Қазақтардың күнделікті өміріндегі мұсылманшылдық, наным-сенім, ырымдар
Қазақ халқының дін туралы танымы, сенімі ерекше. Дінді жаратылыстан тыс құдіретті құбылыс, тылсым ретінде танымайды, ойсыз бас қойып, көзсіз құлдай жығылып, табынған да емес. Діннің адам мен қоғам арасын жалғастырушы, жарастырушы және үйлестіруші қасиетін жете түсініп, оны жан мен тән тазалығын сақтайтын, парасат тағылымдарын демеуші, адамға өнеге тәлім берер, пейілге мейірім ұялатар рухани күшке бағалаған.
Атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин өз заманында исламға ден қоя отырып, «мұсылманшылықтың тұтқасы – сенім, иман, имандылық» деп дәйектесе, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев дін рәсімдерінің тұрмыс дағдыларымен астарластығын «Ораза деген қазаққа құлшылық емес, әдеп қой», - деп бір ауыз өлеңмен сипаттаған. Ойшыл жазушы Ғ.Мүсірепов дін жөнінде: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды, сол сенімнің аты - дін. Ең арғысы саяси сенім дегеннің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін», - деп оның адам өміріндегі рухани күшін жоғары бағалағаны белгілі [4].
Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Иман-қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы.
Достарыңызбен бөлісу: |