Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы


КІРПІ Инесі көп, жібі жоқ, Түймесі жоқ, түгі жоқ. САҚАУ



Pdf көрінісі
бет10/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17

КІРПІ
Инесі көп, жібі жоқ,
Түймесі жоқ, түгі жоқ.
САҚАУ
Борды «бор» демейді «бол» дейді,
Торды «тор» демейді «тол» дейді,
Орды «ор» демейді «ол» дейді,
Ырым «р-ын» қашан жөндейді?
 ҚАЗАҚ ТІЛІ
Қазақ тілі – ана тілім,
Көне тілім, жаңа тілім.
Ұрпақтардан ұрпақтарға
Мұра болып қалатұғын.
Абай тілі, Сəкен тілі, 
Бабам тілі, əкем тілі, 
Сені сыйлап, қастерлеумен 
Мұратыма жетем түбі.
Халқымыздың азаттығы, 
Салтымыздың ғажаптығы, 
Жасай берер, жайнай берер 
Өзің барда, Қазақ т ілі!
КҮЗ
Аспанда ала бұлт аунайды , 
Түтілген түбіттен аумайды, 
Тентек жел 
Теректі тербетсе, 
Сап-сары жапырақ саулайды.

223
Үйшікте ит жатыр шəуілдеп, 
Апам жүр:
– Жауады жауын, – деп. 
Біз болсақ бақшада отырмыз, 
Сап-сары, тəп-тəтті қауын жеп.
ҚЫС КЕЛДІ
Қар жауыпты, алақай, 
Кием енді малакай.
Қар қалың боп жауыпты, 
Жолды бітеп, жауыпты.
Қолға күрек алайын, 
Қар күреуге барайын.
Апама жол ашайын, 
Ақ сырғанақ жасайын.
Жасап қойсам сырғанақ,
Тұрар екен кім қарап?
САБЫРСЫЗ
Ойнай-ойнай қарны ашып, 
Үйге келіп Байдалы, 
Ыстык с үтке жармасып, 
Күйіп қалды таңдайы.
Ас іше алмай Байдалы, 
Тырысады маңдайы. 
Аздап сабыр сактаса 
Күймес еді таңдайы.

224
ҚАЛАМ
Қаладағы ағам 
Сыйға тартты маған: 
«Жаксы оқып, жаз!» – деп, 
Кі п-кішкентай қалам.
Қандай жақсы қалам! 
Рахмет, аға, саған.
Хат жазайын десем, 
Жазуым əлі жаман.
БАҒДАРШАМ
Светофор – бағдаршам, 
Қарсы алдымда жанған шам.
Күндіз, түні, түс кезі,
Жанып тұрар үш көзі.
Өтер кезде көшеден 
Қарап алам неше мен:
Жасыл шамы жанғанда 
Алға қарай аттаймын,
Сары шамы жанғанда 
Сақтық жасап, тоқтаймын.
Қызыл шамы жанғанда 
Қозғалып та жатпаймын.
Көшелерден өтудің 
Ережесін сақтаймын.
Бағдаршам ба, бағдаршам, 
Пайдалы екен аңғарсам.

225
АСТАНА
Жаңа қала, жас қала, 
Жас болса да бас қала, 
Сарыарқаның төрінде 
Бой көтерген Астана.
Үйлері бар үлдедей,
Көшесі бар бүлдедей. 
Жап-жарық боп тұрады 
Күндіз демей, түн демей.
МЕНІҢ ОЙЫНШЫҚТАРЫМ
ДОП
Добым, добым, домалақ,
Тоқтамайсың домалап.
Үстел үстін бүлдірдің,
Тєрелкені сындырдың.
Тентек болып кеттің деп,
Тұрмын сені тепкім кеп.
МАШИНА
Үлкен болдым десем де,
Ешкім маған сенбейді.
– Жалғыз жүрме көшеде,
Кішкентайсың сен, – дейді.
Үлкенмін ғой міне мен,
Ойыншықтарды жинаймын.
Машинама мінер ем,
Орындығына симаймын.

226
ПОЙЫЗ
Таусылмайтын жолы ұзын,
Мынау менің пойызым.
Тық-тық,
Тық-тық,
Жолға шықтық.
Тақ-тұқ,
Тақ-тұқ,
Шамды жақтық.
Беп!
Жолдан кет!
Тақ-тұқ,
Тақ-тұқ,
Керек сақтық.
ҚУЫРШАҚ
Жетелесем – жүрмейді,
Қуыршағым жалқау,
Ешбір тілді білмейді,
Аузын ашқан аңқау.
Жуынбайды жуынсақ,
Бұл не деген қуыршақ?
Тығылмайды тығылсақ,
Бұл не деген қуыршақ?
Бір,
Екі,
Үш,
Төрт,
Бес,
Қуыршақтың тұсауын кес!

227
– Қуыршағым, қаз-қаз,
Қыдырайық аз-маз.
КРАН
Бар ғой менің краным,
Кранымды бұрамын.
Ілгегіне іліп ап,
Жүк көтеріп тұрамын.
Терезені көтерем,
Керегені көтерем.
Үй тұрғызып болған соң,
Неменені көтерем?
Көтеремін балықты,
Көтеремін тауықты.
Мен көтере алмаған,
Бір-ақ ойыншық қалыпты.
Краныма тек қана
Ілінбеген доп қана.
ТАНК
Менің  танкім жүреді,
Қорасына кіреді.
Тоқта десем тоқтайды,
Ешкімді де атпайды.

228
ЖАҢЫЛТПАШТАР
* * *
Гүлжанат қуыршаққа үйірсек,
Нұрғанат 
құлыншаққа үйірсек.
Гүлжанат Нұрғанатқа 
құлыншағыңды бер дейді,
Нұрғанат Гүлжанатқа құлыншағын бермейді.
* * *
Трамвайсыз жүре алмайтын Қыраубай,
Қарғып мініп тыраңдайды құлардай.
* * *
Саттар кептер сатып азып жүр,
Тоқтар көкпар тартып қажып жүр.
* * *
Ешкіден көсем шықса да көсе шықпас.
* * *
Отағасының босағасына қошақан да сүйкенеді,
Ботақан да үйкенеді.
Отағасы қошақанның босағаға сүйкенгенінен сескенбейді 
Ботақанның босағаға сүйкенгенінен сескенеді.
* * *
Түрі – алабажақ,
Тілі – шалақазақ.
* * *
Шахмат білетін Ахмет 
Шахмат білмейтін Шахметке тап келді,
Шахмат білмейтін Шахмет
Шахмат білетін Ахметке мат берді.

229
* * *
Қарағайда ала қарға отыр,
Қарағанда бала қарға отыр.
Бала қарға ала қарғаға қарақтайды,
Ала қарға бала қарғаны жолатпайды.
* * *
Қалтайдың бүркіті алтайы түлкі ілді,
Нартайдың бүркіті бүре алмай іркілді.
* * *
Асқабақ - басқа бақшада босқа жатса да асқабақ,
Босқа жатпаса да асқабақ.
* * *
Майқарағай басында мал қараған бала тұр,
Балқарағай қасында бал қорыған шал отыр.
* * *
Қырық сəурікті сынық құрықпен түріп қудым.
* * *
Атан тайраңдағанмен 
Атам қайран қалмайды.
Атан суға суатта қанғанмен,
Атам жуықта шұбатқа қанбайды.
* * *
Қайып Жайықта қайықпен жайын аулады,
Жайын Қайыптың қайығын омыраулады,
Қайыптың қармағы жайынды үркітіп қоңыраулады.
* * *
Бөдене дөдегеге қонбас, көдеге қонар болар.

230
 АНА МЕН ЖОЛБАРЫС
(Аңыз)
I
Соғыстың кезі. 
Күз еді.
Сыбысы алыс жеңістің, 
Ақсабан күзде түз елі 
Масағын терді егістің.
Сарабдал аңыз сарғайған, 
Шұбартты жұртпен құба бел. 
Хат күтіп жүрген майданнан 
Көз жасын жұтты бір əйел.
Күн қызып, 
Зауал ауған шақ, 
Қыранда өрген қалың жұрт,
Жорықта жүрген жарды аңсап, 
Күрсінді мұңды қалыңдық.
Атыздың бойын қуалай, 
Əйелдер жылжып барады. 
Бəрінің жаны жаралы, 
Көбінің киімі қаралы.
Жуықта тұрды бір арба, 
Жанында өгіз жайылып, 
Арбада сəби жылауда, 
Жұбатар жан жоқ қайрылып.
Арбада жатты жас бала, 
Қапталда – қаулан, қамысек. 
Дəртеге қонды жасқана 
Ұядан ұшқан бəбісек.
Жанары мұңды 

231
Жас ана,
Иініне ілген дорбаны,
Қармаса дəнді – қолдары, 
Шолады көзі – арбаны. 
Ұлының үні жетпейді, 
Омырау сыздап июде. 
Елгезек ана ептейлі 
Еңкейіп дəнді ілуге.
Бəбісек кенет ары ұшты. 
Арбада сəби қалды аңыс. 
Сол бір сəт... 
Жайқап камысты, 
Қалыңнан шықты жолбарыс.
Мүйізін кезеп кəрі өгіз, 
Тарамыс бойын ширатты. 
Өкіріп көкті шулатты, 
Дəртені түптен қиратты.
Анадан шығып жан дауыс, 
Ұмтыла беріп жығылды. 
Сəбиді ілген жобарыс 
Қамысқа сүңгіп тығылды.
Жасырынғандай күн елден, 
Бүркенді сол сəт аспан бұлт. 
Қамыс тұр сұсты сүренмсн, 
Алыста таулар түнерген, 
Жылаған Ана. Сасқан жұрт...
II
– Бөбегім! –
дейді жас Ана, 
Өксігін жұтып шашала. 
Аңысын бағып бұл істің 
Күміс күн тұрды тасада.

232
Ошарылды ел арбаға, 
Өңдері қашып бозарып.
Басалқы айтты толғана, 
Көнекөз бір қарт сөз алып:
– «Жағадан жаулар алғанда, 
Етектен бөрі шалған да. 
Мұрсатгы кімнен сұрарсың, 
Ынсапсыз мынау жалғанда.
Аһ ұрма, қызым,
аһ ұрма,
Қайғы емес,
жеңдір ақылға, 
Жамағат тегіс жылап тұр, 
Жанашыр жұртың – жатың ба?
Жорықта жүрген азамат, 
Елім бар дейді соңымда, 
Жарым бар дейді соңымда, 
Жылауың –
жаман ырымға.
Біз дағы түстік бір отқа, 
Қарағым,
соны сезінгін, 
Қамкөңіл көпті жылатпа, 
Көрсетпе жасын көзіңнің!
– Қайтейін, Ата, жыламай, 
Болып та тұр ма бұл оңай?.. 
Қанаты сынса қайтеді, 
Қараша қаздар құламай?..
Ұлымды құдай алғанша, 
Ет кессе еді етімнен. 
Жорықтан жарым оралса, 
Қарсы алам қайсы бетіммен?..

233
Жалғыз да еді атадан. 
Қалсыншы сөнбей оты аман.
Тұяғын тірі қалдырар 
Амалың бар ма, Атажан?..
– Берік бол, қызым,
бол берік, 
Беруші болма көзге ерік, 
Мергенге хабар жіберсек, 
Жолбарысты атар сол келіп...
– Мергенге дейсіз? 
Ол қайда?
Жатыр ғой жырақ шалғайда, 
Мылтықты мерген келгенше, 
Қарғамды жұтып қоймай ма? 
Сізден де қайран таусылса, 
Сөнгені шығар жарығым, 
Сұраған шақта жар ұлын, 
Көрсете алмаспын қабірін!?
– Тірелмес дауға түзік бас, 
Мұнда бір сыр бар біз ұқпас. 
Патшасы аңның жолбарыс 
Бөбекке бекер кызықпас.
Есіңде бар ма,
болатым, 
Соғыстан бұрын сона күн, 
Саятта жүріп күйеуің 
Жолбарыс атқан болатын.
Жолбарыс ату – 
ер ісі,
Бар шығар үйде терісі, 
Бодауы болар дəл соның 
Барыстың мынау келісі.

234
– Бəрі рас, Ата,
бəрі рас, 
Қайғыда қалдым арылмас...
Боларын тіпті кім білген 
Бəленің бəрі тамырлас?
– Тағдыры қырыс тартқанда, 
Кетеді қайран қарттан да, 
Жолдасы ерлік жігіттің 
Жолбарыс сынды жортқанда.
Бар екен тағы бір амал, 
Құлақта қалған жорамал: 
Барыстан ықпас ер керек, 
Баланы барып сол алар.
Ол ерге шарт та, 
Сөз де ерек, 
Ол ердің сыны өзгерек. 
Барысқа барар батылға, 
Барысқа бітер көз керек!
Мен білсем,
бала тірі əлі, 
Кім барып алып шығады? 
Қопаның іші – алаңкай, 
Барыстың сонда тұрағы.
Ол рас, мерген кеш келер, 
Үміт бар біздер ескерер – 
Аң ықпас адам оғынан, 
Көзінен ғана сескенер!
Оқта емес, көзде кезек тұр, 
Тек бір ой мені тежеп тұр. 
Арыстың бəрі майданда, 
Табылар ма еркек өжет бір?!

235
... Сақалын қарттың жас жуып, 
Жұртшылық қалды тас тынып. 
Уһілеп біреу сыңсыды, 
Біреулер төмен басты иіп.
Тек Ана тұрды қасқиып, 
Көзінің жасы кеппеген, 
Тағдырға деген өкпемен, 
Соғысқа деген кекпенен.
Тұтасты бұлттар көктегі, 
Тырп еткен пенде жоқ тегі. 
Дүние жым-жырт. 
Тек Ана
Қопаға жалғыз беттеді!..
III
Жолбарыс жарған жолменен, 
Алаңнан шықты көлденең. 
Жолбарыс жатыр, 
Бала – бар!..
Ербеңдеп жатыр – өлмеген!..
Баланың балғын білегі, 
Азуына аңның кіреді. 
Аранын ашқан барысқа 
Талпынып сəби күледі.
Тажалға қарсы жүрді Ана, 
Ойында – бала, 
Бір бала...
Жыртқышқа қадап көз сұғын, 
Қанына қатып сұрлана.
Жолбарыс көрді Ананы, 
Жанары шоқтай жанады. 
Жүгіріп кетті толқын боп, 

236
Жотасындағы жолағы. 
Құйрығы шұбар жыландай 
Ширығып жерді соғады.
Есік пен төрдей тұрқымен, 
Күзірлі,
зəрлі сұрқымен,
Жиырып бойын жиналды, 
Жем көрген жыртқыш ғұрпымен.
Жас сəби шығып есінен, 
Жапырып шымды төсімен, 
Қалшылдап қанға құмартып, 
«Ыр-р» етті сұмдық сесімен.
Шүйдесі шығып төбедей, 
Жыбырлап мұрты жебедей, 
От шашты шегір көздері 
Көріктен шыққан шегедей.
Түксиген тұмсық,
қанды ауыз,
Тарғыл жон,
дүлей жалмауыз; 
Қаһарын тігіп,
қамданды, 
Ең жөгі жүзбен,
ең жауыз.
Анада ой жоқ тоқтамақ, 
Сəбиін көрген сəттен-ақ, 
Бойына бір күш біткендей, 
Жүрегін алды от қамап.
Тағының көріп түр-өңін, 
Көлеңке көміп реңін. 
Санада бір ой жарқ етті: 
«Өзекті жанға – бір өлім!».

237
Тəуекел билеп Ананы, 
Тайсалмай тура барады. 
Жыртқыштың қанды көзіне 
Жалт етіп көзін қадады. 
Жарқ етті көзі найзадай, 
Жамсатып өтер қайзамай.
Дəл солай тарғыл шыңдарға 
Түсетін еді найзағай.
Кірпігін қақпай қадалып, 
Басты алға жаймен Ана нық. 
Атылмақ болды жолбарыс! 
Қысқара берді аралық!
Шулады сонда сары қамыс, 
Атылмақ болды жолбарыс! 
Сəби деп соққан жүректі, 
Сүйреді ессіз алға күш!..
Суылдап басы қамыстың, 
Қалтырап тұрды алыс күн. 
Өңменнен өтіп өткір көз, 
Дір етті бойы барыстың.
Атылмақ ойы қараң қап, 
Сұғына көздің арандап, 
Ширыққан барыс орнында 
Қатты да қалды табандап.
Сарыала қамыс сыңсыған, 
Дүние түгел тыншыған, 
Қалшиып қатып қалды Ана 
Қанатып ернін қыршыған.
Ана мен айуан
Бетпе-бет! 
Жас сəби қалды шеткерек. 

238
Босаңсып Ана барады, 
Ойында бөбек, 
Тек бөбек!
Қос қадам жер бар арада... 
Тіл бітті кенет Анаға: 
– Жөніңе кетші жарқыным,
Тимеші менің балама!..
Ес жиған барыс сəл қарап, 
«Ыр-р» етті көзі қанталап... 
Шыр етіп сəби сол сəтте, 
Шайқалып кетті шартарап!..
Қоя сап барыс ырылды, 
Қамысқа сүңгіп тығылды. 
Ұлына Ана ұшып кеп, 
Бауырына баса жығылды! 
Жүйкесі де əбден құрыпты, 
Дəрмені бітіп тұрыпты. 
Əйелше өксіп-өксіп ап, 
Еркекше жасын ірікті.
Күш қалмай бойда, 
Баста – ми,
Кешті Ана енді басқа күй. 
Ұйқыға басты пысылдап, 
Емшегін емген жас сəби.
Көңілдің кетіп тиегі, 
Қайта да қайта сүйеді. 
Бауырында жатыр баласы, 
Жылытып жүйе-жүйені.
Көрмеген жандай қаншама ай, 
Ұлына ауған аңсары-ай. 
Көктемде күн де елжіреп, 
Құшатын жерді дəл солай!

239
IV
Жүректе жүрген сырды ашқан, 
Осымен тəмам бұл дастан. 
Мұндағы мендік шабытқа, 
Анамның сүті нұр қосқан.
Тағдыры – тартыс, 
Толы егес,
Ананы жазбау жөн емес. 
Анаға деген ізеттің 
Басы емес бұл жыр,
соңы емес.
О, Адам,
біздің бұл жерде, 
Хақың жоқ жүрер күйбеңде. 
Хақың жоқ сенің өмірді 
Аналық жанмен сүймеуге!..

240
АУЫЛДЫҢ АЛТЫАУЫЗЫ
«АУДАРМАЛАР» топтамасы
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ
АЙНАЛАЙЫН
Ала-құла əлемді жағалаймын,
Үй-күйді де қажет деп санамаймын.
Сəті түссе түкке де қарамаймын,
Африка, Франция, Азияны аралаймын.
Қалтам тесік, тиын жоқ – міне, саған...
Тиын тапсам – құйғытып тұра шабам!
Жиһангермін, ең соңғы ордалықпын,
Ұрпағымын көшпелі өр халықтың!
Аяғымыз батысқа қарап мəңгі
Жатырмыз біз қырында торғауыттың.
Ноғай, бұлғар, қазақтың қосындары,
Жер шетіне ұмтылды, тосылмады,
Азияны Батыстың батысына
Баламады, ешкімге бас ұрмады.
Шүршіттің теңізінің шығысында
Батыс барын білген жоқ,
Хас ұлдары,
Аяғымен батысқа қарап жатыр...
Ақ дидарын топырақ жасырғалы...
Айнала бер, Жер-Ана, айналайын,
ДАСТАРҚАН

241
Сен дегенде батамын ойға дəйім,
Сырқатыңның барлығын өзіме алып,
Сенімен мен де бірге айналайын!
ҚЫСТАУҒА КӨШУ
Сүмбіле жұлдызы –
Гүл жарып жарқырағанда,
Үйір-үйір биенің саумалы сарқырағанда,
Кең даламның көгінен
Қаздар ұшар тобымен;
Түн қойнында қаңқылдар
Қайғы-мұңды саздарын,
Қайран менің байқұс аппақ қаздарым.
Мынау келген боқырау,
Өріс-тебін – тоқырау,
Аттан, қыпшақ... 
Арқырап...
Өлсін менің өз қолымда жарқырап,
Сүмбіле жұлдызы. 
* * *
Шыңғыстауға жақын оның моласы...
Сарғалдақпен шегеленген төбесі.
Аш жалаңаш, жүдеу жандар, өлесі,
Кермек əнді бір мырс ете сіміріп,
Бұл бейітте бас қосады неге осы?
Толқиды шөп тербеліп,
Гүл сарғаяр шерленіп,
У секілді, қарашы...
Шыңғыстауға жақын оның моласы...

242
АРҒЫМАҚ
Ей, дешті-қыпшақ даласы,
Даңқың шыққан табынмен.
Үйірлерді қарашы,
Жүзіп жүрген сағыммен.
Бір асауды бер маған,
Тамырым тұр бұлқынып.
Дөңгеленсін жер-ғалам,
Қала, дала ұмтылып.
Арғымақтың қанының 
Ыстық отын жел үрсін.
Тұяқтардың шаңы мен
Өртенген шөп өрілсін.
Шабысымен мына аттың,
Шабуыл салып шығайық.
Дүбірімен тұяқтың
Жолды беттен ұрайық! 
ЛУВР
Мен сені сүйем, Франция.
Басқыншы дейтін қатал күш
Френг деген атыңмен сенің аталмыш.
Нояндарыңды бабамыз біздің шылбырмен ерден сүйретіп,
Қабырғаларын күйретіп,
Зерлеулі кіреукесіне 
Зер салған көзін үйретіп.
Мен болсам міне залдарды жүрмін кезіп бос,
Гауһар тастарға қараймын жиі кезікпес.
Таңырқап қоям: «Қайдасың менің Азиям?
Асыл тастарға айналдың ба екен, əз ұям?
Семсердің мынау жүзіндемісің сен əлде,
Өзіңе қарсы соғылған сол бір əлемде.
Қосөзенге сен жеттің де бір кез өшті үнің,
Дəрменің құрып, дымың да шықпай еш бүгін.

243
Батысты барып бағындыратын жан бар ма?
Семсермен емес,
Қаңыраған мынау залдар ма?..»
ҚОНАҚКƏДЕ
НЕМІС ПОЭЗИЯСЫНАН
Генрих ГЕЙНЕ
* * *
Ертектей ескі орманда,
Бұрқырай жұпар аңқып гүл.
Ару Ай көкте толғанда 
Жанымды нұрмен шарпып тұр.
Келемін жүріп, – аспаннан
Құйылып бір əн, ғажап үн.
Бұлбұлдың жыры басталған,
Жырлаған ғашық азабын.
Бұл əнде тұнып тұр бүгін,
Күлкі мен ғашық көз жасы,
Мұңайған шаттық,  нұрлы мұң,
Оянған арман, боздашы.
Келемін жүріп, – кең қолат,
Құшақтай бейне ашылған.
Көнерген қамал қорғалап,
Көзіме оттай басылған.
Терезе біткен жабық-ақ, 
Тыныштық тілсіз бар маңда.
Қамалға тұрған қаңырап 
Өлім кеп кіріп алған ба?

244
Сфинкс жатыр көсіліп,
Ынтықтық – ыза қосылып.
Арыстан болса тұлғасы
Аршын төс қыз боп тұр басы.
Керемет келбет! Көрдің бе?
Түссіз көз ойсыз жанып тұр.
Көнек боп қатқан ернінен
Елеусіз күлкі тамып тұр.
БОЗБАЛАНЫҢ БОЗ МҰҢЫ
1
Таңнан тұра бал ашамын, шақырам:
Келер ме екен таяу күн?
Кешке жатып күрсінемін, аһ ұрам:
«Тағы да жоқ Аяулым!»
Түніменен сағынып,
Көз ілмей таңды таңға ұрам.
Күніменен жабығып,
Ұйқылы-ояу қаңғырам.
                     
2
Көңілден маза кеткен, себебі көп,
Күтемін кездесуге келеді деп. 
Əдемі ол, əрі нəзік бүкіл қыздан,
Кеудемді ұрғылайсың, неге, жүрек?
Ох,  неткен марғау еді сағат деген,
Кетті ғой күте-күте тағат менен.
Мен мұндай жайбасарды көргенім жоқ,
Қадамын бір баспайды қарап төмен.
Қаным тасып барады, тасып қаным,
Құдайға жақпай тұр-ау асыққаным:

245
Қулықпен, қоршай жаулап алмақ па екен,
Қамалын махаббаттың – ғашық тауын.
3
Соқпағын басып орманның
Соқа басымды мұң басып,
Өткенді ойлап толғандым,
Бағзы арманмен сырласып.
Қойыңдар, құстар, 
Сендерге, 
Əн салуды кім үйреткен?
Жырыңнан болдым шерменде
Жан-дүниемді күйреткен:
«Есімізде бір ару қыз,
Əн салғанын көз көрді.
Сол сұлуға зəруміз
Үйреткен ғажап сөздерді».
Қу құстар-ау, 
Жаныма,
Тиердей сонша не болған?
Таласпаңдар зарыма
Ешкімге оны бере алман.
4
Қолыңды берші! көкірегіме басшы, досым-ай!
Дүңкілдеп тұрған дыбысты тыңда шошымай.
Түкпіріне оның табытшы бір сұм кіріп ап,
Дəл маған табыт жасаумен отыр осылай.
Дүңкілдеп балға қаншама күн мен қанша түн,
Мазамды алып, мызғуды бір сəт аңсадым. 
Жұмысты бітір, қайта бер енді, əй, шебер,
Ұйықтауым керек, мен дағы əбден шаршадым.

246
ОРЫС ПОЭЗИЯСЫНАН
Михаил ЛЕРМОНТОВ
* * * 
Қош бол, Ресей, кірлеген,
Байдың елі, құл менен.
Қош бол,
көкшіл шендер де, 
Шенқұмар жұрт, 
сендер де!
Кавказ асып, жырақ мен, 
Қашам қаңқу сөздерден, 
Бəрін естір құлақ пен 
Бəрін көрер көздерден.
ЖҰЛДЫЗ
Көкте жалғыз, 
Жанған жұлдыз,
Назарымды 
Көп бөледі, 
Арманыма 
От береді, 
Шақырады 
Көкке мені,
Сол жұлдыздай 
Жанар болған, 
Соған жаным 
Алаң болған.
Азап көрсе ол 
Төзе алмаған, 

247
Сол жұлдыздай 
Көз арбаған.
Кірпік қақпай 
Қарай берем, 
Үмітсіз көз 
Қадай берем.
ЖАСЫН
Күркіреп жасын, бұрқырап бұлт, 
Тұңғиық теңіз сұрланды. 
Сіркіреп көбік, дүркіреп ұрып, 
Тебісіп толқын тұлданды.
Жартасты осты қамшыдай отты, 
Найзағай жылан сермеліп. 
Талқандап көкті, көп бүлік кетті, 
Жағада тұрмын мен көріп.
* * *
Дидарластық,
Душарластық кез келіп, 
Діңкелеппіз екеуміз де өзгеріп. 
Дүрмек жылдар керуені кідірмей 
Ғайып бопты үлгергенше көз көріп.
Жанарыңа жалын іздеп үңілем, 
Толқын тулап өз көңілім түбінен... 
Зақымдапты-ау сені дағы, мені де, 
Зұлмат тұрмыс зілмауырлы жүгімен...

248
Александр БЛОК
ӨЛІМ БИІ
1
Өлікке 
Жұрт көзіне мазақ болмай,
Тірі болып көріну азап қандай.
Саудырлатсаң сүйекті мансап үшін,
Тектен-текке жұмсалар қанша күшің.
Тірі - ұйқыда. 
Табыттан Өлік тұрып,
Банкке, сотқа, сенатқа келіп кіріп,
Түн ағарса жамандық қарауытып,
Қаламұшы сықырлар еліктіріп.
Өлік күндіз дайындап баяндама,
Қырып-жойып болғандай аярлана,
Əзіл айтар бөксесін бұлғаңдатып,
Сенаторға сыбырлап таяу бара...
Кешқұрым. Сірке жауын жасық тамар,
Шалшық суын үстіңе шашып бағар. 
Өлікті екінші бір оңбас жерге
Таксомотор салдырлап тасып барар.
Жараны көп сарайға, тағамы мол,
Фрак киіп, сəнденіп барады ол.
Құшақ жая Өлікті қарсы алады
Ерлі-зайып - қос кеще - қабағы көл.
Музыкамен құтырып кеш гулейді,
Сүйегінің саудыры естілмейді.
Керек оның тірі боп көрінуі,
Өліктігін жұрт мұның еш білмейді.

249
Құрбысымен бір замат көз қарасқан,
Ол да өлік өзіндей, тез жанасқан.
Тұспал толы зиялы тілдесуден
Айналаға ап-анық сөз тарасқан:
«Қажыған дос, мына зал маған бөтен», 
«Бөтен болып, қабірден жаман ба екен?».  
«Түн ортасы». «Биге N-ді шақырыңыз.
Ол сізге өле ғашық қой, солай, көкем...»
Мұны іздеп жүр N көзбен анық арсыз,
Бір қарап-ақ сырына қанығарсыз.
Ал оның қыздай сұлу түрінде тұр
Тіп-тірі махаббаттың табы мəнсіз...
Бұл болса Оған сыбырлап бірдеңені,
Өзіне баурап алып үлгереді.
Ол мұның иығына басын сүйеп,
Екі иығы қызарған түрге енеді...
Зиялы-əккі ызаның запыранын
Оңды-солды бақты Ол шашып талмай...
«Қандай епті! Маған ол ғашық қандай!»
Құлағында бір дыбыс қалды мəңгі:
Сүйек тиіп сүйекке саңғырайды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет