Ата-салтты сақтау
«Істің басы – кездесу де, сөздің басы сәлем» - десе,
Осы ата-салтты мен де сақтап келемін.
Адамшылық иісі бар жеткіншектер кез келсе,
Келгенінше қолымнан мен де демеп жүремін.
Мен өзі бақыттымын
Бақыттымын деп санаймын өмірде мен өзімді,
Себебі, достарым бар санасатын, тыңдайтұғын сөзімді,
Қалт жібермей тап басып, ұғатұғын қабақтан
Байқайтұғын қылп еткен, бойымдағы сезімді.
Туысым бар, қаза болса қаралы, бірге тұрып жылайтын,
Ағайын бар, қырын кетсе дүние, халімді кеп сұрайтын,
Жамағайын-жекжаттар бар, бөлісетін барлығын,
Жеңілдетіп жарамды, қолпаштайтын, қолдайтын.
Жаны жайсаң жандар бар, күліп есік ашатын,
Алыс кетіп кешіксем, сабыр сақтап тосатын,
Ақыл қосар жанашырлар бар, жаны ашып
Ашуланып, артық кетсем, сабама сап басатын.
Ұрпақтарым бар, бәйгеге баптап қосатын,
Келе ме деп сол бәйгеден дәмеленіп тосатын,
Ұл-қызым бар, үміт күткен қабілетті, талапты,
Жеңістерін көргенде көңілім шалқып, тасатын.
Адалдық пен парасатты қатар ұстар жарым бар,
Жарымменен жарасып айтатұғын жырым бар,
Отбасымда оттай ыстық ықылас пен жарасым,
Қолтықтасып, құшақтасып қатар жүрер сәнім бар.
Қайғыменен қуанышта да табылатын қасымнан,
Бірге өткізген бар өмірін бала кезгі жасынан,
О, Сыңарым! Тағдырдың қосқан сиы ма едің сен
Жарқырай бер, жаралғансың асылдың нақ тасынан!
Көңіл
Тынши алмай жүремін, жерге сыймастай кей мезетте,
Дауыл күнгі шарқ ұрған шағаладай көл бетінде,
Дабыл тілеп сен көңілім қайда мені бастадың?
Сабыр етші, сабаңа түс, тыныштықты қостадым.
Жар керек
Қыранға самғауға қанат керек,
Тұлпарға шабатын тұяқ керек,
Мәнді де, сәнді де өмір үшін,
Шарықтап биікте тұру үшін,
Адамға қалаулы жар керек.
Ақ таңды сырласумен атыратын,
Түніңді ләззатқа батыратын,
Күніңді шуаққа толтыратын,
Кешіксең елегізіп күтіп отыратын,
Адамға сүйікті жар керек.
Халіңді қабақтан айтқызбай сезетін,
Қиындық кезіксе шыдайтын, төзетін,
Жеңісіңе балаша мәз болатын,
Қашан да өзіңмен бір болатын
Адамға ақылды жар керек.
Барыңа қанағат ете алатын,
Жоғыңа шыдап төзе алатын,
Барыңды өз әлінше асыратын,
Жоғыңды жария етпей жасыратын,
Адамға ұлағатты жар керек.
Досыңа күлкі, қасыңа таба қылмай,
Жанұяңның береке-бірлігін арттыратын,
Қызыңды – ибалы, ұлыңды – ер азамат қып,
Тәрбилеп, қатарға қосысатын,
Адамға парасатты жар керек.
Қиындықта тірек болар иық керек,
Жаныңды ұғар, жылу сыйлар жүрек керек,
Қуаныш пен қайғыңды тең бөлісетін,
Қатар жүрер қасыңда жанашыр боп,
Адамға аяулы жар – серік керек.
Қабағыңнан сезіміңді түсінетін жан керек,
Жан дүниеңді жадыратар мән керек,
Тербететін бесіктей тәтті қиял, ой керек,
Шаршағанда тәніңе дем алатын жай керек,
Адамға анаңдай мейірбан жар керек.
Достарыңызбен бөлісу: |