Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



Pdf көрінісі
бет7/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17

ЕКІ МЕРЗІМ
Екі мерзім –
туғаның мен өлгенің...
екі дүние – 
көргенің мен көрмегің. 
өмірге өзің тырнап ашқан көзіңді 
жабатұғын шақ келеді əлдекім.
Ғұмыр озар көзіңді ашып-жұмғанша, 
қас-қағымда ғайып болар жыл қанша. 
Екі дата – екі бөлек ғасырлар, 
арасында бір сызықша тұрғанша.
Екі мерзім –
бірі алтынға бергісіз,
екіншісі...
екіншісі – белгісіз...
Бар ғұмырың, бар болмысың
бір ғана
сызықшаға сиятыны сенгісіз!
Сол сызықша –
шлагбаум жол жапқан,
ешбір адам қайта келмес ол жақтан,
оралмаса оралмасын басқалар,
мен оралам оралғандай солдаттан...
Мен оралам,
есімімді бөтен ел,
қараменен қоршап қойып мəпелер...
Сол қоршауды бұзып шығам түбі мен
жау қоршауын бұзғанындай əкелер... 

146
ҮСТЕЛ
Жазушылар Одағында бір айна бар, 
Алдында қыздар келіп шыр айналар...
Сырбай.
Бір үстел бар Жазушылар Одағында,
қойылмайды қағазың,
қаламың да, 
жайылмайды дастарқан, 
тағамың да, 
отырмайды қалаулы қонағың да.
Ерте солған бəйшешек ерте көктеп, 
өзегіңді қашан да өртеп өтпек, 
сол үстелге сұлайды шалқасынан 
қаламдоздар еліне еркелеп кеп,
гүлге оранып жатады шалқасынан, 
Алатаудың аумай бір жартасынан, 
оқырманмен қоштасар орыны сол 
қаламдастың кеткенде ортасынан.
Бұ жалғанды жалғаған болашаққа, 
сол бір үстел ұқсайды ағаш атқа, 
қорамсақтан шыққандай əрбір ақын 
аттанады ақырет-ғарасатқа.
Өмір деген сынаптай сырғанайды, 
екі шоқып тағдырың бір қарайды, 
қимасың мен сыйласың кетіп жатыр 
сол үстелдің үсті бір құрғамайды.
Келер емес күндерім оралымға,
сол үстел тұр тоғыз жол торабында.
Бұлтарсаң да қай жаққа
бір барасың
сол жозыға Жазушылар Одағында... 

147
ҚАНДЫКӨЙЛЕК
Имашқа
Сезімтал,
Сергек,
Сері, 
Серке жігіт,
Сең бұздың сере мұзға ерте кіріп, 
Жауға атқан Махамбеттің жебесісің, 
Жорықта домбырасын шерте жүріп!
Мөп-мөлдір көңіліңнің тұнықтығын, 
Бұл əлем болмады ма ұғып бүгін? 
Сездірмес сенің ыстық жүрегің бар 
Тағдырдың тоң мінезді суықтығын.
Қырық жас бізден кейін қалды ғой деп,
Қамықпа,
Қайран досым – қандыкөйлек.
Қызығы тарқамайтын бұл дəуренді
Ойлайық бастан өтпес мəңгі ғой деп!
1996
АНАМА. БІРІНШІ ЖЫР
Ана деген атыңды, 
ардақтауға жарап біз, 
қарлығаштай хатыңды 
бойтұмарға балаппыз.
Сүттей аппақ пейілің, 
ала жіптен аттатпай, 
бойға сіңіп мейірім,
көрмей өстік шетқақпай.

148
Шартарапқа шарқ ұрып,
ұшқан балапандарың, 
əрбір тұстан алқынып,
аңсап жетсін ардағын.
Алпыс деген көп жас па, 
бата тілеп, қол жайып, 
шалайық та бозқасқа, 
ел-жұрт болып тойлайық.
Ұрпағыңның жүрегі 
жүрегіңе тіл қатсын, 
немерелер тілегі, 
көздің жасын құрғатсын!
1989
АНАМА. ЕКІНШІ ЖЫР
Тағдырдан жапа шеккенде, 
мұң шағып саған келмедім, 
салым бір суға кеткенде 
мейіріміңе шөлдедім.
Бағаңды жүрмін сезініп, 
Күн-Анам менің, Ай-Анам, 
өзіңді ойлап көз іліп, 
өзіңді көріп оянам.
Тағы да міне күз келді, 
отырсың ба, Анам, күрсініп, 
алыстатты ғой біздерді, 
күйбеңі бітпес тіршілік.
Құс болып ұшып келмедім, 
шыға алмай қапас қаладан, 

149
шөлдедім қатты, шөлдедім, 
мейіріміңе, жан Анам.
Сағындым, төзім таусылды, 
бұлаңдап өскен балаң ем, 
«Құлыным» деген даусыңды, 
қайталаса екен бар əлем. 
1991
ƏКЕММЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ
Өмір өтті зымырап, 
Қоштасуға шақырдың, 
Бұл кездесу – түрі жат, 
Əлсіз дауыс, ақырғы үн...
Кірпікті əнтек көтердің, 
Көзің қайда өміршең? 
«Міне, балам, əкеңнің 
Шаруасы бітті...» – дедің сен.
Жасқа толы қарашық... 
Қорқып болған батырсың, 
Ашылмайды парашют... 
Құлап келе жатырсың.
Дəрмені жоқ ұлың – зар, 
Асқар тауым, кеше гөр. 
Сенбес едім бұрындар:
«Тау өледі» десе егер.
1999

150
ƏКЕ
«Жақсы өлім» деп жатыр ел, 
Өлім жақсы бола ма?
Алтын төлеп, ақы бер, 
Кім жүгірер молаға?
Əке, сені ойласам, 
Жас толады көзіме.
Өкінемін қай-қашан, 
Ет-жүрегім езіле.
Еске түсе бересің, 
Қадіріңді сездіріп, 
Көз алдымда – елесің, 
Кеткендейсің көз қылып.
 «Арманы жоқ» десіп ел, 
Ардақ тұтып жатса да, 
Көңіл қалай көсілер, 
Арманда өтер патша да.
Жетім қалып бір жаста, 
Жалғыздықты көп көрдің, 
Жетерліктей бір басқа 
Жаһаннамды өткердің.
Қаршадайдан қан кештің, 
От пен суды ес қылып, 
Көрмедің-ау, жанкештім, 
Бұл жалғаннан еш қызық.
Көп керек пе қазаққа, 
Оң болса деп сұраймын, 
Тым болмаса о жақта 
Көзі саған Құдайдың!..

151
СЕНІ ҒАНА СҮЙЕМІН
Сені ғана сүйемін,
бір өзіңді,
қылығыңды сүйемін, мінезіңді, 
сағыныштың сан батпан салмағынан, 
жүз шаншылып жүрегім, 
мың езілді.
Есіміңді еске алып
күбірлесем,
таңғы түстей тəтті бір
ғұмыр кешем,
сезінбес те ем тамшының тереңдігін
сезіміңе мен сенің үңілмесем.
Қиылып бір қарасаң
үндеместен,
сұм дүние шығады мүлдем естен,
тақта отырған тəкаппар тағдырымды
қияр едім жолыңа дым деместен.
Алыстасаң –
аңсаймын,
аласұрам,
тағат тасып, шығады сабасынан,
жүрегімді тек сенің сөзің ғана
жазар еді сыздаған жарасынан.
ШЫМЫЛДЫҚ

152
Сені ғана сүйемін!
Бірақ, жаным,
сүйіктің боп мəңгі өмір сүре алмадым,
қараңғыда тауып ап тұтатарсың,
түнде сөнген жүректің шырағданын... 
МƏЖНҮН
«Ғашық боп қалма, Ақын» деп, 
Айтқандар маған ақыл көп, 
Ауысар еді есінен 
Көрсе егер сені жақын кеп.
Оларға сонда таң ба əлі, 
Жанымның күйіп-жанғаны? 
Өзіңнен өзге жұлдызға 
Аспанымда орын қалмады.
Жылатып тұрып, күлгіздің, 
Шалықпен өмір сүргіздің. 
Бəрінің атын ұмыттым 
Өзіңнен өзге жұлдыздың.
«Махаббат деген – соқпа дерт, 
Айтпашы, есің жоқ па» деп. 
Мəңгірген мендей Мəжнүнге 
Тек өзің ашар сот керек!
Ай кезбе десең көктегі 
Аспанға жерлеп кет мені. 
Ақындар ғашық болмаса – 
Ақырзаманның жеткені.
Жо-жо-жоқ!
Маған жолама,
Ақынға жолап бола ма?

153
Есі бар жұлдыз
Ессіздің
Қолына келіп қона ма? 
КƏУСАР
Мен өзіңді мың жыл бойы сағындым, 
Мың жыл бойы жұтып келді жаным мұң. 
Құс жолынан жарқ еткесін жанарың 
Жұлдыздардың арасында сабылдым.
Сағынысып,
Алып-ұшып кездестік.
Іңкəр сезім толқындарын тез кештік.
Суынар ма бауыр басқан жүректер
Бір-бірінен ыстық-ыстық сөзді естіп.
Сыңар аққу іздеп тапты егізін, 
Сенсің менің еркелеген теңізім. 
Жағадағы жартас тектес жанымды 
Жібітеді сенің ғана лебізің.
Сенсің менің шөлім қанбас кəусарым,
Көрген сайын,
сүйген сайын аңсадым.
Неткен сиқыр
менің қара шашымды
Салалап бір сипап өткен саусағың!
Алып-ұшып, 
өліп-өшіп,
ғажап тым,
Көрген түстей өте шықты-ау аз-ақ күн...
Махаббатты күйіп-жанып жырлаған
Соңғы ақыны мен шығармын қазақтың.

154
Жаралғандай жұпар иісті жалбыздан,
Сен ерексің əлемдегі бар қыздан.
Қас қаққанша өте шығар өмірде
Жарқ еткен бір сəуле сынды жалғыз жан.
Бақытыңды жасыр мейлі, 
 
 
 
жасырма,
Қалай іңкəр болмассың сен асылға? 
Маған душар еткені үшін өзіңді
Ризамын жиырмасыншы ғасырға! 
* * *
Ақынды түсінерсіңдер,
Гүл теру үшін
Айға ұшса... 
Қияли кісі дерсіңдер,
Қалықтап жүрген байқұсқа.
Тұрса да ол заманақырда, 
Жұлдызбен жаны тілдесер, 
Болғанша бодан ақылға,
Ақын боп азат күн кешер.
Қарсы сап желдің өтіне 
Құтыртып жүрген қандай күш? 
Қонар ма жердің бетіне 
Қанаты сынбай ондай құс?! 
* * *
Сырымды кімге ашпадым? –
Тыңдады тамшы, шық бəрі. 
Бірі де сенен басқаның 
Жанымды бірақ ұқпады.

155
Махаббат миын жаулаған 
Жан екем аңқау, ақымақ. 
Жалынның сырын лаулаған 
Түсінсін қайдан жапырақ?
Осылай жұмбақ күн кешіп, 
Өмірге жүр ем өкпелеп. 
Өзіңмен бүгін тілдесіп, 
Жүздесіп қалдық 
Шоқ пен от.
Деміміз біздің жиі ысып, 
Сəулелі сырлар шерткенбіз. 
Жалын мен алау сүйісіп 
Айналып кеттік өртке біз.
БІЗДЕР ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ
Сызданба, тағдыр сызданба, 
Бұйырған бақты қызғанба. 
Еліктей ерке қыздарға 
Біздер де ғашық болғанбыз!
Лапылдап жүрек ұмтылып. 
Көңілге мөлдір мұң тұнып, 
Іңкəр боп ыстық ынтығып, 
Біздер де ғашық болғанбыз.
Елітіп əсем еркелік, 
Шырындай тəтті шер төгіп, 
Өле де жаздап өртеніп, 
Біздер де ғашық болғанбыз.
От сезім бойды мас қылып, 
Кей уақта басты тасқа ұрып, 
Бейуақта көзге жас тұнып, 
Біздер де ғашық болғанбыз.

156
Бір ауыз сөзден суынған, 
Бір ауыз сөзден жылынған 
Күйіп те жанып шыбын жан 
Біздер де ғашық болғанбыз.
Аспанда маздап, лайым, 
Алмасып жатса күн, айым, 
Бұйыртар болса құдайым, 
Əлі де ғашық болармыз!.. 
* * *
Көкте жұлдыз жымыңдасып,
көзін ашса,
жас ақын 
сүйгенімен сыбырласып, 
сезім сырын ашатын.
Кеуде тосып түнгі ызғарға 
жүрек кенін қазатын, 
қарай-қарай жұлдыздарға 
ғазалдарын жазатын.
Малынса да сақал аққа, 
түсінбеймін ал, бүгін: 
жұлдыздардың махаббатқа 
не қатысы барлығын?..

157
ЖАУҚАЗЫН
Мен сені ұмытқым келді! 
Өзіңмен кешкен тұнық күндерді, 
аспаны шайдай тымық түндерді, 
ұмытқым келді, ұмытқым келді.
Тағдырым маған сынық гүл берді, 
қабағы қатып, қырық түрленді, 
жанымды менің ұғып, кім көрді? 
Бəрін де бəрін ұмытқым келді, 
ұмытқым келді!
Жаурады сенім, үміт, арманым, 
сезімнің нəзік гүлі тоңғанын 
сезіне тұрып жылыта алмадым, 
қадалған маған жауқазын жанар, 
өзіңді, бірақ ұмыта алмадым, 
ұмыта алмадым...
Қылтиған қардан жауқазын ғұмыр 
қытымыр қыстан тірі қалғанын, 
қауызына оның қыраулы шықтай 
қаңтардың демі – уы тамғанын, 
сен үшін енді тірліктің мынау 
соқыр тиындай құны қалғанын, 
сезініп тұрып ұмытам қалай, 
ұмыта алмадым... ұмыта алмадым... 
ӨРТ
Өршіген өртті сөндірем деген, 
қарлығаш құстың ниетін, 
көңілде көлім мөлдіреуменен,
жан едім жастан сүйетін.

158
Көрдім де сені, қарындас, түстім, 
өршіген өшпес бір отқа, 
ешбірі маған қарлығаш құстың 
сеппеді су кеп, бірақ та.
Беретін емес көкірегім бой, 
өртендім, жандым, өзгердім, 
сен жоқта, жаным, соқыр едім ғой, 
бекер-ақ маған көз бердің.
* * *
3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына, 
жауды ма екен бұл жауын, 
 
 
 
     жаумады ма, 
қызғалдағы қыр қуып қаулады ма,
қыза шығып самалдың саумалына?
Қыз біткенге қызғалдақ үлестіріп, 
Жеменейдің жатқанда үні естіліп, 
зеңгір-зеңгір Зайсанның шыңдарына 
кетсем бе екен мен сені ілестіріп?
Кербез таудың керіліп ақ маралы, 
көкейімде өзіңдей сақталады, 
көп бояуға көзіңді тұндырар ең 
айыра алмай жүргенде ақ-қараны.
Ұлар құстың ұясын көріп келіп, 
бұлақтардың бұрымын өріп беріп, 
тастан тасқа еркелеп секірер ең 
елеңдеген елікке серік болып.
Жауған қарды көргенде тəңір шыңға, 
пайғамбардай қарарсың самырсынға, 
тəкаппарлық төнгенде тұс-тұсыңнан 
өр мінезді мендегі танырсың да,

159
шатқалдағы мөп-мөлдір шар айнадан, 
өз жүзіңді көргенде арайлаған, 
бүлдіргенге боялған ерініңді 
тосқаныңды білмессің қалай маған! 
* * *
Алтыннан аттап жолдағы,
болғанмын талай періште, 
бір кісі құсап мен дағы, 
пенделік қылсам теріс пе?
Күнəмді жіпке тізгенде, 
таспихтың тасы жетер ме? 
Буыршын бұйда үзген бе, 
бекерден тіпті бекерге?
Жанымды кейде жейді шын, 
дуылдап өткен думан кез, 
бұлтарта қояр деймісің, 
аспаннан қарап тұрған көз.
Шыбын жан ұшып бодауға, 
қаққанда көктің қақпасын, 
күнəмді менің санауға 
құдайым уақыт таппасын!

160
ЖАРЛЫ ТІЛ
Как беден наш язык! 
А.Фет.
Көркіңді сенің ашуға
 
 
тілім жетпейді,
Өртіңді сенің басуға 
 
 
білім жетпейді.
Қоңырауыңды
 
 
қағуға қолым бармайды,
Омырауыңды  
 
 
ойнатып дірілдет, мейлі.
Қиылып маған қарадың 
 
 
 
бүйірдегі оттай,
Бұйығып барам, қарағым, 
 
 
 
сүюге батпай. 
Тайқарға мінген құрдасым  
 
 
 
үйінде жатпай,
«Байталда нең бар, деп жүрер,
 
 
 
үйірдегі аттай».
Ақ мəрмар қыздың балтыры 
 
 
 
қарды күреді,
Алдаспан көздің жарқылы
 
 
 
жанды тіледі.
Көзел қыз көзін сүзгенде
 
 
 
қырқылып қалар
Біздің тіл өзі не қылған
 
 
 
жарлы тіл еді!?. 

161
САРҚЫРАМА
Сарқырап аққан сарқырамадай бұл сезім, 
қалмақшы тіпті сарқыла қалай, 
білші өзің?
Арқырап келіп аққанда,
арандай терең шатқалға,
қаныңа қаным құйылды деп біл,   
тəніңе тəнім бұйырды деп біл,
көбігін шашып көкірегің шулап жатқанда.
Астаң да кестең ақтүтек судың бораны, 
азан да қазан арнаңа сенің соғады, 
аймалай соны қарсы алып, 
ақберен денең əн салып, 
лəззаттан қаның құтырған сайын, 
қайғыдан жаның құтылған сайын, 
құмарың қанбай жұтынған сайын 
мен сені, сəулем, сүйе түсемін соншалық.
* * *
Сен мені іңкəр еттің, 
ақ қанат гəккуімдей, 
мендегі сұңқар екпін, 
тынар ма аққу ілмей?
Күй толы ішектердей 
көгілдір көкжиектен, 
сусылдап құс өткендей, 
тұсыңнан мен жиі өткем.
Көліңнің толқындарын, 
көк дауыл шайқағанда, 
сен мені, бəлкім, жаным, 
боларсың байқаған да.

162
Уілдеп үпілмəлік, 
əніңе əн қосқанда, 
жүрегің лүпіл қағып, 
самғарсың сен де аспанға.
Алқынып қусам – қашып, 
келе алмай жарасымға, 
жүрер ек душарласып, 
ақ бұлттың арасында.
Мен шырқар зеңгірлерге 
бір шықсаң – қайтпас едің, 
төркінің – мөлдір көлге 
сəлем де айтпас едің! 
* * *
Айлы түнде ұрылар мен қарылар,
Аттай алмай бір-біріне зарығар. 
Неткен жарық, 
Неткен нұрлы мына түн,
Тек ғашықтар серуендеуге шығатын.
Сен келесің самаланы қақ жарып, 
үнің неткен жап-жарық! 
əрбір сөзің күңгірт тартқан кеудеме 
жатқандайын шам жағып.
Мына түн де сен секілді бейкүнə, 
Ай үңілер ажарына ой тұна. 
Ғашықтарға қызыға да қызғана 
қарау деген тəн мінез ғой жалқыға.
Құшақтардың құйынынан буын мас, 
сол бір сезім мəңгілікке суынбас, 
Ерімей ме деп қорқамын бірақ та, 
кірпігіңнен сыңғыр еткен түйір жас.

163
* * *
Жырақта ирек салып от қамшылар, 
сызады түннің бетін ақ тамшылар, 
біз ертең кездесетін жұпар гүлзар 
жауыннан малмандай боп жатқан шығар?
«Сүйем» деп ернің айтып тұрса дағы, 
көңілді соқыр тұман тұмшалады, 
сезімге сана би боп алғаннан соң, 
жүрегім сағат құсап құр соғады.
Неліктен билік берді Басқа –
Жүрек?
Ақылдың жүре берсе шашбауы боп –
ақын да
асыранды аққу да бір,
сағынса самғап алар аспаны жоқ... 
ДƏЛІЗ ЖУҒАН КЕЛІНШЕК
Сен жуып кеткен Баспалдақ, 
жылап жатыр жанарынан жас парлап, 
бəлкім, сенің саусағыңды сағынды, 
мен табаныммен басқанда-ақ.
Анау жоғары шыққан сал бөксе,
мынау төмен түскен нəлді өкше –
келмеске кеткен:
оның құм кезін,
сенің қыз кезіңді, мүмкін, салды еске?.
Мен тұрмын əлі үйге енбей, 
телегейге көзім үйренбей: 
құмның алқымын, 
қыздың балтырын 
шөпілдетіп толқын сүйгендей!..

164
* * *
Шыбынымды шырқыратып сен кеттің, 
шылымымды бұрқыратып мен қалдым, 
шəрбатыңа шөлдеттің, 
шөлдетердей неңді алдым?
Қоңырауың тыншымды алып барасың, 
омырауым шым-шым етті оқ теспей, 
көз қиығын саласың, 
өз күйігім жетпестей.
Қара көзді төңкердің де наздандың, 
бала кезгі үркектігің аз мүлде, 
өртенуге аз қалдым, 
өртейтіндей жаздым не?
ЕМДЕШІ МЕНІ, ЕРКЕ ҚЫЗ
Жүрегім менің қырық жамау...
Абай.
Адамдар тайған серттерден 
өзекті буып өрт төнген, 
кекті сөз,
оқты көздерден
жүрегім дал-дал, дерттенген;
толқыны тулап, басылды, 
өрекпіп баққан өр теңіз, 
сүйеген менің басымды. 
сездің бе соны, ерке қыз,
дауылдың көріп əлегін, 
долданып барып ойландым, 
ақша бұлт тектес жан едім, 
қап-қара бұлтқа айналдым.

165
Менің де жаным жамаулы, 
келдің бе соны емдеуге, 
соғары бар деп санаулы 
келдің бе əлде жерлеуге?
Емдеуге келсең – еңкейем, 
өзектен өшір у дағын. 
жартыкеш жан ем, 
селкеу ем, 
жегі сезімді қу, жаным.
Еркімді менің кел, биле, 
көрбілте көңіл қунасын, 
ақсамал болып əлдиле, 
қарайған қаным туласын.
Емдеші нұр боп таралып, 
Шуақсыз жүрек шаршайды, 
Қабағы қату қара бұлт, 
Ақша бұлт шағын аңсайды.
1975
БЕЙСЕНГҮЛГЕ
Өзіңсіз өмір мəнсіз екенін, 
Өзіңсіз жүрек жансыз екенін 
Түсіндім.
Түсіндім, жаным, əлсіз екенмін
Өзіңсіз.
Бəдəуиіндей Мысырдың
Безіп жүргенде,
Кезіп жүргенде əлемді,
Сүзіп жүргенде бар елді
Іздеген бақыт құсымның,
Өзің екенін түсіндім.

166
* * * 
Бүршіктері буазып тұр бəйтерек,
бұлт – елгезек,
бұтақ біткен – қаукелек, 
шүкір, шүкір, көктем шығып келеді, 
осы көктем келмей қойса қайтер ек?
Махаббаттың балдай тəтті ерінін, 
көксеп жүрген көні кепкен пері кім? 
құштарлықтың оттай ыстық құшағын, 
бір көргеннен сары майдай ерідің.
Махаббаттың батпан жүгін артарсың... 
улы балын қас-қағымда сарқарсың, 
содан кейін сағыныштың зардабын, 
ғұмыр бойы, бақи бойы тартарсың...
Махаббаттан мəн іздеген Мəжүнін, 
Ешкім сені түсінбейді – жазығың. 
Жастық дəурен арғымақ ат болғанмен, 
Қайта айналып таба бермес қазығын...
ҚЫРҒЫЗДАР немесе ЖОМАРТ БӨКЕНБАЕВ 
ТОЙЫНДА
Бəйге бітті.
Арамтер боп шаршаған
бір бозбасты сөзге жығып барша адам, 
«Байкем тойы жақты ма?» деп аңқылдап, 
алма-кезек қағып мені арқадан, 
боз үйлердің белдеуіне ат байлап, 
боза сілтеп, 
нарын жеуге тарқаған.
Жал-құйрығын желбіретіп күз желі, 
Жортып өтті сəйгүліктер тізбегі, 

167
«Қазағыма мінгізейін бір ат» – деп, 
Марқабай дос ең жүйрігін іздеді, 
менің көзім аққу мойын атта емес, 
атқа мінген аққу мойын қызда еді...
Жомарт халық көрмедім мен қырғыздай,
мəпелейді-ау мойыныңды бұрғызбай.
Ат мінгізіп,
 
      қалпақ тартып жатса да,
мақсым сілтеп отырмын мен дым қызбай.
Түн түнегін тіліп түскен жұлдыздай,
өзегімді өртеп кеткен қу қызды-ай!
Бозадан соң бал-бұл жанып,
 
 
 
     нұрланып,
тек қазақша ырдайды екен бұл халық,
қонақкəде қайтарар ем қырғызша
 
 
 
          тіл байланған,
отырғам жоқ бұлданып:
«Айылдың арғы жағынан...»
аттан түсіп жолығар ма ем ұрланып!..
* * *
Сол бір əнді сен маған жырламашы, 
Жатыр онда махаббат мұң-наласы. 
Сыздамалы сезімдер қайта оралса 
Айқаспайды кірпігім түн баласы.
Сол бір əнді сен маған жырламашы, 
Жатыр онда жастықтың жылнамасы. 
Сөніп қалған жанартау қайта оянар, 
Қайта ашылар жүректің бір жарасы.
Жырламашы сен маған сол бір əнді, 
Өзге əуенге бұрашы домбыраңды. 

168
Өткен дəурен – ұшпа бұлт, келді, кетті, 
Өткен дəурен – қызған шоқ, сөнді, қалды.
Жырламашы сен маған сол бір əнді,
Ерітпеші санамнан тоң, қырауды. 
Есіме алғым келмейді ескі мұңды, 
Есуас боп кетсем де енді мəңгі!.. 
ҚЫЗ ҚУУ
Махаббат,
сен асықпа,
сəл аялда, 
барар жерің қашық па? 
Үзілген гүл ғұмырындай мұрсат бер, 
өліп-өшкен ғашыққа.
Сағынышымды сарғайған
ақтарайын,
қыл суырып сар майдан.
Ақырзаман өтіп кетті мен үшін,
қарсы алдымда қан майдан...
Тағдырменен ерегес –
қан майданнан кем емес, 
күйіп-жанып күлге айналған көңілім, 
тұтанды екен неге кеш?
Аламанға тап келіп, 
атым болды ақ көбік...
анау қыздың қанжығасына байлашы сен, 
махаббат, 
менің мынау жүрегімді қақ бөліп!..

169
* * *
Жадыраған жаз жөнеліп, күз келді, 
Жапырақты жел жұлып жүр мұз демді. 
Жастық шақты қоямыз ба іздеуді, 
Жақсы күндер оралар ма бізге енді?
Енді бізді шақырар ма бақшалар, 
Тулай ма енді жүрек дейтін пəтшағар? 
Сүйемін деп сыбырлар ма жапырақ, 
Күйемін деп күбірлер ме ақ самал?
Алыстады қызыл-жасыл көш-керуен, 
Қалыспады хош деуменен жас дəурен, 
Тəттіге бір тоймай қалған баладай 
Əлі, бірақ махаббатқа аш кеудем.
Ғайып болды жүректегі нұрлы жыр, 
Ғайып болды шұғылалы, гүлді қыр. 
Дүниеге қос қайтара келмесе 
Ғашық жанға жетпейді екен бір ғұмыр.
Күстаналап, кінəламан ешкімді, 
көнбіс жүрек өз кінəсін кеш білді.
көз алдыңа келтіргенмен жер-көкті, 
көңіл сырын көрсете алмас еш дүрбі.
Балалықта татып қалған балдай дəм, 
бұл-бұл ұшып ғайып болды таңдайдан.
құдайда да қол бар шығар,
 
 
 
бұйыртса...
тым болмаса бір сипайтын маңдайдан?..

170

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет