Әбу Бәкір Сыдықтан тарағандар Қылауыз (Жақып Ата), Қасымқожа, Мәулана Шәмшіден (Шәмшә Бүзірік), Ұзын ата, Бұлқас ата, Шайхан тауыр, Сунақ ата, Жүсіп ата, Мамыт ата, Құмсахаба (Құмсаба), Лалабибі, Омардан – Қырықсадақ, Әзірет Әліден Қорасан, Дуана, Сейіт Қарахандық, Қылышты ата, Сабылт, Ахмет Йассауи, Аққорғандық, Бақсайыс, Құрбанқожа, Құлтай қожа, Сәдір ата, Қойлақы ата.
Ислам дінін таратушы бабтар: Ысқақ баб (лахаб аты Баба ата), Әбдіжалил баб (лахаб аты Хорасан ата), Әбдірахим баб (лахаб аты Әулие ата) 767 жылы 150 мың әскермен оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға келеді. Үшеуі де қожадан шыққан әулиелер, дін және мемлекет қайраткерлері. Осы үш баб («баб» - «қақпа»), дін қақпасын ашушылар.
Қожа ұрпақтары өзбектер, түркімендер, қырғыздар, татарлар, башқұрлар, монғол, қытай қазақтары арасында да бар. Орта Азия халықтары, соның ішінде өзбектер мен түркімендер арасындағы қожалар туралы мәліметтер Ресей империясы географиялық қоғамы жазбаларында сақталған.
Онда Закаспий жағалауында шығу тегі арабтардан тараған түркіменденіп кеткендер (қожалар – И. З) «овляд» деп аталатын діни атақты иеленгендігі аталады. Ал Зарашван округінде өзбектер арасындағы қожалардың шығу тегін арабтардан тарайды делінген. Ал Қазан татарлары арасындағы қожаларды Мұхаммед пайғамбардан және оның серіктерінен тарағандар деп, оларды «Сейіттер» деп атайды. Бұл туралы тарихи зерттеулер қатарындағы В.В.Вельяминов-Зернов еңбегін атауға болады. Ол Қасым хандығындағы сейіттердің «дін иелерінің басшысы» болғандығын жазды. ХХ ғ. басындағы орыс тарихнамасында қожалардың этникалық тарихы туралы деректерді П.П.Румянцевтің және татарлар арасындағы сейіттердің «ерекше жоғары дін иелері» болғандығын М.Худяковтың еңбектерінен көреміз.
Қожалардың таңбасы араб әліпбиінің бірінші әрпі. Мұсылман дінінің уағыздаушысы және оның иесі саналғандықтан да олардың ұраны Алланың аты болды. Сондықтан да Аллаға сенетіндер, исламға сенетіндер, Алла мен Исламды сыйлайтындар қожаларды да сыйлады, құрметтеді, сыйынды, пір тұтты. Ауыл арасында (мысалы кіші жүз, төртқара рулы елі) бір-екі қожа болса, оларды «дін иесі», «дін таратушының ұрпағы» деп «пір» санап құрметтеген. Келе-келе қожалар жергілікті тайпалармен араласып, ру тайпа қожалары пайда бола бастады. Олар ру қожалары аталғанымен өзі шыққан тегін, әдет-ғұрпын сақтай білді.
Достарыңызбен бөлісу: |