Бағдарламасы бойынша шығарылды Өмір Кәріпұлының бұл жазбасы қаламгерлік ізденісі мен



Pdf көрінісі
бет62/77
Дата07.04.2022
өлшемі3,83 Mb.
#30285
түріБағдарламасы
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   77
Байланысты:
Tuqyr

Көңіл айту 
Ата-бабаларымыз көңіл айтудың өзін тәрбие-тәлімге 
негіздеген. Әр сөзіне салмақ түсіріп,  қаралы шаңыраққа 
жиылған үлкен-кішіге сөзін арнаған. Көңіл айтудың бір ізге 
түскен нұсқасы болмақшы емес. Сәби шетінесе «шапағатшы 
болсын!» деп жатады. Діни  ұғымда о дүниелік сәби  қиямет-
қайымда ата-анасына болысып, күнәсін жеңілдетуге жәрдемші 
болады делінеді. Сәбиінен айырылған ата-анаға «Төлеуі тез 
болсын» деп жұбаныш сөзбен тоқтам айтылады. Жас өркеннің 
көктей солуы ата-анаға оңайға түспейді. Әсіресе, ананың  қай-
ғысын жеңілдету  қиынның киыны. Баласы шетінеп аңыраған 
анаға әулеттің үлкені зекіріп тастайтын еді. «Төлеуі тез болсы-
нға» тоқтамағаны жаман ырымның нышаны саналған. Не се-
бептен? Өмірде дәлелденген жағдай.  Қатты  қайғыру  қаралы 
жанды денсаулықтан айырады. Әсіресе, өркен жаятын жас 
әйел үшін  қауіпті. Келешекте бала көтермей кетуі мүмкін. Сол 
себепті ақ сақалды  қариялар мен ақ жаулықты әжелер сәбиі 
шетінеген жас келіншектерге: «Қарағым, көп жылай берме. 
Аллаға  қарсылық жасама. Бауырың  қатып кетеді», - деп жұба-
ту айтып жатады. «Бауырың  қатып кетеді» дегені — денсау-
лығы нашарлап, бала көтере алмай  қалмасың деп сақтандырға-
ны. Бауыры қатып кеткен әйелді де көрдік. 
Қаза әр  қилы жағдайда килігеді. Төрелеп немесе төтендеп 
келетіні болады. Біреулер  қиын жағдайда көз жұмады. Әке 
өлсе, артындағы бала-шағасына ауыртпалықтың төнгені. 
Ағаның  қазасы бауырына ауыр соғады. Халықтың зердесі 
зейінді, жас  ұрпаққа  ұқтыратын тәлімін негізсіз айта салмай-
ды. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дегеннің мәні тіптен терең-
20-2628 
305 


де жатыр.  Қазаның арты тыншу болғанын тілегені. Көп жаса-
ған көнелер көз жұмарда бала-шағасына «артымды шулатпаң-
дар» деп өсиет қалдырады. 
Біреу кісі қолынан қаза табады. Енді біреулер кісі  қарызын 
арқалап кетеді. Ондай  қазаның ақыры жақын-жуықтарын сер-
гелдеңге салып  қоюы кәдік. Аңғарлы жандар мұндай  қазаға 
жалпылама көңіл айтумен  қатар, «арты  қырсықсыз болсынды» 
қосарлайды. Кісі өлгенде жылап-сықтаудың, дауыс салудың, 
көрісудің халықта  қалыптасқан тәртібі бар. Торқалы тойды 
былай  қойғанда, топырақты өлімнің ондаған рәсімдері, кәде-
жоралғысы жетіп-артылады. 
Ана  қазасына айтылатын тоқтам салмақты келуге тиісті. 
Әкенің дүниеден өткені — асқар таудың  құлағанымен тең. 
Ананың көз жұмғаны бала үшін ағын судың тоқтағанымен 
бірдей. Көңіл айтудың керек жері осы тұс. «Әкең заңғарың еді. 
Артының берекесін берсін. Жасамаған жасын, көре алмай кет-
кен  қызығын енді сендерге бұйыртсын. Әкелерің әке-ақ еді. 
Сендерді итше тістеп жүріп жеткізді. Аузын ашса көмейі 
көрінетін аңқылдақ акқөңіл еді-ау!» 
Көңіл айтуда марқұмның адамгершілік  қасиеттері де сөзге 
тұздық болады.  Қариялар «Жылаңдар,  құдайдан сендерді неге 
тіледі дейсің?» деп  қаралы шаңырақтың үйелмендеріне міндет 
жүктеп жатады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, көңіл айту-
дың белгілі бір ізге түскен жаттанды нұсқасы»жоқ.  Қаза 
үстінде сөзуарлық ерсілікке жатады. Әйткенмен, ділмар ше-
шендер мен ақындарға жол ашық. Көңіл айту уытты сөзбен 
көмкерілсе, мағыналы да мазмұнды болса,  ұрпақтан  ұрпаққа 
жетіп, ел аузында жүреді. Арғын, одан Мейрамсопы, одан 
Қаракесек, одан Бошан, одан Машай, одан ... Кәрсен... одан 
Аралбай... одан Нұрбай... одан Сарбас, одан Райымқұл, Бо-
ранқұл туады. Сарыбас Мойынты болысын он сегіз жыл басқ-
арған. Оның баласы Райымқұл да әкесінің жолын  қуып, ел 
билігіне араласқан. Ірі бай болған. Райымқұлдың інісі Бо-
ранқұл жігіттің жолбарысы атанған жүректі азамат болыпты. 
Қолына  қырық жігіт  ұстанған. Кезінде ақтар  қашып,  қызыл-
дар  қуған (1917-20 ж.) дүрбелең  қазақ ауылдарының ту-тала-
қайын шығарды.  Қарсылық көрсеткен жігіттерді атып,  қыз-
келіншектерді зорлап, жылқыларын айдай жөнелді. Әсіресе, 
менің балалық шағым өткен Бетпақдаламен шектес ауылдар 
бордай тозып кеткен-ді. 
Міне, осындай әділетсіздікке төзе алмай, соңына  қарулы 
жасақ ертіп жүру өмірлік  қажеттіліктен туындаған еді. Бо-
ранқұл — қайшылықты тұлға. Сойылшыл, барымташы деп жа-
306 
ғымсыз жағынан көрсетіледі. Боранқұл «қызылдарға» да көп 
қарсылық көрсеткен.  Қасындағы сарбаздары  қызылдардың 
қысымына шыдамай, тозғындап кетеді де, ол жалғыз өзі  қала-
ды.  Қарқаралы уезінен арнайы жазалау отряды шығып, дала 
көкжалы атанған Боранқұлды  қолға түсірмекші болғанда, 
жайсыз хабарды естіп  қалған Боранқұл «қызылдардың»  қолы-
на түскенді корлық көріп, у ішіп жіберген. Боранқұл жігіттің 
перісі екен. Келісті, кесек пішінді, уытты азамат болса керек. 
Тіршілігінде жан баласынан беті  қайтпаған. Мырзалығы да ел-
ден асыпты. Кедей-кепшікке енші үлестіріп, жомарттығымен 
танылған. Арманда өткен асыл азаматты төңірегіндегі ел-
жұртты  қатты жоқтаған. Боранқұлдың  қазасына келген адам-
дардан жер  қайысыпты.  Қаракесектің Түйтесіне жататын, 
оның ішінде Майқыдан тарайтын Әлтеке, Сарымнан шыққан 
Тәшен ақын Боранқұлдың ағасы Райымқұлға: 
— Е, шырағым Райжан, не болса да  құдайдан. Патша бол-
ған мәнділер де өткен, билік  құрған  қазылар да өткен, 
кереметті перілер де өткен. Бай мен жарлы да өткен. Жақсы 
мен арлы да өткен. Арманы көп зарлы да өткен. Өткен 
өміріміздің бақи жолы ізгі болсын. Әзиз рухы нұрға толсын. 
Қайғыларыңызға ғайыптың  құсы  қонсын. 
Ел сүйсінген туысына, 
Жақсы сыйған уысына. 
Естіген жан риза болған, 
Осы қылған жұмысына. 
Хан базарда нарқы асқан, 
Нұр сипаты тасқан. 
Орыс-қазақ бас қосса, 
Таразысы басқан. 
Абылайдай атты болған, 
Әр жұмысы сәтті болған. 
Дұшпанына қаһары қатты болған, 
Досына балдай тәтті болған. 
Дүниеге мырза болған, 
Дос-дұшпаны ырза болған. 
Берсе қолы ашық, 
Алса жолы ашық. 
Жақсыларға жанасып, 
Нашарларға қарасып, 
Аш-арыққа дем берген. 
Аз бен көпті теңгерген. 
Ақыл-қайраты тең келген. 
Алтын менен күмістей, 
307 


Қалайыға өң берген. 
Қап тауындай жуандап, 
Қайырып мойынын өңгерген. 
Жақсылардан тәлім алған, 
Үш жүзден алым алған. 
Өз еркімен салық алған. 
Қойдай ықтырған, 
Қояндай бұқтырған. 
Жалындай шарпыған, 
Киіздей  қарпыған. 
Бермейтұғын сараңды 
Қорғасындай балқытқан. 
Есебін тауып енші алған, 
Алтай менен Қарпықтан. 
Сасқанға сабыр болған, 
Қорыққанға қорған болған. 
Ашқа азық болған, 
Ауғанға қазық болған. 
Адымы алыс болған, 
Азуы қарыс болған. 
Үш жүздің баласына, 
Өнерімен таныс болған. 
Бетінен қайтпаған, 
Ешкім кейін тұр деп айтпаған.» 
Екі жүзді наркескен. 
Келер жауға сақтаған. 
Қаруы сай орыс та, 
Жеме-жемде батпаған. 
Нөкер жиып қасына, 
Жүз тұлпарды баптаған. 
Сені ме деп келсе де, 
Орыс-қазақ батпаған. 
Сыналар күн болғанда, 
Айлық жолды аттаған. 
Әйнекті кескен ақ болат, 
Қын түбінде жатпаған. 
Ниеті бірге жолдасын, 
Дүниеге сатпаған. 
Қарсы тұрып қасқарған, 
Халқының жолын басқарған. 
Айтқан жерден табылған. 
Қайратын халқы сағынған. 
Дұшпаны келсе, 
308 
Жауар бұлттай жабылған. 
Досы келсе, 
сый-сияпатпен шабылған. 
Жақсыларға жар болған, 
Не тілесе бар болған. 
Кемтарларға нәр болған. 
Қайырлы болсын өткен Ер, 
Мұратына жеткен ер. 
Қара жерден басқадан, 
Қауіп қылмай өткен ер, — 
деп көңіл айтқан екен. Бұл көңіл айту мағыналы да мазмұнды. 
Көркемдігімен тіл үйіреді. Әсерлі сөз кестесімен тәнті етеді. 
«Алтын менен күмістей,  қалайыға өң берген» деген теңеудің 
көркемдігінде  қапы жоқ. «Жалындай шарпыған, киіздей  қар-
пыған» деп келетін бейнелі сөз тіптен соны. Заманында дұшпа-
нынан беті  қайтпаған Боранқұлдай ердің мінез-құлқына, 
тұлғасына лайықты жолдар. 
...Жақсылардан тәлім алған, 
Үш жүзден алым алған, 
Өз еркімен салық алған, — 
деп келетін жолдарға бүгінгілер түсіне қоймайды. Әдетте көңіл 
айту астарлы келеді, о дүниелік марқұмның шалыс  қадамын, 
тіршіліктегі артық-ауыс істерін бадырайтып айта  қоймайды. 
Бейнелі сөзбен астарлап өрнектейді. Боранқұлдың бір қыры — 
барымташылығы. Кім бай, өзі және түпсіз сараң, шық бермес 
шығайбай атанса, жігіттерін сондайларға аттандырады екен. 
Көңіл айтудағы: «Бермейтұғын сараңды  қорғасындай балқыт-
қан» дегеннің себебін астарлап, бейнелі тілмен жеткізген. Са-
раң адам оңайлықпен  қорғасынша балқымайды. Ондайларды 
тәубесіне келтірген Боранқұлдың тізесі. 
Барымта —  ұрлықтың ашық түрі. Сылатуы бар, сендердің 
ұрыларың бізден де мал алған.  Қайтарым-жазаға жатады. Де-
генмен, «Сілтеген шоқпар сорлыға тиедінің» керімен, кедейдің 
көк шолағы да кетеді ұрланған малдың ішінде.  Қарымта — зор-
лық, күштінің кеудемсоқтығы. Соны көңіл айтушы Тәшен 
ақын бүркемелейді. «Үш жүзден алым алған, өз еркімен салық 
алғанға» жатқызады Боранқұлдың  қиянатын. Көңіл айту жай 
ғана көңіл аулауға жатса, оның тәрбиелік мәні кемшін соғады. 
Сол себептен, ата-бабаларымыз аузынан шыққан әр сөзге ас-
тармен салмақ түсірген. Осы көңіл айтудың әр жолы ғибратқа 
толы. «Ниеті бірге жолдасын, дүниеге сатпаған!»  Қандай 
әсерлі! Досына опалы азаматқа арналған мінездеу. Бүгінгі бай-
309 


шыкештер достасса жан-тәні  қалмайды, ауысқан ақша үшін 
жеме-жемде бір-бірін оққа байлайды. Тағы да оқып көрелік. 
«Қарсы тұрып  қасқарған» Кімге  қарсы тұрған? Дұшпанына! 
Боранқұлдай азаматын халқы сағынады екен. Нендей  қызметі 
үшін? Себебі ондай азаматтар: «Халқының жолын басқарған. 
Айтқан жерден табылған. Дұшпанына жауар бұлттай түнеріп, 
досына сый-сияпатпен шабылады» екен. 
«Қайратын халқы сағынған» нелер жампоздар өтпеді ме 
сырт дүшпанмен арпалыста. Орыс отаршылдарымен  қидалас-
қан  қ аза қ ты ң соңғы ханы Кенесары ханның бас батыры 
ақжолтай Ағыбайдың ерлігін фашистермен соғыста  қайтала-
ған халық  қаһарманы Бауыржан Момышұлының, сексен алты-
ның дүрбелеңінде тоталитарлық режимге  қасқайып  қарсы 
шыққан  Қайрат Рысқұлбековтің «Қайратын халқы сағынатын» 
еңіреп өткен ерлер емес пе?! 
Көңіл айтуда марқұмды асыра бағалау бола береді. Кейінгі 
жас буынға тәрбиелік ғибраты жұғысса, артық-ауыс мінездеудің 
зияны жоқ. Дала бөрісіне арналған көңіл айтуда да артық 
мінездеу баршылық. Десек те, кейінгілер үлгі алатын тұстары да 
жетерлік. Біз бұл көңіл айту үлгісін заманында дала көкжалы 
атанған сойылшыл Боранқұлдың іс-әрекетін кейінгі ізбасар 
ұрпаққа үлгі ету үшін келтіріп отырған жоқпыз. Мақсат — көңіл 
айту жорасының тәрбиелік мәніне өсер жасты иландыру. Бұдан 
басқа да көңіл айту үлгілері жетерлік. Сондай ғибратты 
тәмсілдерді жас  ұрпақтың  құлағына жеткізу бөстекі сөзге санал-
маса керек. Халықтық педагогиканың сабағына сыйымды келетін 
тұстары баршылық. 
Көрісу 
Жақыны дүниеден озған бүтін әулет  қаралы.  Қаралы жан-
дар  қара жамылады. Ескілікті рәсім бойынша, жақыны өлген-
дер жаман-жұман өңі оңған киім кие салады. Жайшылықтағы 
сырбаздығын, тыраштығын көрсетпейді. Шын  қайғылының 
кейпіне еніп, сыртын сындырған бақырана бейнеде ішін нала-
мұңға толтырады. Жылап-сықтау о дүниелік марқұмның беті 
жабылып, оң жаққа  қойылғаннан басталады. Оң жақ, 
бүгінгіше айтқанда, мәйітті уақытша сақтайтын орын. Ауруха-
нада мәйітті сақтайтын орынды мүрдехана дейді. Үйде арнайы 
бөлме  қарастырылады. Ерте кезеңдерде өліктің денесі киіз 
үйде ши тұтылып сақталған. Тілімізде «шиден тысқары» деген 
тіркес бар. «Өлмей тірі (шиден тысқары болсам) жүрсем, бұл 
жақсылығыңды бір өтермін» деп жатады біреуге біреу. 
310 
Қазаға ортақтасқандар марқұмның бала-шағасы, туған-ту-
ыстарымен көріседі. Көрісу бүгінде үнсіз  қауышып жылаумен 
тынатын болды. Дауыс шығарып жоқтау  қазақ ғұрпында  қаза-
ның сәні саналған. Әдетте,  қазалы шаңыраққа  қазалы ауылға 
ат  қойып (атпен шапқылап) «ой, бауырымдап!» келген. Еркек 
болсын, әйел болсын,  қаралы үйге кірерде «бауырымдап» дау-
ыс айтуға тиісті. Бұл ғұрып бүгінде еуропаланып барады. 
Өлген адамды үнсіз жылаумен шығарып салатынды шығардық. 
Үйге бас сұққандар жыласып-сықтасып болған соң, егделеу 
бір кісі  қаралы жандарды сабырға шақырады: «Тұяғы бүтін 
тұлпар жоқ,  қанаты бүтін сұңқар жоқ. Алды жарық болсын 
марқұмның. Көрмеген көшесінен жарылқасын. Жаратқан ие 
артында  қалган  ұрпағына ғұмыр бергей. Өлместі тәңірі жарат-
паған. Иманы жолдас болсын пақырдың». 
Дауыс айтып, өлгенді жоқтаудың өзіндік тәртібі болады. 
Жақыны өлгендер азан-қазан болып, бей-берекет жылай бер-
меуге тиісті. Жоқтауды бірі бастаса, басқалары үнсіз отырады. 
Кезектесіп дауыс шығарып: «Орайын деген егінін ора алмай 
кеткен,  қарағым. Көрейін деғен жарығын, көре алмай кеткен, 
қарағым», - деп анасы аңыраса, марқұмның жары немесе 
қарындасы: 
Айдай анық ажарлым, 
Ду-думанды базарлым. 
Биіктеп ұшкан сұңқар ең, 
Қанатыңнан  қайрылып, 
Қараңғыға қамалдың!» — 
деп аһ  ұрады. Жаттанды жоқтаудың да ерсілігі жоқ.  Қарабай-
ыр сөздермен жоқтауды жалғастырса да сөкеттік емес. Ең жа-
маны, кісі өлгенде артында жылап-сықтап жоқтайтын жана-
шырының болмағаны. Жоқтаушысы бола тұра, бүгінде технок-
раттық астамдыққа салынып, дауыс салып жылауды ар 
көретіндер  ұлттық ғұрпымызға көлеңке түсіріп, өсер жасты 
мұңнан айырып, жастар тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. 
Бүгінгінің адамдары  қатыгез, мейірімсіз, суық бауыр деп 
үстірттеу баға беріп жатамыз. Және оның салдарын батыстан 
кеп жеткен ақпарат тасқынынан (телесериал, музыка, газет-
журнал, ғаламтор) көреміз.Өз ішімізде де бар кері насихат. 
Кісі өлгенде дауыс шығарып жылайтын дағды Жезқазған 
өңірінде сақталған. Осы бір үрдісті өшіріп алмаған жөн. Егде 
әйелдер үздік-создық дауыс  қойғанда, марқұмның келін-
кепшіктері дөңгелене отыра  қалып жоқтауды жалғастырады. 
Көп созбай,  қысқа  қайырады. Сондайда  қазақы тәрбие көрген 
311 


жастарға, өлікті жөнелтуге басшылық жасаған әулеттің бас 
иесіне алғыс-рахметінді іштей білдіріп, көзіңе жас үйіресің. 
Қазада көзіне жас алмайтындар да бар. Исламда «өлгенге жы-
лама» деген тыйым бар. Ол неден шыққан? Әйел заты күйрек 
үгітілме келеді. Кейбір жандар Аллаға  қарсылық жасап «ой-
бай,  құдай, ненді алдымдап» байбаламдайды. Сондайға тыйым 
болсын дегеннен шыққан «өлгенге жыламаңдардың» мәнісі. 
Саналы түрде дауыс шығарып жылағанның еш айыбы жоқ 
қазақ ғұрпында. Діндарлар да оған тыйым сала алмайды. Он-
дай бірәдарлық күпірлікке жатады. 
Қазақ халқы мейлінше бауырмал. Бауырмалдық  ұлтымыз-
дың мінезі іспетті. Өлікті азалау, марқұмды жер  қойнына тап-
сыру,  қазаның артын күтіп жетісін,  қырқын беру — өлік 
жөнелтудің сандаған тәртібі — бәрі-бәрі ұрпақ тәрбиесіне қыз-
мет етегін өнегелі салт. Дүниенің, ғұмыр-тіршіліктің жалған-
дығын бала жас күнінен көріп, санасына сіңіре беруге тиісті. 
«Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деген тәмсіл тегін 
айтылмаған. Жылаудың өзі адамның жүрегін жұмсартып, оны 
мейірімділікке бір табан жақындата түседі екен. «Адам баласы 
қайғы мен мұңнан айырылған жерде, бәрінен де айырылады» 
деген тәмсіл бар. 
Халық — сыншы. Жақыны өліп жатқанда шындап қайғыр-
майтын, туыс-туғанға мейірімі жоқтарды «бітеу көкірек» деп 
таңбалайды. Жылау былай тұрсын,  қазаға ортақтасып, ет жа-
қын туысының  қабіріне бір уыс топырақ салуды сөкет 
көретіндер шықса не болғаны?! Өлік шыққан шаңырақтан 
сырттап безе  қашатындарға зауал бар. Бүгінгінің адамдары 
«жылап-сықтау неге керек, жылағанмен бәрі бір тірілмейді» 
деп өзінше білгішсінеді.  Қатыгездік нақ осыдан басталады. 
Қазаның салмағы  қаралы шаңырақ иелеріне түседі. Бәрі 
бірдей отырып алып бей-берекет жылай берген ерсілікке жата-
ды. Жылап-сықтаудың, жоқтаудың өзіндік ығыты болады. 
Әкелеріміз айтып отыратын: «Мен өлгенде осы келінім, осы 
қарындасым жоқтайтын шығар-ау», — деп. Мен әкем мен 
шешемнің жалғызымын. Шешем Елеусізқызы Дәметкен (1900-
1970 жж.) сүлеленіп бір жылдай ауырды. Алдын ала дайындық 
жасадық. Жоқтау жазып  қойдым. Шешем өсиет еткен еді. 
«Ақын атың бар ғой, мен өлгенде өлеңмен жоқта» деп. 
Екпіндеп жүйткіп ағатын, Шөлейтке олжа салатын, 
Қан тамырдай жалғаған, Ой мен қырдың арасын. 
Шөлдесем мейір қандырған, Өзендей болған - Анашым! 
Ғибрат ал деп тектіден, Жалғаған жолды естімен. 
312 
Пәлеқорды нұсқаған, Аулақ жүр деп кектіден. 
Жыртығымды жамаған, Сетінесем тепшіген. 
Тебендей болған — Анашым! 
Намысымды шыңдаған, Асылды нұсқап құндаған. 
Баянсыздан сырттаған, Кісіге опа қылмаған. 
Жұғыстырған қайсарға, Майысқанда сынбаған. 
Сұғанаққа ит қосқан, Асылымды жырғаған. 
Қызғыштай болған - Анашым! 
Досымды қолдап тәк тұрған, Қасымды жасқап шеп құрған. 
Жолымдағы кесекті, Сүрінерсің деп лақтырған. 
Көре алмастың күңкілін, Өрлікпен жасқап сап кылған. 
Табиғат сырын тап басып, Сақтандырған тасқыннан 
Талайды сөзбен талдырған, Аяқтан шалып қас қылған. 
Құрыштай болған - Анашым! 
Өсірдің бұла жастай нақ, Жегіздің балдай ақ қаймақ. 
Өзгенің асы жақпай қап, Үкілеп міндім ақ тайлақ. 
Тау мен дала достай нақ, «Анашым» деп ән салдым, 
Ақтайлақты қақпайлап. Түлкіден ішік кигіздің, 
Жұпарын септің гүлгүлдің. Аралаттың ой-қырды, 
Тыңдатып үнін бұлбұлдың. Нағашың шоң еді деп, 
Шетінен мақтап дүр қылдың. Ертегіге қарық қып, 
Өткеннің сырын білдірдің. Ұстаздай болған, Анашым! 
Анашым еді панамыз, 
Анашым еді данамыз, 
Дегенің естен кетпейді-ау 
«Өлмесе қайда әкеміз, 
Өлмесе қайда анамыз?! 
Солар жатқан қорымға, 
Біз-дағы жайлап барамыз». 
Өзіңді қайрап бекемдеп, 
«Пәниден, балам, өтем» деп, 
Ажалды тостың сабырмен, 
Ырықсыз келген төтендеп. 
Анашымды қия алмай, 
Көзімнің жасын тыя алмай, 
Жоқтауыңды айтып отырмын. 
Бақида жаның жәннатта, 
Жәрдем болсын бір Алла-ай!.. 
Халықтың ежелгі әдебиет үлгілерінің маржаны жоқтау бо-
лып келеді. Елдің игі жақсылары, әулеттің батагөйлері дүние-
ден озғанда айтылған жоқтаулар халық жадында сақталған. 
313 


Жоқтау — адамның жүрегінен жарып шықса ғана мағыналы. 
Оған дәделді шежірелік аңыздардан табамыз. 
Найманның бір бұтағы Бағаналы руынан шыққан Санды-
байдың Ердені өзі өмір сүрген кезеңнің озғыны болған. Бес бо-
лыс Бағаналы  ұлысына билік жүргізіп, кезінде Атбасар үйезіне 
дуанбасы, шенді де шекпенді ел жуаны болған кісі. Тақымкеш, 
найзагер атанған заманында. Ерден кіндікті екен. Әйменде де-
ген баласы жастай  қайтыс болып,  қатты  қайғырған Ерденге 
атақты  қобызшы Ықылас Дүкенұлы күймен жұбату айтқан. 
Сол сарын «Ерден күйі» боп  қалған. Ерден дүниеден озғанда 
бес болыс бағаналы елі  қатты толқып, күйініпті. Жан-жаққа 
қаралы хабарды жеткізуге азашылар аттанған.  Қаралы хабар 
белгілі тілмар шешен Бозай бидің де ауылына жетіпті. Найман-
ның Елтүзер, Байназар аталарынан тарайтын Бозай Ерденнің 
оң тізесінен орын алған бас ақылгері екен. Бір жолы Ерден 
ақылман биді сынамақшы болып: «Бозеке, аспан мен жердің 
арасы  қанша?» — дегенде, Бозай: «Бір күндік» деп жауап 
беріпті. «Мына сағат не деп тұр?» - депті Ерден Омбыдан ал-
дырған шынжыр баулы сағатын көрсетіп. «Е, бұл сағат 
жерімнен  қашан  қуып шығар екен деп  қыпылдаған  қазақтың 
арты ғой», — депті Бозай би салмақты тұспалмен. Сонда Ерден 
Қуат руынан шыққан азулы бес биге  қарап: «Бозайға сөз 
кезегі тигенде сендер сөзді қойыңдар», — деген екен. 
Бозайдан Байшора, Көшен, Кәрібоз туған. Кәрібоз наркес-
кен соққан әйгілі  ұста екен. Бидің үш  ұлының ортасындағы 
қызы  Құлпынай әкесіне тартқан суырылған ақын болған. Ерден 
о дүниелік болды дегенді естісімен Бозай атқа  қонады. Жолай 
бір бұлақтың басына аялдап, ат шалдырады. «Балам, мені  ұятқа 
қалдырмайсың ба?» деп сұрағанда  Құлпынай серттей сенімді 
сөзін іркілместен айтыпты. «Кәне, ағаңды қалай жоқтайсың, бас-
та онда» дейді әкесі жігіттерге жолазыққа деп өңгерткен ісекті 
сойдырып,  қазанға салдыртқан сәтте.  Құлпынай ет піскенше 
жағы талмай, жоқтауды жалғастыра беріпті. Сонымен, бидің 
ақын  қызы  қазалы ауылдан тапжылмай, Ерденді жағы талмай 
жоқтапты. Марқұмның қырқы өткен соң, Бозай ауыл иелерінен 
рұқсат сұрайды. Ерденнің  ұлы Бименде болыс: «Бір  қарында-
сымды өз қолыммен ұзататын жағдайым бар», — деген ғой. 
Сөйтіп,  Құлпынай Ерденді үш жыл  қатарынан (біреулер 
жылы өткенше дейді) жағы талмай жоқтайды. Бүгінгі шығарған 
жоқтауы ертеңінде  қайталанбай, тыңнан өрбіп отырған. Бимен-
де болыс айтқан уәдесінде тұрып,  Құлпынайды айттырған еліне 
жасаулап өз  қолымен  ұзатыпты.  Құлпынайдың Ерден сынды 
арысты жоқтаған бүтін жыры ел есінде түгелімен қалмаған. 
314 
Бісміллә деп бастаған, 
Артық сөзді қоспаған. 
Жырыма біраз құлақ сал, 
Жиналып келген жақсы адам. 
Нағашысы ер Жәуке, 
Арғынның көшін бастаған. 
Ардақты ерден айырылдық, 
Арыстан туған жақсы адам. 
Бабасы мұның батыр ер, 
Мың-сан жаудан қашпаған. 
Арқаның туған алыбы, 
Ақылмен қол бастаған... 
Ауызекі деректерде Ерденнің өз әкесі Сандыбай да, бабасы 
Төлек те елге белгілі жау қашырған батыр болған. 
Жетпегенді жеткізген, 
Тарамыс алып таспадан. 
Қырыққа келген шағында, 
Шекпен киіп шен алған. 
Жоғарғы үлкен патшадан. 
Жақсы айғырдың құлыны еді, 
Сүрініп шұңқыр баспаған. 
Осыны айтып біз пақыр, 
Таңсәріден тұра сап, 
Бұлбұлдай боп қақсаған 
Ағайын-туған жұртымыз, 
Ескілік әдет-ғұрпымыз. 
Жоқтайды сұлтан ағасын, 
Қарындасы  Құлпы  қыз.... 
Мәселе кейінгілерге жеткен азын-аулақ жоқтауда емес, ха-
лықтың дәстүрінде. Жоқтау, көңіл айту, өлген адамның артын 
күту - пәлсапалық ойдың нәтижесі. Халықтың дәстүр-тағы-
лымның  ұрпақ тәрбиесіне тигізетін ықпалы орасан. Дамыған 
елдер саналатын Еуропа, Америка халықтары дәстүрлі  қоғам-
ды (салт-санаға негізделген) белден басып, пайда табуды 
бірінші орынға  қойып, экономиканы алға шығарып жіберген. 
Күнкөріс күйбеңіне негізделген нарықтық  қоғам халықтық 
салт-дәстүрді мәнсіздендіріп, адамдардың сан ғасырлық та-
ным-түсініктерін, өнегесін, діни рәсімдерін, салт-санасын пай-
да табудың, баюдың мақсатына мәжбүрлеп, адам санасын жа-
лаңаштап барады. 
Халықтық дәстүрде  қаралы шаңыраққа еркектердің «ой, 
315 


бауырымдап» жылап келуі жарастықты саналады. Еркектердің 
дауыс шығарып жоқтауы бауырластықтың белгісі. Бұл сөкет 
емес, жарасымды ғұрып. Тарақты Шалқар шешен  Қыдырдан 
тарайтын Меңілбайдан шыққан. Үш жүзге аты мәлім темір 
жақ Тұяқ шешенмен аталас. Шалқар мейлінше тілмар, өткір 
тілді адам болған.  Қартая келе: «Аспандағы жұлдыздай едік, 
суда жүзген құндыздай едік. Бүгінде от басына итінген құзғын-
дай болдық,  құзғындай болдық», - деп басын шайқап отырады 
екен. 
Шалқар шешеннің нағашылары  Қуандықтың Алтайына 
жататын Сайдалы руынан. Дәулеті шақтылы би біраз жыл на-
ғашыларын сағалапты. Атақты ел жуаны, жиырма жыл болыс 
болған малды-жанды Мінәсіптің аталарын былай таратады: 
Сайдалы, одан Сүгірәлі, Арыстан; Сүгірәліден Дүкенай, 
Қабай, Жабай, Әлсейіт; Арыстаннан Мамадайыр, Мамашық, 
Тоғызақ, Барқы;  Қабайдан Әліқұл, Айтқұл, Бақыбек туады. 
Айтқұлдан Үмбетей, одан Төлеміс, одан Шоңман, оцан Сайда-
лы Сары Тоқа туған.  Қазақтың күй өнеріне сүбелі үлес қосқан 
айтулы күйші Шоңманұлы Тоқа осы. Тоқаның «Төрт толғауы» 
күйдің төресі. Тоқа мінезі өте кіді адам болыпты. Домбыраны 
мақау шертіп, күйдің әрін кетіретіндірді қамшының астына 
алып сабап тастайды екен. «Қыз  қайырған» деген күйі болған. 
Бірақ ол күйі бізге  қаз-қалпында жетпеген. Дәулескер күйші 
Мұхаметжан Тілеуханов «Қыз  қайырғанды» ептеп жобалайды. 
Аталған күйге  қатысты осы жолдардың авторы «Қыз  қайыр-
ған» деген новелла жазған. 
Сайдалы руының тектісі Мінәсіп өлгенде Тоқа оны күймен 
жоқтапты. Бұл күй «Опасыз дүние» деп аталыпты. Кешегі 
кеңестік биліктің солақай содырлары кім бай болса, кім елден 
ерек озғын болса сондай жандардың тамырына балта шабуға 
жанықты емес пе. Тоқа күйші жуан атадан шыққан. Ел 
билігіне араласып болыс болғаны үшін күй мұрасы көп жыл 
бойы халыққа жетпей,  құмыққан күйінде  қалды. Сол себептен 
де, Тоқаның талай күйі кейінгі  ұрпаққа жетпей қалды. 
Хош, сонымен,  Қабайдан Бақыбек туып, Бақыбектен 
Қуандық, Есен, Ескелді, Досан,  Қосуақ,  Қоскемпір тарайды. 
Есеннен Сары, одан Бекбау, одан Мінәсіп, Тұтқыш, Көпжа-
сар, Топпас туады. Мінәсіптен Болтай, Жақып, Хасен, Оспан, 
Байыз, Мағызам туады. Мінәсіптің баласы Болтай мыңды ай-
даған бай болыпты. Әкесінің жолын  қуып ел билігіне аралас-
қан. Жаңаарқа жеріндегі Ақтау тауының бір сайы «Болтай 
кезеңі» деп аталады. Мінәсіптің  ұрпақтары Жаңаарқа атыра-
бында өсіп-өніп жатыр. 
316 
Бізге жеткен деректер бойынша Мінәсіп пайғамбар жа-
сында дүниеден озыпты. Ағайын-туысы, ауыл-аймағы марқұм-
ды оң жаққа  қойып, жаназашыларды  қарсы алған  қарбалас 
шақта: «Шалқар келе жатыр, Шалқар келеді», - деп 
дүрлігісіпті  қаралы жиын. Сайдалыға жиен болып келетін ше-
шеннен жоқтау дәметкен көпшіліктің көкейіндегісін дөп бас-
қан Шалқар аттан түсер-түспестен тақпақтай жөнеліпті. Кәрі 
құлақтардың бізге жеткізген дерегіне  қарағанда, Шалқар ше-
шен нағашысын бір бие сауым бойы жағы талғанша жоқтаған 
екен: 
Сегіз жасында асық ойнаған, Мінәсіп, 
Тоғыз жасында доп ойнаған , Мінәсіп, 
Он үшінде ой ойлаған, Мінәсіп, 
Он бесінде той тойлаған, Мінәсіп, 
Жиырмасында билік айтып дау-шарға, 
Тентектерге қой-қойлаған, Мінәсіп! 
Отызында бүркіт салған, Мінәсіп! 
Сауда жасап Үркіт барған, Мінәсіп! 
Қырык жаста мырза атанған, Мінәсіп! 
Досы тұрмақ дұшпанын ырза қылған, Мінәсіп! 
Елуінде елбасы, болыс болған, Мінәсіп! 
Еппен тартып әріден, орысты алған, Мінәсіп! 
Елу бесте ақылы жаннан асқан, Мінәсіп! 
Қисық жолдан қыңырттап оңға басқан, Мінәсіп! 
Алпысында бақиға қам жасаған, Мінәсіп! 
Алла берген ақ жанын жолға салған, Мінәсіп! 
Бұл жалғанның кызығын көріп кеткен, Мінәсіп! 
Кейінгіге ғибрат беріп кеткен, Мінәсіп! 
Атым жоқта ат берген, Мінәсіп! 
Асым жоқта ас берген, Мінәсіп! 
Қарағым Мінәсіп, шырағым Мінәсіп, 
Шөлдесем мейірімді қандырған бұлағым, Мінәсіп! 
Өрісім, жайлауым, құрағым, Мінәсіп! 
Ауырлыққа нардай болған, Мінәсіп! 
Ойнақтасам жардай болған, Мінәсіп! 
Енді кімге базынам өтеді?! 
Енді кімге сөзім жетеді?! 
Еңселегенде шығатын тауым едің, 
Сөз іздесем сылтауым, дауым едің. 
Мұңайсам сергітер сауық едің. 
Шаң басарым жауын едің. 
Сапарын оң болсын, 
Жатар жерің дөң болсын. 
317 


Балаларың өзіңдей, 
Пейілді кең болсын. 
Қарағым Мінәсіп, шырағым Мінәсіп, 
Егіздей жарасқан сыңарым, Мінәсіп, 
Иманға толсын тұрағың, Мінәсіп!.. 
Қадірдес-қимастарына ата-бабаларымыз ең мағыналы сөзін 
арнаған. Жақсысы жан тапсырып, о дүниеге бет бұрғанда, за-
мандастары келеден көз жазған нардай боздаған. От ауыз, орақ 
тілді ақындар жалған жалпышқа еш бармаған. «Айтпаса, сөздің 
атасы өледіге» басып, шындықты бетке айтқан. 
Кей жағдайда жоқтау кекесінді мағынада өрістеген. Жап-
пай емес, әрегідік айтылады. Арғынның  Қаракесек бұтағынан 
тарайтын сырт Бошанға жататын Керней руының Балтасына 
жататын Жуасбай ақыннан да сөз  қалған. Жуасбай шақпа 
тілді шайыр ақын болыпты. Жуан атадан шыққандықтан, әде-
би мұрасы шаңдақта  қалып, бізге толық жетпеген. «Жуасеке, 
өлең айтыңызшы» деп жастар жағы мазалағанда: 
Тауға барсаң шөп те көп, жыңғыл да көп, 
Жыңғыл буып алатын шылбыр да жоқ. 
Ұйықтап кетсең түсіңе қыз енеді, 
Көзіңді ашсаң қыз тұрмақ, сымбыл да жоқ, — 
» 
деп былқ еткізе салады екен. 
Жуасбай Тасболатұлы (1854-1918 жж.) ақ  қашып,  қызыл-
дар  қуған аласапыран кезеңде дүние салған. Бір байшыкеш 
дүниеден озғанда көңіл айта келген Жуасбай ақыннан жоқтау 
дәметіпті жақындары. Сонда Жуасбай іркілместен тақпақтай 
жөнеліпті. Әлгі  қайтыс болған адам  құрдасы, әйтпесе, нағашы-
сы болған сыңайлы. Бізге жеткен жоқтау тым ащы. Кейбір 
тұстарын жұмсартуға тура келді. (Кәрі  құлақ Әмет Иманбайұ-
лынан (1910-1990 жж. жазып алған едім.) Жоқтаудың екі үлгісі 
бар. Кекесін-кермектеуі былай басталады: 
Таңертең ерте тұрғаның, 
Қазанға аттай мінгенің. 
Өзек жалғап қаспаққа, 
Күйелеш боп кірледің. 
Жыртық киім кигенің, 
Алашадан қамзаулап, 
Иыққа шекпен ілгенің. 
Мес торымен итпектеп, 
Жорғага да мінбедің. 
318 
Қызғыштай  қорып малыңды, 
Жайраңдап еркін күлмедің. 
Баянсыз мынау жалғанның, 
Есіңнен шығып кеткені-ау, 
Қонағы болып жүргенің. 
Біз байыптаған жоқтау былайша есіледі: 
Алашқа олжа салғаны, 
Шашалы жүйрік жүгірсе. 
Соғымға сылтау болғаны, 
Мәстек шаппай сүрінсе. 
Пендеде дегбір қалмайды, 
Ажалдан хабар білінсе. 
Алланың ісі — байғазы, 
Сабырлық керек бүгінше. 
Жоқтау айтып көрейін, 
Маңғазымыз тірілсе. 
Шаруагерлік белгісі -
Азаннан ерте тұрғаны. 
Табысқойлык, белгісі — 
Тағыға қақпан құрғаны. 
Бақ-дәулеттің белгісі — 
Мыңғыртып мал жиғаны. 
Кісі өлгендей түнерді, 
Шығын болса бір малы. 
Қонаққа жөндеп ас бермей, 
Сараңдығын  құндады. 
Өзіне өзі құл болып, 
Мал соңында құр жаны. 
Бейнеттен ажал құтқарды, 
Жақсы болды-ау тынғаны. 
Осынша жиған дәулеттен, 
Бұйырған бұған түк те жоқ. 
Не болар екен иманы?!. 
Мұсылмандық  қазақы ғұрыпта дүниеден озған марқұмның 
жақындарына көңіл айтқанда: «Иманы жолдас болсынды», -
қосарлап жұмсартып айтады. Иман - пенденің тіршілікте жа-
саған Аллаға деген  құлшылығы. Берген садақасы мен кісіге 
көрсеткен  қолқайыры. Адамдарға көрсеткен үлгі-өнегесі, өсер 
жасқа берген тәлім-тәрбиесі. 
Халық  ұғымында жоқтау зарлы да өткір болуға тиіс. Тех-
нократтық үстемдікке беріліп, электронды  құралға арбалып, 
қызылды-жасылды әлеміштің көзді жаулаған сиқырына алдан-
319 


ған замаңда жыласып-сықтасу мейірімділікке біртабан жақын-
даудың амалы болып табылар еді. Электронды  құралдар мен 
адам тәнін жасанды сауықтыратын дәрі-дәрмектің, арақ-ша-
раптың, есірткінің белең алуы — адамды адам ретінде өмір 
сүруден айырып, жалғандыққа  ұрындыратыны жасырын емес. 
Адам пақырдың жүрегі  қатып, жүйкесі ширыққан мазасыз 
ғасырда кім-кімнің де  қайғымен бетпе-бет келгені — Тәңір 
сыйы. Одан  қашып құтыла алмайсың. 
Жаназа 
Қаралы шаңыраққа жиылған  қауымды «жаназашылар» деп 
те айтады. Мұсылмандық ғұрыпта өлген адамды ақ жуып ару-
лап болған соң, бақиға аттандырар алдында жаназа намазы 
шығарылады. Сол себепті де  қаралы  қазаға ойдан-қырдан жи-
налғандар «жаназашылар» делінеді. 
Қаралы шаңырақта бас  қосқандардың жиынын әдеби 
тілмен «қаралы  қызық» (Тәкен Әлімқұлов) деп те атайды. Ой-
дан-қырдан келгендер жүз көрісіп, мәре-сәре болып жатады. 
Өзді-өзімен болып кетеді. Өлгеннің артынан өлмек жоқ қой. 
Қаралы  қазаға жиналғандар өлікті босағасынан шығарған-
да марқұммен  қоштасады. Мұны  қаралы митинг (марқұммен 
қоштасу) деп жүрміз. Кейінгі кездері әсіредіндарлар «қаралы 
жиынды» сөкет көріп, тоқтата бастады. Бұл — түбірімен  қате. 
Жалғанның жарығынан озған марқұм енді  қайтып оралмайды. 
Қаралы жиынды  қисынсыз созып, жаназашыларды жалықты-
рып жіберуге және болмайды. Соңғы сапарға шығарып салуды 
марқұмның жақындары  ұйымдастыруға тиіс.  Қысқаша 
өмірбаяны айтылып, жора-жолдастары адамгершілік 
қасиеттерін, тіршілікте атқарған борышын жиналғандарға паш 
етеді. Сондағы айтылатын сөз мынаған саяды: 
«Ал, ағайын, туыс-туған,  құда-жекжат, алыс-жақыннан 
қазаға ортақтаса келген жамағат, күні кеше ғана арамызда 
жүрген бауырымызды (анамыз, баламыз, т.с.с.) бабалар жат-
қан  қорымға аттандырғалы тұрмыз. Ғұмыр осы,  қамшының са-
быңдай ғана. Марқұмның тіршілікте  қадірін білдік пе, білмедік 
пе, оған енді не дейміз?! Алла алдынан жарылқасын. 
Тіршілікте сыйласқанға не жетеді?! Дүние кісіге жолдас бол-
майды. Не әкетіп барады бауырымыз?! Бұйырғаны жиырма кез 
шүберек. Артық айтты деп айыпқа бұйырмаңдар. Аз ғұмырда 
бір-бірімізге қарасып,  қол ұшын бергенге не жетсін! Өлген соң 
құй жыла,  құй жылама. Марқұмның артында  қалдырған істері 
320 
— қолқайыры, адамгершілігі, содан соң ұрпағы, ел-жұрты, хал-
қы. Артының берекесін берсін,  қабірі нұрға толсын!» 
Қазаны да,  қуанышты да жүрдім-бардым атқару халықтық 
жөн-жоралғының,  қалыптасқан салт-дәстүрдің тәрбиелік мәнін 
кемітеді. Бүгінде өлік жөнелтуде болсын, той-томалақ жиындар-
да болсын, ақылгөйсуді артық сөзге балап, жүре тыңдайтын 
әдетке бой алдыра бастадық. Бұл жақсылыққа бастамайтын жа-
ман әдет. Сөзді (қазақтың бейнелі сөзін) өлтірудің амалына жа-
тады. Сөзді мәнсіздендіруге, оған  құлақ  қоймай жүре тыңдауға 
дағдыланғандар — барып тұрған  қасақы десек, артық кеткендік 
емес. Айтатын сылтаулары — нарық заңы осылай, жыласып-
сықтасуға, жоқтау айтуға уақыт жетпейді дегенге саяды. 
Бұл сылтау жадағайланудың,  ұлттық тәлім-тәрбиенің 
мәнсізденуінің алғышарты. Өзімізде де бар, сөз сөйлегенде 
жалпылама кетіп ойландыра білмейміз жамағатты.  Қазақ 
тілінің көркемдігі ауызекі сөзде солғындап, мәнінен айырылып 
барады. Өзімізбен бірге әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз, 
тіліміз  қоса кетсе, келер  ұрпаққа не  қалдырамыз?! Бәрінен де 
тілді «өлгіріп алмауға» күш салған абзал. Онда сен де жоқсың, 
мен де жоқпын. Бар болған күнде әншейін ерқарамыз. Енді 
мына бір жолдарды оқып керелік: 
Тіршіліктің думаны саңқылдаған,  қарағым. 
Ойын-тойдың  ұйытқысы, жарқылдаған,  қарағым. 
Жанның бәрін дос тұтып, аңқылдаған, қарағым. 
Үлкендерге жұғысып, сөз тыңдаған, қарағым. 
Туыс-туған, бауырға пана болған,  қарағым. 
Інілерге қамқоршы, аға болған, қарағым. 
Сұңқардайын уытты сесті болған, қарағым. 
Тірескенге алдырмас бетті болған, қарағым. 
Нағыз қазақ дегізер текті болған, қарағым. 
Ылдидан шапса төске озған, бесті болған, қарағым. 
Топқа түсіп сөз бастап шешен болған, қарағым. 
Қиындыққа беріспей бекем болған, қарағым. 
Ажалың да оқыстан төтен болды-ау, қарағым. 
Тым асығыс жиылдың кетер жолға,  қарағым... 
Опасыз жалған дүние бекер болды-ау, қарағым! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   77




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет