Бас редактор с. Ж. Пірәлиев



Pdf көрінісі
бет6/16
Дата03.03.2017
өлшемі2,48 Mb.
#6082
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. – Астана, 2005.
2.  Қазақстан  Республикасы  жаңа  формация  педагогының  педагогикалық  білім  беру  тұжырымдамасы.  – 
Астана, 2005.
3.  Ұзақбаева  С.,  Қожахметова  К.  Жоғары  мектеп  студенттеріне  этнопедагогикалық  білім  беру 
тұжырымдамасы. – Алматы: Өнер, 1998.
4. Бөлеев Қ. Қазақ халқының этнопедагогикасы. Оқу пәнінің бағдарламасы. – Жамбыл, 1992.
5. Бөлеев Қ., Бөлеев Т.Қ. Қазақ энопедагогикасының тарихы. Оқу бағдарламасы. – Жамбыл, 1994.
6. Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындаудың теориясы мен 
практикасы. – Алматы: Ғылым, 2001.
7. Бөлеев Қ., Арзымбетова Ш. Қазақ энопедагогикасы. – Алматы: Нұрлы әлем, 2002.
8. Бөлеев Қ. Қазақ энопедагогикасы – ұлттық тәрбие берудің негізі. – Алматы: Нұрлы әлем, 2008.
Резюме
В статье рассматриваются вопросы подготовки будущих преподавателей предмета «Национальное воспи-
тание» в школьной программе 12-летнего образования в Казахстане. Предложены формы, методы и содержа-
ние подготовки учителей.
Summary 
In the article questions of preparation of the future teachers of a subject «National education» under the school 
program of 12-year-old education in Republic Kazakhstan are considered. The author offers the form, the maintenance 
and methods of preparation of teachers.

34
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
Б.Сманов –  
Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-
педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын 
Республикалық институтының директоры, профессор
ОҚУШЫЛАРДЫ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ АРҚЫЛЫ 
АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ
Жалпы  орта  білім  беретін  мектеп 
қабырғасында жас жеткіншектерге  адамгершілік 
негізде  ұлттық  тәрбие  берудің  мүмкіндіктері 
мол. Мұны ұстаз күнделікті сабақ үрдісінде де, 
мектептен  тыс,  сыныптан  тыс  жұмыстарда  да 
кеңінен жүргізе алады. Айталық, сондай жақсы 
мүмкіндіктердің  бірі  −  қазақ  әдебиетінің  клас-
сик  жазушысы,  кеңестік  кезеңдегі  ең  жоғары 
Лениндік сыйлықтың иегері М.Әуезовтің «Абай 
жолы» романын талдау барысында да іске асыра 
алады.  Туындыдағы  адамгершілік  мәселесінің 
түп-төркіні  әйгілі  қаламгердің  гуманистік  ой-
пікірлерінде  жатыр.  Ал  ондағы  гуманизм, 
ізгілікті  ой  көркем  бейнелердің  имандылық 
көзқарастарын,  оны  суреттеудегі  автордың 
адамгершілік  позициясын  саралау  барысында 
ашылмақ.  Жалпы,  имандылық  мәселесі    «Абай 
жолы»  роман-эпопеясының  басты  идеялық  ар-
насы десе де болғандай. Бұл, сөз жоқ, ең алды-
мен  «ислам  бұлағынан  су  ішіп,  түрікшілдікпен 
тәрбиеленген» (Ж.Аймауытов) ұлы суреткердің 
жеке  басының  имандылық,  адамгершілік 
қасиеттерінен, білім-білік сауатынан, исламдық 
пікір-пайымынан,  имани  тәлім-танымынан  ту-
ындап жатады.
Данышпан  жазушының  дін-ислам  іліміне 
«шашасына  шаң  жұқтырмайтын»  жампоз-
жүйріктігін,  асқан  білімпаздығын  «Абай 
жолы»  романынан  мейлінше  молынан,  авторға 
дән  ризалықпен  байқап  отырамыз.  Автор 
шығармада өзінің әрбір ойын, пікір-тұжырымын, 
не  кейіпкерлерінің  сөзімен,  не  авторлық 
мәтіндермен  бекітіп  отырады.  Бұл  көрнекті 
қаламгердің  ұлы жаратушыға деген рухани биік 
сенімін,  діни  дүниетанымын,  ислами  білімге 
ұлан-ғайыр сауаттылығын танытады.
Халқымыздың  ақиық  ақыны  Әбділда 
Тәжібаевтың  мына  бір  әңгімесі  де  жазушының 
діни-адамгершілік  көзқарасын,  жеке  тұлға 
ретіндегі наным-түсінігін аңғартқандай:
«...Айманкүлді,  менің  шешемді  М.Әуезов 
«Әйеке»  деуші  еді.  Бір  күні  Мұхаң  біздің  үйге 
келді.  Өңі  сыныңқы.  Шешем  мұны  көріп 
Мұхаңа:
−  Мұхтар,  қарағым,  қабағың  жараспай  тұр 
ғой, біреуге ренжіген сыңайың бар білем?, − деді. 
Сонда Мұхаң мұңайған, қабақ шытқан самарқау 
күйін өзгертпей:
−  Е,  Әйеке,  несін  сұрайсыз.  Белгілі  жәйлер 
ғой, – деді.
Сонда Айманкүл шешем жұлып алғандай:
− Құдай үйген төбені, пендесі кетпендеп  та-
уыса алмас болар, – демесі бар ма.
Мұхаң  сонда  қатты  серпіліп,  жадырай 
жөнелді».
Романдағы  негізгі  ой  арнасы,  гуманистік 
үлгі-өнегелер  ұлы  Абайдың:  «Құранның  іші 
толған ізгілікті іс», − деген сөзінен бастау алып 
жатқандай.  Бұған  мұғалім  шығармадағы  мы-
надай  тақырыптарға  мән  беру  арқылы,  соларға 
оқушыларының  назарын  аудару  арқылы  көз 
жеткізеді:
1.  «Абай  жолы»  роман-эпопеясындағы  оқу-
білімге байланысты исламдық көзқарастар;
2.  Шығармадағы  діни адамдар бейнесі;
3.  Роман-эпопеядағы  діни  ұғымдар,  наным-
сенімдер;
4.  Шығармадағы  дінге  қатысты  мақал-
мәтелдер, айшықты сөздер, терминдер, фразео-
логизмдер.
Бұл  тақырыптардың  қай-қайсысы  да 
шығармаға  жаңаша  көзқарастар    тұрғысынан 
баға  беруге,  бүгінгі  заман  талабына  сай  руха-
ни  құндылықтарымызды  қадірлеп-қастерлеуге, 
гуманистік  ой-пікірлерді,  адамгершілік  көз-
қарастарды  қалыптастырып  дамытуға    септігін 
тигізеді.
М.Әуезовтің:  «Абайға  Шығыстан  кірген 
бұйымдардың басы – ислам  діні», − деуі де жай-
дан жай емес. Мұны роман-эпопеяның өн бойы-
нан,  оның  мазмұнынан,  идеялық-көркемдік  си-
патынан байқау қиын емес.
Енді романдағы діни тұрғыда айтылған оқу-
білім  мәселесіне    байланысты    жайларға  ден 

35
ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ
қоялық:
«Абай  Зерені  қойып  қайтқан  күні  кешке, 
әжесінің төсегіне отырып алып, құран аударуға 
кіріседі. Анасының әруағына арнайтын дағдылы 
«Құран хатымды » молдаға  оқытпай, өзі оқитын 
болды.
Бір  жұма  бойы  сол  құранды  екі  аударып 
шықты. Осы күндерде ас үстіндегі  бір әредікте 
Құнанбай Абайға:
Жай аударады екенсің, − деп  еді, Абай жауап 
айтқан  жоқ. Құнанбай мұндайда үш-төрт ауда-
рып  тастайтын,  сыдыртқыш  молдаларды  есіне 
алып айтқан.
Абай  болса  ішкі  себебін  айтқан  жоқ.  Ол  да 
жылдам оқи білуші еді.
Абай  анасына  сауап  болсын  деп,  құранды 
өзгеше ықыласпен, асықпай,  соншалық мүлгіп, 
мінәжат қып оқиды. Құранның кейбір парасының 
үстінде  ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ой-
лар да ойлайды.
Онысы  әжесінің  адамшылық,  аналық 
қасиеттерін жоқтау еді. Өз  ішіндегі  адал алғысын 
бағыштау да дұғалық, тілек есепті  көрінетін» [1. 
236-237 б.].
Бұл үзіндіден Абайдың шынайы рухани сенімі 
жан-жақты екені көрінеді. Мұнда Зере әжесінің 
аруағына арнап немересі Абайдың өзінің құран 
оқуынан,    оның  үстіне  «Кәләм-Шәріпті»  (Алла 
сөзін) молдаға оқытпай, өзінің хатым етуінен ис-
лам шариғаты бойынша дүниеден озған адамның 
артында қалған ұрпақтарының, туысқандарының 
«Алла  жеңілдік  берсін»,  «жатқан  жерін  жай-
лы  етсін»,  «иманды  етсін»  деген  ізгі  ниетпен 
мүмкіндігінше  құран  түсіріп,  сүре  оқып,  дұға 
еткен сайын қайтыс болған адамға  да, оқыған, 
тілеген  адамдарға  да    Алла-тағала  үлкен  сауап 
жазатындығын байқатқанын аңғарамыз.
Абай  әжесінің  соңында  қалған  имандылық 
инабаты мен адамгершілік қасиеті мол қайырлы 
ұрпақ  ретінде  әкесі  Құнанбай  ойлаған  кейбір 
молдалар  секілді құранды сыдыртып  аудармай, 
жан-жүрегімен  беріле  оқиды,  ықыласпен,  шын 
көңілімен  асықпай  оқиды.  Құран  оқу  үстінде 
ұзақ  отырып  әжесінің  адамгершілік,  аналық 
қасиеттерін  есіне  алып  ойлануы  −  оның  таза 
ниетпен  алғыс  айтып,  тілек  етуі  де  орынды. 
Алланың  сөзі  жүрекпен  оқылмай  тек  сыртқа, 
өзгеге көрсету үшін оқылса, онда бұл бос әрекет, 
мұнафиқтық, екіжүзділік болатынын Абай біледі, 
әрі Абай тұлғасын осындай шынайылықпен су-
реттеп жеткізе алғанын Мұхтар Әуезов те жақсы 
біледі.  Өйткені,  Абайдың  да  мұндай  наным-
сенімге, игі ниетке ие болуына себепші болған 
бірден-бір жан Зере еді. Бұл жөнінен біз Абайды 
мұсылман дінінің  бүкіл шарт-қағидаларын жете 
меңгерген, нағыз иманды адам ретінде танимыз.
Ал,  әкесі  Құнанбайдың  «Жай  аударады 
екенсің», − деп әредіктен тиісіп қалып айтуына 
Абайдың  түк  те  қарсы  жауап  қайтармауының 
да,  біздіңше  екі    түрлі  себебі  бар:  біріншісі  – 
баланың әке сөзіне қарсы келуі Алла жолындағы 
адамға  қарсы  келуі  секілді  екендігін  аңғарып, 
әдеп  сақтауы;  ал  екіншісі  –  Мұхаммед 
пайғамбардың:  «Кім  біреу  хақсыз,  дұрыс 
болмаған сәтінде де қарсылық етпей (қарсы кел-
мей), үн шығармаса, сол ең көркем мінезділердің 
бірі болып есептеледі. Ондайлар жәннаттың ең 
үстіңгі қабатына лайық», − деген хадис-шәрифін 
ескергені деп ойлаймыз.
Расында  да  құран  оқып,  әруақтардың 
ризашылығына арнап бата бағыштау, «Өлі риза 
болмай,  тірі  байымайды»  демекші,  өткендерді 
еске  алып,  дәм  беру,  нәзір  беру  адамгершілік 
парыз болмақ. Ұлы жазушы діни сенімге байла-
нысты  ойын:  «...Жуасып,  жүдеген  елге  ақырғы 
тыныштық, жұбаныш осыдан табылмас па екен, 
ендігі  өмірдің  емі  бой  ұсынып,  сабырмен  шы-
дап,  діннен  тірек  іздеуге  болмас  па  екен  дейді. 
Әр заманда әр елдің тарихында үміт кемесі  су 
астындағы  жартасқа  соғылып,  талқан  болған 
шақта,  әрбір  жан  өз  жарасымен  ыңырануға  
айналғанда  осындай  момындыққа  түсіп,  мұңға 
батып,  дін  бесігін  іздейді»,  −  деп  түйіндейді 
«Әдебиет тарихы» атты еңбегінде.
Романдағы  төмендегі  көріністен  де  ұлы 
Абайдың  діни  біліктілігін,  ислам  ілімінен  ха-
бары  молдығын,  адамгершілік  игі  қасиеттердің 
мөлдір  бастауы  қайдан  шығып  жатқандығын 
байқаймыз:
«Жай  сұрасып  болған  соң,  Абай  Әлпейім  
шәкіртке бұрыла қарады да:
– Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып 
жүрсің? – деді.
–  Наху  оқып  жүрмін,  Абай  мырза!  –  деп, 
Әлпейім  «не  дер  екен»  дегендей    жылтыраған 
көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды:
−  Е,  жынды  болуға  аз-ақ  қалған  екенсің! 
Арабтың  өзінің  мақалы  бар:  «Фихқаны  көп 
оқыған  ақылды  болады,  Нахуды  көп  оқыған 
ақымақ  болады»  деген,  −  деп  осы  сөздерді 
Абай  арабша  да  судыратып  айтып  шықты»  [2]. 
Немесе  кемеңгер  жазушы  Абайдың  ақыл-ой, 

36
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
парасат-пайымын,  оның  талғам-тұжырымын 
мына  сөйлемдерден  аңғартады:  «Абай  күндіз 
ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша оты-
рып жазу жазады. Күңгірт көңілден кешіп өткен 
ойлар күздің ақ сұрғылт бұлтындай. Сол реңсіз 
ойлар  толқыны  тудырған  жолдарын  күйлейді. 
Бір сәтте  өлең боп оралған ойлар:
Құранды молда теріс оқыр,
Дағарадай болып сәлдесі.
Өзімшіл көңілі бек соқыр.
Бүркіттен  кем  бе  жем  жесі?...  −  дегендей 
жайларға құйылып оралады.
Тағы  бір  сағаттарда  Абай  ишан,  имам,  хал-
фе, хазіреттермен олардың өз тілінде сөйлеседі. 
Адамгершілік  қағидалар,  кісілік  игі  қасиеттер, 
ізгілік  иірімдеріне  байланысты    олардың  жер-
жебіріне жете, ызалана  соқтығады.
«Молдалар  былай  тұрсын,  хусусән  бұл 
заманның  ишандарынан  да  бек  сақ  болыңыз. 
Олар фитнәи – ғалам, өздерін аһли тариқат біліп, 
басқаларды жеткізбек дағуасын істейді. Олардың 
барлық  қуаты  басындағы  сәлдесі,    қолындағы 
тасбиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның на-
даны, зорлықшыл жыртқышы, топасы солардың 
өзі!,  –  деген  жолдарды  жазып,  ызалы  көңілі 
ширығып отыр еді».
«Абай  жолы»  роман-эпопеясынан  діни  оқу-
білім, ислам іліміне қатысты осы секілді сан алу-
ан  мысалдарды  келтіруге  болады.  Бұл  мұғалім 
міндетіне жүктеледі.
Шығармадағы  келесі  бір  келелі  тақырып 
роман-эпопеядағы  діни  адамдар  бейнесі.  Ро-
манда  сымдай тартылып, бір-бірімен жалғасып 
жатқан тартыс көп, онда қатысатын кейіпкер де 
аз емес. Олардың кейіп-кескіндері ішкі-сыртқы 
ерекшеліктерімен,  ой-сезімдерімен,  тебіреніс-
толғаныстарымен 
тұтас 
психологиялық 
құрылым,  әлеуметтік  портрет 
құрайды. 
Онда  ақын  тағдыры  мен  халықтың  тұрмыс-
тіршілігі  қат-қабат  алына  отырып,  бүкіл  қазақ 
тұрмысының  сан  алуан  қырлы  этнографиялық, 
этнопсихологиялық,  таза  ұлттық,  рухани  бол-
мыстары шынайы бейнеленеді. Қысқасы, «Абай 
жолы»  роман-эпопеясында  халқымыздың  ары, 
намысы,  арман-мақсаты,  күллі  бітім-тұлғасы 
тұтастай көрінеді.
Шығармадағы ерекше сипатталатын адамдар 
бейнесі қажы, қожа, молда, муфти, имам, мәзін 
секілді дін өкілдерінің кескін-келбеті. Енді соған 
мән берелік. «Еңісте» атты тарауда Ақшоқыдағы 
қыстауда  Кішкене  молда  мен  Абай  арасында 
болған  әңгіме-диалог қызықты:
«...Әйгерім ...
−  Біз молданы да бүгін  шақырып алып,  бата  
қылдырып,  жақсы  тілекке  арнап  бір  бозқасқа 
шалдық.  Молда  әруақтарға  сыйынып,  құран 
оқып, бата берді! – деді.
Абай бұл жайдың бәрін шын мақұлдағандай 
ықылас білдіріп, Әйгерімнің өзіне де, бала-шаға, 
дос-жаранына  да  осы  жаңа  үйде  жаңа  бақыт, 
тіршілік  тілегенін  тағы  айтты.  Содан  кішкене 
молдаға  қарап,  көзі  күлімдеп,  аз  мысқыл  әзіл   
тастады:
−  Молдеке,  Әйгерім  Ақшоқыдан  қора 
салғанда  оқылсын  деген  де  фатиха  бар  ма  еді? 
Қандай құран оқыдыңыз?
Кішкене молда  сарғыш жүзі ду етіп, ызамен 
қызарып:
−  Сіз  фатиха  жоқ  деп  білесіз  бе?  Күллі 
мұсылман білсе лазым-дұр, әрбір жақсы ниетке 
жақсы фатиха бірге ере жүрсін. Мен «яразиқұл 
ғибади»  фатихасын  оқыдым.  Ғайып  па  екен 
сол?! – деді.
Абай бұрынғы сабырлы қалпынша:
− Молдеке, ол қырман көтергенде айтылатын 
фатиха  болса  керек  еді  ғой,  «Лаухынамадан» 
солай  көрсем  керек!,  −  деп  еді  Кішкене  молда 
Абайдың фатиха жөніндегі қалжыңын орынсыз 
көріп, қабағын ренішпен бір шытынды да, үлкен 
көк көздерін даукес Абайға қарай жалт еткізіп, 
үндемей тынып қалды...
Абай  өзінің  кітап  оқыған,  шаттанған  халін 
қайта  тапқандай  боп,  енді    Кішкене    молдаға, 
Ерболға  жаңағы  айтқан  машақатының  рақатын 
білдірмек.
−  Молда,  өзіңіз  де  сезерсіз,  мен  былтырғы 
жаз,  биылғы  қыс  бойы  бір  ғана  талап  соңында 
едім.  Қазір,  міне,  сол  талабымның  салынып 
біткен қарасын бірнеше рет көргендей боп отыр-
мын!, − деп біраз тоқтап қалды...
−  Мына  кісі,  Кішкене  молда,  жақсы  біледі. 
Ықыласты шәкірт көп оқыған жылдар соңында 
бір  уақыт  жайшылықтағы  оқып  жүрген  жыл-
дарынан, айлар, күндерінен бөлек бір жаңалық 
табады.  Дүние  есігі  жүре-бара  өзінен-өзі 
оның  ақыл  көзіне  кең  ашылып  кеткендей  бо-
лады.  Оқушы,  талапкер  тірлігінде  ол  ең  бір 
бақытты  шақ.  Бұны  мына  кісілер,  молдалар, 
«мұталағасы  ашылғаны»  дейді.  Мен  өздеріңе 
мәлім, көп ізденген, ұстазсыз  шәкірт халымда, 
орыстың тілінен сол мұталағам ашылған шаққа 
жеткендеймін...  Менің  машақаттарымның  да 

37
ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ
осындай сыры бар еді достар, − деді.
Кішкене Молда Абайды мақұлдаған жоқ.
−  «Мұталаға  ашылды»  демек,  Мантиқ,  
Ғақайыдты  оқып  жүріп,  «Қафия»,  «Шарх 
Ғабдолланы»  өз  талабына  халфесіз,  хазіретсіз, 
дәріссіз  фәһімлейтін  болса,  соған  айтса  ләзім. 
Болмаса,  орыстың  әллә  нинди  «шытри-
мытриын»  фәһімледім  деп  «мұталағаны»  бұл 
жерде сөз қылу мүмкін емес. Оныңыз һәм хата, 
Абай!, – деді.
− Абай әуелі қабақ  түйіп, бір сәт қатты ашу-
ланып, «тоқта, молда!» деп зілмен тыйып таста-
ды.
−    Біздің  бүгінгі  хәлфе,  хәзрәт,  көп  ишан, 
ғұламаларымыздың  осындай  бір  соры  бар  еді, 
Кішкене молда, сіз де содан арылмаған жансыз 
ғой!
Кішкене  молда  қазір  тоқтайтындай  емес 
екен:
−      Абай,  сіз  исламият,  ғарабият  жолында 
сөйлесеңіз, мен еш нәрсе айтпас едім. Сіз кімнің 
кітабын,  нені  айтып  отырсыз?  Дүнияуи  ғылым 
мәжүси, насранилерде қаддимнен бар болатын, 
бәлки, ешбір мұсылман ғалимі оны өзіне қанағат 
қыларлық,  шүкірана  етерлік  білім  санамағаны 
қайда? − деді.
Абай:
− «Ешбір ғұлама» дейсіз, «айтпаған» дедіңіз. 
Өзгені  қойғанда  пайғамбардың  хадисінде 
«ғұламаның  жазу  жазған  қара  сиясы  шәһидтің 
қанынан  қымбат»  деген  сөзді  қайтесіз?  Екінші 
ғалемнің, инсі жанның жаралмыш тарихын, тек 
«Қыссасүл  Әнбиеден»  білген  білімнің  аты  да 
білім бе? Адам қауымының бар нәсілінің мінез-
құлқын тек қана «Қырық хадис», «Лаухынама», 
«фикхқәйдәни»  тұрғысынан  танып  білген  де 
жұбаныш па? − деп еді» [3].
Абай сол кездегі дүмше молдалардың, қари-
мәзіндердің  білімсіздігін  осылайша  әшкерелеп 
отырды.  Ол  дін    дегеніміз  соқыр  сенім  емес 
екендігін, тек  бір арнада, бір салада ғана  білім 
қууды мойындамайтынын исламдық қағидаларға 
сүйене дәлелдейді.
Шығармада  дін  адамдарының  кескін-
келбеттері, діни көзқарастар тек қожа-молдалар, 
хазірет-халфелер  немесе  ишан,  қари,  имамдар 
бейнесі  арқылы  ғана  емес,  романдағы  әрбір 
діни  сауаты  бар  кейіпкерлердің  дүниетаным-
пайымдаулары  арқылы  да  танылып  жата-
ды.  Мұның  бәрі  М.Әуезовтің  кеңестік  қатал 
кезеңнің өзінде ізгілік туралы қалай ой түйгенін, 
діни  көзқарастарының,  ислами  білімінің, 
адамгершілік  ұстанымдарының  соншалықты 
биіктігін көрсетеді.
Осы бүгінгі егемен ел, дербес мемлекет  бо-
латынымызды  ұлы  қаламгер  сол  кездің  өзінде 
−  өткен  ғасырдың    қырқыншы  жылдарында 
алдын-ала болжап білгендей.  Оған шығармадағы 
Абай аузынан шыққан мына сөздерді дерек көзі 
ретінде алға тартуға болады: «...Жылдар ма, көп 
жылдар  ма,  оны  болжау  өз  басыма  оңай  емес. 
Менен  артық  білгендер,  алысты  көретіндер, 
орыс  қауымының  шын  жақсы  дана  дара  адам-
дары бәлкі жыл мөлшерін де айтар еді. Әйтеуір, 
бір  болжайтынымыз  бар!  Неғылса  осы  өздерің 
біліп,  көріп  тұрған  дүние  асты-үстіне  келіп, 
астан-кестен  бір  өзгереді  де  жаңғырады.  Одан 
арғы  заман,  сендердің  ата-бабаң,  арғы-бергі 
әруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше за-
ман болады!» [3].
Ұлы  ойшыл  айтқандай  кеңестік  қызыл 
империя  тарап,  басқа  елдер  қатарлы  біздің 
мемлекетіміз де дербестікке ие болды, халқымыз 
тәуелсіздікке  қол  жеткізді.  Қазіргі  өскелең 
өміріміздегі, жаңарған қоғам дамуы тұсындағы   
жергілікті  халықтың,  сондай-ақ,  бүкіл  еліміз  
жұртшылығы мен  дәстүрлі діндер өкілдері наза-
рын аударып алаңдатып отырған ерекше мәселе, 
біздегі қаптаған шетелдік дін уағыздаушылардың 
іс-әрекеттері  белең  алған  жағдайда  гуманистік  
ой-пікірлерді тілге тиек ете отырып, ата дініміз 
жөніндегі  мұндай  мағлұматтарға  тиісті  мән 
беру бәріміз үшін аса қажетті. Бұл, әсіресе, жас 
жеткіншектерді бүгінгі діни ақпараттар ағымына 
теориялық  тұрғыда  сауаттандырып  әзірлеу 
міндетін қояды. Осы мақсатта нысаналы жұмыс 
жүргізу  жалпы  орта  білім  беретін  мектептер 
мен  арнаулы  және  жоғары  оқу  орындары  үшін 
маңызды мақсат  болуы керек.
Мұндай  өнегелі  бастаманы  алғашқы  дала 
қоңырауы  –  ұлы  ұстаз  Ыбырай  Алтынсарин 
осыдан  бір  жарым  ғасыр  уақыт  бұрын  қолға 
алған еді. Ол: «...Біріншіден, қазақ жастарының 
дін  жөніндегі    түсініктері  теріс  бағытқа  түсіп 
кетпеуі  үшін; екіншіден,  қазақтың жазба тілінде  
татар тілі  орынсыз  етек алып кетпеуі үшін мен 
соңғы  кезде  Мұхаммед  шариғатын  үйрене  ба-
стап, ...осы оқу құралын құрастыруға кірістім», 
−  деп  жазды  қазақ-орыс  мектептеріне  арнап 
шығарған «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты 
оқулығының кіріспесінде [4. 101 б.]. Бұл мәселе 
осы  күнге  дейін    күн  тәртібінен  түскен  жоқ, 

38
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
әсіресе, біздің халқымыз үшін тіпті бұрынғыдан 
да  гөрі  өзекті  десе  де  болғандай.  Сондықтан 
да  2009-2010  оқу  жылынан  бастап  Білім  және 
ғылым  министрлігінің  арнайы  бұйрығымен 
жалпы    білім  беретін    орта  мектептердің    ІХ 
сыныптарының  оқу  жоспарларына  «Дінтану»  
пәні енгізіліп отыр.
Қысқасы,  тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай 
түйіні,  Мұхтар  Әуезов  −  өз  шығармашылығы 
арқылы өзінің  жалпыадамзаттық деңгейдегі  ұлы 
гуманист-жазушы  екендігін  әлемге  әйгілеген 
ғажайып  дарын  иесі.  Оның  бүкіл  дүние  жүзі 
өркениеттер  үндестігіне,  халықтар  достығы 
мен  ұлтаралық  қатынастарға,  дінаралық  өзара 
түсіністік  пен  күллі  адам  баласының  рухани 
игіліктеріне    қосқан  үлесі  ұшан-теңіз.  Даныш-
пан  суреткердің  гуманистік,  діни-имандылық 
тақырыптарындағы  ой-пікірлері  өшпес  өнеге, 
ата дініміздің, ана тіліміздің тазалығы,  абырой-
беделі  үшін    аянбай  еңбек  етудің  озық  үлгісі 
ретінде  бізге  ой  салады,  еріксіз  назар  аударта-
ды.  Осыған  қарағанда  кейде  француз  жазушы-
лары      ұлттық  комитетінің  бұрынғы  төрағасы, 
көрнекті  қаламгер  Луи  Арагон:  «М.Әуезов  − 
біздің заманымыздың  аса  ұлы жазушыларының 
бірі», − деп  тегін айтпаған  екен-ау деген ойға 
қаласың. Шындығында да Мұхаң ұлы жазушы!   
[4. 102 б.].
Жалпы,  ХІ  сыныпта  оқылатын  әдеби 
материалдардың  ішінде  «Абай  жолы»  роман-
эпопеясы  өте  көлемді,  қым-қиғаш  оқиғаларға 
бай, қатынасатын кейіпкерлері де көп, аса күрделі 
шығарма.  Бұл  секілді    төрт  кітаптан  тұратын 
кең  тынысты  эпопеяны  оқу  бағдарламасында 
белгіленген шағын сағат  көлемінде жан-жақты 
талдау оңай емес. Сондықтан,  гуманизмді  таны-
ту сынды тақырыптарды меңгерту үшін мұғалім 
семинар-сабақтарды,  сабақтан  тыс  орында-
латын  іс-шараларды,  сыныптан  тыс  оқудың 
мүмкіндіктерін,  нұсқау-кеңестерді  ұтымды 
пайдаланғаны абзал. Өйткені, оқу ісінің негізгі 
түрі – сабақпен қатар,  орта мектептердің  жоғарғы 
сыныптарында оқыту формалары,  әдістері мен 
құралдары жетілдіріліп, лекциялар, семинарлық 
сабақтар,  әңгімелесулер,  қосымша тәжірибелік  
сағаттар, оқытудың басқа да жаңа  технология-
ларын пайдалану оң нәтиже бермек. Бұған қоса 
осы мәселе жайында жаңа оқу бағдарламасының 
«Түсінік  хатында»:  «Бағдарламадағы  анно-
тацияларда  тек  жұмыстың    методологиялық 
бағыттары  және  тақырыпты  оқу  барысын-
да  көтерілуі  аса  қажет  мәселелер  көрсетілген. 
Оларды  шешудің  әдістемелік  жолдары  алдын-
ала  айқындалмайды,  олар  мұғалімнің  еркі 
мен  таңдауына беріледі. Бағдарламадағы әрбір 
тақырыпқа бөлінген сағат шамамен ұсынылған. 
Мұғалім  одан  нақты  жағдайларға  байланысты 
тақырыпішілік,  блогішілік  өзгертулер  жасай 
алады», −  деп ескертіледі.
Бұл дұрыс та. Себебі, оқу бағдарламасы қатып 
қалған, өзгермейтін нәрсе емес. Бағдарламадағы 
бөлінген  сағаттарды,  оқу  материалдарын 
ішінара өзгерту, әдеби білім мазмұнын жетілдіру 
мақсатында  ауыс-түйістер  жасау  мұғалімнің 
ұстаздық құқы. Мұны демократиялық ұстанымға 
құрылған  жаңа  оқу  бағдарламасының  сыр-
сипаты, мән-жайы байқатады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет