Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат, эмоция және қызығушылықтардың рөлі


Оқу іс – әрекетінің мотивтері және жіктелуі



бет3/9
Дата09.05.2022
өлшемі107,77 Kb.
#33670
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат

1.2.Оқу іс – әрекетінің мотивтері және жіктелуі

Оқу-тәрбие процесінің жүйесіне сәйкес бұл факторлар оның тиімділігін анықтайды. Оқу-тәрбие процесі оқушыларға білім берумен ғана қанағаттанып, сол білімді нақты тәжірибеде қолдануға үйретпесе, онда бұл жеткіліксіз болар еді. Жеткіліксіздіктің бұл түрін формалды білім деп атайды. Демек, білімді тиісті жағдайда қолдану оқытудың көздейтін мақсаттарының бірі болып саналады.

Оқытудың негізгі мақсаты тек білім беру деп көрсеткендерге қарсы шығушылар көп. Баланың келешегі үшін ең қажетті нәрсе білім емес, алдымен, оның ой-өрісін, ақылын дамыту болып табылады: егер баланың ұғымталдығы, ой-өрісі ауқымды дәрежеде дамыған болса, ол кейін кітап мазмұнын өз бетімен түсініп, оны мол қамти алады. Сонымен, оқытудың көздейтін құнды мақсаттарының бірі баланың ой-өрісін кеңейту болып табылады.

Оқыту процесі – педагогикалық күрделі құбылыс, оның көптеген айырмашылықтары мен ерекше белгілері бар. Л.С. Выготскийдің ойынша, оқыту барысында оқушының мүмкіндіктерін барынша ескеру керек, ең басты мақсат – осы мүмкіндіктерді дамыту. Б.Ә. Әмірова өз еңбегінде: «Оқу процесінде оқытушыға да, оқушыға да «жеке адам» деп қарау міндетті түрде қажет», – дейді. Мұғалімнің оқушы алдындағы беделі, оның өз пәнін жүргізу тәсілінің тиімділігін бағдарлауы оқу процесінің жалпы сәттілігін қамтамасыз етеді. Мұғалім қызметі ол оқудың ішкі механизмдерін білуге, оқу процесінің барысында өзі қабылдап алған барлық білім-түсініктерін жеткізуге оқушылардың сана-сезіміне қандай әрекет әсер ететінін түсінуге негізделген кезде ғана тиімді болуы мүмкін.

Оқу барысында адамдар белгілі тәжірибелік және теориялық білімдермен қамтамасыз етіледі. Осындай оқу іс-әрекетінде екі жақты қызмет көзге түсіп, негізгі әрекет нәтижесін көрсетуге қозғаушы күш болады. Жоғарыда аталып өткен бес принципке сәйкес жүйелілікке келу көп деңгейлік талдауды талап етеді. Оқутәрбие процесінің тиімділік мәселесін нақтылауды үш негізгі деңгейге бөліп қарастыра отырып, әр жүйенің психологиялық мазмұнын нақты талдау деңгейінде анықтаймыз.

Оның біріншісі оқыту процесін талдаудың жоғары деңгейі, бұл жерде біз оқушы туралы, оқытудың субъективті мазмұны, оқыту әдістері, оқыту құралдары туралы айтамыз, жүйенің ортаңғы деңгейінде білім берудің мазмұны, әдісі, құралдары, білім берудің объективтік жағы қарастырылады; жүйенің соңғы түріне, төменгі деңгейіне білім, дағды, меңгеру жатады. Ал екінші ортаңғы деңгейге оқушының жеке басының ерекшелігі, мотивтік-қажеттілік жүйесі, өзін бағалауы және талаптану деңгейі, ғылыми (гносеологиялық) дүние тану негізінің қалыптасуы және құнды хабардар болуы жатады, екінші жүйенің ортаңғы деңгейінде білім берудің нақты мазмұны, әдістері және құралдары оқыту формасын құрады; төменгі деңгейде «оқытушы» жүйесі коммуникативтік, қалыптастырушы, ұйымдастырушылық іс-әрекетін жүргізеді, білім берудің нақты мазмұны, әдістері мен құралдары жүйесі төменгі деңгейде біріккен диалогтық танымдық іс-әрекетте өтеді; «оқушы» жүйесі төменгі деңгейде вербалдық коммуникациядан, танымдық процестер мен өзін бағалаудан, бірін-бірі бақылаудан және көңіл бөлуден тұрады.

Бұл деңгейлер арқылы оқу-тәрбие процестерінің маңызы анықталады. С.М. Жақыповтың осы макродеңгейден микродеңгейге көшуі жеке адамның өзін қалай пайдалануынан басталады, яғни жеке адамның іс-әрекет жүйесін анықтайды. Мұны кезінде А.Н. Леонтьев те көрсеткен, жеке адам өзін тек іс-әрекет арқылы қолдана алады. Оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекетті дамыту стратегиясы индивидуалды психикалық іс-әрекет формаларын нақты қалыптастыру жолы арқылы адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесін меңгерудегі дамуды процесс деп түсінуге негіз болады. А.Н. Леонтьев «процесс» деген терминді жиі қолданбайды, оны басқа сөздермен, мысалы, мағынаның ішкі қозғалысы деп қарастырады. Бірақ барлық жағдайда психологияда сөз бірінші қозғалысты, процестілікті көрсетуден тұрады. Дифференциалды психика орнына жүретін процесті және оның қажетті шешімін іс-әрекеттің екі түрлі түсінігі ажыратады: 1) субъектінің іс-әрекеті (тәжірибелік және теориялық), 2) мүше іс-әрекеті (тыныс және жоғары нерв жүйесі). Тек екінші түсінікте ғана қатаң түрде «психикалық іс-әрекет» терминін пайдалануға болады.

Психика процесс сияқты және психикалық іс-әрекет болады. Мұндай жағдайда екі сөз мағынасы жағынан (процесс және іс-әрекет) синонимдік болады, бірақ субъективті іс-әрекетті емес, мүше іс-әрекетін айтуға болады. Іс-әрекеттің бұл деңгейлері бөлінбейтін байланыста, бірақ олардың арасында жоғары көрсеткіштегі айырмашылықтар бар. Психология жеке адамның ойлау процесін оқытады, оның даму ерекшелігі «адамның адаммен қарым-қатынасында» болады. Оқу-тәрбие процесінде адамдар бірбіріне әсер етеді. Академик А.В. Петровский айтқандай, индивидтер арасында «тұлғалық трансляция» өтеді. Жеке адамдар арасындағы оқу-тәрбие процесінің жүйесін талдауды жоғарыда аталып өткен деңгейлердің ішіндегі жоғары деңгейінде мынадай сызбалық талдау бойынша көрсетуге болады: Оқытушы жеке басы (тұлғасы)
Оқытудың нақты мазмұны, әдістері құралдары
Оқушының жеке басы
Оқу-тәрбие процесі жүйесінің тиімділік мәселесі бұл деңгейде оқытушы мен оқушының жеке тұлғасының арақатынасындағы тиімділік мәселесін талдау арқылы нақтыланады, жанама түрде оқытудың нақты мазмұны, әдістері және құралдары болады. Сонымен, С.М. Жақыпов құрған оқытудың бұл жүйесі дәстүрлік оқыту жүйесі мен жаңаша оқыту процесінде психологиялық танымдық іс-әрекеттің маңызын арттыратын тиімді жолды ұсынады. В.И. Селиванова оқу-танымдық әрекеттің мақсатын қоюдың үш нұсқасын бөліп көрсетеді, олар ерік күшінің түрлі әсерін анықтайды: 1) оқу-танымдық әрекет мақсатын оқытушы қояды (оқушылармен бірге қоюы мүмкін), 2) оқытушы тапсырманы немесе танымдық тақырыпты хабарлайды, осыған сәйкес оқу-танымдық әрекетті жүзеге асыруға болады, сөйтіп, осы негізде оқушы оның мақсатын өзі немесе оқытушымен бірге айқындайды, 3) оқушы өзінің оқу-танымдық әрекетінің мақсатын өз бетінше жұмыс істеумен көрсетеді. Ендеше (танымдық оқу іс-әрекеті барысында жалпы әлеуметтік бағыты да, соған орай танымдық ісәрекет негізі де өзгереді.

Ол көбінесе адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, ортақ мәселеге келуі мен әңгімелесу, тілдесу арқылы жүзеге асады. Осы жерде Л.С. Выготскийдің де мына пікірі бізге ой салады: «адамның белгілі бір жағдайға белсенді кірісуі, оның белсенді рөлі, жүріс-тұрысы оған жаңаша өмір ұйытқысын енгізеді». Жас және педагогикалық психологияның оқыту процесінде, ең алдымен, оқушыларға білім беруде танымдық іс-әрекет мәселесін терең зерттегендер – Л.И. Божович, П.Я. Гальперин, В.В. Давыдов, А.Н. Леонтьев, А.М. Матюшкин, С.Л. Рубинштейн, Г.И. Щукина, П.М. Якобсон. Зерттеушілердің көбі оқыту процесінің негізгі екі тобын белгілі түрде бөліп көрсетті, олар оқыту процесінің түрлі мазмұнына немесе оның түрлі компоненттеріне бағыттау негізінде танымдық іс-әрекет деңгейлерін талдап әзірлейді: 1) жаңа білімді игеруге бағытталумен сипатталатын ауқымды танымдық іс-әрекет, 2) білімге қол жеткізу тәсілдерін игеруге бағытталумен сипатталатын танымдық іс-әрекет, 3) білімге қол жеткізу тәсілдерін ұдайы жеткізуге бағытталумен ерекшеленетін өз бетінше білім алу процесі. «Оқыту процесіндегі субъектілердің қарым-қатынасында мағыналардың өзгеруі біріккен іс-әрекеттің мотивтері мен мақсаттарының заңды құрылуына мүмкіндік береді және оларды оқыту процесінде ескеру біріккен танымдық іс-әрекетті қалыптастыру үшін қажетті шартты жасайды», – деп жазды С.М. Жақыпов. Қазақстандық психологтар В.К. Шабельниковтың, С.М. Жақыповтың, Ә. Алдамұратовтың, жұмыстары оқыту барысында танымдық іс-әрекетті қалыптастыру мәселесіне арналған. Танымдық іс-әрекет мазмұны мен біріккен диалогты іс-әрекет формасы арқылы білім қалыптастыру процесі индивидуалды іс-әрекет нәтижелері мен мағыналарының, мақсаттарының арасындағы байланыстары мен қатынастары барысында жүзеге асады.

Психологиялық сөздікте іс-әрекетке мынадай анықтама береді: бұл – «жеке адамдардың өзара әрекеттестігінің белсенділік жүйесін ұйымдастырады, өндірістегі материалдық және рухани мәдениет объектілерін мақсатқа сәйкес бағыттайды».

Психиклық іс-әрекетті қалыптастыру мәселесі – аса күрделі әрі сан қырлы процесс. Осыған орай бұрынғы кеңестік психологияда психикалық процестерді қалыптастыру стратегиясын Л.Ф. Обухов өзінің «Жас ерекшелігі психологиясы» еңбегінде мынадай түрге бөліп көрсеткен: Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи концепциясы бойынша, жоғары психикалық функцияның генезисі (алғашқы шығуы) адамдармен қарым-қатынас негізінде функцияға айналады, яғни қозғалыс іс-әрекеттен функцияға қарай жүреді. А.Н. Леонтьевтің іс-әрекет теориясы: қандай да іс-әрекет саналы әрекет сияқты көрінеді, кейіннен қалыптасу негізінде функцияға қарай жүреді. П.Я. Гальпериннің ақыл-ой әрекетін қалыптастыру теориясында жоғарғы психикалық функция заттық іс-әрекет негізінде дамиды.

Д.Б. Эльконин және В.В. Давыдов зерттеулеріндегі оқыту ісәрекеті концепциясы: жеке тұлғаның қалыптасу стратегиясы лабораториялық жағдайда емес, шындық өмірде – эксперименталдық мектеп құру жолымен шешіледі. Танымдық іс-әрекеттің қалыптасуы осы концепцияларға сүйене отырып, дамудың негізін табады. Мұндағы басты рөлді оқушының психикалық дамуы, ақыл-ой әрекеті және қоршаған орта ықпалы алады деген тұжырым жасаймыз.

Адамның психикалық дамуы оқыту процесі әсерінен тыс болмайды. Баланың интеллектуалдық даму деңгейі оқытудың сапасы мен мазмұны және оны меңгеру процесінің көмегі арқылы анықталады. Ол үшін оқытушы мен оқушы арасындағы нақты байланыс, бала психикасының дамуы және ішкі жоспарының қалыптасу процесі іс-әрекеттің өнімі ретінде қарастырылды, оқытудың формасы мен мазмұны екі жақты іс-әрекетте орындалады. Осы екі жақты іс-әрекет – жоғарыда аталған оқу-тәрбие процесінің жүйесі төменгі (микродеңгейде) деңгейде оқытушы мен оқушының қарым-қатынас іс-әрекетінде нақтыланды, оны схема түрінде былай көрсетуге болады: Оқытушы мен оқушылардың күнделікті арақатынастарының бәрі сөз арқылы іске асады. Сондықтан оқытушының шеберлік көрсете, сөздерді үйлестіріп, мағынасын аша сөйлеуінің мәні зор.

Мұнда, мысалы, Л.С. Выготскийдің айтқан сөзін мысалға келтіруге болады,сөз ересектермен қарым-қатынас жасау негізінде туындайды және бірінші сөйлеу функциясы – коммуникация. Оқыту іс-әрекеті кез келген іс-әрекет емес, ол – теориялық білім формаларын беретін, пәнді меңгеру тәсілі мен танымдық ісәрекеттерді жетілдіру. В.В. Давыдовтың жасаған дамыта отырып оқыту концепциясы оқыту іс-әрекетін үш қатпарда көрсетеді. Рефлексияның пайда болу аймағы: біріншіден, ойлау іс-әрекеті, бұл оқытушы мен оқушының арасындағы біріккен іс-әрекет негізінде ғылыми түсінік жүйесінің жалпы әрекет тәсілін қарастырады. Екіншіден (коммуникация, корпорация және позицияға қатысушылардың біріккен іс-әрекеті оқу тапсырмаларын бірігіп шешетін топ, сынып арасында өтеді. Үшіншіден, өзін басқару, баланың бір позициядан (ұстаған жолынан) келесі позицияға өтуі, білмегеннен білуге өту принципі орындалады.

Оқу процесінің компоненттеріне көңіл бөле отырып, негізі мұғалімнің дұрыс ұйымдастыруынан сабақтың нақты мазмұны анықталады және әдіс-тәсілдерді дұрыс пайдалану ерекшелігі арқылы оқушының танымдық іс-әрекетінің дамуына әсер етеді. Мұғалімнің оқыту іс-әрекетінің өзі екі негізгі компоненттен тұрады: бірінші жағынан, оқушыға білімнің объективтік маңызын беру; екіншіден осы білім барысында оның мәнін олардағы субъективтік қатынаста қалыптастыру қажет. Егер оқыту материалдары ақыл-ой әрекеті мен тәжірибелік жағдайда қалыптастырылса, оқытудың бірінші жағы, ал осы әрекеттердің орындалу процесін анықтауда және түрлі түсіндірулерге тоқталғанда екінші жағы көрінеді.

Жоғары психикалық функцияның өзі бастапқыда біріккен ісәрекетте қалыптасады, басқа адамдармен қарым-қатынас жасаудың өзі біртіндеп ішкі жоспарға кіреді, ол баладағы ішкі психикалық процеске айналады. Л.С. Выготский тұжырымында былай деп көрсеткен: «қандай да функция баланың мәдениетті дамуында сахнаға екі рет шығады, екі жоспарда: біріншіден, әлеуметтік, екіншіден, психологиялық, біріншіден, адамдар арасында, одан кейін бала ішінде». Мысалы, бала сөзі бастапқыда қоршаған ортамен қарым-қатынас құралы болып табылады, дамудың ұзақ жолынан өткеннен кейін ол ойлау құралы және ішкі сөйлеу болып қалыптасады.

Оқыту процесі негізінде жоғары психикалық функцияның қалыптасуы үлкендер мен баланың біріккен іс-әрекетінен көрінеді. Кейбір зерттеушілер адам психикасының қарқынды дамуын біржақты түсініп, оның осы қасиеттерінің өзгерістерге ұшырауының шегі жоқ, өзгергенде ешқандай қалдықсыз, түгі қалмай өзгереді дейді.

Бұл жерде, түгі қалмай өзгереді дегенде, жаңа мен көненің арасындағы күрес жөнінде айтылып отыр. Диалектиканың заңдылығы бойынша, жаңа дегеніміз көненің негізінде өріс алып, оны жеңеді, бірақ біржолата құртпайды, көнеден қалған «қалдықты» өзінің өркендеуі үшін пайдаланады. Осы қағиданы кейбір зерттеушілер еске алмай: «психика өзгергенде үздіксіз өзгеріп отырады да, ең аяқ кезінде қалдық деген кездеспейді», – дейді. Бұл түгелдей қате пікір. Себебі бұрынғы білімнен ештеңе қалмай, психика үнемі жаңа сипатта кездесетін болса, онда ешқандай психикалық дамудың болуы мүмкін емес.

Психиканың дамуында көнеден қалған қалдықты біз инвариант (лат. – «өзгерілмейтін») деп атадық та, осыған тіркелетін жаңаны «өзгергіш» деп атадық. Осы мысалды А.Н. Леонтьев келтіре отырып, тұқым арқылы берілетін қасиеттің түкке тұрмайтынына, баланың психикалық дамуын түгел әлеуметтік ортасы шешетініне дәлел ретінде сүйенеді. Ал балалық шақ психикасы дегеніміз – бұл оқыту және меңгерудің қарқынды дамуы. Балалық шақтың дамуы туралы В. Штерн, Ж. Пиаже және Д.Б. Эльконин, П.П. Блонский, Л.С. Выготский, В.В. Давыдов еңбектерінде көрінеді. Оқушылардың психикалық дамуына жетекші рөлді ақыл-ой интеллектісіне бұрады, жеке адамның қоғамдағы әлеуметтік детерминациялануын В.К.Шабельников: «…сол қоғамның езгісіне, үстемдігіне бағынуы емес, оның белгілі қоғамдық іс-әрекет арқылы одан бөлінуі», – дейді. Психологиялық дамудың кезеңдері жеке адамның әлеуметтік-тарихи табиғатын әрі оның өздігінен дамуының заңдылықтарын ашады. Д.Б. Элькониннің анықтамасы бойынша, кезеңдердің әрбір жұптары жеке адамның дамуындағы бір дәуірді құрайды. «Бір дәуірден келесісіне өту баланың операциялық-техникалық мүмкіндіктері, міндеттері мен іс-әрекет қисындары арасындағы сәйкессіздік тұсында пайда болады».

Ендеше, танымдық оқу іс-әрекеті барысында жалпы әлеуметтік бағыт та соған орай танымдық іс-әрекет негізінде өзгереді. Баланы өзінің әлеуметтік ортасымен, сыныптағы орнымен бірге біріктіре, ұштастыра отырып қарастыру қажет.

Психологияда осыған орай қарым-қатынас үш жағынан топтасып бекітіледі: коммуникативтік (тілдік), интерактивтік және перцептивтік. Психология коммуникативтік қабілеттілікті анықтайды; жеке адамның индивидуалды-психологиялық ерекшелігін оның басқа адамдармен бірлесуін және қарым-қатынас жасауын тиімділікпен қамтамасыз етеді.

Қарым-қатынас жасай білуге қабілеттілігі оның танымдық іс-әрекетінің маңызын көрсетеді. Мысалы, біріншіден, қоршаған ортамен қақтығысқа түсу ортасы («Менің істегім келеді?»); екіншіден, қарым-қатынасты ұйымдастыра алуы («Мен істей аламын?»); үшіншіден, өлшемі мен шартын білу («Мен білем»). Ал А.А. Брудный қарым-қатынастың интерактивтік қызметін баса көрсетеді. Инструменталдық қарым-қатынас – белгілі еңбекте және басқару процесінде ақпарат алмасу құралы. Перцептивтік қарым-қатынас жағы – адамды оның түсінуі, қабылдау бағасы. Басқа адамды тани отырып, индивид жақсы, нақты бірлескен әрекет перспективаларын анықтауға мүмкіндік алады. А.А. Бодалев өз еңбектерінде «адамды адамның тануы» деген ұғыммен жиі айырбастайды. Адамды адамның қабылдау механизмін ашуда екі серіктес болады. С.Л. Рубинштейн сөзімен айтқанда, басқа адамды «оқи» отырып, оның сыртқы жүріс-тұрысына қарап, біз сол адамның сыртқы көрсеткіштерінің мәнін ұғынуға тырысамыз. Ол үшін оқыту процесінің маңызы, оның құрамындағы мақсат, міндет, мазмұн, әдіс, тәсіл құралдары және оқытуды ұйымдастыру бастауыш мектепте дұрыс жолға қойылуы тиіс. Оқыту процесінің дидактикада қаралуын Ч. Куписевич «интегратталған» тұтастық деп көрсеткен. Сонымен, қорыта айтқанда, бала есейген сайын оның іс-әрекет түрлерін меңгеруі көбейеді. Бірақ түрлі іс-әрекет дамуға түрліше әсер етеді. Оқыту баланың мүмкіндігіне және белгілі даму деңгейіне сәйкес келуі керек.

Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оқытубарысында жаңа, одан жоғары деңгейдегі келесі мүмкіндіктер туындайды. «Бала тәрбиелену мен оқытуда дамиды», – деп жазған С.Л. Рубинштейн. Танымдық іс-әрекет – оқу процесінің құрамына кіріп, арнаулы оқу орындарында қалыптасатын күрделі психологиялық білім

Жас және педагогикалық психологияда бастауыш мектеп жасының өзіндік орны бар. Бұл жаста оқу іс-әрекетін меңгереді, психикалық функцияның еріктілігі құрылады, рефлексия туындайды, өзін-өзі бақылауы ерекшеленеді, ал әрекет ішкі жоспармен арақатынаста болуды бастайды. Бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекеттерін дамыту арқылы оқыту процесін түсіндіреміз. Бастауыш мектептің оқу жұмысының әр саласына бейімделу балада бірден қалыптаспайды, оған біраз мерзім үйренуі керек. Оқу бала танымына көптеген қиындықтарды келтірген соң балалардың кейбіреулерінің оқуға ынтасы болмайды. Оларды оқуға үгіттеу арқылы тарту қиын. Сондықтан оқуға деген ынтасын тудыру үшін психологиялық тренингтер, тестер, сауалнама, әдістемелер пайдаланған жөн. Балаға берілетін жаңа білім жас ерекшелігіне сай болуы керек. Г.С. Абрамов жастың өсуіне байланысты жаңа психикалық білімдердің қалыптасуын былай сатылап көрсетті: 0-1 жаста – қасақана істелген әрекет, еліктеу; 1-3 жаста – заттық әрекеттерді меңгеру, белсенді тіл, өзіндік сана-сезім; 3-6 жаста – символдарды қолдану, талдап қорыту нормаларынан хабардар ету, бірлескен мотивтер, шартты-диалогтық бағыт; 6-10 жаста – өз еркімен сыртқы әрекетін жоспарлау, рефлексия (іштей өзіне-өзі сынмен қарау); 11-15 жаста – өзін ересек сезіну, «достық кодексі», дағдылану, интеллектуалдық нормалардың әлеуметтік және жасөспірімділігінен хабардар ету; 15-18 жаста өзіндік сана-сезім, өмірлік жоспарлары, дүниетанымы қалыптасады.

Осы даму ерекшеліктерінің өзі бір-бірімен тығыз байланысты, бірінсіз-бірі өтпейді және ең маңыздысы мынау деп бөліп қарауға болмайды. Егер мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі әрекеті ойын болып келсе, оқуға кіргеннен кейін оқу іс-әрекеті шешуші рөлді атқарады. Осыған орай баланың психикалық дамуы үлкен өзгерістерге ұшырайды. Себебі ойынға қарағанда оқу талабы бала үшін қиын. Сонымен қатар жаңа ортаға үйреніп, мұғаліммен, құрбыларымен қарым-қатынас жасауына психологиялық көмек қажет. Баланың танымдық ісәрекетіне әсер ету арқылы оқытудың қиыншылықтарын жеңуге мүмкіндік жасаймыз. Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың оқуға едәуір мүмкіндігі бар, себебі олардың интеллектісі қарапайым ой операциясы дәрежесінде кездеседі дейтін Ж. Пиаженің пікірі дұрыс болғанымен, қазір мәдени-тарихи теорияны жақтаушылардың (Л.С. Выготский) пікірі бойынша, оқымай келген бала оқуға кірген соң оның ойы мен интеллектісі үлкен өзгеріске ұшырайды: бала қарапайым, яғни табиғи ойдан мәдени ұғым арқылы ойлауға көшеді деген пікір басшылыққа алынады. Бастауыш мектеп оқушыларының бірте-бірте ой өрісінің қалыптасуымен заттарды тиісті ұғымдарға жатқыза білу қабілеті құрбылары арасында ойын дәлелдеуге үйретеді.

Ол не болса соған көнбейді, өзгелерден дәлел келтіруді талап етеді. Ол үшін бала тиісті жүйелерге, логикалық негіздерге сүйенеді. Сонымен қатар өзінің пікіріне, не ісіне талдау жасап, сын көзбен қарайды. Әркімнің өз пікіріне, не ісіне талдау жасап сын көзбен қарауды рефлексияның қарапайым түрі деп атауға болмайды. Ал рефлексия оқымаған Африка, тағы басқа елдердің 15-16 жастағы балаларында кездеспейді деп АҚШ психологы Дж. Брунер пікір таратты. Оның бұл пікірі қате, рефлексияға ие болу ойдың шартты жемісі бола тұрып, оқу процесінде 7-11 жастағы балаларда қалыптаса бастайды және осы жастағы балалардың ақыл-ойының недәуір қалыптасып қалғандығына дәлел бола алады. Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу материалын жүйелі және мәніне қарай ұғынуында салыстыру ой операциясы негізгі рөлді атқарады.

Салыстыру бір нәрсенің өзге нәрседен айырмашылығын немесе екеуінің де ұқсас жақтарын айыру болғандықтан, ой процестерінің ерекше түрі болып саналады. Оқу мазмұнын салыстыруда ой операциясының бірнеше түрі кездеседі. Сондықтан оны баланың оқуға деген ынтасын арттыру үшін пайдаланамыз. Жапонияда оқыту мен тәрбиенің негізгілерінің бірі ретінде баланың идеяларын қолдау арқылы оны барлық кезде міндетті түрде өзімен-өзін салыстырып отыру қажет дейді. Оларға: «Маратқа қара, ол тапсырманы қалай шешеді немесе ол қалай жақсы оқиды», – деп айтпайды. «Кешегіге қарағанда бүгін сен тапсырманы жақсы орындадың», «сенің қабілетің жетеді», тағы басқа осындай мақтауларды пайдаланады. Бұл – оқушының ішкі танымдық іс-әрекеттері мен сыртқы даулы жағдайды шешуге көмектесетін оқу-тәрбие принципі. Оқыту процесінде өзіне мақсат қойып, оны орындауға тырысады. Жоғарыда атап өткендей, оқыту процесі екі жақты әрекет болғандықтан, оқытушы психикалық ерекшеліктердің барлығын ескере отырып, дұрыс бағалауы керек. Н.Ф. Талызина: «Бастауыш мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекетін қалыптастыру» атты еңбегінде екі тәжірибелі мұғалім бала жауабын екі түрлі бағалауы мүмкін деп көрсеткен. Оған мысал ретінде Мәскеу бастауыш мектептерінің бірінде математика сабағында жүргізген тәжірбиесінде оқушы үшбұрыштың перпендикуляр қабырғалары тең болатынын теория жүзінде айтып бергенде, мұғалім жауапты «беске» бағалады.

Бірақ оқушыдан үшбұрышты сызып, бұрыштарын латын алфавитімен белгілеп, дәлелдеп беруін сұрағанда, тапсырманы орындай алмады. Бұдан шығатын қорытынды: оқушы теорияны түсінбей, жаттанды түрде оқыған, сондықтан балада білімнің ешқандай негізі қаланбайды. Ол үшін берілетін білім танымдық іс-әрекет процесі негізінде жүзеге асуы керек. Кеңес психологы және педагогы П.П. Блонский «егер екі мұғалімнің пәндерінің білімдері, әдістемелері, тәсілдерді қолдануы бірдей болса, онда жақсы мұғалім мен нашар мұғалімнің айырмашылықтары неде?» деген сұраққа былай деп жауап берді: «жақсы мұғалім үшін барлық оқушы әр
түрлі, бірдейі жоқ, ал нашар мұғалім үшін барлық оқушы бірдей».

Мұғалімді тәрбиелей келе П.П. Блонский: «Оқушының әрқайсының жеке ерекшеліктерін көруге үйрету керек», – деді. Мұғалімнің оқушы туралы не білетіндігі оның жақсы және жаман жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Көп зерттеушілер, біріншіден, жеке жұмысты әлсіз жағынан бастаған тиімді деп тоқталған. Осы мәселеге байланысты шетелдік психологтардың пікірін ескеруге тура келеді. Дж. Брунер балалар әрбір пәннің өзіндегі нәрселердің арақатынастары мен ішкі логикасын меңгеру керек екендігін айтады.

Оқыту процесін жаңаша әдіс-тәсілмен жүргізуде П.Я. Гальперин және оның ғылыми қызметкерлері жүргізген зерттеудің ерекше мәні бар. Бұл идеяларды іс жүзіне асырудың қағидалары мен әдіс-тәсілдерін ұсынады. Осыған байланысты еліміздегі психологтар оқушылардың жеке пәндері бойынша оқу материалдарын меңгеруін бес түрлі сатыға бөледі, олар: 1) бағдарлау; 2) материалданған әрекет; 3) тиісті оқу материалдарын дауыстап айтып, сөзбен құбылтып түсіндіру; 4) ой тәсілінің қысқартылуы; 5) тапсырманы іштей ойланып, үндемей орындау. Берілген сатыларды бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқыту бағдарламасына енгізу өте қолайлы, яғни психологиялық сипаты жағынан тиісті оқу материалын дауыстап айту, ой тәсілінің қысқартылуы, іштей ойланып орындау әрекетіндегі негізгі процесс және сол арқылы жүзеге асады. С.Л. Рубинштейн ойлауды «адамның объектімен үздіксіз өзара әрекеттегі процесі» деп санайды. Бастауыш мектеп оқушыларының сабақтарында эвристиканы кеңінен қолданған тиімді, яғни бұл сөздің мәні – оқыту процесіндегі үйреніп-білуге тиісті материалдарды іріктеп алып, әнгімелеу арқылы оның мән-жайын шәкірттердің өздеріне шешкізіп отыру. Бұл тәсіл дидактикада белгіліден белгісізді табу принципіне негізделеді. Кеңес психологтарының көбі «мотивті» іс-әрекеттің қозғаушы күші ретінде түсініп, оны адамның іс-әрекеті ретінде қалыптастырады (С.Л. Рубинштейн); қажеттіліктің құралы ретінде қарастырады (А.Н. Леонтьев). Ал мектеп жасындағы балаларды оқыту мотивтің мазмұнын зерттеуге арналады, оның көпжақтылығын, құрылымын, дамуын өз еңбектерінде қолданғандар – Л.И. Божович, Н.Г. Морозова, Л.С. Славина, Л.К. Маркова,

Н.Ф. Талызина. Әдебиеттерде барлық мотивтер ойлау іс-әрекетінің екі негізгі формасында түйіседі: 1) ішкі немесе танымдық; 2) сыртқы (мотивизация) ниеттену немесе «жетістік» мотиві. Қазіргі педагогикалық психология негіздерінің бірі – оқыту іс-әрекетінің теориялық және тәжірибелік бағытын мониторинг іс-әрекет (бақылау, бағалау, адам іс-әрекетіне байланысты қоршаған ортаны талдау) көрсетеді.

Мониторингтің оқыту іс-әрекетінде негізгі объектісі мыналар: 1. Баланың оқыту іс-әрекетінің өзі (оның мәні, құрылымы, барысы). 2. Баланың психологиялық дамуы және оқыту іс-әрекетінің жаңа білімдік қалыптасуы. 3. Баланың қарым-қатынаста дамуы және сыныптастарының ұжымына үйренуі. 4. Баланың жеке басының дамуы және оқытушының педагогикалық іс-әрекетінің көмегі. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, ақыл-ой, мәдени дамуының жоғарғы деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған оқыту мен тәрбие берудің үздіксіз процесі», – деп атап көрсетілген. Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын қабілеті бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, диалектикалық дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытып, оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу мектеп өміріндегі осы үздіксіз тәрбие процесінің ғана жемісі болмақ. А.Н. Леонтьевтің айтуы бойынша, адамға алдына қойылған мақсатын әрекет жасау арқылы ғана сезінуге болады. Мақсатты қабылдау және оқушыларға түсінікті болу үшін оларды мақсат қоюға ғана емес, оған жету жолдарын талдауға қатыстыру қажет. Бастауыш мектептегі оқу жұмысының әр саласына бейімделу балада бірден қалыптаспайды. Осыған біраз мерзім үйрену керек. Сонымен қатар балалардың оқуға белсенділігі сабақтарда әр түрлі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет