Шығармашылығы: Жұматай Жақыпбаев – дүлдүл ақын. Жұматай өлеңдері өз дәуіріндегі кейбір ақындар шығармашылығы іспетті жалаң түршілдікке салынбай, көрген - білгенін, сезіп - түйгенін шынайы, қоспасыз, жүректен өріле шығуымен дара. Ақын өлеңдерінің бүгінде талданып, жүйелі зерттеле бастауы, түптеп келгенде, поэзиясының қуаттылығын, тілінің көркемдігі мен дәлдігін, өткірлігін мойындау. Жұматай – тума талант. Сондықтан, бойында ақынға, суреткерге қажетті қасиеттерді жазбай тану қиын емес. Сол даралығының жемісі – поэзиядағы сонылығы. Жұматайдың жауһар жырлары қазақ өлеңінің парасатты парақтары ретінде баянды ғұмыр кеше бермек.
Жұматай Сағадиұлының жырлары тұтастай Ләйлә есімімен байланысты емес. Ақынның есімі аталғанда Ләйләмен қатар Кенежирен де еске түседі. Ақынның жүйрігі кенежирен сәйгүлікті ағасы Шора малға айырбастап жібергенде жазған мына шумағы езуіңе еріксіз күлкі, ақылыңа ашу үйіреді.
Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,
Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?
Жұрт ағасын айырбастай бастаса,
Шөке, сызды өткізер ем алдымен, - деп, көңіліндегі ауыр құлазуды, күңірене баяндап, ағаның қате қылығын әжуәмен әшкерелейді. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға ақынның Кенежирен мен жылқы малына қатысты жазған жырларын ұсынамыз.
Негізі, Жұмағаңды өлеңінен бөліп алып қарай алмаймыз. Өзі қандай мінезге бай, мейірімді, әдемі болса, жырлары да сондай. Мен өз басым Жұматай жырларының мынадай қасиеттерін бөле-жара атар едім: Оның өлеңдерінің ә дегеннен көзге түсетіні – айрықша көркемдігі. Мәселен, басқамыздың өлеңімізді ақ-қара түсті теледидарға теңесек, Жұмағаң жырлары түрлі түсті теледидар тәрізді болып келеді. Оқыңыз:
«Алакөлең аршалы таудың қабағы,
Аспанмен жөңкіп сұр бауыр аппақ жабағы.
Бұйра шыңдардың бетімен қара көлеңке
Сорғышқа құйған сияша жылжып барады». («Ләйлә». 7-б).
«Сіркіреп жауын секпілбеттеніп жер үсті,
Үйтастардағы қуысқа құстар қонысты.
Жапырақтарға көшпелі гауһар іркілді,
Шұғынық гүлдер алқызыл рюмка болысты». («Шұғынық гүл төркіні», 9-б.).
Мұндай әсем, қайталанбас суреттер Жұмағаңның әрбір өлеңінде дерлік кездеседі және бірлеп емес, қосарлап. Дегенмен, тағы бірін келтірейік:
«Өлкемде өсімдіктің ырғыны – гүл,
Мамырда қаптатады қыр мұны кіл...
Балалық... бұлдырайды гүл ішінен,
Тұрғандай теріс ұстап дүрбіні бір».
Көріп отырғаныңыздай, бәрі сол түрлі түсті бояуымен көз алдымызға кес-кестейді, елестейді, тіпті түрлі гүлдің әтір иісі мұрын қытықтайды, сыбдыры құлаққа естіледі... Ақынның теңеу, метафораның хас шебері екенін ғана біліп қоймай, жасыл табиғаттың нәзік суретшісі ретінде де мойындайсыз. Негізі, ол – құлақтың емес, көздің ақыны. Соны білетіндіктен де өзі өлеңін оқи бермейтін, жаңа өлең жаза қалса, қағазға мөлдіретіп көшіріп алып не машинкаға бастырып ұсынатын.
Жұматай – халық ауыз әдебиетін де, жазба әдебиетін де жақсы біліп, соның жақсыларын орыс, шетел әдебиетімен салыстыра қарап, өз жолын тапқан ақын. Әйтпесе, оның мына шумағы тумас еді:
«Таңдай қызыл, құмдай сары, шымдай көк
Сан бояулар садақ сапша сынбай көп,
Жерге иілді – романтик ақынның
Қиялының траекториясындай боп».
Жұматайды біз күйші ретінде де білеміз. Оның «Ләйлә», «Ләйлә келген», «Жұматайдың жұпбасары», «Қажытай» күйлерін қазір Секен Тұрысбеков тартып жүр. Басқа да күйлері бар еді.Сүгір күйінің әсерімен жазылған «Көңілім, менің көңілім», «Той Саржайлау», «Бомбейлік композитор. Құйын» өлеңдері классикалық үлгі ретінде халқына ескерткіш болып қалды деп батыл айтуға болады.
Кейін ол дүниеден өткен соң «Көктемгі хаттар», «Ләйлә», «Кенежирен» деген жыр жинақтары әртүрлі баспалардан шықты. Қазақ поэзиясында ерекше қолтаңбасы айқындалып, өзіндік орынға ие болған Жұматай Жақыпбаевтың шығармашылығы оқырман қауымға әлі толығымен жете қойған жоқ. Десек те, жиырмасыншы ғасырда қазақ поэзиясына лирикалық жанды әуен қосқан Жұматай Жақыпбаев жиырма бірінші ғасырдың оқырманымен де жылы қауышты. Ақынды әсіресе жас оқырмандар сүйіп оқиды.
Әлеуметтік лирикаға ден қойған талантты ақын жиырма бірінші ғасырдың көгінен қарап:
Ақындар кеткен заман ба, өлеңші келіп,
Осынша сұп-сұр боламыз неден шіреніп?...
Қадамын санап басқандар қай жерден шықты,
Біз, қазақ, ақын халықпыз демеуші ме едік?! – деп, ирониямен езу тартып тұрған тәрізді. Себебі рухтың әлсірегені, заманның өзгергені, капитал билеген әлемнің алдында ақындықтың иіні түсіп кеткені бүгінгі заманның ащы шындығы дерлік. Әлдекімдер сияқты айқайламай-ақ, кеуде қақпай-ақ, өзінің биязы мінезімен, сыпайы жымиысымен езу тартып тұрып былай дейді:
Ғашықтық тәмәм, болды ма еркелік тәмәм.
Қарардай әлем Сен құсап жеркеніп маған.
Намыс пен мұңнан, Мысырға халифа болған,
Ұбақ қыпшақтай ызадан өртеніп барам.
Ақын жүрегін элегиялық реңмен жарып шыққан осынау шумақта ішкі буырқаныс тосын өрнектермен жеткізіледі. Сонымен бірге жүрек дүбірін тарихи деректермен тұздықтай отырып жеткізуі де ұтымды шығып тұр. Төрт жол өлеңге халық тағдырына қатысты штрихтар да көркемдікпен кіргізілген.Бұдан жиырма жыл бұрын дүниеден өтсе де, ақын біздің ортамызда торлғаныс құшағында буырқанып жүргендей дәл бүгінгі күннің тамырын тап басып сөйлейді, тебірене сілтеп, көзін алысқа қадайды. Ешкімді жазғырмайды, ешкімге доқ көрсетпейді, бірақ көзі ашық замандастарының жан-жүрегін жұлмалаған ащы шындықты айтпай, тағы тұра алмайды.
Бүгінгі біз өмір сүріп отырған ортаның жай-күйін, қазақ тілінің мүшкіл ахуалын, қазақ рухының тоқыраған сәттерін әлі де ішкі түйсікпен терең сезінетіндей. Шын ақынның өлеңі ескірмейді деген қағида нақ осы Жұматай шығармашылығының мазмұнынмен жете үйлесіп тұр. Махаббат деген сөздің қазақ жастарының кейінгі буынына әлдебір өткен заманның сарқыншақтарындай бір түрлі жат естілетінін ол бір-ақ ауыз сөзбен «Намыс пен мұңнан, Мысырға халифа болған, Ұбақ қыпшақтай ызадан өртеніп барам» деп, жеткізеді. Ызадан өртеніп, өңі қашпайды, қайта намыс пен мұңнан өртеніп, өзге елге халифа болған Ұбақ Қыпшақтың тарихи бейнесін алға тартады.
«Өзі өлсе де, аты өлмеген» дарабоздарды ардақтап, санадан сандалтпау әрбіріміздің қасиетті борышымыз. «Өлсе орны қара жер емес», атойлай соққан нұрлы жүректер болуы парыз. Ондай есімдер барлық халықтың қордалы тарихында алтын әріптермен таңбаланған. Қазақ халқында да мұндай есімдер аз емес. Құдайға тәубе, кейінгі буын аға буынның ардақты есімдері мен бағаналы еңбектерін ұлықтап, барынша қастерлеуде. Дәлелі ретінде ескерткіштер соғып, митингілер мен мүшәйралар ұйымдастыруда. Ал ақындар өлең жолдарымен өшпес өрнек оюда. Мұндай жандардың есімі ел есінде мәңгі қалары анық. Ал ақынның өлеңдерінде өрілмек…
Достарыңызбен бөлісу: |