Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
Қаламгердің шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесін жасаудағы шеберлігіне тоқталып, оны төмендегіше жіктеп көрсетуге болады:
Таза тарихи деректен ауытқымай тарихи тұлғаның образын жасау;
Тарихи деректер тізбегі мен халықтық аңызды қосып, бір тұлға жасауы;
Тарихи тұлғаның атын ғана қалдырып, мүлдем түптұлғаның өміріне кездеспеген оқиғаны тану;
Таза аңыздан тұратын тарихи тұлға бейнесін жасау;
Тарихи деректі тек сол күйінде, көркемдеп қана қолдану арқылы тарихи тұлғаны жасау;
Кейбір тарихи тұлғаларды сомдағанда кең көлемде қарпып, бүгінгіні, кешегіні, өткенді, алдағы күннің тарихын да болжай, бағамдай сөйлету («Абылай хан» драмасы, Әбілқайыр хан бейнесі);
Қаламгер тарихи тұлғаны сомдағанда, өзі суреттеп отырған оқиғасына сай, тарихи оқиғалардың хронологиялық уақытын сақтап, әрекет үстінде тарихи тұлғаның өміріне қатысты оқиғаларды бөліп-бөліп суреттеген тұстары да бар. Мысалы, Байқараның дауының басы- «Үркер» романында, қалған оқиғанын бәрі- құн төлеуі, бітісуі – «Елең- алаңда»;
Тарихи тұлғалар образын жасауда көркем шығармалары мен зерттеу мақалаларындағы ойлары бір- бірін толықтырып, оқырманға ой тастап, ой қосады, екеуін жарыстыра береді. Бұл – жазушы шығармашылығын түсінудің, ұғудың кілті. Қорытындыны оқырманның өзіне қалдырады.
Әбіш Кекілбаев «Абылай хан» пьесасын «халықтық қаһармандық драмалық дастан» деп атапты. Бұл атау шығарманың бүкіл рухынан, оның мазмұны мен жазылу үлгісінен туындағаны сөзсіз. Өйткені, шығарма, қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күрестерінің ең бір шешуші тұсы оқиғаларына құрылған. Ол ұзақ уақыт қалмақ шабуылы мен жаулаушылығы астында есеңгіреген қазақ елінің ХVІІІ ғасырдағы басқыншыларға қарсы ерлік күресінің эпопеясын жыр етеді. Халықтық қорғаныстарда батырлығымен көзге түсіп, ел бастаған Абылайдың осы жорықтардағы ерен еңбегі мен басшылық қызметі арқасында қалмақтар түбегейлі жеңіліс табады. Қазақ елі басқыншылардан бір жола тазарады. Осы қозғалысты бастаған Абылай бейнесін жазушы бүкіл халықтың азаттық жолындағы туына айналдырады. Орыс отаршылдығына ұшыраған халықтың бүкіл арман-мүддесі түгелдей Абылай тұлғасымен байланыстырылып, оның сөзі мен рухы кейінгі дәуірлердегі азаттық күресі идеясына қозғаушы күшке айналады. Қаламгердің «Абылай хан» шығармасындағы драматизм табиғатына тоқталар болсақ:
Ә. Кекілбаевтың 1997 жылы жарық көрген «Абылай хан» драмасы енді тәуелсіз мемлекеттегі қоғамның рухани-эстетикалық сұранысынан туындаған.
Суреткер өз шығармасы үшін драма жанрын таңдаған. Кезінде классицистер ел бастаған ерлердің саясатын тек драма ғана шынайы көрсете алады, драма адамзат баласының шығармашылықта ойлап тапқан ең кемел формасы деп есептеп, оны «жоғарғы жанр» деп атаған. Классицистердің шығармашылық ұстанымында шындық бар. Рас, өршіл идеяны патриоттық пафоспен жырлау үшін прозалық жанр тарлық ететіндей. Тарихты құрғақ сипаттау, көз тоқтатып, көңіл тояттар жарқын адами мінез-құлықсыз көрсету, оны дерексіздендіретіні белгілі. Қазақтың төл тарихы Абылай хан тұлғасымен жарқын. Ә.Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» романдарын да Абылай бейнесімен әрлеген. Алайда роман мен драмада тақырыптық қайталау кездескенімен, мазмұндық қайталау жоқ. Ең бастысы драмадағы тартыс табиғаты, драматизм болмысы өзгеше. Драма қазақтың көкке өрлеген жыраулық поэзиясының өктем үнімен ғана емес, зәулім сезімдерді аспандата жырлауымен құнды. Суреткер шығармаға Абылайдың жоңғар батыры Шарышпен соғысып, басын алуы, 1742 жылы Абылайдың жоңғарлардың қолына тұтқынға түсіп қалуы, үш жүзге ортақ хан сайлануы секілді тарихи деректерді негізге алған.
«Сайыс» аталатын бірінші бөлімінен-ақ Абылай образы оқырманды (көрерменді) өзіне ынтықтыра түседі. Алаңға шыққан Шарыш көкірегін ұрып:
Мен кәдімгі Шарышпын,
Азуы алты қарыспын.
Қарсы келген дұшпанды,
Табанға таптап жаныштым –деп бастап, арғы ата-бабаларының ерліктерін қоса айтып аруақтанады. Жас батыр болса, сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп, Шарышты жеңіп, «Абылай» деп ұрандап, қол бастап кетеді.
«Арбасу» деп аталатын бөлімінде жазушы Әбілмансұрдың тұтқында отырған кезін суреттейді. Тіпті зынданда отырса да, батыр образы асқақ. Абылай жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің ұйымдастырған барлық сынынан мүдірмей өтіп, тектілігін, ақылын танытады. Қалдан:
«Тау сыртында тау тұрса – қайтеміз, Жау сыртында жау тұрса – қайтеміз? –деп сұрайды. Сонда Абылай:
Жақын тауға шықпай болмайды, Жақын жауды ұқпай болмайды –
деп жауап қатады. Осы бір диалог астарында үлкен саяси, философиялық мән жатыр. Қалдан да тек қырқысуды, оңай олжаны көздемейтін, елінің ертеңін ойлайтын жан ретінде суреттелген. Ол бауырын өлтірген Абылайдан кек алудың орнына басына азаттық беріп, онымен келісімге келуге тырысады.
Абылай ханның ерік-жігері мықты, өз сезімін шідерлеп ұстай алатын, намысын таптатпайтын нағыз батырлық образы драманың «Нар тәуекел» атты үшінші бөлімінен айқын көрінеді. Абылай басындағы драманы үдету үшін жазушы Әмір Сана образын пайдаланады. Әмір Сана – тарихи тұлға. Тарихи деректер бойынша:
«Әмір Сана – жоңғар нояны. Ойрат ақсүйегінің тұқымы. Еділ қалмақтарының ханы Аюкенің қызы ұзатылып келе жатып, қазақ жерінде қыстап қалғанда қазақ батырымен көңіл қосып, ішінде кеткен деген әңгіме бар». Суреткер осы аңыз желісін өрбітіп, Әмір Сананы Абылайдың баласы етіп көрсетеді. Абылай басындағы драматизм осы тұста арта түседі. Әуел баста көңілі Күлпашқа ауып тұрса да, Абылай Қалданның жалғыз қызы Топышты таңдайды. Топыш – ойрат пен қазақ арасын жалғасытартын, бейбітшілік кілті. Сондықтан Абылай сезімін мен сана арасындағы тартыста, сезімін санасына бағындырады. Санасында «қайткенде ұйытқылы жұрт қылам бұл елді» деген маңызды ойлары бар. Мемлекет мүддесін жеке басының қалауынан жоғары қояды.
Жазушы шығарма драматизмін синергетика заңдылықтарына сай өрбіткен. Аталмыш құбылысты әдебиеттанушылық тұрғыдан «тұрақтылық пен тұрақсыздық принципі» негізінде бағалауға болады. «Адамдар ұзақ уақыт бойы тек тұрақты жағдайларды ғана бақылай алады. Себебі тұрақсыздық тез-ақ өзге күйге өтіп кетеді. Ал егер табиғатынан тұрақсыз жайлар ұзақ тұрса, онда ол ғажайыпқа немесе парадоксқа айналады. Мұнда тұрақсыздықты тұрақтандырып тұрған күш әдейі жасырынып яки айқындалмай, бүркеліп қалуы мүмкін» – дейді бұл принциптің мәні турасында әдебиеттанушы, ғалым Т.О. Есембеков. Яғни тұрақсыздық пен тұрақтылық арасындағы ауытқулар белгілі бір драмалық қатынастарды тудырады.
Абылайды жұрт хан сайлады, қолына билік берді. Алайда, өзі берген билігін жұрт өзі «хан талапайлап» тартып ала салуы ғажап емес. Абылай өз халқының психологиясын жақсы біледі. Ол:
«Несіне хан болдың, қаңғыбас төре, Қалқима қалпақ киюге ме? – деп жұрт шүйлігетінін де біледі. Яғни билік мұнда тұрақсыз. Суреткер осы құбылысты тұрақтандыру үшін келесі қақтығысты өрбітеді. Абылайдан пана тапқан Әмір Сананы Ресей, Жоңғар, Қытай елшілері іздеп, әрқайсысы өз мүдделері үшін сұратып жатыр. Ал Ботахан мен Жақай бастаған қазақтар болса, оны
«Өз қолымызға берсін,
Ойраттың қаһарын өзіміз қайтарамыз» –дейді. Мұнымен қоймай Абылайды «Үргенішке сыймай қашып келген жалаңбұт сарт» деп келекелейді.
Бұл сөзді естіген Абылай сәл кідіріп ойланады. Енді не істеуі керек? Таразы басында билік пен ар тұр. Егер билікті көксесе, онда арды аяққа таптап Ботахан мен Жақайға жалпақтап, жағымпазданып, сөз тауып шығарып салу керек. Егер арды таңдап, намыстанса, онда Ботахан мен Жақайды жазаға тарту керек. Егер жазаласа, Ботаханның айтқаны болады, оның да артында ел бар, дау-дамай басталады, биліктен де айырылу қаупі бар.
Мейлі: айыпты десе, тағын алар, Жазықты десе, жанын алар! –деп, тақты арға айырбастамайды. Бүкіл бір елдің «мен мынау» деген батырының басын алған Абылай тек ұрыста ғана батыр емес, өмірдегі де батыл әрекеттерге барады. Ботақанды кісендеп, зынданға тастайды, Жақайды атқа өңгеріп, еліне қайтарады. Бұл жайт қазақтай асау елде дау туғызбай қоймайды. Жақсы мен жайсаң сөз алған жиынның түйінін 93 жастағы Бұқар жырау шешеді. Абыз алдымен Абылайдың өзін сөгіп алып, содан кейін елге ақыл айтады:
Хан ұстасаң билік бер.
Киліге берме аузына,
Шүйліге берме алдында,
Томағасын сыпырмай,
Сұңқарыңды қинама.
Тұсаулы шауып бәйге ал деп,
Тұлпарыңды қинама,
Аяқ-қолына ерік бер.
Кеудесіне желік бер,
Сынамақ болсаң, еріңді
Қиын жерде сеніп көр , – дейді. Бұқар шешімі хан билігін тұрақтандырып береді.
Енді ел сенімін арқалаған хан Әмір Сананы қанша жақсы көріп, ұнатса да, оған пана бола алмағанын, сая бола алмағанын ойлап қынжылады. Дегенмен елдік парызды бірінші орынға қойып, Әмір Сананы орыс елшілеріне береді. Тағы да хан өз қалауынан ел алдындағы парызды жоғары қояды. Сезім мен сана, ерік пен елігу, құштарлық пен парыз, тақ пен ар арасында өрбіген Абылайдың ішкі драмалық тартысында жеңіс әрқашан парыз, жігер, сана, ар жағында болады. Мұндай ізгі қасиеттерді өз бойына жинақтаған, хандық, елдік принциптерін бірінші орынға қойған хан образы осымен асқақ [4. 3-7 б.б.].
Достарыңызбен бөлісу: |