Өмірден алынған өнгелі әңгімелер
1
Ақсақ Темірдің астамшылығы:
«Жаһан деген не нәрсе?
Алақанның ауданы!
Бір ауданда көп тәңірі
Болудың тіпті жоқ сәні.
Тәңірі – көктің тәңірісі,
Күңіренсін, көгін билесін.
Жер тәңірісі Темірмін!
Жеріме тәңірі тимесін.
Көк тәңірісі – тәңірінің
Тұқымы жоқ, заты жоқ.
Жер тәңірісі Темірдің
Тұқымы – түрік, заты – от!»
2
Тобықты Құнанбайдың астамшылығы:
Шежіре қарт Бекен Исабаев өзінің «Ұлылар мекені» атты кітабында, Құнанбай ұрпағының билік тізгінін уысында ұзақ жылдар ұстағаны туралы: «Жұрт аузында: Құнанбайдың тұқымы кісі бар екенін Күнту болыс болған соң, ал Құдай бар екенін Оспан өлген соң білді» деген сөз қалған деп жазды.
3
Абыралы атауы – Абылай заманында, Жоңғар ханы Доржінің батыры Ақдауылдан мерт болған Абыр мен Әлі батырлардың атына қойылса керек.
4
Баяғы заманда мархабаты мол патша ашу үстінде өзінің қарамағындағы қызметкерлерінің бірін жазықсыз өлім жазасына бұйырыпты дейді. Бір күнгі жарық дүние кімге болса да қымбат қой. Соны қимай бара жатқан әлгі пақыр:
-Әй, патшам, менің айыбым, менің ғұмырыммен бітеді. Ал, сенің айыбың мен өлген соң басталады – депті. Ұтымды сөзден ұтылған патша, құлына кешірім жасаған екен дейді.
5
Жақсы мен жаманның айырмасы – сиыр мен жыланның айырмасындай. Бірі – жеген тамағын сүтке, ал екіншісі уға айналдырады.
Үнді халқының мақалы.
6
«Қарындас» - деген сөздің мағынасы: бір қарыннан шықтық, туыс-бауырмыз деген ұғымды білдіреді.
7
«Бидай» - деген араб сөзі. Мағынасы: «бәрінің негізі, басы» - дегенге саяды.
Сондықтан да халық:
Жабықта жарты күлше нан тұрса, егер оған қолың жетпесе, аяғыңның астына құран қойып алуыңа болады, ал егер жабықта құран тұрса, оған қолың жетпесе, аяғыңның астына нанды қойып алуға болмайды – деп өсиет айтқан.
Достық туралы
1
Досың емес тойдағы табақтасың,
Бас бүтінде отырар мадақтасың.
Досың сол, кім қол берсе қамыңды ойлап,
Басыңа күн туғанда, сорың қайнап.
2
Көретін көп достарды жайшылықта,
Неге мен көрмей жүрмін жамандықта?
3
«Шын достық тар кезең, талма тұста сыналады» - деген сөз, сүзгіден сүзіліп өткен шындық.
4
Сенің жақсылығыңа мерейі өсіп қуана алмаған, жамандығыңа жаны ашып күйзеле алмаған жандарды достардың қатарына жатқызуға болмайтындар санатындағылар.
4
Достық пен махаббатта сауда жоқ.
Сөз өнері жайлы
1
Сайын далада не жүйрік? Тұлпар жүйрік, тіл жүйрік. Тұлпар мінген қазақ тіліне де сенген. Өмір сүрудегі бұлар қазақтың қос тірегі болған.
2
Кейде сақтықтың шарасын сақтағандықтан, ал кейде сөздің салмағын ойлағандықтан да тіліңнің ұшында тұрғанды түгел айта бермейсің.
3
Бал тамғандай тіл мен кестелі сөзге сүйсінбейтін жан болмас. Дүниені бүтіндейтін де, бүлдіретін де – сөз.
4
Сөз алғанымыз бұлданбай тұрсақ,
Сөз тимегеніміз тұлданбай қойсақ, қайтеді?
5
Шешендік – сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде, айтар уақытын анықтауда, сөздің ырғақ-үйлесімін үйлестіруде, дауыстың диапазонының мимикамен сәйкес келуінде, т.т. Бұның бәрін игере білген жанның әр сөзі алтын. Жалғанда не терең, не сұлу, не өткір? Сөз. Тек қана сөз. Оның бұл қасиеттерін адам адам болғалы пайдаланып келеді. Бірақ әлі ешкім де шегіне жете алған жоқ. Не деген шексіздік, не деген керемет, ғажап дүние десеңізші!
6
Жаратқан Иенің көп құдіреттерінің бірі – адам дауысы. Бүкіл адамзат баласында алты түрлі дауыс бар. Оның: үшеуі әйел дауысы – сопрано, меццо-сопрано, контральто, үшеуі еркек дауысы – тенор, баритон, бас.
Бұлардан басқа, яғни жетінші дауыс жоқ. Осы аталған алты дауыстар бар болғаны жеті нота көлемінде дыбыс шығарады, ән шырқайды, яғни сегізінші нота жоқ.
Сонда осы алты дауыс, осы жеті нотадағы құбылыс – комбинациясының санына адамның ақыл-ойы жетіп болмайды екен-ау.
Бұл туралы А.С.Пушкиннің: «Сөздің қуаты сарқылғанда музыка басталады» - дегені содан болса керек.
7
Бір ауыз сөз кейде жоқты түгендейді, ал кейде бүтінді бөліп бүлдіреді.
8
Ақылды – сөздің қалқып қаймағын айтады.
Ақымақ – мыжып қай-қайдағыны айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |