Бағдарламасы бойынша жарық көрді Ұзақов Бегабат



жүктеу 6.04 Kb.

бет3/9
Дата15.03.2017
өлшемі6.04 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ОРДА
Асқақ – шағын қаланың орталық даңғылында тұратын Ай-
бар шалдың жетінші ұлы. Кезінде дүрілдеген дүкенші болған 
Айбар шал дəулеттен кенде емес, алты ұлын үйлі-баранды 
қылып,  əртүрлі  қызметке  орналастырған.  Қарашаңырақта 
қалар  кенжесі  Асқақты  əйдік  қалаға  жіберіп,  қаржы  сала-
сында оқытқан. Теңгенің татын жалап қалған əккі шал бала-
сы ақшаның айналасында жүрсе қор болмайтынын ертерек 
аңғарған. «Бал  ұстағанның  бармағын  жалайтынын»  басқа 
білмесе де, дүкенші кезінде ұн мен құмшекердің қабын ине-
мен тесіп, мысқалдап дүние жинаған Айбар шал өте жақсы 
біледі. О бастан бəрін жоспармен жасады. Таныс-білістерді 
араға салып, оқуды енді ғана бітіріп келген сарыауыз бала-
сын білдей бір банктің қарыз беретін бөліміне бастық етіп 
қонжитты. Жап-жас бала қаржының құйтырқылықтарын бі-
ле қойсын ба, əкесі басты кеңесшіге айналды. Қарыз алуға 
келгендердің  жұмысын  бітірмей  созбақтауды  əдет  қылды. 
Кімнің есепсіз уақыты бар дейсің? Ығыры шыққан олар шар-
уасын  тындыру  үшін  мəмілеге  келеді.  Бұған  керегі  де  сол, 
берілетін қарыздың кішкене бір пайызын сұрайды. Азғантай 
алғанымен ақша тиыннан құралады емес пе, күніне он адам-
ды қабылдаса, бірталай дүниелі болады. Əкесінің айтуымен 
есеп-шот ашып, қомақтылау қаржы сап қойды. Зейнетақысын 
немерелерінің оқуына құюға асыққан кемпір-шалдар банкте 

35
сабылып жүреді. Зейнетақысы құрғыр да өз уақытында келе 
қоймайды. Сондай қысылтаяң шақта жұмыс бөлмесінен шы-
ғып, таныс кемпір-шалдардың қасына сопаңдап жетіп бара-
ды.  Тілін  безеп,  хал-жағдай  сұрайды.  Олар  мұны  көргесін 
жəрдемдесуін өтініп жабыса кетеді. Бұл жолын табуға бола-
тынын айтады. Сосын тасаға барып, өзара келісімге келеді. 
Тіл табысса, бұл өз есепшотындағы ақшадан айдап жібереді. 
Кемпір-шалдар зейнетақысын алғанда он пайыз үстемесімен 
əкеп береді. Қарыз төлеу мерзімі келіп қап, жалақысы кеші-
гіп жатқандардың да осылай қажетін шығарады.
Таныс  күшті  ме,  алде,  ақша  күшті  ме,  ол  жағы  Айбар 
шалға  белгілі,  айтеуір,  бұл  екі  жылда  банк  төрағасының 
орынбасары,  тағы  екі  жылда  төрағаның  өзі  боп  шыға  кел-
ді. Оған да міне, үш жылдың жүзі болды. Мінез-құлқы өзге-
ріп  кеткен.  Баяғыдай  тиын-тебен  табу  үшін  сопаңдап  кем-
пір-шалдардың  жанына  жетіп  бармайды.  Көрікті  жұмыс 
бөлмесіндегі жұмсақ орынтақта маңғаздана отырады. Шаруа-
сы барлар рұқсат сұрап əрең кіреді. Елгезек əрі қағілез бала 
ыңырана тіл қататын жуан қарынды жігіт ағасына – Асқақ 
Айбарұлына айналған...
Биыл жердің тоңы еріп, жылы шуақтан жіпсіген бұжыр-
бұжыр  денелеріне  сөл  біте  өрік  гүлдеген  шақта  əйдік  қа-
ладан жеткен жаңалық Айбар шалды əбігерге салды. Атам 
заманда өліп кеткен кемпірінің сол жақта тұратын інісі бір 
министрліктің құлағын ұстапты. Заматында түсер пайданың 
шеті  шығып  тұрмайтын  жерге  бас  сұғып,  шығындануды 
жек  көретіндігінің  салдарынан  ара  ашылып  кеткен.  Тиын 
санап  айлықтан  айлыққа  əрең  жететін  қайын  жұртынан 
біреу  шығып,  жұрт  сұрар  деп  ойламаған  екен.  Кемпірінің 
осы жалғыз інісі ғылымның соңына шам алып түсті. Əлде-
бір  жоғары  оқу  орнында  сабақ  беретін.  Құрқылтайдың  ұя-
сындай бір бөлмелі пəтеріне бара қалсаң, қара нан мен шай 
қоюдан  басқаға  жарамайтын. «Ініңнің  үйінен  иманды  ау-
зым  салп  етпей  қайтты» – деп,  кемпірін  талай  тұқыртқан. 
Соның  біреуге  сөзі  өтетіндігіне  күмəнданып,  балаларын 
оқытқанда  оған  қолқа  салуды  ар  санап,  басқалар  арқылы 
тірлігін тындырған. Ол ақырғы рет кемпірі өлгенде автобус-
пен  келген.  Кетерінде  экономикадан  докторлық  диссерта-
ция қорғағанын, əлдебір институтқа директор болып, елдің 
əлеуетін  көтеретін  бағдарламалар  бойынша  жұмыс  жасап 

36
жатқанын  айтқан.  Ине  жұтқан  иттей  ілмиген  қайнысының 
ұсақ ақшадай тыржым-тыржым жүзіне, жұмыртқадай жып-
жылтыр басына қарап мүсіркегендіктен «байғұс-ау, ақылды 
болсаң əуелі өзіңді жарылқамайсың ба? Ел сенсіз де күнін 
көреді. Директор адам автобуспен жүре ме?» – деп ойлаған. 
Бірақ, қашанда ішіндегісін сыртқа шығармайтын қалпымен 
ізет  сақтап,  сəттілік  тілеген.  Сол  қайнысы  министр  бопты. 
Аты-жөні де қызық өзінің: Шойынқара Қожабердиев. Əдетте 
министр деген жарықтықтың ныспы сыңғырлап тұрушы еді, 
мынаны  айтайын  десең,  тіліңді  сындырады.  Бұрынғылар 
«бақ пұшықтың мұрнына, таздың басына қонады» деуші еді. 
Атпалдай азаматтарды елемей, бұл пақырға да қонған екен. 
Жалтыраған басына тұрақтай алмай, тайып кетпей тұрғанда 
бірдеңе қарпып қалу керек. Бірақ қалай?... Пəленбай жылдан 
бері  ат  ізін  салмай  кеткен  кəрі  жездесінің  тілегін  орындай 
қояр ма екен?
Айбар шал толғанып бір-екі күн жүрді. Ақыры, ұрымтал 
тұста  ұрып  жығар  əдеті  үстем  келіп,  мүмкіндіктен  айыры-
лып  қалмауға  бекінді.  Кемпірінің  аруағын  алдына  тартып 
барса, бұлтақтай алмас. Баласына билет алдырды да, ұшаққа 
мініп əйдік қалаға тартты.
Бір жұмадан соң қайтып келді. Қайнысын жаңа қызметі-
мен  құттықтап, «мінгізген  ат,  кигізген  шапаным»  деп  қал-
тасына  ақша  сүңгіткен  шығар.  Ол  жағын  айтпайды.  Қазір 
ол  зəулім  сарайда  тұрады  екен.  Өткен-кеткенді  қозғап,  са-
мардай  боп  үйінде  жатып  алғасын  бостан-босқа  көк  тиын 
шығармайтын жездесінің мінезіне сыралғы қайнысы бұйым-
тай сұраған болса керек. Ол жағы да қараңғы. Əйтеуір, белгі-
лісі – бұл баласын анау-мынау емес, қалаға əкім етудің жа-
йын сөйлескен.
Айбар шал балдарынан ақша жинап алды. Басы артық екі 
үйін, жамағайынға жалға беріп қойған базардың жанындағы 
дəу дүкенін сатты. Əкімдік орынтақтың құны көп ақша бо-
латын көрінеді. Қолда бардың сусып бара жатқанына Айбар 
шал  қынжылмайды,  ертең  Асқақжаны  əкім  болса,  бəрінің 
орнын толтырарына сенімді.
–  Дарылдап  біреуге  айтып  қойып  жүрмеңдер.  Қазіргі 
əкім  шалқасынан  түскенде  бір-ақ  білсін, – деп  балаларына 
қайта-қайта тапсырды ол. – Əлдебіреулер қимылдап қалмай 
тұрғанда жұмысты тындырайық.

37
– Жиһанға жар салып жындымыз ба? – десті балалар. – 
Мұндай сырды ешқашан тістен шығаруға болмайтынын тү-
сінеміз ғой!
Бұл  жолы  Айбар  шал  үлкен  баласының  машинасымен 
кетті. Қыруар ақшаны алып қалған қайнысы «бір-екі ай күте 
тұрсын,  тиісті  адамдармен  сөйлесіп  қойғам,  шаруаны  бітті 
деп  есептей  беріңдер»  деген  көрінеді.  Баяғы  солбыраған 
қайнысының  жалаңдап  тұрғанына  шал  əсте  таңданбады. 
Қызмет  бабы  солай  ғой!  Үлкен  лауазымды  кісі  алатынын 
алған соң іс бітпей қайда барады?
Мамыр  айының  мамыражай  күндерінің  бірінде  Асқақ 
Айбарұлын облыс əкімдігіне шақырды. Əкім қабылдап, жы-
лы шырай танытты:
– Сіздің жеке ісқағазыңызбен танысып шықтым. Мемле-
кеттік банкте абыроймен қызмет атқарыпсыз. Еліміздің өсіп-
өркендеуі  үшін  қаржы,  экономика  саласын  жетік  меңгер-
ген жас мамандарды билікке тартуымыз қажет. Сіздің білік-
тілігіңізді  ескеріп,  басшылық  қызметке  тағайындағалы 
отырмыз. Самал қаласының əкімі соңғы кезде жұмысты қо-
жыратып жіберді. Соның орнына баруға қалай қарайсыз?
–  Сіз  лайық  көрсеңіз,  сеніміңізді  ақтауға  тырысамын. – 
деді Асқақ Айбарұлы басын иіп.
– Онда келістік деп есептеймін. Сəрсенбі күні таңертең ау-
дан əкімдігінде болыңыз. Жеке өзім барып жаңа орныңызға 
отырғызып кетемін.
Облыс əкімінің созған қолын ерекше ізетпен қысып қош-
тасқан  соң  Асқақ  Айбарұлы  сыртқа  шығып,  машинасына 
жақындағанда сырлы жымиып қойды: «Білікті маман... ең-
бегіңізді  ескердік...  Сұңқылдауын  қарашы!  Саясат  деген 
осы екен ғой! Əкем Шойынқара нағашыма барып, мəселені 
шешіп қайтпағанда берген сəлемімді де алмас едің-ау!»...
Сəрсенбі  күні  кішігірім  жиналыс  барысында  бұрынғы 
əкім басқа қызметке ауыстырылды да, Асқақ Айбарұлы қала 
əкімі  боп  шыға  келді.  Жиналыс  аяқталғасын  облыс  əкімі 
мұны жаңа жұмыс бөлмесіне жеке өзі ертіп əкелді:
– Лауазым құтты болсын! – деді ол. – Мына орынтақ қа-
йырлы боп, бұдан да биік мəртебелерге жету несіп етсін!
– Лебізіңізге рахмет! – деп қыздай сызыла қалды бұл. – 
Сіздің  арқаңызда  боп  жатыр  ғой  бəрі!  Жақсылығыңызды 
өле-өлгенше ұмытпаспын. 

38
Мұндай сөздерді көп естіген болар, облыс əкімі ештеңе 
демеді. 
Асқақ Айбарұлы облыс əкімінің жеке өзі жұмыс бөлмесіне 
бастап  келгенінен  əлденені  ұққандай  болды.  Əкесі: «Ретін 
тауып, облыс əкімін риза етіп жібер. Жоғарыда нағашым бер 
деп қоқаңдай көрме. Тікелей үстіңнен қарайтын басшылар-
мен  жақсы  болсаң,  ешқашан  опық  жемейсің», – деген  бо-
латын.  Мана  əкімнің  жүргізушісіне  бір  дипломат  жібертіп 
үлгерген. Соны жайлап білдірудің реті кеп тұрған сияқты:
–  Дастарханымыздан  дəм  татып  кетсеңіз... – деп  баста-
ғаннан-ақ облыс əкімі сөзін бөліп жіберді:
– Оған уақыт қайда? Көрші ауданға жаңа мектептің ашы-
лу рəсіміне бара жатырмын.
– Бір аяқ ас беріп, ризашылығымды білдіре алмағаныма 
өкініштімін.  Уақытыңыздың  тапшы  екенін  түсінем, – деді 
мұңайған сыңай танытып. Сосын біреу естіп қоятындай сы-
бырлады: – Жүргізушіңізге бір дипломат жіберген ем, бер-
ген шай-суымыз ретінде қабылдауыңызды өтінем.
Облыс əкімі мұны министр нағашысына сеніп, жоралғы 
жасамайтын  шығар  деп  ойлаған  болу  керек,  дипломатты 
естігенде өңі жылып сала берді.
–  Бекер  əуре  бопсыздар  ғой!  Біздің  ешкімнен  дəмеміз 
жоқ. Елге кішкене көмегіміз тисе, қуанамыз, – деді де, Асқақ 
Айбарұлының арқасынан қақты. – Түсінісіп істейміз деп ой-
лаймын. Жұмысың жемісті болсын!
Асқақ Айбарұлы облыс əкімін машинасына дейін шыға-
рып салды. Аудан əкімі ығай-сығайларымен машина жанын-
да тұрған екен. Қара түсті джип орнынан қозғалып, көрінбей 
кеткенше бəрі сол жерде тұрды. Бұл жаңа қызметпен жамы-
рай құттықтап жатқандарға алғысын білдіріп, жұмыс бары-
сында  танысып,  жақсы  араласатын  аудан  əкімін  бір  шетке 
шығарды:
–  Басеке,  қоластыңызға  келдік  енді.  Сізден  үйренеріміз 
көп. Жұмыс бастамай тұрып, дастархан үстінде ақыл-кеңесі-
ңізді алсақ...
– Сен онда үйіңе бара бер, – деді аудан əкімі. – Бүгінгі 
жұмыстарды реттестіріп алайын, екі сағаттан соң баруға ты-
рысамын...

39
* * *
Асқақ Айбарұлы əкім болған күннің ертесіне таңмен та-
ласа  тұрды.  Кеше  аудан  əкімімен  болған  сұхбат  қиялынан 
кетер емес. Ол қонақасы үстінде жұмысының бұл білмейтін 
қырларынан хабардар етті. Əсіресе, қаладағы мекеме басшы-
лары жайын ерінбей тəптіштеп түсіндірді. Оның сөздерінен 
кімдерді  орнынан  қозғауға  болатын-болмайтынын  ұқты. 
Сосын  əңгіме  ауаны  қала  бюджетіне  бөлінген  қаржылар 
мен тендерге ауысты. Қаладағы жер мəселесі де сөз болды. 
Бірден пайда жағын ойлайтын банкир емес пе, келісіп істесе, 
тасы  өрге  домаларына  көзі  жетті.  Аудан  əкімінің  ертелеу 
кеткені жақсы болды. Əйтпесе, қазір басы мең-зең боп тұрар 
еді.  Салқын  суға  жуынып  алғасын,  таңғы  ас  ішкен  болды. 
Бірақ,  ас  батпады.  Жаңа  қызметке  масайып,  көңілі  тойып 
қалған екен. 
Ол екі қабатты ғимараттың қасына кеп машинасынан түс-
кен  кезде  жұмыс  басталуына  əлі  бір  сағаттай  уақыт  бар 
еді. Ғимараттың алдындағы алаңдағы сан алуан гүлдер же-
ңіл  самалға  тербеліп,  мұны  құттықтап  жатқандай.  Көңілі 
көтерілді. Еңкейіп, райхангүлдің бір сабағын үзіп алды да, 
құшырлана иіскеп, ғимарат ішіне кірді. 
–  Ассалаумағалейкүм! – деді  отыз  жастар  шамасында-
ғы балуан денелі қарауыл жігіт. – Жаңа лауазым құтты бол-
сын!
– Рахмет.
– Сізге жұмыс бөлмеңізді ашып берейін, – деп қарауыл 
жігіт мұның алдына түсті. 
Сəлден  соң  ол  екінші  қабатқа  көтерілді.  Қарауыл  жігіт 
əуелі хатшы қыз отыратын қабылдаухананы, сосын мұның 
жұмыс бөлмесін ашып беріп, төменге кетті. 
Жұмсақ  орынтаққа  жайланып  отырып  алған  соң  Асқақ 
Айбарұлы  жұмыс  бөлмесіне  көз  тастады:  Кеше  облыс  əкі-
мі  жанында  тұрғанда  байқамапты,  аумағы  атшаптырым 
екен  ғой!  Ішінде  кілең  Итальяндық  жиһаздар...  Мəссаған! 
Бұрынғы  жұмыс  бөлмесі  кедейдің  лашығындай  екен-ау! 
Енді  аудандық  банк  төрағасы  мен  қала  əкімінің  деңгейі 
салыстыруға  келмейді  ғой,  жұмыс  бөлмелерінде  айырма-
шылық  болмағанда  қайтсін?!  Əкімдік  деген  биліктің  бір 
ордасы  ғой.  Орданың  үлкен-кішісі  болмайды.  Белгілі  бір 

40
аумақты осы ордада тұрып басқарғаннан кейін əкімнің анау-
мынау ханнан несі кем?
Ол  бағана  кіреберісте  құрдай  жорғалаған  қарауылды 
көріп, осы ғимараттың қожасы өзі екенін сезінген сəтте-ақ, 
тылсым  қүдіреттің  əсерінен  қоқилана  түсіп,  кеудесін  кере 
жоғарғы  қабатқа  көтерілген.  Қазір  орынтақты  олай-былай 
бұрып,  ойнап  отыр.  Ара-тұра  терезеден  сыртқа  көз  тастап 
қояды. Төменде əлдеқайда асыққан адамдар, машиналар легі 
қыбырлаған  құмырсқалардан  аумайды.  Бұл  үнсіз  бақылап 
олардың  бəрінен  биікте  отыр.  Егер  қолына  бірдеңе  алып, 
терезеден лақтырып жіберсе, ана құмырсқалардың барлығы 
мыжылып  қалатын  тəрізді.  Ол  қолына  күлсалғышты  ұстап 
алғанын байқамады. Лақтырғысы келді. Бірақ, лезде ойынан 
айнып қалды. Өзінің төбеден бақылап отыруға ғана жарай-
тынын  ойлады.  Құмырсқалар  мыжылып  қалса,  еңбекті  кім 
істейді? Олар еңбек етпесе, бақылаушы аш қалады ғой!...
Есіктің  тықылы  ойын  бөліп  жіберді.  Қиялай  ашылған 
есіктен бір қыздың басы көрінді:
– Кіруге бола ма?
– Кір, – деді əдемі қиялының бөлінгеніне ренжігендіктен 
дүңк еткізіп.
Есік  білінер-білінбес  нəзік  бір  қимылмен  ашылып,  ұзын 
бойлы, аққұба өңді қыз ертегіден шығып келе жатқан періш-
тедей күлімсіреп кіріп келді. Тал бойынан жұпар аңқиды.
– Сəлеметсіз бе? – деді де мұның жауабын күтпей был-
дырлай жөнелді. – Хатшымын. Есімім – Айгүл. Кеше үлкен 
кісілер келгенде ешкім болмасын деген бұйрық түскен соң 
сіздер келгенде ішкі саясат бөлімінде отырған едім.
– Мен Асқақ Айбарұлымын, – деді кеше бұл қызды көр-
мегенін  есіне  алып. – Жұмыс  орныңа  бара  бер.  Жұмысқа 
қызметкерлер келген соң алдыма жеке-жеке кіргіз.
– Мақұл, – деп хатшы қыз бұған бір қарады да, кері бұ-
рылды. 
«Əдемі қыз екен. Мүсінінде бір мін жоқ. Періштенің нақ 
өзі. Жоқ, бұл жерде періште неғылсын? Көзі суық екен. Пері 
болар» деп ойлады.
Күні бой қағаздарды түрткілеп жұмыс бөлмесінен шық-
пады.  Əкімшілік  қызметкерлері  өз  бөлімдеріндегі  жұмыс-
тың  есебін  берген  болып,  жеке-жеке  кіріп  құдайдың  көп 
қағазын тастап кетті. Бəрінің арасында бір-бір конверт бар 

41
екен. Жұмыстан кетіп қалмаудың амалын жасап істеген қам-
қарекеттері болар. Кетерінде қағаздарымен қоса папкасына 
тықты.
– Жұмыс күнің қалай өтті, балам? – деді кеште əкесі есік 
алдынан күтіп алып.
–  Жақсы... – деп  жауап  берді  түстік  тамақты  ішуді  де 
ұмытып  жұмыс  істегендіктен  шаршағандығын  білдіргісі 
келмей. 
Үйге кірген соң конверттерді папкасынан алып, əкесіне 
берді.
Айбар  шал  шыққан  шығыны  қайтып  келе  бастағанына 
қуанып кетті...
Жұмыстың  екінші  күнінде  бірен-сараң  таныстар  кіріп, 
құттықтап  кеткені  болмаса,  қалтаға  түскен  ештеңе  болма-
ды. Жұрт əкім болдың екен деп төбеңнен алтын шашпайды 
екен. Оның үстіне жұма болғандықтан шағымданушыларды 
қабылдап əбден мезі болды. Біреу үш жылдан бері жер телімін 
ала  алмай  жүргенін  айтып  ызыңдайды,  біреу  соқталдай 
төрт  балам  жұмыссыз  отыр  деп  жылайды,  біреу  нанның 
бағасы  көтеріліп  кеткенін  айтып  зарласа,  мыжырайған  бір 
кемпір  базардан  пісте  сатуға  бір  метр  жер  əпер  деп  дүрсе 
қоя берді. Жолдың жыры, свет, газ, су мəселесі... Келгеннің 
бəрі «Бер! Бер!» деп тұрған бəле, «Берем» дейтін біреуі жоқ. 
Сөзбұйдаға салып шығарып салмасаң, мұндай бəлеқорларға 
қатты сөйлеуге де қорқасың. Жұрттың талабы күшейіп кет-
кен. Барлық арманының жедел орындалғанын қалайды, жан-
натта өмір сүргісі келеді. Алла тағала да əлемді алты күнде 
жаратқан.  Сабыр  қылса,  жайымен  болады  ғой  бəрі  де.  Бұл 
Харун ар-Рашид пе екен, табан астында жарылқай салатын, 
əлде сиқырлы шырағы бар Аладдин бе, таңғажайып жасай 
салатын?! Түсіну керек қой!...
Жұмыс күнін əрең аяқтап, үйіне қалжырап жетті. «Бірдеңе 
əкеледі-ау!» деп жалақтап алдынан шыққан əкесін көргенде 
кірерге тесік таппады...
Бүгін – дүйсенбі. Асқақ Айбарұлы демалыста жақсылап 
тыныққандықтан болар, соны серпінмен жұмысқа құлшына 
кірісіп,  алдында  үйіліп  тұрған  қағаздарды  оқи  бастады. 
Қаладағы  мекемелердің,  базарлардың,  мектептердің,  қыс-
қасы, төрт адамның басы біріккен ұжым болса, бəрінің жай-
күйі жайлы ақпаратқа шұқшиды.

42
Өмір ағысы өз арнасына түскен сынды тосын мінез бай-
қатпайды.  Мұның  əкім  болғанымен  ешкімнің  шаруасы  да 
болмай қалды. Құттықтаушылар да сап тиылды. 
Ол аппақ қағазға үңіліп шаршады білем, əріптерді, сан-
дарды шатастыра бастады. Қағаздарды ысырып тастай сал-
ды да, қызметтік телефонды ұстауға да ерініп, айқай салды:
– Шай! Ащы қып демдеп шай əкел!
Көп өтпей хатшы қыз буы бұрқырап тұрған шайды алды-
на əкеп қойды да, үнсіз шығып кетті.
Ыстық  шайдан  сораптап  отырып  терезеге  көз  тастады: 
Сол баяғы сабылысқан адамдар, ығы-жығы машиналар...
«Тағы  да  сол  құжынаған  құмырсқалар, – деп  ойлады. – 
Жемтік табуға асығып бара жатқан болар. Дүние деген ыл-
ғи арпалыс, жанталастан тұрады. Тіпті осы кіп-кішкентай құ-
мырсқалар  да  тыраштанбаса,  олжасынан  қағылады.  Негізі, 
дүниедегі  ең  еңбекқор  жəндік – құмырсқа.  Өз  салмағынан 
ауырды сүйрей жөнеледі. Тапқанын ерінбей таси береді, таси 
береді. Бəлкім, жаратылыстың тепе-теңдігін өз еңбекқорлы-
ғының арқасында сақтап тұрған құмырсқалар шығар?».
Шай  мұны  сергіте  алмады.  Ауыр  ойлардың  құрсауына 
түсіп,  басы  мең-зең  боп  кетті.  Жандүниесінде  ауытқулар 
орын алып жатыр. Əлденені тауып, əлденені жоғалтып жат-
қандай.  Жоғалтқаны  маңызды  ма,  тапқаны  маңызды  ма, 
əзірге беймағұлым. Жан мен тəн үйлесімді етіп жаратылған 
емес пе, мұның ішкі əлеміндегі өзгерістер сыртына да əсер 
етіп жатқандай тұла бойы сырқырап кетті.
«Жоқ, құмырсқалар жаратылыстың тепе-теңдігін сақтай 
алмайды.  Олар  қара  жұмысқа  ғана  бейімделген.  Тапқаны 
ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кетеді. Тепе-тең-
дікті сақтайтындар – құмырсқалардың жемтігін тартып ала-
тындар. Егер сол тартып алатындар болмаса, құмырсқалар-
дың  жинағаны  үйіліп  тауға  айналады.  Бұл – қауіпті.  Құ-
мырсқалар өздерін таудың қожасы ретінде сезінсе, баршаны 
шағып бітіреді...
Міне,  мен  əкім  болдым.  Анау-мынаудың  түсіне  де  кір-
меген  құзыретке  иемін.  Өзіме  тиесілі  аймақтың  тепе-тең-
дігін  сақтау  менің  еншіме  тиген.  Жоғарыда  мені  де 
құмырсқа құрлы көрмейтіндер бар. Солардың аранына жұ-
тылып  кетпеуім  үшін  не  істеуім  керек?  Əрине,  төмендегі 
құмырсқалардың жиғанын жəукемдеуге тиіспін! Сонда ғана 

43
орнымды сақтай алам. Бəлкім, көтеріліп те кетермін». – Ол 
мың  жылдық  жұмбақтың  шешімін  тапқандай  қуанып,  кесе 
түбінде қалған шайдың соңғы тамшыларын жұтты. 
Кенет көзі қабырғадағы айнаға түсіп кетті: Жұмсақ орын-
тақта  бір  мақұлық  шай  ішіп  отыр  екен.  Жазбай  таныды: 
Балалық  шағында  оқыған  ертегі  кітаптарында  бейнелен-
ген аждаһаның дəл өзі! Қорыққанынан шыңғырып жіберді. 
Қолындағы кесе еденге түсіп, быт-шыт болды. Орынтақтан 
қарғып  тұрып  үсті-басына  назар  салды.  Киімдерінің  ор-
нын бұжыр-бұжыр тері иелеген. Аяқ-қолының тырнақтары 
сорайып  тұр.  Денесі  бұрынғыдай  тіктелмейді,  сəл  еңкіш 
тартқан. Мына сықпытын анықтап көргісі кеп айнаға қайта 
қарады. Басы сүйірлене түскен, азу тістері ақсиып тұр. Жар-
ты  құлаш  құйрығы  да  бар.  Бүкіл  денесі  аждаһаныкі  бол-
ғанмен, санасы өзінікі сияқты. Кəдімгі адамша ойланып тұр-
ғанына таң қалды. Сөйлеу қабілеті жоғалмады ма екен? Тек-
серіп көргісі келді:
– Əй, кім бар? – деп дауыстады. Дауысы өзінікі, ап-анық 
естіді.
Есік ашылып, хатшы қыз кіріп келді. Құбыжыққа айнал-
ған түрін көріп, хатшы қыз талып қалар деп ойлады. Бірақ, 
ол мұны көріп сескенген жоқ. Бұған жалт етіп, бір қарады да, 
əлдене деп күбірледі. Сосын оның тұрған жері тұманданып, 
өзі көрінбей қалды. Бір кезде кіп-кішкене аждаһаға айналып 
шыға келді де адамша тіл қатты:
– Не дейсіз, қожайын?
– Не боп жатыр? Түсінбедім. Мен кіммін? Сен кімсің?
– Алаңдамаңыз, Асқақ Айбарұлы. Бəрі табиғи түрде боп 
жатыр. Жаратылыстың заңы солай. Мен хатшыңыз Айгүл-
мін ғой!
Түк те түсінген жоқ. Мынау не деп кетті? Сұраулы жүзбен 
кішкентай аждаһаға қарады:
– Сонда қалай?
Кішкентай  аждаһа  мұны  ынтықтыра  түскісі  келген-
дей біраз ойланып тұрды да, мың жыл өмір сүрген абызша 
ақылгөйсіп жауап берді:
–  Сіз  мұнда  келгелі  бірінші  рет  бүгін  шай  іштіңіз.  Өзі-
ңіздің қожайын екеніңізді сезініп, өктем үн қатып, шай əке-
луді бұйырдыңыз. Мен əкеліп бердім.
– Сонда сен мені шаймен уладың ба?

44
–  Жоқ.  Əдетте  бұл  орынтақта  отырғандар  ісі  оңға  бас-
пай,  жүйкесіне  салмақ  түскен  кезде  сергіп  қалу  үшін  шай 
ішеді. Миы тынығып, шай арқылы бойына бұла күш бітіп, 
болашақты жоспарлайды. Сіз алғаш рет шай емес, биліктің 
дəмін таттыңыз.
– Ал, мына түрім не?
– Негізі, шайда да тұрған ештеңе жоқ. Басты мəселе – сіз 
бен біз отырған мына ордада. Бұл ордаға ерекше қабілетті 
адамдар иелік етеді. Əлемді ұлы күш билейді. Мына ордаға 
иелік  еткендер  күшті  болу  үшін  мол  қаржы  жинауы  тиіс. 
Күштің ара-салмағын байлық белгілейді. Сол байлықты жи-
нау үшін қожайындар ЖҰҺАға айналады. Жұһа – аждаһаның 
өте мешкей түрі.
– Жұһаға айналмайтындар да бола ма?
– Əрине. Орынтаққа адал жолмен келген ізгі ниетті адам-
дар жұһаға айналмайды. Жалпы, билік – ақ күштер мен қа-
ра  күштердің  тайталасына  құрылған.  Кейде  онысы,  кейде 
мұнысы үстем шығып жатады.
– Сен мұның бəрін қайдан білесің?
–  Бұл  жерде  бес  жылдан  бері  істеймін.  Хатшылық  бол-
машы ғана қызмет болғанымен, көп сырдың куəсі боласың. 
Біздің  міндетіміз – бұл  жердегі  сырды  көшеге  шығармай, 
кез  келген  қожайынға  адал  қызмет  ету.  Бұл  орда  биліктің 
маңызды  бір  бөлшегі  болғандықтан  былай  қарағанда  бол-
машы  қызметтің  өзі  жоқ.  Мұндағылардың  көбі  əлдеқашан 
жұһаға айналып үлгерген. Тек деңгейі əртүрлі: Бірі – үлкен-
деу жұһа, бірі – кішкенелеу жұһа.
– Бұл жерде жұһа емес адам да бар ма?
–  Бар.  Ішкі  саясат  бөлімінің  бастығы  Асылзат  Əділет-
қызы  деген  былық-шылықтан  бойын  аулақ  ұстайды.  Сон-
дықтан  бірнеше  жылдан  бері  қызметі  жоғарыламаған. 
Нəзік  мəселелер  талқыланған  кезде  оны  жолатпауға  ты-
рысамыз.  Ана  жолы  үлкен  кісілер  сізді  жаңа  орныңызға 
отырғызуға  келгенде  қыруар  қағазды  алдына  үйіп  тастап, 
əлдебір  іс-шаралар  өткізуге  дайындалуы  керек  екенін  ай-
тып, бақылауда ұстап отырғам. Əйтпесе, көрінген басшыға 
шағымдана кетеді. Мұндағы кемшіліктерді жіпке тізіп, арыз 
жазуға да шебер.
– Ал, мен өз кейпіме ене алам ба?

45
– Əрине. – ол бір дана тиын ақша берді. – Мынаны аузы-
ңызға салыңыз.
Тиынды дереу аузына тықты. Айналасын қою тұман қап-
тап  кетті.  Көзін  жұмды.  Буындары  босап  бара  жатқанын 
сезді. Лезде жайбарақат күйге енді. Көзін ашып, алдында тұр-
ған  хатшы  қызды  көрді.  Өзі  де  бұрынғы  қалпында. «Уф-ф» 
деп  орынтаққа  отыра  кетті.  Хатшы  қызға  да  алдындағы 
орындыққа отыр деп ишарат жасады.
–  Əне,  бұл  орданың  бар  сырынан  хабардар  болдыңыз, 
қожайын, – деді үнсіздікті бұзып хатшы қыз.
– Бұл жағдай осылай жалғаса бере ме? – деп сұрақ берді 
кейінгі тағдырына қызығып.
– Иə. Жұһа кейпіне енсеңіз, сұсыңызбен қарамағыңызда-
ғы майда жұһаларды үркітіп, көп қаржы əкелуге итермелей-
сіз. Кеште үйіңізге адам боп қайта бересіз.
– Мына тиынның не қасиеті бар?
– Жұһа – тойымсыз мақұлық. Темір тиынның дəмі таңда-
йына тиген кезде ғана нəпсі тиылады...
Асқақ Айбарұлы бүгін үйіне көңілдене қайтты. Жолына 
қарап мөлиіп отырған əкесіне көзін қысып қойды:
– Ертең бəрі жақсы болады!...
Ол  сейсенбі  күні  жұмысқа  кештеу  келді.  Хатшы  қызға 
жымиып  «біраздан  соң  əлгілерді...  жиып  алдыма  кір»  деді 
де, өзінің жұмыс бөлмесіне өтті.
Есік ашылып, топырлай кіріп келген ірілі-ұсақты жұһалар 
төрдегі  орынтақта  көзінен  жалын  шашып,  бұлардың  бəрін 
жұтып  жіберердей  ысылдап  отырған  дəу  жұһаны  көргенде 
бір сескеніп, сапқа тізіле қалды.
– Не бұйырасыз, қожайын?
– Əміріңізді орындауға əзірміз...
Дəу  жұһаның  бұйрығымен  ұзын  столдың  айналасына 
тізілген  орындықтарға  отырған  майда  жұһалар  алдарына 
лақтырылған қағаздарға үңілді.
– Жақсылап көріп, көкейге түйіп алыңдар, мына қағаздар-
да қаланың бүкіл мекемелері, кəсіпорындары жайлы ақпарат 
бар.  Əркім  өз  еншісіне  тиген  жерлерден  бірдеңе  өндіріп 
хатшыға əкеп тапсыруға тиіс! Табыстарыңның бес пайызы 
өздеріңдікі.
– Мақұл, қожайын!
– Сізге қызмет ету біз үшін бақыт!...

46
Майда жұһалар қағаздарын қолтықтап шығып кетті...
Əрқандай жұмыс бір жүйеге түссе, зымырап кете береді 
екен. Мол қаржыға қарық болды. Мекемелерден алынатын 
алым-салық өз жолына, асфальт төсеуге, газ, су құбырларын 
жүргізуге  бөлінген  қаржының  да  елеулі  бөлігін  қылғытып 
жіберді. Ұлтарақтай жерді пəлен теңгеге сатуды əдетке ай-
налдырды.  Дүкен,  дəмхана  құрғысы  келетіндер  ақшаның 
бетіне  қарамай  сатып  алады.  Жұмысқа  алу,  босату  деген 
тағы бар. Алпыс мың адам жасайтын қаланың алты базары-
ның қожайындарына «қала сыртына көшесіңдер» деп қиғы-
лықты салсаң, қомақты дүниесін көтеріп жетіп келеді. Мек-
теп,  аурухана  құрылысын  тендерде  ұтып  алғысы  келетін 
кəсіпорындар  сауын  сиырдың  нақ  өзі.  Бұлардан  басқа  да 
түсім  түсер  талай  жер  бар.  Солардың  арқасында  шыққан 
шығынын бірнеше есе етіп өтеп алды. Əкесі дəн риза. Ау-
дан,  облыс  əкімдеріне  де,  министр  нағашысына  да  тапқан 
табысынан жіберіп тұрады. Жұмыста жұһа, үйінде адам боп, 
екі өмір сүріп жүргеніне де екі жылға жуықтады. Соңғы ай-
ларда жаман аты шығыңқырап кетті. Ана ішкі саясат бөлі-
мінің  бастығы  Асылзат  Əділетқызы  деген  басына  біткен 
бəле  болды.  Жоғарыға  арыз  жолдаудан  жалықпайды.  Кел-
ген тексерушілердің де тамағы бар емес пе, асатсаң, тыныш 
кетеді, əйтеуір. Сонда да жаза береді. Ымыраға келер пен-
де  емес.  Жұмсақ  сөйлесең  де,  қатты  сөйлесең  де  құлағына 
қыстырмайды. Ақыры, ығыры шыққасын жұмыс бөлмесіне 
шақырып, жұһа кейпінде тарпа бас салды. Қорыққаннан есі 
ауысып  қалған  байғұс  жындыханадан  бір-ақ  шықты.  Одан 
құтылып, сəл тынышталғандай болып еді, зəбірі өтіп кеткен 
болу керек, бірнеше мекеменің басшылары да бас көтере бас-
тады.  Үйіргелік  жер  телімін  ала  алмаған  қайдағы  біреулер 
де жазғыш боп алды. Жындыханада жатқан Асылзат Əділет-
қызы да «жұһа» деп арызды қарша боратып жатқан көрінеді. 
Оның  арызында  жазылғандай  жұһа  екеніне  сенбесе  де, 
жебірлігіне бола айтылған болар деп жұрт шуылдап жүр.
Қала əкімі үшін екі жыл аз мерзім емес екен. Дүйім жұрт-
ты дүрліктіргенін білді. Жымқырылған қаржы көп, істелген 
жөнді  жұмыс  жоқ.  Орынтағының  қимылдап  қалғаны  ай-
дан  анық.  Бұдан  əрі  отыра  берсе,  қалпақтай  ұшуы  мүмкін. 
Қызметі жоғарыласа ғана бұл жағдайдан сытылып кете ала-
ды.

47
Ол  əрі  ойланып,  бері  ойланып  жағдайды  əкесіне  айтты. 
Айбар  шал  сөзге  келместен  артынып-тартынып  министр 
қайнысы Шойынқара Қожабердиевке тартты.
Бұл əкесінің келуін тағатсыздана күтті. Əкімдікті күткен-
де мұндай мазасызданбаған еді. Əкім боларына нық сенімді 
болатын.  Қазір  былық-шылыққа  белшесінен  батқандықтан 
көңілі үрейге толы.
Бір жетіден соң əкесі де жетті-ау!..
– Нағашың істейтін министрлікте бөлім бастығы боп іс-
тейтін болдың, балам.
Тығырықтан шығарған əкесін елжіреп құшақтай алды...
Асқақ Айбарұлы жұмыс бөлмесіне келіп, қоластындағы-
лармен  қоштасты.  Əсіресе,  аса  ризашылықпен  хатшы  қыз 
Айгүлдің маңдайынан сүйіп қойды. Сосын сыртқа шығып, 
əкімдік  ғимаратына  соңғы  рет  көз  тастады  да,  машинасын 
от алдырды...
Оның кеткені лезде қалаға тарады. 
– Жұһа аспанға ұшып кетіпті ғой! – десті қызметі жоғары-
лағанына ишара етіп.
Бір  бəледен  құтылғанына  қуанған  жұрт  еркін  тыныстай 
бастады.
Қала əкімінің орынтағы бірнеше күн бос тұрды.
Елеспесіз біреу əкім бопты деген хабар шықты. Əкімдік 
ғимараты  тыншып  қалған.  Бұрынғыдай  зіркілдеп  шығып, 
кез  келген  мекемеге  жалақтап  жетіп  келетіндердің  қарасы 
өшкен. Алаң маңындағы көрікті ғимараттардың бірінің маң-
дайшасына орнатылған сағат тілдері алға жылжып, тіршілік 
ағысының тоқтап қалмағанынан дерек беріп тұрған сияқты. 
Ана  орданың  ішінде  жаңадан  пайда  болған  жұһа  аузынан 
алау шашыратып, майда жұһаларды жиып ап дүрбелең са-
лып жатқанынан жұрт əлі бейхабар еді...

48

1   2   3   4   5   6   7   8   9


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал