«Балалар әдебиеті» пәнінен студенттерге арналған ДӘріс материалдары



бет9/21
Дата14.02.2023
өлшемі222,12 Kb.
#67971
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21
Байланысты:
лекция Балалар әдебиеті

Бақылау сұрақтары:

  1. Қазақ балалар поэзиясының даму жолдары қандай?

  2. Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов балалар лирикасындағы идеялық, тақырыптық, стильдік ізденістер қандай?

  3. Қ.Ыдырысов, Б.Ысқақов, Н.Әлімқұлов балалар лирикасының ерекшеліктері неде?

  4. Б.Ысқақовтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегі поэмасының өзекті идеясы не?

  5. Ә.Дүйсенбиев, Ә.Табылдиевтің балалар поэзиясының ерекшеліктері неде?

Негізгі әдебиет:

  1. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974.

  2. Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976.

  3. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. Алматы, 1965.

  4. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы(құраст.Ш.Ахметов).-Алматы: «Мектеп»,1980.-354б.

Қосымша әдебиет:

  1. Қазақ совет балалар жазушылары.А., 1987

  2. Сөзстан. А., 1983

3 Шетел балалар әдебиеті. Астана, 2008
Дәріс - 9.
Тақырыбы: Қазақ балалар поэзиясы. Ж.Смаков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Қ.Баянбаев, Ж.Кәрбозин, Қ.Жұмағалиев, Е.Өтетілеуұлының балалар поэзиясы.
Жоспары:
1 Ж.Смаков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев балалар поэзиясының көркемдік, танымдық мәні.
2 Қ.Баянбаев, Ж.Кәрбозин балалар поэзиясының тәрбиелік мәні. Ж.Кәрбозин лирикасындағы юморлық, сатиралық бейнелер.
3.Қ.Жұмағалиев, Е.Өтетілеуұлының балалар поэзиясы.
Дәріс мақсаты: Ж.Смаков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Қ.Баянбаев, Ж.Кәрбозин, Қ.Жұмағалиев, Е.Өтетілеуұлының балалар поэзиясының бейнелілігін, танымдық, тәрбиелік қуатын ашу.
Дәріс мәтіні:
Жақан Смақов шығармашылығындағы идеялық-көркемдік және стильдік ерекшеліктер мектепке дейінгі жастағы балалар мен кіші мектеп жасындағы балаларға арналған ертегі поэмаларынан да аңғарылады. Балалар әдебиетіндегі поэма жанрына өзіндік тың көркем бейнелерді (бұршақ, тамшы, су, жел, бұлт, ұзын аяқ, мамалақ аю, кит, қойқоңыз, бөгелек, бала ара, бөкен, бұғы, зебр т.б) енгізуі, сезімге дыбыс арқылы әсер ету амалы, бала танымына күрделі ұғымдарды жеткізу үшін даралау, саралау әдісін қолдануы, бала қабылдауына қызықты бейне жасау әдісі мен сөзді үнемді қолдану амалының юмормен көмкеріліп, сабақтасып жатуы, жан-жануар, хайуанаттардың сыртқы бір ерекшеліктерін деталь ретінде ойнатуы, болмысты суреттеп жатпай-ақ, кері құрып жырлау тәсілдері ақынның ізденістерін айшықтай түсумен қатар, поэма жазу мәнеріндегі озықтығын да байқатады. Сыншы-ғалым Қ.Ергөбеков сөзімен айтқанда: “Әр саланың талант шыңдайтын жанры бар. Шыңдай жүріп өсіріп, ұзартып салар жанры және бар. Балалар әдебиеті үшін поэма, ертегі осындай кең тынысты жанр үлгісі аталады. Ж.Смақов – бірнеше ертегі поэманың авторы. “Тамшы”, “Бұршақ туралы ертегі”, “Кім күшті кім мықты?”, “Ұзын аяқ”, “Аю қалай адасты?” секілді шығармалардың өз замандастары туындыларынан жұлдызы жоғары” .
“Бұршақ туралы ертегі”, “Тамшы”, “Кім күшті, кім мықты?”, “Ұзын аяқ”, “Аю қалай адасты?” ертегі поэмаларының ерекшеліктері қандай десек, біріншіден, мазмұнындағы ойлылық, жинақылық, бейнелілік, ойнақылық және қызықты да күлкілі, соны кейіпкерлердің суреттелуінде, тың тақырыптың жырлануында, екіншіден, қай туындысында болмасын, оқиға түйінін, шешімін бала танымына қалдыруында, үшіншіден, балалар үшін өмір үнемі қозғалыста, балалардың осындай қозғалыстағы түсінігіне ақынның поэмасы сәйкес, оларда немқұрайлылық жоқ, төртіншіден, жұмсақ, жеңіл сықақ, танымдық образдар бар, бесіншіден, ақын қай оқиғаны суреттесе де, бала көзімен, танымымен, қиялымен қарайды, психологиясын жақсы түсінеді, алтыншыдан, тіршіліктің үлкен де күрделі мәселелерін балаларға жеңіл әзілмен, мейірімді күлкімен баяндайды. Мұның бәрі Ж.Смақовтың балалар әдебиетіндегі поэма жанрындағы дара ізденістері десек, сонымен қоса балалар ақынына тән тұлғасы да танылып, ерекшелене түседі. Орыс балалар ақыны А.Барто сөзімен айтқанда: “Балалар ақынының шығармашылық ерекшелігі қандай? Ең алдымен ол балажан болуы қажет. Бұл табиғаттың сыйы, оны ештеңе де айырбастай алмайды”.
Жақан Смақовтың “Бұршақ туралы ертегі”, “Тамшы”, “Кім күшті, кім мықты” ертегі поэмалары бүлдіршіндер мен балдырғандар арналған. “Тамшы”, “Бұршақ туралы ертегі” поэмасы сұлу суретке, қимыл-қозғалысқа, қызықты сюжетке толы. Ақын бала танымына қоршаған орта тіршілігінің мәнін кішкене Тамшы, Көк бұршақ арқылы жеткізеді. Поэмада тіршіліктің өсіп-өну заңдылығын бала санасына ұялату көзделген. Поэма табиғатында бала қиялын шыңдау сипаты басым. “Тамшы”, “Бұршақ туралы” ертегі поэмасы ғылыми-танымдық сипатқа да ие. Поэманың танымдық, тәлімдік қуаты бүлдіршіндердің қабылдауына қонымды, тілі жеңіл, оқиғасы ойнақы.
“Тамшы” ертегі поэмасында “неліктен бар бала мықты?”, “неліктен бар бала күшті?” деген сұраққа жауап ізделеді. Баланың алдына проблема қойып, ойландырып, оқиға желісіне қызықтырып, бала зейінін аудартады. Поэманың әрбір шумағы суретке бай. Ақын әр сөзді жолға бөліп, арнайы ырғақ арқылы ажарландырып, динамика тудырады. Бала оқырманын ғажайып ертегілік әлемге енгізеді. Поэмада тармақтың ыдыраңқы болуы да әуезділік тудырып, қарқындылықты күшейтіп тұр.
Бір күні кит–
(Қорбаңдаған ит)
Әлгі тамшыны
Жұтып қойыпты,
Тойыпты.
Өңкиіп,
Дөңкиіп,
Су бетінде
Жатыпты.
Кішкене тамшыны
Аспанға
Атыпты.
“Тамшы”, “Бұршақ туралы ертегі” поэмасының тақырыбы – табиғат және еңбек. Ақын поэтикалық тілмен табиғат пен адам арасындағы үзілмес бірлікті ашады. Адам еңбегінің қуатын ерекшелеп, табиғатпен тығыз байланысын көрсетеді. Ақын көктемдегі пейзаж әсемдігін де (даланың көк түске боялуы, торғайлар ән салуы, толқындар сылдыры, күн шуақ сәулесінің себілуі) бейнелейді. Пейзажды жалаң суреттеумен шектелмей, адам тіршілігімен, адам еңбегімен ұштастырады. Адам еңбегі мен табиғат келбетінің үйлесімін жеткізу үшін ассонансты қолданады. Судың тіршілік әлемінде атқаратын маңызы екі поэмада да қамтылған. Бұл баланың ой-өрісінің дамуына да, табиғат пен адамның бір-біріне тигізер ықпалына байланысты көзқарасының кеңеюіне де әсер етері даусыз.
Тамшы
Өсірген
Жемістің
Шырынын ішті.
Сондықтан
Балалардың
Барлығы
Күшті.
Барлығы
Мықты...
Автор поэма соңында “неліктен бар бала күшті?”, “неліктен бар бала мықты?” деген сауалдың жауабын береді. Жасыл әлемге, адам өміріне судың пайдасын, шырынның бала ағзасына қажеттігін қоса өрнектеп, мұның бәрі тынымсыз еңбекпен іске асатындығын дәлелдейді.
Ақын кейіптеу тәсілін ұтымды қолданып, табиғат құбылыстарын әсерлі етіп суреттейді. “Кәрі бұлт күркіреп жөтелді”, “жел бұлтты ысқыртып айдады, жол бойы жұлмалап оянды”, “тамшы таң қалды, ойлады”, “бұлттар мәңгіді, ағарып жүдеді”, “орманға түнеді”, “бұлт бүк түсті жатты”, “қатты шаршаған тамшы ұйқыға батты”, “тамшының денесі дір етті, оянды”, “бойына күш кірді”, “денесі қыбырлап”, “мұрыны жыбырлап”, “түшкірді” кейіптеуі арқылы табиғат құбылыстарын адам кейпіне келтіріп, жандандырады. Осы тектес суреттеменің бәрі де поэмада еңбек тақырыбын ашарлық мәні бар. Бұл бейнелі сөз қолданыстары біріншіден, табиғаттың кейбір бала біле бермейтін құпия сырымен (судың буға айналуы, жауын боп жаууы тәрізді табиғи құбылыс) таныстырып, бала ұғымын толықтыра түссе, екіншіден, ертегі идеясын ашуға бағындырылған.
“Бұршақ туралы ертегі” поэмасында бұршақ дақылының өсіп-өнуін ертегіге арқау ете отырып, еңбек пен дән арасындағы күрделі байланысты танытады. Поэма бүлдіршіндерге арналған. Ақын піскен бұршақты қауызына сыйдырмай, жерге төккізіп, сары балапан, ызыңдаған ара, дәу маса, тікенді кірпі, тауық, бұзауға жолықтырып, шағын тартыс тудырады. Бұршақты тауықтың шоқи жаздауы, бұзаудың таптап кетуімен оқиға шиеленісіп, 5-6 жастағы балалар үшін тартымдылығын күшейтіп, бала қабылдауына ертегінің қызықты жетуіне мән береді. Баланы ертегідегі бұршақ тағдырына қызықтыруда ақын монологты қолданады:
Көк бұршақ-ау, Көк бұршақ,
Болмайды былай көп тұрсақ.
Осындай кезде күн батқан,
Кімді көрдің түн қатқан.
Онан да, тәтті Бұршақ-ау,
Ойын-сауық құрсақ-ау.
Поэмада “борсиып”, “тырбаңдап”, “бұлғаңдап”, “қалбаңдап” жүрген Бұршақ сипатын ашу үстінде бала санасына қона кететін бейнелі сөздерді де өте дәл тапқан. “Мынау кім әппақ шатырлы, // Керемет неткен күш!” еді деп жерге шақырған Шаянды менсінбеген, әдемі желегінен айырылып, сидиған бақбағымен қалбаңдап, кірпі тікеніне қадалған Бұршақ кейпін жеңіл қалжың, шуақты юмормен суреттейді.
Қоршаған жасыл әлемге қамқорлықты жалаң баяндамай, кішкене кейіпкер Ләйлә әрекеті арқылы жеткізуге тырысады.
Бұршақты Ләйлә алды да,
Жылы жерге салды да...
Көрпесін жауып қымтады,
Әлдилеп әнін шырқады.
Інісі сусын жеткізді...
Ақын жас бала танымына өсімдіктің өсіп-өнуі үшін жылудың орны ерекше екенін де жеткізуді ойлайды. Оның өзін кішкене оқырман танымына лайық және таныс “көрпе” ұғымы арқылы “қымтап” көрсетеді.
Жылы жерді мекендеп,
Біреуден үшеу мекендеп,
Біреуден үшеу өніпті...
Қауызында үш Бұршақ,
Жетіліп өсіп-түлепті.
Ақын ертегі арқылы өмір шындығын танытуға тырысады. Поэмада жасыл әлемнің өсу, көбеюін еңбекпен ұштастырады. Мұнда шынайы шындық, тағылымды ой жатыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет