Бағдарламасы бойынша жарық көрді Ұзақов Бегабат



жүктеу 6.04 Kb.

бет5/9
Дата15.03.2017
өлшемі6.04 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ЖАНТАЗА
Əшейінде  жеті  қабат  тозақтың  күнəһарлар  салынған 
алып қазаны іспетті қыз-қыз қайнап жататын Қызылқұм жұ-
маққа  айналып  кеткен  тəрізді  құлпырып  тұр.  Таяуда  ғана 
құралайдың жаңбыры жауып өткен. Қалы кілемнің түгіндей 
боп  раң  тегіс  өскен.  Қызғалдақтар  көздің  жауын  алады. 
Сексеуілдерге əлдеқашан жан еніп, сан түрлі азапты бастан 
өткерсе де, жау алдында тізерлемей, тік тұрып өлетін хас ба-
тырша көкке бой созған. Бейне бір айналаға сұқтана қараған 
көздерге қадалуға дайын тұрған секілді жүзгіндер өте ұсақ 
əрі ұзыншақ ине секілді жапырақ шығарған. Жусанның жұ-
пар иісі аңқиды.
Екі күннен бері орта бойлы, төртбақ денелі, қалың қабақ-
ты  қарасұр  жігіт  торы  атпен  желдіртіп  келеді.  Бес  қаруын 
түгел асынған. Қызылқұмның жұмақ көркіне қызыға көз тас-
тап келе жатқан жасы əлі жиырмаға тола қоймаған жігіттің 
кеудесіндегі елдің тірлігі де үнемі осындай мамыражай ке-
ше берсе ғой деген арман ұлғая түсті.
«Тіршілік  неткен  тұрлаусыз  еді! – деген  ой  келді  оның 
қиялына. – Айналаны көріктендіріп тұрған мына раң, қыз-
ғалдақтар құралайдың салқыны өткен соң күнге күйіп, желге 
ұшарын білмейді-ау! Қып-қысқа ғұмырында жадырап-жай-
нап өтуді жазған екен бұларға. Ана сексеуіл, жүзгін, жусан 
фəни жалғаншыға мойынсұнғысы келмей біраз қасарысады. 
Адамдар да солай, тайталасып өтеді. Күреспесең, ғұмырың 

68
қамшының  сабындай  қысқа.  Тосыннан  келген  дүлей  күш 
сындырып кеткенін байқамай да қаласың...»
Осындай зілмауыр ойлар санасын сан-саққа жүгіртіп бара 
жатқан бұл жігітті бірде бетін, бірде сыртын беретін баянсыз 
дүние ертерек есейткен. Əйтпесе, қазір жылт еткен сезімге 
желігіп, өмірдің қайталанбас көгілдір көктем шағының қы-
зығын көретін жаста емес пе? Қой үстіне бозторғай жұмырт-
қалаған заман көзден бұл-бұл ұшқалы жеке бастың арман-
тілегі əдіра қалды ғой! Болатын бала он төртінде бас болар. 
Кеудеде жолбарыс жүрек соғып тұрған кезде ер жігіт үйінде 
бұғып жата алмас. Сыр бойындағы қалың елдің қамын жеп, 
жас күнінен атқа қонып, ақ найза ұстады. Он жетіге толар-
толмас кезінде айрандай ұйып отырған елге оңтүстіктегі ала 
шапандылардың  əскері  киліге  кіріп,  ойран  салды.  Жекпе-
жекте бас батырына найза қадап, аттан аударды. Жау өзара 
соғыста  күйрей  жеңіліп,  тырқырай  қашқанымен  иен  дала-
ны еркін жайлап жатқан елге ара-тұра еңістен еніп, лаң сап 
тұрады. Терістіктегі аюдай азынаған азулы ел билікті қолына 
ап,  қуыршақ  сұлтандарды  сайлап  қойған.  Екі  тараптағы 
жау  да  өз  əмірін  жүргізіп,  бодандықта  ұстағысы  келеді. 
Ел  тізгінін  ұстағандар  екі  тарапқа  жалтаңдап,  ашырқаған 
халқын  тойдырудың  орнына,  алқымын  толтырумен  əлек. 
Бес  саусақтай  жұмыла  алмай  жатқан  қарақұрым  жұрттың 
жау  шапса,  барымташы  басса  ғана  есі  кіріп,  тұяқ  серпеді. 
Жағдай бұлай жалғаса берсе, тұлымды ұл – құлға, бұрымды 
қыз – күңге айналарын сезген бұл жігіт араздасқан ағайынды 
жарастырып,  елді  біріктірумен  əуре.  Арал,  Сырдың  кейбір 
салаларына  бөген  құрып,  егіншілікпен  айналысуға  үндеді. 
Ебі  барлар  жаңа  кəсіпті  тез-ақ  меңгеріп  алды.  Өзі  де  біраз 
алқапқа  егін  еккенімен,  алған  өнімін  кедей-кепшікке  түгел 
таратып  береді. «Алқапқа  самалмен  көршінің  бидайының 
дəні  ұшып  түсуі  мүмкін,  байқаусызда  бөтеннің  ақысын 
жеп күнəға батпайын» деген оймен қырдан құмаршақ теріп 
талғажау етеді.
Егіншілікті  үйретуден  мақсат – шашыраңқы  елді  жи-
нау. Біріккен жұртты жау жеңе алмайды. Мұны түсінгендер 
Сырды  сағалағанымен,  малына  малданып  қырды  жағалап 
кететіндер  де  бар.  Қай-қайсы  да  басына  іс  түскенде  бейілі 
кеткен би, сұғанақ сұлтанға емес, аттандаса, атой сап шығар 
əскері бар болғандықтан бұған келеді. Оның самсаған қалың 

69
қолы  болмағанымен  жүздеген  жігітті  машықтандырып,  жау 
шапса,  лап  қоюға  дайындап  қойған.  Таса  жердегі  əскери 
жаттығуларда шыңдалған жігіттер былайғы кезде өз тірлігі-
мен айналыса береді. 
Бұғанасы  бекігелі  бері  ел  қамын  жеп  жүргендіктен  бо-
лар, беделі артып келеді. Жұрт түбінде қорғанына айналар 
жанның осы боларына бірте-бірте сене бастаған...
Екі күн бұрын ауылына хабаршы барды. Қызылқұмның 
түкпіріне  ендей  еніп  кеткен  ағайынның  əлдеқандай  лаңға 
жолыққанын естіген бойда торы атқа мініп, жолға шықты. 
«Атың  тынықсын,  өзің  бір-екі  күн  демал»  деп  хабаршыны 
ауылына тастап кетті.
Астындағы  торы  ат – жылқының  төресі.  Құйрық-жалы 
бір  тұтам.  Жайдақ  жүрген  кезінде  көзі  түскен  біреу-міреу 
болмаса, бір қабырғасы артық біткенін өзінен басқа жан біле 
бермейді. Бірде-бір рет жануардың сауырына қамшы ұрып 
көрген жоқ. Тізгінді босатсаң болды, өзі жосыла жөнеледі. 
Екі күннен бері əлдебір қалтарыста қаңғыған жау, барымта-
шы жоқ па екен деп, ара-тұра тізгінді тарта ұстап, айналаны 
жіті бақылап келеді. Намазын да оқып үлгереді. Мітіресінен 
су  ішіп,  көздің  шырымын  да  алады.  Жануар  қазанат  десе, 
қазанат  қой,  мұндай  кезде  босқа  кеткен  уақыттың  есесін 
тізгінді бос қойғанда шығарып отырады.
Екі  күннен  бері  далиып  жатқан  даланың  ұшы-қырына 
жетер  емес.  Қызылқұмның  нағыз  бабына  келген  шағы  ғой 
бұл! Тіпті, шөп өспеген жерлерде сусып жатқан құмның да 
əдемілігі соншалық, он сегізге толған қыздың қол тимеген 
құлын денесін еске түсіреді. Бабаның жаз жайлауы мен қыс 
қыстауының арасы айшылық жол. Осынша жерді ақ найза-
ның  ұшы,  ақ  білектің  күшімен  алған.  Оны  көздің  қарашы-
ғындай  асырап,  келер  ұрпаққа  табыстау  бүгінгілердің  мін-
деті...
Кенет  дүр  етіп  ұшқан  қарға-құзғындар  ойын  бөліп  жі-
берді. Бетін əжім басып, білек тамырлары білеуленіп кеткен 
кəрі шалдай тырбиған сексеуіл жаққа қарай назар тастады. 
Жылқының өлексесі теңкиіп жатыр. Өлгеніне көп уақыт бола 
қоймаған сияқты. Құзғындар əлі етін түгел тауыса қоймапты. 
Сонадай жерден қолаңса иіс қолқаны қауып кетті. Айналаны 
көзімен дереу шолып шықты да, бір қолымен мұрнын басып, 
құйғытып өте шықты. 

70
Мына мүңкіген өлексе айналадағы əсем көріністің сəнін 
бұзғандай  болды.  Желмен  жарыса  жүйткіп  жүрген  жылқы 
қалайша мұндай халге душар болды екен? Барымташының 
оғына  ұшты  ма,  əлде  шығынып  кетіп,  қасқырға  жем  бол-
ды  ма?  Жақын  маңдағы  ауылға  əлі  бір  түндік  жол  бар. 
Қайткенде де жаттан жазым болғаны анық. Бірақ, айналада 
із  көрінбейді.  Көкпеңбек  майса  тапталмағанына  таңғалды 
ол. Басқа келген пəлеге мал қалқа болады деуші еді. Малмен 
кеткені рас болсын! Əр кемелге – бір зауал! Жамандықтың да 
шегі бар. Əйтеуір ел аман болсын, – деген ой өтті қиялынан.
Ертеңіне  түс  болмай  жатып,  дүрлігіп  жатқан  ауылға 
жетті. Торы аттан ақырын түсіп, жүгенін шешіп ап, құранды 
ердің басына байлады да бос жібере салды.
– Жанқожа батыр келді.
–  Жанқожа  батыр  келді, – деп  алдынан  шулап  шыққан 
ауыл адамдарына сəлем берген соң хабаршыдан естіген то-
сын оқиғаның мəн-жайын сұрады.
– Ойбай, біз пəлеге жолықтық!
– Əр күні бірнеше малымызды əкетеді.
– Бүйте берсе, қу таяқты құшақтап қалатын шығармыз...– 
деп, шулап қоя берген адамдарды оң қолын көтеріп сабыр-
ға  шақырды  да,  өзі  тағайындаған  жасақ  басшысына  иегін 
қағып сөйле дегендей кейіп танытты.
– Ауылды аждаһа аралағанына бір жұма болды. Əр күні 
түстен кейін қой-қозы, бота, тайды жұтады да жоқ боп ке-
теді. Атқан оқ дарымайды. Əзірге адамға ауыз салған жоқ. 
Кейін  қайтерін  кім  білсін? – деді  садақ  ұстаған  дембелше 
жігіт. – Шарасын таппай дал болдық.
Сол кезде жиырма қадам жердегі қараша үйден əйелдің 
шыңғырған дауысы шықты да, күрт үзіліп қалды.
‒ Ойбай... əне... тағы келді, – деп сөзін жалғастырды дем-
белше жігіт. – Аждаһа Күлəн деген... жесір əйелдің... үйінің 
жанындағы... суы тартылып кеткен... ескі құдықтан шығады. 
Жанқожа  қылышын  қынабынан  суырып  солай  қарай 
жүрді.  Қасындағы  адамдар  жан-жаққа  тырқырай  қашты. 
Ауыл ақсақалы, жасақ басшысы жəне сауыт, дулыға киіп қа-
ру асынған бес-алты жігіт амалсыздан ізіне ерді.
Қараша үйдің іргесінде жұпыны киінген əйел талып жа-
тыр. Екі қадам ар жағындағы желіде тұрған құлынды алып 
мақұлық  жұтқалы  тұр  екен.  Жанқожа  жылдам  кəлимасын 

71
қайтарды  да,  ақырып,  қасына  жетіп  барған  бойда  шабуға 
оқтала,  қылышын  көтерді.  Лезде  айбатынан  айырылған 
мақұлық көзінен пора-пора жас ағып, сылқ етіп алдына жа-
та  кетті.  Оның  мүсəпір  халін  көрген  Жанқожа  қылышын 
түсірді.
–  Ағарған  əкеліңдер! – деді  сосын,  одан  отты  жанарын 
алмастан...
Жасақ  басшысы  жүгіріп  қараша  үйге  кірді  де,  ентелей 
жетті.  Артына  қарамастан  қолын  созған  Жанқожа  одан  зе-
рен кеседегі сүтті алып мақұлықтың басына шашып жіберді. 
Ол көзінен жас тамшылаған күйі Жанқожаға бір қарады да, 
кері бұрылып, ақырын-ақырын жылыстап, жоқ боп кетті.
Сұсты  мақұлықтан  құтылғанына  қуанған  адамдар  үйге 
кіргізіп, бетіне су сепкен соң талып жатқан əйел өзіне келді. 
Ешбір жері зақымданбаған, аждаһаны көріп қорыққанынан 
құлап қалған екен.
‒ Бұл байғұс та құлап жаман үйренді, – деді біреу. – Үш ай 
бұрын қайтыс болған байының аруағы əкетуге кеп тұрған-
дай шошитын шығар.
Күлкі арсыз деген рас екен. Қазір ғана зəре-құты қалмай 
қалшылдап тұрғандар ду етіп күлгенін байқамай да қалды...
Жанқожа екі күн ақсақалдың үйінде жатты. Аждаһа қайта 
оралмады. Ауыл адамдары үрейден арылып, тасаттық берді. 
Үшінші күні елге оралатынын айтты. Қаумалаған жұрт ба-
тасын жаудырып ауыл іргесіне дейін шығарып салды. Олар-
мен  қоштасқан  соң  ысқырып  жіберіп  еді,  еркін  жайылып, 
тынығып қалған торы ат қасына жетіп келді. Құранды ерге 
байланған жүгенді шешіп ап аттың басына салды да, қарғып 
мінді. Біраз жерге дейін жай жүрді. Ауылдан ұзап шыққан 
соң тізгінді босатты...
Түн.  Жұлдыздар  жымыңдайды.  Шалқалай  туған  айдың 
жарығынан  жол  бедері  анық  байқалады.  Қызылқұмның 
ішінде Торы атты құстай ұшырып келеді. Кенет алдынан ақ 
отау  көрінді.  Айналасында  қаз-қатар  тізілген  сансыз  шам 
жанып тұр. 
Бұл  жер  таныс  сияқты.  Анадай  жердегі  сексеуілге  көзі 
түскенде барып, бұл жердің жылқының өлексесі жатқан жер 
екенін  бірден  сезе  қойды.  Демек,  торы  ат  жүйткіген  екен, 
əйтпесе, бұл жерге ертең түске тарта жетуі тиіс еді. Он сегіз 
мың  ғаламның  тылсымын  кім  түсінер  дейсің!  Өз  көзімен 

72
көріп өткен жазық далаға айналасында əскері жоқ демесең, 
хан  ордасы  көшіп  келгендей.  Əдемі  ақ  отаудың  жанына 
барғанда іштен ханшадай киінген сұңғақ бойлы қыз шықты. 
Инабаттылықпен басын сəл иіп сəлем берді.
– Жолаушы, алған бағытыңыз алыс көрінеді. Бір түн қо-
нақ боп тынығып алыңыз.
Жанқожа  ізет  сақтап  қызбен  амандасты.  Астындағы  то-
рысы аман болса, ауылының алыстығы білінбейді. Айдала-
дағы ақ отаудан шыққан қыздың қолқасынан гөрі бұл жер-
де  қандай  сыр  бар  екендігі  көбірек  қызықтырған  тəрізді. 
Құранды  ердің  басына  байлаулы  тұрған  мітірені
1
  алған 
соң, атын əдеттегідей қоя берді. Мітіредегі суға жуынып ап 
қыздың соңынан үйге кірді де, төрге озды. Дастархан жай-
нап тұр екен. Жоқ жеміс пен тағамның өзі жоқ... Мынадай 
таңсық  тағамдар  ел  дастарханында  болса  ғой  деп  ойлап 
отырды. 
Қыз  өзінің  саятшылық  құрып  жүрген  хан  қызы  екенін, 
нөкерлері екі қырдың артында жатқанын, мына отауда жал-
ғыз қап тыныққысы келгенін айтты. Жанқожа оның сөзіне 
сенген сыңай танытып отырды. Алдында тұрған неше түрлі 
тағамнан жеу үшін қол созғанда тылсым бір күштің əсерімен 
аузына тек жабайы құмаршақ дəні түсе берді. 
Біраздан соң қызға өзінің алыс жолдан шаршап келе жат-
қандығын,  тыныққысы  келетінін  айтты.  Қыз  дастарханды 
жиып алды. Сол жаққа – қонаққа, оң жаққа – өзіне төсек сал-
ды. Шам өшкен соң сауытын шешіп, дулығасын бас жағына 
тастаған Жанқожа қыз екеуінің ортасына қылышын қойып 
ұйқыға  кетті.  Түнімен  əлдеқандай  ала-тасырдан  ұйқысы 
бөліне берді. Бірақ, жатқан орнынан қозғалған жоқ.
Таң  атып,  айналаға  түгел  жарық  түскен  кезде  орнынан 
тұрып,  дулығасын  сауытын  киіп,  беліне  қылышын  ілді. 
Іргеде жатқан мітіресін алып далаға шықты. Мітіреде қалған 
суға беті-қолын жуды.
Қыз  қырқадан  жаңа  көтеріліп  келе  жатқан  күнге  қарап 
тұр екен. Қыздың қасына келген Жанқожа, оған қонақжай-
лылығы үшін алғысын білдіріп, кететінін айтты. Ақ отаудың 
іргесінде тұрған тұрған торы атқа мінген кезде қыздың дау-
сы дірілдеп, сəл кідіре тұруын сұрады. 
– Бір-екі ауыз айтар сөзім бар еді...
1
 Мітіре – киізбен қапталған, су құйылатын ыдыс.

73
– Айтыңыз, – деді Жанқожа ат үстінде тұрып.
Қыз неден бастарын білмегендей сəл бөгелді де, ойында-
ғысын түгел ақтарғысы келді білем, сөзін əріден бастады.
– Мен... перінің қызымын... Сізге сырттай ғашық болып 
жүргеніме  көп  болды.  Қасыңызға  жолай  алмадым...  Жан-
дүниеңіз таза болғандықтан сізді үнемі періштелер қалқалап 
жүреді. Жолығудың амалын таппағасын аждаһа кейпіне еніп, 
ана  ауылға  лаң  салған  мен  болатынмын.  Біз  жын-перілер 
лас жерді иемдене саламыз. Ескі құдықты таңдағаным сон-
дықтан.  Еліңізге  жаныңыз  ашып,  сіздің  жетіп  келеріңізді 
сезгем.  Қылышыңызды  көтеріп  шабуға  ұмтылғаныңызда 
жанарыңыздан шашылған отқа төтеп бере алмай буыным бо-
сап, көзімнен жас шығып кетті. Сіз аяғандықтан өлтірмей, ба-
сыма ақ құйып жібердіңіз. Сізге соңғы рет жақындаспақ боп 
осы жерде жолыңызды тосып жатқам. Бұл өлексе жатқан жер 
болатын.  Оны  байқап  қойдыңыз.  Дастархандағы  тағамнан 
ауыз тигеніңізде мендік болар едіңіз. Бірақ, «Біссімілдə» де-
ген кезіңізде бір тылсым күштің əсерімен менің тағамдарым 
аузыңызға  түспеді.  Ғайыптан  құмаршақ  дəні  пайда  болып, 
соны  жеп  отырдыңыз.  Жатқанда  ортаға  қылышты  қойып 
жаттыңыз. Мен қылышты күзеткен періштелермен айқасып 
таңды атырдым. Егер менімен болғаныңызда мəңгілік қара 
күшке  ие  болар  едіңіз.  Бірақ...  екеумізден  тараған  ұрпақ... 
азып кетер еді. Жаныңыздың тазалығын сақтап қалдыңыз, – 
деп, мұңайған қыз сөйлеуден тоқтап, көз жасын сүртті.
– Енді не болмақ? – деді Жанқожа қызықсынып.
– Енді... – Қыз сөзін жалғастырды. – Енді бүкіл өміріңіз 
қылыш ұстап еліңіздің жауларымен айқасумен өтеді. Адал-
дығыңыз  басым.  Түнде  алатасырды  естісеңіз  де  қылышқа 
ұмтылмадыңыз.  Жау  өзі  килікпесе,  ешкімге  ұрынбайсыз. 
Аңдысқан жау ақыры бір қапыңызды табады. Алайда, арам-
нан дəм татпаған адамнан өрбіген ұрпақ – еліңізді арманы-
ңыздағыдай іргелі елге айналдырады.
Қыз Жанқожаға қимастықпен қиыла бір қарады да, «қош 
бол, жаны таза жігіт!» деп көзден ғайып болды. Ұшты-күйлі 
жоғалған ақ үйдің орнында қалы кілемнің түгіндей раң, хош 
исі бұрқыраған жусан қалды...
«...жаны таза жігіт... жаны таза... жантаза... жан... таза...» – де-
ген сөздер жаңғырып тұрды да, бірте-бірте семіп бара жат-
ты...

74
Жанқожа алдыңғы екі аяғын көкке көтере кісінеген аты-
ның тізгінін босатыңқырап, «шүу» деді. Торы ат күншығысты 
бетке алып, жүйтки жөнелді... 
ИТМҰРЫН
Адам  Ата  мен  Хауа  Ана  нəпсісін  тыя  алмай  жаннаттан 
қуылған.  Сан  ғасыр  өтсе  де,  соларды  масқара  еткен  аш-
қарақтықтан  жұмыр  басты  пенде  əлі  құтылған  емес.  Адам 
баласы басып-жаншып əлдебір нəрселерге ие болу үшін алға 
ұмтыла береді, ұмтылған сайын барлығы қолдан сусып, арт-
та қалып бара жатқанын, өліп-талып жол соңына жеткенде 
бəрінен жұрдай боларын сезбейді. 
Мынау алмағайып дүниеде бақ құсының қонуы да, пыр 
етіп ұшып кетуі де оңай екен. Жекеменшік құрылыс фирма-
сының  арқасында  жалғанды  жалпағынан  басып,  ақшаның 
бет-жүзіне  қарамай  оңды-солды  шашып  жүрген  Тоқтабай 
таз қалпына қайта түсті. Жұмақ ғұмырдың тынышын бұзып, 
ашық  күнде  ойнаған  найзағайдай  боп  əу  баста  мектеп  құ-
рылысынан  шу  шықты.  Ауданның  алыс  түкпіріндегі  төрт 
жыл  бұрын  салынып  бітуі  тиіс  мектептің  бір  кірпішін  де 
қаламай,  бөлінген  қаржыны  əкім-қаралармен  бөлісіп  алған 
болатын. Ит арқасы қияннан да бір оқымыстының шыққаны 
ғой, жоғарыға арызды айдап кеп жіберіпті. Сол жердің ба-
лалары оқып ғалым боп жатыр дейсің бе, ескі мектепті тағы 
бір он бес-жиырма жыл амалдай тұрса, ештеңесі кетпес еді. 
Екі  бет  қағаздың  құдіретін  қарашы,  жоғарыдан  төбесіне 
бұрыштама  қойылып  келген  соң  аудандағыларды  құрдай 
жорғалатты.  Əшейінде  сəлемі  түзу  қаржы  полициясының 
жуанқарын бастығы кісі танымастай боп өзгеріп шыға келді. 
Жеті  атасының  құны  қалғандай  фирманың  бес  жылдық  іс-
əрекетін бүге-шігесіне дейін тексертті. Талай былықтың бе-
ті ашылды. Құрылысы аяқталмай қалған бірнеше нысан, са-
лықтан жалтару мақсатында жалған фирмалардың есеп-шо-
тына аударылып қолма-қол алынған ақша анықталды. 
Жұмысшылардың зейнетақы қорына аударылмай қалған 
қаржы деген тағы бар. Қыруар ақша мойнына түсті. Іс сотқа 
өтті.  Фирманы  бүкіл  техникасымен  қоса  сатып,  шығынды 
өтеді.  Екі  қабатты  зəулім  үйі  тəркіленді.  Үш  жыл  шартты 

75
мерзімге сотталып, түрменің қара нанын жеуден аман қалды. 
Аман  қалғаны  құрысын,  барынан  айырылған  байғұсқа  ер-
кіндікте  де  қара  нан  табу  оңай  ма,  астындағы  машинасы 
мен үйі тəркіленіп жатқанда кеуде тұсын ұстап құлай кетті. 
Аурухананың  дəрі  иісі  мүңкіген  палатасында  бір-ақ  есін 
жиды. Жүрек қан тамырлары бітеліп қалған екен. Ота жасат-
ты. Оңала бастаған соң ауруханадан шығып, бұрынғы үйінің 
қасындағы мына ескі үйге келді. Бұл үйді сатып алғанда бал-
дызының атына рəсімдеп қойған еді.
Тар  бөлмедегі  алқам-салқамы  шыққан  кереуетте  жатқа-
нына екі айдан асты. Қаусаған шал болса бір сəрі, тепсе те-
мір үзетін қырық бес жасында əйеліне масыл боламын деп 
ойлап  па,  сірə?!  Үнсіз  жүріп  дəретін  тазалап,  дəрі  ішкізіп, 
тамағын беретін Райханның қабағын аңдиды. Ол байғұстың 
да  жетісіп  жүргені  шамалы.  Бұрын  күлімдеп  тұратын  бота 
көздердегі  мұңды  көргенде  тағдырдың  соққысынан  қай-
ғырып жүр ме екен, əлде күйеуіне қарауды ауырсынып жүр 
ме екен деп қысылады. Жалғыз ұлдың əскери оқуда болғаны 
да тəуір болды, мынадай қысылтаяң шақта ақша сұрап ала-
қанын жаймай, үкіметтің бергенін жеп күнін көреді.
Тоқтабай атадан жалғыз болғанымен өмірінде дəл бұлай 
жалғыздықты сезінбеген. Əкесі Айтбай мұғалім көпшіл кісі 
болатын. Мейірімге зар боп жетім өскендіктен бе, бір көрген 
танысын да үйірсектеп, ағайын қылып ап араласқанды хош 
көретін. Оның бұл қылығына əбден үйренген марқұм шешесі 
де  үлкен  кісілер  түгіл  кітап  сұрай  келген  оқушыларды  да 
тамақтандырмай жібермейтін еді. Бұрын бұл да көпшіл бо-
латын. Азғана қоң жинағасын пейілі тарыла бастады. Адам-
дар  мұның  тамағына  бола  кеп  жүргендей  мұрнын  шүйіре 
қарайтынды шығарды. Қақпасына құлып салып, кіреберіске 
дəу төбетті байлап қойды. Мұнан жылылық сезбегесін, жұрт-
тың келуі сейіліп кетті. Жұмыс бабымен қаншама адаммен 
араласып  жүргендіктен,  оқшаулана  бастағанын  байқамады 
да. Енді міне, ара-тұра барлап кететін полиция мен қайын-
жұртынан  келетін  бір-екі  адамды  есепке  алмағанда,  ха-
бар  алар  пенде  жоқ.  Басың  жастыққа  тигенде  көңіл  сұрар 
жанның болмағаны жаман екен, кейде əлгі полицияның да 
келуін сағына күтеді. Мұңдасып-сырласпаса да, əлдекімнің 
дидарын көруді қалайды.

76
Дəрігерлер  «артық  қимыл  жасама»  дегенмен,  күн  ұзақ 
төбеге телміріп жата беру оңай емес. Аядай бөлмеде ауа жет-
пей қысылғанда игілігіне жарамаған мына құдай атқыр үйді 
алғанына өкінеді. Төбеге қарай-қарай жалығып терезеге көз 
тастаса, аулада жайқалып тұрған бірнеше түп итмұрын көзіне 
түсіп, жынданып кете жаздайды. Берекесіздік келтірген осы 
итмұрын  деп  ойлайды.  Ауруханада  жатқанда  да  итмұрын 
есінен шықпай қойған. 
– Мен базарға кеттім, – деп Бибісара есіктен қарады да 
жоқ болды.
Əйелінің  лып  етіп  кетіп  қалғанына  жыны  келді.  Науқас 
адамнан кім рұқсат сұраушы еді? Жігіттен əл кетсе, ең ал-
ғаш  əйелі  мінез  танытады  екен. «Базарға  барып  келейін» 
десе, «жоқ» демейді ғой! Өйдесе, ханымның бір жері кеміп 
қалатын шығар. «Дəрігерлердің атасына мың да бір нəлет! 
Осылай жата берсем жазылып кете ме екем? Төсекте жатып 
«шықпа,  жаным,  шықпамен»  сүрген  өмірі  құрысын! – деп 
ойлады  ол. – Өзім  ұмтылмасам,  мына  дəрілерді  ішкеннен 
аяққа тұрып кете қоймаспын. Қозғалып көрейінші, пешенем-
нен көрермін. Аянғанмен Құдай алар жанын алмай қоймас».
Тоқтабай  жай  қозғалып  кереуеттен  аяғын  салбыратып 
бойын  тіктеп  отырды.  Амалдаса  болатын  тəрізді.  Орны-
нан  көтерілгенде  көз  алды  бұлыңғырлана  теңселіп  кетті. 
Кереуеттің жақтауына сүйеніп қалмағанда кескен теректей 
жалп  ете  түсері  анық  еді.  Сол  күйі  біраз  тұрған  соң  дене-
сіндегі  діріл  кетіп,  көз  алдын  қаптаған  тұман  сейіле  түсті. 
Ақырын жылжып есік алдында тұрған сүйретпені аяғына іл-
діре салды да, далаға шықты. 
Қаншама  уақыттан  бері  едені  жарықшақтанған  ескі  үй-
дің  алакөлеңке  бөлмесіндегі  дымқылдан  құрысып  қалған 
денесіне  шағырайған  күннің  ыстығы  майдай  жағып  кетті. 
Қолдарын  кере  тыныстады.  Жабырқаулы  көңілі  күннен 
шуақ  алғандай  жадырап  сала  беріп  еді,  бұрынғы  зəулім 
үйінің  көлеңкесі  түсіп  тұрған  итмұрындарды  көргенде  жа-
уар бұлттай түнеріп шыға келді. Шығыстық сəулет өнерінің 
үлгісімен салынған, жез қапталған күмбезі күнге шағылысып 
алыстағы армандай жарқырап тұрған екі қабатты үйге ызалы 
жанарын қадады. О баста елден ерекшеленгісі келіп, дəл бір 
мешіттен аумайтындай етіп жасатқан. Мұным асылық емес 
пе екен деп ойлап та отырмады. Асыр сап ойнап жүрген ба-

77
лалардың ерсілі-қарсылы шығып жатқан дауысы мен иттің 
шəуілдегеніне қарағанда, бір мықты сатып ап рахаттана өмір 
сүріп жатқан шығар? 
Ұнжырғасы түсіп зəулім үйден жанарын тайдырып əкет-
ті. Қарсы алдында көзге шыққан сүйелдей боп итмұрындар 
тұр. Бұл пəлекет о баста бір түп болатын. Қазір көбейіп кет-
кен. Итмұрындардың арасынан мына ескі үйдің иесі Қасиет 
шығып, мұның аянышты халіне мүсіркей қарап күліп тұрған 
тəрізді.
Бұдан əрі төзе алмады. Қапталындағы есігі ашық жатқан 
кішкене бөлмеге кіріп тіміскіленіп балта тауып ап шықты...
* * *
...Талай  жылдан  бері  құрылыста  істеп  жүрген  Тоқтабай 
соңғы кезде жиі ойланатын болды. Білдей бір фирмада ди-
ректор  орынбасары  боп  қауқиып  жүргенімен  арттырғаны 
шамалы екен. Фирманың бүкіл тірлігіне шапқылап ақтабан 
боп  жүргенін  бағалап  жатқан  кім  бар?  Жалақыдан  басқа 
қалтаға  түсер  ештеңе  жоқ.  Жалақы  деген  қарапайым  жұ-
мысшыларға  да  беріледі  ғой,  сонда  мұның  жалдамалы 
жұмысшылардан артық болмағаны ма? Өзінен он жас кіші 
бастық  шікірейіп  алдына  барған  қағазға  қол  қоюды  ғана 
біледі. «Барып кел, шауып келге» мұны жұмсап, атшапты-
рым жұмыс бөлмесінде хатшы қыз дайындап берген кофені 
сораптап,  жұмыстың  мəн-жайын  телефон  арқылы  біліп 
отырады. Бір шаруа бітпей қалса, əкең айтпаған балағатты 
айтып  дікеңдейді.  Машинасын  жиі  ауыстыратын  бастық 
соңғы сапар елде жоқ шетелдік қымбат көлікті мініп келген-
де өзінің əлі ескі жигулиде жүргенін ойлап іші күйіп кетті. 
Үйіне  ертелеу  қайтып,  ас  ішпестен  бөлмесіне  қамалып  ап 
бизнес жоспар жасады. 
Ертесіне жұмыс арасында банкке барып, несие алуға өті-
ніш  берді.  Банк  бастығы  өтінішін  қанағаттандыратынын 
білдірген соң жұмыстан босау жайлы арызын хатшы қызға 
тастады да, фирма ашудың қамына кірісіп кетті. Үш айдың 
ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің иесі боп шыға 
келді. Қала іргесіндегі арзан ғимараттардың бірін жалға алып, 
жұмысты бастап кеп жіберді. Бұрынғы жұмысында ысылып, 

78
жұмыстың көзін біліп қалған емес пе, тасы өрге домалай бас-
тады.  Үш  жылда  банктен  алған  несиеден  құтылып,  фирма 
офисі үшін жарты гектар жері бар екі қабатты ғимарат пен 
бірталай техника сатып алған кезде «Уһ» деп бір демін алды.
Джип мініп, қалада едəуір көзге түсіп қалған кəсіпкердің 
ескі  үйде  отыруы  ыңғайсыз  екен.  Алты  айда  əкесі  Айтбай 
мұғалімнен қалған үйді бұздырып, орнына екі қабатты зəу-
лім үй салдырды.
Өз ісіне көңілі толған адамның қиял құсы көкке самғап 
дүниеге биіктен назар салуды ұнатады екен. Төмендегілердің 
бəрі титімдей боп көрінеді. Өзіңді биікте құдіреттірек сезіне-
сің. Жұрттың бəрі жерде тұрып күн, ай, жұлдызға қарайды. 
Көкке ұмтылу адамның қанында бар. Ал, сол биікке шығып 
төменге назар тастаудың рахатын барша біле бермейді.
Тоқтабай жұмыстан қолы босап үйіне келсе болды, екінші 
қабаттағы  залдың  ұзына  бойын  алып  жатқан  терезелерден 
айналаны  тамашалауды  əдетке  айналдырды.  Бұл  əдетінен 
ерекше  шабыттанады.  Сондай  сəттердің  бірінде  терезенің 
оң жағындағы бұрышына барып сыртқа көз тастағанда көңіл 
күйі нілдің суындай бұзылды. Бұрын қалай ғана байқамаған? 
Қапталындағы шатыры күнге күйіп, іргетасы жерге кіріп кет-
кен ескі үй мұның зəулім сарайының көркін бұзып тұр екен 
ғой! Айналасын қора сияқты тор сыммен қоршап қойғанын 
қарашы! Тфу-у!... 
Ол  өзінің  жақынға  дейін  осындай  үйде  жасағанын 
ұмытып кеткен еді. Асығыс төменге түсті. 
«Мына шопанның лашығындай үй көшенің қиылысында 
тұрғанын-ай!  Ана  даңғылмен  кетіп  бара  жатқан  адамдар-
дың мұнан кейін тұрған менің үйімді жөндеп көруіне кедергі 
жасайды екен ғой! О баста осы қиылыстағы үйді сатып ап 
орнына жаңа там тұрғызсам болады екен. Əлі де кеш емес, 
сатып  ала  салайын»  деген  оймен  көрші  үйдің  қақпасын 
қақты.
– Қасиет! Қасиет, бармысың?
– Қазі-і-р, – деген дауыс шықты ішкеріден.
Бірер сəттен соң балдақ сүйенген жұқа өңді кісі қақпаны 
ашты.
– А, кел, Тоқтабай, сен бе едің? – деп таңырқай қарады. – 
Айыпқа бұйырма, бөгеліңкіреп қалдым. Кішкене балаларға 
қарап отырған ем, үлкендері жұмысына кеткен.

79
– Оқасы жоқ. Мен бір шаруамен жүрген едім. Кіріп отыр-
май-ақ қояйын, берірек шықшы.
Қасиет балдағын таянып екі адым аттады.
– Жайшылық па?
–  Мəселе  былай  ғой...  менің  жаңа  үй  салғанымды  біле-
сің... – кібіртіктеді Тоқтабай.
– Ал...
– Сенің ескі үйің оғаш көрініп тұрған сияқты. Сен үйіңді 
маған сат. 
– Əр кірпішінде əкемнің саусақ ізі қалған үйді неге сата-
ды екем? – деп Қасиет едірейе бір қарады да, теріс бұрылып, 
шоқақтап барды да қақпаны «тарс» еткізіп жапты.
–  Əй,  жақсылап  ойланып  көр.  Қаласаң  ақшасын  берем, 
қаласаң басқа жерден үй əперем, – деп қалды Тоқтабай оның 
арқасынан.
Қасиеттің сөзін ақырына дейін тыңдамай кеткеніне ашуы 
келген  Тоқтабай  «қайдағы  бір  ақсақтың  елемегенін  біреу-
міреу көріп қоймасын» деген оймен өз ауласына жүгіріп кі-
ріп, есікті жұлқи ашты.
– Бибісара, шай əкел!
Екінші  қабаттағы  манағы  орнына  барып  тағы  сыртқа 
көз тастап тұрған кезде əйелі бір шəйнек əкеліп стол үстіне 
қойды. 
– Өңің қуарып кетіпті ғой, бірдеңе боп қалды ма? – деді 
Бибісара терезе алдында тұрған күйеуіне қарап. 
–  Кедейдің  кербезін-ай! – деп  столдың  басына  кеп 
отырды  Тоқтабай. – Ана  Қасиет  ақсаққа  үйіңді  сат  десем, 
қыңырайып көнбей қойды.
Бибісара шай құйған кесесін күйеуіне əперіп жатып сұ-
рады:
– Оның ескі үйінің қажеті қанша? Мына үй біз түгілі ұлы-
мыздың да бүкіл өмір бойы тұруына жарайды емес пе?
–  Сен  нені  білетін  ең? – деді  Тоқтабай. – Ақсақтың  үйі 
көшенің қиылысында болғандықтан біздің үйді көлегейлеп 
ажарын қашырып тұр. Соны сатып ап орнына жаңа үй құр-
сақ, өткен-кеткенге анық көрініп тұрады.
– Қайдам, – деп иығын қиқаң еткізді Бибісара. – Баяғыда 
атам біздің үйдің жерін Қасиеттің əкесі Еркін мұғалім тегін 
берген деп отырушы еді. Енді өздеріне қысым көрсетсек ұят 
болмас па екен?

80
– Жер дегенге ит қарамайтын кезде берсе берген шығар. 
Заманы солай болды. Ол шалдардың өзі де заманымен бірге 
келмеске кетті. Мен тартып алмақшы емеспін, сатып алғалы 
отырмын...
Тоқтабай  мұнан  соң  да  екі-үш  рет  Қасиетпен  жолығып 
көндіруге  тырысты.  Онысынан  ештеңе  өнбеген  соң  құй-
тырқылыққа  басты.  Əуелі  электр  торабындағыларға  «Қа-
сиеттің  үйіне  тартылған  электр  сымдары  ескіріп  кеткен, 
апат  бола  қалса,  біздің  үйге  де  қауіп  төндіреді»  деп  ша-
ғымданып,  əрең  күнін  көріп  отырған  жанұяны  біраз  шы-
ғынға  ұшыратты.  Сосын  моншасының  суын  көшедегі 
арыққа  ағызады  деп  жазғырды.  Əйтеуір  түрлі  сылтау  та-
уып  ығырын  шығарды.  Дардай  адамның  майда  қылығына 
ренжіген Қасиет одан бетер қасарыса түсті. Көшеде кездесіп 
қалса, бұрылып кетеді. 
Аңдысқан жау алмай қоймайды екен. Бір күні ойда жоқта 
болған  оқиға  себепті  үй  мəселесі  шешілді.  Тоқтабай  түс 
мезгілінде  тынығып  алу  үшін  жұмыстан  қайтқан  болатын. 
Машинасымен қақпа алдына келгенде Қасиеттің үлкен бала-
сы Əділ мұны көре сала жүзін бұрып, мақаудан қашқандай 
жылдам ауласына кіріп кетті. Оны ішінен бір сыбап қойған 
Тоқтабай  машинасын  ауласына  кіргізіп,  қақпаны  жауып, 
қара былғары портфелін қолына ұстап мəрмəр төселген ұзын 
жолақпен  үйі  жаққа  беттегенде  Қасиеттің  үйінің  бұларға 
қараған терезесі ашық тұрғанын көрді. Бұл үй жер телімінің 
шетіне  тақап  салынғандықтан  ортада  дуал  жоқ  болатын. 
Тоқтабай ашық терезеден үңілгенін өзі де байқамай қалды. 
Бөлме ішінде ешкім жоқ екен. Миына сап ете қалған сұрқия 
ойдың  əсерімен  портфелін  терезенің  сол  жағына  тақап 
жиналған  төсектің  арасына  сүңгітіп  жіберді  де,  терезені 
ақырын жапты. Терезенің ұстағышын беторамалымен дереу 
сыпырып үйіне кіріп кетті. Ішінен «Тұзаққа түсірдім бе, енді 
үйіңді сатпай көр» деді де полицияға қоңырау шалды.
Көп өтпей полиция машинасының дабылы естілді. Тоқта-
бай қақпа алдына шығып күтіп алды.
–  Не  жағдай? – деді  ұзын  бойлы  капитан  амандасқан 
соң. – Мен қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Рашид 
Қайсаровпын.
– Ұры түсіпті, – деді төрт полицияны үйге бастаған Тоқ-
табай жол бойы.

81
Олар мəрмəр төселген ұзын жолақпен жүріп үйге кірді. 
– Не алған? – деді капитан кіреберістегі диванға отырған 
соң.
– Мына үй телефонының жанындағы столда тұрған порт-
фелім жоқ. Ішінде елу мың теңге-ақ ақша бар болатын. Ол 
маңызды  емес.  Фирманың  ісқағаздары  мен  төлқұжатым 
портфельде еді.
– Үйде ешкім жоқ па еді?
– Иə. Əйелім төркініне қыдырып кеткен. Мен сіздерден 
сəл-ақ бұрын келдім.
– Үйге кіргеніңізде есік ашық па еді? Ұры түскенін қалай 
білдіңіз?
– Есік алдындағы екі жүз литрлік бөшкенің астына кілтті 
қойып  кететінбіз.  Оның  орнынан  жылжығанын  байқадым. 
Бірақ,  астында  кілт  тұрған  екен.  Əйеліме  қоңырау  соғып 
ем,  үйге  келмегенін  айтты.  Содан  бөтен  біреу  үйге кірген-
ау деп күдіктеніп, үйді түгел шолып шықтым. Барлық бөл-
ме  құлыптаулы  тұр.  Мына  жерге  таңертең  қойып  кеткен 
портфелімнің жоқ екенін көрдім.
–  Кімнен  күдіктенесіз?  Негізі  ұры  алыстан  келмейді. 
Біліп, көріп жүрген адам істейді.
– Енді... күдікті дегенде... айтуға ыңғайсыз екен. Көрші-
қолаң... дегендей.
Капитан жалт қарады.
– Біреуден күмəніңіз бар-ау деймін. Қысылмай айта бері-
ңіз.  Бір  дəніккен  адам  дер  кезінде  қолға  түспесе  тағы  да 
ұрлауы мүмкін.
– Мен қақпа алдына келгенімде мына көршіміздің Əділ 
деген баласын көрдім. Мен көрді де, дереу үйіне кіріп кетті. 
Көшенің аяқ жағынан келе жатқан еді. Соның əрекеті ерсілеу 
көрінді. Бірақ, қолында ештеңе байқамадым. 
Капитан қасындағы үш полицияға бұйырды:
–  Барып  тексеріп  көріңдер.  Мен  жазба  түсініктеме  ала 
тұрам.
Үш полиция шығып кетті. Тоқтабай айтқандарының бə-
рін  хатқа  түсіріп  берді.  Сосын  капитан  даладағы  екі  жүз 
литрлік бөшкені көрді. Ешқандай із көзге шалынбады. Са-
раптамашы  келіп  тексеретінін  айтты.  Жиырма  минуттар-
дан соң екеуі оны-мұны əңгімелесіп тұрғанда бағанағы үш 
полицияның біреуі қайтып келді.

82
–  Көрші  үйді  түгел  тексеріп  шықтық.  Əлгі  Əділ  деген 
бала мен қарындасынан басқа ешкім жоқ екен. Портфель та-
былды. Ішінде сіз айтқан нəрселер бар. Баланы бөлімге алып 
кетеміз...
Ертеңіне азанмен Қасиет еңіреп келді:
– Балам бір білместік жасаған шығар, əкелеріміздің аруа-
ғы үшін кешірім бер. 
Тоқтабай ыңыранып біраз отырды.
– Балаға дұрыс тəрбие беру керек қой, бүгін ұрлық жаса-
са, ертең адам өлтіруден де тайынбайды. Мен не істей алам? 
Оның тағдырын полиция шешеді ғой!
Қасиет боз-боран боп жылаған күйі Тоқтабайдың аяғына 
жығылды.
–  Менің  балаларымнан  басқа  кімім  бар?  Олардан  немді 
аяймын? Арызыңды қайтарып ап Əділімді құтқарып бер де, 
бодауына үйімді басы бүтін ал. Аман болсақ, баспана табы-
лар.
– Ойбай, сенің үйіңді баяғыда сатып алғым келген. Енді 
елдің насағына қалар жайым жоқ, – деді Тоқтабай.
Қасиет əкелерінің аруағы мен пəленбай жылдық көрші-
лігін араға сап отырып алды. Шаруасын бітірмей кететін тү-
рі жоқ.
– Қайдағы-жайдағыны айтып сай-сүйегімді сырқыраттың 
ғой, – деді Тоқтабай жібіген сыңай танытып. – Мейлі, енді 
бала қор боп кетпесін деп, айтқаныңызға көнеміз дағы. Бі-
рақ,  мен  сенің  үйіңді  балаңның  айыбы  үшін  тегін  алатын 
арам емеспін. Баяғы айтқан ақшамды беремін. Сен шиеттей 
бала-шағаңмен далада қап кетпе.
Қасиет Тоқтабайдың аяғын құшақтап өкіріп жіберді:
– Рахмет, Еркін ағайға тартқан екенсің! Кеңпейілдік жа-
сарыңды біліп едім.
–  Сен  нотариусқа  бара  бер.  Балдызымды  жіберем.  Үйді 
соның атына рəсімдеп берген соң сол жерде ақшаңды түгел 
аласың.  Мен  полицияға  барып  арызымды  қайтарып  ала-
йын...
Баласы есен-аман оралған соң оны қыспаққа алып ұрлық 
жасамағанына көз жеткізді ме, əлде ойлана-ойлана тұзаққа 
түскенін  білді  ме,  он  күннен  соң  Қасиет  қала  сыртынан 
алған баспанасына жүгін жөнелтіп, Тоқтабайға үйдің кілтін 
берерде кекесінмен езу тартты:

83
– Мына тұрған итмұрын əдемі əрі пайдалы болғанымен, 
қаулап өсіп кетсе, тікенектерінің кесірінен қасына жолауға 
болмай  қалады.  Сен  дəл  осы  итмұрынтектес  жан  екенсің, 
жолап кеткен адам береке таппас.
Жүк машинасының қасындағылар ду етіп күліп жіберді. 
Бұрыштай  қызарып  кеткен  Тоқтабай  сасқалақтап  не  дерін 
білмей қалды. 
Жүк  машинасы  жүріп  кеткен  соң  Тоқтабай  балдызына 
итмұрынды  шаптырып  тастады.  Бұл  пəленің  тамыры  өте 
тереңде  болады  екен.  Бұтағы  шабылғанмен  тамыры  қап 
кетті.  Балдызы  шалалық  жасап,  шабылған  бұтақтарды  сол 
жерге жинап қоя салды. Кейін сол бұтақтарды ит шашып тас-
тады ма, əлде самал ұшырды ма, əйтеуір, ылғал топыраққа 
тиіп, əр жерден сорайып-сорайып өсіп шыға келді...
* * *
Алақандай аулада жеті түп итмұрын өсіп тұр. Бұтақтары 
жан-жағына жайылып кеткен. Тоқтабай балтасын ұстап ең 
шеттегісінің  жанына  келді.  Жүрелей  отырып  бір  бұтақты 
сол  қолымен  тартқылап  түбіне  балта  салды.  Майда-майда 
тікенектер  саусақтарын  жырып  жіберді.  Бір  ұрғанда  əлгі 
бұтақ шабыла қоймады. Майысып тұрып алды. Тағы балта 
салды.  Өзегі  шабылғанымен,  төменгі  жағындағы  қабығы 
желімдей  жабысып  жіберер  емес.  Үшінші  соққыда  бұтақ 
қиылып  түсті.  Оны  лақтырып  жіберді  де,  жайғасып  оты-
рып ап келесісін шабуға кірісті. Бір түп итмұрынды шауып 
бітірген кезде қолайсыз орналасқан итмұрынның тікенектері 
тигендіктен  қолы  да,  беті  де  қан-жоса  болған  еді.  Жүрегі 
дірілдеп,  жырылған  жерлері  ашып  тұрғанына  қарамастан 
келесі түпке өтті. 
Жаздың  күні  тас  төбеде  шағырайып  алау  шашыратып 
тұрғандай. Үп еткен жел жоқ. Тоқтабай қара терге малшы-
нып балтаны өршелене сілтеуде. Көгілдір бұтақтардың ша-
былған  жерінен  бырт-бырт  шығып  жатқан  тамшыларды 
көргенде  рахаттана  түседі.  Сол  тамшылар  арқылы  қайғы-
қасіреті ағып бара жатқандай, айналасын көлегейлеп, түбіне 
бір  түйір  шөп  шығармай  жайылып  жатқан  бұтақтарды  тү-
гел  жайратып  салса,  отбасына  береке  қайтып  келетіндей; 

84
Қасиеттің кекесінмен ыржиған жүзі көз алдынан мəңгілікке 
жоғалатындай;  қайта  аяққа  тұрып  бұрынғысынан  да  үлкен 
үй салып, жоғарғы қабатындағы залдың терезесінен төменге 
көз тастайтындай...
«Осы  итмұрынның  кесірі  тиді», – деген  ой  өтті  қиялы-
нан. – Қасиеттің мына ескі үйінің орнына жаңасын тұрғызу 
түгілі өз үйімде тыныш өмір сүру бұйырмады. Енді қолым 
жетті дегенде бəрінен айырылдым. Қасиет маған үйін ғана 
емес, итмұрын арқылы бар қырсығын тастап кеткен екен...».
Бір түп итмұрынды шауып болғасын, екіншісіне өтіп ша-
ба берді, шаба берді...
Кенет артық қимыл əлсіз жүрегіне əсер етті білем, кезекті 
соққыны  жасау  үшін  балтасын  көтере  бергенде  қолынан 
түсіріп жіберді де сылқ ете құлады. Базардан енді ғана қай-
тып келген Бибісараның жанайқайы шықты...
* * *
Аулада жиырма шақты адам селтиіп тұр. Молда жаназа 
намазын  бастайтынын  айтып,  мəйітті  іштен  алып  шығуды 
сұрады. Төрт жігіт табытты көтеріп шабылмай қалған соңғы 
түп итмұрынның қасына қойды...

1   2   3   4   5   6   7   8   9


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал