Бағдарламасы бойынша жарық көрді Ұзақов Бегабат



Pdf көрінісі
бет7/9
Дата15.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#9656
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ЖАМАНАТ
Құрманай  жүз  үйлі  шағын  ауылдың  медпунктінде  жал-
ғыз өзі істейді. Алып бара жатқан жұмыс жоқ. Ауыл адам-
дары  жеңіл-желпі  ауруға  бола  бас  сұға  бермейді.  Ара-
тұра  ыстығы  көтерілген  балаларын  əкеледі.  Қан  қысымы 
артқан  қарттарға  өзі  барады.  Əр  маусымның  белгілі  бір 
кезеңдерінде белең алатын көкжөтел, іш ауру сияқты ауру-
ларды есепке алмағанда, өршіп бара жатқан індет жоққа тəн. 
Алайда, өкімет жұмыс орнын ашып, жалақы төлеп отырған 
соң  жұмыс  болсын,  болмасын  медпунктте  күйбеңдейді  де 
жүреді.  Бүгін  де  əдеттегіше  еденді  жуып,  жұмыс  орнын 
тəртіпке  келтіріп  болған  соң  ұялы  телефонынан  əлдебір 
əуенді тыңдап отырған. Есік ақырын ашылып ақ туфли, ақ 
шалбар, шолақ жеңді ақ көйлек киген, толқын-толқын қара 
шаштары жалтырап тұрған, бетін күн қақпаған, аққұба жігіт 

115
ішке  енді.  Күннен  қорғар  көзəйнегін  маңдайына  көтеріп 
қойған. 
Дереу телефонның тетігін басып, жазғы желдей жайымен 
таралып тұрған əуенді өшіре салды.
– Келіңіз.
– Сəлеметсіз бе, қарындас? – деп жігіт қолын ұсынды.
Құрманай да ыңғайсызданып қолын созды. Ауылда қыз-
дар  ет  жақыны  болмаса,  басқамен  қол  алысып  амандаса 
бермейді.  Жігіт  қолын  білінер-білінбес  қысып  қойды  да, 
сезімге толы отты жанарын қадап: «Сізді кешкі онда бұлақ 
басындағы шынар түбінде күтем», – деп, жылдам бұрылып 
кетіп қалды. Құрманайдың жүзі ұяттан лаулап, қып-қызыл 
боп кетті. «Біртүрлі жігіт екен өзі. Танымайтын жанға сөй-
деуге  бола  ма  екен?  Кеше  келіп  шаңнан  аллергиясы  бар 
екенін  айтып,  дəрі  сұраған  еді.  Бүгін  төбеден  түскендей 
«Шынар астында күтем» дейді ғой! Əбден қалалық боп кет-
кен  екен.  Оның  үстіне  өнер  адамы.  Шақырсам  болды,  қыз 
біткеннің  бəрі  құрақ  ұша  жүгіреді  деп  ойлайтын  шығар. 
Мұндай  жігіттер  қарап  жүреді  дейсің  бе,  қанша  қызы  бар 
екенін құдай білсін?.. Бəлкім, қалада жүріп, отызға жеткен-
ше үйленбегеніне қарағанда өз ауылының қызынан басқаны 
ұнатпайтын шығар?..»
Құрманай  екіұшты  ойдың  құшағында  қалды.  Деген-
мен, ертегіден шығып келген ханзададай жігіттің өзіне көзі 
түскеніне  көңілі  марқая  бастаған  сияқты.  Жігіттің  ата-ана-
сын, іні-қарындастарын танығанмен өзін онша біле бермейді. 
Тек  ауылдастары  үнемі  «Киноактер  Сұлтан  Қарасаев – 
біздің  ауылдас»  деп  мақтаныш  етіп  разъезге  келе  қалған 
бөгде жолаушыларға айтып отыратынын біледі. Бірер мəрте 
эпизодтық рольде ойнаған киносын да көрген.
Сұлтан  разъездегі  станцияда  істейтін  Сүлеймен  деген 
жасы  алпысты  алқымдап  қалған  кісінің  баласы.  Бірінші, 
əлде  екінші  сыныпта  оқып  жүрген  кезінде  ел  астанасын-
да  тұратын,  ұл  перзенті  жоқ  нағашысы  алып  кеткен.  Сол 
жақта  оқып,  ержеткен.  Ауылға  бір  рет  те  қадам  басқан 
емес.  Ауылдастар  актер  екенін  ғана  білгенімен,  тыныс-
тіршілігінен бейхабар. Сұлтанның қанша жылдан соң ауылға 
келгеніне  бір  жұма  ғана  болды.  Неге  келгенін  кім  білсін, 
əйтеуір  жақын-жұрағаты  күнде  үйіне  шақырып  қонақасы 
беріп жатыр.

116
Сүлеймен  ағайдың  үйі  ауылдың  күнгей  жағындағы  тө-
беде  орналасқан  Шілдебай  ақсақтың  үйінің  қасында.  Осы 
Шілдебай ақсақ есіне түссе болды, Құрманай кірпідей жиы-
рыла қалады. Жиырма беске келгенше күйеуге шықпай оты-
рып қалуына баста себепші сол. Қыздың жолы жіңішке емес 
пе, соның бір ауыз сөзіне бола атына дақ түсті. Медициналық 
училищені  бітіріп,  зейнетке  шыққан  Күнсұлу  апайдың  ор-
нына  тағайындалып,  осы  медпунктте  жұмыс  бастаған  кезі 
болатын. Шілдебай ақсақ екі сынып жоғары оқыған жалақ 
ерін сары баласына сұрап үйінің табалдырығын тоздырды. 
Шешесі арқылы оның баласына күйеуге шықпайтынын айтса 
да, күн аралата беделді адамдарды ертіп ап келеді де тұрады. 
Үріп ауызға салғандай қызды кім жек көрсін, келін етуді ар-
мандап басқалар да келе бастады. Біреуінің түрін, біреуінің 
бойын ұнатпай, тағы біреуінің мамандығы жоқ деп, ешбіріне 
келісімін  бермей  жүрген.  Бір  күні  аудан  орталығына  дəрі-
дəрмек алуға барып, қайтарда шешесі берген тізімге қарап 
базардан  азық-түлік  алып  жүргенде  ауыл  үстінен  екіндіде 
өтетін пойыздан қалып кеткенін байқамай да қалды. Авто-
бус жүрмегендіктен ауыл адамдары осы пойызбен қалаға ба-
рып қайтады. Такси əкесінің құнын сұрайды. Кішкене қағаз 
жəшікке салынған дəрі мен бір сөмке азық-түлікті арқалап 
қала  шетіндегі  үлкен  жолдың  бойына  шықты.  Сол  жаққа 
жүретін  көлік  табылса,  мініп  кетпек.  Бір  сағаттан  астам 
тұрған соң жүк көлігі келді. Көрші ауылға барады екен. Бес 
шақырымдай жаяу жүруге тура келеді. Амалсыз мініп алды. 
Жиырма бес жастардағы жүргізуші жігіт заржақ пəле екен. 
Көрші ауылдағы таныстарының малын ертең базарға алып 
шығуға кетіп бара жатқанын, өзінің таяуда ғана үйленгенін 
судыратып  айтып  шықты.  Жол  бойы  сапарда  жүргенде 
басынан  өткен  оқиғаларды  əңгімелеп  аузы  тыным  таппа-
ды.  Ара-тұра  мұнан  да  бірдеңелерді  сұрап  қояды.  Деген-
мен, көңілінде кірі жоқ, аңқылдаған жігіт екен. Екі жарым 
сағаттан соң барар жеріне жеткен кезде «Дəрігер əрі қыз бала 
екенсің,  қараңғыда  бір  өзіңді  қалдырып  кеткенім  жарамас, 
апарып тастай салайын» деп, тағы бес шақырым жол басып 
медпункттің  түбіне  дейін  əкелді.  Құрманай  дəрі-дəрмегін 
медпунктке қойып, əрі қарай үйіне жаяу кете алатынын айт-
ты. «Мақұл, кіріп шыққаныңша машинаның шырағын жағып 
қарап тұрайын» деді ол. Дəрі салынған қағаз жəшікті алып 

117
түскен  Құрманай  медпункттің  есігін  ашып,  қолындағысын 
ішке  қойып,  бөлмесінің  қазір  ғана  жаққан  жарығын  қайта 
сөндіріп,  есікті  құлыптап,  тепшектен  төмен  түсе  бергенде 
машина  шырағына  көзі  шағылысып  сүрініп  кетті.  Құлап 
бара  жатқан  кезінде  сөмкенің  жанында  тұрған  жүргізуші 
жігіт қапсыра құшақтап алды. «Ой!» деп жігіттің желкесі аса 
басын көтере бергенде əріректе жалт қарап шойнаңдай ала 
жөнелген Шілдебай ақсақты көзі шалып қалды.
– Қарындас, сүйеп қалмағанымда халыққа əкелген дəрі-
дəрмегіңді өзіңе қолданатын едің...
Ертеңіне жұмыстан қайтып бара жатқанда екі əйелдің ар-
тынан  «пыш-пыш»  ете  қалғанын,  қарсы  алдынан  шыққан 
екі-үш адамның біртүрлі қарағанын сезді. Одан соңғы күні 
де осындай жағдай қайталанды. Үшінші күні шешесі оңаша 
бөлмеге кіргізіп, білегінен мытып алды:
– Жаныңның барында айт, не бүлдіріп жүрсің?
– Не бүлдіріппін?
– Ештеңе істемегендей болуын қара мұның, – деп шешесі 
төне түсті. – Ана Шілдебай ақсақ: «Келін қылам деп жүрсем, 
Төленнің дəрігер қызы бұзылып кеткен екен. Бейтаныс жүр-
гізушімен  жеті  түнде  құшақтасып  жатқанын  көрдім.  Жүзі 
құрысын сайқалдың!» – депті кемпіріне. Гүлбаршын кемпір 
жерден  жеті  қоян  тапқандай  көршілерге  жайып  шығыпты. 
Қазір бүкіл ауыл шулап жүр.
Құрманай болған оқиғаны айтып берді.
– Кімнің аузына қақпақ боласың? Өсектеп-өсектеп қояр.
–  Əй,  қайдам, – деді  шешесі. – Мына  сөзден  кейін  сені 
біреу  жар  ете  қояр  ма  екен?  Қартайғанда  басыма  жастық 
болмасаң жарар еді...
Содан кейін келін еткісі келетіндер сап тиылды. Көшеде 
біреуге  жолыға  кетсе  көзқарасынан  қымсынатын  болды. 
Басында  «өсек-аяңға  кім  мəн  беруші  еді?»  деп  ойлаған. 
Бара-бара  жел  сөздің  күші  шындықты  қаңбақтай  ұшырып 
əкететінін  ұқты.  Сол  кезде  барып  Шілдебай  ақсақтың  бір 
тұтам ешкі сақалын жұлып алмағанына өкінді.
«Имансыз шал төріңнен көрің жақын қалғанда бала-ша-
ғаның  өсегін  қайтер  едің? – деп  ойлайтын  болды. – Бəл-
кім, «Құшақтасып тұрғанын көрдім» деген шығарсың. Сы-
ныққа  сылтау  таппай  жүрген  кемпірің «...жатқанын»  деп 
сыпсыңдаған болар. Не айырмасы бар? Сенің байыбына бар-

118
май айта салған бір ауыз сөзіңнің кесірінен бағым байланды. 
Қайдан ғана кезіге кеттің екен?!».
Төрт бірдей ағасы үйлі-баранды боп кеткен. Алды немере 
сүйіп  үлгерді.  Кемпір-шалдың  қолында  қалған  ең  кішкене 
ағасының балалары да ержетіп қалған. Төрт-бес жылдан соң 
үйленем деп шықса ғажап емес. Шешесі «көзімнің тірісінде 
құтты  жерге  қонғаныңды  көрсем...»  деп  жұқалап  айта-ай-
та  жалықты  білем,  соңғы  кезде  жатын  бөлмесіне  кіріп  ап: 
«Бетіңнің  сұлуы,  етіңнің  жылуы  барда  біреудің  шалғайы-
нан  ұста.  Ертең  қара  басың  сопайып  келіндерге  күнің 
қалғанда  қор  боласың!» – дейтінді  шығарды.  Шілдебай 
ақсақтың  жалақ  ерін  сарысындай  ер  бала  болса  екен, 
көрінгеннің есігіне əкесін жіберетін. Екі мəрте үйленді. Екі 
əйелі  де  бір  жылға  жетер-жетпестен  тайып  тұрды.  Маскү-
нем байға кім шыдасын? Шілдебай ақсақ тағы біреуін əперу 
үшін  күйеуінен  ажырасқан  қызы  бар  үйлерге  барғыштап 
жүр. Бұл қайтсін? Қыз басымен біреуге «мені ал» дей алмай-
ды ғой!
Бəлкім, бағанағы жігіт те бұл жайлы гулеген өсектен ха-
бардар  шығар.  Жоқ,  төрелі  жігітке  ұқсайды,  естісе,  келіп 
отырмас еді. Əлгі оқиғадан соң бір рет те ерсі қылығымен 
көзге түскен жоқ. Жұмысына тура барып, тура үйіне келеді. 
Ел де ақтығына көз жеткізген шығар.
Күні бойы өз болашағы жайлы ойлады. Əлгі жігітпен қол 
ұстасып  қала  көшелерінде  жүргенін  көз  алдына  елестетіп 
көрді. Жарасымды жұп болатын сияқты.
Жұмыстан қайтқан соң тамаққа зауқы соқпай бөлмесіне 
қамалып  алды.  Бір  ауыз  «Күтем»  дегеніне  бола  желпілдеп 
жетіп барса қалай болар екен? Бармаса, ол жігіт осында жүре 
береді дейсің бе, ертең болмаса бүрсігүні қаласына кетеді де 
қалады. Сосын баяғыда менсінбеген ана ақсақтың маскүнем 
ұлына үшінші əйел болмаса, бұл маңайда өзі қатарлы бойдақ 
жігіт жоқ.
Алыста  мұнартқан  бір  бақыт  қол  бұлғап  тұрған  тəрізді. 
Өмірінде махаббаттың тұтқынына айналмаған жүрегі дүрсіл-
дей  соғып  арманына  жететінінен  хабар  беріп  тұрғандай. 
Демі тарылып бөлмеде отыра алмаған соң моншадағы мұз-
дай суға шомылды. Бөлмесінде шашын кептіріп тұрған кез-
де жеңгесі кіріп келді:
– Еркежан, біртүрлі боп жүрсің ғой, жай ма?

119
Жеңгесінің қырағы көзі бірдеңені байқап қойған сияқты. 
Əйелдерден  сыр  жасыру  қиын.  Жүрегіңнің  түкпірінде  не 
жатқанын көзіңнен сезеді. Əсіресе, жеңгесі дүкенші болған-
дықтан адамдардың қас-қабағынан көңіл күйін біле қояды. 
Қысыла-қысыла мəн-жайды айтып берді.
Жеңгесі қуанып кетті:
–  Еркежан,  бағың  жанғалы  тұр.  Ондай  жігітті  қолдан 
шығаруға  болмайды.  Міндетті  түрде  кездесуге  баруың  ке-
рек.
– Қайдам...
– Олай деме. Аузыңды ашып жүрсең, жүре бересің. Сен 
онан да не киіп баратыныңды айт.
Құрманай жұмысқа киіп жүрген көйлектерін көрсетті.
– Бұларың болмайды. Үлкен абысын туған күніңе сыйла-
ған көйлекті ки.
– Ол қысқалау ғой, əрі денеге жабысып тұрады.
–  Сондай  болғаны  дұрыс.  Сымбатыңнан  жігіттің  басы 
айналып қалсын. Опа-далап та жағып ал. Шашыңды арқаға 
жайып жібер.
– Қараңғыда кім көріп жатыр? Сіз де айтасыз-ау!
–  Енді  жалғыз  шынардың  түбінде  тұра  бермейсің  ғой. 
Үйге  дейін  əкеліп  тастаса,  көшедегі  самсаған  шырақтың 
жарығында түріңді көретін шығар? Алғашқы кездесуге бар-
ған сəттегі бейнең жігіттің есінде мəңгі қалып кетеді.
«Солай  ма?»  деген  сияқты  аңтарыла  қарады  жеңгесіне. 
Бұл  да  кезінде  қылмыңдаған  қыз  болған,  бірдеңені  білетін 
шығар.
– Сен бөлмеңде дайындалып отыра бер. Мен сағат онда 
үйдегілер  теледидар  көріп  отырғанда  шығарып  жіберем, – 
деп жеңгесі шығып кетті.
Құрманай бөлме есігінің іштегі ілмегін салды да, айна ал-
дына кеп бетін əрледі, ерніне далап жақты. Сосын шкафта 
тұрған қораптағы су жаңа қырмызы көйлекті алып столдың 
үстіне қойды. Көйлегін шешіп, үстіне столда тұрған иіссудан 
септі. Бөлме ішінде аңқып кеткен раушангүлдің иісі танауын 
қытықтады. Өзі ана жолы қалаға барғанда осы иіссуды əдейі 
таңдап  алған.  Раушангүлдің  иісін  жақсы  көреді.Үлбіреп 
тұрған  жібек  матадан  тігілген  қырмызы  көйлекті  киіп 
айнаға қарады. Қарлығаштай қанатында қиылған қасы, қазір 
ғана  боялған  ұзын  кірпігі  бота  көздерін  тұңғиықтандыра 

120
түскендей. Шиедей қызарған ерні аппақ жүзінің ажарын одан 
əрі аша түскендей. Кеуде тұсына дейін ашық. Омырауының 
ортасындағы ойыққа түсерліктегі ноқаттай меңі төменіректе 
əлдебір қазына барын меңзеп тұрғандай. Төңкерілген кесе-
дей  жұп-жұмыр  қос  анары  тырсиып,  əсемдігін  бүркемелеп 
жабыса түскен жібек көйлектен ытып шығайын деп тұрған 
тəрізді.  Белі  құмырсқаның  беліндей  нəзік.  Көйлектің  етегі 
тізеден  төрт  елі  жоғары  тұрғандықтан  аппақ  бақайшағына 
дейін  сазан  балықтың  баурауындай  жарқылдап  тұр.  Басын 
қиялатып теріс айналды. Қолаң шашы тегенедей бөксесіне 
жетіп тұр. Көйлектің қапталындағы кішкене жырықтан ап-
пақ саны менмұндалайды...
Бір пəсте басқа біреуге айналып кеткен сияқты. Өз мүсі-
нінің сұлулығына тамсана түскенімен жаңа көйлекке үйрене 
алар  емес.  Тек  өзіне  ғана  мəлім  қазынасын  дүйім  жұртқа 
паш етіп тұрған секілді...
Бір кезде жеңгесі келді.
– Сағат он болды. Жайлап шыға бер. Есіктің ілгегін ілдір-
мей қоям, келеріңде ақырын кір.
– Мына түрім ыңғайсыз ғой.
–  Ыңғайсыз  емес,  қайта  құлпырып  кеткенсің.  Көзі  бар 
жігіт болса, өзегіне өрт түсіп алақанына қондырғанша асы-
ғады.
Үйден ұрлана мысықжүріспен шықты. Көшеде тырс ет-
кен  дыбыс  естілмеген  соң  олай-былай  жүрген  ешкім  жоқ 
екенін байқап көңілі жайланды. Енді ауыл иттері шəуілдей 
ала  жөнелмесе  болды.  Аяғын  жайымен  басып  əр  жердегі 
бағаналарда  жарқырап  тұрған  шырақтардан  алыстады. 
Қараңғыда ешкімнің көзіне түсе қоймаспын деп ойлаған еді. 
Бірер сұлба байқалмағанымен жаздың ақшамы сүттей жарық 
екен.  Жарқын  болашаққа  жол  сілтеп  тұрғандай  шалқалай 
туған  айдан  таралған  бозамық  нұр  көңілдің  қатпарынан 
себездене  бастаған  үміт  сəулесімен  араласып  бара  жатқан 
сияқты.  Жұлдыздар  сəт-сапар  тілеп,  қимас  құрбысын  ба-
қыттың  даңғыл  жолына  шығарып  сап  тұрған  қыздардай 
жымыңдасады.
Құрманай  «Кешірек  шыққаным  дұрыс  болды  ма  екен? 
Айтқан уақытында жетіп барсам, бір ауыз сөзіне іңкəр боп 
тұрғандай ыңғайсыз жағдайда қалар ем. Күтпей кетіп қалса 
ше? Шақырған соң өйте қоймас, күтетін шығар» деген ой-

121
лармен  алыса  аяңдап  басып  келе  жатыр.  Жалғыз  шынарға 
жақындап қалғанда жүрісін мүлде бəсеңдетті. Шынар түбін-
де ешкім көрінбейді. «Əлде келмей қалды ма екен?» деген 
ой санасында жылт ете қалды. 
Көңілі құлазып сала берді. «Не де болса барып көрейін» 
деген  оймен  таяп  қалғанда  тысыр  ете  қалған  дыбыс  есті-
ліп, шынар артынан жігіт шыға келді. Қуанып кеткенін біл-
дірмеуге тырысып төмен қарады. 
– Келдің бе, жаным? – деп жігіт ақырын кеп қолынан ұстады. 
Жігіттің  қолының  ыстығы  күтпегенде  лап  ете  қалған 
алау сияқты өне-бойын шарпығандай боп кетті. Бұл алауда 
жана түскісі кеп кетті. Қолын тартып алмады. Бірдеңе дегісі 
кеп аузын аша бергенде жігіт қапсыра құшақтап аузына сү-
ліктей жабыса кетті. Тұншығып барады. Буын-буыны босап 
кетті. Бұрын байқамаған лəззаты мол бейтаныс дүниенің құ-
шағында балқып бара жатқан сияқты. Қарсылық көрсетуге 
шамасы  жетпей  жігіттің  еркіне  бағына  берді.  Жауырынын 
аялай сипалаған ыстық қол күйдіріп бара жатқандай денесі 
дір-дір  етеді.  Жігіттің  жерге  құлата  салғанын  байқамай  да 
қалды. Өліп-өшіп жүзінен, алқымынан аймалап жатыр. Ра-
хат  сыйлап  жыбырлаған  қолдар  анарын  қысып  жібергенде 
ышқынған  үні  шықты.  Көйлегі  түріліп  қолтығына  дейін 
келген сияқты. Үрпіне жігіт ерні тиген кезде бойына шым-
шымдап  белгісіз  бір  лəззат  таралып  жатқандай  сезінді. 
Топ-томпақ  анарын  умаждай-умаждай,  жаныштай-жаныш-
тай дел-сал күйге түсірген қол сумаңдап төмен қарай жылыс-
тағанда  есін  жиды.  Денесінде  жылан  өрмелеп  жүргендей 
боп кетті. Оң қолын түйіп бар пəрменімен періп жібергенін 
сезбей қалды. «Ой, қаншық!..» деп жігіт үстінен атып тұрып, 
теңселіп барды да, көзін ұстап отыра кетті. 
Жігіттің аузынан өмірінде естімеген сөзі шыққанда абы-
ройсыздыққа ұрына жаздағанын аңғарғандай орнынан қар-
ғып тұра үсті басын түзеп жылап жіберді:
– Осы... үшін шақырған ба едің?!
– Енді не, қатын етеді деп пе едің?! Қайдағы бір жүргізу-
шіден қалған салдақы емессің бе, неменеңе кергисің? – деді 
жігіт алақанымен көзін басып отырған күйі.
Төбесінен мұздай су құйғандай тітіркеніп кетті де, сана-
сы  сергіп,  бұдан  əрі  тұрса  масқаралықтың  жалғасатынын 
ұқты білем, кері бұрылып жүгіре жөнелді.

122
Айлы аспанның бауырын тілгілеп аққан жұлдыз тəрізді ақ 
айран ақшамның жарығымен қолаң шашы желбіреп, жана-
рынан жас саулай зымырап келеді. Лас жерден безіне қашқан 
періште сынды артына қарайлар емес. Əзірге кіршіксіз жа-
нын  неге  ешкім  түсінбейтінін,  мына  дүние  неге  қиянатқа 
төзіп мелшиіп тұра беретіні жайлы ойлап та баратқан жоқ. 
Ойлаған кезде... рухы сынып кетпегей! Ең бастысы – арын 
сақтап қала алғаны ғой! Ит аузын басқанмен өзен суы арам 
болып қалмайды. Өмір əлі алда. Үйіне есен-аман жетіп ал-
сыншы!..
АЯЗҚАЛА
Тəңірберген  сонау  балапан  басына,  тұрымтай  тұсына 
кеткен жылдары ауылдың тыныс-тіршілігі қусырылып бара 
жатқанын  сезіп,  жиырма  шақырым  жердегі  Қызылқаладан 
мына  Бостан  деген  қалаға  келген  бойдан  саудаға  қойып 
кеткен.  Ілгері  мал  алып  сатып  базар  көргені  бар  еді.  Сол 
азын-аулақ  тəжірибесі  қол  келді  білем,  тірлігін  ұршықша 
иіріп  əкетті.  Өзін  отқа  салды,  суға  салды,  бас-аяғы  жиыр-
ма  жылдың  ішінде  төрт-бес  дүкеннің,  екі-үш  дəмхананың 
иесі боп шыға келді. Қаланың ең көрікті жерінен жер алып, 
екі қабатты үй салды. Жоғарғы қабатқа шығып батысқа көз 
тастасаң,  қала  іргесінде  төгіліп  жатқан  мөлдір  моншақтай 
боп Ақшакөл көрінеді. Көл жақтан ескен жібек самал жүзіңді 
сипалайды.  Теріскейге  бұрылсаң,  ауқымды  алқапты  алып 
жатқан  əсем  бақтың  ортасындағы  мыңдаған  жылдардың 
қуаныш, қайғысын көріп əбден қалжыраған сияқты жантая 
кеткен Қабатқала қылаң береді.
Таяуда ғана мініп жүрген «Нексиясын» жалға беріп, қара 
түсті «Ласетти» алды. Осы темір тұлпарын жүйткіте табиғат 
қойнына  шығып  демалғысы  кеп  жүр.  Əртүрлі  шаруа  кесе-
көлденеңдеп бұл тілегі орындалмай жүр. 
«Күйген  дүние  күйіп  кетсін,  осы  жексенбіде  түстен  ке-
йін Аязқалаға барып, Көксудан балық аулаймын!» деген ше-
шімге келді ақыры.
Жексенбі күні адамдар саябырсыған соң дүкен мен дəм-
ханаларында жалданып істеп жатқандардан бір күндік түсім-
ді жиып ап үйіндегі сейфке тықты да, сапар қамына кірісті. 

123
Кеше  дайындап  қойған  керек-жарақтың  бəрін  машинаға  
салды. 
– Апам ауырып қапты, ауылға барып келмейміз бе? – деді 
əйелі машинаның есігін аша бергенде қасына келіп.
Күйіп кетті. Бір жаққа барайын деп жатқанда əйел адам-
ның қосарласа кеткенін о бастан жек көреді.
–  Немене,  мені  жолдан  қалдырайын  деп  тұрмысың?  Ол 
кемпір өліп қала қоймайтын шығар. Барармыз ертең! – деп 
зіркілдеп машинаға отырды да, ашумен от алдырды.
Əйелінің  «Апам»  деп  тұрғаны  мұның  өгей  шешесі – 
Шəрипа.  Жасы  жетпістің  төртеуінде.  Бірер  жылдан  бері 
денсаулығы сыр беріп жүрген көрінеді. Қолындағы баласы 
Шапағат жиі-жиі қалаға кеп дəрі əкетеді. Жолыға қалғанда 
ақша  берейін  десе,  байлығы  асып-тасып  бара  жатқандай 
«өзімде  бар»  деп  алмайды.  Ара-тұра  əйелін  жібергенімен, 
өзінің ауылға бармағанына бес-алты жыл боп қалды. Қазір 
қыдыратын заман ба, бірді екі етем деп аласұрып жүр.
Жолайрыққа  жақындағанда  «Ауылға  барсам  ба  екен» 
деген ой жылт ете қалды. Осы жолмен батысқа қарай тарта 
берсе,  жиырма  шақырымнан  соң  Қызылқалаға  кіріп  бара-
ды. Теріскейдегі Аязқала да жиырма шақырым шамасында. 
Машинаның рулін теріскейге бұрды...
Машинасын Аязқаланың шығыс жағына қойып, бір шиша 
сыраны  қотарды  да,  қармақ  салынған  дорбаны  көтеріп 
Көксудың  жағасына  келді.  Бес-алты  қармақтың  ұшына 
банкідегі  жауынқұрттан  ілдіріп,  қолайлы  жерлерге  тас-
тап,  жібін  жуан  қамыстың  түбіріне  байлап  қойды.  Тып-
тынық  Көксудың  бетінде  майда  шабақтар  топ-топ  болып 
жүзіп жүр. Тəңірбергенді шабақтардың асыр сап ойнағаны 
қызықтырмайды, үлкенірек балық ұстаудан дəмелі. Темекісін 
құшырлана сорып, салған қармақтарын жіті бақылап отыр. 
Қамыс басы қимылдаса жетіп бармақ. Кенет ойына дəрігер 
досы  Абзал  түсіп  жымиып  қойды.  Отырыстарда  арақты 
суша сіміріп отырған жігіттер бірер сəт дамыл тауып, «Таза 
ауа жұтып келейік» деп темекі шегу үшін сыртқа шыққанда 
«Ішкеніміз аздық етіп тұр, кемісіне заһар жұтып өле салайық 
демейсіңдер ме?» деп күлетін. Шынында да темекі шеккен 
адам таза ауа жұтушы ма еді? Табиғат қойнында дем алам 
деп келіп, көк түтіннің құлы боп отырғанын қарашы!

124
Темекі дегенді кім шығарған екен? Бұл шіркінді қуансаң 
да шегесің, қайғырсаң да шегесің. Аш болсаң да шегесің, тоқ 
болсаң да шегесің...
Екінші қармақ байланған қамыс сытыр етіп майысып бара 
жатыр. Жүгіріп барып жіпке жабыса тартқылады. Білектей 
келетін сазан ілінген екен. Шығарып ап дорбаға тастады да, 
қармаққа жауынқұрт ілдіріп, қайта лақтырды.
Мандытып  балық  ұстай  қоймады.  Кешке  дейін  қармаққа 
түскені  екі  сазан  мен  қолдың  басындай  он  шақты  аққайран 
ғана. Сонша жерден келгенде бір дорбаны толтыра алмағанына 
ренжіді.  Қармақты  орнын  тауып  тастамады  ма  екен?  Жоқ, 
көлдің жағалауына таман қамыс арасында мүйістерді дұрыс 
таңдады. Балық көл ортасынан жүзіп кеп осындай жерде да-
мылдайды. Берекесіздігін қатынынан көрді. Бұл елде сапарға 
бара жатқан еркекті əйел заты шығарып салмайды. Ырымға 
жаман. Əйелінің киліге кеткенін қарашы!..
Үйден шыққанда осында түнеуді ниет етіп келген. Бəлкім, 
ертең  дорбасы  балыққа  толар.  Қармақтарын  балық  келеді-
ау деген жерлерге тастап, дорбасын көтеріп машинасының 
жанына  келді.  Жүксалғыштан  кішкене  қазан,  ошақ  пен 
басқа да керек-жарақты түсірді. Қазан, ошақты ыңғайлылау 
жерге қойған соң екі сазанды тазалады. Бүгін біреуін жесе, 
екіншісін таңертең соғып алады. Айналадан бір құшақ отын 
жиды. Қазанға май құйып, астын жақты. Май əбден қызып 
бабына келген кезде тұздалып дайын тұрған екі балыққа ша-
малы  ұн  сеуіп,  қазанға  салып  жіберді.  Балықтың  астыңғы 
жағы піскенде екінші жағын аударды. Өзі балықты бір рет 
қана аударып пісірсең езілмей, тұтас шығады.
Піскен  балықты  тарелкаға  сүзіп  кішкене  дастарханға 
əкелген соң қазанды ошақтан алып қақпағын жауып қойды. 
Ошақта жанып жатқан отты сөндірген жоқ. Ер адамның өзі 
жаққан отты сөндірмегені дұрыс, жанып-жанып өзі-ақ сөніп 
қалады.
Бір шиша арақтың аузын ашып кесеге құйған соң балықтан 
жей бастады. Дəмі тіл үйіріп тұр. Көксуда балықтың төресі 
саналатын  бекіре,  сүген  болмағанымен,  сазан  көп.  Сазан-
ды  жөндеп  қуыра  білсең,  аққайран,  алабұға,  жыланбалық, 
жайынға қарағанда дəмді.
Бір  жеп  сазанды  бітіруге  таяп,  шишадағы  арақтан  азға-
на  қалғанда  едəуір  қызып  қалды.  Меңіреу  тыныштық  жа-

125
лықтыра  бастады.  Арақ  шіркін  ішке  түскен  соң  шоққа  ай-
налады,  біреумен  əңгімелесіп  əуіріңді  шығармасаң,  сəні 
болмайды  екен.  Батыс  жақта  қызарып  ұясына  кіріп  бара 
жатқан  күнге  көзі  түсіп,  биіктен  тамашалағысы  кеп  кетті. 
Аязқаланың үстіне шықса қол созым жерде тұрған сияқты. 
Бойын бір құштарлық билеп дастарханды жинай салды да, 
теңселіп Аязқаланың түбіне барды. Атам заманда баспалдақ 
сияқты  етіп  салынған,  бірақ,  қазір  жып-жылмақай  жерден 
жоғары көтерілді. Аяғың тайып кетсе қармайтын дəнеңе жоқ, 
төменге допша домалап кету ғажап емес. Мұншама биік етіп 
қалай  салды  екен?  Қазірдің  өзінде  адам  көтере  алмайтын 
алып қыштарды қалай қалады екен. Қызғыштау қыштардың 
мыңдаған  жылдар  бойы  жеміріліп  кетпей  тұрғанын  «Лайы 
түйенің сүтіне иленгендіктен» деседі жұрт.
Жоғарыға  ентігіп  əрең  шықты.  Алпыс  метр  биіктікке 
қиялап  салынған  баспалдақ  арқылы  болса  да,  масайып  қал-
ған  адамның  шығуы  оңай  емес  екен.  Қаланың  төбесі  тегіс. 
Айналасы  биік  дуалмен  қоршалған.  Дуалдың  кейбір  жерле-
рінде  адамның  кеуде  тұсынан  келетін  тесіктер  бар.  Қала 
тұрғындары  жаудан  қорғану  үшін  жасаған.  Осы  жерде  тұ-
рып  садақтың  жебесін  қарша  боратқан  шығар.  Қаланың 
солтүстігінде Көксу ағып жатыр. Қала қақпасы – оңтүстікте. 
Əлгі  тесіктерден  қарасаң  айнала  анық  көрінеді.  Ілгеріде 
ана  бір  тұсында  мұнара  бар  болатын.  Қазір  құлап  қалған. 
Қаланың  солтүстік  жағы  өрмекшінің  торындай  ирек-ирек 
етіп салынған. Егер жау қалаға енсе, қаша жүріп соғысу үшін 
салынған болса керек. Қарадан шығып хан болған Аязбидің ел 
есінде данышпандығымен қалғаны анық. Одан қалған жəді-
гер – мына қаланы көргенде парасатына шек келтіре алмайсың. 
Айтпақшы,  қаланың  оңтүстігіндегі  қақпаның  жоғарысында 
аяқ киім бедерленген үлкен ойық бар. Аяз би жұпыны өмірін 
ұмытпау  үшін  осы  қаланы  тұрғызғанда  сол  жерге  шарығын 
іліп қойған деседі. Ол енді төменнен қарасаң көрінеді. Тəңір-
берген қала тарихының өзі естіген тұстарын ойлап батып бара 
жатқан күннің болмашы ғана қызыл шапағына көз тастаған 
күйі  дуалдың  жаңбыр  мен  жел  жеп  үгітіліп  тұрған  жерінен 
мүжіп алып қарады. Көршілері осы қаланың дуалын үгітіп ап, 
жүзімнің түбіне салатын. Расында да басқаша екен.
– Нағып тұрсың? – деген дауысқа жалт бұрылып артын-
дағы  ақ  көйлекті  баланы  көрді.  Жүзі  таныс  сияқты.  Бірақ, 

126
кім  екенін  есіне  түсіре  алмады.  Мастықтың  əсерімен  кіп-
кішкентай баланың «сен» деп сөйлеп тұрғанын байқамады.
– Батып бара жатқан күнді тамашалап тұрмын. Əдемі, ə?
– Мына қаланы қорғаймын деп шейіт кеткендердің аққан 
қанына ұқсайды, – деді бала үлкен адамша.
Тəңірбергеннің көзіне қанға бөгіп жатқан əскер елестеп, 
денесі түршікті.
–  Топырағы  да  басқа  жердің  топырағына  ұқсамайды. 
Үгітіп көрдім.
–  Жаумен  шайқасқанда  талай  адамның  қаны  тамған  то-
пырақ қой! Əркім бір қысым ала берсе, мына қаладан түк те 
қалмайды, – деп бала ақырын жылыстап төменге түсе бас-
тады.
Əлдебір  күштің  əсерімен  баланың  ізіне  ерді.  Бала  елес 
сияқты  дыбысын  шығармай  төменге  түсе  бастады.  Ілесе 
жүрді. Бала тура жинаулы тұрған дастарханның қасына барды 
да, машинаны айналып жоқ боп кетті. Тəңірберген бағанағы 
шишаны алып түбінде қалған арақты сімірді. Басы айналып 
жатқысы  келді.  Əлгі  бала  машина  жақтан  көрпеше  əкеліп 
төседі.  Төсектің  бас  жағына  жастық  қойды.  Шешінбестен 
жата кетті. Бала үстіне аппақ жұқа жамылғы жапты. Көзін 
жыпылықтата ашып баланың кім екендігін сұрағысы келді. 
Тілі күрметіліп сөйлей алмады. Бала əріректе мөлиіп қарап 
отырды. Ішін бір алау өртеп ыңырси көзін жұмды. Баланың 
басын  уқалап  жатқанын  сезді.  Жібектей  жұмсақ  қолдың 
сиқырынан өзі де балаға айналып кеткен тəрізді...
* * *
Шешесінің  қасында  жатқан  Тəңірберген  түн  жарымын-
да  əлдебіреудің  есікті  тарсылдата  соққылағанынан  оянып 
кетті.  Шешесі  тұрып  барып  есікті  ашты.  Қисалаңдап  кіріп 
келген əкесі ақырды:
– Мəрзия, арақ əкел!
–  Ақша  жоқ  болса,  өзімді  сатып  əкелем  бе?  Аяғыңның 
үстінде  əзер  тұрсың.  Осы  ішкенің  жетпей  ме?  Жатсаңшы, 
жұрттың мазасын алмай, баланы оятып жібересің.
– Бір шиша тауып қайт. Ана Сəлима дүкеншінің үйіне ба-
рып, қарызға ал.

127
– Ондағы қарыз əлі төленген жоқ. 
– Тауып кел! – деп шешесінің жағына тартып жіберді.
Шешесі айқайлай кетті:
– Иттен бір сүйек қарызымыз бар. Бір үзім нанға зар бо-
лып отырғанда сенің арақ не теңің?
– Тілің шығайын деген екен ғой, – деп шешесінің шашы-
нан сүйрелеп тепкілей бастады. 
Шешесінің шыңғырған дауысы шықты. Үйдің іші алата-
сыр боп кетті. Тəңірберген қорыққанынан жылап жіберді.
– Балам... кеттік... арақ ... əкелеміз, – деді шешесі сыты-
лып шығып.
– Баланы алып біреудің үйіне қашып кетпексің ғой, – деді 
əкесі. – Тəңірберген менің жанымда қалады. Арақ əкелмесең, 
мойнын бұрап-бұрап жұлып аламын!
Тəңірберген  есікке  қарай  ұмтыла  бергенде  əкесі  ұстап 
алды.
– Құдай атсын сені! – деп шешесі жеңімен бет-аузының 
қанын сыпырып, сыртқа шығып кетті.
Əкесі Тəңірбергенді сүйрелеп төсегіне əкелді.
– Үніңді өшіріп жат!...
Сегіз  жасқа  келген  Тəңірбергеннің  есін  білгелі  көретіні 
осындай  қорлық.  Əкесі  Қалмырза  ауылға  кіреберістегі  га-
ражда дəнекерлеуші боп істейді. Қырдағы шопандарға жем-
шөп  таситын  жүргізушілер  көліктерінің  сынған  жерлерін 
дəнекерлету үшін арақ беріп, өзі ішкілікке біртабан жақын 
адамды одан бетер маскүнемге айналдырған. Əрине, үкімет 
жалақы  төлейді,  арақ  бермесе  де  жұмысын  атқаруы  тиіс. 
Жүргізушілер  кезектен  тыс  əрі  сапалы  етіп  жасату  үшін 
арағын  ала  жүгіреді.  Ол  жетпей  қалғасын  жалақысын  да 
жұмсайды. Əйтеуір үйге сау келетін күні жоқ. Тəңірберген 
мұндай  кездерде  шешесімен  көршілердің  үйіне  тығылады. 
Кейде,  тіпті,  адамдарды  ұйқысынан  оятуға  қысылып  қора-
қопсы немесе əлдебір қуыс-қолтықта түнейді. Ауылдағы көп 
адам  мүсіркей  қарайды. «Қалмырза  тынышымызды  бұзып 
жүрер» деп жеті түнде үйлеріне паналатқысы келмейді. Бірақ, 
əйтеуір аяушылық танытып үйіне кіргізетін үш-төрт үй бар. 
Əсіресе,  жүргізуші  күйеуі  үнемі  сапарға  кететін  Шəрипа 
апай өзінің он баласына беретін тамағын бұлардан да аямай-
ды. Бірақ, ол үйге қайта-қайта бара беруге шешесінің жүзі 
шыдамайды. Айында, жылында болса бірсəрі, бұлар күнде 

128
болмаса  да,  екі-үш  күннен  қашып  жүргені.  Əкесінің  арағы 
таусылып қалса, күн жоқ.
Бағана  шығып  кеткеннен  шешесі  оралған  жоқ.  Арақ 
таппаған шығар. Кім күнде-күнде қарыз бере береді дейсің? 
Біреудің үйіне барса жақсы болар еді, жеті түнде жалғыз өзі 
жүре бермей! Үйге сірə құрқол келе алмайды. Іздеп шыққысы 
келді.  Бірге  баратын  жерлерінің  бəрін  біледі.  Бірақ,  əкесі 
ұйықтамай  қойды.  Сытылып  кете  алмайды.  Бірнеше  мəрте 
шешесі жалғыз кеткенде ізінен барам деп, оңбай таяқ жегені 
бар.
Əкесі ауызы тыным таппады: «Алдап кетті, қаншық, бір-
ақ шиша тауып келсе өліп қала ма екен? Ол соны əкелмейді 
ғой,  əкелмейді  ғой!  Басымның  сынып  бара  жатқанында  не 
шаруасы бар оның? Жанының тыныштығын ойлап біреудің 
үйінде шалжиып жатқан шығар. Сен де шешең сияқты арам-
сың. Көзімді ала бере қашқың кеп тұрады. Шешең екеуіңнің 
тілің  бір.  Əзірге  сүмірейіп  жүргендеріңмен,  бір  күні  мені 
екеулеп өлтіретін шығарсыңдар...»
«Əлім  жетсе  қазір-ақ  буындыра  салар  едім.  Бірақ,  сен 
бізді  өлтіріп  тынатын  шығарсың.  Мұншама  қинайтындай 
біздің  не  жазығымыз  бар  еді?  Жаздың  ыстығы,  қыстың 
суығы  демей  далада  қаңғырып  жүреміз.  Ауылда  бізден 
басқа үйінен безген ешкім жоқ. Тіпті, ана Нəдірбайдың өзі 
қанша  ішсе  де,  бала-шағасына  азап  бермейді.  Қазір  апам 
байғұс  бір  жерде  жылап  жатқан  шығар.  Оның  əке-шешесі, 
аға-інілері болғанда бүйтіп қорлай алмас едің...» деп ойлап 
жатып Тəңірберген қалғып кетті.
Таңертең  ояна  сап  апасының  төсегіне  қарады.  Бос  тұр 
екен. Демек, əлі келмепті. Бөлменің ішіндегі жағымсыз иіс-
тен  тыныс  алу  мүмкін  емес.  Есік  аузында  əкесі  құнысып 
жатқан  екен.  Айналасына  құсып  тастаған.  Əкесін  айналып 
өтіп сыртқа шықты. Əжетханаға барып кеп үй алдынан ағып 
жатқан  арықтағы  суға  бетін  жуды.  Апасын  іздеп  елеңдей 
көшеге қарағанда Жақып шал бастаған бір топ адамның келе 
жатқанын көрді.
– Сəлем, – деп бəрінің қолынан алып шықты. Тура қасына 
келгенде:
– Балам, əкең үйіңде ме? – деді Жақып шал.
– Иə. Ұйықтап жатыр.
Адамдар топырлап үйге кіріп кетті. 

129
«Апам  ауыл  ақсақалдарына  шағымданған  шығар, – де-
ген оймен сыртта қалып кетті. – Шалдар қанша рет үйге кеп 
əкеме ұрысқан. Бəрібір пайдасы жоқ, ішкенін қоймайды».
Сыртта серейіп біраз тұрған соң «Шалдарға айтқан болса 
апам да кеп қалар, оқуға барайын» деп ішке енді. Қоржын 
тамның  оң  жағындағы  əкесі  жатқан  бөлменің  есігі  жабық. 
Сол  жақтағы  бөлмеге  кіріп  киімін  ауыстырды  да,  папкісін 
алып шықты. 
Төрт-бес үйдің тұсынан өте бергенде жанынан жеңіл ма-
шина өтіп кетті. Артында он шақты ауыл əйелдері келе жатыр 
екен. Сəлем берді. Бəрі бетінен сүйіп, басынан сипап қойды. 
Ештеңеге алаңдамай мектепке барды. Сабақ əлі басталмаған 
екен. Сыныпқа кіріп папкісін қойды. Балалардың бəрі қасына 
кеп амандаса бастады. Тіпті, əшейінде көзінің қиығын сал-
майтын қыздар да сəлемдесіп, қолын қысып қойды. Тосын 
өзгеріске  таңғалып  сыныптан  шықты.  Сабақ  басталғанша 
сыртта жүргісі келді.
–  Екінші  сыныпта  оқитын  Тəңірберген  деген  баланың 
апасы қайтыс бопты.
– Неден?
– Түнде үйінен қашып шығып Рахым атаның ескі жыңғыл 
қорасының ішінде жатқан екен, жылан шағып апты. Таңда 
өріске мал айдап бара жатқандар көріпті. Біздің көршінің ма-
шинасымен мəйітін үйіне əкетті, – деп екі қыздың сөйлесіп 
тұрғанын естігенде төбесінен жай түскендей болды. Бір сəт 
мəңгіріп тұрып қалды да, «Апа-а!» деп жүгіре жөнелді.
Зар  еңіреп  жеткенде  аула  адамға  толып  үлгерген  екен. 
Үйге  кірмекші  болып  есікке  ұмтылды.  Əлдебір  мықты 
қолдар ұстап жібермей қалды.
– Апама барам! – деп жұлқынды. – Жібер! 
– Апаң қалаға қыдырып кетті, айналайын, – деді біреу.
– Апам өліп қалды, неге алдайсың? – деп шыңғырып ұс-
тап тұрған қарулы қолдарды тістеледі, тырнады. Бірақ, бо-
сана алмады. 
– Балаға обал болды-ау!
– Құдай аясын!
–  Үйіңе  апарып  жатқызып  тастатасаңшы.  Ауырып  қап 
жүрер байғұс бала.
Зар еңіреп жұлқынғанына қарамастан көтеріп əкеп, көрші 
үйге кіргізді. Өзін ұстап алған Жұмабай доктор екенін білді.

130
– Аға, мені жіберіңізші, апамды көргім кеп тұр, – деп жа-
лынды Тəңірберген.
– Адамдардың көзінше жылап жүргенің ұят болады. Су 
ішіп,  ентігіңді  басып  ал, – деп  Жұмабай  доктор  бөлмеден 
шығып кетті. – Қазір өзім апарам. Апаңды дəрігерлер қарап 
жатыр. «Дəрігерлер қарап жатса əлі тірі екен ғой!» – деген 
ой  сап  ете  қалды  миына. – Жазылып  кетсінші!  Апам  өліп 
қалса мен істеймін?»...
Жұмабай доктор кесемен су əкелді.
– Мынаны ішіп жібер. Қазір кетеміз.
Тезірек апасының жанына барғысы кеп суды қалдырмай 
ішті. Дəмі кермектеу екен.
– Енді кішкене отыра тұрайық, дəрігерлер тексеріп бол-
сын, – деді Жұмабай доктор.
Көп өтпестен көзінің алды қарауытып, отырған жерінде 
қалғып кетті.
Көзін ашқанда жалғыз өзі жатқанын білді. Дереу тұрып 
сыртқа  ұмтылды. «Жыласам,  тағы  кіргізбей  жүрер»  үнсіз 
үйіне  беттеді.  Үй  алдындағы  адамдардың  қарасы  азайған 
екен.  Сол  кезде  жүк  машинасы  кеп  тоқтап  жиырма  шақты 
адам түсе бастады.
–  Сүйекшілер  келді  тамақтарыңды  дайындаңдар, – деді 
біреу есік алдында жүргендерге.
«Сүйекші» деген сөзді естігенде апасының шынымен де 
өлгенін  бірден  аңғара  қойды.  Көршісі  Қасым  шал  өлгенде 
қорымға əкеткен адамдарды сүйекші деп атағанын естіген. 
Сонда  Тайыр  молда  улап-шулап  жылаған  қыздары  мен 
немерелеріне  «Өлгеннің  артынан  жылауға  болмайды.  Көз 
жастарың өзенге айналып марқұмның жұмаққа кіруіне бөгет 
жасайды» деген. Тас түйін боп қатып қалды. Жанарынан бір 
тамшы да жас шықпады. Мына өмірдің бар азабын тартқан 
шешесінің жұмаққа кіруіне кедергі жасағысы келмеді. 
Сүйекшілерге қосылып үйге кірді. Тайыр молда құран оқыды. 
– Марқұмның алдынан жарылқасын!
– Топырағы торқа болсын!
– Қалған өмірін баласына берсін!.. – деп бетін сипап жат-
ты отырғандар Тайыр молда құран оқып болған соң. 
Алдына  келген  тамақтан  ала  бастаған  адамдар  көзіне 
əкесі  сияқты  сүйкімсіз  боп  көрініп  кетті.  Далаға  шықты. 
Бұған мəн беріп жатқан ешкім жоқ...

131
Кеште  келген  адамдардың  бəрі  үйлеріне  тарап,  əкесі 
екеуі жалғыз қалды. Үйдің іші қаңырап қалған сияқты. Мы-
на  үйдің  сəнін  кіргізіп  отыратын  апасы  екен.  Бар  нəрсе  өз 
мəнін жоғалтқан еді. Əкесінің бетін көргісі келмей кішкене 
бөлмеге  кіріп  жатып  алды.  Апасының  мұңды  бейнесі 
елестеді. Түн жарымында арғы бөлмедегі əкесіне білдірмей 
үйден  шығып  кетті.  Ауыл  ортасынан  өтетін  күре  жолдың 
құбыла  жағындағы  бауға  келді.  Осындағы  ағаштардың  та-
сасында  апасымен  талай  түндерді  өткізген.  Қараңғыда  əр 
ағашты сипалап апасының қолының табын сезгендей болды. 
Сосын бау артындағы қалың мияның арасына кіріп, апасы-
мен түнеп шығатын жерді тапты. Үш күн бұрын ғана екеуі 
осында  болған.  Апасы  оның  басын  тізесіне  алып,  сипалап 
отырып ұйықтатқан. 
Апасы жанында бар кезде əкесінен көрген қорлығын лез-
де  ұмытып,  ай,  жұлдыздарды  тамашалауға  келген  сияқты 
тұңғиық  көкке  қараған  күйі  армандарымен  бөлісетін. «Өс-
кенде бар ғаламға шуағын шашып тұрған анау ай, жұлдыздар 
сияқты  адамдарға  тек  жақсылық  сыйлайтын  адам  болам» 
дейтін. Апасы «Балам, ниетіңе жет» деп маңдайынан сүйетін.
Енді міне, қалың мияның ішінде жалғыз өзі жатыр. Сал-
қын самалдан денесі тоңазыған сияқты. Бауырына алып жылы-
татын апасы жоқ. Шалқалай жатып аспанға көз тастады. Апа-
сы екеуі меншіктеп қойған қос жұлдызды тапты. Апасының 
жұлдызына  қарағанда  іштегі  өксік  атқылап  шықты: «Апа, 
сен неге мені тастап кеттің? Мына жұлдыздар сияқты үнемі 
бірге боламыз деуші ек қой! Жұмаққа жетіп алған шығарсың, 
кедергі келтірмейін деп жыламадым. Мені көріп тұрсың ба, 
енді мен не істеймін? Сен өлгенше əкем өлсе болмас па еді? 
Оның жер бетінде ешкімге қажеті жоқ қой! Сен маған керек 
едің. Сенің бар қайғыңды ұмыттыру үшін жақсы адам болам 
дейтінмін. Енді кім үшін жақсы адам болам?..».
«Балам,  мен  сені  ана  тұңғиық  аспанның  төрінен  үнемі 
бақылап отырам. Əкең де кетеді. Саған жақсы адамдар жо-
лығады.  Жалғыз  қалғаныңа  қамықпа.  Көңілің  таза  болса, 
арманыңа жетесің!» – деп апасы басынан сипалап жатқанда 
оянып  кетті.  Əлдеқашан  таң  атып  кеткен  екен.  Апасының 
бауырына тығылғандай бүрісе түсті. «Балалар мектепке бара 
жатқан шығар. Ешкімнің көзіне түспей-ақ қояйын. Сабақ бас-
талып кеткен соң үйге барармын» деп ойлады.

132
Таңғы  салқын  самалға  тербетіліп  тұрған  жеміс  ағашта-
рының  бірер  жапырағы  үзіліп  түскен.  Тебіреніп  апасының 
өлгеніне қайғырып тұрған тəрізді. Мына миялар да жабырқау 
сияқты. Бəлкім, апасын жоқтап жатқан болар.
«Енді мен апамның ізі қалған бұл маңайға күнде кеп тұ-
рам, – деп  ойлады. – Сағынғанымда  жеміс  ағаштарының 
апамның қолы тиген жерлерін сүйемін. Ол бəрін төбеден кө-
ріп тұрады».
Сабақ  басталып  кетті-ау  деген  кезде  мия  арасынан  шы-
ғып, үсті-басын қақты. Айналада ешкім көрінбеген соң бау-
дың аяқ жағынан жүріп күре жолға түсіп алды. 
Үйінің алдында тағы да адам толып жүрген екен. Алыс-
тан  байқады. «Кеше  келмей  қалған  ауыл  адамдары  бүгін 
келген шығар» деп ойлады. Алдында кетіп бара жатқан əйел 
мұны байқамай үйінің алдындағы краннан су алып жатқан 
əйелге айқайлады:
– Əй, жүрмейсің бе, ана Мəрзияның күйеуі де өліп қапты 
ғой!
– Не дейді?
– Əдейі ішті ме, əлде арақ таппай ішті ме, сірке суын ішіп 
өлген дейді. Ана доктор қайным қоңырау соққан соң шалым 
бағана кеткен.
Тəңірберген  жол  бойында  тұрған  əйелдің  қасынан  сам-
соз боп өтіп кетті. Су алып жатқаны мұны байқап қап, тілін 
тістей қойды. Əкесінің өлгенін естігенде көңілінде ешқандай 
өзгеріс байқалмады. Табиғи жағдай сияқты қабылдады.
Үйіне  жеткенде  «Балам-ау,  сен  қайда  жүрсің?»  деп 
Шəрипа  апай  адамдардың  арасынан  суырылып  шығып 
қолынан жетектеді де үйіне əкетті...
Шəрипа  апайдың  үйінде  жүре  берді.  Күйеуі  Құралбай 
да, топырлаған балалары да көңіліне тимейді. Ішер ас, жа-
тар орны дайын. Бірақ, мектепке əлі бармады. Қанша үгітте-
генімен  барғысы  келмеді.  Күндіз  есігіне  дəу  қара  құлып 
салынған өз үйінің жанына кеп əр нəрсеге бір телміріп оты-
рады.
Он  шақты  күннен  соң  мектеп  директоры  Жақып  шал 
бастаған  бірнеше  адамды  ертіп  келді.  Бөлменің  есігін  жа-
уып  ап  үй  иелерімен  ұзақ  сөйлесті.  Біраздан  соң  Шəрипа 
апай  шығып  мұны  ішке  алып  кірді.  Бəріне  сəлем  берді  де, 
босағада отырды.

133
– Балам, тағдырдың жазуына көнбеске шара жоқ, – деді 
Жақып шал. – Ендігі жағын ақылдасайық деп келдік.
– Тəңірбергенжан, біз тиісті орындармен кеңесе отырып 
сені балалар үйіне жібереміз деген шешімге келдік. Ол жер-
де  жақсы  оқытады,  бес  мезгіл  тамақ  береді.  Жаңа  достар 
арттырасың.
Балалар үйі дегенді теледидардан көргені бар. Жетім ба-
лалар тəрбиеленетін жер ғой! Оған кетсе апасының жүрген 
жерлерін көре алмай қалады. Бірден бас тартты:
– Мен ол жаққа бармаймын. Өз үйімде тұра берем. 
– Шырағым-ау, онда жалғыз өзің қалай тұрасың? – деді 
бейтаныс кісі.
– Онда тағы бір əңгіме бар, – деді Жақып шал. – Мына 
Құралбай мен Шəрипа сені бала етіп аламыз деп отыр. Бұған 
қалай қарайсың? Осы үйде жасауға келісесің бе?
Тəңірберген «Иə» дегендей басын изеді.
Бейтаныс адамдардың бірі мұны оңаша бөлмеге алып ке-
тіп  сөйлесті.  Əуелі  балалар  үйінің  жағдайын  айтты.  Қаса-
рысып көнбей қойған соң бұл үйдегі ахуалға қызықсынды. 
«Уақытында тамақ бере ме?», «Ұрып соқпай ма?» деп қай-
та-қайта  сұрады. «Мұнда  бəрі  жақсы»  деген  соң  əлгі  кісі 
шығып кетіп, екіншісі кеп сұрақтың астына алды. Бұған да 
алғашқысына  айтқандарын  айтты. «Егер  бір  қиындық  кө-
ретін  болсаң  мұғалімдеріңе  айт.  Біз  көмектесеміз»  деді  ол 
кетерінде.
Содан Тəңірберген Құралбай мен Шəрипаның он бірінші 
баласы боп қалып кетті.
Құралбай ағай жүк көлігімен анау Кемерден бастап Ны-
санға  дейінгі  аралықтағы  шопандарға  шөп  тасиды.  Қора-
қопсыларын көшіріседі. Əйтеуір, түзден бері келмейді. Үш 
бала институтта оқиды. Қалған жетеуі мектепте. Тəңірберген 
ең  кішкенесі  болғандықтан  бəрі  сабағына  көмектеседі. 
Ойыншықтарын беріп көңілін аулауға тырысады. 
Тəңірберген  киім,  тамақ  мəселесін  мүлде  ойламайды. 
Шəрипа  апай  балаларынан  кем  қылған  емес.  Тек  апасын 
сағынады. Мектептен шыққан кезде бірге жүрген жерлерін 
бір  шолып  шығады.  Екі-үш  жылға  дейін  қатты  қамығып 
жүрді. Одан соң өмір ағысына бейімделе бастады...

134
* * *
Тəңірберген масаның шаққанынан оянып кетті. Көрген-
дері  өңі  əлде  түсі  екенін  ажырата  алмай  мəңгіріп  орнынан 
тұрды.  Күн  арқан  бойы  көтеріліп  қалған  екен.  Жауыры-
ны  қиыршық  тастар  батқандықтан  сыздап  тұр.  Айтақырда 
жатқан екен. Жанында жинаулы дастархан, балық салынған 
дорба тұр. Əрменірегіндегі қазан, ошақты көрді. Балық ау-
лауға келгені есіне түсті. Құбыла жағына қарап машинасын 
көзі  шалды. «Түнде  бір  ақ  көйлек  киген  бала  төсек  салып 
берген  сияқты  еді  ғой!»  деп  жан-жағына  алаңдады,  ешкім 
жоқ. Ешқандай төсек те көрінбейді. Баланы көргенін анық 
біледі. Ана Аязқаланың төбесінде тұрғанда соның ізіне еріп 
осы жерге дейін келген. Баланың жүзін есіне түсіруге əре-
кеттенді. Таныс бала секілді еді...
Кенет  баланың  бейнесі  көз  алдына  кеп  селк  ете  қалды. 
Тұла бойынан тер шығып кетті. Ол бала мұның өзі еді. Апа-
сы  əперген  ақ  көйлекті  киіп  жүрген  кезі. «Есімнен  ауыса 
бастаған сияқтымын ба?» деп білегін шымшып көрді. Денесі 
кəдімгідей ауырсынғанды сезді.
«Қара  басып,  кеше  жұлдыздарға  қарамай  ұйықтап  қал-
ғам ғой! Апам ренжіген шығар, – деп ойлады. – Бірақ, тұң-
ғиық аспанға қарап жатпағалы да біраз болды. Мен қашан 
жұлдызыма  жазып  қалдым?  Апамның  жұлдызын  қашан 
жоғалтып  қойдым?  Неге  түсіме  өткен  өмірім  кірді?»  деп 
күбірлеп  Аязқаланың  түбіне  барып  қалды.  Төбесі  көкке 
тиейін  деп  тұрған  биік  ғимаратқа  қарады.  Ескі  қаланың 
ұлылығы  еңсесінен  басып,  өзін  өте  əлсіз  кіп-кішкене  жəн-
дік  сияқты  сезініп  кетті.  Көзі  қақпаның  үстіндегі  аяқ 
киімнің  сұлбасы  бедерленген  ойыққа  түскенде  бетін  ба-
сып  отыра  қалды.  Ұяттан  өртеніп  кете  жаздады: «Мен 
өткенімді  ұмытқан  екем  ғой,  жақсы  адам  болам  деп  апа-
ма берген сертім қайда? Ақша табудан басқа қолымнан не 
келді? Апамның ізі қалған ауылға бармағаныма қанша бол-
ды?  Апам  демекші...  кеше  Шəрипа  апайды  ауырып  жатыр 
деп  еді  ғой!  Мен  неге  оның  жақсылығын  ұмытып  кеттім? 
Алшаң-алшаң басып жүргенім соның арқасы емес пе? Ауы-
рып жатқан шағында аузына бір тамшы су тамызуға да жа-
рамай қалғаным ба? Шəрипа апайдың он баласы, қырық-елу 
немересі бар. Менсіз де аузына су тамызатын адам жетеді. 

135
Бірақ, менің орным бөлек еді ғой!..» – деп орнынан тұрды. 
Аязқалаға өткеніне қайтарғаны үшін риза кейіпте назар тас-
тады.  Қаланың  төбесінде  сақалын  салалап  тұрған  Аяз  би 
елестеп кеткендей болды.
Жүгіре  басып  келді  де,  ештеңеге  қарамастан  машина-
сын от алдырды. «Мен жетіп барғанша Шəрипа апай аман 
болғай!» деген ой өтті қиялынан...

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет