Сүйек жаңғырту
Сүйектің асылдығы шешеді ұрпақ сапасын. Туыстық атау
«құда» сөзі тым жадағайлау. Жалпылама атау. Үлкендер «Біз
ол атамен сүйекпіз» деп отырады күні бүгінге дейін. Бабалары-
мыз ескі жекжатын «сары сүйек құда» деп жақын тартады.
Сүйек шатыстықты үзіп алмай, одан әрі сабақтаудың жолы -
сүйек жаңғырту. Құда түсу, қыз айттырудың ондаған рәсімі
19-2628
289
бар. «Бесік құда», «бел құда» деген сөз тіркестері көнеруге жа-
қындады. Сүйек жаңғырту — жекжаттық қатынасты жаңғыр-
тудың бір тәсілі. Құда түсуге барғанда: «Ескіден келе жатқан
жекжат едік. Сүйек жаңғыртқалы келдік», — дейді. Осы
дәстүрді бүгінде өмірімізге орайластырудың еш сөкеттігі жоқ.
«Қойыннан төгілсе қонышқа». Жастарды тым еркінсітпей,
сырын білмеген, сымбатына қанбаған жерге қыз беріп, келін
түсіруді әузелей бермей, «сүйек жаңғырту» ғұрпын жаңа за-
манға сай орайластыруды қолға алсақ, оның несі сөкет?! Заман
аралас-құраластықты қалайды. Әйткенмен де, ауылы аралас,
қойы қоралас әулетпен сүйек жаңғыртудың тиімділік жағы ба-
сым. Келінді көрмеген, білмеген жерден түсірудің соңы шыр-
ғалаңға ұласып, екі жастың ажырасуымен тынатынын жоққа
шығара алмаймыз.
Жар таңдау — өте жауапты сынақ. Оны үйленетін жігіт пен
тұрмысқа шығатын қалыңдықтың қалауына сыйдырып, өз
еріктеріне жіберу — ұрпақ тәрбиесінің бір мүмкіндігін қолдан
шығарып алудың салдары демеске амалымыз жоқ. Есті бозбала
жар таңдағанда міндетті түрде жақындарына ақыл салуды ұмыт-
пайды. Жігіт болашақ жарын, қыз қосылатын қосағын ата-ана-
ларының назарынан өткізіп, мақұлдатып алса, нендей сөкеттігі
бар?! Содан да көненің көзі үлкендердің: «Бәленшекеңнің
қызын ал, ол бізге ертеден келе жатқан сары сүйек құда», —
дегені ұрпақ жалғастығына мән бергені, ұлттық тәрбиенің
дәстүр-тағылымын негізге алғаны деп білуіміз керек.
Жанұя — шағын мемлекет. Сол шағын мемлекеттің де
телісі мен тентегі болады. Шайпау келін, адуын ене, айқайшыл
ата, өркөкірек қайнаға, даландау қайын, шолжаң қыз, жыпық
ауыз жеңге әр шаңырақта бар. Соларды жөнге салу —
үлкендердің міндеті. Шаңырақтың шайқалмауы үшін ата-ана
жайылып төсек, иіліп жастық болып жаны қалмайды. Тақа
болмай бара жатса, ащы сөзге дес береді. Тәрбиелі бала «таяқ-
тың еттен, сөздің сүйектен өтетінін» жақсы біледі. Аузына
абай болады ондай келін мен бала.
Ұрпақ қайтсе шымырланады? Гәп сүйекте, сүйектің асыл-
дығында. Өсер жас боркемік болса, сордың жеңгені. Ондайлар
өмір сүруге икемсіз келеді. Қиындыққа төзе алмайды.
Күйректікке беріліп жүнжіп кетеді.Сүйегі жасықтардан наша-
қор, ішімдікке салынғандар көп шығады. Шыдам-төзімді жа-
нына серік еткен намысқой жас ездікке өлуі бар жолмайды. Ез
емес, ер жігіт болып жетіледі. Жүрекке байланған ақыл шын
асылға жатады. Ұстамдылық, намысқа суарылған қайтпас
жігер, қайратың мен ақылың. Мінездегі сапалы қасиеттеріңді
290
жұмылдырып, қиындыққа қарсы тұрғанда ғана сенің сүйегің
беки түседі. Болбыраған босаңдар сәл ғана салмаққа шыдамай,
опырылып сына салады. Қайсар азамат сүйегіне қарысады.
Сүйектің беріктігі әріден басталатын, тек-тамырдан бастау
алатын айрықша қасиет. Сүйек қайтсе беріктенеді? Оның санда-
ған себептері бар. Нағыз сүйегіне қарысқан адам қайсар, алым-
ды, өткір де бетті, шыдамды әрі төзімді болып келеді. Сүйегі
асыл адамнан өрбіген ұрпақ та сары асық балғын келеді. Ата-ба-
баларымыз тұкымымыз азып, сүйегіміз ұсақтап кетеді деп, текті
атадан кыз алған. Бүгінгі жастар, өның ішіңде қазақ жастары-
ның сүйегі ұсақтап барады. Қырыққа келмей жатып тоқырап
тоза бастағандарды көргенде, қарадай қарның ашып, пұшайман
күйге түсесің. Ащы темекі бір иектесе, оған арақ қосарланса,
есірткі және есті алса, ондай адамның сүйегі борымағанда
қайтеді?! Сөйлесең сөз өтпейтін, ұрсаң таяқ өтпейтін қыңыр-
қисықтан түңілген үлкеңдер «етке біткен мінез сүйекпен кетеді»
дегенді бекер айтпаған. Алайда халықтық тәрбиеде бұл түңілісті
ауылға, қауымға қарата айтпайды. Жекелеген су жұқпастарға
қарата айтылған мінездеуді бүтін жұртқа таңу ұшқарылық.
Сүйекке сіңген тәрбие өміршең келеді. Ондай жандар өзін
өзі жөндеп, тәрбиелеп, Абайша айтқанда «өз мінін қолға алып»,
бүгінгілердің сөзімен айтқанда мәдениетті болуға тырысады.
Қара басын жөндей алмаған адам, ортасына жұғымсыз адам —
сумақай-сұмырайдың нақ өзі. Ондайлардың надандығы әулетке,
ауылға, бара-бара қауымға таралып, жұқпалы індеттей барша
жұртқа залалын тигізуі кәдік. Құдайдан тілеп алған бала елде-
күнде жоқ зұлымдыққа барады. Кісі қанын мойнына жүктейді.
Тонаушылықпен, ұрлық-қарлықпен айналысады. Азғындық
жолға түсіп, нашақорға айналады. Маскүнемдікке салынады.
Қыз болса, қылықсыз жаман әдеттерге бой ұрады, жезөкше ата-
нады. Мұндай ұл мен қыз ата-ананың бетіне шіркеу болмағанда,
сүйекке таңба болмағанда қайтеді?!
Осы пайымдауға бір мысал сұранып тұр. Арғынның Мей-
рамсопысынан тарайтын Қуандықтың бір бұтағы енең Тоқасы-
ның ұранына айналған Күшікбай батырға жапсарлас елдің бір
биі: «Найзаңды шошаңдата бергенше, қаңғып кеткен туыста-
рынды жиып-теріп алмайсың ба?!» — деп намысына тиеді
(Күшікбай Жасыбайдан шыққанда, қаңғып кеткен делінген
батырдың туысқаны Марқадан тарайды, Жасыбай мен Марқа
бір туысқан). Намысқа қамшы басқан Күшікбай іле-шала атқа
қонып, жоғалып кеткен туысын іздеуге шығады. Өзбектердің
арасына сіңіп, үйлі-баранды болып кетіпті дейді. Марқадан ту-
ған, жоғалып кеткен інісі Қалыбек өзбектен қыз алыпты. Қыр-
291
ғызбай, Ырғызбай есімді екі баласы бар екен. Күшікбай шөбе-
ре інісін екі баласымен елге алып қайтады. Әйелін төркінінде
қалдырса керек. Қырғызбайы момын екен. Ал Ырғызбайы
жолда мінез көрсете бастайды. Ашқарақтанып тірі қойдың
құйрығын кесіп жей берген соң, батыр әлгі баланы
«сүйегімізге таңба болады» деп суырдың ініне тығып кеткен
көрінеді. Бір қарағанда қатыгездік болып көрінгенімен, ата-ба-
баларымыз ұрпақ өрбітуге мейлінше жауапкершілікпен қатал
қараған ғой. Қырғызбайдан туған баланы Күшікбай батыр
ырымдап: «Жанымыз түгелденді ғой. Есімі Жантүгел болсын»,
— деп баланың атын өзі қойыпты. Жантүгел ұрпақтары бүгінде
Ақадыр, Нілдіде қанат жайған.
Күшікбай сынды батырлар соңынан еретін ізбасар ұланда-
рын қатаң сұрыптаудан өткізіп отырған. Шымыр да ширақ, на-
мысқой ұрпақ бабалар салып кеткен сара жолдан ауытқымай,
халқымызды жаңа өрістерге бастап келеді.
Қызды ұзатқанда ата-анасы құдаларына: «Еті — сенікі,
сүйегі - менікі», - деп жатады. Бұл сөзде үлкен мән бар.
Өзекті жанға өлім хақ. Ет — сіздің тірі кезіңіздегі болмыс-
бітіміңіз, тән мен жанның үйлесімі. Ұзатылған қыз барған
жерінде қосағына — жар, балаға — ана, қайнағасына — келін,
қайынға — жеңге атанады. Уақыт — қатал әмірші. Шектеулі
межеге жетіп, жат жұрттық қыз о дүниеге аттанар сәтте,
кімнің қызы екендігі пысықталады. «Қай атадан, сүйегі қай-
дан?» деп сұрайды жаназаға жиылған жұртшылық. Қазақы
ғұрыпта әйелдің төркін жұрты көз жұмған әлгі пақырды
«сүйегін өзімізге бер, ата-анасының қасына жерлейміз» деп
сұраса, бала-шағасы қарсылық жасамайды екен. Еті — сенікі,
сүйегі - менікінің мәнісі сол.
Тіршілікте өзегі қуыс пенде «сүйекке таңба» болатын жағ-
дайдан сақ болғаны жөн. Өлгенде артта қалған тірілер аруақты
мазалап, сүйегін қорламасын. Қариялар балаларына: «әруақты
ашуландырып алмаңдар» деп өсиет қалдырған.
Бейітті жаңалауға қарсылық жоқ. Шариғатта бейітті қайта
көтер демейді. Қайта көтерген екенсіз, сүйегін қорламаңыз ба-
баңыздың. Жатқан орнынан қозғамай, сыртынан қоғамдап
тұрғызыңыз бейітті. Бүгінде ондайға бара қоймайтындар бар.
Енді бір сорақылық, ата-баба қабірін іздегендер жат моланы
меншіктеп алып «мынау менің бабамның бейіті» деп басына
ескерткіш қойып жатады. Былайша ниеті дұрыс десек те,
белгісіз мазарды меншіктеп, жалғандыққа бару сүйекті қорла-
ғандық болып шығады. Сүйек — қасиетті ұғым. Ол — біздің
негізіміз, сапалық қасиетіміз.
292
Ұрпақ
Халықтың мәнді де басты тілегі - «Көсегең көгеріп,
көрпең ұлғайсын». «Көсегең көгерсіннің» мәнісі: бақ-дәулет-
ке, атақ-абыройға кенел. Жасың ұзақ болсын дегенге саяды.
«Көрпең ұлғайсынның» мәні тереңде. «Бала-шағалы бол,
ұрпағың мол болсын» деген мағынаны береді. Адамға бұл
дүниеде осыдан артық не керек.
Қ аза қ арасында ескіден келе жатқан аңыз бар.
Жаугершілікте қазақтың бір батыры дұшпанның талқысына
түсіпті. Жекпе-жек шайқаста талай жауының басын доптай
домалатқан қырып салдың өзі болса керек. Өштескен дұшпа-
ны әлгі батырды қапылыста әйелі мен баласын, бауырын қоса
қолға түсіріп қинапты. Қатыгез басқыншы әлгілерді өлім жа-
засына бұйырып, қыл мойындарын жаңғырыққа төсейді.
Қазақ батыры: «Бірімізге бірімізді көрсетпей өлтір, қиналға-
нымызды көрмейік», - дейді. Қалмақтың қонтайшысы
қаһарына мініп: «Талай жампоздың ажалы сенен келіп еді. Өз
қылғаныңды өзіңе көрсетейік», — депті. Алдымен қазақ баты-
рының бауырын жаңғырыққа төсепті. Екінші кезекте әйелінің
басын шауыпты. Одан кейін жазаға баласын ыңғайлаған ғой.
Тұяқ жалғар перзентінің қыл мойны жаңғырыққа төселіп,
жендет қолындағы айбалта енді сермеле бергенде, шаңқ еткен
ащы дауыстан тау жаңғырыпты. Баласына ажал балтасы
төнгенде жанұшыра жанталасқан әкесі бұғауды үзіп жіберсе
керек. Батырдың ұрпағын қимай аласұрғанын көріп, аяп кет-
кен қалмақ қонтайшысы: «Баласын босат та, әкесінің басын
ал», — дейді. Баласы тұрып: «Әкемді қалдырып, мені
өлтіріңдер», — дейді. Сүйткенше болмай, арттан қуғыншылар
жетіп, батырды ұлымен қоса құтқарып қалған екен. Ұрпақ
үшін күресте шыбын жанын пида еткендер халық жадынан
ешқашан өшпекші емес. Мейлі, олар ақын болмасын, қаһары-
нан жауы жасқанған батыр да болмай-ақ қойсын, ақылымен
елді аузына қаратқан абыз да емес делік. Артына өнік шашып
кеткен абыз аталар туралы кезінде талай естігенімізбен, сол
аңызды дер уағында қағазға түсіре алмадық. Енді ғана қолға
алып жатқан жайымыз бар.
Осы еңбекте аттары аталған Қаракесек ұлысының бір
бұтағы «сырт бошан» Кәрсен-Керней, Қояншы-Таңай болып
келеді. Кәрсеннен сегіз туған делінеді ауызша тарихта. Сол
сегіздің бірі — Таңыбай. Кәрсен — шешелерінің аты деген де
аңыз бар. Бес назардың бірі — Таңыбай мен Жаңыбай екен.
Жаңыбай малды-жанды болыпты. Таңыбай үнемі ат үстінде
293
жорықта жүрген. Таңыбай мен тарақты Наймантай батыр
(Байғозы батырдың әкесі) жорықтас болыпты. Таңыбайдың
жорыққа мінетін атын ағасы Жаңыбайдың балары рұқсатсыз
тойға мініп кетіпті. Соған Таңыбай ренжісе, ағасы Жаңыбай:
«Ол қу бастың неменесіне жетпей жүр екен», — деп бұрыс кет-
се керек. Соған налыған Таңыбай бір түнде тік көтеріліп, ауа
көшеді. Артынан кеп шылауына оралған ағайын-туыстың
біріне де қайырылмайды. Таңыбайды бір тоқтатса досы Най-
мантай батыр тоқтатады деп батырға кісі жібермей ме.
Үзеңгілес серігінің соңынан екі атты кезек мініп қуып жеткен
Наймантай досының түрінен қайтпас қаттылықты байқап,
шұғыл шешімге табан тірепті. Наймантай астындағы тұлпарын
құрбандыққа шалып жіберіпті дейді. Бұл аңызды Таңыбай ата-
дан тарайтын қарттар айтқанда, жылап отырар еді. Осы жол-
дардың авторы соны көзбен керіп, құлағымен естіді. Бұл аңыз
халық аузында күні кешеге дейін ұмытылмай келді. Дер
кезінде қағазға түсіріп алғандықтан, оқырманға жетті.
Жағаласты заман екен ол бір шақ,
Көк найзаның ұшында-тын тақ пен бақ.
«Таушұбар» деп аталыпты кезінде,
Тарақтының Наймантайы мінген ат.
Бақ оралған батырларға сәруар,
Ат табылмас, ерге қатын табылар.
Жүз күн мінсе белі босап болдырмас,
Тұлпар екен Таушұбардай жануар.
Найзағайдай ойнап шығар жасынға,
Албастыдай төнеді екен тасырға.
Бос жіберсе маңайлатпас ешкімді,
Иек сүйеп жусайды екен батырға.
Аңыз етер Наймантайдай арысты,
Қабыландай жаумен талай алысты.
Жан аяспас қияметтік досы үшін,
Таушұбарын құрбандыққа шалыпты.
Ер Таңыбай - кияметтік досы екен,
Асыл сүйек алтын ердің қасы екен.
Балалары туа сала шетінеп,
Таңыбай ер қату қабақ пәс екен.
Заманында дәулет-баққа кенелген,
Әттең-дүние-ай, тапшы еді сенерден!
«Қубас» деген ағасынан сөз естіп,
Елін тастап ауа көшіп жөнелген.
294
Құлназар да жәкетайлап барыпты,
Аралбай да араға би салыпты.
Баймұрат пен Наурызымбет «жәкелеп»,
Құрбандыққа «ақсарбасты» шалыпты.
Біріне де қайырылмапты назалы ер,
Ұлардайын шуласыпты тамам ел.
Шарай көзге қорғанынан көз жазып,
Қабақ түйіп түнеріпті құба бел.
Көрмеген ол ер еді ғой қақпайды,
Таңыбайға тамам Кәрсен батпайды.
Депті сонда бір батагөй сөз алып,
Бір тоқтаса Наймантайға тоқтайды.
Алла салмас шапағатын астамға,
Бұл бір аңыз желі болар дастанға.
Қос ат мініп Наймантай да жетіпті,
Тас бұлаққа ошарылып жатқанда.
Наймантай келе сала досының шылбырына жармасып,
сауға сұрағанда, Таңыбай қайтпас қаттылыққа бекінген қал-
пынан айнымайтынын көрсетіп бүй депті:
Болашақтан түңілдім мен сенім жоқ,
Ұрпақсызбын жерім де жоқ, елім жоқ.
Өнбес дауға киліктің-ау, Наймантай?!
Қайырсызға қайырылатын жөнім жоқ.
Таңыбайға жартастайын түнерген,
«Қайғың қалың, - деді досы,- білем мен.
Жолыңа айттым,— деп Наймантай, - сауға» деп,
Қылышымен орып атын жіберген.
Таңыбай тұрып:
Ерім едің жан қиятын ел үшін,
Досымсың ғой тірегімсің сен шын.
Жанға балар тұлпарыңды, әттесі-ай?!
Неге қидың Наймантай-ау мен үшін?
Сонда Наймантай айтыпты дейді:
«Жалынбайсың бағаң асыл жаманға,
Оңай болмас сенсіз жүру маған да.
Бір шайқаста олжалаймын жүйрікті,
Сендей досты жер бетінен табам ба?!»
295
Бір күндік дос кездеседі әр кезде,
Жүз күндік дос табылмайды мәнді ерге.
Қияметтгік төс қағысқан дос едік,
Ете көрме мен пақырды шерменде!
Тоқырады амалсыздан назалы ер,
«Олай болса,— деді.— маған бала бер!»
«Жай қолыңды!» деді сонда Наймантай:
«Уа, жаратқан, жан досыма бала бер!
Рахымыңды бұл байғұсқа сала гөр!
Сөнер шырақ қуат алып жана гөр!
Құлыңмын ғой, ей, жаратқан, жалынам,
Жан досыма, Таңыбайға бала бер!»
Егіз достың Алла берді тілегін,
Таңыбайға ерген екен кілең ұл.
Дос тілегін қабыл еткен Алла да,
Дос қадірін ей, жарандар, біле біл!
Әлқисса, Таңыбай райынан қайтып, елге оралады. Төсек
жаңартып, қойнын жылытады. Көп кешікпей ұлды болады.
Таңыбайдың кіндігінен Тайна, Жәутік, Бапақ, Сапақ, Жа-
манқұл туады. Бүгінде осы атаның бәрінен ұрпақ таралған.
Атақты Ершіман бай, Көпбай болыс, дәулескер күйшілер:
Қыздармек, Әбди Әбікен Хасенов осы атадан шыққаңдар. Та-
ңыбай ұрпақтары: «Біз Алланың нұрынан, атамыздың белінен,
тарақты Наймантай батырдың батасынан жаралғанбыз», -
дейді күні бүгінге шейін.
Ата-бабаларымыз ұрпақ үшін жандарын қиған. Бас кетер
сын сағатта тәуекелге барған. Қазақ арасында ауызша тараған
тарихи деректерде ру-тайпалардың өсіп-өнуіне, қанат жайып
көгеріп-көктеуіне дәнекерші батырлар болғаны шығар күңдей
ақиқат. Батыр атағы екінің біріне телінбеген. Қазақының тари-
хы дұрыстап қағазға түспеген деген екіұшты пікірдің жаны
бар. Еуропа мен іргеміздегі шығыс елдері ата-бабаларының
жүріп өткен жолдарын, оларға байланысты аңыз бен ақиқатты
дер кезінде қағазға түсіріп, дәйектеп алған. Жаттың теліміндегі
қазақ халқы күні кешеге дейін өз тарихын өзі жаза алмай
келді. Тарихи романдарымыздың саны онға жетер-жетпес.
Еуропалықтар бір батырына ондаған кітап арнаған.
Қазақтың саны көбеймей, бағы көтерілмейді. Дәулеті мо-
лықпайды. Әр отбасы кем дегенде төрт баладан өсірсін.
Ұрпағы өнікті елдің бақшасы жемісті, мінгіші желісті, жай-
лауы өрісті, қаласы базарлы келеді.
296
Достарыңызбен бөлісу: |