Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы



Pdf көрінісі
бет4/17
Дата22.12.2016
өлшемі1,24 Mb.
#56
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Салых-қиссасы.  Салыхтың  атасы  Қасурды  бұтқа  табынушылар 
зынданға  тастайды.  Оларды  алдаған,  Қасурге  əдейі  қастық  ойлаған 
Ібіліс болатын. Ібіліс адамдар келіп бұтқа табынып жатқанда бұттың 
ішінен  қорқынышты  дауыспен: «Уа,  менің  құлдарым,  Қасурды 
зынданға тастаңдар!» — деп айқайлады. Жұрт оны құдайдың бұйрығы 
деп  ойлайды  да  дереу  айтқанды  орындайды.  Қасур  зынданда  қырық 
жыл жатады. Бір күні Жəбірейілге Қасурды босат деген жарлық келеді. 
Ол босатады. Қасур бұл жерден кетпек болады. Ұзақ жүріп, бір тауға 
келеді,  үңгірдің  ішіне  кіреді.  Ұзақ  ұйқыға  кетеді.  Оның  Зағұм  атты 
əйелі  бар  еді.  Ол  Қасурдың  қайғысынан  диуана  болғанды.  Күндерде 
бір  күн  бір  құс  келіп,  Зағұмға: «Сен  менің  соңымнан  ер»,—  дейді. 
Құс  оны  таудың  ішінде  жатқан  Қасурға  алып  келеді.  Зағұм  Қасурға: 
«Сен кеткелі жүз жиырма жыл болды, қайда жүрдің?»— дейді. Қасур 
оқиғасын айтады. Екеуі көріседі. Қасур көп тұрмай, сол күні-ақ өледі. 
Зағұм қайтады. Екіқабат болады. Құс: «Жұрт сенен бұл баланың əкесі 
кім?» — деп  сұраса,  осы  тауға  ертіп  келіп,  Қасурды  көрсет  дейді. 
Құстың басы ақ, тұмсығы сары, бауыры қара еді. Зағұм оның себебін 
сұрайды.  Құс: «Қабылдың  Əбілді  өлтіруіне  себеп  болдым.  Соным 
үшін  басым  ағарды,  ұжмақтың  шөбін  жегендіктен  тұмсығым  сары 
болды, тозақтың үстінен ұшып бара жатқанда, от тиіп, бауырым содан 
қара  болды»,—  деп  жауап  береді.  Зағұмнан  Салых  туады.  Сол  елдің 
билеушісі: «Бұл баланы қайдан таптың?» — деп сұрады. Зағұм болған 
жайды  баяндайды.  Билеуші: «Егер  айтқаның  өтірік  болса,  паршалап 
өлтіремін»,—  дейді.  Зағұм  Мəлікті  тауға  ертіп  келеді.  Үңгір  екіге 
жарылады. Мəлік ішіне кіреді. Сонда іштен Қасур үн қатты. Билеуші 
Қасурдың сөзін естіп Зағұмға «Сөзің рас екен, баланы маған бер, мен 
асырайын, тəрбиелейін»,— деді Зағұм келіседі.
Салых өсе береді. Бір күні Жəбірейіл жас жігіт бейнесіне еніп келіп, 
Салыхты шаһардан шығарып əкетті. Бір үлкен алаңға əкелді. Сол жерге 
өзі алтын, жапырағы күміс ағаштар өсті, үйлер пайда болды. Ертеңіне 
халық  көріп  қайран  қалды.  Салых  елді  мұсылмандыққа  үгіттеді.  Үш 
жүз кісі мұсылман болды. Салых құлшылық етіп сəждеге басын қойды. 
Co заматта ұйықтап кетті. Содан үш жүз қырық жыл ұйықтады. Баяғы 
мұсылман болған үш жүз кісі əлдеқашан өліп кетті. Оянған соң жұртты 
тағы дінге үндеді. Жұрт сенбеді. «Шын пайғамбар болсаң, тастан өзі 
буаз қызыл түйе шығар, көз алдымызда боталасын»,— деді. Салых дұға 
қылып еді, тастан түйе шықты, боталады. Уыз сүтін жұрт ішіп тауыса 
алмады.  Оның  есесіне  түйе  бір  ішкенде  құдықтың  суын  құрғатты. 
Сонан былай суды бір күн түйе, бір күн халық ішетін болды.
Сол  елде  бір  айлакер  əйел  тұрушы  еді.  Сол  əйелдің  қызына  бір 
жігіттің көңілі ауады. Үйіне келеді. Əйел: «Сізге тамақ істеп берер едім, 
су жоқ. Түйе судың бəрін ішіп қойды. Сол түйені өлтіретін бір баһадүр 
жігіт табылмады-ау»,— деп жігітті қайрайды, азғырады. Жігіт түйені 
қылышпен шауып өлтіреді. Ботасы қатты қиналып, үш рет бақырып, 
тасқа кіріп кетеді. Салых: «Ботаның үш рет бақырғаны — сендерге үш 
күнде азап келмегі»,— дейді. Жұрт үш күннен кейін айтқанындай азап 
келмесе,  Салыхты  өлтірмекші  болады.  Үш  күн  өткен  сон,  аспаннан 
қатты үн естіліп, жерден от шығады. Адамдар күйіп кетеді.
Біз  «Салых  қиссасы»  пайғамбарлар  туралы  əңгімелердің  көбінің 
жалпы  сипатын  аңғартатын  болғандықтан,  оны  толығырақ  келтірдік. 
Қиссадан  табиғаттың  от,  су,  жел  сияқты  дүлей  күшін  бұрынғы 
адамдардың құдайдың жіберген жазасы деп түсінгендігі байқалады.
Ал, шындығында, «аспаннан қатты үн естіліп, жерден от шығуы» 

48
49
табиғатта бола беретін құбылыс қой. Қүн күркіреп, найзағай шатырлап, 
аспаннан  жай  түсіп,  жерді,  үйлерді,  ағаштарды  өртеп  жібергенін 
көзімен көрген, бірақ оның табиғи сырына зердесі жетпеген ертедегі 
адамның көкірегіне қорқыныш ұялап, оны құдайдың ісі деп түсінген. 
Ертеде  туған  діни  мифологиялық  əңгімелердің  оқиғасын  өрбіту 
үстінде мұндай құбылыстар ылғи адамдарды күнəсы үшін жазалайтын 
құдайдың қаһары түрінде кездесіп отырады.
Құстың  адамша  сөйлеуі,  ақыл-кеңес  беруі,  көмектесуі  де  шығыс 
аңыздарында көп кездесетін деталь, тотемдік түсініктің көрінісі.
Пайғамбардың  «керемет»  көрсетуі  ертедегі  адамдардың  құр 
қиялынан ғана туды ма, болмаса соған аз да болса жанасатын бір негіз 
бар ма?
«Керемет»  жайлы  əңгімелердің  тууына  да  адамдардың  өмірден 
көрген, түйген түсінігі түрткі болады. Əр заманда химия, физика сияқты 
ғылымдардың дамымаған кезінде, кейбір адамдардың «сиқыр» жасауы 
жұртты таңғалдырған, шошытқан. Мұны істеткен құдай деп ұққан. Ал 
шынында,  ол  «сиқыр»  гипноз,  химия-физиканың  кереметтері  болуы 
мүмкін. Ондай оқиғалар адам санасында ұзақ сақталып қалған. «Салых 
қиссаларындағы» «Тастан  түйе  шығару»—адам  фантазиясымен 
ұлғайған түрі. Қиссада бұдан басқа да ауыз əдебиетінде көп кездесетін 
детальдар көп. Олар: Салыхтың 300 жыл ұйықтауы, Қасурдың даусын 
естіп,  таудың  екі  айрылуы,  өліп  қалған  Қасурдың  сөйлеуі,  тағы 
басқалар.
Салых — жай  ғана  ислам  дінін  уағыздаушы,  таратушы  адам  не 
олардың жиынтық бейнесі: аңыз, қисса бойынша «пайғамбар» делінген, 
оның іс-əрекетіне неше түрлі діни-мифологиялық оқиғалар араласқан. 
Бұл Қиссаны діни-дидактиканың бір үлгісі деуге болады.
Жазба ескерткіштердегі «құдіреттің күштілігін», пайғамбарлардың 
адамдарды дінге үгіттеуін баяндайтын аңыз-əңгімелер осылар тектес. 
Бұлардың қатарына жататындар: Мұхаммедтің миғражға шығуы (көкке 
көтерілуі), Яхия мен Жүністің кереметтер көрсетуі, өлген балыққа бір 
тамшы  су  тигенде  тіріліп  кетуі,  мұсылмандыққа  үгіттеген  əйелдің 
балаларын  отқа  тастағанда  өлмеуі,  Ғайсаның  тууы,  Ыбраһимнің 
Смағұлды құрбандыққа шалмақшы болуы, Мұсаның хикаялары, тағы 
басқалар.
«Христиан  аңыздарын  жасауда  неғұрлым  оригиналдық  бастау 
болғандар  аударма  əдебиеттермен  келген  христиандық  көзқарастан 
туындаған пікірлер емес, орыс өмірінің шындығымен жəне халықтың 
ауыз  əдебиетімен  байланысты  реалистік  элементтер»
1
,—  деген  еді 
орыс əдебиетінің көне бастауларын зерттеуші ғалым Д. С. Лихачев.
Сондай-ақ  «Рабғузи  қиссасы» («Қисас-и  Рабғузи»)  кітабының  да 
шығармашылық,  тақырыптық-идеялық  мəні  ондағы  халықтың  ауыз 
əдебиеті  үлгілерінен  алынған,  не  сол  үлгімен  жазылған,  аз  да  болса 
реалистік, шындық элементтері кездесетін, өмірге жанасымды көркем 
əңгімелерден  көрінеді  деп  ойлаймыз.  Ондай  əңгімелерде  қастық, 
достық,  адамгершілік,  зұлымдық,  ізгілік,  бірлік,  қайырымдылық, 
қарапайымдылық,  мақтансүйгіштік,  көрсеқызарлық,  махаббат  мəсе-
лелері сөз болады. Кісінің бойындағы жақсы-жаман қасиеттері мен іс-
əрекеттері  неше  түрлі  қысқа  да  қызық,  тартымды  қисса-əңгімелерде 
беріледі.  Оларда  достық,  қастықты,  қарапайымдылық  мақтансүй-
гіштікті,  адалдық  арсыздықты,  əлсіз  əлдіні  жеңіп,  салтанат  құрып 
отырады. Бұл əңгімелердің нəр алған қайнар көзі халықтың ғасырлар 
бойы  жасаған  ауыз  əдебиетінде,  халықтың  ақыл-ой  мұраларында 
екенін осыдан да байқауға болады.
«Нұх  қиссасында»  қарлығаштың  адамға  достығы,  істеген  жақ-
сылығы  айтылады:  Нұхтың  кемесінің  түбін  тышқан  тесіп  қояды. 
Тесіктен  кемеге  су  кіріп,  ішіндегілер  суға  бататын  болады.  Суды 
сыртқа төге бастайды. Оған болмайды, кемеге су толып кетеді. Сонда 
Нұх: «Кімде-кім тесікті бекітсе, тілегін орындаймын»,— дейді. Жылан 
тесікті бітейді. Кейін ол Нұхқа келіп, «Дүниеде ненің еті тəтті болса, 
соны бер»,— дейді. Ненің еті тəтті екенін дəмін татып білу үшін Нұх 
масаны  жібереді.  Күтеді.  Ол  кешігеді.  Масаны  тауып  алып  кел  деп 
қарлығашты жұмсайды. Қарлығаш масаны тауып алады. Одан: «Ненің 
еті тəтті екен?» — деп сұрайды.
—  Бəрін  татып  көрдім,  адамның  қанынан  тəттісін  көрмедім,— 
дейді.
Қарлығаш:
—  Оның  дəмі  тіліңде  бар  болар,  мен  көрейін,  аузыңды  ашшы,— 
дейді.
Маса аузын ашады. Қарлығаш тұмсығымен масаның тілін жұлып 
алады.  Екеуі  Нұхқа  келеді.  Маса  қатты-қатты  үн  шығарғанмен, 
быжылдап, ештеңе түсіндіре алмайды.
1
  Лихачев  Д.С.  Возникновение  русской  литературы.  М—Л , изд. AH CCCP, 1952, 
стр. 148.

50
51
Нұх:
— Бұл не айтып тұр, неге сөйлемейді?— деп сұрайды. Қарлығаш:
—  Маған  жолда  айтқан,  құрбақаның  еті  тəтті  деп  тұр,—  дейді. 
Содан жылан құрбақаның етін жейтін болады.
Бұл əңгіме-ертегі халық аузында көп тараған, бірнеше вариантпен 
айтылады. «Қазақ  ертегілерінде» «Қарлығаштың  достығы»
1
 — деп 
аталады.
Лұқман Хакім қиссасы. (Арабша Лұқман—данышпан деген сөз.)
Лұқман  —шығыс  əдебиетінде  көп  кездесетін,  ақылды,  дана,  көп 
жасаған,  көпті  көрген  көне  қарттың  бейнесінде  жүретін  сүйкімді, 
жағымды  тұлға.  Лұқман  туралы  аңыз-əңгімелер  исламға  дейінгі 
арабтардың ауыз əдебиетінде мол айтылған. Содан əртүрлі халықтың 
өзінікі, өзінің данышпан қарты болып кеткен. Бірте-бірте оның атына 
неше түрлі қызық, жанама əңгімелер қосылған.
Рабғузи  кітабында  ауыз  əдебиетінде  айтылатын  Лұқман  туралы 
бірнеше əңгіме-хикаялар «Лұқман Хакім» деген атпен берілген.
Бірінші хикаят: Алла Лұқманға: «Тілесең — пайғамбарлық берейін, 
жоқ болмайды десең — ғылым берейін, қайсысын қалайсың?»—дейді. 
Сонда  Лұқман: «Пайғамбарлық  керек  емес,  ғылым,  білім  керек. 
Пайғамбарлық тым ұлық іс, онымен бірге болғанша, ғылыммен бірге 
болып,  адал  іс  қылайын»,—деп  ғылымды  алады.  Сөйтіп,  білімдар, 
көреген,  ақылды  болады.  Жұрттың  бəрі  келіп  Лұқманнан  ақыл 
сұрайтын болады.
Үшінші  хикаят:  Лұқман  хакім  қарыз  сұрап  келген  кісінің  бетін 
қайтармайтын  еді.  Бір  күні  бір  кісі  келіп  мың  алтын  алады.  Іштей: 
«Қарызын  бермей  кетейін»,—  деп  ойлайды.  Жолда  бара  жатып,  бір 
жерге тоқтайды. Алтын қызыл жаулыққа ораулы болатын. Бір құс ұшып 
келеді  де,  тұмсығымен  жатқан  түйіншекті  іліп  алып,  ұша  жөнеледі. 
Құс Лұқманның үйінің төбесінен ұшып бара жатқанда түйіншек жерге 
түсіп кетеді. Лұқман түйіншекті көріп таниды.
Қарыз алған кісі амал жоқ, Лұқманға қайтып келеді. Жайын айтып, 
тағы мың алтын бер деп өтінеді. Ішінен: «Осы жолы берсе, мың алтынын 
екі мың қылып қайтарармын-ау»,— деп ойлайды. Лұқман сұрағанын 
береді. Алтын алған кісі сауда жасап, сол мың алтыннан он мың алтын 
пайда табады. Лұқманға екі мың алтын береді. Лұқман: «Бірінші мың 
1
  Қазақ ертегілері. А., 1964, 3-том, 160-бет.
алтынды  алғанда,  бермей  кетейін  деп  арамдық  ойлап  едің,  ол  саған 
бұйырмады,  екінші  рет  алғанда  адалдық  ойлап  едің,  пайда  таптың. 
Бұдан былай қара ниет болма»,— дейді.
Төртінші хикаят: Лұқман Хакімнің қожасы Лұқманға ең жақсы ет 
асып бер дейді. Лұқман бір қойды əкеліп, бауыздап, тілі мен жүрегін 
асып береді. Біраз күн өткен соң ең жаман ет асып бер дейді. Лұқман 
тағы да қойдың тілі мен жүрегін асып береді. Қожасы мəнісін сұрайды. 
Сонда Лұқман: «Жақсы болмақ та тіл мен жүректен, жаман болмақ та 
тіл мен жүректен»,— деп жауап береді.
Бесінші хикаят: Лұқман ұзақ уақыт жол шекпекші болып, кетерінде 
ұлына  үш  өсиет  айтады:  Əйеліңе  сырыңды  айтпа,  жаңа  байығаннан 
қарыз алма, əкімнің нөкерімен дос болма.
Əкесі  кеткен  соң  ұлы  осы  айтқандарының  растығын  тексеріп, 
білмекші болады. Бір жаққа кетеді де, келерде бір қойды сойып, қапқа 
салып, арқалап үйіне əкеледі.
—  Əйелі  бұл  не? — деп  сұрайды. «Сен  ешкімге  айтпа,  далада 
бір  кісіні  өлтіріп  алдым,  қаптағы  соның  денесі»,—  дейді.  Жаңа 
байығаннан қарыз алады, əкімнің нөкерімен дос болады. Күндерде бір 
күн  əйелімен  екеуі  жанжалдасып  қалады.  Əйелі: «Құдайыңды  біліп 
қой, əйтпесе мойныңнан байлатармын»,— дейді. Бұл сөзді қоңсы əйел 
естіп, «Оны неге байлатасың?» — деп сұрайды. Əйел: «Ау, халайық, 
бұл  адам  өлтірген,  мені  де  өлтірейін  деп  жатыр»,—  деп  жылайды. 
Бұл  хабар  əкімге  жетеді.  Əкім  нөкеріне  бұйрық  береді.  Өзімен  дос 
болған нөкер келіп мұны байлап алып кетеді. «Босат!» — деп өтінсе 
де, босатпайды. Жолда жаңа байыған: «Қарызымды беріп кет»,— деп 
жабысып, қарызын алып қалады.
Мұны  дарға  аспақшы  бола  бергенде:  əкім  танып  қалып: «Сен 
—  Лұқман  Хакімнің  ұлысың,  бұл  іс  саған  лайық  па,  неге  істедің?» 
— дейді. Ол болған істі бастан-аяқ айтып береді. Əкім үйінен қапты 
алдырып, ашып қараса, қойдың еті екен. Босатып жібереді.
Алтыншы хикаят: Бір залым патша Лұқман Хакімді ұлымен бірге 
құдыққа  тастатады. «Білгір  болса  көрейін,  осы  құдықтан  қалай  аман 
шығар екен»,— дейді. Құдықтың аузын диірменнің тасымен бекіттіріп, 
үстіне егін ектіреді. Лұқман ұлына: «Арқама мініп тұрып, құдықтың 
қабырғасынан  бір  кісі  отыратындай  жерді  пышақпен  ой, — дейді. 
Содан соң ұлына 40 түйір құрма беріп сол жерде қалдырады да, өзі ары 
қарай қазып кете береді.
Лұқман  құдықта  жеті  жыл  жатады.  Баяғы  сұлтан  өліп,  оның 

52
53
орнына  басқа  сұлтан  болады.  Бір  күні  сұлтан  құрма  жеп  отырғанда 
тамағына  дəні  тұрып  қалады.  Қандай  амал  жасаса  да,  ала  алмайды. 
«Мұның айласын білетін кім бар?» — дегенде, бір қарт: «Лұқман деген 
білгір кісі бар, тірідей құдықта жатқанына жеті жыл болды, егер өліп 
қалмаған болса, мұның айласын сол білер еді»,— дейді. Сұлтан дереу 
құдықты  аштырып,  ішіне  адам  түсіреді.  Ол: «Бір  кісі  өліп  жатыр» 
—  деп  қайта  шығады.  Қарт: «Сүйек  бір  кісінікі  ме,  болмаса  екеу 
ме?» — деп сұрайды. Түскен адам: «Бір кісінікі»,— дейді. Қарт қайта 
түсіреді. Бұл жолы өлер алдындағы Лұқманды тауып, құдықтың аузына 
əкеледі. Лұқман: «Құдықтың жанына үй тіктір, əртүрлі тағам пісірсін», 
— дейді. Содан соң шарап келтіртіп, үш күн бір-бір қасықтан шарап 
жұтады. Тіріле бастайды. «Енді бір сандық əкел, денеме жел тигізбей 
соның  ішіне  салып,  сыртқа  шығар»,—  дейді.  Лұқманды  сандыққа 
салып  шығарады.  Сандықтың  ішінде  түрлі  дəрі  қайнаттырып,  ішіп 
үш  күн  жатады.  Лұқман  күш-қуаты  қалпына  келіп,  орнынан  тұрады: 
оны  сұлтанға  алып  барады.  Сұлтанды  көріп: «Сіз  өз  балаңызды 
бауыздатып, жүрегін пісіріп жемесеңіз, жазылмайсыз, өлесіз»,— дейді. 
Сұлтан біразға дейін көнбейді. Ақыры өлетін болған соң уəзірлерінің 
үгіттеуімен  көнеді.  Лұқман  сұлтанның  баласын  байлатып,  алдына 
əкеледі.  Сұлтан  жылай  береді.  Баласының  бауыздалғанын  көрмесін 
деп,  алдына  перде  тұттырады.  Жасырып  бір  қойдың  аяғын  байлап 
жəне  əкелдіреді. «Ей,  жігіт  саған  ажал,  маған  бұйрық  келді,  атаң 
үшін сені бауыздаймын»,— деп қойдың тамағынан пышақпен тартып 
жібереді. Қой қор ете түскенде сұлтан «аһ!» — деп талып қалады. Ол 
қатты  күйініп  «Аһ!»  дегенде  тамағындағы  сүйек  атып  шығады.  Есін 
жиып қараса, баласы тірі, алдында, отыр екен. Сұлтан қатты қуанып, 
Лұқманның ақылдылығына сүйсінеді. Көп мал беріп қайтарады.
Жетінші хикаят: Лұқман Хакімнің ұлы ержетіп, қалыңдық іздейді. 
Лайық  қыз  таппайды.  Əр  ауылға  барған  жерде  ұлын  байлап  қойып 
сабайды.  Ел: «Heгe  ұрасың?»—деп  сұраса,  Лұқман: «Бұйырған  істі 
ғана орындағаны үшін»,— дейді. Ел: «Бұйырған істі орындағаны үшін 
ұра ма екен?» — деп таң қалады. Күндер өте береді. Бір күні бір ауылға 
келіп, ұлын тағы ұра бастайды. Жұрт жиналады. Олар да Лұқманның 
сөзіне  қайран  қалысады.  Əйелдер  аяп  жылайды.  Сонда  мұның  бəрін 
көріп  тұрған  бір  қыз: «Уа,  үлкен  кісі,  балаң  өзі  біліп  істемесе,  мен 
бұйырмаймын»,—  дейді.  Лұқман  қарт  ұлын  босатып,  əлгі  ақылды 
қызға үйлендіреді.
«Рабғузи  қиссаларындағы»  Лұқман  хакім  жайындағы  хикаяттар 
тапқыр  оқиғалармен,  өте  тартымды  баяндалған.  Олардың  халық 
аузында əбден пісіп-шираған əңгімелер екендігі анық байқалады.
Хикаяттардағы Лұқман қарт құр уағызбен күн кешіп, намазға ұйып, 
дінге  кірмеген  халықты  қырып  жүрген  пайғамбар  емес,  ақылымен, 
білімділігімен, адалдығымен озған, ақыл-айласына, еңбегіне сүйенетін 
адам. Əңгімелер Лұқмандай бол, арамдықтан, қара ниеттіліктен, өтірік-
өсектен без, білім-ғылым қу, сонда Лұқман тəрізді қиындықтан оңай 
құтыласың  деп  үйретеді.  Ерлі-зайыпты  адамдар  бір-біріне  бұйрық 
беріп, бірі би, бірі құл болып күн кешпей, бірін-бірі айтқызбай ұғып, 
тəтті өмір сүруі керек деп өсиет айтады. Ол үшін алған жарың ақылды, 
адал  болсын  дейді.  Соның  бəрі  қысқа  əңгімелерде  жеріне  жеткізе 
айтылып, көңілден берік орын алады.
Бұл  тапқыр,  тартымды  хикая-əңгімелер  халық  аузында  сонау 
замандардан айтылып, бізге дейін жеткен болуы керек. Қанша уақыт 
өтсе де, Лұқман хакімнің осы əңгімелерінің бəрі дерлік халық аузында 
əлі күнге айтылады.
Ескерткіштегі хикаяттардың біреуін (6-хикаят) жырау Р. Мəзғожаев 
1946 жылы халық аузынан жинап, жазып тапсырған, «Қазақ ертегілері» 
атты кітапқа кірген. («Əкім Лұқман туралы», «Қазақ ертегілері», 3-том, 
363-бет.)
Қазақ  ертегілерінде  Лұқман  атына  байланысты  айтылатын 
бұлардан бөтен де аңыз, ертегілер кездеседі. Мысалы, «Лұқпан ата мен 
Əділ» («Қазақ ертегілері», 3-том, 343-бет), «Лұқман Əкім» (тапсырған 
Ə.Марғұлан)
1
 , тағы басқалар.
2
Халықта «Көппен көрген ұлы той», «Көп түкірсе — көл», «Көптен 
бөлінген  көмусіз  қалады», «Береке,  бақыт — бірлікте»  деген  мақал-
мəтелдер бар. Мағынасы — бірлікке, ынтымаққа, берекеге шақыру, соны 
мұрат  тұтқан  кісінің  мəртебесі  биік  болатындығын  тұспалдағандығы 
белгілі.  Халықтың  ауа  жайылған,  тойымсыздықпен  қолда  барын 
қызғанамын  деп,  көптен  бөлініп,  қара  басының  күйкі  тіршілігін 
күйттеген  өрісі  тар,  санасы  саяз,  дүниеқоңыз  жандарға  айтқан  бір 
нақыл  ескертпесі  іспетті.  Осы  мақалдардың  мысалы  «Рабғузиде»  де 
кездеседі.
1
  Қазақ  ССР  Ғылым  академиясының  кітапханасының  қолжазба  қоры 202-папка, 
№12.
2
 Толығырақ: Каскабасов С. А. Казахская волшебная сказка. Алма-Ата. 1972, стр. 
41—43.

54
55
Аһил  Хайруан  қиссасы.  Бір  кісінің  он  екі  ұлы  жəне  бір  үлкен 
мəуелі  бағы  бар  еді.  Мəуесінің  бітіктігі  сондай,  жемісі  бір  жылдан 
келесі  жылға  дейін  жетуші  еді.  Ол  кісі  бақтың  жемісін  жинайтын 
уақытта кедейлерді шақырып, қаққанда ағаш түбіндегі кілемнің үстіне 
түскенін өзі алып, сыртына түскен жемісті соларға беретін. Жұртпен 
бірлесіп, тез жинап алатын. Бір күні əлгі кісі қайтыс болады. Жылдағы 
жемістерін жинайтын уақытта балалары: «Атамыз жемістерді жұртқа 
үлестіре  беруші  еді,  енді  өзіміз  ешкімге  көрсетпей,  жасырып  жиып 
алайық», — десті. Түнде жасырынып баққа барды. Жинамақшы болды. 
Сол  кезде  қатты  жел  тұрды,  бір-бірін  көрмеді.  Жемістері  қап-қара 
күйік болып, жеуге жарамай қалды. Олар өкінді, бірін-бірі кінəлады. 
Ең кішісі: «Бұған бəріміз де кінəліміз», — деді. Бəрі: «Енді жемісіміз 
болса, бүйтіп ашқарақ болмас едік», — десті.
Содан былай жемістері жақсы өсті. Бітік өскені сондай, мəуесінің 
бір үзімі он батпаннан болды.
«Рабғузи қиссаларындағы» əңгімелердің көбінің кейіпкері, «пəлен 
пайғамбар»  деп  алынды  да,  солардың  іс-əрекеті  арқылы  қарапайым 
адамдар  арасында  кездесетін  жақсылық,  жамандық  мəселелері  сөз 
болды. Мысалы: «Дəуіт қиссасында» ынсапсыздық, көрсеқызарлықты 
сынайтын əңгіме бар.
Шығыс  аңыз-əңгімелерінде  Сүлеймен  патша  туралы  да  көп 
айтылады. Ол жайында «Рабғузи қиссасында» да бірнеше əңгіме бар. 
Оларда  Сүлейменнің  жастығына  қарамай  ақылдылығы,  білімділігі, 
əкесінің қате билігін түзеткені айтылады.
Екі  кісі  дауласып  Дəуіттің  алдына  келеді.  Біреуі: «Менің  егініме 
қойларын жіберіп, егінімді жегізді»,— деп екіншісін қаралайды. Дəуіт 
егіншіге: «Сен астығың үшін қойын ал»,— деп билік айтады. Қойшы 
егіншіге қойын бермейді. Екеуі бұрынғыдан жаман дауласып, Дəуітке 
тағы келеді. Сүлеймен айтты: «Ай, ата, бұл билігің дұрыс емес. Одан 
да  егінші  қойшының  қойын  алып,  суалғанша  сүтін  ішсін.  Қойшы 
егіншінің бидайын алып, егіні піскенше иелік етсін»,— деді. Бұл сөзге 
қойшы да, егінші де риза болды.
Енді бір əңгімеде: Бір кісінің сұлу əйелге көзі түседі. Əйелді алғысы 
келеді, əйел көнбейді. Еркек: «Егер көнбесең, куə табамын да, маған 
зина  қылды,  алдады  деп  қазыға  алып  барамын»,—  деп  қорқытады. 
Əйел оған да көнбеген соң, əлгі кісі бірнеше кісіні куə қылып, əйелді 
алып, Дəуіттің алдына келеді. Арыз айтады. Дəуіт: «Куəң бар ма?»—
дейді. Еркек куəларын көрсетеді. Олар қоштайды. Дəуіт əйелді жазаға 
бұйырады. Сонда Сүлеймен: «Ата, асықпай тұра түр, мен куəлармен 
сөйлесейін»,— дейді. Куəларды бір-бірлеп оңаша шақырып алып: бұл 
оқиға күндіз болды ма, кешке болды ма, сыртта ма, үйде ме деп сұрайды. 
Біреуі  күндіз,  біреуі  кешке,  бірі  сыртта,  бірі  үйде  деп  əрқайсысы  əр-
түрлі жауап береді. Өтірік екенін содан білген Сүлеймен, куəлар мен 
арыз айта келген кісіні жазаға бұйырып, əйелді қоя бергізеді.
Сүлеймен  патша  туралы  бір  хикаятта  Сүлейменді  сөзбен  жеңген 
құмырсқа  туралы  баяндалады.  Бір  күні  қүмырсқалардың  патшасы 
Сүлейменнің  қаптаған  əскермен  келе  жатқанын  көріп,  басқа 
құмырсқаларға  інге  тығылуға  бұйрық  береді  де,  өзі  күтіп  тұрады. 
Сүлеймен мұны көріп күледі:
— Құмырсқаларды неге қашырдың?—деп сұрайды.
Құмырсқа:
— Сенің əскерің аяғымен таптап, езіп кетпес үшін,— дейді.
— Онда өзің неге қашпадың?—деп сұрайды Сүлеймен. 
Құмырсқа:
—  Мен  құмырсқалардың  басшысымын.  Бұқарасы  бір  пəлеге 
жолыққанда  басшысы  жан  сауғалап  қашпас  болар,—  деп  жауап 
береді.
Сүлеймен  құмырсқаның  ақылдылығына  таң  қалып: — Мұның 
бəрін қайдан үйрендің?— дейді. 
— Дүние-ғаламның бар ғылымы сенің жалғыз өзіңде деп ойлайсың 
ба, сен білген ғылымды біз де білеміз,— дейді.
—He  түрлі  ғылымың  бар?  Айт,  көрейін.  Құмырсқа  Сүлейменнің 
өзінен:
— Сенің қандай қасиетің бар?— деп сұрайды.
— Барлық билік бір менің қолымда,— дейді. Құмырсқа:
— Онда тек «маған болсын, өзгеге болмасын» деген адам екенсің. 
Саған жаратқан тағы қандай қасиет берді?— дейді.
— Желдей жүйріктікті берді. Бір күнде бір айшылық жол жүремін.
Құмырсқа:
— Онда жиғаның желмен кетеді екен. Тағы не тіледің? Сүлеймен:
— Тақ сұрадым. Құмырсқа:
—  Отыруыңа  жер  де  жетпейтін  бе  еді?  Тағы  не  сұрадың? 
Сүлеймен:
— Жер жүзіндегі адам да, жын да қол астымда болсын деп жүзік 
сұрадым.
Құмырсқа:

56
57
—  Жүзігіңнің  құны  бір-ақ  тас  болады  (бір  теңге  ақша).  Сенің 
билігіңнің құны да бір-ақ тас екен... — депті.
Сөйтіп  құмырсқа  «менен  білімді  жоқ»  деп  жүрген  Сүлейменді 
сөзбен жеңіпті.
Бір  кісі  Сүлейменге  келіп: «Жануарлардың  тілін  үйрет»,—  деп 
өтінеді. Сүлеймен «Ешкімге айтпасаң, үйретемін»,— дейді. Үйретеді. 
Ол  адам  тіл  үйреніп  болған  соң,  үйіне  келіп,  құлына  есек  пен  өгізді 
бір  жерге  алдыртады,  сөйтіп  екеуінің  сөзін  тыңдайды.  Есек  өгізден: 
«Достым, халің нешік?» — деп сұрайды. Өгіз: «Несін сұрайсың, халім 
жаман, жұмысты көп істеймін»,— дейді.
Есек: «Мен саған бір айла үйретейін, тыңда, жұмыстан құтыласың,— 
дейді.— Ертең саған шөп берсе, жеме, су берсе ішпе, жатып ал, діңкесі 
құрыған екен деп жұмыстан босатады».
Мұны естіген иесі құлына: «Ертең мына есекті əбден жұмысқа жек, 
өгізді  босат»,—-  дейді.  Сол  күні  өгіз  шөп  жемей  жатып  алады.  Есек 
кешке  дейін  өліп-талып  жұмыс  істейді.  Кешке  өгіз: «Достым,  қожам 
бүгін  мені  əңгімеледі  ме?»—  деп  сұрайды.  Есек: «Əңгімеледі,  егер 
өгіз ертең су ішіп, оттап, жұмысқа салуға жарамаса, оны сойып, етін 
үлестіріп  беремін  деп  ұрысты»,—  дейді.  Өгіз  қорқып  кетеді.  Салған 
шөптен өз сыбағасын да, есектің сыбағасын да жеп қояды. Жұмысты 
жанын  салып  істейді.  Содан  былай  жұмысқа  өгізді  салатын  болады. 
Есек, сейтіп бейнеттен құтылыпты.
Сүлеймен жайлы ертегілер, аңыз əңгімелер қазақ арасында едəуір 
кездеседі.  Олардың  кейбіреулері  Қазақ  КСР  Ғылым  академиясы 
Орталық  кітапханасының  қолжазба  қорында  сақталған: «Сүлеймен 
патша»
1
, «Тақ Сүлейменнің хикаясы»
2
, «Сүлеймен пайғамбар»
3
.
 Бұл сияқты мысал əңгімелерде жан-жануарлардың, жанды-жансыз 
нəрселердің  бір-бірімен  сөйлесуі  арқылы  түрлі  мінез-құлықтары 
ашылады.  Олардың  айлакерлігі,  ақылдылығы,  мақтаншақтығы, 
момындығы  көрсетіліп,  адам  бойындағы  қылық-қасиеттерге  тəн 
мінез-құлықтар  тұспалданып  отырады.  Фольклорда,  қазіргі  жазба 
əдебиетімізде  мол  тараған  ертегі,  мысал,  əңгіме,  өлеңдердің  терең 
тамырлары, міне, осындай үлгілер деуге болады. Осы сияқты «От пен 
жердің» айтысы да тəрбиелік мəні бар əңгімелердің қатарына жатады:
1
 202-папка. Ертегі. Тапсырған Ə. Марғұлан.

203-папка. Ертегі. Тапсырған Ж. Жантөбетов. 1945 ж.
3
 923-папка. Ертегі. Тапсырған Ж. Жантөбетов.
 От: «Менің нұрым түнді күндіз қылады, дұшпандарымды егессем 
— өлтіріп өш аламын, ұзын тіліммен ағаштарды өртеп күл қыламын»,— 
деп мақтанады. Сонда жер: «Мен адамдардың ауырлығын көтеремін, 
қазына да, су да, тау да менің қойнымда. Адамдарға ырзық беремін. Бір 
дəн ексе, он қылып, жүз дəн ексе, мың қылып қайтарамын»,— дейді. От 
жауыздық істеріне мақтанса, жер қайырымдылығын мақтан қылады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет