«Балалар әдебиеті» пәнінен студенттерге арналған ДӘріс материалдары



бет11/21
Дата14.02.2023
өлшемі222,12 Kb.
#67971
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
Байланысты:
лекция Балалар әдебиеті

Үлкен сақалды


Бір аңға тақалды.
Ешкі емес,
Ешкіден ірі екен,
Қарағай мүйізін
Қалайша
Көтеріп жүр екен?
Орғып бір түсті де,

Биік бір жартастан секірді.


Мұнда таутекенің сыртқы сипаты берілген. Таутекені ешкіге ұқсатуы, қасында лақтың қалуы ұқсас хайуанаттарды бала санасына терең сіңіреді. Әр хайуанатты ажырата білуге үйретпек. Арқарды қошқарға ұқсата отырып, баланың көру зердесіне таныс емес аңның сипатын әкеледі. Ақын қолданған көркемдеу құралдары бала оқырманның тіліне жақын, түсінікті, жас ерекшелігіне сай. Поэма шешімін бала ұғымына қалдырған. Поэма соңында ақын барлық аңды торға қамап, хайуанаттар бағында күтім жасаушы адам еңбегін алға шығарады.
Т.Молдағалиев “Орман қызы” ертегі поэмасы халықтың ертегінің әдеби-поэтикалық өңделуі негізінде жазылған. Поэманың кейіпкерлері – кемпір мен шалдың алтын шашты жалғыз қыз баласы және аю. Ақын поэмасының ерекшелігі: әдеби өңдеу арқылы халықтық ертегідегі ойды кеңейте түсуінде. Балаларға бірнеше тағылымды ойды ұсынады. Ол – ақылды болу, табиғаттың әдемілігін сезіне білу. Ақын алдымен балалар фольклорындағы әлпештеу поэзиясын қолдануы баланы ертегіге баурап аларлық қасиетті ұлғайтқан.
Ұйықташы, жаным, ал тыным,
Шаршадың күндіз көп ойнап.
Әдемі түс көр, алтыным,
Ақын табиғатты жандандыра суреттеп, оны бала өмірімен сабақтастыруы сәтті өрнегін тапқан ақындық тәсіл. Табиғаттың құбылысын баланың мінез, әрекетіне жақындатып нәзіктікпен суреттейді. Әдемі, жарасымды тіршілік суреті бар. Бала деген әсершіл әрі қиялшыл келеді. Автордың поэтикалық суреттері бала бойындағы осы бір ерекшеліктермен үндесіп жатыр. Ақын халықтық ертегіні табиғаттың әдемі көріністерімен көмкеріп, құбылта, құлпырта түседі. Халықтық ертегіні стильдік өңдеуден өткізіп, баланың эмоциялық сезімін ояту, эстетикалық тәлім алу, ертегінің танымдық сипатын арттыру, табиғатты аялау тәрізді қасиеттермен ұштастырады. Ертегіде балаға тән мінез-құлықты, әрекетті өрнектеу де бар. Көбелек қуып шаршаған, қарақат пен бүлдірген, алшаға тойған қыз бала. Күн батып, жолдан адасып қалған қызды аю әндетіп үйіне алып келуінен, қыз аюдың тамағын пісіруінен, ата-анасын сағынуынан, тәтті нан пісіріп, оны әке-шешесіне апарып беруді өтінуінен оқиға дами түседі. Аю қыз сөзіне намыстанып, арсалаңдап, қорбаңдап, қыз аюдың бүйірін тепкілеп келе жатуы оқиғасында шуақты, жылы юмор да бар. Қыз сөзіне намыстанған аю орманнан қалай шығып кеткенін білмей қалады да, аңшыға кездескен аю қызды қабымен тастап қаша жөнеледі. Ақын адам ақылылының озықтығын баяндап жатпай, бала көкейіне қонымды бейнелі оқиғалармен ықшамдап жеткізеді. Ертегі кіші жастағы балалардың қабылдауына ықшамды 7-8 буынды жыр өлшеміне құрылған.
Қ.Баянбайдың “Жалмауыз жайын” ертегі поэмасы сатиралық суреттерге толы. Поэманың өзекті идеясы – балдырғандарға қомағайлықтың, ашкөздіктің зиянын ұғындыру десек, сатиралық бейнелі сөз қолданысы осы идеяны ашуға қызмет етіп тұр. “Жыбыр етсе қарыс мұрт – қыбыр етсе құйрығы” суретке толы ұйқасы, “ас беріңдер!” дегені – “жиналыңдар!” дегені” бұйрық мәндегі ұйқастар жайынның өктем мінезін ерекшелесе, ала жайынның бақаны бақылдатып үйірімен жалмауы, шабақты бытырлатып шайнауы, ашыққанда тас жұтуы, бақа, шаянды жиырмадан, отыздан бірден жалмап қоюы – бала қабылдауына сыйымды қомағайлықтың бейнелі көрінісі. Көптік тұлғадағы сөз қолданыстары да (бекірелер, шабақтар, көлбақалар, шаяндар, балықтар, шапқыншылар) оқиға қарқындылығын туындатса, әрі жайынның қомағайлығын ашуға рең бере түскен. “Бытырлатып”, “бақылдатып”, “шулатып”, “бүлкілдеп”, “жалмап жеп”, “бітеу жалмап”, “бақырып” бейнелі сөз қолданыстары ертегі идеясын ашуға бағындырылған. Көлдегі барлық балыққа, құсқа әмірін жүргізген жайынның кішкентай қармақтан жеңіліс табуы да бала көкейіне қонымды сурет.
“Қаһарман қар” ертегісінің кейіпкерлері – аппақ қардай қозы мен қар. Ақын сөгілмеген қар, көбік қар, сүр қар, қалың қар, ағарған қар, төбедей қар деп қардың бірнеше түрлерін суреттей отырып, қайырымды қар, қаһарман қар деген “тірі” бейне жасайды. Ақынның айшықты сөз қолданыстары әрі баланың сөздік қорының жетілуіне, әрі танымын ұштауға үлесі бар. Кенже туған қозы мен қардың танысуы қоршаған ортаның сырын ұғынуға қызыққан балдырғандардың мінезімен де ұштасып жатыр. Қозыны қардың тау шыңына қыдыртып апаруы, тау ызғарына шыдамаған қозыны қардың сайға алып келуі – кіші жастағы балаларға татулық мәнін ұғындырса, қозының сайында жылынуы, сайда ери бастаған қардың тау шыңында қатаюы арқылы кішкентай оқырманға әркімге өз туған елі, жері ыстық деген ойды да жеткізеді. Ақын ертегіде көктемдегі қардың еруін (“қопаң етіп қар қабақ”, “болбырап, сөгілсе де көбесі”, “қисайды қар жамбастап”, “тарылып тынысы қар төбенің”, “майша еріп”) жандандыра суреттейді, сөйтіп, табиғат құбылысымен де таныстырады.
“Ұмытшақ ұлу мен қайсар құмырсқа” ертегі поэмасында оқиға жаздың жайдары ашық күнінде ешбір досы жоқ ұлудың қыста өткізетін туған күніне құмырсқаны шақырудан басталады. Алайда, қыс қаһарына шыдамаған ұлу жазда берген уәдесін ұмытып, құмырсқаны (“Аш ішектей тар үйім.// Өзім зорға сыямын, қайтіп сауық құрайын...”) ренішпен қарсы алады. Ұлудың әрекетін күлкіге құру арқылы ұмытшақтықты, жалған уәде берушілікті сынап, құмырсқа әрекеті арқылы уәдеге беріктік, қайсарлықты дәріптейді. Ақын қызықты сюжет арқылы ұлттық-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік үрдістерін де көрсетеді.
Қ.Баянбайдың 1984 жылғы “Тәтті сабақ” жинағында “Қомағай қасқыр, қаңқылдақ қоңырау, жаңғалақ қоян, көңілшек кірпі қақында хикая” деп ертегінің аты шұбалаңқы берілсе, 1991 жылғы “Бір қоржын жаз”, 1995 жылғы “Жүз жыл жаз” жинақтарында “Қоңыраулы қасқыр” деп ертегінің атын ықшамдап өзгерткен. “Қоңыраулы қасқыр”ертегі поэмасының тақырыбы да бала оқырман көңілін елең еткізерлік. Құлынның қимылы мен қоңыраудың дауысын үндестіре суреттеуі, жанды үн мен айшықты сурет (“шолтаңдатып”, “сыңғыр шығар”, “қаңқыл кетер”) тосады. Поэмада дауыссыз дыбыстардың қолданысы оқиға қарқынын күшейтсе, әрі балалардың дыбысқа құштарлығымен де астасып жатыр.
Құр жортуыл түндегі
Қалжыратқан бір бөрі
Көргенде жас құлынды,
Сілекейі шұбырды.
Жуан желке дір қағып,
Өз сирағын бір қауып,
Шоқтай көзі қанталап,
Жер тырнады, жата қап.
Шыдамаса белге сын
Сәл көтеріп кеудесін,
Бой тасалай,
Бүкеңдеп,
Қия бетке тіке өрлеп,
Шапты қасқыр құлынға,
Алқымынан сығуға.
Бұл көркемдік эпизод персонаж характерін ашатын шағын тартысқа құрылған, яғни қомағай қасқыр кейпін ашарлық көрініс бар. “Дір қағып”, “бір қауып”, “бүкеңдеп” бейнелі суретті сөз қолданысы баланың қабылдауына аш қасқырға тән сипатты әкелмек. Персонаждар арасындағы тартысты динамикалы өрбітіп, қасқырдың қомағайлығын ашады. Құлынға тән қимылды (“жалт беріп”, “құйындатып”) ойнақы суреттейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет