Қазақстандықтар соғыс майдандарында
Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы,
7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар
жасақталып,
майданға
аттандырылды.
Қазақстан
территориясында
жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап
жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста
қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Москва бағытындағы негізгі
жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған
316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен
теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жауынгерлері
жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады.
Москва түбіндегі шайқаста әсіресе саяси жетекші В.Г. Клочков басқарған
бөлімше – 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан
ерлік көрсетті. 1941 ж. 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық деген атақ
беріліп, кейінірек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, ал Риганы жаудан азат
еткені үшін екінші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Бұл шайқаста
ерлік танықтан 28 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Сонымен бірге Волоколамск түбінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан
талантты қолбасшы, қаһарман командир И.В.Панфиловке Кеңес Одағының
Батыры атағы берілді.
Панфиловшы аға лейтенант Б.Момышұлы Москва түбіндегі шайқаста өз
батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы
полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының
командирі болып жүріп аяқтады. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің
“Волоколамское шоссе” повесі Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы
ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі
өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы еліміздің Президенті Н.Ә.
Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы
берілді.
И.В.Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан М.Ғабдуллин
1943 ж. Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. М.Ғабдуллин бастаған
жауынгерлер Бородино селосын жаудан тартып алып, 7 сағат бойында
ерлікпен қорғады. Шайқас нәтижесінде немістер шегінуге мәжбүр болды.
Москва түбіндегі шайқастарда Т.Тоқтаров, Р.Жанғозин, Р.Елебаев және т.б.
қазақстандықтар асқан ерлік танытты. Бұл шайқасқа қазақстандық 238-ші
дивизия, 19-шы атқыштар бригадасы да қатысты.
“Барбаросса” жоспары жүзеге аспағаннан кейін 1942 жылы Германия
Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдады. Бұл
жоспар бойынша фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып
алуға бағыттады. Сталинград пен Кавказды басып алу операциясына
фашистер құпия дайындалып, оған “Блау” деген ат қойды. Фашистер бұл
жерлерді жаулап алуға үлкен мән берді. Өйткені фашистерге басып алған
мемлекеттер территорияларынан мұнай тасу қолайсыз болғандықтан, Кавказ
мұнайына үлкен үміт артты. Тағы бір себеп – фашистер Кеңестер Одағының
Қара теңіздегі порттарын басып алып, одақтастары – Англия, АҚШ-пен
байланысын үзуді көздеді. Сонымен қатар Сталинград қорғаныс
өнеркәсіптері көп шоғырланған шикізат көзіне бай орталық болды.
Сондықтан фашистер бұл бағыттағы соғыс қимылдарының сәтті аяқталуына
үлкен мән берді.
Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинград бағытына 42 дивизия,
тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизия аттандырды. Күш тең болмады.
Өйткені кеңестік қолбасшылар жау шабуылын Москва бағытында күтіп,
негізгі әскери күшті осы бағытқа шоғырландырды. Өйткені ”Блау” бойынша,
Кеңес барлаушыларын жалған жолға түсіріп, шабуыл Москва бағытында
қайта жанданады деген ақпарат таратылған еді. Сталинград бағытындағы
шайқастарға төмендегідей қазақстандық әскери құрылымдар қатысты: 292-
ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар
бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72
гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар
бригадасы. 3-ші атқыштар бригадасы Сталинград түбідегі шайқаста 5 мың
фашисті жойып, 3 мың фашист офицері мен жауынгерлерін тұтқынға алды.
Сонымен бірге, бұл шайқасқа 81-ші атты әскер дивизиясы, 152-ші атқыштар
бригадасы, 129-ші миномет полкі мен 196-ші жеке көпір құрылысы
батальоны қатысты.
1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында
болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н.Әбдіров өзінің оқ тиіп
өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен
бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сыпатаев пен
Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы
батыры атағына ие болды. Сталинградта қаланы жаудан қорғауда ерлік
танытқан қазақстандықтар құрметіне “Казахстанская” аталған көше бар.
Бірнеше айға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдын басында жаудың
жеңілуімен аяқталды. Сталинград шайқасы барысында Кеңес Армиясы
екінші дүниежүзілік соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосты.
1943 жылы фашистер Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа
операция жоспарлады. Бұл операцияға “Цитадель” деген ат беріп, жан-жақты
дайындалды. Осы жылы Германияның әлсірегенін сезген бұрынғы
одақтастары бастапқы міндеттерінен бас тартып, дүниежүзілік соғыстан
шығу жолдарын іздеу үстінде болды. Сондықтан Германия бұл операцияның
сәтті аяқталуына бар күшін салып, одақтастарын сақтап қалуға тырысты.
“Цитадель” операциясына фашистер 900000 әскер қатыстыруды жоспарлады.
Шайқасқа іріктелген фашистік дивизиялар: “Рейх”, “Ұлы Германия”,
“Фикинг”, “Адольф Гитлер” және т.б., барлық танктердің 70%, барлық
ұшақтардың 65% тартылды. 5-ші шілдеде басталған Курск шайқасы шілденің
аяғында кеңестер әскерінің жеңісімен аяқталды. Курск иіні мен Днепр
шайқастарына көптеген қазақтандық әскери құрылымдар қатысты. Тек Курск
иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ұлы Отан соғысы Батыры
атағына ие болды.
1944 жылы Германияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі
жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағы бақылауға алды. Осы жылы Кеңес
үкіметі “Берлин” операциясын бастайды. Бұл операцияның мақсаты – неміс
фашистерін Кеңестер Одағы територриясынан қуып, Еуропа мемлекеттерін
жаудан азат ету болды.
“Достық көмек” идеологиясын жамылған Кеңестер Одағы болашақта
азат еткен мемлекеттер саясатына араласуды, тіпті кейбір мемлекеттерді өз
бақылауында ұстауды көздеді. Өйткені басты жауы – Германияны
жеңгеннен кейін, Кеңестер Одағы әлемдік билікке талпынып, социалистік
мемлекеттер жүйесін құруды жоспарлады.
Шығыс Еропаны жаудан азат етуде қазақстандықтар үлкен ерлік
көрсетті. Шығыс Пруссия территориясын азат етуде көрсеткен ерліктері үшін
20 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар –
В.А.Андреев, Л.И.Беда, П.Т.Брилин, Т.К.Абилов, В.Г.Козенков, И.И.Корнев,
И.В.Кутурга және т.б.
Словакия территориясын жаудан азат етуге 4-ші Украина майданы
құрамында қазақстандық 8-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Майданда
көрсеткен ерліктері үшін 8-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 62-ші
артиллериялық Карпат полкі Қызыл Ту орденімен, 151-ші Карпат полкі 3-ші
дәрежелі Кутузов орденімен, 310-шы атқыштар полкі 3-ші дәрежелі Суворов
орденімен марапатталды.
72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары Венгрия, Оңтүстік
Чехия, Австрия территорияларын жаудан азат етуге қатысты. Австрия
астанасын жаудан азат етуде алматылық Пупков М.А. Кеңес Одағының
Батыры атағын алды. Сонымен қатар Австрияны азат етуші 105-ші
гвардиялық дивизия жауынгерлері: А.Мудрагель, Г.Сливных, Ж.Аминов
қаһармандықтарымен көзге түсті.
Прага операциясына 118, 88, 314, 8-ші атқыштар, 72-ші гвардиялық
атқыштар дивизиясы қатысып, бұл операцияда 992-ші алматылық авиация
полкі асқан ерлік көрсетті. Бұл полк екінші дәрежелі Б.Хмельницкий және 3-
ші дәрежелі Суворов ордендерімен үш мәрте марапатталды. 992-ші полк
7642 рет жауға шабуыл жасап, 816 бомба тастап, 3 ұшақты, 19 зенитті
батареяны, 1000 автомашина, 2 көпірді және т.б. жойды. Прага операциясы
барысында 52-ші армия құрамындағы алматылық 556-ші эскадрилия
ерлікпен көзге түсті. Бұл эскадрилия тұтқиылдан 4050 шабуыл жасап, 2350
мәрте жау территориясын бомбалаған. Құрамындағы 14 адамның 10-ы үкімет
тарапынан марапатталады.
Чехословакия жерін азат етуге келген қазақстандық ұшқыштар 2, 8, 5-ші
әуе армиясының бөлімдерінде жаумен шайқасты. Шайқастардағы ерлігі
үшін С.А.Батеньков пен П.Ф.Железняков соғыстан кейін Кеңес Одағының
Батыры атағына ие болады. Ұшқыштар: Т.Я.Бигелдинов, И.Павлов,
С.Д.Луганский және Л.И.Беда 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын
иеленді. Олардың қатарын 56 жыл кешігіп барып, 1941 жылдың 26-шы
маусымында, соғыстың бесінші күні-ақ аты аңызға айналған батырлық
капитан Гастелло экипажының ерлігі емес, капитан А. Масловтың
экипажынікі екендігі айқындалып, осы экипаж құрамындағы Б. Бейсекбаев
1998 жылы Ресей Батыры атағын алып, толықтырылды.
Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар
дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын
алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше
шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік
танытты. Айтпенбет Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен
келеді. Соғыстан кейін Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде
қойылды. Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп,
Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери
комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы,
Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған
арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы
күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы
бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі
медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі
әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару
алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан
даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы –
Х.Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер
авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте
әуеге көтерілді. 2004-ші жылы Президенттің жарлығымен Х.Д.Доспановаға
Халық Қаһарманы атағы берілді. Сафарбекова Жауһария Насырқызы
Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, Ленинград
майданында аса ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-
жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта арулары Курск иініндегі шайқасқа
қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды.
Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене
қатысты. 1941 жылы КСРО ОАК мен БКП(б) ОК-нің 1941 жылдың 29
маусымындағы дерективасында жау басып алған территорияларда жау
армияларының бөлімшелерімен күресу үшін партизан отрядтарын құру
көзделді. Осы жылдың 18 шілдесінде БКП(б) ОК “Германия әскерінің
тылында күрес ұйымдастыру” туралы қаулы қабылдап, партизан қозғалысын
ұйымдастырды. 1941 жылдың жазынан бастап жау тылында жабдықтала
бастаған партизан ұйымдары құрамындағы жауынгерлер саны 1943 жылдың
соңында 1 миллионға жетті. 1942 жылдың мамырында Қызыл Армия мен
партизан қозғалысының ұштасуын қадағалайтын Орталық, кейінірек
республикалық және облыстық партизан қозғалысы штабтары құрылды.
Енді партизан қозғалысы қатарында жаумен шайқасқан қазақстандықтар
құрамына
тоқталайық.
Украина
территориясындағы
партизан
бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Атап айтсақ,
М.И.Шукаевтың партизан отряды құрамында 79 қазақ, Ұлы Отан соғысының
Батыры С.А.Ковпактың партизан отрядында 70 қазақстандық болды.
Ленинград облысы территориясындағы партизан бірліктері құрамында 220,
ал Белоруссия территориясында 1,5 мыңға тарта қазақстандықтар жаумен
шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты.
Мысалы, 1941 жылы Киев облысы, Македон селосында жасырын партизан
орталығы құрылады. Бұл орталыққа соғысқа дейінгі жылдары Павлодар
облысында оқытушы қызметін атқарған Қасым Қайсенов коммунистік
жолдамамен жіберіледі. 1942 жылы Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан
отрядтарының командирі сайланып, Украина территориясында жаумен
шайқаста үлкен ерліктер көрсетті. Қ.Қайсеновпен қатар Украина
территориясында
Қарағанды
облысынан
Д.И.Сагаев,
Талдықорған
облысынан П.С.Шленский, Қызылордадан – Байдаулетов, Шымкент
облысынан – Ж.Омаров, алматылық – А.С.Егоров және т.б. қазақстандықтар
әртүрлі партизан құрылымдары қатарында шайқасты. Отанын қорғаудағы
асқан ерлігі үшін Қ.Қайсеновке “Халық Қаһарманы” атағы берілді.
Белоруссия территориясын жаудан азат етуге де қазақстандық
партизандар үлкен үлес қосты. Тек 1941 жылы Брест облысындағы
Старосельск орманында 9 қазақстандық партизан жаумен шайқасты.
Белоруссия территориясында ерлікпен шайқасқан отандас партизандар:
Ф.Озмитель,
Ғ.Омаров,
Н.Қайсеитова,
Н.Салықов,
Х.Исмағұлов,
Н.Сыдыкова, М.Стрельников, И.А.Булаев, И.Данияров, И.А.Ерещенко,
К.Темирханов, Е.Балабеков, Т.Жұмабаева және т.б. Смоленск облысында
құрылған партизан бірлестіктерінің құрамы 45 ұлт өкілінен тұрды. Соның
ішінде 2-Кляжнянск партизан бригадасында 19, С.Лазо атындағы партизан
полкінде 40, ерекше партизан бірлестігі “Тринадцать” құрамында 48
қазақстандық болды. Смоленск облысында қазақстандық партизандар
А.Шарипов, Ж.Агадилов, И.Өтебаев, М.Мұқанов, А.Төлегенов, Қ.Ахметов
және т.б ерлікпен көзге түсті.
Жаумен шайқаста көрсеткен ерліктері үшін қазақстандық партизандар әр
түрлі мемлекеттік марапаттарды иеленді. А.С.Егоров пен Ф.Ф. Озмительге
Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстың кейінгі жылдары орталық партизан штабының шешімімен
тәжірибелі партизандарды шетел мемлекеттері территориясына аттандырды.
Оларға партизан отрядтарын ұйымдастыру тапсырылды. Осы мақсатпен
Қ.Қайсенов Румыния мен Чехословакияны, ал А.С.Егоров Словакияны,
С.О.Төлешов, Н.Супронов, Сарсенгалиев, А.Г.Акимин – Польшаны жаудан
азат етуге ат салысты. Жүздеген қазақстандық соғыс тұтқындары Франция,
Италия, Бельгия, Югославия, Греция және т.б. Еуропа мемлекеттері
халықтарының азаттық күресіне белсенді қатысты. Соңғы мәліметтерге сай,
тек Франция, Бельгия, Италия территорияларындағы партизан құрылымдары
қатарында 180 қазақстандық болған.
Соғыстың алдында Розенберг идеясы бойынша, Қазақстан, Орта Азия,
Солтүстік Иран, Ауғанстан территорияларын біріктіріп ислам пан-түріктік
“Гросс Туркестан” немесе “Пантуркестан” мемлекетін құру көзделеді.
Бірақта “Гросс Туркестан” идеясы жүзеге аспады. Оның орнына рейх 26
жаяу батальон, 111 рота және жүк тасушылар колоннасынан түратын
Түркістан легионын құруды жоспарлады. 1942 жылы құрылған Түркістан
легионы құрамында неміс әдебиеттерінде 1 миллион, тарихшы Раух 650 000
адам, ал қазақстандық мамандар 180 000 - 250 000 адам болған деген мәлімет
береді. Түркістан легионын қолдаушы қазақ зиялысы – М.Шоқай Түркістан
легионы құрамындағы әскери құрылымдарды қажет деп таппаған. М.Шоқай
фашистер лагерінде зардап шеккен жандарды қайтадан майданға жіберу
адамгершілікке
жатпайды,
керісінше,
оларды
Германия
зауыт-
фабрикаларына жіберіп, болашақ Түркістан мемлекетіне маман-кадрларды
даярлау идеясын ұсынады. Өкінішке орай, М.Шоқай 1941 жылы 27
желтоқсанда қайтыс болып, бұл идеясы жүзеге аспайды. Фашистер Түркістан
легионы құрамындағы бір батальонды 1942 жылы алғаш рет Воронеж
майданы маңында қызыл Армияға қарсы соғысқа қатыстырады. 193 легионер
соғыспай Қызыл Армия жағына шығып кетеді, ал батальон басшысы Бақыт
Байжановты фашистер тұтқындайды. Өйткені легион құрамына әскери
тұтқындардың басым бөлігі фашистік концлагерлерден шығу мақсатымен
ғана кірген. Олардың көбі жергілікті партизандармен байланысып,
фашистерге қарсы партизан қозғалысы құрамында соғысады. Майданға
түскен жағдайда Қызыл Армия жағына өткен. Өкінішке орай, бұл жағдай
ескерілмеген. Отанында олар “РКФСР Қылмыстық істер кодексінің” 58-1 б,
58-3, 58-9, 59-10, 58-11 баптарымен жазаланып “сатқын” деген лақапқа ие
болып, үрім-бұтақтарына дейін қудаланды. Француз тарихшысы Клод
Дельпла түркістандықтар партизандық қозғалыстарға көптеп тартылып,
үлкен ерліктер танытты дейді. Ал, неміс тарихшысы Патрик фон Мюллер
олардың қиын тағдырын аяп, свастика мен қызыл жұлдыз арасында
қалғандар деген сипат береді.
Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына
тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс
жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік
тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы
құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және
Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан
жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700
мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында
қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық
қорғаныс
және
майдан
объктілеріне
тартылған.
Республиканың
мобилизациялық деңгейі тіпті Германиядан да жоғары болды, Германия
халқының
12%
мобилизацияланса,
Қазақстанда
халықтың
24%
мобилизацияланған. Мобилизацияланған халықтың 50-60% қазақ ұлтынан
еді. Қорғаныс, көмір, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары соғысқа тартылудан
босатылса, Қазақстан тұрғындары түгелімен дерлік армияға шақырылды.
Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.
Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына
байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан
оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350
мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза
тапқардардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста
қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны
көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл
пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған
орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.
Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста
қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін
қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден
астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын
қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1.Герман фашизмнің үстемдігін орнату жоспарлы туралы айтып беріндер.
Гитлеризмнің агрессиялық пиғылдарында Қазақстан қандай орын алды?
2.Қазақстандық тылда әскери-жұмылдыру жұмысы қалай жүргізілді?
3.Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына көшіру барысын қалай
түсінесіңдер?
4. Сталинград шайқасы кезеңінде қазақ КСР-і қандай роль атқарды?
5. Сталинградтық батырлар жайында айтып беріңдер. Олар жасаған ерліктің
адамгершілік мән-мағнасы неде деп білесіңдер?
6. Соғыс жылдары ауыл шаруашылығының төмендеу себептерін атаңыз.
Тақырып: Қазақстан соғыстан кейінгі жылдарда (1946-1953 жж.) – 2
сағат
1.
Соғыстан кейінгі республикадағы әлеуметтік-экономикалық және
қоғамдық-саяси ахуал
2.
Қазақстан экономикасын бейбіт өмірге лайық қайта құру. Индустриялық
даму. Ауыл шаруашылығының жағдайы.
3.
Елде саяси қуғын-сүргіннің жалғасуы. Лагерлік жүйенің қалыптасуы.
«Бекмаханов ісі».
Дәріс мақсаты: Жаңа оқу материалымен таныстыра отырып, білім білік дағдыларын
қалыптастыру.
Соғыстан кейінгі республикадағы әлеуметтік-экономикалық және
қоғамдық-саяси ахуал
Соғыстан кейінгі жылдары Кеңестер Одағында экономикалық саясатты
жаңартып, жаңа экономикалық даму жолына түсу мәселелері төңірегінде
әртүрлі
пікірлер
айтылды.
1947
жылға
дейін
Сталин
халық
шаруашылығының даму бағытына байланысты дәйекті шешім қабылдамады.
Ұлы Отан соғысының аяқталуымен Кеңестер Одағы мен Батыс мемлекеттері
арасында орын алған алшақтық Сталиннің соғыстың алдыңғы жылдары
қалыптасқан экономикалық жүйені қалауына әсер етті. Ендігі жерде кеңестік
басшылар социалистік экономиканы нығайту негізі ретінде бірнеше
бағыттарды белгіледі. Олар: ауыр өнеркәсіп, әскери өнеркәсіп комплексін
дамыту; Одақтық республикалар экономикасын орталықтан басқару;
еңбеккерлердің еңбек етуге ынтасын арттырудың орнына мәжбүрлеу
әдістерін қолдану.
Соғыстан кейін 1946-1953 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы
үшін аса бір ауыр кез болды. Соғыстан кейін елімізде қалыптасқан орасан зор
қиыншылықтарға, әсіресе ауыл шаруашылығында болған орасан зор
қиыншылықтарға қарамастан, кеңес халқының әл-ауқаты бірден-бірге
жақсара берді. 1947 жылғы желтоқсанда елімізде бұрыннан қолданылып
келген, халықты азық-түлікпен мөлшерлі қамтамасыз ететін карточкалық
жүйе жойылды. 1947 жылғы ақша реформасының нәтижесінде сомның сатып
алу қөбілеті едәуір жоғарылады. Нан және наннан жасалған өнімдердің,
еттің, сүттің, өнеркәсіп өкімінің бағасы арзандады. Кооперативтік сауданың
дамуы нәтижесінде базар бағазы да төмендеді. Төртінші бесжылдықта жалпы
алғанда баға үш рет арзандатылды. Сомның сатып алу құнының көтерілуімен
қатар еңбекшелердың жалақысы да өсті.
Достарыңызбен бөлісу: |