ҮШіНШі БӨЛім
Тәңірберген Шалқардан келгеннен бері сауда
досының із-түзін білдірмей үн-түнсіз қарасы батып
кеткеніне жыны келіп жүр еді. Бүгін ертеңгі шай үстінде
сауда досының бұған тағы да жөн-жосығын айтпастан
көл-көсір дүниемен қалаға жүргелі жатқанын есітті. «Ә,
солай ма?..» – деді мырза. Сауда-саттығына кірістірмек
түгіл, керек десе, алдынан да өтпей кеткелі жатқанына
ыза болды да, қасына ақи көз жігітті алып атқа қонды.
Қатты жүрген жолаушылар күн бата Көлқораның
табанында отырған көп ауылдың шетіне кірді. Мор-
жадан сары қидың түтіні будақтап, қай үйде де кешкі
450
ауызашарға қауырт әзірлік боп жатқаны байқалады.
Шеткі үйдің иті шәуілдеп үре бастап еді, ақи көз жігіт
әлденеге аяқ астынан абыржып, жалма-жан атын тебініп
Тәңірбергенге қатарласа берді:
– Мырза, бұрылайық... мына шеткі қыстау әлгі қызыл
көз пәленікі...
Шынында да, алдарындағы ақ шоқалақ тың ығында
тұрған қораға ат басы аумай еңкілдеп келіп қалған екен.
Тәңірберген енді бұрылудың ыңғайсыз боларын білді. Не
де болса сыр алдырмауға тырысқан мырза ақ арғымақты
қынулап бір-екі тебініп, осы аттың әнебір кезде бұның
көптен көңілі кетіп жүрген сұлу келіншектің аулының
шетіне кіре бергенде бауырын керіп көсіліп аяңдайтын
әсем жүрісіне салды. Өзі де енді ығыспай, ат үстінде
дұрысталып отырды да, Сүйеу қарттың қорасының дәл
іргесінен өтетін жалғыз аяқ жолмен cap табан қарды
күтір-күтір бастырып қаттырақ жүріп еді.
Ебейсін үйінде екен. Кең қораның іші сығылысқан
шана. Бірі бос емес. Тері-терсек пен тоң балықтарды
таудай-таудай қып үйген жалпақ шаналарға бір-бір
қызыл нар жегіп, жолға шығуға әзірленіп отырған үстіне
Тәңірберген кеп аттан түсті.
Ебейсін оны терезеден көріп: «Түлкі!.. Қызылдың
иісін сезіп келдің-ау, ә?» деп ойлады да, тез киініп тысқа
шықты.
– Мырза, сапар оң болсын!
Тәңірберген салқын амандасты. Ебейсін оның
ренішті түріне қарамауға тырысты:
– Соғым сойып жатыр едік. Ниет дұрыс қой, деген-
дей келгеніңді қарашы. Кәне, ішке кірейік.
– Жә, өзің үйіңе бар да көрпе-төсек салғыза бер!
– Көрпе салулы, мырза.
Қонақ кірер-кірместен жас келіншек үлкен ақ
451
самауырға шай қойды. Қазанға ет салды. Қонақ
жабдығымен лыпылдап кірген-шыққан сайын қара көзі
жалт етіп, жанарына құмарлық от тұтап, төр алдын-
да отырған қара мұртты сұлу жігітке бір-бір қарап өтіп
жүр. Көңілі жүйрік Тәңірберген мына уыздай жап-жас
келіншектің кісі алдында нәпсісін тежей алмай, көзге
түсіп қала беретін кінәсіз аңқаулығын ұнатып отыр.
Ебейсін байқаса да, көңіл бөлмеді. Бұл күтпеген бір
тосын әңгіме қозғады:
– Рас болса, келінді қоя берді деп есіттік қой осы.
– Ие, қатындар сыйыспады.
– Жақсы істегенсің. Кызыл көз шалдың белін бір
сындырған екенсің.
Бұл Тәңірбергеннің көрінгенге ішін аша бермей, құлып
астында ұстайтын сыры еді; сондықтан ол Ебейсіннің
жетелеген жағына баспады. Ебейсін мырзаның осал
жерінен ұстағанын біліп, соған бір жағынан өзі ырза
боп, тобарсыған беттің тоңын сындыра езу тартты:
– Енді төсек жаңғыртатын шығарсың?
Тәңірберген бойына сөз дарытпай, сазарып алған-
ды. Сауда досының мына түрткісі көңіліне жаққаны сон-
ша, ол шұғыл жадырады. Ертеден бері тақымдап қоймай
отырған Ебейсінге енді оның өзі тап беріп:
– Е, бәрекелді. Мына сөзің құлағыма жағып кетті ғой.
Маған көздеп жүрген қызың бар шығар? – деді.
– Қызды өзің таңдайсың да, мырза.
– Жоқ, саған таңдатсам қателеспейтінімді көріп
отырмын.
Ебейсін қонағының зілсіз әзілмен өзін жағалап
келе жатқанын білді де, түрегеп кетті. Осыдан кейін ол
Тәңірбергеннің қасында дәйек тұтып отырмай, бала ор-
нында ұшып-қонып, үй шаруасын істеді. Қонағына ет
берді. Шай берді. Бұның бәрін аз көргендей, енді бір кез-
де:
452
– Мырза, сусынға қалайсың? – деп еді, қонағы ыңғай
білдіре қоймаса да, ішпесе аузынан қайтсын деген
кісіше, – әй, қатын, мырзаға сусын әкел, – деді.
Тәңірберген таңданып отыр. Осы жігітті өздерінің ау-
ылында қолбала боп жүрген кезден білетін-ді. Сол кезде
де бұл дәл осындай еді: сол кезде де бір жанның бетіне
жылы раймен қарамай, қабағы салбырап тұратын.
Баяғыда бұларға жаққаны – айтқаныңды қайт
етпейтін. Кісі өлтір десең де бас тартпайтын, қасиеті
демесең, басқа жағдайда бөрене сияқты бітеу болатын.
Сол жігіттің енді аяқ астынан ебедейсіз, доғал
денесімен жүзік көзінен өткендей елпілдеп кеткені күдік
туғызды. Мырза сырлы зеренге ернін тигізді де қайтарып
берді.
– Бұл қалай? Тіпті алмадың ғой.
– Рақмет. Сөйлеселік, отыршы өзің мұнда, – деп еді,
Ебейсін қонаққа көзін салмай, бетін алып қаша берді.
Күтуші әйел қасында тұрса да, қонақтан қайтқан су-
сынды өрешеге өзі апарып қойды. Сосын жоқ жерден
ілгіш тауып, әйеліне ұрсып, буулы жатқан теңді сыртқа
қарай дырылдатып сүйрей жөнелді. Ауыз үйге шыққасын
да сыртта жүрген біреулерге дауыстап, ар жағынан төрт-
бес кісіні шақырып алды:
– Әзірсіңдер ме?
– Әзірміз.
– Ендеше, жүріңдер.
Ауыз үй абыр-сабыр. Әлгі кісілер бірлі-жарым
адамның әлі келмейтін ауыр теңдерді бірнешеуі қолдасып
көтеріп сыртқа алып шықты. Сонан кейін де сыртта біраз
айналған Ебейсін ішке кіруі кірсе де, бірақ тізе бүгіп
отырмай, тымағын, тонын киіп, белін буып алды.
– Ал, мырза, сен жатып демала бер. Үйде сені күтетін
453
кісі бар. Мен азғантай бірдеңені қалаға жөнелтіп салай-
ын.
Тәңірберген бетін сырт салып отырған суық
қалпынан қозғалған жоқ. Сауда досына: «Үйде әйелің
қалса болады, өзің қайда кетсең де еркің, кете бер» де-
гендей қолын сілтеді. Ебейсін шығып кетті. Тәңірберген
оның түп қазығы – Темірке екенін біледі. Татар байының
іші-бауырына кіріп, өзара ыңғайласып алғалы бұл қазір
дәл бір жуан қара терекке өрмелеген шырмауықтай
жоғарылап бой созып барады.
Төсек салатын ыңғай байқалғасын Тәңірберген тысқа
шықты. Толық ай төбеге кепті. Дала сүттей жарық. Қора
ішіндегі бағанағы мол байлық әлденеден үріккендей,
түп-түгел қарасы батқан. Қаңырап бос қалған қораның
арығырақ түкпірінде тұрған ақ арғымақ иесін көріп,
оқыранды. Шамасы о да «тастап кетті» деп кімге
шағынарын білмей тұрған сияқты.
Тәңірберген үй сыртына ұзап шықты. Кірешілердің
қарасы көрінбеді. Қысқы жолдың қашықтығын ойлап,
көлік тың тұрғанда жіті жүріп, бір-екі қырдан асып кет-
кен сияқты.
* * *
Ертеңіне Тәңірберген күн шықпай атқа қонды. Теңіз
басын айналып жүрудің біраз бұрыстығы болғасын қатты
жел қарын үрлеп кеткен жалтыр мұздың үстімен Бел-
Аранға тура салды. Ақ арғымақ тағалаулы еді; әшиінде
төрт аяғы денесін ауырламайтын желқайық ат көкше
мұзға түскеннен кейін тіпті желдей есіп, Тәңірбергеннің
тақымы астында ойнақтап келеді.
Оған ақи көз жігіт сор болды. Тағасыз ат тақыр мұзға
түскесін бауырын жаза алмай, бүгежектеді де қалды.
454
– Шырағым-ау, жол жүретін болғасын ерте бастан
күтініп, атыңды тағалатып алмайсың ба? Жә, кейін келе
жатарсың – деп, Тәңірберген қолын бір сілтеді.
Шамалы жүргесін ашық теңіз үстінде жүрген
кісілердің қарасы көрінді. Бұлар жар басындағы
балықшылар аулының ер-азаматы еді. Татар байы балығы
мол көлдер мен басат-басаттарды бір өзінің меншігіне
дербес қаратып алғасын бұларды ашық теңізге айдап
салды.
Тәңірберген бірден ат басын Досқа туралады. Сырт
хабардан естуі – Дос кәзір көп балықшыдан шеттеп
жалғыз үй қапты. Судыр Ахмет, Төлеу, Қалау сияқты
төрт-бес кісі болмаса, қалған қара тобыр ұйтқысын
бұзбай түгелдей Мөңке жағына шығып алған көрінеді.
Дос салқын амандасты.
– Сапар оң болсын, – деді ол.
– Әумин. Сыралғы алайын деп келдім.
Дос әзілге шорқақ болатын. Тәңірбергенді кекетіп
тұр деп ойлаған екен.
– Міне, ал!.. Бәрі сенікі – деп, мұз үстінде жатқан
бес-алты қылағайды етігінің тұмсығымен бір-бір теуіп
ары ысырып тастады.
– Иә, балық нашар екен. Сонда бұл теңіздің баяғы
балығы қайда кеткен?
– Шырағым-ай, оның несін сұрайсың. Бұл теңіздің
балығын құрдым жұтып жатыр ғой.
– Құр-дым?..
– Иә, Темірке деген құрдым шыққан жоқ па?!
Құдайдың көк теңізін де бізге бұйыртпай, қылығы өтіп
тұр ғой қу татардың.
Тәңірберген Достың зығыры қайнап, күйіп тұрғанын
байқады. Дос қайта сөйледі:
– Қатын-бала аш, үйге барсаң талап жей жаздайды.
455
– Соған Темірке кінәлі ме?
– Енді кім? Ашық теңізге айдап шықты. Бізге бұнан
артық не істейді?
– Әй, қайдам. Бар пәле Теміркеден деген дұрыс бола
қояр ма екен...
– Енді кімнен?
Тәңірберген әрегіректе ау қарап жатқан балықшыға
назар аударып:
– Анау кім? – деп еді,
– Әлгі алжыған шал ғой, – деді Дос.
– Мөңке ме? Оның жағдайы қалай?
– Оны қайтесің? Онан да, Тәңірбергенжан, әуелі
жаңағы сөзіңді түптеші. Мүмкін, мен түсінбей жүрген
шығармын.
– Иә, сен түсінбей жүрсің. Темірке қырына алса
Мөңкені алды, сенде несі бар? Сен іргеңді онан
алдақашан бөлектеп алған жоқсың ба?
– Онан бүгінде жөнім басқа.
– Ендеше жарайды, Теміркені көндіруді мен мойны-
ма алайын. Ал, өзің ше?
– Мен..?
– Иә, сен. Мен білсем, Мөңке үйірін алдырмайтын
құтпан айғыр ғой. Шыныңды айтшы, өзіңе-өзің сеніп,
ертеңгі күні табан тіреп тартысқа түсе аласың ба?
Дос мырзаның аржақ ойын аңғармады. Қандай
сөзді де тура қабылдайтын дөкір жан осы арада оған өз
көңіліндегі ойын ашық айтты:
– Тәңірбергенжан, несін қазбалай бересің? Егер
сондай атты күн болып, Темірке көнсе, көре қал, бар
балықшы Мөңкеден бір күнде іргесін ашып, сыпырылып
шығады.
– Жә, енді болды. Ертеңнен бастап өз абызыңдағы
456
жігіттеріңді жинап ал да, ауыңды осы теңіздің қалаған
жеріне сал.
– Курнос Иванды қайтеміз?
Тәңірберген қойын қалтасынан тілдей бір қағаз
алып, Досқа ұсынды. Мұнысы запрет жерге ау салуға
ерік берген қағаз екен. Мырзаның осы жолы қаладан
бітіріп қайтқан бір шаруасы осы еді. Темірке алғашқы
сәтте бет бақтырмай: «Иоң-иоқ, ул болми. Ул жирләр
қып-қызыл байлық, бит» – деп, қасарып отырып
алды. Осылай боларын алдын ала біліп келгендей,
Тәңірберген түк сасқан жоқ. Тек мұртынан күліп: «Ай,
бай-ай! Сенің байлығыңды балықшыларға талатқалы
отырғам жоқ. Қолдағы байлықтан айырылып қалмау
үшін де қорғанышың мықты болу керек емес пе? Мына
балықшыларды азбен алдап, қолыңда ұстап отыру үшін
де, қораңды күзеткен иттен кем бола ма?» – деп, татар
байынан осы рұқсат қағазды оп-оңай алып еді.
Дос қағазды қойнына басып алды. Тәңірберген жүріп
кетті. Көңілі тынышталғасын ат басын промсолға тура-
лады. Сырт хабардан Ақбаланың мұнда көп тұрақтамай,
тоң балық тиеген кірешілерге ілесіп, қыстың көзі қырауда
Шалқар шаһарына көз асып кеткенін есіткен. Келешекте
қандай қорлық көрсе де, табашыл көптің көзіне түспей,
танымайтын сырт жерде болғысы келген есебі ме екен?
Тәңірберген бұл күндері Ақбаланың атын өзі де,
өзгеге де ауызға алғызбай тыйым салып қойған-ды.
Бұл өмірде Ақбала деген әйелдің болғаны да есінен
шығып кеткендей еді. Енді өзінің осынша рахымсыз
қаталдығына таң қалып келеді.
Промсол басында қалаға тоң балық апарып қайтқан
Тәңірбергеннің кірешілері жүр екен. Олар мырзаны көре
сала жүгіріп кеп, жалпылдап амандаса бастады.
– Қалай, көліктерің тың ба? – деді Тәңірберген.
457
– Шүкір. Қоңы жығылған жоқ.
– Қалай, бұндағылардың жүгі әзір ме екен?
– Әзірі әзір-ау... бірақ, мырза... бір-екі күн қатын-
баланың қасында болып, кір-қоңымызды жудырып де-
гендей...
– Жоқты соқпа! Көліктер тың тұрғанда қалаға жиірек
қатынап алу керек.
Өзі айтқан жерде мыналардың қарсы келе алмасын
білген мырза әлгіден кейін бұрылып жөнеле берді. Қарт
кіреші әлдене айтқысы келгендей, қатарласып еріп келе
жатып:
– Мырза... – деп еді.
– Жә, айттым ғой... Солай істеңдер.
– Жақсы, жақсы мырза. Менің айтайын дегенім
басқа...
– Бас-қа-а?
– Иә, мырза... Шалқарға Еламан келді.
Тәңірберген тоқтай қалды; кенет қатты соғып кет-
кен жүрегін сап-сап басып алды да, өзінен сәл кейінірек
тоқтаған қарт кірешіге бұрылмай, сыртын беріп тұрып:
– Оны саған кім айтты? – деді.
– Өзім көрдім. Ауызба-ауыз сөйлестім. Рай сол жақта
қайтыс бопты.
Мына хабардың растығына Тәңірберген енді
күмәнданбады. Осыдан кейін ол жолықпақ боп әдейі
іздеп келген Айғаншаға да соққан жоқ. Курнос Иванның
әзір тұрған асына да қарамай, атына мініп жүріп кетті.
Соғыс ауыртпалығын көтерген қоңторғай халықтың,
әсіресе, осы бір өңі жұқарып тұрған үстіне мына бүлікші
келсе не болады? Балықшылар аулы мен бұл өңірдегі ке-
дей ауылдар баяғы он алтыншы жылғыдай тағы да оның
соңына еріп, іргесін жалаңаштап кетпесіне кім кепіл?
Онсыз да осы күні Ожар Оспан бір жаққа, Рамберді бір
458
жаққа тартып, өз ішінде де ауыз бірліктің берекеті кетіп
тұрғаны мынау!
Тәңірберген ширыға түсті.
* * *
Жол үстінде бір байламға келген жігіт ел жатқанша
екі-үш кісіні жан-жаққа шаптырып, бас-аяғы бір күннің
ішінде осы өңірдің игі жақсыларын жиып алды. Сол
күннің ертеңіне хабар тиген кісілердің алды келіп,
Тәңірбергеннің үйіне түсті. Келген кісілердің ішінде бұл
өңірдің белгілі ірі байлары – Мыңбай, Жүзбай, Жылқыбай
бар. Семіз сары Рамберді бар. Жалақтаған жігіттер үзік-
созық келіп жатқан кісілердің бас-аяғы жиналғанын
күтіп жатпай, сыйлы қонақтардың бас-басына қой сой-
ып, қазан көтере бастады. Буы бұрқыраған самауыр-
ларды қайқаңдап көтерген жігіттер қонақ күткен үйге
әкеліп жатты. Асқа тойған қонақтар бір-бір жастықты
қолтығына басып, жантайып жатып әр әңгіменің басын
бір шалған-ды. Бір ат жайын әңгімеледі. Өздері білетін
жердегі жүйрік аттарды бірінен соң бірін мақтап отырып,
бір кезде Тәңірбергеннің ақ арғымағын ауызға алды.
– Бәйгеге қосып көрдің бе?
– Жоқ...
– Бекер бағын байлап жүрсің. Жануар, ақ арғымақ
пырақ қой. Қанатты болмаса, тұяқтыда оған шақ келетін
жылқы бар дейсің бе?
– Сөз бар ма?! Оу, ақ арғымақ Көрұғылының қара
керінің тұқымы ғой. Теке-Жәуміт жылқыларының несін
айтасың, қуса – жетеді, қашса – кұтылады.
– Дүние күйіп кетсе де, ендігі жерде менің арманым
Тәңірбергенше бір түрікпенмен дос болып, тұлпар мініп
жүрсем деймін.
Мұны айтқан бұлардың ішіндегі ең аузы жеңіл,
459
аңқау Жылқыбай еді; оған жалғас отырған Рамберді ба-
сын бауырына алып, булыға мырс-мырс күлді. Бұнысын
үй ішіндегілердің ешқайсысы байқай қоймағасын ба-
сын көтерді. Ол тағы да Тәңірбергеннің көзін ала бере,
мына жағында отырған Мыңбайды бүйірінен түртіп,
мұрнының астынан міңгірлеп:
– Ойбай, мына қой баққан сорлының аңқауын қара.
Тәңірбергенді түрікпенмен дос боп, тұлпар мініп жүр
деп ойлайды екен ғой – деді де, теріс қарап бұрылып
кетті.
Төсек салатын болғасын қонақтар сыртқа шықты.
Жаңағы әңгімеден кейін Мыңбай мен Рамберді
басқалардан бөлектене берді.
– Мынау бізді неге шақырды екен?
– Қайдам. Бір есебі бар шығар.
– Ие-е, сұм ғой, есепсіз аяқ баспайды. Байқайсың ба,
бізді қатты сыйлап кетті-ау. Тегін бе осынысы?..
– Қайдам, торғайды тұзаққа түсіру үшін тары шашу-
шы еді-ау.
Екеуі қосыла күлді. «Торғай» дейді де, күледі.
– Қалай десең де сұм неме күшейіп алды. Ой, залым,
қазір шаршысына келіп тұр. Бір жағы – сауда, бір жағы
– ұрлық...
– Ие, солай! Атаң қазақ: «Ұрлық түбі – қорлық»
деуші еді-ау. Осы жігіт тым керелеп бара ма, қалай? Түбі
бір пәлеге соқтырмаса қайтсін?!
– Әрине, тергеусіз дүние жоқ. Жігіттерін қайта-қайта
аттандырып, түрікпеннің жылқыла рын қуып әкеледі
дейді ғой. Өстіп жүріп бір күні бізді түрікпенге талатпа-
са қайтсін?!
– Сүйтер мынау, сүйтпей тынбас, сірә.
Кейінгі жақтан бұларды іздеген дауыс шықты; қонақ
түскен үйге төсекті алдақашан салып тосып отыр екен.
460
Осы күннің ертеңіне Тәңірберген қонақтарына тағы
да мал сойғызып, ас-су беріп жайлап отырып, ұзақ-
сонар әңгіме бастады. Осы отырған игі жақсыларға
араларындағы кикілжің, реніш, ашу-араздықты та-
стап, ендігі жерге халықтың басын қосып, елдің
іргесін біріктіретін бүтіндікті айтып еді. Бұны рубасы
ақсақалдардың бәрі мақұлдады. Бұндайда ылғи да ішін
алдырмайтын қиын Рамберді ауызбірлік сөз болғанда
аналар құсап елп етіп қостай қоймаса да, ашықтан-ашық
қарсы болмай, үн-түнсіз көзін төмен салып ыңылдап
отыр.
Тәңірберген оның былқылдақтығын жақ-тырмай:
– Кәне, осыған бата қыламыз ба? – деп, көп ішінен
пәле басы Рамбердіге қарап еді, ол сонда да шешіле
қоймай, тек Тәңірберген қадалып отырып алғасын ғана:
– Дегенің білсін. Бірақ, әй, бала, сен өзің баяғының
жол-жорасын білесің бе? Баяғының үлкендері осын-
дай бас қосқан жерде «құр аяқ-қ-қа бата жүр-мей-й-ді»
– де-у-ші м-ме еді, қа-ла-й?..– деп міңгірлеп, сөзінің
аяғын күмілжілеу шұбатып, екі ұшты ой тастады да,
Жылқыбайдың сырт жағын ала бере көлбеп қисая кетті.
Тәңірберген бұларды жиғандағы ең басты шаруа-
сын кейінге қалдырып отырған-ды. Әуелі ауызбірлікті
мықтап алса, екінші шаруасының қиындықсыз оп-оңай
шешілетінін біліп еді. Ауызбірліктің түрі әлгі болды.
Рубасы ақсақалдар татуласу үшін де кешеден бергі бұл
үйден ішкен, жегенінің үстіне тағы бірдеңе дәмететін
сыңай байқатты. Бұған жас мырза ренжігендей боп
үндемей отырды да, сәл іркіліп барып әлгі кейінге
сақтап отырған ойын ортаға салды. Естуі бойынша ұзақ
соғыстан жілігі шағылған орыс әскері қару-жарақтарын
тастап, майданнан қашып жатқан көрінеді. Он алтыншы
жылы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттері де еліне
461
қайта бастапты. Орыс қалалары аш-жалаңаш. Ресей
халқы кәзір уақытша үкіметке қарсы көтеріліс ашып,
жер-жерде ереуілдеп жатыр. Ертең уақытша үкімет
құласа заман не болады? Онан кейінгі тірлік тұл боп, аяқ
басқа шығып кетпесіне кім кепіл?
– Ойпырым-ай, Тәңірбергенжан-ай, бар пәлені
үстімізге үйіп тастадың-ау.
– Апыр-ай де! Мынадан кейін дүниесі құрғыр тары-
лып, аспан алақандай, жер тебінгідей боп кетті ғой.
– Қайда барсаң – Қорқыттың көрі десеңші.
– Енді не істеуіміз керек?
– Менің де айтайын дегенім осы еді, – деді
Тәңірберген. – Қазіргідей ала қиғаш дүниеде алды-ар-
тын болжап отырған кісі ғана адаспайды. Ол үшін ара-
мызда көзі ашық оқыған азамат болғаны жөн.
– Е, оны қайдан табамыз?
– Табылады. Ел арқа сүйейтін оқыған азамат мына
Арқа жақтан шығып жатыр. Арыға бармай-ақ, өзімізбен
іргелес отырған Ырғыз бен Торғайда да оқыған азамат
аз емес. Олар партия құрып, газет шығарып, алаш аза-
матын Абылайдың ақ туының астына жиып, үш жүздің
баласының басын қосып жатқан көрінеді.
– Апыр-ай, ә?.. Солай ма?!
– Мынау біз есітпеген жаңалық қой!
– Жақсылық десеңші. Ие, Тәңірбергенжан, тағы
қандай хабар бар?
Тәңірберген мыналардың құштарлығына қарап
жаңағы сөзі бұлардың да тас бауырын жібіткендей көріп,
өзі де көңілдене бастады:
– Арқа жақтағы азаматтар әзір бізге назар ауда-
ра қойған жоқ. Бізді бауырына тарта қоятын сыңай
байқалмайды.
– Апыр-ай, ә?.. Солай ма?
462
– Ақ патша құлап, ақ діңгегіміз үзіліп тұрғанда, біз де
еңсе көтеріп, елдігімізді танытсақ, сүйтіп Арқа азамат-
тарына үн қоссақ деймін. Олар бізге өз аяғынан келме-
се, біз кісі жіберіп шақырсақ, қалай? Кәне, бұған қалай
қарайсыңдар? – деді Тәңірберген.
Жаңа ғана лаулап отырған жұрт кенет су сепкендей
сөне қалды. Бәрі бір кісідей көзін көтермей, басын ба-
уырына тартып, тұқырайып ала қойыпты. Тәңірберген
оларға барлай қарап, шыдаммен тосып отырғанда,
Мыңбай міңгірлеп:
– Қайдам, оның реті қалай болатынын. Оқыған
адамның бабы қатты болады деуші еді. Келтіруін келтіріп
алып, ертең пәле қылғанда оқыған тыраш немелердің
ойынан шықпай, Тәңірге жазып жүрмесек, – деп күдік
айтып еді.
Оған мына жақтан Жылқыбай үн қосып:
– Арнап шақырғасын, әрине, салмақ сені мен бізге
түседі. Шығыны да шаш етектен болатын шығар, – деді.
Ендігі қалғандары тымырайып Рамбердінің аузын
бағып отыр. Тәңірберген үнсіз. Келімге келгіштердің
өзі кері сиіп, икемге келмей қиғаш тартып жатқанда,
бұлардың ішіндегі ең бір қырысы қалың қыңыр
Рамбердінің келістірмесін біліп, бұл ойынан да ештеңе
шықпасын байқап еді.
Рамберді сирек сары мұртының астынан бір мырс
етті:
– Оқыған азаматты сырттан іздеп қайтеміз? Шын ке-
рек болса, сенің үйіңде де бір оқыған жігіт бар емес пе?!
Әншейіндегі үндемей жатып аяқтан шалатын әдет.
Сөздері жараспаған қонақтар «ау, бостан-босқа оты-
ра береміз бе?» – дегендей, бір-біріне қарады да, со-
сын ырғалып орындарынан тұрды. Ырғалып-жырғалып
киініп, түсін бермей томсарған қалпы үн-түнсіз тарап
463
бара жатты. Тәңірбергел сыр бермей, салқын қоштасып
шығарып салды. Кешегі патша ағзамның қазақ даласын-
да арқа сүйеген адамдарының сиқы әлгі... Олардың қай-
қайсысы да әлгі бір күншіл, күндес қатындай, өмір бойы
ауыл арасының бәсеке-партиясынан бойы асып көрген
емес.
Тәңірберген оларды, әлде өзін мысқыл-дағандай
мырс етті. Тым құрыса, тап қазіргідей тағдыр таразыға
түскен аумалы, төкпелі алмағайып заманда, жөн таппай
тұрғанда ақылдасар адам болмағанына қиналды. Ағаның
сиқы – Алдаберген. Ақбаланы ауылдан қуып, Сүйеудің
сағын сындырғанға мәз. Сонан бері софы ағасы мен
бәйбіше бұған ырза. Көзі ашық, оқыған інісімен екеуінің
арасы кәзір тіпті бұрынғыдан бетер суысып, келімге
келмей, кереғарланып барады. Інісі бұған түсінбейді.
Бұл інісіне түсінбейді. Бір түндік астында бірге өссе
де, бүгінде өрістері басқа. Кедейлерге жаны ашып,
ет бауыры елжіреп тұратындай сияқты еді, Орынбор-
дан осы келгенінде тістеуік аттай кіржіңдеп, олардың
өзін жақтырмайды. Сондай кезде інісінің қай жақтың
сойылсоғары екенін білмей, дал болады. Бұл не?
Ілелі, сырқат жанның бабын таптырмайтын әдеттегі
кінәмшіл, күйгелек, шамшылдығы ма? Әлде мінезсіздік
пе?
* * *
Темірке кәзір көңілсіз. Федоровтың промсолы
бұның қашаннан бері көкейін тескен арманы еді, сәті
түсіп оған да қолы жетіп, шаруасы шаршысына енді,
енді келе бастағанда, и, и Алла, Алла қайм ақ патшаның
аяғы аспаннан келді де, үйінің үстінен үзігін ұшырып
түсіргендей, көңілі құлазып сала берді. Шүші, қаһар
464
соққыр қазақлардың аңыраған даласында кішкентай
қалада өз күнін өзі көріп, тып-тыныш өмір сүріп жа-
тыр еді, түрік майданынан бір шоқыншық келді де,
тыныш өмірдің шырқы бұзылды. Күндіз түгіл, түнде
дұрыс ұйқтай алмайды. Ереуілге шақырған ұрандар
осы шаһардағы қызыл, көк шатырлы әтібірлі үйлердің
қабырға, қақпаларына ілініп қалатын болды. Дәл
сондай жан түршіккендей бұзық сөз бұның үйіне де,
дүкеніне де үйір боп алды.
Сонан бері ұйқы жоқ. «Тұр! Тұр!» деп жұлқылап
қатынын оятады. Жұрттан бұрын тұрады да, қалтырап,
дірілдеп жүріп, қаһар соққыр әлгі шоқыншық
Мюлгаузеннің қақпаға жапсырған қағаздарын жұлып
ап, отқа өртеп әлек боп жүргені...
Шүкір, сауда талайы жақсы. Теңіз – түпсіз байлық.
Келер көзі кең. Қыста да, жазда да, науадай құйылады
да жатады. Бүгінде ел жата бергенде сырттан бақырған
түйе мен дабырлаған дауыс шықты. Сергек жататын
құс ұйқы Теміркенің бүйірі бүлк етті. «Тұр-тұрлап»
қатынын оятты. Өзі де төсектен атып тұрды. Қолына
іліккен бірдеңеге қарап жатпай иығына іле салды да,
сүрініп-қабынып сыртқа ұмтылды. Бұл жеткенше
мына жақта күзетші шал қақпаны ашып
алыс жолдан
ауыр жүк тартқан түйелер асықпай ақырын қозғалып,
кең аулаға кіріп жатыр екен.
– И, шушы қазақтар-ай... Неге кешіктіңдер? Осынша
айналғандарың ни?
– Кір-қоңымызды жудырып...
– Қой, қой инді! Сендер кір-қоңдарыңды жуып
жатқанда, шоқыншық Ебейсін қаланы балық сасытып,
тағы да алдымды орап кетті, вит.
Кіреші қазақтар сөз таластырмады. Татар байының
әр кездегі үйреншікті байбаламын үнсіз тыңдап, қорада
465
жатқан сары табан қарды сықыр-сықыр басып жүріп,
тоң балықты кең қораның түп жағындағы қуысқа сатыр-
латып үйді. Белінен жүгі түскен түйелер пысқырып, бей-
жай күйіс қайырып жатыр.
Темірке ел қазағы әкелген нәрселерді жақсы көрсе
де, олардың өздерін жақтыр майтын. Бойыңа сәл
жақындатсаң, олар өздерінің ауылдағы мінезін қалада
істеп, билеп-төстеп, басыңа шығып кететінін біледі.
Сосын Темірке оларды алысырақ ұстау үшін ауланың
түп жағында оларға кішкентай үй салды. Қазан-ошағы
бөлек. Бұл өңірдің би-болыстары мен байлары болмаса,
былайғы қазақты әлгі қонақжайға түсіруші еді. Бүгінгі
кірешілердің арасынан... дәм-тұзын талай татқан, теңіз
өңірінде өзімен қай заманнан сыйлас, қадірлес бай үйдің
жас келіншегін әлгінде масқара болғанда байқамай кеш-
теу көріп қысылып қалған Темірке аяқ астынан абдырап
сасып, қалбалақтады да қалды. «Неге келді екен?» – деп
ойлады. Әдетте қыз ұзататын, келін түсіретін кезде бай
ауыл сенімді бір кісісін арнайы қалаға жіберіп, керек-
жарағын үйіп-төгіп әкететін...
Темірке қалталы келіншекті қолынан шы ғар ғысы
келмеді. Алғашқыда қалай жағынарын білмей, мына
келіншек мырзаның жас тоқалы екенін білсе де, оның
көңілін қалай табудың есебін таппай, көрген бойда оны
«бәйбіше» деп жалпылдап ала жөнелді.
– Ә, бәйбіше, аман-сау барсың ба? Мырзаның дені-
қарны сау ма?
Ақбала үндемеді.
– Бәйбіше, пәуескең қайда? Қазір заман жаман, вит.
И-и, Алла... шүші күні халықтың пиғылы бұзылған. Шу-
лай! Пәуескені сыртта қалдыруға болми – деп, сыртқа
жүгірмек болған татар байын Ақбала шаққа тоқтатты.
– Мен... мен мына кірешілерге ілесіп...
466
– Оқасы иоқ, оқасы иоқ... Қазір бұрынғыдай бап
талғайтын заман емес – деп, Темірке жуып-шаймақ
болса да, ішінен боқтап: «Ит қазақ байлықты басына
жарата білмей. Аларның байлығы арам өлген малмен
тең», – деді. Темірке бұлардың бұнша көлікпен келгенін
білгесін, қалада айналмай, бір түнеп шыққасын ертеңіне
елге қайтарын білді. Мына келіншек те керек-жарағын
алғасын ілесіп келген кірешілерден қалмас, қайтар деп
ойлап, қонақұйге жібермей, қасындағы кісілермен бірге
өз үйіне түсірді.
Өздеріне осынша сый-сыяпат көрсетіп жатқасын
кіреші қазақтар ештеңеден қыңбады. Әй-шәй жоқ
сықырлаған қалың киімдерімен төрге шығып, сарала
төсектің үстінде талтайып тұрып үсті-басын жеңілдеп
шешіне бастады. Есік жаққа тастаса ар жағынан біреу
алып кететіндей, зілдей етіктерін гүрс еткізіп ірге жағына
тастай салды.
Теміркенің әйелі сыртқа ата жөнелді.
– И-и, Алла! Алла қайым! Шушы қазақтар өз үйінде
де итігін төрге шеше ме?
Темірке де осы өмірде қазақтардан әбден көңілі
қалып, түңіліп біткен кісіше қолын сілкілеп зарлап қоя
берді:
– Қой!.. Қой уларны! Бұ шоқыншықлар отызға килсә,
аларның итігі алпысқа килә, вит.
Қонақтардың алдына дастархан жайылды. Шай
үстінде Темірке тағы да Ақбаланың асты-үстіне түсіп,
кесесін өзі алып беріп: «Бәйбіше, іш, же» – деп, ерекше
ықылас білдіре бастады. Ақбала қысылып барады. Бой-
ын мықтап суық алыпты. Жылы үйге кіргесін де жуық
арада өзіне-өзі келе алмай, қолы, аяғы бүрісіп тітіркеп
қап отыр.
– Бәйбіше, бұрын қалаға келіп пе едің? – деді Темірке.
467
– Жо-қ...
– Оқасы жоқ, оқасы жоқ... Бұйырса жаз айында да
келерсің. Жазда қала әйбетірек болады. Көшелерде те-
рек-талдар. Қала іргесінде көл бар. Тек теңіз жағасынан
келген кісі көлді менсінеді дейсін, бе? Хе-хее!..
Темірке көзі жылтыңдап қонақ келіншекке қулана
қарады. Осы қарасы әнебір кездегі Судыр Ахметтің ұры,
тышқан көзіне ұқсады да, Ақбаланың жаны түршігіп
кетті. Аузындағы сөзін айта алмай, түсі қашып отырып
қалды. Оны Темірке өзінің әлгі әзіліне қысылып қалған
екен деп ойлап, ұзын мойнын ішіне тығып ала қойды.
Қонақ келіншектің ұялшақтығын да, аңқаулығын да
ішінен ұнатып, шықылықтап күліп, жанынан кетпей жүр.
– Шайдың қызылы кесілмесін. Бәйбішеге қызылын
баса құй!..
Ақбала балық тиеген шана үстінде бүрісіп келе жа-
тып от жаққан жылы үй мен ыстық шайды аңсаумен
болған-ды. Бір-екі кесе ішті ме, жоқ па, кенет ештеңеге
зауқы шаппай тартыншақтап қала берді.
– Ертең қайтатын боларсыңдар? – деді Темірке
кірешілерге қарап.
– Иә, бай, ертең қайтамыз.
– Бәйбіше ше?
– Ақбала... Ақбалажан... – деді қарт кіреші күрмеліп.
– Мен... Менің жөнім басқа...
– Иә, иә, бәйбіше, асылы, син асықпа. Керек-
жарағыңды ал. Өзім көмектесем. Бәйбіше, шайың суып
кетті. Шай ал! – деді Темірке.
Ақбала тап осы қазір не істеп, не қойып отырғанын
біліп отырған жоқ; татар бай не айтса да аузынан шыққан
әр сөзден шошып қап отыр еді. Темірке: «Шайың суып
кетіпті» – дегенде, Ақбала алдында тұрған кесені аузы-
на қалай апарғанын байқамады. Ыссы шайды аңдамай
468
ұрттап алғанда, көзінен жас ыршып кетті. Абырой
болғанда Темірке оны байқамады.
– Күні кеше Орынбордан көп зат әкелдім. Бәрі әйбат.
Матур, асыл инді. Дәл үстіне келдің.
– Бай... білмейтін шығарсыз... Мен-н... Мее... –
Ақбала сөзінің ар жағын айта алмай, түсі бұзылып, ерні
дірілдеп тоқтады. Мына үйдің өзіне көрсеткен құрметі
мен ағыл-тегіл асын арсыздықпен алдап-сулап ішіп-жеп
отырғандай сезінді де, тамағынан өтпей қойды,
Кірешілер Ақбала ши шығарып алатындай корқып,
сәт сайын бір-біріне сасқалақтай қарап қыпылдап отыр.
Ақбала аузын ашып келе жатса жалма-жан алдын орап,
оған:
– Айналайын, тоңып келдің, ас ал, іш, же! – деп жал-
пылдап, сөзін бөле берді.
– Иә, иә, бәйбіше, шай іш! Мынау жент. Женттен же!
– Бай... Сіз менің жайымды білмей отырсыз. Мен...
мен мұнда жел айдаған қаңбақтай...
– Шырағым-ай, ертең де күн бар ғой. Кейін айтсаң
да болады ғой, – деді керуен басы. Сосын ол Теміркеге
бұрылып, – жолға шыққан кісі, шынында да, жел айдаған
қаңбақтай ғой. Және қыс айындағы жол қандай қиын.
Ақбалажан қатты тоңып келді, – деді.
– Иә, шулай! И-и, балақайым, тоңғансың... тоңғансың
инді – деп, Темірке жүгіріп барып, көп бөлменің бірінен
түлкі ішік әкелді. Ақбаланың қысылғанына қарамай,
ішікті арқасына жауып жатып та, – тоңғансың...
тоңғансың инді, – дей берді.
– Айтары жоқ, жол алыс, күн де керемет суық... – деді
кіреші шал.
– Иә, иә, суық! Суық, вит.
– Тоңып, шаққа жеттік.
– Тоңғансың! Тоңғансың! Мырзаның шаруасы қалай?
469
Ақбала бай ауылдан қазір өзінің жөні басқа екенін
айтқысы кеп оқталып еді, оған бірақ лүпілдеп қатты
соғып кеткен жүрегі аузына тығылып, тоқтап қала берді.
– Мырзаның несін айтасың? Шөбі көп, қорасы жылы.
Қыстан жақсы шығатын... – деп, қарт кіреші бұл жолы
тағы да Ақбаланың алдын орап кетті.
– Е, бәрекелде, жақсы, жақсы екен.
– Құдай берген адам ғой. Мырзаның жағдайы жақсы.
Бай, қазір... базарда балықтың нарқы қалай?
– И, Алла... Сұрама, сұрама. Шоқыншық Ебейсін
балықты көп әкеліп, тіпті арзандатып жіберді. Мына
балықты жары бағасына өткізе алсақ жақсы.
– Қап, осы сұмырай алдымызды орай берді-ау!
– Ол әлі де орайды. Қазақта «Ұйықтаған – ұйқы ала-
ды, ұйықтамаған – жылқы алады», – деген мақал бар.
Міне, бұл жақсы... бик жақсы мақал.
Осыдан кейін кірешілер жайбарақат, бей-жай оты-
рып сораптап шайларын ішті. Темірке олардың қаперіне
түк кірмей, меңіреу, керең кісідей иманы селт етпеген
түріне ызалана қарады. «Бұларға сөз өтпейді. Түйе...
түйе, вит...»
– Алдаберген софы қуатты ма? – деді Темірке.
– Қуат-ты.
– Ораза ұстаушы еді ғой. Аузын әлі ашпаған болар?
Әй, ул бик ғажап кісі... Құдай жолын қатты тұтады...
Софыға лайық заттар бар минде. Бұхардың ала жібек
шапаны бар. Жайнамаздық...
– Айтқандай, бай... сізге мырза сәлем айтып жатқан.
Жаз шыға теңіз жағасынан төбесін темірлетіп үй
салмақшы. Темкеңе сәлем айта барыңдар, ағаш, тасты
әзірлете берсін. Шебер ұста тауып қойсын. Ақша аямай-
мын. Ырза қылам деп жатқан...
– Иә, ул ақша аями. Өзім білетін қазақта ондай қолы
470
ашық жігіт иоқ. Басқан ізінде байлық шашылып жатады.
Осы жолы қалада көбірек жатты емес пе?! Елге қайтарда
дүкенге кіріп, и-и, жаным... көк ала ақшаны шушылай
уыстап алды да, менің алдыма тастай салды. Санаған
иоқ. Келініңе ең қымбат жібектен көйлек керек деді.
Мырзадан мен де ештеңе аямаймын. Тығулы жатқан
қызыл атласты әкеп бердім. Өрттей... Өрттей қызыл.
Әйбәт. Асыл инді.
Ақбала түсі бұзылып, төмен қарап отырып қалды.
Темірке аң-таң. Ертең қойны-қонышы толған көк ала
ақшаның басы-көзіне қарамай ағыл-тегіл зат алып,
қаланы базарлап қайтуға келген жас мырзаның сүйікті
тоқалының алдында жалпылдап, көңілін таппақ болған
жаңағы қолпашы неге, қалайша бәлекейдің жақпас
жағынан шығып, жаны ауыратын жеріне қатты батқанына
қайран. Бұнда не сыр бар? Әлде мырза қызыл атласты
тоқалға емес, бәйбішеге алды ма? «Ии, Алла, бұл қаһар
соққыр қазақтың байларының қай ісінің қайда апарып
соғарын біліп болмайсың инді».
Темірке өзінен кеткен ағаттықты жуып-шаймақ боп:
– Қатты тоңғансың, жаным. Жылы оранып жат.
Ұйықтап тұрғасын жазылып кетесің. Ештеңе ойлама.
Саған керек затты, ең асылдарын ертеңге дейін әзірлеп
қоям. Мырзаның үйіне не керек екенін білем. Мырза
қымбат нәрселерді ала...
– Қам жемеңіз, бай. Бүгінде онан... онан менің жөнім
басқа, – деді Ақбала.
Төр алдында көсіліп жатқан кірешілер аяқ-қолын ба-
уырына қалай жиып алғанын байқамады. Ақбалаға ыза
боп: «Қап, құртты-ау. Ас-су ішіп әлденіп алғанша тұра
тұрса қайтеді екен», – деді іштерінен.
Жаңа ғана жайраңдап отырған Темірке кенет майы
таусылған шамдай, көз жанары сөніп кетті. Бар денесі
471
бір уыс боп бүрісе қалды. Есік жақта шай құйып отырған
күтуші қатынға күңк етті:
– Шорылдатып құя бердің ғой. Құдықтан суармасаң,
бұларды шайға қандыра алмайсың. Енді қалғанын
қонақүйге барып ішсін.
– Ауылдан алып шыққан етіміз бар еді.
– Қонақүйге барыңдар. Сонда асып жеңдер.
Қонақүй есік-терезесінен жел улеп тұратын жайдақ
бір бөлме. Пеші түтін тартпайтын. Жылы үйден шыққан
кісілер қонақ үйге келгесін шешінбей, қалың киімдеріне
қымтанып жатып қалды. Ертеңіне ерте оянды. Азын-
аулақ пұлына шай, шекер, кездеме алды да, Ақбаламен
қоштасып жүріп кетті.
Екі-үш күн жатқасын татар байының үйі Ақбаланы
жақтырмай, кіржіңдеп қабақ шыта бастады. Басқадан
бұрын Теміркенің әйелі сыйғызбауға қарады. Шама-
сы, сұлу келіншекке күйеуінің көзі түседі деп қорқып,
қызғанатын сияқты.
Ақбала байы тастады деген қорлық атаққа көніп
еді. Оған енді жез қоңыраудай шүлдірлеген тікбақай
келіншектің зәбірі батты. Бір сыласын тапса өзі де бұл
үйден кетпекші. Бірақ... қайда барады? Кімнің босағасын
сағалайды?
Ақбала оңаша үйде мұңайып отырып кайта-қайта
кешегі кірешілерді ойлап кете берді. Олар, әрине, ауылға
жетті. Үйлеріне барды. Қатын-баласына қауышты. Көрші-
қолаңдар жиналып қала жаңалығын сұрап, қауқылдасып
мәре-сәре боп жатыр. Ақбала жақсы болар, жаман болар,
өзіне сондай бір ыстық ұяны аңсап, шерлі жүрек қатты
сығылып кетті. Қимылсыз көз жасқа толып барады. Таң
атқалы нәр татқан жоқ. Бай үйіне баруға бетінен басады.
Қалаға шығып, талап қылғысы келсе де, көше көрмеген
әйел Темірке үйінің бұрышын айналса арам өлетіндей,
472
басы қатып отыр еді; сол үстіне Темірке кірді. Қасында
ілмиген біреу. Кірпігі, қасы, үсті-басы ұн-ұн.
Ақбала түрегелді. Темірке есіктен кіріп келе жатып
түйеден түскендей қып:
– Саған бай керек ме? – деді бірден.
Ақбала беті ашылмаған жас қыздай ду ете қалды.
– И-и, пақыр, неге ұяласың? Бұл қала. Әнуар, сен
де ұялма! – деп, Темірке өзінің тасасынан шыға ал-
май, сыртында тұрған ұзын сарыға бұрылды. Сосын өзі
көземелдеп жібермесе, оның өздігінен аяқ баспасын білді
де, қолынан жетелеп Ақбалаға апарды. Ақбала жерге кіре
жаздап барады. Бір кезде алақаны былжыраған әлдебір
мұп-мұздай жасқаншақ қол қолынан батылсыз ұстап еді,
онсыз да төңірегінен түк сезбей, сүлдері шаққа тұрған
әйелдің денесі дір етті. Қолын дереу тартып алды.
– Бұл әфенденің есімі Әнуар. Матур жігіт. Қаладан
шушыдан артық жігіт таба алмайсың.
Сүйдеді де, Темірке екеуінің қолын бір-біріне ұстатты
да, қалған шаруаның есебін өздерің табыңдар дегендей
сыртқа шығып кетті.
Оңаша қалғасын Ақбала оған көзінің астымен абай-
лап қарап еді. Үсті-басы ұн-ұн ұзын сары не істерін
білмей, қипақтап тұр екен. Жас шамасын айыру қиын –
көсе. Беті түктеніп, ұзын мұрынның үш жағы қызарып,
бар бітімінен аяныш сезіледі. Ақбала өзін ұстайын деп
қатайып көріп еді, бірақ... адыра қалғыр мына дүниеде
өзінің басы қаншалықты қор болғанына көзі енді ғана
жетті де, жылап жіберді.
Темірке есік сыртында тұрып, құлағын қанша тіксе
де, іште қалғандардан үн шықпады. Шыдамай, ішке
қайта кірді. Келіншекке, жігітке қарады. Жаңа өзі
қалдырып кеткен жерден тырп етпепті. Әйел сырт айна-
лып, қос қолымен бетін басып апты. Иығының басы дip-
473
дip етеді. Әнуар солбырайып сүдіні түсіп кеткен. Өзіне
қалғанда келіншекпен оңаша үйде бірге түнеп шықса да,
түк бітірмесін білді де, Темірке ішке кіре сала Әнуарды
жетелеп Ақбалаға апарды да:
– Әйеліңді үйіңе апар! Бар! Бар инди – деп, екеуін
әй-шәйге қаратпай итермелеп сыртқа шығарып жібермек
боп еді. Ақбала татар байын шарт еткізіп жақтан тартып
жіберді.
– О, сұмырай! Тарт қолыңды! Мен сенен бай сұрап
па едім. Баспана сұрап едім ғой.
Темірке құп-қу. Шапалақ тиген жер дуылдап,
шүңірейген шүңейт көз шатынап шыға келді. Енді ол
ештеңеге қарамады. Есін енді жиып, тіл қатам дегенше,
Ақбала сүмелек сарыны өзі жетелеп сыртқа шығып та
кетіп еді.
Достарыңызбен бөлісу: |