Бағдарламасы бойынша жарық көрді Ұзақов Бегабат



Pdf көрінісі
бет8/9
Дата15.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#9656
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9

О ДҮНИЕНІҢ ҚАҚПАСЫ
Аспан балаларының бəрі соғысқа аттанғалы жатқан ана-
дай түнере түскен. Жаңбыр оның көз жасы секілді толастар 
емес. Оқтын-оқтын күн күркірейді. Азалы аспанның бауы-
рын  тіліп  жарқылдаған  найзағай  үміттей  жанып,  үміттей 
сөнеді...
Ол кетіп барады. Иесіз қалған керуенсарай сияқты қаңы-
раған далада кетіп бара жатыр... Аяқ-қолы өзінікі емес тəріз-
ді.  Санасын  əлдеқандай  бір  тылсым  күш  билеп,  басқарып 
тұрғандай...
Шексіз кеңістіктегі жұлдыздай маңып бара жатқанда қар-
сы  алдынан  бірдеңе  жылжып  келе  жатқан  сияқты  көрінді. 
Тұла  бойын  үрей  билеп  тоқтай  салғанын  білмей  де  қалды. 
Бұл не болды екен? Əне, бірте-бірте жақындап келеді. Миы 
сағаттың  тіліндей  істеп  кетті.  Дереу  ара-қашықтықты  ша-
малай  бастады:  отыз  қадам,  жиырма  бес,  жиырма,  он  бес, 
он...  Жақындағанда  «мынау  кəдімгі  қақпа  ғой»  деп  ойлап 
үлгерді. Тағы бірер сəттен соң қақпаға еніп кеткенін сезді. 
Өзі кіріп кетті ме, əлде қақпаның ішінен біреу шығып, тар-
тып алды ма?.. О жағын біле алмай қалды... Бірден шошып 
оянып  кетті.  Көзін  ашып,  ешқандай  қақпаның  жоқтығын 
байқады.  Өзінің  күндегі  орнында  жатыр  екен.  Терезе  жақ 
ағараңдайды.  Демек,  таң  құланиектеніп  қалған  ғой.  Орны-
нан тұрып, бөлменің шырағын жақты да, жан-жағына қара-
ды: бос бөтелкелер, темекі тұқылдары... Кешегі түннің елес-
тері. Əдетте, бұлар жиіркенішті көрінбейтін. Қазір біртүрлі 
кейіпте жанарын тайдырып əкетті.
«Бұл  қандай  түс  екен?» – деп  ойлады  ол. – «Ешқашан 
бүгінгідей жаман түс көрмеген едім. Біреу мені өлтірмекші 
ме  екен?» – Кенет  санасына  сап  ете  қалған  жаман  ойдан 

136
денесі  дірілдеп,  қалшылдап  тұрды  да,  өзін-өзі  жұбата  бас-
тады: «Түс  түлкінің  тезегі.  Жалғанды  жалпағынан  басып 
жүрген  жігіт  емеспін  бе?  Мені  өлтіруге  кімнің  батылы 
жетер  дейсің?!  Қорқыныш  өлімнен  де  жаман.  Ешкімнен 
қорықпауға тиіспін!».
Ол  көрген  түсін  жақсылыққа  жорып,  өзіне  Құдайдай 
сенгендіктен  көңілі  жайланайын  деді.  Қылмыс  əлемінде 
əлсіздерге  орын  жоқ.  Қазір  ғана  көрген  жаман  түсті  лезде 
ұмытып, сезім аспанында қалықтамай, жерге түскеніне қа-
рағанда, жүрегі əлдеқашан қатайып кеткен.
– Жүсіп, бері кел! – деп дауыстады ол.
Басы қазандай үлкен, қара жігіт көрші бөлмеден шығып, 
тіл алғыш баладай бұйрық күтті.
– Не дейсің, Қарабай аға?
– Атаңның басы! Сəлеміңді жеп қойдың ба?
Жігіт  сасқалақтап  не  дерін  білмей  қалды.  Қысылғанда 
түрі біртүрлі боп кетеді екен. 
Қарабай  кісінің  өңменінен  өтіп  кететін  өткір  көздерін 
оған қадап тұрды да:
– Аштан өлтіретін болмасаң, анау-мынау дайында, – деді.
– Бір ауыз сөзің! – деп жігіт басын иіп, бөлмеден шығып 
кетті...
* * *
...Тағдырдың  жолы  жыланның  іздеріндей  бұралаңдап, 
түрлі қалтарыстарға бастайды. Бақыт – өте алыста мұнартып 
тұратын  меже.  Оған  шындықты  шырақ  етіп  ұстаған  адал 
жандар ғана жете алады. Алайда, əркімнің өз шындығы бар. 
Кейде болмашы табысты бақытқа балап, жолынан адасатын-
дар да жеткілікті.
– Мен енді басқаша жасаймын, – деді балалықтан бірге 
өскен құрдасы Мырзаға. – Əлі көресің, шікірейіп жүргеннің 
бəрі  маған  сəлемге  келетін  болады.  Айдарынан  жел  ескен 
патшалардай  дəурен  сүре  алмасам,  атымды  басқа  қоямын. 
Мұрныңның суын тартып жүре бермей сен де маған қосыл. 
Мына жүрісіңде ешқашан кесең ағармайды.
– Сонда сен кім болмақшысың? – деп аң-таң боп сұрады 
Мырза. – Үлкен жұмысқа өтесің дейін десем, қолыңда қатты 
қағазың жоқ.

137
– Түу, əлі сарыауыз балапан екенсің ғой, – деп Қарабай 
оның маңдайына шертіп қойды. – Басты істету керек, басты! 
Қатты  қағазы  барлар  қайбір  жетісіп  жүр  дейсің!  Ақындар 
ғана  мəңгілікті  аңсап,  адалдыққа  жүгініп,  бұл  дүниеден 
жыртық  дамбалы  бүтінделмей  өтеді.  Мен  ондай  ақымақ 
емеспін.  Бүгінгі  күнмен  ғана  өмір  сүремін.  Өлгеннен  соң 
мейлі,  иттің  алдына  сүйреп  тастасын.  Жалпы,  адамға  көп 
нəрсені  білудің  қажеті  жоқ.  Нөлден  тоғызға  дейінгі  санды 
білсең,  барлық  əріпті  жаттап  алсаң  болды.  Қалғандары  со-
дан  келіп  шығады.  Ақылды  адамдар  осы  қағидаға  амал 
қылып, қай кезде де өзгелерден оқ бойы озық жасаған. Мен 
рухани жақтан ақсүйекпін. Маған ауыр жұмыс істеуге бол-
майды. Өзіме ұсаған жүрегі аттың басындай жігіттерді жи-
нап, бір топ құрып жатырмын. Не істейтінімді енді түсінген 
шығарсың?
– Сонда сен... немене... қарақшы болмақшымысың?
– Ескіше айтқанда, сондай.
–  Қарапайым  халықты  қан  қақсататын  адам  қай  заман-
да  да  қарақшы  деп  аталады.  Қара  бастың  қамы  үшін  көп-
шілікті қасірет шегуге мəжбүрлеу – шектен шыққан жауыз-
дық.  Дұрыс,  біз  сияқтылардың  көбі  өмірге  ызалы.  Бізді 
безбүйрек  ата-анамыз  балалар  үйіне  тастап  кеткен.  Бірақ, 
олардан  көрмеген  шапағатты  үкіметтен  көрмедік  пе?  Үкі-
мет тəрбиеледі, оқытты, жұмыспен, үймен қамтамасыз етті. 
Өмірдің  даңғыл  жолына  шығып  алдық.  Мен  саған  қамал-
масыңнан бұрын да айтып едім, тура жүр деп. Түрмеде ақ-
қараны танып, адам болған шығарсың десем, қайта бұрын-
ғыдан бетер болыпсың. Қатты айтқан болсам, кешір. Міне, 
маған  қарасайшы,  адал  еңбегіммен-ақ  өмір  сүріп  жүрмін 
ғой! Саған не жетпейді?
–  Өмір  сүріп  жүріпті-мыс, – деп  мырс  етіп  күлді  Қара-
бай. – Сен əшейін күн өткізіп жүрсің. Жасау басқа, күнелту 
басқа!..
* * *
...Олар  балалар  үйінде  өсті.  Бұл  жердегілер  үшін  бала-
лықтың  базары  ерте  тарайды.  Үкімет  ештеңеден  тарық-
тырмағанымен,  əке-шешенің  мейірімін  бере  алмайды.  Ба-
лалар үйінің ауласында ойнап жүріп, сыртта əке-шешесінің 

138
қолынан ұстап бара жатқан баланы көрген кезде жетімдігің 
еске түседі. Қолың жетпейтін арман көңіліңді мұңға бөлейді. 
Түнде  төсекке  жатқанда  ақ  сейсепті  үстіңе  тас  қып  жа-
уып алып, үнсіз жылайсың. Күндіз бөгде көзден жырақтау 
бұрышқа тығылып ап, сурет сызасың. Ақ қағазға нені сызсаң 
да,  арманыңдағы  əке-шешенің  бейнесі  қосарлана  кетеді. 
Тіпті, қиналған сəттеріңде өмірге келгеніңе өкініп, дүниеге 
қол  сілкіп  кеткің  келеді.  Бəрібір  кете  алмайсың.  Келу  мен 
Кетудің  арасында  Өмір  деген  ұзын  жол  жатыр.  Оны  көзің 
қимайды.
Адам  жарым  көңілмен  дүниені  толтыруы  мүмкін.  Бірақ, 
дүние  жарым  көңілді  толтыруы  қиындау.  Балалар  үйінде 
əртүрлі  балалар  болады.  Біреулерінің  ешкімі  жоқ,  кейбіреу-
лерінің əке-шешесі болса да, хабар алмайды. Алдыңғы топта-
ғылардан гөрі соңғы топтағылардың жағдайы нашарлау бо-
лады.  Өйткені,  бұл  күнəсіз  нəрестелер  əлдекімдердің  асау 
сезімдерін  тізгіндей  алмаған  жалынды  жастық  шағындағы 
қателіктерінің  жемісі.  Олар  балаларын  көріп,  өздерінің 
өткен  күндегі  сұрқия  бейнесін  есіне  алғысы  келмейді.  Ал, 
балалар  болса,  əке-шешесінің  мынау  жарық  дүниеде  жер 
басып жүріп, бір рет болса да, ұрпағын іздемегеніне қатты 
қынжылады.
Қарабай  мен  Мырзаның  хабар  алатын  етжақын  туысы 
болмады. Екеуі де əке-шешесінің кім екенін білмейді. Есейе 
келе біреулер осы жерге əкеп тастап кеткенін естіді.
Дүние мұңға толы ма, əлде қуанышқа толы ма? Бұл енді... 
қалай қарауыңа байланысты. 
«Көре берсең – көне бересің» дегендей, Қарабай тағдыр-
дың ісіне көнді. Ол Мырзаға ұқсап танымайтын əке-шеше-
сін  сағынып,  көз  жасын  көлдетпеді.  Жүрегін  жастайынан 
өзгелерге  деген  жиіркеніш  иеледі.  Ұйықтағанда  тістерін 
қайрап шығады. Басқа балалар одан қорыққаннан неге бүй-
тетінін  сұрай  алмайды.  Ал,  Мырза  өте  сезімтал  бала.  Сəл 
нəрсеге бола қайғырса, сəл нəрсеге қуанып жүреді. 
Балалар  үйінде  жазылмаған  заң  бар:  Өзге  балалар  бұл 
жердегілерге əлімжеттік танытса, бірігіп барып, көкесін та-
ныту. Қарабай төбелесуге ебі барларды жинап, күші бойына 
сыймай жүргендерді, өз сөзімен айтқанда, «шыққан жеріне 
тығып» қайтады. Мырза жылы сөзбен келісіп, керіскендерді 
жарастырып жіберуге епті.

139
Бір  күні  бұлардан  бес-алты  жас  кіші  Жүсіп  деген  бала 
көшеден жылап келді. Базардың жанында бір бала ақшасын 
тартып апты. Ашуға мінген Қарабай ол баланы тауып алып, 
ұрып қайтты. Арадан үш-төрт күн өткен соң ол бала Жүсіпті 
тағы қолға түсіріп, көгала торғайдай етіп жіберді. Енді Мыр-
за баруға бел байлады. Сұрастырып білсе, үйі базардың жа-
нында болғасын сол маңайда сандалып жүретін Қасым деген 
бала екен. Мырза оны қиналмай-ақ тауып алды. 
– Сен жəне Жүсіпті ұрыпсың ғой. Себеп?..
Қасым қорқып кетті. Есіне Қарабайдан жеген таяғы түсті. 
Мына  келген  баланың  түріне  қарап,  күші  одан  да  басым 
сияқты деп ойлады. Мырзаның сұрағына жауап бере алмай, 
ұнжырғасы түсіп кетті.
– Қасым, – деді Мырза үлкен кісілерше салмақты түрде. – 
Тау таумен кездеспеуі мүмкін. Адам адаммен кездеседі. Сен 
Жүсіпті ұрып, бізден қашып құтыламын деп ойлама. Аспанға 
шықсаң,  аяғыңнан,  жерге  кірсең,  құлағыңнан  тартып  ала-
мыз.  Түсіндің  бе? – Қалтырап  тұрған  Қасымға  сұраулы 
жүзбен  қарап  азғана  тұрды  да,  сəл  түсін  жылытып  сөзін 
жалғастырды. – Бəріміз  бір  елдің  баласымыз.  Жаға  жыр-
тысып  жүргеннен  гөрі  дос  болып,  қарым-қатынас  жасаған 
жақсы шығар деп ойлаймын. Сен бұған қалай қарайсың?
Мырза үнін тағы да қатқылдата түссе, шалбарын ызғарлап 
қояйын деп тұрған Қасым мұндай сөзді күтпеген еді. Жер-
ден жеті қоян тапқандай қуанып кетті:
–  Дұрыс  айтасың.  Менен  кеткен  ағаттықты  кешір.  Бір-
бірімізге  ерегісе  берсек,  соңы  жаман  болады,  əрине.  Енді 
тиіскенді қояйық. Сөзінен қайтқан – қатын!
Олар қол алысты.
Осы  оқиғадан  кейін  ешкім  таяқ  жеп  келмейтін  болды. 
Қасым өзінің жанында жүретін балаларға да келісімді айт-
қан болса керек...
Қарабай мен Мырзаның мінезі сəйкес келмесе де, жақын-
дасып кетуінің себебі бар. Олар Мөлдір, Нəзира деген қыз-
дарды жақсы көріп қалды. Екі қыз айырылмас дос еді. Төр-
теуі де сыныптас. Оқу аяқталар алдында кешкі кездесулер-
ге  бірге  шығатын  болды.  Сол  себепті  олар  етене  араласып 
кетті. Бір-біріне қалжыңдап, «бажа» дейді.
Балалар үйімен қоштасар сəт те жетті. Төртеуі басқалар 
сияқты оқу деп басқа қалаға кеткісі келмей, осындағы мақта 

140
зауытына  жұмысқа  орналасты.  Бір  жақсы  жері,  зауыттың 
жатақханасы бар екен. Қарабай Мөлдірге, Мырза Нəзираға 
үйленіп, осы жатақханада екі жыл тұрды. Сосын үкімет үй 
берді. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан-ды. 
Күтпегенде Қарабай зауыттан мақта ұрлап қамалып кетті...
* * *
–  Құлқынды  емес,  халқыңды  ойлауға  тиіссің.  Адал  жа-
сағанға  не  жетсін,  біреудің  алдында  тілің  қысқа  болмай-
ды, – деді Мырза. – Адам тонаймын дегенің қай сасқаның? 
Сен  енді  жігітке  жараспайтын  қылықтарыңнан  кеш.  Жас 
емессің. Ақыл тоқтататын кезің келді. Мөлдірді ұрып-соғып, 
баласымен бірге қуып жіберіпсің. Қамалғаныңда ол сені бес 
жыл күтті. Бұл ісің оның осы адалдығына жауабың ба?
Қарабай темекісін құшырлана тартып, біраз отырды. Мыр-
заның  айтқандарын  ой  елегінен  өткізіп,  жауап  қайтаруға 
дайындалып  отырғаны  айдан  анық.  Мұндай  адамдар  тіпті 
сөзде  болса  да,  есесін  жіберуі  неғайбыл.  Ойын  жинақтап 
алды білем, Мырзаның көзіне тура қарап, сөз бастады:
– Қатын деген жолда, бала деген белде. Соған бола қай-
ғыратын  мен  жоқ.  Ағашты  бір  тепсем,  жапырақ  орнына 
қыз  түседі.  Өмір  адамға  мəгілікке  берілген  емес.  Қысқа, 
тым  қысқа.  Көзді  ашып-жұмғанша  зыр  етіп  өте  шығады. 
Сондықтан  да,  өмірді  мазмұнды  етіп  сүре  білу  керек.  Сен 
баяғы бала күндегідей кітаптағы əдемі сөздерді айта беруден 
жалықпайды екенсің. Тұрмыс кітаптарда ғана таңғажайып. 
Саған мана айттым ғой, қазір өзіміздің балалар үйінде тəр-
биеленіп,  еш  жерге  сіңісе  алмай  жүрген  жігіттерді  жинап 
жүрмін. Олардың да қамын біреу ойлау керек қой. Тобымыз 
күннен-күнге көбеюде. Сен кітаби сөздермен басыңды ауыр-
тып  жүргенше,  əлі  де  болса  ойланып  көр.  Бізге  қосылсаң, 
байлыққа белшеңнен батасың. Ал, мен кеттім.
–  Тоқта.  Мөлдірді  қайтесің?  Баласымен  қайда  барады? 
Сен  қуғалы  біздің  үйде  тұрып  жатыр.  Нəзирамен  дүкенге 
кеткен.  Қазір  кеп  қалады.  Екеуара  сөйлесіп,  мəселелеріңді 
шешіп алсаңдаршы.
– Жігіт сөзінен, арыстан ізінен қайтпайды. Ол менің мұ-
рат-мақсаттарыма қарсы болды. Кім менімен емес, демек, ол 

141
маған  дұшпан! – деп  Қарабай  есікті  қатты  жауып,  шығып 
кетті.
Мырза жалғыз өзі қалғасын, мақта жастықты шынтағына 
басып  жатты  да,  ауыр  ойға  қалды: «Түптен  ақыл  болмаса, 
түрткен ақыл қонбайды екен. Мынау бұрын да сау сиырдың 
жапасы емес болатын. Қалай-қалай боп кеткен өзі? Басқаны 
былай қойғанда, жалғыз баласын ойламай ма? Жетімдіктің 
не екенін басқа білмесе де, Қарабай жақсы біледі ғой!..»
–  Не  ойлап  отырсың?  Біздің  келгенімізді  де  байқамай 
қалдың, – деді Нəзира сөмкесін қойып жатып. – Дүкен ара-
лап, Асқарға киім əпердік. Қара, жараса ма?
– О, дұшпан аяқ асты... Тоздыру несіп етсін! – деп Мыр-
за  орнынан  тұрып,  Асқардың  жауырынынан  қақты.  Сосын 
Нəзира мен Мөлдірге қарады:
– Жаңа ана неме келіп кетті. Біраз сөйлескен болдық.
– Əйелсіз үй қараң ғой, – деді Нəзира. – Тоба қазығына 
таянған болар?
– Жоқ! – Мырзаның даусы қатты шығып кетті. – Оның 
көжесі  ашиын  деген  екен.  Обал-сауапты  ойлаудан  қалған. 
Саяқ-сандырақтарды жинап жатырмын дей ме-ау... Əйтеуір, 
дұрыс жолда емес.
–  Не  дейді? – деп  шошып  кетті  Нəзира. – Құрбым  айт-
қанда,  онша  сенбеген  ем.  Бəлкім,  балалық  шағымыз  бірге 
өткендіктен көңілім оны жамандыққа қимаған шығар. Əйт-
песе,  түрмеге  түскен  адам  түзеліп  келеді  деген  кепілдеме 
жоқ қой!
–  Түкке  тұрғысыз  біреуге  бола  бас  ауыртып  қайтеміз? 
Пешенесіне жазылғанын көрер. Қайғырғанмен, ештеңе оңа-
лып кете қоймас, – деп Мырза аз да болса Мөлдірдің көңілін 
суытып,  енді  Қарабайсыз-ақ  өмір  сүруге  үндемекші  еді. 
Мөлдірдің жанарына тұнған жасты көріп, сөзінің соқпағынан 
жаңылды. – Шаршаған шығарсыңдар. Шай ішіңдер.
Бұлардың жұмбақтап сөйлеп тұрғанынан əлденені ұққан-
дай Асқардың қабағы қатулы.
Төртеуі  үнсіз  отырып  шай  ішті.  Əрқайсысының  басын-
да əртүрлі қиял. Өлі тыныштықты бұзуға ешкімнің батылы 
жетпеді.

142
* * *
Қарабай əлдене алу үшін базарға барған. Кенет газды су 
сататын  жерде  бір-екі  адамды  қалпақтай  ұшыруға  шама-
сы  жететін,  еңгезердей  бір  жігітті  жолықтырды.  Қазандай 
үлкен  басына  қарап,  баяғы  балалар  үйінде  əркімнен  таяқ 
жеп жүретін Жүсіпті жазбай таныды. Ол да ұмытпаған екен. 
Көзі  түскен  бойда  алпамсадай  денесімен  қорбаңдап  келіп, 
қапсыра құшақтай алды.
– Қарабай аға, өзің бе бұл? Аман-есен келдің бе?
Сөзінің рəмəуізіне қарағанда мұның қамалып кеткенінен 
хабары  бар.  Сондықтан,  Қарабай  əңгіменің  төтесіне  көше 
салды.
– Көп емес, бес жыл «демалып» қайттым. Өзің қалайсың? 
Не жұмыс істеп жүрсің?
–  Əй, – деп  қолын  сілтеді  Жүсіп. – Мен  айтпайын,  сен 
сұрама.  Құрылыстың  оқуында  оқып  жүрген  ем.  Болмады. 
біреуді түртіп жіберіп, басым бəлеге қалды. Оқудан қуылған 
соң мына базардан несібемді теріп жеп жүрмін, – деп ол екі 
саусағымен қайшыны меңзегендей болды.
– Қайда тұрып жатсың?
– Кез келген жерде.
Жүсіптің  ишарасынан  қалта  кесетін  ұры  екенін  ұққан 
Қарабайдың көзі күлімдеп шыға келді. Ол іздеп жүрген ада-
мын тапқан еді.
–  Бұл  жүрісің  болмайды,  інім.  Үйге  жүр,  ақылдасып 
көрейік.
Ол келіскен сыңай танытып, үнсіз бас изеді.
Екеуі  үйге  келген  соң  Қарабай  дереу  тоңазытқышта 
тұрған арақтан бір шынысын алып, кеселерді толтыра құйды.
Жүсіп  ішімдікке  кетəрі  емес  екен.  Мұндай  отырыстың 
талайын көрген болса керек. Қонақтың жолы үлкен екенін 
біледі. Көп күттірмей тілек айтуға көшті:
– Аға, ер жігіттің баратын жеріне аман-сау барып қайтуың-
мен  шын  жүректен  құттықтаймын. «Алдыңнан  аққан  судың 
қадірі  жоқ»  демекші,  сенің  қадіріңді  жоқ  кезіңде  білдік.  Біз 
сияқты пақырлар үшін көз алдымызда көлеңдеп жүруіңнің өзі 
бақыт! Алғашқы кесені сенің денсаулығың үшін алып қоялық.
Отырыс ұзаққа созылды. Үш шөлмек босады. Жүсіп едə-
уір  масайып  қалды.  Көп  ішіп  жүргендіктен  бе,  Қарабайға 

143
арақ өз күшін көрсете қоймады. Жүсіпті көз қырымен бақы-
лап, біраз ойланып отырды. Неге шамасы жететінін байқаған 
болса керек, шешімге келді:
– Бағана базардан несібемді тауып жеп жүрмін деп едің. 
Естіген болсаң, «жалғыз аттың шаңы шықпас» деген сөз бар. 
Саяқ жүрсең, таяқ жейсің. Тиын-тебеннен кім байыған? Ай-
тайын дегенім, менің тобыма қосыл. Өзіңе ұқсаған су келсе 
сіміріп, тас келсе, кеміретін жігіттер бар, – деп қошеметтеп 
қойды  оны  Қарабай. – Саудагерлерден,  кəсіпкерлерден 
салық жинаймыз. Бүкіл қала біздің бақылауымызда. Келіс-
сең, өзіме көмекші етіп аламын. Барлық жігіттерді өзің бас-
қарып отырасың.
– Сенің сөзің біз үшін заң! – деп Жүсіп теңселіп орнынан 
тұрды.
– Өзім де сенен осыны күтіп едім. Əкел қолды! Нəмəрттік 
қылғанға тек бір ғана жаза бар. Өлім жазасы!
Қарабай  Жүсіпті  айтқанына  көндіргеніне  қуанғанымен, 
көңіліне күдік кірді: «Оңай келісе кететін адамдардың таба-
нының бүрі болмайды. Тар жерде сатып кетуі де оңай бола-
ды. Оның үстіне бұл қарнының тойғанынан басқаны ойла-
майтын қаңғыбас кісəпір. Үлкен істерді қолға алғанда орға 
жығып кетпес пе екен?.. Мейлі, көре жатармыз. Жақсы бол-
са асын жейді, жаман болса... Ең маңыздысы, өгіздей күші 
бар. Барар жері жоқ. Қорғаушым боп, қауіпсіздігіме жауап 
бере алады ғой».
Ертеңіне  кеште  Қарабай  қоластындағы  бес-алты  жігітті 
шақырып алып, Жүсіпті таныстырды.
–  Бəріміз  бір  қаланың  адамымыз.  Басқа  жақтан  келген 
ешкім  жоқ.  Мына  жігітті  сырттай  болса  да,  танитын  шы-
ғарсыңдар. Танымасаңдар таныстырайын, аты – Жүсіп. Бү-
гіннен бастап менің оң қолым. Менің бұйрығымды осы жі-
гіт  арқылы  аласыңдар.  Кім  айтқанын  орындамаса,  менен 
жақсылық күтпесін. Түсінікті ме?
– Түсінікті, түсінікті!
–  Онда  екінші  мəселеге  өтеміз.  Соңғы  кезде  қаламызға 
өзге өңірлерден келетін саудагерлер көбейіп кетті. Солардан 
салықты  көбірек  өндіріңдер.  Тиісті  ақшаларыңды  аласың-
дар. Кім құлаққа теппекші болса, соңы жаман болады...

144
* * *
Мөлдір баласымен Мырзаның үйінде тұрып жатыр. Отау 
тіккендеріне бірнеше жыл болса да, Мырза мен Нəзираның 
əлі баласы жоқ. Олар Асқарды өз баласындай көреді. Асқар 
да оларды жатырқамайды. 
«Бұлар  неткен  бақытты, – деп  өзінше  ойлайды  Мөл-
дір. – Жанжалдың  не  екенін  білмейді.  Бір-біріне  өте  мейі-
рімді.  Мен  неге  бақытсызбын?  Тағдырдың  бауыры  тастан 
шығар. Ол менің мейірімсіз əке-шешеме ұқсайды екен. Менің 
көз жасым тағдырдың тас бауырын еріте алмады. Махаббат 
адамға  бақыт  сыйлайды  деуші  еді.  Қайда  сол  мен  аңсаған 
бақыт?! Қарабайды шын жүректен сүйіп едім. Сезімімді аяқ-
асты етті. Жүрегімде аяқ ізі бар. Енді не істеймін? Жаңадан 
тұрмыс  құрсам  ба  екен?  Жоқ,  жоқ!  Өз  əкесінен  көрмеген 
шапағатты  балам  кімнен  күтеді.  Баламның  бақыты  үшін 
ғана өмір сүруге тиіспін. Бізге де күліп қарар күн туар».
– Апа, мен ержеткен соң əкемді өлтіремін, – деп алдында 
отырған Асқар оның ойын бөліп жіберді. – Сені ренжіткенін 
ешқашан кешірмеймін.
– Балам, олай деме, – деп селк ете қалды Мөлдір. – Əке ту-
ралы бұлай айтуға болмайды. Тамырыңда оның қаны ағып тұр.
– Мен оны бəрібір өлтіремін!
Мөлдір  ештеңе  дей  алмай  қалды.  Баласының  жүрегінде 
əкесіне деген ашу-ызаның ұлғайып келе жатқанын сезді...
* * *
Қарабай үйде іші пысқандықтан не істерін білмей, теле-
дидар көріп отырған. Көшеге шығып кеткен Жүсіп ертегідегі 
арудай  көрген  жанды  есінен  тандыратын  бір  қызбен  кіріп 
келді.
– Аға, мына қызды саған сыйлағалы тұрмын. Жеңешемді 
сағынып  жүрген  болсаң,  құмарыңды  бір  тарқатасың.  Бұл 
үш күндік дүние: кеше, бүгін, ертең. Еншімізде екі-ақ күні 
қалды. Сондықтан, дер кезінде ойнап-күлгенге не жетсін!
– Өзің ақылды жігіт екенсің. Адамның көкейінде не ба-
рын түсінесің, – деп Қарабай Жүсіптің жауырынынан қағып 
қойды да, қызды құшақтап өзінің бөлмесіне алып кетті...

145
* * *
 – Аға, бір жағымсыз сөз айтсам, ренжімейсің бе? – деді 
бір күні Жүсіп Қарабайға. – Сенің абыройың менің де абы-
ройым. Арыңа дақ түссе, жер басып жүре алмаспын. 
– Ащы болса да, ақиқат жақсы. Айт!
Жүсіп суық демін алды.
– Жеңешем туралы сөздер көбейіп кетті. Нəзирадан бала-
сы болмағасын, оны Мырза екінші əйел етіп алып қойыпты-
мыс...
– Не дейсің? – Отырған орнынан секіріп тұрды Қарабай. 
Қаны  миына  шапшып,  жұдырығын  түйді. – Мен  су  ішкен 
дарияға  тұмсығын  тыққанды  аман  қоймаспын!  Бір  амалын 
қарастырамын. Сен демала бер.
Жүсіп үндемей шығып кетті. Ол баяғы базарда кездескен-
нен  бастап  Қарабайдың  үйіне  келіп,  кіреберістегі  бөлмеде 
жасайтын еді.
«Еһ,  Мырза,  Мырза,  жыланның  майын  жалаған  алаяқ 
екенсің! – Темекіні жеп қоярдай тартты Қарабай. – Кім біл-
сін,  ол  мен  түрмеде  кезде  де  Мөлдірмен  болған  шығар. 
Ана  жолы  қатынымның  тарапын  алып  сөйлеуі  жаман  еді. 
Жүзімнің  суындай  əдемі  қатын  бес  жыл  байсыздыққа  шы-
дап, тыныш жүрді дейсің бе? Неге бұрын осы ой миыма кел-
меген? Əлде жай қауесет пе екен? Самал болмаса, ағаштың 
басы қимылдамайды ғой. Қызылды көрсе, Қыдыр да жолдан 
шығады. Мырза да еркек қой, етегіне намаз оқып жүрмеген 
шығар. Демек, ол өлуі тиіс. Күнəсін өлімімен ғана жуа ала-
ды...».
* * *
– Біз моншаға түсіп келеміз. Асқарға қарап отыршы, – деп 
Нəзира күйеуінен өтінді.
– Жарайды. Бара беріңдер.
Нəзира мен Мөлдір кетті. 
Мырза  Асқарды  жанына  шақырып  алып,  альбом  көрсе-
те бастады. Екінші альбомды ашқанда алғашқы бетке қыс-
тырылған суретті көрсетіп, былай деді:
– Міне, мынау менің жас кезімдегі суретім. Мынау Нəзи-
ра. Мынау мамаң Мөлдір. Таныдың ба? Ал, мынау əкең...

146
– Əкемді жек көрем. Көргім келмейді оның суретін, – деп 
Асқар мамасы екеуі жататын бөлмеге жүгіріп кетті. 
–  Асқар,  тоқта,  ренжіме, – деп  Мырза  оның  ізінен  бара 
жатқанда  Қарабай  мен  Жүсіп  ашық  қалған  есіктен  кіріп 
келді.
–  Кештетіп  жүрсіңдер  ғой,  амандық  па? – деп  сұраулы 
жүзбен  қарады  Мырза.  Сəлемдесіп  болып,  стол  үстіндегі 
дастарханды жаю үшін артына айналғанда, Жүсіп иығынан 
қақты.  Ол  «Не  дейсің?»  деп  бұрыла  бергенде  кеудесіне 
пышақ  қадалды.  Қарабай  Жүсіптен  қалғысы  келмегендей, 
оның кеудесінің сол жағына тағы бір пышақты сүңгіте сал-
ды.  Мырза  бақырып  жіберді  де,  құлап  түсті.  Асқар  оның 
даусын  естіп,  бөлмесінің  есігінен  сығалағанда  жылдам 
сыртқа  шығып  бара  жатқан  екі  адамға  көзі  түсті.  Əкесін 
жазбай  таныды.  Қасындағысы  бейтаныс.  Сыртқы  есік 
сарт  етіп  жабылғанда,  бөлмесінен  жүгіре  шықты.  Жерде 
жатқан  Мырзаға  сүрініп  барып  тоқтады.  Мырза  ағасының 
кеудесінен ағып жатқан қанды көріп, шыңғырып жіберді...
Нəзира мен Мөлдір үйге кіріп келген кезде Мырза еден-
де жатыр еді. Оның кеудесіне басын қойып жылап жатқан 
Асқардың бет-аузын қан жуып кеткен. 
– Асқар, не болды? – жылап жіберді Нəзира.
–  Ойбай-ау,  мынаусы  несі? – дірілдеген  даусы  шықты 
Мөлдірдің. 
Асқар қалшылдап жылай берді...
* * *
Үйдің  іші  адамға  толы.  Жаназаға  келгендердің  көбімен 
көрісіп,  жылай  бергендіктен  Нəзираның  тамағы  қарлығып 
қалған.  Даусы  қырылдап  шыққандықтан  сөйлеген  сөздері 
түсініксіз. Оның өзі де түсініксіз жағдайда есеңгіреп отыр: 
«Мырзаның  жан  баласына  зияны  жоқ  болатын.  Оны  кім 
өлтірді екен? Асқар да ауруханада жатыр. Бəлкім, тілге кірсе 
не болғанын айтып берер. Ол дүниеге келіп, не көрді? Мен 
не көрдім? Жетімдіктің машақаты... Махаббатымен жарым 
көңілімді  толтырған  еді.  Маңдайыма  сыймады.  Енді  тағы 
да  сол...  қасірет,  қасірет,  қасірет!  Тағдыр  қасіреттің  сор 
топырағынан жаралған ба? Мырзасыз қалай өмір сүрмекпін? 

147
Онсыз  өмірдің  керегі  не  маған?  Жалғаншы  дүниенің  қап-
қара бетіне түкіріп, Мырзамен кеткім келеді».
Ол қасында отырған əйелдерге мағынасыз бір қарады да, 
далаға бет алды. Əлдебір шаруамен шыққан болар деп ой-
лады ма, оған ешкім мəн берген жоқ. Кіреберістегі столдың 
үстінде тұрған пышақты алып, қойнына тықты. Сосын үйдің 
алдындағы  анау-мынау  тұратын  қойманың  ішіне  кіріп,  те-
резеден  мына  жарық  дүниеге  жиіркенішпен  соңғы  рет  көз 
тастады да, өз жүрегінің тұсына пышақты сұқты...
Тамақ  пісіп  жатқан  тайқазанның  жанында  отырғандар 
оның жанұшыра шыққан даусын естіп, ізінен жүгіріп кірді. 
Біреу үйдегілерге хабар берді. Барша далаға атылып шықты. 
– Нəзира, Нəзираш, не істеп қойдың? – сілкіледі жүгіре 
жеткен Мөлдір.
– Мөл...дір Ас...қар...дан сұ...ра... – Ол сөзін аяқтай алмады...
Қорымда тағы бір қабір пайда болды. Бірақ, бұл қабірдің 
ерекшелігі, оған екі мəйіт жерленді.
Мырзаны кім өлтіргені анықталмай қалды. Асқар ештеңе 
айта алмады. Ол сөйлей алмайтын боп қалды.
– Мөлдір, сен осы үйде тұра бер, марқұмдардың шырағы 
сөнбесін, – десті жұрт.
* * *
Қарабай  мен  Жүсіп  Мырзаны  өлтірген  соң  өзге  қалаға 
қашып  кетті.  Телефон  арқылы  өз  жігіттерінен  керекті  ха-
барларды алып тұрды. Бұлардан күмəндану ешкімнің ойы-
на  да  кіріп  шықпапты.  Өйткені,  оқиға  болған  кезде  ешкім 
көрмеген.  Жалғыз  куə  Асқар  болуы  мүмкін.  Ол  да  тілден 
қалған. Нəзираның өзіне қол салғанын естігенде сенер-сен-
бесін білмеді. Əйтсе де, қуаныштан төбелері көкке екі-ақ елі 
жетпей қалған болар. Енді марқұмдарды жоқтайтын ешкім 
жоқ. Құқық қорғаушылар істі жабады да тастайды.
...Жүсіптің Мөлдірді Қарабайға жамандауының себебі бар 
болатын. Бір күні ол көшеде келе жатып, əдемі келіншекке 
көзі  түседі.  Жалмаңдап  жанына  жетіп  келгенде,  Мөлдір 
екенін білді. Денсаулық сұрасқан соң ол өзінен үлкен бол-
са да, Мөлдірге тиісе бастады. Оның ойынша, басы бос ке-
ліншекті қақпанға түсіру оңай еді.

148
–  Қарекеңді  тастап  кетіпсің  ғой, – деді  ыржалақтап. – 
Əдейі «күйеуің қуып жіберіпті» деп айтпады. Олай десе, əр-
қандай  əйелдің  де  ашуы  келетінін  біледі. – Бізге  ұқсаған 
бойдақ жігіттердің жұмысын бітіріп, сауапқа қалмайсың ба?
Мөлдір оны қалжыңдап жатқан болар деп ойлаған. Алай-
да, көзіндегі нəпсі ұшқынын көріп, ашу келді: «Бұл мұрын-
боққа не жоқ? Көрінгеннен таяқ жеп, сүмірейіп жүруші еді. 
Мұрнына самал еніпті ғой!».
– Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле. Сенің тəлкегіңе айна-
лар жан мен емес.
– Ойыным да, шыным да осы.
Мөлдір аузына келгенін айтып, кетіп қалды.
Жүсіп  біразға  дейін  оның  ізіне  түсіп  жүрді.  Бірақ  мақ-
сатына жете алмады. Сөйтіп жүргенде ол Қарабайдың тобы-
на қосылып, тонның ішкі бауындай араласып кетті. Əйел за-
тына сөзі өтпеген Жүсіптің көңілінде кек қалды. Көз алдына 
қарғап-сілеп кеткен келіншектің келбеті келе берді. Ызалан-
ды. Екінші жағынан, Қарабайға айтып қоя ма деп қорықты. 
Сондықтан, жамандап, көкесін танытайын деп ойлады.
Еркек деген қызық қой, ажырасқан қатынын да қызғанады. 
Қарабай да бұл пендешіліктен ада емес. Ол Жүсіпке «демала 
бер» дегенде байыз тауып отыра алмады. Жігіттерінің біріне 
қоңырау  соғып,  Мырзаның  үйінде  кім  бар,  кім  жоқтығын 
анықтауды  тапсырды.  Мырза  мен  Қарабайдың  үйінің  ара-
қашықтығы  бір  шақырымдай  болатын.  Зауыт  басшылары 
Мырзаға  бұрын  салынған,  Қарабайға  кейін  салынған  үй-
лерден  берген.  Қарабай  телефоннан  əйелдердің  қазір  ғана 
бір жаққа кеткенін естіді. Дереу Жүсіпті ертіп ап, Мырзаның 
үйіне тура кіріп келген еді.
«Мен енді Мөлдірді жөніне қоя бермеймін де, қайта ал-
маймын да, – деп ойлады Қарабай. Бұл оның бір байламға 
келгені  еді. – Ол  Мырзаның  үйінде  тұра  береді.  Көңіл  қа-
лағанда барып тұрамын. Көнбесе, шыбын жанын көзіне көр-
сетемін. Бағзы заманда əйелі қиянат қылғанын сезген еркек 
басқа əйел алып, алғашқысын күң етіп қоятын болған. Мен 
де сөйтемін».
Қарабай мен Жүсіп көрші қаладағы қонақүйлердің бірін-
де екі ай жатып, үйге қайтуға бел байлады.

149
* * *
Аурухана.  Мөлдір  ақ  желең  жамылып,  Асқар  жатқан 
палатаға кірді. Палатада Асқардың жалғыз өзі. Қасындағылар 
аулаға  шығып  кеткен.  Ол  апасын  көріп,  басын  көтерді. 
Мөлдір  жылап  жіберуге  шақ  қалды.  Өйткені,  алты  жасар 
баланың  жанары  тұрмыс  тауқыметін  көп  тартқан  шалдың 
жанарынан да мұңды көрінетін.
–  Балам,  жағдайың  жақсы  ма? – Мөлдір  оның  жанына 
отырып, басынан сипады. 
Ол «иə» дегендей басын изеді.
– Сен əлі тəуір боп кетесің, балам. Дəрігерлер жақсылап 
емделсе, сауығып кетеді деп жатыр. Нəзира апаң да қайтыс 
болды.  Ақтық  демін  аларда  сенің  атыңды  айтты.  Бірдеңе 
айтпақшы болды, шамасы. Бірақ, айта алмады.
Нəзира апасының өлгенін естіген баланың түріне қараған 
адам  шошып  кетер  еді.  Жұдырығын  түйіп  алған.  Көзінде 
мейірімсіз ұшқын сəулеленіп тұр. Дұшпанға қарсы ат қойған 
батырдай қаһарлы. 
«Үйге барған соң Мырза ағамды кім өлтіргенін альбом-
дағы суреттен көрсетіп беремін, – деген ой келді оның ба-
сына. – Жоқ, өйтсем болмайды, – өз ойына өзі қарсы шық-
ты. – Қашан болса да, қанішерлерді өзім өлтіруге тиіспін!».
–  Мен  үйге  қайтайын,  балам.  Саған  тамақ  əкелдім,  жеп 
ал, аурухананың тамағы тамақ бола ма?..
Мөлдір  үйіне  келіп,  шай  ішіп  отырған.  Есік  ашылып, 
рұқсат  сұрамастан  ішке  еніп  келе  жатқан  бір  кісіні  көрді. 
Күйеуі Қарабай екен. Орнынан тұрып, оған қарсы жүрді. 
–  Танымай  қалдың  ба,  Мөлдір?  Мен  ғой  бұл.  Көрші 
қаладан жаңа ғана келдім. Достарымыздың қайтыс болғанын 
естіп,  үйде  отыруға  дəтім  жетпеді.  Тура  келе  бердім.  Ал-
дынан жарылқасын! Өмір деген осы. Біреу ерте, біреу кеш 
кетеді. Мырзаны өлтіріп кеткен дей ме?
– Иə. Нəзира екеуміз моншаға кеткен едік. Үйге келген-
де  сұмдық  жағдайдың  үстінен  түстік.  Асқар  қорыққаны-
нан сөйлей алмай қалды, – кемсеңдеді ол. – Ауруханада жа-
тыр.
– Бəрінен де балаға қиын болған екен. Өздеріңмен бірге 
ала кетсеңдер болады ғой!
Мөлдір үндемеді.

150
Қарабай дөрекілеу сөйлеп жібергенін аңғарып, марқұмдар 
жайлы кісінің жүрегін елжіретіп, жанарына жас тұндыратын 
сөздер айтты. 
Екеуі əңгімелесіп отырып шай ішті.
Қарабай жаттап алған сөздерін қарша боратты:
– Мөлдір, өмір деген зырлап өте шығады. Мен көп ойла-
нып, қазіргі жүрісіме лағнет айттым. Ғашық боп қосылдық. 
Менің  ақымақтығымның  кесірінен  сен  сергелдеңге  түстің. 
Баламыз да қор болды. Енді қайта табыспасақ болмас. Ке-
шіре алсаң, кешір!
Қашанда əйел көңілі бос қой. Мөлдір күлімдеп келіскен 
сыңай танытты.
– Мен көрші қалада жұмысқа тұрдым. Он бес күн істеп, 
он бес күн демаламыз. Фирманың жұмысы. 
–  Бала-шағаны  асырайтын  ақша  берсе  болды  емес  пе, 
қайда жұмыс істесең де...
Ертеңіне азанда Қарабай тағы түлкібұлаңға салды:
–  Ал,  мен  кеттім,  Мөлдір.  Ауылдарға  барып,  жұмыста 
қалған жігіттердің беріп жіберген ақшаларын отбасына та-
быстаймын.  Екі  күнсіз  қайтпайтын  шығармын.  Айтпақшы, 
кеше Асқардан хабар алдым. Ұйықтап жатқан екен.
– Барсаң, бара ғой.
Мөлдір өте көңілді еді. Үй сыпырып, қазан-табақты жу-
ған соң жұмысқа жол алды: «Айдың он бесі қараңғы болса, 
он  бесі  жарық»  деген  дұрыс  екен-ау.  Күні  кеше  ғана  тыл-
сым  кеңістікте  шарықтап  жүрген  бақыт  құсына  талпынып, 
тіпті оның барлығына сеніп-сенбей, бар болса да менің ба-
сыма қонуына күмəнданып жүрген едім. Енді бəрі оңалатын 
шығар. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң».
Айналадағылар  түгел  мейіріммен  қарап  тұрған  тəрізді. 
Адамға көп нəрсе керек емес екен-ау! Болмашыға ренжісе, 
болмашы  нəрсеге  қуанып,  жадырап  сала  береді.  Кеше 
көңілсіз көрінген дүниеде бүгін өмір сүру рахат сияқты. Өмір 
неткен сұлу! Əсіресе, шаттық жұлдызы көңілге сəулесін ша-
шып тұрса...

151
* * *
Қарабай негізінде алыстағы ауылдарға емес, оң жақтағы 
көрші қалаға кеткен болатын. Егер ол жақтағы жігіттермен 
мəмілеге келе алса, əрекет ететін аумақ кеңейетін еді.
Жүсіп жалғыз қалды. Түннің бір уағына дейін теледидар 
көрді.  Магнитофон  тыңдаған  болды.  Теледидар  да,  магни-
тофон да оның көңілін қош қыла алмады. Қиялына Мөлдір 
сап ете қалды. Кеше түнде Қарабайдың ол жерге барғанынан 
бейхабар.
«Үйінде жалғыз шығар. Баласы ауруханада. Бүгін қайтсем 
де, оны бауырыма басуым керек. – Орнынан секіріп тұрып, 
Мөлдірдің үйіне қарай тартты, – Бір қолға түсірсем, қалаған 
кезімде  шаруамды  тындырып  жүре  беремін.  Дəл  осындай 
сəтті күн келе қоймас».
Ол Мөлдірдің үйінің қасына барғанда айналаға қою түн 
шөккен еді. Барша жұрт шырт ұйқыда. Есікті ақырын тар-
тып көрді. Іштен ілінген екен. Терезе жаққа өтті. Терезенің 
көздері үлкен екен. Қалтасынан пышақ шығарып, əйнекті 
ұстап  тұрған  шегелерді  түртіп-түртіп  қисайта  бастады. 
Жан-жағына  көз  тастап  қоюды  да  ұмытпады.  Бір  кез-
де  терезенің  көзі  алынды.  Əйнекті  ақырын  жерге  қойып, 
ішке кірді. Кірген бөлмеде ешкім жоқ екен. Есікті қиялата 
ашып қарады. Келесі бөлмеде шам жанып тұр. Есіктен əсте 
сығалап,  үстіндегі  көрпесі  ысырылып  түсіп,  жамылғысыз 
жатқан  Мөлдірді  көрді.  Ол  əйелдің  жалаңаш  аппақ  бал-
тырларына,  ішкөйлекті  жыртып  жіберердей  томпайып 
тұрған  қос  анарына  көзі  түскенде  естен  танып  қала  жаз-
дады.  Жүсіп  азғана  тұрып,  өзін  қолға  алды  да,  шешіне 
бастады.  Сосын  абайлап  Мөлдірдің  ішкиімін  сыпырып 
алды. Ол шырт ұйқыда жатқандықтан сезбеді. Мөлдір түс 
көріп  жатқан  болатын:  Қарабай  оны  мыжғылап  жатыр, 
мыжғылап  жатыр.  Ол  да  Қарабайды  аймалауда.  Бір  кезде 
оянып кеткенін байқамай қалды. Түс дегені өңінде болып 
жатқан  тəрізді.  Расында  да  оны  біреу  мыжғылап  жатыр. 
«Қарабай»  деп  үстіндегі  адамның  шашын  сипауға  оқтала 
бергенде Жүсіпке көзі түсті. Құмарлық сезімі құстай ұшты 
да кетті. Денесі тітіркеніп, оны үстінен лақтырып жіберуге 
тырысты. Бірақ, ол кешіккен болатын. Қарсыласуға шама-
сы жетпеді...

152
Таңғы  алтыларда  Жүсіп  оған  ешкімге  айтпауды  бұйы-
рып, шығып кетті.
* * *
Асқар көзін жұмып алып, қиял сүріп жатқан. Апасы келді. 
– Киімдеріңді ки, балам, үйге кетеміз. Бір-екі апта демала-
сың.  Сосын  сені  облыс  орталығына  апарып,  емдетеміз. 
Айтпақшы, əкең келді. Енді бізбен тұрады. Сені де, мені де 
ұрмайды.
Асқардың түрі өзгеріп кетті: «Демек, екеуі қайта қосыл-
ған.  Апам  оның  біреумен  келіп,  Мырза  ағамды  өлтіргенін 
білмейді ғой. Білмегені де жақсы. Менің оны өлтіруім оңай 
болады».
Олар  ауруханадан  шығып,  таксимен  үйге  келді.  Мөлдір 
есікті ашып, Асқарды ішке кіргізген соң былай деді:
–  Мына  диванда  жата  тұр,  балам.  Мен  базарға  барып, 
анау-мынау  əкелейін.  Газбен  ойнаушы  болма.  Қазір  əкең 
келеді. Есік ашық тұра берсін.
Көрші  қаладан  үйіне  келіп,  сапарының  сəтті  болғанын 
жуып отырған Қарабай Жүсіпке:
–  Мөлдір  жаққа  барып,  қалғанын  сол  жерде  жалғасты-
рамыз. Бүгін ол баланы ауруханадан шығарады.
Мөлдірдің атын естігенде селк ете қалған Жүсіп «баланы 
да өлтіреміз бе?» деп сұрады. 
– Жоқ. Ол бəрібір ешкімге айта алмайды. Əшейін отыра-
мыз.
Жүсіп лажсыз Қарабайға ерді.
Олар  үйге  кіргенде  Асқар  өз  бөлмесінде  жатқан.  Ашық 
есіктен ағасымен біреудің келгенін көріп, өзін ұйықтағанға 
салды. 
Келген  екеу  Мөлдірді  таппаған  соң  асханада  отырып, 
əкелген арағын іше бастады. Біршама уақыт өтіп, олардың 
сөйлегендері  естілмей  қалғасын,  ақырын  қараған  Асқар 
екеуінің  де  мас  боп,  қорылдап  жатқанын  көрді.  Əкесінің 
қасындағы  адамның  сол  қанішер  екенін  білді.  Ол  дыбыс 
шығармай барып, газдың барлық құлағын ашты. Содан соң 
сіріңкені  қалтасына  салып,  есікті  жауып,  далаға  шығып 
кетті. Алысқа кетпей, есік алдында едірейіп тұрды. Біраздан 

153
соң  қалтасынан  сіріңкені  алып,  есік  алдында  жатқан  ескі 
матаны тұтандырды. Оны қолына ұстап, жүгіріп кеп есікті 
ашты да, ішке лақтырды. Газға толып қалған асхана лап ете 
қалды. Қарабай өзінің жауыз досымен бірге түсінде көрген 
қақпаға,  о  дүниенің  қақпасына  еніп  бара  жатқанын  сезбей 
қалды.  Асқар  сыртқа  шығып,  жүгіріп  бара  жатқан  сəтте 
күшті жарылыс боп, үйдің шатыры опырылып түсті. Шаң-
тозаң  аралас  көк  түтін  бықсып  тұрды  да,  қайта  лапылда-
ды.  Көшеге  көршілер  өре  шықты.  Асқар  артына  бұрылып, 
өртеніп жатқан үйдің қирандысына қарап, сақ-сақ күлді де, 
шығына қашты...

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет