк сипатын айқын танып бiлуге болады. Жыраулардың поэзиясында келелi сөз болған мәселе — адам проблемасы (человечность. Қазақ ұғымындағы “Ердiң құны жүз жылқы”, “Ер елi ұшiн туады, елi үшiн өледi”, “Ердi намыс өлтiредi” деп, ерлiкке ерекше баға беру, ердiң құнын адамгершiлiкпен, ар-ожданмен өлшеу (“Жаным — арымның садағасы”, “ер жiгiттiң ары — мың жылқы”, “Жан сақтама, ар сақта” т. б.) “личность” ұғымынан көп жоғары. Сол сияқты “ақын — елдiң еркесi”, “өнерлiге өлiм жоқ”, “өнерлiнiң қолы алтын” деп қараған ата-бабамыздың өнерлi азамат, сал-серi жөнiндегi ұғымы —”рыцарь” деген ұғымнан әлдеқайда ауқымды. Демек, дала философиясындағы кiсi, толық адам (Абайша), ер деген ұғымдар — кең тынысты философиялық категория.