Ақпараттық-талдау бөлімі орталықтанған ақпаратпен қамтамасыз етумен және бағамдық бақылаумен шұғылданады. Сондай-ақ биржалық бюллетеньді, анықтамалықтарды, есептерді, жарнамалық проспектілерді талдап, олар бойынша кеңес береді. Бағалы қағаздар бағамы және жасалған мәмілелер көлемі туралы ақпараттарды көпшілікке таратып отырады.
Әкімшілік-қаржылық бөліміқор биржасының бүкіл бөлімдерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде ұйымдық-қосалқы жұмыс жүргізеді. Биржа қызметі әртүрлі экономикалық, саяси, қаржылық, әлеуметтік, ұлттық және халықаралық жағдайларға сезімтал келеді. Себебі капиталдың құйылуы немесе қайтуы және бағалы қағаздарды иеленуге қызығушылық та осыларға байланысты болады. Өнеркәсіп пен сауданың дамуы, ел экономикасының өрістеуі, экспорттың жағымды сальдосы, халықтың табысының өсуі, әдетте, қаражатты қор құндылықтарына жұмсауға әсер етеді. Керісінше, салықтың өсуі, жалақының төмендеуі, әлеуметтік толқулар, табыс өспей бағаның көтерілуі бағалы қағаздарға жұмсалуға тиіс капиталды төмендетеді.