«Балалар әдебиеті» пәнінен студенттерге арналған ДӘріс материалдары



бет8/21
Дата14.02.2023
өлшемі222,12 Kb.
#67971
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21
Бақылау сұрақтары:
1 М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Құрмаш әрекетін қалай суреттеген?
2 М.Әуезовтің «Көксерек», «Қорғансыздың күні», «Жетім» шығармаларындағы өзекті идея не? Жазушы қандай амал-тәсілдерді қолданған?
3.С.Мұқанов повестері мен әңгімелерінің құндылығы неде?
Негізгі әдебиет:

  1. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974.

  2. Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976.

  3. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. Алматы, 1965.

  4. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы(құраст.Ш.Ахметов).-Алматы: «Мектеп»,1980.-354б.

Қосымша әдебиет:

  1. Қазақ совет балалар жазушылары.А., 1987

  2. Сөзстан. А., 1983

  3. Шетел балалар әдебиеті. Астана, 2008

Дәріс - 8.
Тақырыбы: Қазақ балалар поэзиясы. Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Қ.Ыдырысов, Б.Ысқақов, Н.Әлімқұлов, Ә.Дүйсенбиев, Ә.Табылдиевтің балалар поэзиясы.
Жоспары:

  1. Қазақ балалар поэзиясының даму жолдары

  2. Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов балалар лирикасы. Ертегілері.

  3. Қ.Ыдырысов, Б.Ысқақов, Н.Әлімқұлов балалар лирикасы. Б.Ысқақовтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегі поэмасындағы ізгілік.

  1. Ә.Дүйсенбиев, Ә.Табылдиевтің балалар поэзиясы.

Дәріс мақсаты: Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Қ.Ыдырысов, Б.Ысқақов, Н.Әлімқұлов, Ә.Дүйсенбиев, Ә.Табылдиевтің балалар поэзиясының өзіндік ерекшеліктерін, қазақ балалар поэзиясының дамуына қосқан үлестерін, жаңалықтарын саралау. Әр ақынның балалар лирикасының тақырыптық, көркемдік, стильдік қырларын ашу, әдеби талдау жасау.
Дәріс мәтіні:
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды селосында туды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Армиядан оралған соң, С.М.Киров атындағы қазақ университетін бітірді. “Пионер” журналының бөлім бастығы, “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.
Мұзафар Әлімбаев негізінен ересектерге арнап жазатын ақын болғанмен, ол еш уақытта балаларды назарынан тыс қалдырмаған. Ол “Жұмбақтар”, “Биікке, биікке”, “Менің ойыншықтарым”, “Алатаудың баурайында”, “Орақ олақ” деген кітаптармен, “Бал дәурен, шіркін, балалық” деген бір томдық таңдамалысымен жас оқырмандарына ертеден таныс. Оның балаларға арналған орыс тіліндегі өлеңдері газет беттерінде және жинақтарда басылды. М. Әлімбаев “Балдырған” журналының редакторы болған. Мұнда ол мектеп жасына дейінгі бөбектерге және бастауыш сынып оқушыларына арнап өлеңдер мен әңгімелер жазып тұрады. Ол бір естелігінде:
“Менің шешем өмірімнің ең бірінші, ең жақсы, ең ақылды әрі ең қатал ұстазы болды. Ол көптеген халық жырларын: бесік жырын, тұрмыс, қаһармандық жырларды, даналық ертектер мен қайталанбас аңыздарды білетін еді.
Ол ұлы Абайдың өлеңдерімен мені ерте таныстырды. Рас оның терең мәнін мен әлде қайда кейін ұқтым. Мен әкемнен 9 жасымда айрылдым. Он төрт жасқа шыға бергенде небәрі жеті күн ауырып, шешем дүние салды. Сөйтіп мен ең жақын ұстазымнан және анамнан айырылдым. Шексіз қасірет менің қыр соңымнан қалмады. Ал мен он бес жасқа шыққанда өзімнің алғашқы өлеңімді жаздым, бұл өзім жатқа білетін – “Ана” дейтін өлеңім. Анасы бар әрбір ұл мен қыз оны әрқашанда тыңдап, әрқашанда ренжітпеуін мен қалаған болар едім. Мен, балалар, Сіздер, біздің үлкен де айнымас адал анамыз – Отанды бағалап, шын жүректен жақсы көргендеріңді қалаған болар едім”, - дейді.
Ақынның анаға, ұлы отанға деген мейірбандылығы, берілгендігі, оны зор құрмет ететіні, солар алдында, қызмет ете беретіні бар шығармасының үлкен өзегі боп тартылған, биік мұнарасы боп қалана берген. М. Әлімбаев медальдармен, құрмет грамматасымен наградталған.
2. Автордың балаларға арналған өлеңдері қысқа болғанымен, белгілі сюжетке, тартымды ойға, терең пікірге құрылған. Ақын балалардың қызығып та қуанып оқуын көбірек ойланады. Сондықтан да Мұзафар өмірдің кішкене бір көріністеріне үлкен мән беріп, түйінді ойлар айтуды өзіне зор мақсат етіп қояды.
Ақынның әсіресе мектеп жасына дейінгі балдырғандар мен бастауыш мектеп оқушыларына арнап жазған өлеңдері тым қызық, өте әсерлі. Оны үлкен кісілер де сүйсініп оқып, балалық шақтарын еске түсіреді. Ақын “Кім ұтылды, кім ұтты...” өлеңінде тау асып ойнап кеткен үш баланың қарны ашып, қолдарында қалған екі алманы бөлісе алмай жатқандарын сөз еткен. Екі алманы үшке бөлісе алмай таласып, керілдесіп жатқан екі жолдасына үндемей тұрған үшінші бала былай дейді:

Қиын емес бұл мүлдем, Сен бер маған жартысын.


Тепе –тең бөлейік Екеуі оған көніпті,
Екеуің ал бір – бірден, Жарты – жарты бөлікті
Мен – ақ соған көнейін. Басу айтқан балаға
Не керек сол айтысып, Өз қолынан беріпті.
Сен бер маған жартысын. Кім ұтылды, кім ұтты?
Не керек сол тартысып, Кім ұқпады, кім ұқты?

Ақын өлеңін сұрақпенен аяқтап, оқиға шешімін балалардың өз талқысына салады, сөйтіп, олардың ойын дамытуға, өздерінше пікір таласын тудыруға сілтейді. Ақын өлеңі тартымды ойға құрылатыны осыдан ап – айқын көрінеді.


“ Әріптер сыры” өлеңінің мамандық таңдауға жол ашатын сыр – сипаты бар:

“ А” – Алтай бала дәрігер,


Аурудан сақтар ол мені.
“ Ә” - Әнуар өнер біледі,
Әдемі етік тігеді.
“ Б” – Бауыржан сақшы – жауынгер
Батыр деп сүйген қауым ел.
“ В” – Володя мастер мен дейді,
Вагондарды жөндейді.
“ Г” – Гүлжамила бақшашы,
Гүлге толған бақшашы
“ Ғ” - Ғажап бояу жағады,
Ғали сурет салады.
“ Д “ - Дүлділ аттар баптаған,
Дәрменді жұрт мақтаған.

Мұндағы әр әріп, әр түрлі мамандықты таңдайтындай мазмұнға құрылған. Және бірінші сынып оқушыларының жаттап айтуына ыңғайлы. 36 әріпті түгел танып шыққан бірінші сынып оқушылары ата – аналар жиналысы кезінде мектеп сахнасына шығып, бірі “А”, екіншісі “Б”, үшіншісі “Ә” болып рөлдесіп, жатқа айтып шықса, жарты жылдық оқудың білім қорытындысы болып, ата – ананы зор қуанышқа бөлер еді. Педагогтардың ақын, жазушыларға қояр тілек, талаптары шығармаларының тәрбиелік мәні басым болумен қатар, білімдік мазмұнға құрылуын тілейді. Оқушылардың сөздік қорын байытатын талғам, ойлы, парасатты көркем сөздер болуын талап етеді. Өлеңдерді тез жаттап айтуына икемді боп тұруын жақтайды.


3. Баланы адалдыққа, кіші пейілдікке, мейірімділікке тәрбиелеу халықтың педагогика мақсаттарының бірі болған. Адамгершілігі мол парасатты кісі әрқашан өз басының қамынан гөрі ел қамын, халық қамын көбірек ойлайды да өз Отаны алдында қызмет етуге әрқашан дайын тұрады. Міне, осындай сипат Мұзафар Әлімбаевтың «Алатау баурайында» поэмасынан ерекше орын алған.
Жақы деген жарлының жаман шалашын сұрап алған Пернебек оны түзеймін, үлкейтемін, үй етемін деп шалаш астын қазып жатқанда кесек-кесек алтын тауып алады. Қуанышы қойнына сыймаған Пернебек бұл сенің үйіңнің астынан шақты, бұл алтынды сен ал деп Жақыға жалынады. Оңай олжадан бас тартан Жақы Пернебекке өзің ал алтын өз еңбегіңмен табылды дейді.

Жарымаған жарлының, Көзің сатып жеген нан,


Жарылғаны адалдық. Кептеледі өңешке.
Жарлымын да жарлымын, Терің сатып жеген нан,
Жанға жақпас қараулық. Балдан тәтті емес пе?

деп, Жақы тағы да Пернебектің алтынды алмасына қоймайды. Аш көзділік, арсыздықтың жоқтығы қандай сыйлы. Пернебек те алтынды алудан бас тартады.


Оңай олжа – арам ас,


Мен де алтыннан беземін.
Бола қоймас балам аш,
Терсем де жер тезегін.

Ақырында біз көрген таршылықты солар көрмесін, олардың болашағы бақытты болсын деп екеуі бірінің қызын екіншісінің ұлына қосып, алтынды соларға бермек болады, бірақ екеуінің баласы да алтынды алудан бас тартады. Ақырында бір дана қарияның айтуымен алтынды халық мүддесіне жұмсап, алмалы бақтар орнатады. Ол халықтың игілігіне айналады.


Міне, бұл баланы адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу идеасынан туған тоқтам. Жүре келе түсінер, өмірдің өзі үйретеді дей жүріп, баланы бақылаудан тыс қалдырса, он құрметтемесе, балаға баласынып қараса, онда ата-ананың ұтылғаны. Ал егер баланың бойына ізгілік егілмесе, оған құрметпен қарамаса, ондай бала өзіне өзі сұрқия, басқаға да жексұрын боп көрінеді.Бұған біз Мұзафар Әлімбаевтың «Егерде» деген өлеңін үлгі етер едік.

Ауланың қарын күрер ем,


Аяғым су болмаса.
Бақшаны баптап жүрер ем,
Үстіме шаң қонбаса.

Бұл бала не істеу керек екендігін біле тұра соған ілікпейді. Қолы бармайды. Қара жұмысқа жиіркене қарайды.


Суға да мен барар ем,


Егер қарым толмаса.
Отынды да жарар ем,
Ағаш қатты болмаса.

Жастайнан осындай тәрбиеде өскен шолжақ бала көбіне жамандыққа үйір кісі Жан біткенде жек көреді. Жасынан өзімшіл, жалқау өскен бала өзге түгел өзінің жақынына да қарамайтын


болады. Ақын бұл жағын да дұрыс айтқан:

Жұбатар ем Жанатты,


Жылап маза алмаса.
Жақсы оқыр ем сабақты,
Кітап қалың болмаса.

Мұзафар көркем сөз зергері. Оның өлеңдерінен бала жанын мәз етерлік елжіреген бос сөздер, құлақ тұндылық құрғақ өсиеттер кездеспейді. Оның өлеңдерінен тілге жеңіл, жүрекке жеңіл тиіп отыратын терең ой, өткір пікірлер табылады. Мұзаффар өлеңнің көркемдік түрлерін тек метофоралар мен эпитет сияқты бейнелі, мәнерлі сөздерден ғана іздемейді. Ол сөз қолдану шеберлігін әр сөзді орнын тауып жұмсай білу ден іздейді. Орнын тауып қолдана білсе, терең мазмұнға, ерекше көркемдікке ие болып құлпырмайтын, түрленбейтін бірде-бір сөз жоқ екенін Мұзафар жақсы түсінеді. Ол ізденгіш, талғамы күшті, бала жанын түсінетін талантты ақын.


Балалар әдебиетінің қисыншысы, ақыны, сыншысы К.И.Чуковский балаларға арналған өлеңдердің жанды суретке, тірі қимылға, сан алуан бояуға толы болуын талап еткен. Осы тұрғыдан алғанда, М.Жаманбалиновтың балаларға арналған қай өлеңі болсын, суретті, динамикалы, образды.
Ақын өлеңдерінің үлкен бір шоғыры – табиғат суреттері, құбылыстары. Табиғат сұлулығын паш етудегі өлеңдері ойнақылығымен, суреттілігімен, жандылығымен ерекшеленіп тұрады. «Бұйра бұлттар» өлеңі шағын болса да суретке толы. Бұлттың қалай көтеріліп бара жатуы, қалай түйілуі баланың көз алдыңа әкелерлік сурет.

Көтерілді еңістен


Бұйра бұлттар ақ маңдай.
Мың отар қой
Өріске
Беттеп бара жатқандай

Қимыл-қозғалысқа толы жанды, мінезді сурет бар. Табиғат құбылысын өрнектеуде «мың отар қойға» балауы, ұлттық нақыштағы сөз өрнегін қолдануы да өлеңнің сәтті шығуына ықпал еткен. Ақын баланы табиғат құбылысына үңілдіріп, таным көкжиегін жетілдіруге жетелейді. Төрт тармақ өлеңде «бұйра», «ақ» көріктеуіштерін қолданысы бүлдіршіндердің бұлт сипатын ашатын сөздерді меңгеруіне, сөздік қорларының толығуына әсер етпек.


Табиғат құбылыстарын суреттеп жырлап ғана қоймай, ақын бала қабылдауына ықшамды келер ой айтады. Екі құбылысты жұптап, салыстыра суреттеу әдісін кең қолданады:
Бақшаның сәні де,
Көркі де – күнбағыс.
Күнұзын бәрі де,
Қарайды күнге алыс.

Ұқыптап тараған,
Әдемі кекілді,
Ұстазға қараған,
Шәкірттер секілді

«Күнбағыс» өлеңінде күнге қараған күнбағыс пен ұстазға қараған шәкірт, яғни екі түрлі құбылысты салыстыра өрнектеп, күнбағыстың күнге қарап өсуі – танымдық сипатпен ұштасса, ұстаздың шәкіртке қарауында – тәлімдік сипат астарланып жатыр. Күнбағыстың көркін ұстазға қараған кекілді балаға теңеуінде бала жанына әкелер жылылық та бар.Автордың «Күркіреді күн, күн», «Күн күркіреп, жар салды», «Жаңбыр» өлеңдерінде табиғат құбылысы – күннің күркіреп, жауынның жаууы бейнелі суреттелуімен ерекше.

Күркіреді күн, күн,


Терезелер шың-шың.
Жауды жаңбыр топ-топ,
Шелек-шелек көп-көп.
Жон арқанды тос-тос
Күнбағыс, тез өс, өс!

Шағын ғана өлең шымыр өрілуімен қоса, бүлдіршіндердің көкейінде тез жаттап қалуымен, ықшамдылық сипатымен ерекшеленеді. Өлеңдегі қос сөздер мен еліктеуіш сөздерінің қолданысы бала эмоциясына әсер етерлік мәні бар. Күннің күркіреуі, терезелердің тың-тың соғуы, жаңбырдың топ-топ жаууы – дыбыс ерекшелігі болса, «күнбағыс өс, өс» деуі де бала назарын жауыннан кейін өсімдіктердің тез өсуіне аудартады. Өлеңдегі күн-күн, тың-тың, топ-топ, көп-көп, тос-тос, өс-өс сөздері өлеңге әсерлі ұйқас берумен қоса, әуезділікті арттыра түскен. Бүлдіршіндердің тілін сындырып, жаттықтыруға ықпалы бар, әрі жаттауға да жеңіл, тілге орамды.


«Күн күркіреп, жар салды» өлеңінде жан-жануар, өсімдіктер тіршілігінде жауынның пайдасы қызықты өрнектелген. Кішкентай оқырманына тазалықты дәріптеу үшін табиғаттың тосын да әсем құбылысын алады:
Күн күркіреп, жар салды:
-Шомылдырам баршаңды!
Шырша,
Терек,
Қайыңдар,
Бәрің душқа дайындал!

Елік, Арқар,
Қояндар,
Шешінбей-ақ қойыңдар!

Орманда да, тауда да,


Жүрмейсіңдер аунамай.
Тондарыңның шаңы бар,
Соны жуып-шайыңдар!

Күннің әрекетін жандандырып, оқиғаны қарқынды бастауымен балалардың назарын аударып алады. Өлеңде лепті сөйлемдердің қолданысы оқиғаны динамикалы жеткізуге ықпал жасап тұр. Баланың танымына табиғаттағы жан-жануар, өсімдік тіршілігіне жауынның әсерін жеткізумен қатар, табиғаттағы барлық құбылыстың бірі-бірімен сабақтастығын да астарлап отыр. Күркіреген күнді сөйлету арқылы табиғатты жандандырып, бала эмоциясына әсер ете отырып, тазалықты паш етеді. Сонымен қатар кішкентай бүлдіршіндер табиғаттағы қызықты құбылыспен таныса отырып, ағаштың, аңдардың түрлерінен де мағлұмат алады.


Жуынған соң, саспаңдар. Қорықпаңдар, қашпаңдар.
Көк аспанды тілемін,
Кемпірқосақ ілемін.
Бұлт көбесін сөгемін,
Шуағымды төгемін!

Автор бала қабылдауына жауыннан кейінгі табиғат құбылысын жанды суретпен жеткізген. «Ш», «т», «с», «к» аллитерация қолданысы өлеңге эмоционалды-экспересивті бояу бере түскен. Кейіптеу тәсілін ұтымды қолданған. Балалар лирикасын зерттеуші Б.Қапасова пікірінше: «М.Жаманбалиновтың «Күркіреді күн, күн... » өлеңінде қатаң дыбыстарды қайталай отырып, «күркіреді» сөзінің мағынасын ашса, соңғы жолда күнбағысқа келгенде алдыңғы қатаң дыбыстың түсіп қалуы, нақтырақ айтқанда ұйқас жасап тұрған сөздің ашық буынға өзгеруі өлең мазмұнына да сәйкестендірілген. Бір сөзді қайталау арқылы қос сөз жасаған ақын осымен дыбыстың естілуін де неғұрлым нақтырақ береді» «Жаңбыр» өлеңінде оқиға дүркінділігі, динамикасы басым.


Сатыр-сұтыр,


Шатынап,
Жарқ етіп күн, бір тынды.
Орман, тоғай, атырап,
Дір етті де, сілкінді.

Ал қара бұлт торланған,


Нөсеріңді төк енді!
Жел – хабаршы,
Орманға,
Жеткізуге жөнелді

Балдырғандар өлеңді оқыған сәтте-ақ күнделікті өздері көріп жүрген табиғаттың қатал құбылысының ерекшелігіне көз жеткізеді. Жауын жауар шақтағы табиғат құбылысын «сатыр-сұтыр», «шытынап», «дүр етті», «сілкінді», «қара бұлт», «торланған» бейнелі де қимыл-қозғалысқа толы сөз өрнектерімен аша түскен. Жаңбыр жауар кездегі желді хабаршыға балауы оның шапшаң, жылдам сипатын ашуға қызмет етіп тұр. Ал келесі бір «Жаңбыр» өлеңінде бұлттың ерекшелігін, жауынның пайдасын өзгеше бір қырынан ашады:


Айбарлы бұлт түйілді.
Жерде ойнатты құйынды.
Аспан отпен қол қойып,
Бұлтқа ақырып бұйырды:
-Суар егін,
Бақшаны,
Көшедегі бас шаңды!
Бұлт бұйрықтан аспады.
Жаңбыр жауа бастады

Өлең шумағындағы бұлттың айбарлы болуы, бұлттың түйіліп келіп, құйынды ойнатуы, аспанның отпен қол қоюы, бұлтқа ақыруы – шарттылық. Ақын тағы да табиғатқа жан бітіріп, қатты жауар нөсердің ерекшелігін баланың көз алдына образды әкеле білген. Кейіпкері – бұлт. Қаһарлы, айбарлы мінезімен ерекше. Бұлтқа жан бітіре отырып, бүкіл бақшаны суаратын бұлтқа деген ризашылық сезімді де туындатпақ, сол арқылы табиғаттың әрбір құбылысына зер салуға үңілдірмек.


Ақын өлеңдеріндегі көркемдік айшықтардың молдығы жыл мезгілдерін суреттейтін өлеңдерінен көрінеді. Жыл мезгілдерінің бірі – қыс көрінісі «Алғашқы қар» «Қыс келді», «Қыс» өлеңдерінде бейнелі, образды, жанды. Табиғат айшықтарын өрнектеуде ақынның суреткерлігі танылатын өлеңнің бірі – «Алғашқы қар». Өлеңде қыстың әсем бір көрінісі – қардың түрлі-түрлі пішінде жаууы суреттелген.

Ақ қанатты көбелек,


Ұшып жатыр көлбеңдеп.
Қонып жатыр төбеге,
Қонып жатыр көлге де.

Қонып жатыр түп талға,


Қонып жатыр терекке.
Сыйда-сыйда бұта да
Кетті әппақ желек боп.

Өлеңде «керемет, керемет» деген сөз қолданыс балалардың қуанышын береді. Қарды «ақ қанатты көбелекке» балауы, қардың көбелекке тән болып алынуы бала эмоциясына әсері мол. Қардың «ақ қанатты көбелекке» балануы нәзіктікпен, яғни табиғаттың сұлу да өте бір нәзік құбылысымен ұштасып жатыр. «Көлбеңдеп», «шыр көбелек айналып» бейнелі сөз өрнектері қардың жауу сипатын көрсетеді. Табиғаттың әсем бір құбылысын суреттей отырып, туған жер табиғатын сүю, әсемдікке баулу ойы айшықты суреттермен көмкеріліп жатыр. Пейзаж – балаларды елжандылыққа тәлім-тәрбие беру құралы десек, ақын өлеңінде де осы идея алға шығарылған. Табиғат лирикасын зерттеуші М.Оразханованың пікірімен ойымызды сабақтасақ: «Табиғатты жырлау арқылы ақындар көңіл қошын тауып, сезімін ғана білдіріп ғана қоймайды, бұл жырлар ұрпақ, қоғам тәрбиесіне тікелей болмаса да өзіндік ықпал, әсерін тигізеді. Табиғатты жырлау адамзат пен табиғат арасындағы қатынасты жақындата түседі».


«Шеберін-ай аяздың!» өлеңінде аяздың суретшілік қырын жандандыра отырып өрнектейді:
Шеберін-ай аяздың!
Әйнектерді қағаз ғып,
Әшекейлеп қойыпты,
Бірнеше ою ойыпты.

Жапырақтардың, гүлдердің,


Сан алуан түрлерін,
Өркештерін өр таудың,
Мүйіздерін арқардың –
Бәрін, бәрін анық қып,
Айнытпай-ақ салыпты.
Суреттерді әр үйге,
Әйнектердің бәріне,
Түнде де салып береді,
Көзі қалай көреді?

Өлеңнің шешімін ойлы сұрақпен түйіндеуі баланың дүниетанымын қалыптастырумен ұштасып жатыр. Ақынның қай өлеңі болмасын, бала танымын, қиялын ұшқырландыру. Демек, бұл өлеңінде де автор осы идеяны іске асырады. Ал «Үскірік» өлеңінде де қыстың «қатал мінезін» жасайды.


Үскірік-ау
Үскірік!
Қалайсың,
Сен қалайсың?
Күні бойы үскіріп,
Бір сәт дамылдамайсың?

Бетті аяз шымшылап,


Сорып бейне жатқандай.
Енді біраз тыншып ал,
Бостан-босқа мақтанбай.

Я болмаса,


тектен-тек,
Ысқыра бер, мейлі, сен,
Сенен қорқып, мектепке
Бара алмайды деймісің!
Кейіпкерлер – үскірік пен бала. Автор баланы сөйлету арқылы үскіріктің қаттылығын ашады. Сұрақ қою әдісі де ұтымды шыққан. Табиғаттың әр құбылысының өзіндік ерекшелігі болатындығына бала зейінін аударып, зер салдырады.
Табиғаттың қызықты құбылыстарының бірі – дауыл. Автор табиғаттың осы бір құбылысының өзіндік ерекшелігін «Дауыл» атты өлеңінде бейнелейді.

Дауыл,
Дауыл,


Дауылда,
Тыныштық бер ауылға.
У-шу қылып теректі,
Шаң-шаң қылып жер-көкті,
Жұлып-жұлқып қақпаны,
Бар ма сонда тапқаны?

Өлеңнің ерекшелігі: еліктеуіш және бейнелеуіш сөздерді образ жасауда сәтті қолдануы, риторикалық сұрақ қойып, баланы ойландыру, дауылдың екпінін динамикалы өрнектелуі. Теректі у-шу қылуы, жер-көкті шаң қылуы, қақпаны жұлқуы көріністерін жинақтау арқылы автор баланың көз алдына жан бітіре «дауылдың бейнесін» жасайды.


Табиғат көркін бала қабылдауына жеткізуде өзен, көлдің, бұлақтың ағысын образды суреттеген өлеңдері жеке бір шоғыр құрайды. «Бал- бұлақ» өлеңі бала танымына сай, тілі орамды, оқиғасы жұмыр.

Сылдыр-сылдыр


Сылдырап,
Мөлдір бұлақ ағады.
Былдыр-былдыр,
Бал құрақ,
Көмкереді жағаны
Бұлақтың «сылдыр-сылдыр, сылдырап» ағуы – ағыс сипатын, дыбыс ерекшелігін білдірсе, «былдыр-былдыр бал» суретті сөзі құрақтың қозғалысын көз алдыңа әкеледі. «Мөлдір» эпитеті судың тазалығын көрсетеді. Құрақтың жағаны көмкеріп алуы да әдемі сурет. Бұлақ ағысын жағадағы жайқалған құрақтың көркімен үндестіріп, табиғаттағы тіршіліктің бәрінде гармония болатындығына баланың көзін жеткізеді.

Балғын-балғын


Балалар
Саялайды құрақта.
Отырады жағада,
Шомылады бұлақта
Табиғаттың әсемдігін өрнектеуде сол табиғат аясындағы балалардың тыныс-тіршілігін пареллель өруі балдырғандарға экологиялық тәлім-тәрбие берумен сабақтасып жатыр. Өлеңдегі «сылдыр-сылдыр», «былдыр-былдыр», «балғын-балғын» сөз өрнектері әуезділікті арттыра түскен. Дыбыс ойнату әдісін сәтті қолданған. «Мөлдіреген» сөзі де судың тұнықтығын көрсетеді. «Күлім-күлім қағуы» кейіптеуі бұлақтың ажарын әрлендіре түседі. Өлең бүлдіршін тіліне орамды, жүрегіне де жылы тиері сөзсіз.
«Көлде» өлеңінде де ақын бейнелі суреттермен табиғат құбылыстарын береді:
Тал жағадан қарады,
Дүр сілкініп, таранып.
Аунап-аунап алады,
Осында кеп ала бұлт.

Көк аспанның күмбезін,


Көрікті ғып көрсетпек.
Көп толқындар Күн көзін,
Алып кетті бөлшектеп.

Топ шағала өтті, әне,


Өз көлінде құс та – құт.
Толқындарға кетті олар,
Ақ орамал ұстатып

Өлең тартымдылығы: талдың жағадан қарауы, дүр сілкінуі, тарануы тәрізді жансызды жандандыруында. Мұндағы «сілкініп», «таранып» сөзі – іс-әрекет, қимыл түрі. Мұның өзі өлеңге жан беріп, оқиға қарқынын күшейте түспек. Балалар өлеңдерінің басты бір шарты – ойнақылық болса, ақын ойнақылыққа кейіптеу тәсілі арқылы қол жеткізген. Шағаланың толқындарға ақ орамал ұстатуы – көркемдік деталь. «Ақ орамал» – метафора. Ақын баламасы – ұлттық ұғымдағы бейнелі образ. Топ шағала – шағалардың көптігін білдірсе, әрі еркіндіктің символы.


Табиғат тақырыбындағы жырларының бірі – құстар әлемінің суреттелуі. «Қарлығаш» өлеңінде:
Қанаты үп-үшкір,
Ұшындай қияқтың.
Қайшымен тегіс бір,
Қиылған сияқты.

Төсінде жайнаған,


Ал қызыл шуақ тұр.
Әсемдеп байлаған
Галстук сияқты
Өлең суретті. Ақын теңеулерді ұтымды қолданған. Кішкентай ғана қарлығаш құсының табиғатын бүлдіршіндер ұғымына сай өрнектейді. Құстың сүйкімділігін арттыра түсіп, бала оқырманды құстарды аялау сезіміне жетелейді. «Тырналар» өлеңінде де құстың әсемдігі паш етілген.

Ұзын сирақ тырнамыз,


Бай келеміз жырға біз.
Оңашаны сүймейміз,
Жиналып ап билейміз.

Ұшқан кезде тізіліп,


Жұрт қарайды қызығып.
Бұлттан әрі асқанда,
Ән шырқаймыз аспанда

Ақын тырналардың топтаса ұшуын жырлай отырып, балаларға бірлік, достық туралы да мағлұмат беріп отыр. Ал «Торғайлар қуанышы» өлеңі бала атынан жырланғандықтан, бала ақылына, балдырған ұғымына тән. Бұл өлеңде кішкентай оқырманын қайырымдылыққа, құстарға қамқор болуға тәрбиелемек.


Бір уыс дән шашып қап,


Шолып едім қашықтан:
Ұшып келіп әрқайдан,
Жапырласты торғайлар.

Қалғандай-ақ ашығып,


Шоқып-шоқып асығып.
Сілкініп те алады,
Қанаттарын қағады.
Секіріп те ойнайды,
Өздерінше тойлайды.
Қарасады айнала:
«Қайырымды қай бала?!»
«Жапырласты» сөзі торғайлардың көптігін көрсетсе, «Сілкініп те алады, // Қанаттарын қағады» тармақтары құстың ұшу ерекшелігі мен әсем қозғалысын танытады. Өлеңде табиғат жаратылысының бірі – құстарды аялау, бағалау, сүйсіну идеясы бар.
«Сауысқан» өлеңінде автор соны теңеулер, тың метафоралар қолданған. Және тосын да жаңа сөз айшықтары бала өмірімен ұштастырылған.
Киіп алып сауысқан,
Оқушының формасын.
«Тақпақ айтып» дауыстап,
Жаңғыртты-ай кеп дөң басын.

Қалды кенет ұмсынып,


Жазатын бір хат бардай.
Автоқалам – тұмсығын,
Сүйкеп қойып ақ қарға.

Тұрды біраз тәкаппар,


Дүр сілкініп қалды да....
Ақ қағаздай аппақ қар,
Жаюлы тұр алдында

Лирикалық қаһарман адам кейпіне еніп, оқушы формасын киіп алуы, тақпақ айтуы, дауыстап оқуы, дөң басын жаңғыртуы – балаға тән әрекет болса, автор сауысқан әрекетін жандандыру арқылы балаларға бос жүрмей еңбектену қажеттігін ескертеді. Ақын өлеңінің идеясы – еңбекшіл, талапты жасты тәрбиелеу.


Түйіндер болсақ, табиғатты әр қырынан жырлайтынын, көңілді, мейірімді сәттерін, долы кездерін өрнектейтінін ескерсек, М.Жаманбалинов шығармаларында қысты да, көктемді де, көлді де, бұлақты да, табиғатқа әр беруші құстарды да, өсімдіктерді де, түрлі хайуанаттарды да көтеріңкі көңілмен, нәзіктікпен, мейіріммен суреттейді. Ол нені суреттесе де, дербес (индивидуалды) шабытпен жырлайды. Табиғат мінездерін өзінше қабылдап, кішкентай оқырмандарының сезіміне, танымына, қабылдауына, логикасына сыйымды да әсер етерліктей суреттер туғызады. Табиғатты шебер суреттеуші ақын – бірде табиғатқа сүйсінуші, бірде сырласушы, енді бірде жіті бақылаушы, бірде табиғат құбылысын бала қабылдауына жылдам жеткізуші. М.Жаманбалинов – табиғат суретшісі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет