Осындай қиын да қызық, тағдыр Хан батыр Қабанбай тағдыры.
«Қазақта батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, үйсін Төле биден асқан би жоқ» - деген пікір бар.
«Қабан – түркі тілінде арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деген ұғымда айтылады екен.
Мәшһүр Жүсіп.
Байыс бидің Боғас өзені бойында жұтқа ұшырауы және оны Тоқтар қожаның құтқаруы жөніндегі аңызға негізделінгенде, Қабанбай Қазақстанның Ақсуат – Аякөз өңірінде дүниеге келеді. Туған әкесі Қожақұл батыр. Арғы әкелері Байжігіт, Тоқтар қожалар Орта Азияға билік жүргізген ханның ұрпақтары екен.
«Ақтабан шұбырынды» басталғанда Қабанбай 32 жасқа шыққан болатын. Жоңғарларға тойтарыс, соққы беру ұрыстарының барлығында қазақ қолын Қабанбай батыр басқарады. Қабанбайдың хан Қабанбай, Дарабоз атануы Аңырақай, Шаған, Қоңыр әулие сияқты шешуші шайқастардағы қолбасшылық, қамал бұзған ерліктеріне байланысты. Бабамыз 79 жасында дүниеден өтті. Жекпе-жекте Долан қараны өлтірген соң «Қабанбай батыр» атағы жайыла бастайды.
Зейнолла Сәнік. «Мұра» журналы, 32 – 436. Үрімжі қаласы.
Көп адамы қырылып, ашынған Абылай қолдағы батырларына жар салыпты: «Кімде-кім еңбек етіп, айласын тауып, осы қалмақты дәл осы үңгірден шығармай қырып беретін болса, бұдан былай қолбасылық дәрежені сол кісіге бұйырамын» - депті. Сонда Абылайға ерген көп батырлардың ішінен үздік шыққан Қаракерей Қабанбай болған еді. Күндіз-түні талмай ұрыс салып, үңгірдің аузын оқпамен көміп, қалмақты бұқтырып отырып, әлденеше күн аштықтан бұралтады. Сөйтіп, ақыры қалмақты жеңіп, Абылайдың дегеніне жеткізеді. Соның артынан жеңістің тойын жасағанда Абылай Қабанбайды қасына алып отырып: «Бар батырдан сен оздың, жеке-дара шығып озып тұрсың. Айтқаным айтқан, сертімнен шыққаным осы қайратың үшін, бұдан былайғы жорыққа қолбасы сен боласың! Және бұдан былай сенің атың Қабанбай емес, Дарабоз болсын» - депті.
20 – том. Мұхтар Әуезов.
Қабанбай батыр ауырып жатқандағы Бұхар жыраудың арнауы:
Айналайын, Қабанбай!
Жау тигенде жарағым,
Алыстан асып дау келсе.
Түрулі тұрған құлағым,
Жақыннан жарым жау шықса.
Белдеудегі пырағым,
Мың жылқыны суарған,
Төскейден аққан бұлағым.
Қабанбай ауру дегенде,
Бір құдайдан сұрадым.
Арғыннан айттым жүз кісі,
Найманнан айттым жүз кісі.
Үйсіннен айттым жүз кісі,
Алшыннан айттым жүз кісі.
Төрт жүз кісі болар ма?
Айналайын, Қабанбай,
Қара мойын ылағың.
Хан тұқымы Дарабоз батыр, қожа Қабанбайды халық, Бұхар жырау қалай жоғары бағалаған десеңізші.
Төрт жүз адамды садақа, құдайы деу бұрын-соңды тарихта кездеспеген жағдай ғой. Абылайханның бала күнінде Төле бидің түйесін бағып, «Сабалақ» атанып биге бала болғаны сияқты, Байыстың жылқысын жайып, байға бала болып өскен Тоқтарқожа Байыстың қызы Мақта сұлуды алады. Тоқтарқожаның Байысқа бала болуын орта жүз, найман шежіресін өлеңмен жазып таратқан. Байсиық – Семізнайман – Қырықмылтық Сүлеймен би Байжігіттің аталарын Тоқты Хан – Тоқтамыс Хан – Тоғыс хан – Сәйбек ханнан Тоқтарқожаға былайша тоқталады:
Сәйбек хан, Жұпар ханым дүние салды,
Қойшы аға, Тоқтар қожа, Толым қожа,
Қашып кеп Алатауды асып еді.
Бұрынғы айтылмаған мәселені,
Сүлеймен баяндайды ашып енді.
Үшінші енді айтылсын Тоқтарқожа,
Нәсілі хан баласы тегі таза.
Сол күнде ханның халқын қалмақ шауып,
Қашқын боп шабындыдан келген бала.
Қашқын боп хан баласы келген шетте,
Байысқа бала болған келген беттен.
Байыстың ақырында қызын алып,
Сұлуға Мақта апайдай қолы жеткен.
Тоқтар қожа хан баласы, ақылды, батыр. Келбетті тартымды жігіт болған. Сәйбек ханның отыз ұлының бірінен - Құлмұхаммедтен аталары тарайды. Құлмұхаммедтен Сейдахмет, Қожахмет Қазы, Ескендер қазы, Сейтакрам қожа, Сейтакрамның баласы Мақаншыда тұратын Құлмұхамметов Абрар ағамыз өзін Қаракерей Қабанбаймен аталас Байжігіттің бір бұтағымыз деп санайды. Абрар ақсақалдың ұлы Мұхтар Құлмұхаммед Тарбағатай мен Алакөл арасынан Аягөзге дейінгі атырапты мекендеген қалың елден тұңғыш шыққан тәуелсіз Қазақстанның қабырғалы министрі, қарымды қоғам қайраткері болды.
«Хан батыр Қабанбай»,
Аманжол Жақыпов, 27 – 28 бет.
Мәселен, арқадағылар Қожахан Қожаны, Алтай өңіріндегілер Керей ишанды, тобықтылар Әуез қожаны, Тәуке ханның тұсында үш жүз Мүсірәлі қожаны пір тұтқан. 1680 жылы Тұран жұртының кемеңгер басшылары Түркістан қаласында Жәңгірұлы Тәукені ақ кигізге отырғызып, хан көтереді. Мұндай үлкен мұратқа жетіп, ел ішінде тұрақты саяси мемлекеттік тәртіп, келелі басшылық орнату үшін ел бірлігі, сенім бірлігі – ислам дінінің ақ жолымен халықты ақиқатты (Алланы) тану ниетінен ауытқытпай, қан, тіл, діл тазалығын сақтап, әрбір адамның ұлттық санасын нұрландырып, ізгілікке, имандылыққа бастап отыратын дін орталығына басшы Әзірет (Пір) сайлау керек болады. Тәуке ханның билігін, тәртібін мойындайтын бес арыс Тұран жұртының билері ұсыныс жасайды.
Қазақ елінің ұлы жүзі өздерінің имамы Айқожаны, Орта жүз Шортанбай қожаны, Кіші жүз Мүсірәлі қожаны, Қарақалпақтар – Күнқожаны, Қырғыздар – Бекқожаны, өзбектер Асадулла қожаны ұсынады. Хан кеңесшісінің басшысы – кемеңгер Сасық бидің үш сұрағына дұрыс жауап беріп, Мүсірәлі – хан ордасының бас әзіреті, ханның пірі болып сайланады. Мүсірәлінің арғы бабалары – Баба түкті шашты Әзиз.
Ханымыз Әз Тәуке,
Дініміз – ісләм.
Әзіретіміз – сопы Әзіз, Түркістан ортақ отанымыз, туымыз қыл шашақты жасыл байрақ.
Бас қаламыз – Түркістан.
Түркістанды «Қожалар қаласы» деп, Термезді «Қасиеттілер мекені» және «сақабалар қаласы», Сайрамды «Сансыз баб қаласы», ал Отырарды «Он мың әулие мекені» деп атаған.
Бес арыс елдің қырық жыл әзіреті болған Сопы Әзиз Мүсірәлі қожаның арғы бабасы Керейт қожа кіші жүздің жетіру әулетінің бір аталығы болып, қазақ халқына сіңіп кеткен еді.
Қазақ шежіресі бойынша Тама, Кердері, Керейт, Рамазан, Телеу, Жағалбайлы, Табын - жетіру қауымы деп аталады.
Керейтті басқа қожалардан айырып, қазақтың қожасын «қожа руы» деп атауы да осыдан. Мүсірәлі 1639 жылы Бұхар хандығына қарасты Тамдыбұлақ аймағындағы Керіз деген жерде дүниеге келген. 1675 жылы көктемде Түркістан қаласында өткен кіші жүз елінің құрылтайында отыз бір жасында бүкіл кіші жүздің төбе биі болып сайланған Бәйбекұлы Әйтеке би осы жиында Мүсірәлі қожаны Алшын билігінің бас әзіреті етіп сайлаттырады. Мүсірәлі жеті өлікке жан берген әулие.
Әз Тәуке қазақ халқының саяси құрылымын бекіте түсу үшін дінді мемлекеттік идеологияның өзекті тармағы ретінде шебер пайдаланған. Ол ықпалды дін уәкілдерін жанына жақындатып, қазақ елінде діни мектептердің, медреселер мен мешіттердің ашылуына терең мән беріп, мұсылман дінін кеңінен насихаттаған.
Дінбасылық мемлекеттік қызмет болғандықтан, ханның еркімен тағайындалған. Мүсірәлі табиғи дарындылығы мен тума таланттығының үстіне аса сауатты адам болған. Тіл – иманның кілті. Мүсірәлі ағынды өзеннің суын тоқтатып, өлікке жан бітірген. Халық арасында Мүсірәлі Әті қожа аталып кеткен. 1719 жылы Тәуке хан өлгеннен кейін Мүсірәлі Баба Түкті Шашты Әзиздің басына шырақшы болады. 1721 жылы 82 жасында дүние салады, Баба Түкті Шашты Әзиздің аяқ жағына қойылады.
Баба Түкті Шашты Әзиз – Ысқақ бабтың қызы Бибі Мариямға үйленген. Баба Түкті Шашты Әзиз қазақтың Маңғыт қауымына сіңіп кеткен Маңғыт билігінің бас әзіреті болған қожа.
Араб миссионерлерінің көпшілігі қазақ руларының пірлеріне айналып, сол руларға сіңіп кеткен. Қожалар қазақтың дәстүрлі қоғамында жоғарғы сословие – ақсүйек топ ретінде танылды.
Ақсүйек тобына қазақ қоғамында сұлтандар мен хан тұқымы төрелер де жатады. Ал Орта Азия халықтарында «Ақ сүйек», «Ок суяк», «Ак сияк» атаулары тек қана ислам дінінің иелері атанған қожаларға ғана берілген. Мұхаммед ұрпақтарының генеологиясына жататын қожалар әлеуметтік статусы жағынан жалпы қазақ руларына қарағанда қазақ мемлекетінің тарихында барлық хандардың тұсында бірқатар артықшылықтар мен жеңілдіктерге ие болған. Оларға ел ішінде ерекше құрмет көрсетіледі. Қазақ хандығы кезінде қожалар сұлтандармен бір деңгейдегі әлеуметтік топ ретінде хан қазынасының пайдасына түсетін алым салықтан босатылды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда кейбір әулеттердің өкілдері өздерінің діни парыздарын өтеумен қатар ірі егістік, шұрайлы жер иелері есебінде де таныла бастады. Олар түгелдей жер салығынан да босатылады. Әлеуметтік құқықтық заң бойынша қожаларға, төре тұқымдарына тіл тигізіп, ренжіткені, ұрып-соққаны, т.б үшін қылмыскерлер қатты жазаланады, жәй халыққа қарағанда Тәуке ханның жеті жарғысында оларға жеті есе көп құн салығы төленді.
Жәй ер адамға 1000 қой, әйелге 500 қой құн салығы төленсе, оны жетіге көбейте беріңіз.
Қожалар рухани билікпен қоса, саяси басқару істеріне, ел басқаруға, дипломатиялық жұмыстарға белсенді араласқан.
Қожалар ежелгі қазақ халқын отқа, суға, айға, күнге табынудан, қайдағы жабайы ғұрыптардан, әдеттерден, ырымдардан арылтып, араб елінің озық мәдениетін, білімін, ғылымын, жазуын, сызуын, оқуын, мектеп, мешіт, медресе арқылы халықтың қанына сіңіріп, ислам дінін дәріптеуде ерекше, қажырлы, нәтижелі еңбек сіңіргені баршаға аян. Қожалар халықтың діни сауатын ашуға үлкен үлес қосқан. Қожалардың халықтың рухын, арын, намысын, ұлттық сезімін, жауапкершілігін қалыптастырудағы еңбегі ерекше.
Исламды Шыңғысхан, Әмір-Темір, Сталин, Абылай хан, Жәңгірхан, Тәуке хан, Құнанбай мойындаған. Он төрт ғасырдан көбірек уақытта мұсылман діні бүкіл жер жаһанға тарады.
Сталин қожаны пір тұтқан Тимурлан сүйегін (мүрде) маусым, 1941 жылы Мәскеуге алдырып, 1943 жылдың жазында Самарқанға өз орнына жерлеткен. Москва мешітінде бір топ ислам тәртібінде тәрбиеленген қожаларды әскери қызметте ұстаған. Себебі миллион-миллион ойшыл, шүкіршіл, иманды ақыл иелері Байрон, Гетте, И.Кант өз еңбектерін «бисмилла рахман рахим» деп бастаған, жырлаған. А.С.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Н.Толстойлар жырлап, жазу аз дегендей, 13 мыңдай зиялыларды исламға тартқан.
Мұхаммед әулетінен тараған қазіргі қожалар төрт шадияр, он екі имам, ишандар, шайқылар бұтағы.
Қожалар исламды бүкіл араб елдерінде, Тынық, Индия, Атлант мұхиттары елдерінде және бүкіл жер дүниеге таратты.
Қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жеріне келген құрайштіктер қасиетті құран сөзімен бірге емшілікті, тәуіптікті, темір, ағаш өңдеу өнерлерін, ұсташылық пен шеберлікті, қолөнерді ала келді. Халықты отырықшылыққа, егін егуге, жерді суландыруға үйретуде керемет тәлім – тәрбие көрсетті.
Пайғамбар әулеттері Бұхара, Самарқанд, Хиуа, Қоқан, Шаш, Әулиеата, Бішкек, Ақмешіт қалаларының халқын сауаттандыруға қожа етіп тағайындалады.
Егер қазір дүние жүзінде мұсылмандардың саны 2,0 миллиардқа жетіп, бір ғана 20 ғасырда бес есе өсіп отырса, бұл өркениетті, тарихи прогрессивті құбылысқа қожалардың қосқан үлесі ерекше.
Тарихта мұсылман дінін енгізу үшін қаншама ғазауат соғыстар болды, қаншама қан төгілді. Қожалардың арқасында тек Орта Азия мен Қазақстанда ғана ғазауат соғыстар болған жоқ, қан төгілген жоқ.
Мұсылмандықты халық қарусыз, қансыз, үгітпен, сеніммен, насихатпен, наныммен қабылдады. Ысқақ баб, Әбдіжәлел Баб, Абдрахман баб бабаларымыздың ерекше көрегендігі, көсемдігі, әулиелігі міне осында. Мұсылмандыққа адам тарту тіптен оңай жұмыс болмаған.
Адам Атаның тоғызыншы ұрпағы Нұх 250 жасқа келгенде Алла тағала оны халыққа Пайғамбар етіп жібереді. 700 жыл Нұх пайғамбар халықты мұсылмандыққа үгіттейді. Сонда бар болғаны ер, әйелі бар 80-ақ адам мұсылман дінін қабылдайды. Бұған ренжіген Нұх пайғамбар сол 80 адамнан басқасын жоқ қылуға дұға қылады. Алла тағала дұғасын қабыл етіп, жер бетін топан суға батырады. Міне, мұсылмандықты енгізудің, кіргізудің, қалыптастырудың тарихқа, адамзатқа, уақытқа қаншалықты қымбатқа түскендігінің бір – ақ дәлелі бұл.
Адам ата 930 жыл жасап, өзінің 40 мың ғана ұрпағын көрген. Сонан бері 90 миллиард адам дүниеге келіп, 84 миллиарды өліп, бүгінде әлемде 6 миллиард адам өмір сүруде. Сан жағынан адамның өсуі де, мұсылмандардың өсуі де оңай шаруа болмаған.
Қожадан қай заманда болмасын бай да, би де шыққан. Олар рухани биліктің егелері болған. Көп қорқытады, терең батырады, кім болса да, неде де болса да көптен шығады ғой. Қожа сан жағынан аз халық, қазақ халқының бір пайызын да құрамайды.
Солай бола тұрса да, олар дініне берік, қанын, жанын, арын, тілін, ділін, некесін таза сақтағандықтан жер бетінен өшпей, тарих сахнасынан түспей келе жатқан халық. Тәуке ханның жеті жарғысында: «Әрбір адамның қаны таза, жүрегі мейірімді, ұлтжанды, парасатты, туған халқының лайықты азаматы болып өсуін, кемелге келуін сақтап отыру үшін аралас некеге тиым салынсын» деген. Өйткені есек пен байтал шағылысса дүниеге қашыр келеді. Ол төрт түлікке жатпайды, өспейді, өнбейді.
Қожалар дүние жүзіне ислам дінін насихаттаушы, таратушы, қазақ және Орта Азия халықтарының діни билігінің егесі, рухани ұстазы. Оның талайына жазылған тарихи тапсырмасы, міндеті, миссиясы осындай.
Өткен ХІV ғасырда қазақ пен қожаның жан-дүниесі қаншама рет араласып кетті десеңізші. Қожа қазақты еш уақытта жүзге, руға, бөлмейді, жармайды, алаламайды, құлаламайды, бәріне тілектес, бәріне тең қарайды, олардың тірлігін, ауыз бірлігін, ынтымағын тілейді, осыған дәнекер ұйтқы, ұйымдастырушы, біріктіруші, қазы, төреші болуды өзімнің парызым, қарызым, міндетім деп есептейді. Қожалардың қай заманда һәм қай қоғамда болмасын құндылығы, қадір-қасиеті осында жатыр. Мысалы, Мәделі қожа Қанай датқаға:
Тақсыр-ай, осы жерде туып едім,
Саған келген жауларды қуып едім.
Шаңырағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,
Сен кереге болсаң мен уық едім.
Бетіме бажырайтып куә болдың,
Тіріңде пір, өлгенде туың едім, –
деген. Қара жерге қанат жайған кереге, шаңырақсыз, яғни, тәжісіз үй болмайды, ал шаңырақты ұстап тұратын уық ол дін. Демек, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында діннің орны бөлек, тірісінде пір, өлгенінде ту болған қожалардың орны ерекше.
«Таста тамыр жоқ, қожада бауыр жоқ» деген сөз де бар. Ол қожалар қазақ халқының трагедиясы-ұлтшылдық, жүзшілдік, рушылдық, әулетшілдік, жікшілдік, жершілдік, қаншылдық ауруларына азырақ шалдыққан дегенді білдірсе керек.
Өйткені, бір ауылда қазақтың бір руының, бір тайпасының ортасында бір – ақ үй қожа болған. Оған барлық қажетті жағдайды халық жасаған, мұқтажы жоқ, құрметтен кенде болмаған.
...Бір кәделі аста бір дастарханның басына қожалардың, төрелердің құрметті ақсақалдары қатар отырып қалады. Ас егелері басты кімге тартатынын білмей бөгеліп, тоқсандағы данагөй қарияға жүгінген екен. Сонда ақылман ақсақал: Қожадан, төреден ұрандарыңыз не? – деп сұрайды. Қожа «Алла» деп, төре «Арқар» деп жауап береді: «Басты қожаның алдына тартыңдар» деген екен. Осы Алланың атыменен, рахымымен, нұрыменен қожалар мәңгілік өсіп-өніп, қазаққа, барша мұсылмандарға, халыққа, тарихқа, уақытқа адал қызмет еткен екен.
Қожадан шыққан ерекше тарихи тұлғалар, дін ғұламалары, дін қайраткерлері, ел қазылары, әулиелер, ишандар, пірлер, ақындар, жазушылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері өркениет әлеміне үлкен шоғыр боп қосылған. Олар Шәмси Өзгенди (1445-1520жж.), Шаһ Бүзірік, Әмин баб, Айқожа Ишан (1773-1855), Сайыпназар ахун (1810-1873), Мәуелі Жүсіпқожаұлы (1816-1888), Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мәдірайым Ишан (1840-1911), Жәмһур Ишан (1863-1937), Әбсадық Ишан, Мұхамеджан Сералин (1872-1929), Мұхтар Әуезов (1897-1961), Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Әлім Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіраш Жәмшиев, Мұрат Жұрынов, Мұхтар Құл Мұхаммед, Қожахмет, Құлахмет, Сұлтанахмет, Нұрахмет Қожықовтар, т.б.
Жалаңаяқ Әздер қожа – Абылай ханның замандасы, үзеңгілес досы және өмірбақи сыйынған пірі болған. Абылай ханның өлгенін естігенде Жалаңаяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен. «Есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп, Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді. Енді хандық сартта қалды, қазақтан бақ кетті, құт қашты» - деген екен. Айтқандай-ақ хан көз жұмған соң еліміздің батысы мен солтүстігін орыстар отарлады, ал оңтүстік өңірі қоқан бектерінің езгісіне түсіп, қайран Абылайдың армандаған заманына егемендіктің арқасында енді ғана жеттік қой. Бұған да шүкіршілік қылайық.
Тарихта Шоқанмен қатар шыққан Мұхаммет Салық Қарауыл Қожаұлы Бабажановтың орны ерекше. Салық 1851 жылы Орынбор кадет корпусын атты әскердің хоружный дәрежесінде бітіріп шықты. Ол императорлық орыс географиялық қоғамның мүшесі болған екінші қазақ, оның күміс медалімен марапатталған. Салық «Қазақтың қазақ туралы жазбалары»», «Қазаққа ара түсу», «Балбалы тас туралы», «Қазақ ордасындағы аңшылық» сияқты мақалаларында, ұлтына сүйіспеншілік, ғылымдағы дәйектілік, саяси айтыстағы қайраткерлік қырынан көрінді. Ол қырда жүріп-ақ тарихшы, этнограф, көркемсөзші бола алды. Әулетін айтып мақтанған, дұшпанын атап даттанған күндері болмаған, ойлайтыны да, қорғайтыны да, қолдайтыны да бір қазақ болған. Отыз алты жасында қастандықтың құрбаны болған. Сол жылы:
Салық өлді дегенше,
Алып өлді десейші.
Алып өлді дегенше,
Халық өлді десейші, -
деп бүкіл батыс өлке күңіренген екен.
Дәулеткерей «Салық өлген» аты күйімен халықтың зарына зар, мұңына мұң қосады.
Жүніс қожа ұзақ жылдар Ташкенттің әмірі болған. Өзінің ақылдылығының, батырлығының, ержүректігінің арқасында Шымкент, Сайрам, Әулиеата, Түркістан және Ақмешітті басып алған.
Зәңгі баба Қожа Ахмет Йассауидің муриді, Ташкент аймағының пірі болған. ХVІІІ ғасырда Орта Азияға мұсылман дінін таратушылардың бірі Омар ұрпағы Хазірет Қожа Ибадулла Ахрар (лахап аты Насредин) зор ғұлама ишан, әулие болған.
Ауғанстанның танымал ғалымы Абдулхай Хабиби өзінің 1965 жылы жарияланған «Жамий тарихаты» деген мақаласында «Саид Қашғари және Қожа Ахрар өз ғасырының рухы биік ғұламалары еді» - десе, ағылшын шығыс танушысы Чарло Амбрауз Стории өзінің «Фарс әдебиеті» деген кітабында оны «Ірі уәли Убайдулла Ахрар» деген, чех ғалымы Феликс Тауэр «Қожа Ахрар аты теберік болған түркістандық әулие» дейді.
Бір бабамыз Жалалидин Фазизулла Әбулайс – Самарқанды қырық жыл билеген Әбубәкір Сыддықтың ұрпағы. Бұл кісінің қабірі Самарқанда, өз атында кесене, мешіт, мектеп бар.
Сайда қожа Қасым Сұлтанның хатшы-кеңесшісі болған. Әбдіқайым Айтбайұлы арабша, орысша көп оқыған кісі. 1917-1926 жылдары Ақмешіт қаласының революциялық үкіметінің ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысып, Республикалық «Шорай Исламның» Қызылорда облыстық бөлімінің төрағасы болған. Ол кезде бұл ұйымның Республикалық ұйымының төрағасы Мұстафа Шоқай еді.
Қазақ жүздері мен тайпалары Әзірет Әлі мен Бибі Фатима анадан тараған қожаның қыз аналарын өздеріне пір – ана тұтып құрметтеген. Ұлы жүз Әзірет Сұлтан ұрпағы Нұрила – Домалақ ананы, Орта жүз Ысқақ баб қызы Бибі – Марияны, Кіші жүз Ысқақ бабтың кіші қызы Бибі Гаухарды өздерінің пір анасы санап құрметтейді, сыйлайды, сыйынады.
Қожалар аз халық болғандықтан өз тегін, қанын таза сақтау, жойылып кетпеу мақсатында қазақ руларының өкілдеріне қыздарын жаппай, ретсіз, жөнсіз-жосықсыз бере бермеген.
Дегенмен, қожалар қазақтың жақсылары мен жайсаңдарына, ел басқарған абыройлы азаматтарына қыздарын берген, олардан қазақтың көптеген рулары өсіп-өнген, көктеп-көгерген. Олар өз жарларының адал, сенімді серігі, ақылшысы, сол әулеттің бірлігі мен тірлігінің темірқазығы бола білген.
Қожалар үйлену мәселесін де реттеп отырған, өйткені үшінші ұрпағына дейін мәселен атасы, әкесі, баласы, яғни үш ұрпақ қазақ руының қызымен некелессе, онда оларды «қарамен араласқан қожалар» деп атаған.
Достарыңызбен бөлісу: |