КӨЗ КӨРГЕН ҚАЗАҚ БАТЫРЫ
Көз көрген қазақ батыры,
Алысқа кеткен дағбыры.
Хан Кенедей ер қайда,
Шейіт боп біткен тағдыры?!
Өлшеулі күні біткен соң,
Алладан ажал жеткен соң,
Кәпір салған тұзаққа
Ілініп бір кеткен соң
Қош-қош айтып еліне,
Самалды шалқар көліне,
Құбақан сағым беліне,
Иманын тілеп Алладан
Көзден таса ақыры.
Наурызбай төре ер еді,
Өн бойы өнер сері еді.
Кәпірмен сансыз шайқас сап,
Дәл ортада айқасып,
Бекерге өлем демеді.
Күркіреп солар тұрғанда
Қазақты жау жеңбеді.
* * *
Хан Кене кетті арадан,
Орысқа қазақ қараған
Шұбыртпалы Ағыбай,
Тобықтыдан Құнанбай,
Байсейіт пен Жанғұтты,
Дүйсенбай мен Қоңыр жүр
Тілеп жәрдем Алладан.
Басқа амалы қалмаған,
Нысапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды,
Пәлесі жоқ салмаған
Қайысады қабырғаң,
Көтере алмай салмағын.
95
КЕЛЕР ЗАМАН СИПАТЫ
Сауысқан, ала қарға – құстың құлы,
Басталар ақырзаман жылқы жылы.
Шақырып кәпір соқты сұрап алдың
Түзетіп ала алмассың, сірә мұны.
Отызыншы, отыз бірінші жылдары,
Елдің ері еренде.
Жалғыз-ақ қара қалады,
Ұялмастан бұл кәпір
Оған да салық салады.
Айналдырып бір күні,
Малдың еркін алады.
Сол уақыттың кезінде,
Ұмытпаса тәубаңды
Түтін салар соқпаққа,
Түзу жолдан қиылсаң,
Жолығарсың күрзі менен тоқпаққа
Атаң менен күт анаңды,
Есің барда Мекені іздеп таппаққа.
Келеуі жоқ кей білер,
Сол заманда шығады,
Құр жағдай таппаққа.
Айтуға сөзің жетпейді,
Арызың тіпті өтпейді,
Жапақтап көзің тұрарсың,
Не айтамын деп ақымаққа.
Балаңды алар солдатқа
Міне алмассың жалды атқа.
Алақандай бет қағаз,
Табынарсың мандатқа.
Балаң менен жылқыңды,
Бір алған соң аузына,
Алмайды деген немене.
Ұзын аққан Сарсуды,
96
Аға жайлап көбеле,
Алмай тұрып солдатқа.
Ықтияр кетпей жалды атқа,
Жүйрігің мен жорғаңды,
Өзің де мініп жебеле.
Қатын-бала қамы үшін,
Қарсы шап та малтық құш,
Құр жабырқап жүдеме.
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де пенде жүре ме?
Айтып та айтпай немене,
Өткен де заман келе ме?
Қайран да, халқым, қайтейін
Кейісті көп тартарсың
Көппен көрген селебе
Селебені елеме.
Айғыр айтып сойсаң да,
Бұрынғы дінің келе ме?
Зекетсіздің бұйырар,
Сүндетсізге жиғаны.
Аузы түкті ие боп,
Қазаққа берер қиғанын.
Заман да заман, замана
Кейін келер заманда
Асқар таудай әкеге
Ұл қышқырған замана.
Қылсаң жұмыс бітпейді
Күн қысқарған замана.
Бай қайырып байланып,
Түн қысқарған замана.
Арғымақ ат тасырқап,
Тағалы болған замана.
Мәстек – жабы жалданып,
Бағалы болған замана.
Бұрынғы арық семіріп,
Денелі болған замана.
97
Сусыз жерге су түсіп,
Сусылдап келіп қу түсіп,
Қоғалы болған замана.
Кейін келер заманда
Ұл сыйламас атасын,
Қыз сыйламас анасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қыз он беске келген соң,
Жотам сенен кем бе деп,
Салыстырар шүйдесі мен жотасын.
Қайран да, халқым, қайтейін,
Күнәға сөйтіп батасың.
Түсі сары, көөзі көк,
Дінсіз келіп билейді,
Түбінде сонан татасың.
Кейін келер заманда,
Кедейлердің қатыны,
Қылымсыған немесі,
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
Осы мінез білген соң
Дозаққа пенде күйеді.
Ендігінің сөзінде
Қай ақыл бар жүйелі.
Бұрынғы бидің тұсында
Шананы мінді күймелі.
Айтып-айтпай немене,
Өткен күн қайтып келе ме
Қайран да, халқым, қайтейін,
Айғыр айтып сойсаң да,
Бұрынғы заман келер ме?
Биік таудың ойнайды
Баурындағы құлжасы,
98
Кейінгі байға мал бітсе,
Ит кәпірдің олжасы.
Көз жіберіп қарашы,
Бұл жұмысты болжашы.
Ит жерімес арамнан,
Мепілде қатын мал бітіп,
Кетпес малы қораңнан.
Пайда қылсаң залалсыз,
Өзіңе біткен қараңнан.
Дін жолынан айнымас,
Шырағы енді мұсылман.
Алла деген айрылмас,
Айтсаң жолыңнан
Түзу жолға түсірер
Алла деген тобыңнан
Сол заманның ішінде,
Сиыр деген пұл болар,
Ұрғашыдан би болар.
Әркімменен ыржақтап,
Қатын деген тұл болар.
Өзіне-өзі ерік алып,
Ақ саусақты ұстасып,
Жанның бәрі құл болар.
Еділ, Жайық екі су,
Алтын, күміс тас болар,
Арпа, бидай ас болар.
Бірігіп жан тусаң да,
Қарап та жүріп қас болар.
Мініп көрер күші жоқ,
Сауып ішер сүті жоқ
Ақша деген мал шығар,
Жеткізе алмай онысын,
Қалтыраумен жан шығар.
Кейін келер заманда,
Шошала деген үй шығар,
Шошаңдаған би шығар.
Өзіне-өзі еріп алып,
Көрінгеннен би шығар.
Тамағы болса, өзі ішіп,
Бір-бірінен сый шығар.
Ақырына келгенде,
Құдайдың құлы болмастан,
Ақыретке барғанда,
Қарап бір жүріп ій шығар.
100
АҚЖОЛТАЙ БАТЫР
Атақты ер Ағыбай Шұбыртпалы,
Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.
Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұхарбай,
Бұларды соңына ерткен Кене ханы.
Мал үшін ерлік құрған емес,
Салғаны жанды ортаға елдің қамы.
Солардың біреуінен сөз бастаймын,
Әлеумет құлақ салса бұған тағы.
Жау шабу мирас қалған Абылайдан,
Бұл әдет Кенесары, Наурызбайдан.
Кененің жауға шапқан бас батыры –
Бастайын аз әңгіме Ағыбайдан.
Батыры Кенекеңнің өңшең саңлақ,
Әр елден жүйрік атты алған таңдап.
Арқаның алпыс тарау бойын өрлеп,
Жақсы атпен жігіттері жүрді алшаңдап,
Дұшпанға анталаған ұстатпады,
Кенекең талай шапты, бір шаппады.
Аруақты Кенесары, Наурызбайға
Жортқанда қарсы келіп жан батпады.
Ағыбай аға батыр үлкен жасы,
Жөн айтар Кенекеңнің замандасы.
Қай жерде жақсы ат болса жый деп еді,
Барады бастан асып жау айласы.
Жігітін жаман атқа мінгізбеген,
Кенекең алты алаштан ат іздеген.
Аттанып бір жорыққа Ағыбайы,
Ат іздеп жасақ үшін күн-түн кезген.
Сұйық жал, қаншыр мойын, күміс құйрық,
Кең танау, омыраулы, тіп-тік иық.
101
Бір ел бар деп естіді күншығыста,
Жылқысы аса сұлу, мінсіз жүйрік.
Бір адам Ағыбайға мақтайды көп,
«Жорғасы судай желіп, шаппайды», – деп.
Біреу емес, мақтайды бір қатар жан,
«Биесі жабы тұқым таппайды», – деп.
Ағыбай ыңғайланды «барайын» – деп,
«Сол елді болса да алыс табайын», – деп.
Аттанып сәурік пенен байтал әкеп,
«Жүйріктен өсім-тұқым алайын», – деп.
Ағыбай бұл сапарға ыңғайланды,
Қасына жеті жолдас ертіп алды.
Жүйріктен өсім-тұқым алайын деп,
Бет қойып Күншығысқа кете барды.
Сол кезде жер ортасы келген жасқа,
Жан-жаққа сапар жүрген бұдан басқа.
Аз жүрді, көп жүрді ме белгісі жоқ,
Келіпті Қызылқайнар, Тектұрмасқа.
Тектұрмас самал, салқын бұлағы бар,
Атарлық арқар, бөкен, құланы бар.
Жолаушы жолшы керуен қонатұғын,
Түбінде Қызылқайнар бұлағы бар.
Жігіттер, тыңдасаңыз, мінекей кеп,
Келетін бұл бұлаққа жолшы да көп.
Келіп-кетер адамы көп болған соң,
Қойыпты Қызылқайнар, Тектұрмас деп.
Келеді ер Ағыбай өрге салып,
Қорықсын адамзаттан бұлар нағып.
Ұмтыла күн ішінде жүрді бұлар,
Қарауылды аламыз деп ерте барып.
102
Астында бусандырып мінген атын,
Тастамай батырлықтың салтанатын.
Ат қаңтарып, суытып жата кетті,
Келіп Қызылқайнарға таңға жақын.
Оянды таң атқан соң көзін ашып,
Жатсын ба жамандарша ұйқы басып.
Басына қарауылдың Таңбай шықты,
Өзгесі ыстық қылды, бақыр асып.
Жолдастар ыстық қылды, асып бақыр,
Отырды от басында өзге батыр.
Ер Таңбай қарауылға қарап тұрса,
Елсізден бір атты адам келе жатыр.
Аттыны келе жатқаг Таңбай көрді,
Таңырқап «не қылған жан мынау» деді.
«Елсізден бір атты адам келеді» – деп,
Ойдағы Ағыбайға хабар берді.
Батыр айтты: – «келе ме бері таман?
Кетті ме жын көрініп әлде саған?
Елсізде жапа-жалғыз келе жатқан,
Япыр-ай, оның өзі неткен адам?»
«Осы жер ел жоқ, күн жоқ жапан дала,
Тектұрмас сан біздейге болған пана.
Бет бұрмай осы араға келе ме екен,
Шық тағы қарауылға қайыра қара».
Ер Таңбай қарауылға қайта барды,
Жалғызға келе жатқан көзін салды.
Келді де Ағыбайға хабар айтты
«Осы жерге тұп-тура келіп қалды».
«Келді деп осы жерге» хабар айтты,
Бұларды неткен жан деп таңырқатты.
Қолында ырғай шоқпар, сойылы бар,
Кезеңнен шыға келді ақсұр атты.
103
Айтқанша, ақсұр атпен шыға келді,
Өрімдей жап-жас жігіт, бұлар көрді.
Жіңішке, ұзын бойлы, тіп-тік, сида,
Отырған батырларға сәлем берді.
Иіліп сәлем берді бұларға кеп,
Тұлғасын Ағыбай да ұнатты бек.
Қасына келіп, танығандай амандасты
«Есенсіз бе, ер Ағыбай-ағеке», – деп.
Сөйлесе сөйлер сөзге сондай епті,
Айтқан жоқ мұнан басқа бір сөз тіпті.
Түсіп атын басына іле тастап,
Жеңін жастық қылды да, жата кетті.
Етегін төсек қылып қалды ұйықтап,
Именіп бұлар қорқып қалды тоқтап.
Қорқады бір кісіден сегіз батыр,
Ерлігін елден арнап шыққан баптап.
Ағыбай ойлап отыр әрбір ойды:
Жіңішке бала жігіт сида бойлы.
Өздері асқан етін жеді дағы,
Тағы да оған дәмді істеп қойды.
Ұйқысы түрегелді әбден қанып,
Бұлақтан дәрет алды, түзге барып.
Бір ауыз жөн сұраған жауабы жоқ,
Алдына асқан дәмін берді салып.
Отырып дәмін ішті асып-саспай,
Бұрылып, басқа жаққа қадам баспай,
Бұларға қарамады мойнын бұрып,
Батырлар бір сөз айтпай қалды отырып.
Бір ауыз тым болмаса хош деместен,
Әлгі келген жағына кетті жүріп.
Ағыбай айтты: «Мынау не қылған жан,
Мен мұның мінезіне қаламын таң.
104
Мынаның жайын білмей үйге барсам,
Өлімнен артық маған үлкен арман».
Атына мінді Ағыбай қайрат етіп,
Қарамай әлгі жігіт қалған кетіп.
Аяңдап кетіп бара жатыр екен,
Артынан қуа шауып келді жетіп.
Бұларға Ағыбай жолықты кез,
Жан емес жолдас болған сыр мінездес.
«Жарайды, Ағыбай аға, қош келіпсіз»,
Деді де, жүріп кетті айтпай бір сөз.
Келеді екі батыр – жан батпайды,
Қарысып бірін-бірі ұнатпайды.
Елсізде жолдас болған екі батыр,
Екеуі бір-біріне тіл қатпайды.
Астында қинамайды мінген атын,
Тастамас батырлықтың салтанатын.
Алдынан екеуінің жусап тұрған
Бір құлан тұра қашты кешке жақын.
Құланды екі батыр қуып кетті,
Атына қамшы басып екпіндетті.
Ағыбай тозаңына ере алмады,
Ұзатпай жас батырың барып жетті.
Құланға құрық салды ағындатып,
Секіргенде қайыра қалды тартып.
Ауыз омыртқа үзіліп салмағымен,
Жығылып қара жерде қалды жатып.
Бала айтты: «Ағыбайым, тез түсе қал,
Арам өліп кетпесін бауыздай сал.
Айнала қабырғадан іре-дағы,
Өзге етін керек қылмай, қазысын ал».
Қазысын алды-дағы жүре берді,
Кеш батып бір бұлаққа бұлар келді.
105
Атынан түсті-дағы әлгі бала
Даладан естегімен тезек терді.
Ағыбай о да қарап тұрсын нағып,
Қам қылды дәм істерлік түрін танып.
Реттеп бағанағы тамақтарын,
О-дағы бақыр асты шақпақ шағып.
Ыстығын істеп ішті күн батқанша,
Ат суып демін алды ел жатқанша.
Аттарын мықтап тұсап қоя беріп,
Екеуі қалады ұйықтап таң атқанша.
Таң атып тағы жүрді екі батыр,
Ешнәрсе ойламады болып қапыл.
Қамысы шытырмандай жөнсіз қалың,
Жағалап бір өзенді келе жатыр.
Барар жер мағлұм емес бұларға алыс,
Толқиды сумен бірге қалың қамыс.
Жағалап сол өзенді келе жатса,
Ақырып түре келді бір жолбарыс.
Ағыбай сескенді де шошып қалып,
Айнымай әлгі бала тұра қалып.
Ышқынып қарсы келіп шапшығанда,
Шоқпармен сыңар қолдан қалды салып.
Шоқпармен жолбарысты бір-ақ қақты,
Бір ұрғанда-ақ өлген иттей домалатты.
Екі көз екпінімен шығып кетіп,
Жығылып шекесінен жерді қапты.
Сескенді ер Ағыбай мұны көріп,
Бұлар атынан түскенше қалған өліп.
«Айнала қабырғадан іре-дағы
Ал, – деді, – бауыр жүнін екі бөліп».
Ағыбай айтқанының қылды бәрін,
Білмейді онан басқа не қыларын.
106
Баланың қайратына жан пар келмес,
Батырдың қорқып көңілі болды жарым.
Үкімі бұл баланың сондай қатты,
Жолдас боп оншақты күн дәмін татты.
Екеуі кешке шейін жүрді-дағы,
Кеш батып, бір бұлаққа тағы жатты.
Ағыбай ұнатпайды бала түрін,
Шыбықтай бала жігіт көзге көрім.
Бұл күні күндегідей көп жатқан жоқ,
Ертерек жүрі кетті таңнан бұрын.
Әңгіме, бұларда жоқ ойын-күлкі,
Бұл күнде ұйықтаған жоқ тынышты ұйқы.
Жағалап бір өзенді келе жатса,
Кездесті қарсы алдынан қалың жылқы.
Жолдасы қасындағы жері де жат,
Жас бала жаннан асқан асыл болат.
Жылқының бір ретті ортасында,
Жайылған жүзден артық шабдар қасқа ат.
Бала айтты: «Немене көрген күнім,
Болмаған сабаз едім ешбір мінім,
Жануар өңшең бірдей шалқасқалар,
Менікі болатұғын бар ма күнің».
Ағыбай келе жатыр не біледі,
Атына қамшы басып тебінеді.
Ақты боз елең-алаң болған шақта,
Алдынан бір қалың ел көрінеді.
Ағыбай «Түстім, – дейді, – қандай жолға?
Тәңірім-ай, сапарымды өзің оңда».
Арасы екеуінің бір шақырымдай,
Көрінді елден оқшау екі орда.
Ертерек елді көрді батыр,
Уайым ойламайды болып ғапыл.
107
Күрсініп ақсұр атқа қамшы басып,
Бет қойып төменгі үйге келе жатыр.
Ағыбай келе жатыр қасын жанап,
Ергені бала жігіт жаңа талап.
Ішінен ақ орданың шықты-дағы,
Бір әйел тура жүрді қарсы қарап.
Алдынан әйел келді жылап-еңіреп,
«Бейшара-ау, жалғыздықтан тарттың бейнет.
Көзіме енді көрінсе өлтірем» – деп,
Қайрайды қатты тісін әлгі жендет.
«Бейшара, мұнда келіп не көресің?
Жеткені ажалыңның енді өлесің.
Жалғызым, ақыретте табысалық,
Жалғаннан сапар шегіп жөнелесің».
Атынан түсе қалды анадай кеп,
Кернеп тұр байқағанға ашуы кеп.
Батырға осы арада бір сөз айтты:
«Бар болса бер, Ағыбай, қанжарың», – деп.
«Осы жерде тілектес боп сіз тұрыңыз,
Кешікпей, аман болсам, шығармын тез.
Егерде үйден шықпай өліп кетсем,
Бас сақтар ақсұр атпен қам қылыңыз».
Соны айтып әлгі бала қалды кетіп,
Ойлайды қалды екен деп әлде нетіп.
Үйге бала кіргенде қатты қорқып,
Тер ақты Ағыбайдан дір-дір етіп.
Сөйтті де ол да ойлайды болып қашпақ,
Шошыған соң жүректі қайтып баспақ!
Сыйынып тәуекелге тұрды-дағы
Баланы кетемін деп қайтып тастап.
Тұрғаны жанды қиып осы жолға,
«Ең әрісі – өлермін» – деп, түссем қолға.
108
Бала үйге кірген соң көп кешікпей
Шықырлап шыр айналды әлгі ақ орда.
Ағыбай әр сапарда болған жолы,
Тұрғаны сабырлық қып қайрат молы.
Аздан соң бала үйден шыға келді,
Қан болып қанжары мен екі қолы.
Бала айтты: «Отырмысың, Ағыбайым,
Менің көп айтылмаған сізге жайым.
Жанға қас дұшпанымнан құтқарды Алла,
Отырмай, атыңа мін, «Ақжолтайым».
Атқа мініп төменгі үйге келді,
Алдынан қатын зар еңірейді.
Бейшара зар еңіреп жылап тұрып,
«Залымның халі-жайы қалай?» – дейді.
«Сұм залым жұртты жеңген баяғыда,
Шіріткен жан біткенді таяғына,
Ақжолтай Ағыбаймен жолдас болып,
Түсірдім ішек-қарнын аяғына».
Бұл бала мұны айтады гүл-гүл жайнап,
Жұрт жылап, қуанып жүр я құдайлап.
«Төсек сал жолы құтты батырыма,
Астын жұмсақ, жастығын жақсы жайлап».
Қуанып байғұс қатын төсек салды,
Біреуден-біреу естіп хабар алды.
Жұрт шулап, абыр-сабыр, қуанып жүр,
Төсекте ер Ағыбай ұйықтап қалды.
Ұйқы ұйықтап тұрды батыр кешке таман,
Қуанған көрсе халық жақсы-жаман.
Аллаға шүкірлік деп қуанып жүр,
Дұшпаннан құтылған соң есен-аман.
Бұл елге рақым етті бар құдайым,
Көп айтып қуанышын не қылайын.
109
Ас ішіп әңгімеге айналған соң,
Сұрады енді Ағыбай бала жайын.
Бала айтты: «Ей, батырым, қара маған,
Жаман көп ешнәрсеге жарамаған,
Жөн айтпай дәл он бес күн жолдас болдым,
Айтайын мен жөнімді енді саған.
Тыңдасаң, менің жайым бір үлкен кеп,
Кебімді мен отырмын қозғайын деп.
Бай екен менің әкем өзі жалғыз,
Дәулеті көп мейлінше, перзенті жоқ.
Әкемнің жалғыз болған ғазіз басы,
Ағады бала десе көзден жасы.
Өзінде бала да жоқ, бауыр да жоқ,
Бар екен бір туысқан қарындасы.
Бұл адам дәулеті мол, болған мықты,
Көрмеген туып қорлық жаннан тіпті.
Жаралған жат жұрттыққа қарындасын,
Бір елге жасы жетіп ұзатыпты.
Әкеме жалғыздықтың сызы батты,
Қайғыртып бас кемдігі жабырқатты.
Әкемнің әлгі ұзатқан қарындасы,
Жүкті боп барған жерде бір ұл тапты.
Әкемнің дәулеті мол, көңілі сынық,
Қайғырған бас кемдіктен болып мұңлық.
Балада қыздан туған қиық жоқ деп,
Жиенін алды асырап бала қылып.
Әкемнің жиен жүрді баласы боп,
Алып жүрек арыстандай қуатты бек.
Жүкті боп өз шешем де мені тапты,
Жиеннің жолы құтты, ақжолтай боп.
Ешкімге тигізбейді жиен өзін,
Малы көп жасырғандай жердің жүзін.
110
Көп малдан сыймай жатқан айдап беріп,
Жиенге әперіпті бір бай қызын.
Көп қылып енші берді және тағы,
Қондырып бөлек ауыл қойған шағы.
Бар шығар ең кем болса екі мыңдай
Көп жылқы соныкі еді бағанағы.
Бұл жиен мықты болды арыстандай,
Жері жоқ кейін қалған еш жарыстан.
Қызы сұлу, орыны онан да артық,
Маған да қыз әперді бір алыстан.
Әкеміз сонан кейін дүние салды,
Қисапсыз мал, артында екі ұл қалды.
Қанша мал садақа қып, ат шаптырып,
Қондырдық құтты орнына байғұс шалды.
Адамға не істетпейді дәулет молдық,
Ойым жоқ көрем деген жаннан зорлық.
Мен кенже, жиен үлкен ағам болып,
Сонымен біразырақ дәурен сүрдік.
Жиеннің діні қатты қара тастан,
Адамға қайыры жоқ бала жастан.
Бетіне ешбір адам қарамайтын,
Мейлінше батыр болды жаннан асқан.
Бұл жиен батыр болды қайраты артып,
Екпіні соққан желдей көкті шарпып.
Қанағат өз малына бір де қылмай,
Менің кеп бар малымды алды тартып.
Жиеннен мен осындай көрдім қорлық,
Қайратын жаратар ма тәңірім мол ғып.
Қолымды өз малыма бір батырмай,
Есіктегі иттен жаман көрдім қорлық.
Осындай күйге түстім, сорым қалың,
Болмады бір басымда ықтиярым.
111
Еш адам бұл теріс деп сөз айтпайды,
Себебі жеңіп алған жанның бәрін.
Қараңыз сұм жиеннің ақылына,
Қайырынсыз, қатал іске батылына.
Қоймайды малды алғанмен қара басқыр,
Қызықты менің тағы қатыныма.
Сөйтті де қатыныма қолын салды,
Көнбесе аласұрып ашуланды.
Қойнымнан жатқан жерде сүйретіп ап,
Еріксіз үйіне апарып жатып алды.
Мен түстім осындайлық үлкен кепке,
Жазылмас душарластым қайғы дертке.
«Байына көңілі алаңдай береді», – деп,
Мені де ниет қыпты өлтірмекке.
Қатыным бұл ойынан хабар берген,
Пытнә ит қайраты мол жұртты жеңген.
Шыбын жан мал мен жардан тәтті болып,
Бір түнде ақсұо атпен қаштым елден.
Бір түнде ақсұр атпен кеттім қашып,
Қолға түссем өлем деп жаман сасып.
Жол жүріп бірнеше күн тыным алмай,
Жапанда жата кеттім ұйқы басып.
Жапанға жата кеттім қашып барып,
Алладан мәдет сұрап, жылап, налып,
Тыным алып аз ұйықтап кеткен екем,
Түсімде жетіп келді әкем ғаріп.
Түсімде жетіп келді әкем фақыр,
«Ей, балам, бұл жерде ұйықтап болма ғапыл,
Жанында жеті жігіт жолдасы бар,
Ағыбай Тектұрмаста келіп жатыр.
Жүр, балам, осы араның жолыменен,
Олар да жүріп келді түніменен.
112
Ақжолтай, жолы құтты батыр еді,
Жолдас бол, тез бар, балам, оныменен.
Ағыбай душарласса болып несіп,
Екеуің жолдас болсаң желдей есіп.
Қанжарын екі жүзді қару қылсаң,
Аласың дұшпаныңның басын кесіп».
Қуанып сол түсімнен түрегелдім,
Шын көрсет пазылыңды тәңірім,
Әкемнің түсімдегі сөзін сынап,
Ертерек жетейін деп атқа міндім.
Әкемнің түсімдегі сөзі шын боп,
Отырған бұлақтағы сізді көрдім.
Қуанып, құдай тілек берер дедім,
Айтқаны әкем фақыр келер дедім.
Сырымды бұған айтып ұқтырмайын,
Артымнан батыр болса ерер дедім.
Мен сізден қанжарды алдым жаннан кешіп,
Барсам, жатыр ұйықтап көңілі өсіп.
Қанжарды қақ жүректен салдым-дағы,
Сілтедім төмен қарай қарнына есіп.
Қарынын қақ бөлді де қанжар жарды,
Шошынып ұйқысынан сонда оянды.
Шошынып, қару іздеп, қорбаң қағып
Менің кеп білегімнен ұстай алды.
Ұстап алып, лақтыруға ыңғайланды,
Ұстадым керегеден қорғап жанды.
Қолымнан жұлқылай келіп тартқан шақта,
Теңселіп ақ орда үй шыр айналды.
Орнынан тұрайын деп ұмтылғанда,
Ішек-қарны аяғына түсе қалды.
Ұстаған білегімнен қолы босап,
Сылқ етіп өлерше боп кете барды.
113
Ей, батырым, осындай менің жайым,
Құтқарды сұм залымнан бір құдайым.
Алдыңнан толысынша мал айдап кет,
Бұл малды сенен аяп не қылайын.
Кәпірден жаман қорлық көргенім бек,
Зарынан жұрт қорыққан уайым жеп,
Көп жылқы бағанағы сол иттікі
Бір жақта менің жылқым онан да көп.
Ақжолтай, Ағыбайым, сенің атың,
Жайылған жер жүзіне салтанатың.
Ақ ордадан шығып келіп, зар еңіреген,
Көргенің бағанағы біздің қатын».
Сыр айтты бала бұған жайлап,
Ағыбай көп отырды артын ойлап,
Топтан тоғыз тұлпарды таңдап алды,
Жылқының не қылмақшы бәрін айдап.
Біреуі сол тоғыздың Ақауыз ат,
Порымы жануардың жылқыдан жат.
«Сауға» деп ер Наурызбай сұрап алды,
Жүрісі, сүйегімен бәрі де ұнап.
Сол кезде бұл тұлпардың төрт-бес жасы,
Дәл бір кез қырым ет жоқ кесер басы.
Қақпан бел, қамыс құлақ белдемелі,
Ағаштың бәлігіндей қабырғасы.
Төрт елі қабырғасы енді, жалпақ,
Шіреген шақпақ еті, бұты талтақ.
Үстіне кісі мінсе қоразданып,
Қарайды жан-жағына жалтақ-жалтақ.
Шапқанда қанды көбік алдын жауып,
Қояды басын тартсаң шайқап-шайқап.
Сыртылдап шын қызғанда құйысқаны,
Лоқымас жар, су келсе онан тайқап.
Шапқанда құс секілді көрінеді,
Алдынан оның қарап тұрсаң байқап.
114
Өзге аттан жүріп кетсе адымы алыс,
Қанаты қабырғада кере қарыс.
Екпіні пысқырғанда үй жыққандай,
Танауын десең болар бейне талыс.
Кез келген иесіне Ақауыз ат,
Арқада ер Наурызбай жүрді алшақтап.
Ежелгі ата-баба кегі үшін,
Жортатын Абылайлап, ұранын сап.
Жортқанда Ақауызды аңқылдатып,
Қолында ақ семсерін жарқылдатып.
Зәресін алған талай сұм дұшпанның,
Асықтай өшіккенде аспанға атып.
Ақауыз Наурызбайдың серігі еді,
Сауға қып Ағыбай беріп еді.
Астында Ақауыз жүрген шақта,
Ер Науан жеңілмейтін берік еді.
Бұл сөзді оқып едім жазған хаттан,
Тексерттім өзгерісте табиғаттан.
Өтірік, ертек сөзді өлең қылып,
Ақын көп бет алдына еткен мақтан.
Әлеумет, бұл сөз анық, ертегі емес,
Таралған үлкендерден осы кеңес.
Кездескен шежіреде ердің сөзін,
Құлағың естігенде қағады елес.
Тарқаттым Ағыбайдың мына тойын,
Шу қылған қызықпенен Шудың бойын.
Аманат жан ұяда тыныш тұрса,
Аудармақ баспа сөзге ендігі ойым.
Ағыбай сан ажалдан кеткен аман,
Ат қойған «Ақжолтай» деп барлық ғалам.
Жамиғат, айтушыны айып етпе,
Осымен сөз аяғы бітті тамам.
115
Достарыңызбен бөлісу: |