Қауызға сыймай үш бұршақ,
Бірін-бірі тепті ме,
Қауыздан шығып үшеуі,
Жолға түсіп үш жаққа
Кетпеді ме, кетті ме...
Мен білмедім, бөбектер,
Өздерің маған көмек бер.
Поэма соңында оқиға шешімін бала танымына қалдырып, “еңбек түбі – жеңбек”деген ойды астарлайды. Ақын бүлдіршіндерге табиғат пен адам еңбегінің жарасымын танытады. Ж.Смақов поэмасының түйіні – адамзатты шаттыққа бөлейтін еңбектің табиғатпен тұтастығын көрсету.
“Кім күшті, кім мықты?” ертегі поэмасы 4-5 жастағы балалар ұғымына қонымды. Бұл жастағы балалар қоршаған ортасын тануға қызығатыны белгілі. Автор балалар бойындағы осы бір қасиетті ескерген. Поэманың композициялық құрылымы да өзгеше. Әр тармақтың ыдыраңқы келуі де оқиғаға екпін, қарқын қосарлықтай сипатқа ие. Тармақтардың ыдыраңқы қолданысы оқиға динамикасына ықпал етерлік мәні де бар. Поэмада етістік сөздерінің жиі қолданысы оқиғаның қарқынмен өрбуіне әсер етіп, бала қабылдауына көркемдік әсерлікті де туындата түскен. Бұл ерекшеліктің бәрі бала эмоциясына, қиялына әсер етерлік сипатқа телінетіні танылады. Ақын поэмада ең алдымен әр хайуанаттың атауын, дыбыстауын, пішінін таныстырып, кейбір таныс емес хайуанаттар туралы мәлімет береді. Тармақтардың ыдыраңқылығы, етістіктердің қолданысы ойнақылықты, қарқындылықты туындатқаны байқалады. Бунақаралық ұйқас оқиғаның әуезділігін, тартымдылығын күшейткен. Әр хайуанаттың дыбыстау ерекшелігін енгізуі де оқиға инерциясын ұлғайта түсерліктей. Балаға тән тосын оқиғаға аңқиып қалуды персонаж әрекетімен қабыстыруы да орынды.
Ұзынды-қысқалы
Жалпақ та,
Талтақ та,
Баланы көріп ем не бір.
Мұндай тобырды
Көргем жоқ, – деді Зебр.
Осқырып, пысқырып,
Көргем жоқ – деді Зебр
Осқырып, пысқырып,
Алдыңғы аяғын
Қадап басты,
Бұлар састы.
Дүрлігіп жөнелді,
Зебр күлкіге кеңелді.
Сіздің үстіңіз неге шимай? –
Деді Құлын кетуге қимай!
Ақын балаға тән сөз саптауды сақтайды. Бала қызығушылығы тәрізді қасиетті ескерген. Бұл жолда таза балалық интонация, бала сөйлеуінің орамы бар. Ж.Смақов әр құбылыстың, заттың сипатын білуге ынтық бала көңілі, балаға тән әуестік, құштарлықты ескереді. Зебрдің таңданысы, құлынның сауалы әрбір құбылысты, заттың сипатын білуге ынтық бала психологиясымен сабақтасып жатыр. Зебр аңының ала түстілігін тікелей суреттемей, персонаж сауалы арқылы жеткізуі бала психологиясын жете білуінде. Балаларға таныс емес, суреттен ғана көре алатын зебр аңының дыбыстауымен, түр-түсімен таныстырады. Құлынды алудың өзіндік мәні бар. Зебр аңы тегі жағынан да, дене тұрқы жағынан да құлынға ұқсас.