Муниципальдық бағалы қағаздар деген жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет тапшылығын жоюды және территориялық бағдарламаларды қаржыландыру мақсатында шығарылатын қарызды бағалы қағаздар.
Жергілікті атқарушы органдардың қосымша қарыз қаражатын тарту мақсатын төмендегідей топтастыруға болады:
жергілікті бюджеттің уақытша тапшылығын жоюға;
әрі жылғы бюджетте қаражат болмауынан, бірақ бір жолы ірі қаражат жұмсауды кажет ететін табыссыз объектілерді қаржыландыруға, атап айтқанда: әлеуметтік бағыттағы объектілердің (мектептер, ауруханалар, кітапханалар, мұражайлар және с.с.) және жергілікті инфрақұрылым объектілерінің (жолдар, көпірлер, жылу және су жүйелері және с.с.) құрылысына, жаңартылуына, оларды жөндеуге;
түсірген пайдасы есебінен бірнеше жыл аралығында жұмсаған шығындардың орнын толтыратын табысты объектілерді қаржыландыруға;
шығынын өзі толтыратын (салынған үйді немесе оның бірнеше бөлігін сатқаннан түскен түсіммен) үй құрылысы, жөндеу, жаңарту жобаларын қаржыландыруға арналған.
Әлемдік тәжірибеде муниципальдық бағалы қағаздарды шығарудың негізі муниципальдық займ (қарыз алу) болып саналады. Бұндай бағалы қағаздарды шығарушыларға заң негізінде салық жеңілдігі беріледі. Сондықтан қарыз міндеттемелерін эмиссиялап, қарыз қаражатын тарту екінші деңгейдегі банктерден алған несиеден анағұрлым арзан. Муниципальдық бағыты қағаздарды негізінен жергілікті халық, коммерциялық банктер, сақтандыру және зейнетақы қорлары, инвестициялық компаниялар және басқа да жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдар сатып алады.
Муниципальдық бағалы қағаздар жоғары сенімділігі жөнінен тек үкіметтің бағалы қағаздарынан кейінгі орында деп саналады. Әдетте, муниципальдық облигациялар жергілікті бюджеттің табысымен, муниципальдық мүліктермен немесе осы облигацияларды шығару арқылы инвестициялық жобаларды орналастырудан түскен табыспен қамтамасыз етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |