Байланысты: Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу мотивациясындағы мақсат
ІІ. Балалардың оқу мотивациясын қалыптастыру.
2.1. Балалардың оқу мотивациясын қалыптастырудың психологиялық қағидалары
Оқыту мен дамудың өзара қатынас мәселелері ақыл-ой дамуының белгілерін нақты анықтау негізінде тұжырымдалады.
Ол белгілер бойынша, оқыту әдістері мен мазмұны дамуға қалай әсер етеді, оның негізінде дамудағы қозғалысты қалай көруге болады деген сұрақтарға жауап аламыз. Осы белгілерді көрсететін ойлау ерекшеліктері мәселелі тапсырмаларды шешуде жүзеге асатын ойлау операцияларында көрінеді.
Тапсырманы шешуде ойлау әрекетінің тәуелсіздігі ақыл-ой дамуының мәнді көрсеткішін береді. Балалардың ойлау әрекетінің дамуын зерттеу, оларда интеллектуалды іс-әрекеттің жаңа тәсілдерін қалыптастыру – ең өзекті мәселелердің бірі. А.Н. Леонтьевтің, Л.А. Венгердің, П.Я. Гальпериннің, В.В. Давыдовтың, А.В. Запорожецтің, Н.Ф. Талызинаның, Д.Б. Элькониннің және қазақстандық психологтар Ә. Алдамұратовтың, С.М. Жақыповтың, В.К. Шабельниковтың, С.Қ. Бердібаеваның, М.О. Резванцеваның, О.С. Саңғылбаевтың жұмыстары әр түрлі психологиялық функцияларды қалыптастыру процесінің заңдылықтарын және басқа да оқытудағы іс-әрекет тәсілдерін дамытудың жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Оқыту интеллектуалды дамудың төменгі сатысынан жоғарғы сатысына өтуді ғана қамтамасыз етпейді.
Ол солардың құрылымына негіз болады. Жаңа құрылымдар сырттан жай ғана әкелінбейді, ол бұрынғы жасалған үлгілер негізінде оқыту процесінде жасалады. Бұл процесте сыртқы стимуляция оқушылардың ішкі белсенділігі арқылы әрекет етеді.
Жаңа құрылымдардың қалыптасуы балалар әрекетінің интериоризациясы мен экстериоризациясының өзара байланысымен сипатталады. Жаңа тапсырма мен байланысты әрбір жаңа әрекет, сыртқы әрекет бұрын қалыптастырылған ішкі әрекеттерге сүйенеді. Жеке адамның сыртқы және ішкі әрекеті берілген іс-әрекетке ортақ процесті құрайды, сондықтан В.С. Библер былай деп тоқталды: мұнда «дейін» және «кейін» деген ұғымдар жоқ. Жеке адам ортақ іс-әрекетті сезіне отырып, саналы түрде көздеген мақсатына бағыттайды. Жоспарлау ойлау функциясы сияқты іс-әрекеттің тиімді формасы болады. Л.С. Рубинштейн өзінің шығармашылық жолының барлық кезеңдерінде субъекті мен объектінің арасындағы психикалық қатынас іс-әрекеті ретінде жүзеге асады. Ол «Психология негіздері» монографиясында «тұтастық» принципін сана мен іс-әрекет бірлігінің жүйелі түрде ашып көрсете келе, адам өмірінің барлық кезеңдерінде өзіндік психика туындап қана қоймайды, сонымен қатар іс-әрекет барысында қалыптасады. Бастауыш мектеп жасындағы баланың психикалық дамуына оқыту іс-әрекетінің әсері әр түрлі. Ол оқытушының оқушыға білім беруінің негізіне байланысты. В.О. Ключевский: «Мұғалімге тіл өзінің ойын жеткізу үшін ғана берілмеген, ол басқаның ойын ояту үшін беріледі». Мұғалімнің оқушылармен күнделікті жасалатын қатынастарының бәрі де сөз арқылы іске асады.
Сондықтан сөздерді үйлестіріп айта білуге байланысты балаға айтылатын сөздің өтімді келуі олардың танымдық іс-әрекетіне әсері өте зор. Мұғалімнің оқушылармен қатынас жасаудағы қолданылатын сөзі неше түрлі болып келгенімен, балаға әсер етуі жағынан оны екіге бөлуге болады. Біріншіден, сөйлесудегі сөздердің көбі ақыл, кеңес беру жөнінде айтылады. Ақыл айтып, кеңес берудің өзі оқушының істеген ісін қостамай, қателігін мойындату үшін, керісінше, оның ісі ұнамды болған жағдайда, оны баланың өзіне сездіру үшін қолданылады. Екіншіден, кейде балаға осы сияқты сөздер жетпегенде, оған қатты талап қойып, қолданатын сөздер міндетті түрде бұйрық ретінде айтылады.
Оқыту жағдайында жалпы мақсат ретінде оқытушы мен оқушының арасында танымдық мақсат орын алады, ол көп мақсаттардың ішінде оқытушы мен оқушының қажеттілігі мен қызығушылығына жауап бере отырып, оқыту процесінде біріккен-диалогтық танымдық іс-әрекет негізінде жүзеге асады. Әр оқушының танымдық ісәрекеті түрліше болғандықтан, оқытушы сөздерінің бәрі бір дауыс ырғағымен айтылмай, тиісті жерінде үйлестіріле қолданып отырса ғана нәтиже бермек.
Оқыту процесінде балалардың даму мәселесі педагогика мен психологияның жалпы мәселесі болып табылады. Бұл мәселенің педагогикалық аспектісі оқытудың тәрбиеленуші сипаты, оның ақыл-ой дамуының қозғалысына әсері. Ал психологиялық аспектісі – балалардың ақыл-ой дамуының ішкі заңдылықтарын ашады. Оқытуды психологиялық мәселе ретінде А.Н. Леонтьев зерттеді.
Ол оқыту процесінде меңгерілген білімді тәжірибелік тәжірибемен біріктіру қалыптасушы адамның санасын ғана емес ісәрекетін де жетілдіреді, дамытады. Осындай күрделі қарама-қайшылықты процесте ақыл-ой дамуында мәнді өзгерістер өтеді. Бастауыш мектеп оқушысының даму деңгейін анықтау күрделі әрі перспективалық жұмыс, ол үшін оқытудың дамытушылық жағын бағалау және бақылап отыру қажет. Оқушының ойлау қабілетінің дамуын анықтау деңгейі осы бақылаудың бір түрі болып табылады. Кеңестік психологияда ойлау іс-әрекет әдістемесі балаларда, негізінен, мектептік оқыту барысында қалыптасады.
В.В. Давыдов осы тұрғыда: «Қоғам дамуындағы тарихи дәуірге байланысты әрбір жеке адам тәрбие және оқыту меншігіне ойлау тәсілі мен өзінің іс-әрекет формасын алады», – деп жазады. А.З. Зак өзінің ғылыми еңбегінде бастауыш мектеп оқушыларының теориялық ойлауының дамуына тоқталған. Ол ойлаудың логикалық және психологиялық жағын қарастыра келе, мынадай қатарға бөлді: бірінші, теориялық ойлау танылатын объект туралы ұғым қалыптастыруға бағытталады, ішкі, қажетті байланыстарда көрінеді.
Эмпирикалық ойлау, керісінше, дайын, белгілі танымдық объект, сезімдік қабылдау мен сыртқы байланыстарға тән. Екінші, теориялық ойлауды пайдалана келе адамның танымдық объектісін талдау және біріктіруді бейнелеуде олардың мәнді байланысын пайдаланады.
Қазіргі кездегі оқытудың белсенділік әдістемесін біз ертедегі грек ғалымдарынан іздеп көрейік. Платон өзінің ұстазы деп санаған Сократ оқыту әдістемесін қолданды, кейіннен сократтық әдістеме деп аталды. Мұның негізгі барысы диалогтық басқару болды, тыңдаушылары арасында дискуссиялар өтіп, өздерінің мәселелерін шешумен қоса, әңгіменің туындау барысында білім де алды. С.М. Жақыпов: «Қазіргі оқытудың белсенділік әдістемесінің негізінде топтық дискуссия жатыр.
Оның негізгі белгілері мәселенің болуы (шындықтағы, өндірістік, танымдық) және оның шешімі топпен бірлескен түрде орындалады», – деп тоқталды. Негізінде, бірінші (ерте грек) және екінші жағдайда да жоғары деңгейдегі бірлескен танымдық дамуда оқыту формасы мен оқушылардың танымдық іс-әрекетінің мазмұнын ұйымдастыру біріккен-диалогтық болады. «Біріккен-диалогтық» терминін қолданғанда әрекеттің біріккен мінездемесі ретінде сызып көрсетуге болады, тек қана оқушылардың арасында емес, оқытушылармен қатынаста оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастырудың нақты жағдайында қалыптасады. Біріккен-диалогтық танымдық іс-әрекет – жаңа психологиялық білім берудің көзі. О.К. Тихомиров өзінің «Ойлау психологиясы» еңбегінде біріккен іс-әрекет классификациясын екі түрлі мағынада қарастырады. «Біріншіден, біріккен ұғымын оған қатысушылардың «оқушы мен оқытушы» іс-әрекет өнімділігінің жалпы құрылымы,
ортақ туындаған ниет, мақсат, мән және қорытынды өнімділік ретінде қарастыруға болады. Екіншіден, біріккен шығармашылық іс-әрекетті «бірлескен» ұғым ретінде түсініп, қалай толықтырылады, осы жағына тоқталу қажет» деп атап өтеді.
Осындай біріккен-диалогтық іс-әрекет бастауыш мектепте балалардың негізгі іс-әрекеті болып табылатын оқыту процесінде толығымен жүзеге аса бастайды. Бастауыш мектеп оқушысы ойлауының күрделенуі оқыту процесіне байланысты болғандықтан, олардың ақыл-ой сапасы құрылымдарға ие бола отырып, өзіндік жеке тұлғада көрінеді.
Бұл сапалар көптеген белгілер арқылы анықталады; мәнді мәселені шешуде, жаңа білімді меңгеру мен талдап қорытудың жылдамдығы, жеңілдігі мен кеңдігі темпіне байланысты. Оқытудың жетістігі осы сапаларға да байланысты, оған қабілеттілік оқытудың компонентері болып табылады. Оқытудың барысына және оқушының жас ерекшелігіне бұл сапалар әсер етіп, білім берудің деңгейі мен заңдылықтары ұсынылады. З.И. Калмыкова: «Оқытудың негізінде біз жеке адамның өзіндік интеллектуалдық жүйесі қозғалысының, күрделілігінің, ақыл-ойдың сапалы құрылымын, осыған байланысты оқыту процесінің өнімділігін анықтаймыз», – деп атап өтеді. Философия энциклопедиясында «интеллект» деген сөзге «бұл термин оймен бір мағынада қолданылады» деп анықтама беріледі. М.М. Мұқанов: «Бұл анықтама біздерді қанағаттандырмайды», – дей отырып, кеңес психологы Б.Г. Ананьевтің соңғы жылдары жазған еңбектерінде интеллектіні ой қабілетіне тән нәрсе деп санаған пікірін қолдайды.
Бұл пікірді басшылыққа ала отырып, біз ақылды не «интеллектіні» ой процесінің жемісі ретінде дәлелдейміз. Адам баласының ойы бірқатар ғылымның – философияның, психологияның, жоғары нерв қызметі физологиясының, математикалық, логикалық, кибернетиканың зерттеу пәні болып табылады. «Тіл – ойдың тікелей әрекеті» деген К. Маркстың пікірі баршаға мәлім. Ойлану деп мәселені шешудегі толғану процесін айтады. Ойлану – дамушы құбылыс және ол адам басында үнемі жұмыс күйінде кездеседі. Мида болып отыратын үздіксіз ойлау мен оның жемісі ұғымдар мен сөйлемдер де бір емес.
Мәселенің шешілуі адам басында реттеліп отырады. Сондықтан ойлау туралы зерттеулер, олардың процесс күйін емес, ойлау қалайша жүзеге асып, реттеліп отыруы үшін қандай шарттар қажет екенін тексеруге арналған. А.В. Брушлинский: «Зерттеуші ойлауды процесс ретінде оқиды, ал зерттеуші үшін ол іс-әрекет ретінде қолданылады», – деп тұжырымдаған. Ойлау процесінің жүзеге асу шартына адамның бұрынғы тәжірбиесі мен бағыты және ойлануға итермелейтін мотивтері жатады. Қазақтың көрнекті психологы М.М. Мұқанов: «Тіл – көлік, ой – жолаушы, әркімнің басы станция.
Әркімнің ойы тіл көлігіне мініп, бір кісінің басынан екінші кісінің басына көшіп жүреді», – деді. Сондықтан ойлауды оның логикалық және психологиялық жақтарының бірлігі ретінде қарастырып отырамыз. Біріншіден, ойлау таным объектісі туралы түсінік қалыптастыруға бағытталады және ішке қажетті байланыстар мен оның мәнінде көрінеді. Екіншіден, ойлауды бала таным объектісінің көмегімен талдау және біріктіру негізінде оның мәнді байланыстарын қолданады.
Үшіншіден, ойлау негізінде бала танымдық объектінің мәнді қатынасын талдау мен біріктіру нәтижелерінің бағалануын бақылайды. Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың ойлауының дамуын түсіндіруге Л.В. Зенкова, А.З. Зак, А.А. Люблинская, А.И. Раева, А.В. Скрипченко, З.И. Калмыкова еңбектеріне тоқталдық. Бастауыш мектеп оқушылары ойлауының дамуы оқытудың бастапқы кезінде заттық-әрекет формасында шешіліп эмпирикалық ойлау көмегімен болса, бастауыш мектеп оқуының соңында бұл тапсырмалар теориялық ойлаудың көмегі арқылы шешіледі. Мұны эксперименталдық бағдарлама құрып зерттеген В.В. Давыдов және Л.И. Айдарова болды. Қ.Б. Жарықбаев өз еңбегінде: «Ойлау дегеніміздің өзі – мәселені шешу, оның мәнісіне түсіне білу деген сөз», – деген пікірін әрі қарай төменгі сынып оқушыларында тануға негізделген тікелей түсінулер байқалады. Сұрақ қою, оны дәл тұжырымдау, мәселені «ойда ұстай білу» сұрақты талдай білу және жинақтау, шығару тәсілі мен амалдық орталық түйінін табу, жорамал жасай білу, т.б. ойлау процесіне тән мәселелерді шешу үшін аса қажетті жағдайлар болып табылады.
Бастауыш сынып оқушыларының ойлауы негізінде нақтылы келгендіктен, олар көп нәрселерді өз қалпында түсінуге бой ұрады деп тұжырымдайды. Н. Айғабылов бір зерттеуінде үшінші сынып оқушыларының аллегориялық ұғымдардың мәнін жете түсінбейтіндігін анықтаған. «Олар «білімді» деген ұғымды – «оқитын адам»; «дүние» ұғымын – «байлық», «ақша»; «ер» ұғымына «аттың ері» деп олардың заттық бейнелік жақтарына көбірек көңіл аударады да, осы ұғымдардың мәнін салыстыру, теңестіру арқылы түсіндіріп бере алмайды», – деп тоқталды. Адам күнделікті тұрмыста кездесетін көптеген тың мәселелерді шешу үшін ойланып, толғанады. Мұны психологияда продуктивті ой деп атайды. Продуктивті ойлау қазақ халқында айтыс өнерінің кез келген түрінде, әсіресе ұзақ жырмен сөз жарыстыруда ерекше көрінеді.
Мұндайда айтыскер «қалай жауап қайтарсам екен, ол қандай жауап айтар екен» деп қатты ойланады. Айтыстың қандай түрі болмасын жан-жақты ойланып, толғануды, ерекше тапқырлықты қажет етеді. Өйткені бұлардың аузынан шыққан әрбір сөз «мірдің оғындай» әбден іріктеліп, ой елегінен өткен «қысқа да нұсқа», «тайға таңба басқандай» ой түйіндері болып келуі шарт. М. Вертгеймер «Продуктивті ойлау» атты еңбегінде 4 жастан 14 жастағы мылқау балаларды оқытатын әдістемелер құрастырды. Ең алдымен, мына әдістеме бойынша жұмыс істеді, балалардың біреуімен үстелде отырып, үш кубикті алып, көпір құрастырды. Одан кейін оны бұзады. Көп балалар осындай демонстрациядан кейін көпір тұрғызуды қабылдады. Қашан осындай спонтандық (философияда ішкі себептермен пайда болған, сыртқы әсермен болмаған) реакция жоқ болғанша жұмыс істеді. Кейіннен әдістеме біртіндеп күрделеніп, баланың өнімді ойлауына әсер етті. Бала мектепке келгесін ғылыми ұғымдарды меңгере бастайды, оның білім, дағдыларының түсінуі ғылыми ұғымдардың негізін меңгере білуге қолайлы жағдай туғызады. Әрбір ұғымда белгілі мазмұн болғандықтан, ол ұғымды бірден меңгеру оңай емес. Бұл үшін ойлау тәсілін меңгере білу қажет.
Төменгі сынып оқушыларын дұрыс пікір айта білуге тәрбиелеу – зор педагогикалық мәні бар іс.
Тәлім-тәрбие оқыту ісінің нәтижесі шәкірттерден гөрі мұғалімге көбірек тәуелді. Ы. Алтынсарин мұғалімнің жадына мына жайтты мықтап шегелейді: «Ол кіммен істес болып отырғанын еш уақытта да
ұмытпауы керек... Егер балалар бірдеңені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәламауға тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесу, шыдамдылық етуі керек, екі ұшты астарлы сөз, орынсыз терминдерді қолданбау керек», – деп мұғалімнің тәлімгерлік жұмысына сын айтады. Ж.Ы. Намазбаева өз еңбегінде:
«Айналасындағылардың берген бағасын оқушының дұрыс қабылдауы оның білімділігін көтереді, ал өзіне талап қойып, сынмен қарау қабілеттілігі оның интеллектуалдық дамуына жағдай туғызады. Соңғысы, өзінің жақсы мүмкіндіктерін бөліп алып, өзіне шек қоя білсе, осының барлығы жеке тұлға болуына әсерін тигізеді. Оқытудың белсенділігі оқытушы мен оқушының біріккендиалогтық танымдық іс-әрекетінде көрінеді және оның дамуы осы іс-әрекеттің мәні мен маңызы негізінде жоғарғы деңгейді көрсетеді. Төменгі сынып мұғалімі баланың психикалық дамуын ескере отырып, бір күнге қандай пәндерді қоюға болатынын анықтайды. Сондықтан ол баланың ойлануына күрделі талап қоятын пәндерді (жаңа қиын материал, бақылау жұмыстары) бірінші сабаққа қоюы қажет, яғни мұғалім баланың танымдық іс-әрекетінің дамуын үнемі ескере отырып, жұмыс істеуі қажет. Сонымен, қорыта айтқанда, оқушының алдыңғы өзінде бар тәжірибесіне сүйене отырып, ойлауды қалыптастыру арқылы оқытудың белсенділігін арттырамыз және біріккен-диалогтық танымдық іс-әрекет арқылы балада жаңа ғылыми жүйелі білім қалыптастыруға болады.
Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясында бастауыш мектеп жасы ерекше орын алады. Бұл кезеңде оқу іс-әрекеті меңгеріле бастайды, танымдық іс-әрекетіне ғылыми түсініктер арқылы әсер етеді, рефлексия туындайды, өзін-өзі бақылау өтеді және әрекет ішкі жоспармен арақатынаста болады.
Баланың (жақын арадағы даму аймағын) анықтай отырып, оның танымдық іс-әрекетінің оқыту процесіндегі маңызын көрсетеді. П.Я. Гальпериннің «ақыл-ой әрекетін сатылап қалыптастыру» әдістемесі екі соңғы жағдайды салыстыру: бірі – бастапқы, мұнда баланың жаңа әрекетті орындауына болады (сөздің дыбысталуын талдау немесе керісінше қосу), тек қана сыртқы объектінің басқаруымен болады. Екіншіден, қорытындылау, мұнда да біріншідегі сияқты әрекетті бала ақылмен орындайды. Ол: «Көлденең кесу» әдістемесінде қандай да даму сатысына көбірек көңіл бөліп қарастырсақ, жаңа өзгеріске ауысуын байқаймыз, ойлаудың логикалық негізі мықты болса, айтылатын сөз нақты болады, ол көп фактілерді есепке алады, олардың арасындағы жаңа байланыстарды ашады және осы әрекеттер арқылы жаңа деңгейге көтеріледі», – деп тұжырымдаған.
Оқу іс-әрекеті, ең алдымен, танымдық және білім беруден тұрады. Бастауыш сынып оқушыларының мектепке қалыптаспау мүмкіндігінің екі түрлі себебі бар: оның біріншісі жалпы психофизологиялық әлсіздігінен, мектептің қарапайым талаптарын (сабаққа ерте тұру, күннің бірінші жартысында аз қозғалып отыру, едәуір интеллектуалдық жүктеме түсіру және т.б.) орындау процесінде бала өзін «қинайды». Екінші себебі мектепке психологиялық даярлықтың төменгі деңгейі (мұғаліммен, құрбыларымен қарым-қатынас жасауда қиналады, ата-аналардың көңіл бөлмеуінен) арқылы байқалады.
Сондықтан бұл жастағы оқушыда қажетті интеллектуалдық және мотивациялық мүмкіндік бар болса да, оларға айтарлықтай эмоционалдық көмек көрсетіп, тақтада жауап берудегі қорқыныш сезімдерін жоюға, мұғаліммен қарым-қатынасқа түсіп, оған өз сұрағын, ойын айта білуге үйретуіміз қажет. Осы мәселені ескере отырып, мектепке баланы даярлау мақсатымен ата-аналарға, мұғалімге және оқушыларға тестер жүргізуге болады. Бастауыш сынып оқушыларының танымдық процестері мен даму деңгейін диагностикалауда баланың қоршаған орта туралы жалпы түсінігі мен күнделікті жұмыстағы өзінде бар түсініктерін, яғни жақын және алыс туыстары, тұратын жері, қоршаған табиғат ортасы, уақыт пен кеңістікті бағдарлау, т.б. анықтау үшін мынадай 10 сұраққа жауап алынды. Әрбір дұрыс жауапқа бала 1 балл алды.
Сұраққа жауап беру үшін 30 секунд берілді, егер жауап бере алмаса, 0 балл қойылады. Бастауыш сынып оқушылары үшін * Сенің ата-анаңның фамилиясы, аты және тегі кім? * Сенің ағаңның (апайыңның) жасы нешеде? (Егер туған ағасы не апайы болмаса, онда жақындарының атын атауға болады). * Жақын туыстарының фамилиясы, аты және тегінің кім екенін білесің бе? * Өз облысыңда басты қала қалай аталады, сен қайда тұрасың? * Сенің туысың немесе танысың қайда тұрады және ол қала, оның тұратын көшесі қалай аталады? * Ағаң мен әпкең қайда тұрады, үйлерінің нөмірі қандай? (дұрыс жауап үшін біреуінің мекенжайын дұрыс айтса болады).
* Орманда өмір сүретін аңдар қалай аталады? (дұрыс жауап үшін кем дегенде 4 аңды атауы қажет). * Қайсы айда ағаштар бүршік жарады, ал қайсы айда жапырақтар сарғая бастайды? * Сенің әкең мен шешең жұмыстан қай уақытта келеді? (минутын көрсетпеуге де болады). * Көліктің әр түрінің аталуы қалай? (дұрыс жауап үшін кем дегенде үш түрін атауы қажет). Балалардың оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекетін дамытуда, ең алдымен, мұғалімнің алатын орны ерекше.
Оқушылардың жасы, сыныбы, оқу бағдарламасы бірдей болғанымен, оқытушының сабақ өткізу тәсілі әр түрлі. М. Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты ғылыми мәнді, публицистикалық еңбегінде: «...Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең... Қазақтың «қаны бір, жаны бір», жол басшысы – мұғалім», – деп ерекше ескере отырып, «алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдердікі» деген өте жоғары баға берді. Осындай факторлар арқылы мұғалім өз оқушысының білімге ынта-ықыласын, зейін-зердесін берілген мағлұматтар арқылы біле алады. А. Байтұрсынов туған халқының ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың бастауыш білімді дұрыс алуын аңсап: «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек», – деп жазды. Бастауыш мектеп өмірінде білімді дұрыс меңгеруге мұғаліммен қоса ата-аналардың алатын орны ерекше. Ата-ана баласының ойлауын, қабылдауын, зейінін, т.б. танымдық іс-әрекеттерін жақсы біледі.
Сондықтан балаға ол қай жағынан көмектесуге немесе сабаққа қызығушылығын қалай арттырып отыруға болатынын ескеріп, балаға мейірімділікпен қарап, жақсы тәрбиелеуге тырысуы қажет. Н.К. Крупская балаға деген бауырмалдық, жылы жүректік шығыс халқына тән қасиет екенін айта келіп: «Балаға деген сүйіспеншілікті ресейліктер шығыс халқынан үйренсін», – деп атап өткен. А.О. Прохоров оқытушы мен оқушының арақатынас жүйесін былай деп анықтаған: «Бұл жүйеде мұғалім оқушыны басқаратын және таным құралы түрінде орындалады». Мұғалім мен ата-ана
лар оқушылардың танымдық қабілеті мен оқыту іс-әрекетінің интеллектуалдық аспектілерін меңгертеді. Бастауыш мектеп оқушысының танымдық іс-әрекеттерін жан-жақты дамыту үшін әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және оқыту процесі жүйесінде әрбір жеке оқушының танымдық іс-әрекетінің тиімділігіне төселдіру қажет.